Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Айтпаса Абайдың сөзі өледі......

12.07.2018 9109

Айтпаса Абайдың сөзі өледі...

Айтпаса Абайдың сөзі өледі... - adebiportal.kz

Ғұлама Абайдың бұндай хаты мен өлеңі барын білмеппіз. Былайғы жұрт та аса хабардар емес сияқты. Абайтанушы ғалым Асан Омаровтың «Абай: ашылмай кеткен қырлары» атты монографиясын оқып отырып таныстық. Зерттеушінің айтуынша, Хакім араб қарпінде өз қолымен таңбалаған хатты семейлік ғалым Амантай Исин 1997 жылы Абай мұражайының сирек қорынан тауып алып, «Абай» журналының 1997 жылғы 4-санына жариялаған. Жарықтық жазба содан бері Абайдың бір де бір кітабына енбепті-ау. Ғылыми айналысқа түсіруші Асан Омаровтың аталған еңбегінің өзі 99 данамен ғана шығыпты. Әлбетте, ғылыми айналысқа түсті деген солай бола ма? Оқырман қолына тиіп, халық игілігіне айналмаған соң.

Хаттың мән-мағынасын арттырып тұрған – ішіндегі екі шумақ өлең. Баласы Мағашқа арналғанмен, адамзат өмірінің шындығын арқалап тұрғандай. Бұған дейін біз Балғожа бидің немересіне жазған хатын білуші едік. «Үміт еткен көзімнің нұры балам» деп басталатын. Мынаның мағынасы тереңірек. Мазмұны мынау: «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм һүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге сатарлық (бұл сөз түгел сызып тасталған – А.О.) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін.

Ой жүгіртіп қарашы, Мағаш бала,

Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.

Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,

Единица сыфат деп біл тек қана.

Көп білгенге көп надан болады қас,

Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.

Бәйтерек те күндейді көлеңкесін

Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.

Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896 жылдың...»

Біз шексіздікке балайтын сандар әлемі, адамзаттың бір-бірімен ара-қатынасы, тұлға мен халық, қараңғы мен жарық, білімді мен білімсіз, тіпті, табиғаттың тілсіз құбылыстары – бәрі-бәрі осы екі-ақ шумаққа сыйып кеткен де, есесіне, екі шумақ автордың өз кітабына сыймай қалғаны қалай? Орыстар Пушкинді зерттегені сонша, ақын өмірінің он екі күні ғана белгісіз десетін. Басқан әр қадамына микроскоппен үңілген деген сөз ғой. Ал, мына хат, ондағы өлең дайын тұрған дүние. «Абай» журналында жарияланған, Асан Омаров монографиясында талдаған, аракідік ғаламторға шыққан, бірақ, жалпыға жетпеген. «Темірді қызуында соқ» демей ме?

Абай мен Әлихан

Алаш арысы Әлихан Бөкейхан мақалаларында Абай өлеңдерін кеңінен қолданғанын білеміз. Қазақ даласындағы алғашқы абайтанушы да Әлекең екені талас тудырмаса керек. Кемеңгер Абайды қазақтың Бас ақыны танып, ол бақиға аттанғанда, исі қазақ арасынан тұңғыш рет некролог жазып, «1904 жылы Абай өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жолдаған» да Алаш көсемі еді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Қазақтың Бас ақыны» мақаласында Абай хақында «Ғалихан Бөкейхановтың айтуынша» деп сөйлегеніне қарағанда, сол кезде Хакімді Алаш арысындай таныған жан болмаған қазақта. 1907 жылы орыс баспасөзінде жарық көрген «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» некрологында ақын өлеңдерін қазақша-орысша талдайды Әлекең. Қазақ газеттерінде болсын, болмасын солай ғой. Мәселе, Әлекеңнің Абайдан келтірген үзінділерінің қуаты жинақтағы шумақтардан күштірек. Бір шумақтағы жалғыз ауыз сөздің бірер әрпін өзгертіп кеп жібергенде, өлеңнің ішкі қуаты артып шыға келеді. Мәселен, Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңін Әлихан бір емес, екі-үш мақаласында қолданған. Соның бірі – Евгений Михаэлис қазасына байланысты «Қазақ» газетіне 1913 жылы берген «Офат» некрологы («Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағы», ІІІ том. «Сарыарқа», Астана, 2009. 518-бет). Автор мұнда өлеңнің алғашқы шумағын «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп емес, «Өлсем әурем қара жерсіз болмай ма?» деп бастайды. Бұл жерде Әлекең осылай жазды ма, жоқ әлде, баспадан қате кетті ме, анығына жету қиын. Себебі, Әлекеңнің «Қазақ» газетіне 1914 жылы «Мұсылман сиезі» деген атпен жарияланған мақаласында «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» болып тұр («Әлихан Бөкейхан шығармаларының толық жинағы», V том. «Сарыарқа», Астана, 2009. 380-бет). Ал, біз сөз етіп отырған өлеңнің екінші шумағындағы мына сөз еріксіз назар аудартады.

«Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан

Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма?» болса, Әлекең:

«Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан

Жерін тауып, артыққа сөз болмай ма?» деп жазады.

«Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз» немесе «Сәулең болса кеудеңде» дейтін ақын мұны (артыққа сөз болатынын) «Базарға қарап тұрсам, әркім бара» өлеңінде де айтады.

«Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу – маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар...

Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.

Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.

Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар?!» дегенде хакім сөзін әркім ақылы жеткенше пайымдайтынын аңғартып тұрған жоқ па?

Сондай-ақ, біз жоғарыда әңгімелеген жырында

«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп даралығын айтып өткенін ескерсек, Ә.Бөкейхан нұсқасы қисындырақ сияқты.

Абайдың «Арғын, Найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды-ау!

Тобықтының езіне» дегенін Әлекең «Тобықтының ізіне» деп аяқтапты.

Ал, «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл» өлеңінің екінші жолын

«Көзбен көр де, ішін біл» деп таңбалайды. Және осылардың бәрі жоғарыда көрсетілген екі мақалада ғана емес, тағы басқа жазбаларында да кездеседі. Әлихан Бөкейхан еңбектерінен екі-үш қайтара оқып, Абайдың өлең кітабынан қайта оқығанда, жинақтағы «қате» көзге ұрып тұрғандай әсер қалдыратынын неге жасырайық? Біздікі кесімді сөз, шешімді тұжырымға да жатпайды. Көрген-білгенді, көкейге түйгенді ортаға салу. Ар жағы абайтанушы ғалымдардың еншісіндегі дүние.

Жәнібек ӘЛИМАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар