Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арнау өлеңдер поэзияға не береді, немесе Көкшелік жас ақындар тынысы

11.07.2018 579

Арнау өлеңдер поэзияға не береді, немесе Көкшелік жас ақындар тынысы

Арнау өлеңдер қазақ поэзиясында бұрында болған, қазірде жетіп артылады. Әлем әдебиетінде арнау өлеңдердің небір классикалық түрлері болған. Орыс поэзиясында Г.Р.Державиннің Екатерина II патшайымға арналған «Фелица» деген одасы, А.С.Пушкиннің «Люблю тебя, о, Петра творение» өлеңдері жоғары поэзия үлгілері. Арнау өлеңдер шығыста да болған. Арнау өлеңдерді шығыста панегерик (мадақ жырлары) ақындар шығаратын болған. Оларды көбіне сарай ақындары деп атаған. Мысалға, біздің Жәңгір ханның жанындағы Байтоқ пен Жанұзақ ақындар сияқты. Арнау өлеңдер сатиралық тұрғыда да шығарылатын болған. Дулат ақынның «О, Барақ жас, Барақ жас», жоғалтқан жоқ.

Кешегі кеңестік кезеңде арнау өлеңдер «күн көсемдерге», коммунистік партияға бағышталатын. Қазақ поэзисының алыбы Жәкеңнің, Жамбыл Жабаевтың күн көсемдер – Ленин мен Сталинге арналған арнау өлеңдері – көркемдік тұрғыдан алғанда, образдылық, бейнелілік сипаты жағынан алғанда, суреткерлік, кестелілік өрнегінен алғанда күні бүгінге дейін қазақ поэзиясының шедеврі есебінде. Бұл арнаулардан жалған пафостың, құрғақ тақпақтаудың иісін де таппайсыз! Көркемдік жағынан мінсіз! Ал қазіргі біздің поэзиямыздағы арнаулардың көркемдік бітімі қалай болып жатыр?! Көркемдік бағдар, көркемдік мақсат, көркемдік шешімнің халы нешік?! Шынайы сезім, шынайы пафос бар ма? Өлең жолдарынан бір-екі сәтті теңеу, ұтымды метафораны көріп қап, бөркімізді аспанға атып жүргеніміз жоқ па?! Соңғы жиырма жылдағы мерекелік эйфориядан қаншалықты арылдық?!

Қазіргі біздің дәуірімізде қазақ поэзиясындағы арнау өлеңдердің тығыны атылған кезең! Арнау өлеңдерге қарсылығымыз жоқ, алайда көркемдік мақсат қаншалықты орындалған?! Жауап іздеп көрелік. Арнау өлеңдер көбіне белгілі хан, батыр мен би, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мерекелер және Астана күніне арналып жатады. Мұндай арнау өлеңдердің тығыны атылатын поэзия мүшайралары Алматы мен Астананы былай қойғанда, барлық облыс орталықтарында да түгелдей дерлік өтіп жатады.

Солардың барлығына тоқталмай-ақ, жақында Көкшетау қаласында Астананың 20-жылдығына орай өткізілген мүшайраға келіп түскен жас ақындардың өлеңдеріне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Астана туралы толғамдарын Қуаныш Опанов («Ел тірегі-Ел орда!»), Мұхамед Қоңқаев («Керім шаһар»), Құрмет Құралхан («Кеше-бүгін»), Ақмаржан Сәрсенова («Бабаларға астана туралы»), Қайырболды Серғазы («Жанұйық»), Абзал Балтабаев («Ел жүрегі – Астана!») сияқты ақындар ортаға салыпты. Әр ақын да өзінің Астана туралы жүрекжарды сезімін жеткізгісі келген. Бір кездері жастар поэзиясының алдыңғы легінен көрінген Алмас Темірбай, Арман Бердалин, Бауыржан Қарағызұлы, Асылзат Айтмахан, Саян Есжан, Мерген Тоқсанбай, Бақытбек Бекмұратұлы сияқты ақындардың қатарын бүгіндері Қуаныш Оспанов, Құрмет Құралхан, Мұхамед Қоңқаев, Қайырболды Серғазы сияқты жаңа толқын ақындар толықтырып, елең еткізер жырларымен жұрт көзіне түсіп жүр. Дей тұрсақ та, осы арнау өлеңдерімен соңғы аталған ақындар өздерін ақын ретінде қалай көрсете алған? Осыған тоқтала кетсек.

Осы өлеңдердің біразында ой, сезім, жүрек лүпілі сияқты поэзияға қажетті шарттар жоқ деп айта алмасақ керек. Ұйқастары да мығым, өлең өрнегіне жетілгендіктері көрінеді. Өлеңдердің көпшілігінде қызулы жалын, құштарлықпен өрілген шынайы пафостың жоқ екендігін айтқымыз келеді. Шынайы пафос жоқ жерде поэзияның жүрек дүрсілі естілеме?! Поэзияда ақын жүрегінің бүлк-бүлк соғысы ерекше естілу қажет! Мысалға Ақмаржан Сәрсенованың «Бабаларға Астана туралы» деген өлеңіндегі:

Алаштың арда Астанасымен

Ұрпаққа жалғап аманатыңды,

Жаһан таныды жас қаласымен

Қастерлеп бабам қазақ атыңды, -

деген жолдар, жаңалығы жоқ тіркестер өлең өнерін биіктете қояр ма екен?! Не болмаса Абзалдың «Ел жүрегі – Астана!» деген өлеңіндегі мына бір жолдар:

Арман қалам, кербез қалам, бас қалам,

Биіктегі белестерден асты аман.

Ел жүрегі, ел тірегі мәңгілік.

Гүлдей берсін,

Жасай берсін,

Астанам! –

деген құрғақ пафосқа негізделген жаттанды жауыр ойларға иек беруі –шынайы поэзияға тән көркемдіктің шырайын аша алмай тұр! Өзінің шуақты жырларымен жылы әсерге бөлеп жүрген Серғазының «Жанұйық» деген өлеңіндегі мына бір:

Бұлаңдап өскен арудай Ерке Есілдің

Бұрымындағы шолпысы сылдыр қағады, –

деген дағдылы тіркестер сезім лүпілі аз, жан жылуын үстей алмайтын, көңіл марқайтпайтын жауыр тіркестер демеске шарамыз жоқ!

Өзінің ұлттық дәстүр, ұлттық болмыс-бітім туралы өлеңдерімен оқырмандарын елең еткізген Қуаныш Оспанов – байыпты, орнықты жырларымен көрініп жүрген жас ақын. Бірақ ол Қуаныш ақында құрғақ пафос жоқ деген сөз емес. Қуаныш ақында да арагідік құрғақ пафосқа құрылған өлең жолдары кездесіп қалады. Алайда қалай айтсақ та Қуанышта жүрек лүпілін білдірер сөздер аз емес.

Қуаныштың Астанаға арналған «Ел тірегі – Елорда!» өлеңі «Бозоқ», «Ақмола», «Қараөткел», «Астана» сияқты өлеңдерден құралған цикльді өлеңдер. Қазіргі Астананың тарихына барлау жасап,ескі тарихтың қатпарларына үңіліп, «Бозоқ», «Ақмола», «Қараөткел» деген өлеңдеріндегі ойларын «Астана» деген өлеңінде түйіндегісі келген. «Бозоқ» деген өлеңдегі:

Кәрі Бозоқ, ол – Орда, Хандық ұлық,

Әмір еткен Әз Тәуке Жарғыны іліп –

деген жолдардағы «Кәрі Бозоққа әмір еткен Әз Тәукені» қалай түсінсек екен?!

XVIII ғасырда жасаған қазақ ханы әз Тәуке X-XII ғасырлардағы Бозоққа қалай әмір жүргізген? Бозоқ емес, әз Тәуке Қорғалжындағы, Нұра бойындағы Бытығай қалашық бекінісін жазғы ставкасы етпеп пе ді? Біз мұны жай тарихи анахронизм деп қабылдадық. Осы өлеңдегі ақынның:

Көне қала, торабы тоғыз жолдың,

Күй төгеді шанағы қобыз белдің.

Керуен тартып барады болшаққа,

Десі басым көнеден соңы іздердің..., -

деген шумақтағы ой мен сезім үндескен тіркестер көкейге бек ұялап, әсерлі, шуақты сезім қалдырады көңілде.

Ақын осы циклды өлеңнің соңғы «Астана» бөлімінде Астананың әдеби образын жасағсы келген. Астана образын ол «Астана-жауһарындай жарқыраған,Сақина болса егер де кәрі құрылық!», «Астана арманындай ғасырлардың», «Астана жарқылындай жасындардың», «Астана – орындалған аманаты, Елім деп еңіреген хас Ұлдардың!» деген тіркестермен өрнектелген. Алайда бұл жолдар Астананың бедерлі, бейнелі, суретті образынан гөрі, «әдебиленген» образ ретінде жылуы аздау, жасандылау көріне береді. Өлең түйініндегі:

Барады болашаққа Есіл ағып,

Қазақтың салтанатты көшін алып.

Толқын ойнай жөнелді жүрегімде,

Бабалардың заманын есіме алып... –

деген жолдардан ақындық шынайы сезім ұшқынын байқадық.

Қазіргі Көкшелік жас ақындардың ішінде өзіндік өлең өрнегімен,көркемдік ойға құрылған тастүйін,шымыр жырларымен өлең сүйер қауымды сәтті шумақтарымен елең еткізіп жүрген Мұхамед Қоңқаев пен Құрмет Құралхан есімдерін атай кеткеніміз жөн. Мұхамед Астанаға арналған өлеңін «Керім шаһар» деп атапты. Ақын былайша толғанады:

Ерекшесің, ұқсамайсың басқаға,

Алты алашты қылығыңмен қуантып,

Көңіл баурап аласың-ау, Астана,

Шашыңнан гүл, ал бойыңнан нұр аңқып.

Ақын құштарлығынан туындайтын пафос шынайы, мөлдір! Астананы «жиырмадағы бойжеткенге» теңеп, оның әрбір өтіп жатқан «тәтті күні мен бал күніне» шаттанып, «тыныш жатқан жүректерді сөйлеткен» сұлулығына тәнті болған ақын шын мәнінде Астананың әдеби образын аша алған. «Жиырмадағы бөйжеткен» деп талайлар айтқан-ақ шығар. Ал Мұхаммед «жиырмадағы бойжеткеннің» сұлу болмыс-бітімін тамаша суретпен өріп, алып шыққан.

О, Астана, жиырмадағы бойжеткен,

Сарыарқада таптың міне жарасым.

Үстіндегі жарқ-жұрқ еткен көйлекпен

Көздің жауын алып қайда барасың?!

Астананың көркемделген әдеми бейнесі – «көздің жауын алып, жарқ-жұрқ еткен көйлегімен» әдеби кеңістіктегі «Сарықарқада» тамаша жарасып тапқан. «Сарыарқада» ғана емес, оқырманның көркемдік түйсігінде де сондай жарасым тапқан!

Біз іздеп отырған Астананың әдеби бейнесі шырайлы сипатын тапқанын айтуымыз қажет! Осы бір көркемдік әсерімізді ақынның:

Уақыт-шешей еркелетіп, аймалап

Есіл-бұрым өріледі күні-түн –

деген жолдары алғашқы көркемдік әсерімізді одан әрі күшейтіп жіберіп, өмірлік нысанның көркемделген, жинақталған әдеби бейнесін өріп шыққан! Жас ақын «ақиқатын адамдандырудың» тамаша тәсілін сәтті тапқан!

Ақын өлең соңында әсем Астанасына: «Ажарыңа тіл тимесе екен, сырт жақтағы сұқ көзден қорқамын» дей келіп, «қолда бар да алтынның қадірі жоқ» екенін бағамдай келіп: «Қалың малы көп екен деп шетелге, ұзатылып кетпесең тек болғаны...» деп, ойлы түйін жасайды.

Келесі бір ақынымыз Құрмет Құралханның Астанаға арналған «Кеше-бүгін» деген өлеңі де құрғақ пафоспен аулақ, бедерлі, бейнелі суреттермен өрілген әсерлі өлең дегім келеді.

О, Сарыарқа, Сарыарқа

Салқам дала, сары дала,

Мен бір ерке Есілмін

Сыймай аққан арнама.

Көз алдымда Ұлы көш

Тізбектеліп барады.

Жаңбыр демей, қар демей

Қарсы тұрған тағдырға,

Басымды игім келеді

Сол Ұлы көш алдында, –

деген жолдарда ақындық шынайы сезім, көркемдік қуаттың серпіні бар! Ақын Астана деп құрғақ тамсанбай, оны Азаттық идеясымен тұтастықта алып, өткен тарихқа шолу жасайды. Азаттық деп аңсаған Алаш ұранының сөнбегенін, оның үкілеген үміті Астана екенін айта келіп ақын:

Бәйтеректің басына

Қолын қойған Елбасы,

Бұл – Астана жердегі

Азаттықтың таңбасы –

деп түйіндейді. Ақын Азаттық ұранының, мұратының синтезі – Астана деп біледі. Бізді де осыған сендіреді. Осы жолдарда ақындық үлкен сеніммен бірге, поэтикалық үлкен қуат бар!

Түйіндей келгенде айтарым, арнау өлеңдер жазсақ та ақындық үлкен шабыт, толғаныс, сезіммен, шындықтың поэзиядағы бедерлі суретін көркемдік әдіспен жеткізу ләзім деп білемін!

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар