Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
2021 жыл. Мерейтойлар шеруі...

24.12.2021 4471

2021 жыл. Мерейтойлар шеруі 12+

2021 жыл. Мерейтойлар шеруі - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» дәуір тынысымен үндесе отырып, 2021 жылы да рухани шығармашылық әлемнің сан салалы ақпараттарын өз оқырмандарымен бөлісті. Портал қызметкерлері әзірлеген мақалалар, жазба, аудио, бейнесұхбаттар, арнайы бағдарламалар жыл бойы талғамы биік қазақы контенттің назарына ұсынылды. Сонымен қатар аға, орта, жас буын қаламгерлердің, әдебиеттанушылардың көркем әдеби туындылары, сыни талдау еңбектері портал бетінен орын алды. Әлем әдебиеті жауһарлары, соның ішінде балаларға арналған туындылар да ұмыт қалған жоқ. Қазіргі әдеби процестің жай-күйі, ағымдар мен бағыттар, отандық әдебиеттегі өзгеше ізденістерге қатысты тың ойлар айтылған дүниелер де портал бетінде үнемі жарияланып отырды. Әдебиет әлеміне жаңадан қадам басқан жастардың тырнақалды туындыларын жариялап отыру да «Әдебиет порталының» қалыптасқан ізгі дәстүрі. Айтулы даталар мен танымал қаламгерлердің мерейтойларына орай мақалалар, сұхбаттар, өзге де форматтардағы ақпараттық, танымдық, талдау материалдар жыл бойы портал бетінде жарияланды.

«Әдебиет порталында» 2021 жылы жарық көрген мерейтойлық мақалаларға шолу жасап өтпекпіз. 2021 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық толды. 2021 жылдың мақалалар парағы әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбектің «Әлемдік мәдени кеңістіктегі Абай биігі» атты зерттеу мақаламен ашылды. Аталған мақалада автор Абай поэзиясының Ғұламаһи Дуани, Пушкин, Гете, Байрон шығармашылығымен байланыс арқыл сонау ежелгі тәураттық сарындармен үндестік, сабақтастығы туралы сан алуан мысалдармен тереңнен толғап баяндайды. «Абай музейі – даналық пен жаңалық үндестігі», «Бұл той бұрынғы тойдан өзге еді», «Қазіргі қазақ қоғамы Абайдан алыстап бара жатыр», «Болмыс сыры», «Ұлы Абайдың алғаш жарық көрген кітабы», «Айқын Нұрқатов – абайтанушы» т.б. танымдық материалдар жарияланды.

2021 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын, публицист, ғалым Нұржан Қуантайұлы ердің жасы елуге толды. Жазушының толымды туындысы «Қараөзек» романы туралы «Қараөзек» - қараөзек шақтың айнасы» атты мақалада Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романына арқау болған оқиғалар, кейіпкерлер әлеміне шолу жасалған.

Зерттеуші Асқар Игенұлының «Жеңіс жырлары елінің жүрегінде» атты танымдық талдау мақаласында өмірден ерте өткен шығармашылық иесі Жеңіс Шәкенұлының туғанына 60 жыл толуына орай, талантты ақынның соңында қалған мұраларындағы көркемдік иірімдерге тоқталады.

Қазақ поэзиясында орны ерекше ақындардың бірі Кеңшілік Мырзабекұлының туғанына 75 жыл толуына орай, Иранбек Оразбаевтың «Ақын адам еместей» атты толғаныс мақаласы жарияланды. Кеңшілік өлеңдерінен үзінділер ала отырып, Иран-Ғайып ақын кешегі өткен дауылпаз үнді ақындарды бүгінгі, ертеңгі ұрпақ ұмытпауы тиіс деген ойды ортаға салады.

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Осы айтулы датаға орай «Әдебиет порталы» жыл бойы Мұқағали шығармашылығына арналған танымдық мақалалар жариялады. «Мәңгілік Мұқағали» атты мақалада қазақтың дәл өзіндей қарапайым өлеңдерімен-ақ ұлт әдебиетінде ойып тұрып орын алған ақынның шығармашылығы халқымен бірге жасай беретіндігі туралы айтылады: Дәуірден дәуірге ілесіп, ұлт жадында лайықты ақпарат ретінде жасай беретін туындылардың қатарында әрдайым Мұқағали Мақатаевтың ойға қонымды, жүрекке жылы жырлары бар. «Ақшыл мұң, көкшіл сағыныштың күлгін дәмін алты қабат аспанның ар жағынан қаз қанатына іліп әкеліп ұсынатын» қазіргі қайсыбір заманауи жаңашыл ақындардың жоғарыда айтқанымыздай тарих көшіне мәңгі ілесіп, қазақ халқының жүрегіне біржолата орнығарын болашақ көрсетер. Ал, ұлт ақыны Мұқағалидың мәңгілік ғұмыры кешеден бүгінге жалғасып отыр. Халық таңдауы, замана сұрыптауы – қашан да қапысыз», - делінген мақалада. Бұдан өзге Мұқағали Мақатаев шығармашылығы туралы «Жазылар естеліктер мен туралы», «Мұқағали жырларына жазылған әндер», «Сары ала машиналар», «Естеліктер жазылар мен туралы», «Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің», т.б. материалдар оқырмандарға ұсынылды.

Портал қызметкері Арман Шеризаттың «Шығыстың жарық жұлдызы» атты хабарламалық бағыттағы жарияланымы әйгілі ақын Әлішер Науаидың 580 жылдығына арналды.

2021 жылы жүз жасаған Жамбыл жыраудың 175 жылдығы ел көлемінде кеңінен атап өтілді. «Әдебиет порталында Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты бейнежазбалар мен мақалалар жарияланды. «Халық – менің шын атым», «Бір суреттің тарихы: Жамбыл Жабаев-175», «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық ойы басталды», «Жамбыл мен көкшелік халық ақындары», «Жыр алыбы Жамбыл – әдеби ревьюі» т.б. жарияланымдар арқылы Жамбыл Жабаевтың мерейтойы лайықты насихатталды.

Алаштың ардақтысы, «Алаш» партиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай «Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов", «Әлихан. Ақтоғай. Алашшыл ұрпақ», «Әлихан әлемі атты конференция өтті» қатарлы материалдар жарияланды.

Белгілі балалар жазушысы Мәдіхат Төрежановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Мәдіхат Төрежановтың туғанына 100 жыл» атты шолу мақала жарияланды. Мақалада Мәдіхат Төрежанов шығармашылығы туралы тоқтала келе, балалар жылына орай ақын есімі ескерілсе, өзі қызмет істеген кешегі Целиноград, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында қаламгерді мәңгі есте қалдырарлықтай қадамдар жасалса делінген.

Жазушы, композитор, музыкатанушы, аудармашы, суретші Ілия Жақановтың 85 жасқа толуына орай «Ілия Жақанов 85 жаста» атты танымдық мақала жарық көрді.

Танымал ақын Шәбкір Әбеновтің туғанына 120 жыл толуына орай портал қызметкері Арман Шеризаттың алаштанушы, зерттеуші Тұрдықұл Шаңбаймен жасаған сұхбаты «Ғасыр тұлғасы Шәкір Әбенов» атты тақырыппен берілді.

Қаламгер, ғалым Құлбек Ергөбектің «Мейірім гүлдеген жүрек» атты естелік мақаласында танымал балалар жазушысы Әнуарбек Дүисенбиевтің адами бейнесі мен шығармашылығы туралы сыр шертіледі.

Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай көптеген материалдар жарлияланды. «Ыбырай Алтынсарин-180», «Ыбырайдың ізімен», «Қыпшақ Сейітқұл» т.б. материалдар жарық көрді.

Қазақтың бүгінгі күндегі алдыңғы буын ақын қыздарының бірі Айша Көпжасарованың 80 жасқа толған мерейтойына орай «Айша Көпжасарова 80 жаста» атты мақала жарық көрді. Онда ақын шығармашылығына біршама шолу жасалынған.

Белгілі абайтанушы, жазушы Қайым Мұхамедхановтың 95 жылдығына орай «Қайым Мұхамедханов туралы он дерек» атты деректік материал жарияланды.

2021 жылдың ең басты мерекесі – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» ұжымы «Тәуелсіздік хроникасы» атты ұласпалы ақпараттық-танымдық цикль жариялады. Мұнда 1991-2021 жылдар арасында елімізде болып өткен маңызды әдеби, мәдени жаңалықтар хроникасы әрбір жыл бойынша беріліп, оқырман жадында жаңғыртылды.

«Әдебиет порталы» алда келе жатқан Барыс жылында да әдебиет әлемінде оқырмандар мен қаламгерлер арасындағы көпір іспетті айқын миссиясын жалғастыратын болады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар