Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жаңагүл СӘМЕТОВА: Біздің әдеби санамыз 60-70 жылда...

20.06.2018 6657

Жаңагүл СӘМЕТОВА: Біздің әдеби санамыз 60-70 жылдарда қалып қойған

Жаңагүл СӘМЕТОВА: Біздің әдеби санамыз 60-70 жылдарда қалып қойған - adebiportal.kz

Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет балалар жазушыларының халықаралық «Балалар әдебиеті: кітаптан өмірлік мұратқа» форумы болып өтті. Рас, бұған дейін балалар әдебиетінің проблематикасы өз алдына жеке талқыланатын жиынға арқау болған емес. Тәуелсіздік алғаннан бері балалар әдебиетінің процесі, жай-күйі, даму барысындағы жетістіктері мен кемшіліктері талқыланған бұл жиынға алыс-жақын шетелдің балалар жазушылары мен балалар кітапханасының мамандары, еліміздегі балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері және жас жазушылар қатысқан-ды. Осы жиынға арнайы келіп, балалар әдебиетін оқыту мәселесі және әдістемесі төңірегінде баяндама жасаған әдебиет зерттеушісі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, филология және көптілді білім беру институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Жаңагүл Сәметовамен бүгінгі балалар әдебиеті турасында ой бөлісіп, сырласқан едік.

– Жаңагүл Шыңғысханқызы, жоғары мектепте «Балалар әдебиеті» пәнін қалай оқытып жүрсіздер? Жалпы «Балалар әдебиеті» пәнінің тақырыптық-мазмұндық құрылымы қалай даярланады?

ЖОО-да арнайы «Балалар әдебиеті» пәні 5В01010 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, 5В010200 – Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі мамандықтарында және 5В011700-қазақ тілі мен әдебиеті, 5В012100-қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, 5В020500-филология мамандықтарында, яғни ЖОО-ның 5 мамандығына оқытылатылады. Бірақ, пәнді оқыту бағдарламасына келгенде бірнеше мәселенің шеті ашылады:

Біріншіден, бұл пән Қазақстан Болон Декларациясына 2010 жылы қол қойғаннан кейін, элективті, яғни таңдау пәндері қатарына түсіп қалды. Белгілі бір пән таңдау пәндер қатарына түсу үшін оған алтернатив пән болуы қажет. Ал «Балалар әдебиеті» пәнінің алтернативі бар ма?

Екіншіден, пән элективті пәндер қатарына түскеннен кейін, оған міндетті типтік бағдарлама жасалмайды. Қазіргі ЖОО-да «Балалар әдебиеті» 2003 жылы құрастырылған типтік бағдарламамен оқып жатыр. Оның мазмұны, әрине, ескірген.

Үшіншіден, бұл типтік бағдарламадағы тақырыптар қазіргі мектеп бағдарламасында бар ма, жоқ па деген мәселе тағы бар. Яғни ЖОО мен мектеп оқулықтары авторларының арасында сабақтастықтың жоқтығы.

Төртіншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, «Балалар әдебиеті» пәні 5 мамандықта бес түрлі оқытылуы керек. 5В01010Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу. 5В010200 – Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі мамандықтарында бұл пәнді әдебиет саласының ғалым-педагогтері емес, осы саланың мамандары жүргізеді. Оны айтпағанның өзінде, әдебиетшілер жүргізетін «5В011700-қазақ тілі мен әдебиеті», «5В012100-қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «5В020500-филология» мамандықтарында «Балалар әдебиеті» пәні бір оқу бағдарламасымен оқытылып жүргендігіне куәміз. Ал қазақ мектебі мен қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі әдебиет пәнінің мазмұны бір емес қой. «5В020500-филология» мамандығына ғылыми бағытта оқыту керектігі тағы бар.

Бүгінгі балалар әдебиетінің өкілдері, олардың шығармашылығы зерттеу нысанына айналып па еді? Белгілі сыншы-ғалым Бекен Ыбырайымнан соң осы саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеген зерттеуші бар ма?

– Балалар әдебиеті – қазақ әдебиеті деген сөз. Дегенмен, жоғарыда айтқан типтік бағдарламаға қарап отырсаңыздар, «қазіргі қазақ әдебиеті» («Қазіргі қазақ әдебиеті» пәніндегі ахуал да дәл осындай), «қазіргі балалар әдебиеті» деген тақырып жоқ. Бұл дегеніміз біз әлі күнге соғыс кезінде өткен балалық шақ туралы жазылған “Жусан исі” секілді шығармаларды оқимыз. Демек біздің әдеби санамыз 60-70 жылдарда қалып қойған. Біздің балаларымыздың ой-қиялы, фантазиясы, өздеріңіз білесіздер, смартфоннан да алдыға дамып кеткен. Осыдан келіп, қазіргі бала кітап оқытмайтындығын кімнен көреміз? Әр жер-әр жерде жазылып жатқан бірлі-екілі мақала, баяндамалар бар. Бірақ, өкінішке қарай, жүйелі түрде бағдарламаларды саралап, салыстырып, жаңғыртып, жаңартып жатқан ешкім жоқ.

– Зерттеушілер балалар әдебиетінің проблематикасына қаншалықты көңіл бөліп жүр?

– Қаншалықты деңгейде екенін баса айту қиын. Мен қарастырған зерттеулерге қарағанда, көп емес. Дегенмен аға буын зерттеушілерден Н.Ақыш, Қ.Ергөбек, Б.Ыбырайымдар сан қырынан зерттеп те, талдап та жүр. Кейінгі балалар әдебиетін қарастырып жүргендерден түркістандық Айымжан Мұхамеджанова деген зерттеушінің мақалаларымен таныстым. Көбіне сыни тұрғыдан жазылған. Балалар әдебиетінің проблематикасы өзекті тақырып екені сөзсіз. ХХІ ғасырдағы балалар әдебиетінің диссертациялық деңгейде зерттеліп жатқанын көрмедім.

– Зерттеуші әрі ата-ана ретінде балаларға арналған кітаптардың сапасы, безендіру жұмысына деген пікіріңіз қалай?

– Шығып жатқан кітаптар қуантады. Бірақ саны аз, шыққандарының өзінің таралымы мен насихаты аз. Өткен жылы зерттеуші Бижомарт Қапалбек мырза «Қазақтық мифтік кейіпкерлері» деген тамаша кітап шығарды. Онда біздің балалар фольклорында айтылатын көптеген кейіпкерлердің суреттері бейнеленген. Заманауи, әдемі шыққан суреттерді көрдім. Мысалы, бала кезде естіген Саққұлақ, Желаяқ, Аяз билердің атын естігеніңізбен, олардың сұлбасын қалай елестетіп едіңіз? Міне, бұл кітапта сол кейіпкерлерді суретпен бейнелеуге талпынған. Бірақ, бізде әр істің басы бар да аяғына жетпей жатады. Сол кітапта бейнеленген кейіпкерлерді кеңінен тарату, насихаттау, одан да өзге кейіпкерлеуді бейнелеу деген нәрсе жалғасын таппай қалады.

– Халықаралық «Балалар әдебиеті: кітаптан өмірлік мұратқа» форумы қалай өтті? Форум барысында қандай мәселелер талқыланды?

– Форум жұмысын жалпы «сеңнің» қозғалғаны деп түсіндім. Бізде дәстүр жалғастығы үзіліп бара жатыр. Аға буын өкілдері мен жас зерттеушілердің арасында байланыс аз, жүйе жоқ. Мұндай форумдар не үшін керек, пікір алмасу, тәжірибе жинау, зерттеу жұмыстарын жандандыру, жүйе қалыптастыру үшін қажет. Форум жұмысын дәстүрлі етіп жүргізу керек деп ойлаймын және дәтүрлі өтіп тұрғанын тілеймін.

– Пікіріңізге рахмет білдіреміз.

PS: Балалар әдебиетінің мәселесі екі күндік форум аясында тұтас талқыланып, толық шешілді деп айту мүмкін емес. Дегенмен, бұл бастама жазушылардың басын бір арнаға тоғыстырып, министрлік өкілдері мен баспа-полиграфия мамандарын жазушылармен ашық диалогқа шақырғаны оң бастама деп есептедік. Алдағы уақытта бұл форум өзінің жалғасын тауып жатса, жоғары мектептегі «балалар әдебиеті» арнайы курсының бағдарламасына түзету енгізіп, мазмұнын жетілдіру керек.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар