Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Нобель сыйлығының лауреаты С.Алексиевичтің «Соғыст...

11.07.2018 3747

Нобель сыйлығының лауреаты С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы

Нобель сыйлығының лауреаты С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы - adebiportal.kz

Нобельдік комитеттің 2015 жылғы шешімі, яғни сыйлықты белорус жазушысы Светлана Алексиевичке беру туралы шешімі біраз әңгіме туғызды. Әсіресе, Ресей жазушылары «әдебиет саласындағы сыйлық журналиске берілді деп, Светлана Алексиевичті кекетіп-мұқата бастады.

Қалай дегенмен де Алексиевичтің әкесі – белорус, анасы – украин, ал өзі орысша жазатындықтан Ресей жазушыларының қосынына жатады. Егер күнделікті күйбеңнен жоғарырақ көтеріліп, жан-жағымызға жітірек қарайтын болсақ, Нобельдік комитеттің биылғы шешіміне сый-құрметпен қарағанымыз жөн. Светлана Алексиевич Нобель сыйлығына дейін 18 мәртебелі сыйлыққа ие болған, әрі олардың басым көпшілігі – халықаралық беделді сыйлықтар. Әлі күнге жадымда, оның «Соғыстың сұрқы әйелге жат» («У войны не женское лицо») деген кітабының жалпы тиражы 1980 жылдары 2 миллион данаға жеткен-ді!

Марал ХАСЕН,

аудармашы, публицист.

АДАМ СОҒЫСТАН БИІК ТҰРАДЫ

(кітаптың күнделігінен)

Біздің әйел жайлы бар білетініміз «мейірімділік» деген сөзге орайлы оңтайласатын сияқты. Әрине, өзге де – сіңлі, қарындас, жұбай, құрбы – деген сөздер де бар, бірақ ең биігі – анаға даген сезім. Алайда, осылардың мазмұнында мейірімділік те соңғы мағына, мән-мәністің ақиқаты ретінде бой көрсетіп тұрған жоқ па? Әйел тірлік сыйлайды, әйел болмысты қорғайды, әйел және өмір – мағынасы бір синоним түсініктер.

XX ғасырдың ең сұрапыл соғысында әйелге жауынгер болуға тура келді. Ол тек қана жаралыларды құтқарып, жарақаттарын таңып қана қойған жоқ, мергендік мылтықтан да оқ атты, бомбылады, көпірлерді де қиратты, барлауға да барды, «тілдерді» де тұтқындады. Не керек, әйел өлтіруге мәжбүр болды. Ол өзінің туған жеріне, үй-жайына, бала-шағасына адам айтқысыз қастандықпен тарпа бас салған жауды жоюға кірісті. «Адам өлтіру – әйелдің талайына жазылмаған дүние», – дейді осы кітаптағы кейіпкер әйелдердің бірі, сөйтіп басқа түскен зілмауырдың күллі қажеттілігі мен сұмдығын осы сөзге сыйғызып бағады. Енді бірі: «Мен, Софья Кунцевич, Берлинге соғыстың көзін жою үшін келдім» деп жазып, қолын қойған. Ол дегеніңіз әйел жауынгерлердің Жеңіс мехрабына шалған ең ұлы деген құрбандығы еді. Әрі аты мәңгі өшпес ерлік еді, ал біз болсақ, ғұмырдың тереңдігіне әлі күнге бойлай алмай келеміз.

Николая Рерихтің 1945 жылдың мамыр-маусымында жазған және Қазан төңкерісінің Орталық мемлекеттік мұрағатында, Славяндық антифашистік комитеттің қорында сақтаулы хаттарының бірінде былай делінген: «Оксфорд сөздігі орыстардың бүгінде әлемде қабылданған кейбір сөздерін заңдастырады: мәселен, әлгі сөздікте «указ» және «совет» деген сөздер еске алынған. Тек бұларға орыстың аударылмайтын, мағынасы терең «подвиг» деген сөзін де қосу керек еді. Бір ғажабы, ешбір еуропалық тілде бұл сөздің жобаланған баламасы жоқ...» Егер ілгеріректе әлем тілдеріне «подвиг» деген орыс сөзі кірер болса, онда соғыс жылдарында кеңес әйелдерінің өз иықтарында тылды ұстап тұрған, бала-шағаны сақтап, елді еркектермен бірге қорғаған өзіндік үлестері де айқын көрінбек.

...Төрт жылғы азапты уақыт бойына мен өзгелердің жаныңды ауыртар зерделерінің жолымен, күйіп-жанып кеткен шақырымдарымен ілбіп келемін. Майдангер әйелдердің: дәрігерлердің, байланысшылардың, саперлардың, ұшқыштардың, мергендердің, зенитшілердің, саяси қызметкерлердің, атқыштардың, атты жауынгерлердің, танкішілердің, десантшылардың, матростардың, реттеушілердің, шопырлардың, моншалар-кір жуу отрядтарындағы қатардағы жауынгерлердің, аспаздар мен наубайлардың, партизандар мен жасырын жұмыс істегендердің жүздеген әңгімелері мен айғақты сөздерін жазып алдым. «Біздің ержүрек әйелдер өздерінің бауырлары, ерлері, әкелері іспеттес игермеген бір де бір әскери мамандық бар ма екен, сірә», – деп жазған еді кезінде Кеңес Одағының маршалы А.И. Еременко. Қыздардың арасынан танк батальонының комсоргтері де, ауыр танкілердің механик-жүргізушілері де, ал жаяу әскердің – пулемет ротасының командирлері де, автоматшылар да кездесетін, бірақ біздің тілімізде «танкист», «пехотинец», «автоматчик» деген сөздердің аналық тегі (женский род) жоқ, өйткені мұндай жұмысты бұрынды-соңды ешқандай әйел атқарған емес.

Тек Ленин комсомолының шақыруы бойынша армияға 500 мыңға жуық қыздар жіберілді, олардың 200 мыңы – комсомол мүшелері болатын. Комсомол жөнелткен барлық қыздардың жетпіс пайызы соғыстағы армиядан орын тепті. Соғыс жылдары майдандағы әрқилы әскер құрамында 800 мыңнан астам әйелдер қызмет етті...»

Партизандық қозғалыс бүкілхалықтық сипат алды. Тек қана Белоруссия отрядтарында 60 мыңға жуық кеңестік патриот әйелдер соғысты». Фашистер белорус жерінде туғандардың әрбір төртіншісін өртеді немесе өлтірді.

Деректер осындай. Біз оларды білеміз. Ал бұлардың соңында соғыс төңкеріп, дал-далын шығарып кеткен тағдырлар, тұтас ғұмырлар жатыр: ет жақындарынан айырылу, жоғалған денсаулық, әйелдердің жалғызбастылығы соғыс жылдарының бел көтертпес қайғысы мен зердесі жатыр. Бұл турасында біз азырақ білеміз.

«Біз қашан тусақтағы, қырық бірінші жылдың түлектеріміз», – деп жазыпты маған жолдаған хатында зенитші Клара Семеновна Тихонович. Ал мен солар жайлы, қырық бірінші жылдың кішкентай қыздары жайлы, дәлірек айтқанда олар өздері жайлы, «өздерінің» соғысы жайлы айтатын болады.

«Мен бұл туралы зердемде әлі сақтап келемін. Кейде түн ішінде кенет оянып кетесің де, бақырайып жатасың да қоясың. Бағзы-бағзыда осының бәрін молама ала кетемін-ау, бұл турасында ешкім ештеңе де білмей қалатын болды-ау деп те ойлайсың, тіпті зәрең ұшады...» (партизан Эмилия Алексеевна Николаева).

«...Мен осыны әлдекімге айтуға мүмкін болды ғой, біздің де уақытымыз келген екен ғой деп қуандым...» (жүргізуші, аға сержант Тамара Илларионовна Давыдович).

«Мен сіздерге бастан өткергенімнің бәрін айтқанда, мен өзгелер сияқты өмір сүре алмайтын сыңайлы болып көрінемін. Мен ауруға шалдығамын. Мен соғыстан тірі, тек жараланып қана қайттым, бірақ мен ұзақ ауырдым, өзіме-өзім мұның бәрін ұмытуың керек, әйтпесе сен ешқашан да жазылмайсың дедім ақырында. Мен тіпті сізді аяймын да, міне, сіз жап-жассыз, ал сіз сол сойқанның бәрін білгіңіз келеді...» (санинструктор, старшина Любовь Захаровна Новик).

«Еркек соғысты көтере алады. Қайткен күнде де ол еркек қой. Ал әйел соғысты қалай көтергенін өзім де түсінбеймін. Мен бүгінде ойыма түссе, зәрем жаман кетеді, ал ол кезде бәрін де өткердік: өлген солдатпен қатар жата беретінбіз, өзім де атқылайтынмын, қанды да көріп бақтық, ал қардың бетіндегі қанның иісі керемет білінетін... Міне, мен сөйлеп жатырмын, ал бір жағынан қалжырап та барам... Ал ол кезде ештеңе емес, бәрін де көтеретінбіз. Немереме айта бастап едім, келінім қарсы шықты: мұндайды балақайға несіне айтасыз деп. Содан мен ешкімге ештеңе айта алмаймын...

Біз оларды соншалық қорғаштаймыз, ал сонсоң балаларымыз біз жайлы шамалы ғана біледі деп таңғаламыз...» (мерген, сержант Тамара Михайловна Степанова).

«...Біз құрбымызбен екеуіміз кинотеатрға бардық, біз достасқалы қырық жылға жуықтап қалды, соғыста жасырын жұмыста болғанбыз. Билет алайық десек, өшірет қалың екен. Құрбымның Ұлы Отан соғысына қатысушының куәлігі бар екен, ол кассаға барды да, әлгі құжатын көрсетті. Сонда жасы он төртке келген-ау дейтіндей бір қыз бала: «Сендер, әйелдер соғысып па едіңдер? Мына куәлікті қандай ерліктеріңе берген, қане, айтыңдаршы?» дейді.

Бізді, әрине, өзге адамдар өшіреттің алдына жіберді, бірақ киноға кірмедік. Біз, тап бір безгегіміз ұстағандай қалшылдап кеттік...» (астыртын қызметші Вера Григорьевна Седова).

Мен де соғыстан кейін: окоптарға ендігі шөп өсе бастап, солдаттар қазған окоптар қалқып кеткен, үш бөренемен қатар жапқан блиндаждардың тас-талқаны шыққан, жауынгерлердің орманда қалған каскалары алабажақ түске боялғанда тудым. Бірақ сол соғыстың өлім төккен тынысы менің де тағдырымды шарпыды ғой! Біз әлі сол майданнан өзіндік есеп сұрар ұрпақтың қатарына жатамыз. Біздің тұқымымыздан он бір адам ажал құшты: украиндық атамыз, анамыздың әкесі Петро шал, Будапешттің түбіндегі бір төбешікте жатыр, белорустық әжеміз, әкеміздің шешесі Евдокия әжеміз, партизандар түскен қоршаудың ішінде аштық пен сүзектен қайтыс болды, фашистер ағайын туыстардың екі отбасын балаларымен қосып Гомель облысы, Петриков ауданы, біздің туған Комаровичи деревнясында сарайға қуып тығып, өртеп жіберді. Әкемнің бауыры, өз еркімен соғысқа аттанған Иван болса, қырық бірінші жылы хабарсыз кетті...

Міне, «менің де» төрт жылғы соғысым. Менің де естігендерімнен талай зәрем кеткен. Сан рет жаным ауырды. Бірақ мен өтірік айта алмаймын – бұл жолға менің шамам келмейді. Қаншама рет естігенімді ұмытуға талпынып бақтым десеңізші.! Талпындым, алайда халім келмеді. Ол кезде мен күнделік жазған едім – енді оны да баяндауыма енгізбекпін. Сол кезде не сезінгенім, қалай күйзелгенім әрі ізденістердің жағрапиясы – ол дегеніңіз еліміздің әрқилы бағытында жатқан жүзден астам қалалар, кенттер мен деревнялар – бәрі, бәрі де сол жазбаларда. Рас, мен ұзақ күдіктендім: сол кітапта «мен сезінемін», «мен азапқа түстім», «мен шүбәланамын» деп жазуға құқығым бар ма? Менің сезімдерім, менің азаптануым олардың ойындағылар мен қиямет кешулерінің жанында не тұрады? Менің сезімдерім, күдіктерім мен ізденулерімнің күнделігі баз біреулерге қызықты бола қояр ма екен? Бірақ папкалардағы материалдар көбейе түскен сайын мынадай сенім де нығая түсті: құжат өзінде не бар екендігі белгілі болғанда ғана емес, сондай-ақ оны кім қалдырғанында ғана құжаттық қасиетке ие болады екен. Бейтарап куәлік сөздер болмайды, олардың әрқайсысында қолына қалам алып жазып отырған адамның да айқын әйтпесе құпия ынтызарлығы түйінделген. Және жылдар өте келе осынау ынтызарлық нағыз құжатқа айналады.

Біздің соғыс жайлы және ол туралы барша түсініктеріміз де, зердеміз де еркектер арқылы қалыптасқан. Бұл түсінікті де – соғысқа барғандардың басым көпшілігі еркектер ғой, бірақ бір жағынан алғанда мұнымыз соғыс туралы біліктілігіміздің кемшіндігін мойындауға алып барады. Қайта Ұлы Отан соғысына қатысқан әйелдер туралы жүздеген кітаптар жазылса да, ауқымды мемуарлық әдебиет дүниеге келсе де, ол біздің тарихи феноменге жолығып тұрғандығымызға сендіреді. Адамзаттың бүкіл тарихы барысында соғысқа мұнша көп әйел қатынасқан емес. Бағзы ғасырларды аттары аңызға айналған жекелеген кавалерист қыз Надежда Дурова, партизан әйел Василиса Кожина дегендер болыпты, бергі азамат соғысына әйелдер де қатысқан, бірақ олардың көбісі санитарлар мен дәрігерлер болған. Ал Ұлы Отан соғысы болса, кеңес әйелдерінің өз Отанын қорғауға жаппай аттануын бар әлемге паш етті.

Пушкин, «Современник» журналында Надежда Дурованың жазбаларынан үзінді жариялай отырып, алғысөзде былай деп жазыпты: «Баянды дворян жанұясынан шыққан жас қызды әкесінің үйін тастап шығуға, өзінің жынысын жасырып, еркектерді де қорқытатын еңбек пен міндеттерді берік арқалап, жойқын қырғынға араласып кете баруына қандай себептер итермелеген? Жойқын болғанда қандай – Наполеонмен соғысқанда! Оны не жағдаят түрткілеген? Құпия, отбасылық қынжылыстар ма? Талаураған қияли елес пе? Туа біткен қайтпайтын қайсарлық па? Махаббат па?..» Әңгіме жалғыз ғана ақылға сыймас тағдыр жайлы болып отыр, ал болжам дегеніңіз толып жатыр. Енді армияда сегіз жүз мың әйелдің қызмет етуі, майданға сұранғандардың саны одан да көп болуы мүлде басқа жағдаят.

Олардың соғысқа барған себебі, «Біз және Отан деген ұғымдар бәріміз үшін киелі болған» (зенитші К.С.Тихонович). Қыз-келіншектерді майданға жөнелтті, өйткені тарихтың безбенінде еліміздің, халқымыздың бар болуы, әйтпесе жоқ болуы мүмкін деген мәселе төтесінен тұрды.

Бұл кітапта қандай қағидамен, не жинақталған? Мұнда атағы шыққан мергендер, даңқы алысқа кеткен ұшқыш әйелдер мен партизандар сөз сөйлемейді, олар жөнінде ендігі аз жазылған жоқ, мен олардың аты-жөндерін әдейі айналып өттім. «Біз соғыстағы кәдуескі қыздармыз, ал олар көп қой» деген сөзді маған талай рет естуге тура келді. Бірақ мен соларға әдейі бардым, соларды іздедім. Жоғары атымен атайын – біздің халықтық зерде дейтініміз тек солардың миында ғана сақталған. «Соғысқа мына біздің, қатындардың көзімен қарасаң, ол бұрынғыдан да қорқыныштырақ болып көрінеді», – дейді санинструктор, сержант Александра Иосифовна Мишутина. Бүкіл соғысты кешіп өткен, сонсоң тұрмысқа шығып, үш бала туған, енді немерелерін мәпелеп отырған осынау қарапайым әйелдің бұл сөзінде кітаптың басты идеясы жатыр.

Оптикада «жарық күші» деген ұғым бар – ол объективтің іліккен бейненің жақсы яки нашар ұстау деңгейін көрсетеді. Міне солай, әйелдің соғыс жайлы зердесі сезімнің, ауырсынудың ширығуы жағынан деген «жарығы күшті» болып табылады. Ол сезімтал да ынтызар болған жағдайдың ұсақ оқиғаларына толы болады, сондықтан құжат та еш сатып алуға жатпайтын мығым күшке ие болмақ.

Байланысшы Антонина Федоровна Валегжанинова Сталинград түбіндегі ұрыстарға қатысыпты. Сондағы шайқастардың ауырлығын бейнелей келіп, ол сол кезде басынан өткен сезімдерге ұзақ уақыт бойы тиімді анықтауыш таба алмай, сонсоң оларды кенет бірегей бейнеге енгізіп тынды: «Есімде бір шайқас қалып қойыпты. Айналамызда өліктер қаптап кетті... Соқа тура жерден қопарып алған кәртәпия секілді шашылып жатыр. Ауқымды дала... Олар қозғалыстағы күйі, сол қалыпта жатыр... Тіпті тым әдепті жануар – жылқы жарықтық та мұндайда аяғын қоюға жасқанып келе жатушы еді, енді міне олар да өліктерден қорыққанды қойыпты, кәртәпияны таптағандай болып келеді ...» Ал партизан Валентина Павловна Кожемякина зердесінде мынадай оқиғаны сақтапты: «соғыстың алғашқы күндері, біздің әскери бөлімшелер ауыр ұрыстардан соң шегініп келеді, оларды шығарып салуға күллі деревня болып шықтық. Олар анамызбен бірге тұр. жасы мосқал солдат қасымыздан өтіп бара жатып, біздің үйдің қасына тоқтап, анамыздың аяғына басын төмен иіп сәлем берді: «Кешір ана... Ал мына қызбалаңды сақтай гөр! Ой, қызбалаңды сақташы!» деді. Мен сонда он алтыда едім, бұрымым ұп-ұзын болатын...» Ол және бір жағдайды есіне түсірді, жарақат алған алғашқы солдатты көргенде жылапты, сонда ол өліп бара жатып: «Сен өзіңді өзің сақтағайсың, шырағым. Сенің әлі бала табуың керек... Әне, қаншама мұжықтар жер жастанды...» депті.

Әйелдің зердесі әдетте майданда еркектің назарынан тыс қалып қоятын адами сезімдердің құрлығын қамтып тұрады. Егер еркек соғысты әрекет ретінде қабылдайтын болса, әйел өзіндік психологиясына қарай өзінше сезініп, басынан өткереді: бомбалау, өлім-жітім, азап шегу – ол үшін соғыстың бір бөлігі ғана. Әйел тағы да өзінің психологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне сай майданның пенделік және моральдық ауыртпалықтарын, соғыстың «еркектік» болмысын ауырырақ өткереді. Және оның есте сақтап қалғаны, ажал тозағынан алып шыққан зердесі бүгінде біз ешқашан ұмытуға тиісті емес шегі жоқ адамдық мүмкіндіктерге, рухани мүмкіндіктерге айналып отыр.

Бәлкім, бұл әңгімелерде әскери және арнайы ұғымдарға аз орын берілген шығар (автор өзінің алдына мұндай міндет қойған жоқ), бірақ кеңес халқының фашизмді жеңуін қамтамасыз еткен адами материалдар асып төгіліп жатыр. Өйткені баршамызға жеңіске қол жеткізу үшін, біздің әрқайсымызға жеңуге ұмтылыс қажет болды.

Ұрысқа қатысқандар әзірге тірі. Бірақ адамның ғұмыры мәңгілік емес, оны уақытты жалғыз жеңе алатын тек зерде ғана ұзарта алады. Ұлы соғысты аяқтап, жеңіске қол жеткізген адамдар бүгінде өздері атқарғанның, қайғы-қасіреттің мағынасын сезініп отыр. Олар бізге қол ұшын беруге әзір. Мен өзім барған отбасыларда балалары мен немерелеріне арнап жазған жұп-жұқа оқушы дәптері мен қалың-қалың дәптерлерді көп көрдім. Бұл атаның немесе әженің қазынасы. Бөтен қолдарға көңілсіздеу берілетін. Олардың біркелкі айтары мынау: «Біз балаларға ескерткіш болсын дап жазып едік...» дейді. «Сізге көшіріп берейін, ал ұлыма түпнұсқасын қалдырайын» деп отырады.

Бірақ, бәрі бірдей жаза бере алмайды ғой. Көп дүние ғайып болып кетеді, із-түссіз жоғалады. Ұмытылады. «Егер соғысты ұмытпасаң, өшпенділік көбейеді. Ал егер соғысты ұмытсаң, жаңасы пайда болады» деген бұрынғылар.

Әйелдердің бір жерге жинақталған әңгімелері соғыстың бейнесін суреттейді, ал оның сұрқы әйелге тіпті жат. Олар айғақтар ретінде үн қатады – кешегі фашизмді, бүгінгі фашизмді және келер фашизмді айыптайды. Фашизмді аналар, қарындастар, жұбайлар айыптайды. Фашизмді әйел айыптайды.

Міне, менің алдымда солардың біреуі отыр, соғыстың алдында ғана әжесіне біреу апарып тапсырмаса жібермейтін, сен әлі кішкентайсың дейтін. Ал екі айдан кейін әлгі «кішкентай» майданға кетті. Санинструктор болды, сан ұрысқа қатысып, Смоленскіден Прагаға дейін жетті. Жиырма екі жасында үйіне оралды, өзінің қатары әлі қыздар, ал бұл болса көпті өткерді, көрешекті де көріп бақты: үш рет жараланды, біреуі өте ауыр болды, кеуде тұсына оқ тиді, екі рет контузияға ұшырады, екінші жолы оны тірідей көміліп қалған жерінен қазып алғанда, шаштары әппақ болып ағарып кетті. Бірақ әйелдік тіршілікті қайта бастауға тура келді: жеңіл көйлек кию, аяққа – төпли дегендей, тұрмысқа шығып, бала табуы қажет болды.

Еркек елге жарымжан болып қайтса да, қайтсе де отбасын құратын. Ал әйелге соғыстан кейінгі тағдыры ауырлау тиді. Соғыс олардың жастық шағын ұрлады, ерлерін жер жастандырды, өзі қатарлылардан оралғандары шамалы ғана болатын. Олар мұны статистикасыз-ақ жақсы білетін, өйткені кең алқаптарда еркектердің бау-бау болып қырылып жатқандарын көрген – және осынау еңсегей бойлы, матрос бушлатын киген жастардың енді қайтып тұрмайтынына, олардың – әкелердің, күйеулердің, қыз таңдаған жігіттердің бауырластар зиратында мәңгілік қалатындығы жайлы ойға еш сенгілері келмейтін. «Жаралыланғандардың көптігі сондай, бүкіл әлем зардап шеккендей көрінетін...» (медбике, аға сержант Анастасия Сергеевна Демченко).

Міне, қырық бірінші жылдың қыздары қандай болған, майданға қалай кеткен? Олардың қиын-қыстау жолдарын бірге жүріп өтейік.

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар