Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сағат Абдуғалиев. Сен менен де бақыттысың, Махамбе...

15.07.2018 9152

Сағат Абдуғалиев. Сен менен де бақыттысың, Махамбет! 12+

Сағат Абдуғалиев. Сен менен де бақыттысың, Махамбет! - adebiportal.kz

«Аймақтар әдебиеті» жобасы аясында ақын, Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауылының тумасы, «Құлыншақ көктем», «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның», «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жыр кітаптарының авторы Сағат Абдуғалиевтің (1948-1984) өлеңдерін ұсынамыз.

Атам Арыстанның аруағына ескерткіш

Автор

Шанақтарды шайқаса шапағат үн,

Шабыттың шербетінен татады ақын.

Шүлен шақта жыр жаздым шамырқанып,

Шырт ұйқыда жатырсың, махаббатым.

Әуезімді әлдилеп ақ түн-ағыс,

Қанатты қияндарға қақтым алыс.

Муза – менің мұратым мәртебелі,

Тербетіп тұр жанымды тәтті вальс.

Шаңыраққа шаттықпен кірсең күліп,

Шабыт, сені қайтемін құр сендіріп.

Шартараптың шамдарын қуаладым,

Шылымымды бір жағып, бір сөндіріп.

Парасат пен пейілі теңге бөліп,

Жақсылық жоралғысын жөн көрелік.

Алпыс аққу төрімді тамылжытып,

Дариға аспан барады дөңгеленіп.

Тұрпатында тұтпастан түнді бұйым,

Сәби ақын ойлардан сынды миың.

Жыр-анасы жебейді жалғыз ғана

Пері болған перзенттің жынды күйін.

Балқаймағы бақыттың бетінде еріп,

Отауында шабыт құс отыр делік.

Жырға толы дәптерім жатыр алда,

Пайғамбардың жалғызы секілденіп...

КІНДІК ЖҰРТ – ҚАЗАҚСТАНЫМ

Тудырып пікір таласын,

Жайым жоқ елді екшемек,

Бөлмеймін қазақ даласын:

Жетісу,

Жайық,

Көкше – деп.

Даңқтан дарқан дәулетім,

Шабыттың шоғын шат үстеп,

Бөлмеймін баба әулетін:

Оңтүстік,

Шығыс,

Батыс – деп.

Оятып түнде үш рет,

Інжуін тапсын ізгі өлең.

Ұлы деп,

Орта,

Кіші – деп,

Бөлмеймін және «жүзге» мен.

Шапағат шағым шашты ірең,

Көңілді билеп құт кенен.

Жаудан да бетер қаскүнем

Жұртымды,

Жерді жіктеген.

Жойылсын адам аласы,

Кеппеген күншіл ұрты удан.

Қарқара қазақ даласы,

Теңізі,

Тауы бір туған!

Жаңбырлы жаздың жалты игі,

Шалғынға түсіп шық-теңге.

Қазақтың жаны аңқиды:

Жусаннан,

Қардан,

Сүттен де!

Арғымақ шалып қырларға,

Сүйемін күнді,

Ай төсін.

Рухымды көріп тұрғанда,

Руымды сұрап қайтесің?!

Бөлмеймін түрге түндікті еш,

Тұғырда тұрам тас түйін.

Қандары бірге кіндіктес:

Қарт Арал,

Ертіс,

Каспийім.

Төсеуді көрпе, төрі кең,

Табатын туыс,

Дос талай.

Жанымның бірге көгімен:

Гурьев,

Шымкент,

Қостанай...

Сарыарқа жері – сом алтын,

Бұрымы бидай,

Сәнді иық.

Маңқыстау – донор,

Жомартым

Ғасырға жатқан қан құйып.

Қаратау жері – қазынам,

Толағай істен тапты ырыс.

Сылыңғыр Сырдың жазынан,

Сырғасын қақты ақ күріш.

Бұлбұлға толы көгалы,

Жетісу жері – жыршы әлем.

Жайықтың бегей бораны,

Серілігің үшін бір сәлем!

Балға мен Орақ – бас таңба,

Тұрпатын елдің танисың.

Тоғайдан,

Көлден,

Тастан да

Жұтамын жұпар нан исін!

Қияннан мені тартады,

Ошақтың әрбір оты ұнап.

Не деген едің арқалы,

Қазаққа біткен топырақ!

Сандуғаш таңда саз құйып,

Жаңбырға жастай жудым бет.

Аспан да менен аз биік,

Алдияр жерде тудың деп!

...Сайраттың құмбыл құс тілде,

Жанымның жаз ағыстарын.

Тілегім сенің үстінде,

Кіндік жұрт – Қазақстаным!

ЛЕБІЗ

Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан,

Болмысынан пенде болмас бұлтарған.

Жүгіремін бір құмарды қуалап,

Жеткізбейді тірліктегі түлкі-арман.

Қанаттары қатаймаған қыр құсын,

Торабында тосып талай тұрды сын.

Таң алдында дауысымды естімей,

Жер бетінде мені жоқ деп жүрмісің?

Жантық болып жорғаламай жұрт алдын,

Жалғыз жүрек ізгілікке іңкәр мың.

Келешегің көкжиегің алда деп,

Тұяғынан от шашады тұлпар-күн.

Мәймөңкелеп талайларды майда тіл,

Парақордың көмейінде пайда тұр.

Жарамсақтар жек көреді жау санап,

Жолдастарға атанбадық «әй, кәпір».

Күндестік қой қазақтағы күшті індет,

Ібілістер табалайды іштің деп.

Көңілінен шыға білген жігітке ел,

Көктемдерден ұшырады құс-құрмет.

Борандарда іздестірмей бір ықтын,

Қажетінде қара тасты үгіттім.

Жалғыз ұлы атансам да әкенің,

Жалпақ елге борышы мол жігітпін.

О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым:

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың!

СЕНІМГЕ СЫЙЫНУ

Аласа боп жазықтағы жусаннан,

Жетім жігіт жетіседі қуса арман.

Жарты күлше жарып жеген жолдас көп,

Жаулар да бар табағыма у салған.

Ұнатпаймын үрдістерді ұрты қан,

Абайласаң – адам іші кіл тұман.

Жаны жайсаң жігіттердің, жарқыным,

Жалған сөздер жүгіреді сыртынан.

Бақастықтан бықсытпайтын бос егес,

Жақсылық пен жанашырлық көшелес.

Мен алдансам, зымыстанға алдандым,

Зымыстандар зынданда да дос емес!

Бағамдайды біреу ерте, біреу кеш,

Ішмерезді керек екен іреуге ес.

Мен сүйенсем, достарыма сүйендім,

Достар менің тұлпарыма тілеулес!

Арманыма айта алады кім ілік,

Қаршадайдан жетектеді жыр-үміт.

Мен табынсам, Отаныма табындым,

Отан деген әрдайым да ірілік!

Жапырағы жайқалмастан жаз айым,

Пешенеме тапқан жоқпын аз уайым.

Ақындарға семсер сілтеп жүргендер

Ар сотынан алар түбі сазайын.

Жол ауыры еңіреген ерге сын,

Ездігіне еншілейді ел кесім.

Аждаһа ажал жармасқанда жағама,

Көңілімнің күнін бірге көмбесін.

Ақиқатқа тіреп қойып ат басын,

Абыржымай шоттың шымыр қақ тасын.

Біздің ұрпақ үрікпейді сайтаннан,

Адамдардың сайтанынан сақтасын!

Қызықтарға кенелермін жетсе дем,

О, келешек, айырмасын тек сенен.

Туғанымда танып алған қалың жұрт,

БЕЗГЕЛДЕК ЖҮРЕК

Өлшенбейді бұл өмір бақытпенен,

Ащы менен тұщыдан татып келем.

Жоғалтқан жылдарымды жіпке тізіп,

Жанымды піскілейді уақыт-тебен.

Жүйкедегі жазылған аянышты ән:

Жоғалды ма бай мінез – баяғы ұстам.

Еңіреп егілсем де есіл көзім,

Енді сені іздейін қай ағыстан?

Сарбаздықтың сақтасаң салтын берік,

Өзіңді мүсіркеудің нарқын кеміт!

Алтын жылдар қайтадан сатылмайды,

Алладан сұрасаң да алтын беріп.

Тазаласақ тірліктің табан ысын,

Сайрағаны-ай, жарықтық сана құсым:

«Атан қайрат адамнан жаралып ең,

Не жақсылық жасадың адам үшін?»

Жапандағы атанбай жетім киік,

Ел-жұртыма сүйеніп жетілді иық.

Жалғыз сұрақ мысына жауап таппай,

О, жүрегім, отыр ғой бетің күйіп.

Суыртпақтап санадан сөз келдегін,

Өмір-кесте іздейді өзге өрнегін.

Не жақсылық жасадың, не жақсылық,

Безілдеген жүрегім – безгелдегім?!

ӨЛМЕЙТІН ЖЫР

Темір торға тұмшаланып бет-бәден,

Жыламауға жігер күші жетті әрең.

Есік пен төр аралығын андытып,

Құшағынан қайда қашып кетті әлем?

Е, жалған-ай, жауыздықта жоқ есеп,

Боркеміктік болар дейсің неге сеп?

Бұтағымен талақтасып бұлбұл құс,

Күн шуақта кекіреді көк есек.

Жүрек сорлы жоғалтқандай жас өртін,

Тұңғиықтан тербемейді әсер тың.

Есер ұлдың ермегінен есті әке,

Бейшараның талақ қылды бас еркін.

Тас түнектен күңірентіп көк түбін,

Тарғыл-тарғыл көңілінен төкті мұң.

Құсалы құс жалғыздықта білдің бе,

Жанашырдан жендеттердің көптігін.

Тамыжытып тауыңды әндет, тасты әндет,

Әуен асты көкіректен қашқан кек.

Қарғауға да кәдімгідей қақың бар,

Қара қарға қарқылдаған аспан деп!

Отты өзектен өршеленіп өр ұшқын,

Бәлденбесін басындағы беріш түн.

Әнді сыйлап өтер еді, әттең-ай,

Әділдік-қарт әлдилесе жер үстін.

О, бостандық, байлаудағы бір несіп,

Сан қиялда көбесінен сынды есік.

Туған жердің ұлылығын жырлайды ол,

Туған жердің түрмесінде күн кешіп.

ЕСІМДЕ ТҰР ЕСЕНСАЙ

Шашыратып шұғыла шырай-беттен,

Жағдайыңды жұрағат сұрайды еппен.

Осы жердің едім ғой бозторғайы,

Боз көденің түбіне құлай кеткен.

Оттарыңды өшірме, баспана-шам,

Қошеметтің қақпасын асқақ ашам.

Жиырма бестің желігі өткені ме,

Кенжетай-ау, жұғыпты шашқа да шаң.

Бидайықтар бұрымын сәнді айырып,

Дилы қырдың дидары қандай ұлық.

Көнекөз кемпір-шалдар сиреген бе,

Кешқұрымда жүретін мал қайырып.

Мұраты нар қашанда мендейлердің,

(Құрметтеген құшаққа көнбей көргін).

Ағалардың айбыны жұмсарған-ау,

Билік көшкен қолына жеңгейлердің.

Сағыныштың арқалап жүгін көп күн,

Ауылымнан келмейді бүгін кеткім.

Сегізінші класта ұнатқан қыз

Шешесі – сегіз қара жүгірмектің.

Жарауларға жарасқан биыл күтім,

Қашырайық қыраттан құйын құтын.

Гитар шертіп жатпайды желөкпелер,

Таланына тамақ тоқ, киім бүтін.

Ши түбінен шошынып қыр қояны,

Көкжиекті кешкісін нұр бояды.

Өзіңде алған алғашқы еңбек ақым

Уысымды жылытып тұр ғой әлі.

Теңіз кешіп таңдарда тау қарайын,

Жаңбыры боп жұртымның жауды әр айым.

Алақаным аңсады айыр сабын,

Маяң болса мұртынан аударайын.

Таңертеңнен тұңғиық түнге шейін,

Жүрегімнен жекенсал жырды есейін.

Жалғыз итің үрмеді маған қарап,

Мылқау жатқан таспен де тілдесейін.

Ұланыңның ұнаса ұяң түрі,

Керекпейді сияпат-сый артығы.

Баурайыңнан бұлақтай басталып ем,

Каспийдің қолтығына құям түбі.

ИДИЛЛИЯ

Қиындықта күйзелген мен бе сынып,

Көрейік көрпемізге жөн көсіліп.

Пірәдар боп қайтемін пақырсыған,

Менде де бар, әрине, пендешілік.

Көкіректе кісінеп барша құлын,

Жалғыздықта сақтадым жан сабырын.

Қуартпады күн нұры көктеменің,

Қар астынан қылтиған қарша гүлін.

Қателіктен қызарып бетім-бесін,

Есігінде тірліктің жетілді есім.

Серіліктің сыйқы да соқыр тиын,

Басыңнан бақа-шаян секіргесін.

Шексіздерге жататын шеті ұласып,

Шапағатқа арманның оты ғашық.

Кристалдай кіршіксіз дегенді де

Пенделіктің жүреді тоты басып.

Естеліктер түсіріп еске нені,

Сан алуан сұрақтар сес береді.

Тағдырдың азды-көпті таяғы ма...

Ер жігіт кектемейді ештеңені.

Тіршілікке ынтазар табан-сүлік,

Торабымды сапардан табам шығып.

Жамандықтың жағасы жыртылмайды,

Алты алашқа ағайын – адамшылық!

Тепсінетін табанда темірді үзіп,

Шындықты мойындар небір бұзық.

Ірі қылып жаратып әлдекімді,

Ірілікті сүймейтін өмір қызық!

Құдайшылар күткенде көктен шырақ,

Өмір деген – ағытып өткен сұр ат.

Қасық қаны қазақтың болса менде,

Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап.

Қасиетін танытқан қаспақ беттің,

Балалықтан басталар бастапқы екпін.

Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,

Тіршілікті келеді тастап кеткім.

Төзімдердің тоздырып көк тағасын,

Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.

Адам да бір мәжіғұн көбелек қой,

Өзі тығып жүреді отқа басын!

ДОСТАРҒА ДӘЙЕКТЕМЕ

Достар!

Тоқшылықта – әулеген әнді естіп,

Жоқшылықта – жабырқамай таң кештік.

Балдан бетер таңдайыма татиды,

Дәнекердің пайғамбары – дәмдестік.

Абыз Отан көрсеткесін әкелік,

Азаматтар азбайды екен аты өліп.

Келешекке құлшыныспен қол артып,

Қателікті еске алу да – қателік.

Тайғақтарда – тіке тұрдық тая сап,

Қайрат барда – бәлденбейді бая сәт.

Жолбарысқа інімін деп жүр мысық,

Сараптасаң, бұл да сұмдық саясат!

Шырайына шуақтары шат ескен,

Болмасыншы көңілдерде бәтес кем,

Жәбірейіл кешірмейтін жауыздық,

Бұлбұлдарға ән салдыру әтешпен.

Азаматқа арман, жігер – қос арна,

Жігітсің бе, төзіміңді тос алға!

Мансабына сеніп жүрсе біреулер,

Өз-өзіне сенген адам осал ма?

Қойылмайды шілдедегі шөлге шек,

Жалғыз дәнді мезгілінде жерге сеп.

Есік жолға есекпенен таласқан,

Емеурінді танымайтын ол да – есек!

Баршаңызға бармақтайын бақ тілеп,

Жүрегімнен жыр самалы қақты леп.

Таразының екі басын теңгерсем,

Қиындықтың қиқым наны тәттірек.

Көңіл көзі болашақтан күт бұлақ,

Шыңыраудан шандоз ойлап шықты ұнап.

Ащы менен тұщы татқан марқасқа,

Мықтылардың әмбесінен мықтырақ!

Сорлымыз ба ана сүтін мүлт емген,

Үміт өзі жолаушыға үлкен дем.

Жүректегі көп жараның қотырын

Бәрің үшін өлеңменен сүртем мен.

Шашасына шаң жуытпас еш тарлан,

Кеңістіктің керуені көшті алдан.

Құдай маған бермесе де бақытын,

Айырмасын ағайын мен достардан!

МАҢҒЫСТАУ ЭТЮДІ

Тарас ақын жазарға

Таптырмаған жарты бет.

Талай жанды ажалға

Тұншықтырған тар түбек.

Сынық қасық су таппай,

Аттамаған жан ұзап.

Кезерген қыр – қу тақтай,

Ақырзаман-аңызақ!

Түйе таптап өрісін,

Жатты-ау жердің қаны ұйып.

Қызарады сол үшін

Ұяты жоқ тарих!

Маңғаз өлке – ендігі ат,

Мұраттары мәңгі мәз.

Тұтқын мұнай теңдік ап,

Жеті қаттан жанды газ!

Тірілді қыр тас тұйық,

Түнде лаулап сан шырақ.

Мұнаралар қасқиып,

Жазды аспанға – аншлаг!

Үрдіс қимыл – ұлы екпін,

Құба жонда құлын бел.

Көзін ашты түбектің

Заңғар заман ғылымгер.

Атын сақтар Тарастың,

Жәуміт қала – жас тұйғын.

Жамырайды жарасты үн

Жағасынан Каспийдің.

Шектелмейтін шеті ұдай,

Сүйем жері сый-тасқын.

Жаңа Өзен мен Жетібай,

Жалғыз жолы ұйқастың.

Жарқылдайды жасын күй,

Жақұт көзі жатса ағып.

Алпыс ұлтқа басыңды іи,

Достық деген патшалық.

Жомарт елдің жүрегі,

Айтты қанша алғыс-тау.

Атом ғасыр түлегі –

Мамыражай Маңғыстау!

КОНГРЕСТЕН ҚАЙТҚАН ОТТАР

Ардақтап Абыл сынды күй еркесін,

Адайлар сахараның сүйер төсін.

Ұйқыдан ұшып тұрды ұлан аймақ,

Ықтаған ықылым жыл түйе өркешін.

Тұншығып топыраққа тұтқын айдын,

Қаншама қарақшыдан күтті бәйгің?!

Балықтың көзіндей түс бұрғы тисе,

Құдайын қамшылайды құт-мұнайдың!

Маңғыстау – атан өлке, асқақ ұстын,

Бағына сайрап берер басқа құспын.

Төбесін бес құрлықтың көремін деп,

Шаңдатты мұнаралар аспан үстін.

Тамыздың тамашалап текті шағын,

Теңізге шомылуға кетті сағым.

Жатыр-ау жетті қатты жан ұшыртып,

Түбінен табанымның жетпіс ағын.

Шыққанда шыңыраудан ытқып ырғын,

Таңданбай тұра алмайсың тіпті құрбым.

Кұбырлар құла жонға құлын байлап,

Саумалы сарқылмайды сүтті қырдың.

Қақырап қыраттардың көбесі әман,

Өрліктен жетер емес өре саған.

Тауыса алмай кетті сені жырға қосып,

Тарланбоз Айбергенов – Төлеш ағам!

Сапарын салтанаттың сәнді кешкен,

Әсердің жоғала ма барлығы естен.

Түнімен мұнарада маздаған от

Ақ таңда қайтады екен конгрестен.

ЖЕТІБАЙДАҒЫ ЖАҢБЫР

Ноян найзағай ұран сап,

Ойнатты от сапты бишігін.

Науша қыр жатыр-ау,

Нұр аңсап,

Құйшы күн, құйшы күн!

Кезеңді осынау қимас тақ,

Шартарап жалғасын шат күйге.

Мұнара жігіттер

Би бастап,

Аспаннан шоршыды ақ түйме!

Нөсер билігін құрды үстем,

Жондары жылтырап күлте бау.

Жарқ-жұрқ

Көктегі үрдістен,

Телеграф бағаны үркеді-ау.

Әуеден әлі де ән сұрап,

Жейдесін тазартып жатты сай.

Зып берді ініне саршұнақ,

Тірліктің,

Ғұмырдың тәттісі-ай.

Бұл кезде бұлт – шеру шетінен,

Тиылды өткінші...

Тып-тынық.

Мендегі мазасыз көкірек,

Жүрсің-ау,

Осындай бір жаңбыр күттіріп.

ЖАҢҒЫРЫҚ

Тектілерге түспейтұғын күні түк,

Мұндар болсам, мәртебемнің міні тұт.

Жаным маған жасыл түсті дейсің бе,

Сенің дилы дидарыңды ұмытып.

Сәуірлерде тасымайды сай тегін,

Жалқы жүрек жұбаныштың айт емін.

Бір ақынға жар болудың бақытын

Болмыс саған бұйыртпады, қайтемін.

Нүктелерді ноқталайтын үтір ғып,

Сақал сатқан сайтандарға түкірдік.

Солармен де саратанда су ішіп,

Тірі жүрген тірлігіме – шүкірлік!

Өмір кейде көрсеткенде өгей сын,

Шыңыраудан бұлдырайды бегей шың.

Жалғыздарға жан беретін керексе,

Жақсылардың жұтар демі көбейсін!

Жанарымның жоғалтам деп нұр шығын,

Талпынғанның көрдім талай қырсығын.

Тап өзіңдей бір адам да ұқпайды,

Менің машқар жүрегімнің дүрлісін.

Сағыныштан сусап келем қаталап,

Бәдәуиге болмайды екен бата қат.

Егіз бақыт еншісінде есті ұлдың:

Бірі – Отан, екіншісі – Махаббат!

Сол баяғы он сегіздей таранып,

Менің жүдеу жанарыма қара нық.

Бір бақыттың босағасы берік қой,

Бір бақыттың жетпейтіні дәл анық.

Парасаттың пернесінен күй аңдып,

Қасиеттер қоймасына жиям құт.

Нақ осыдан он сегіз жыл бұрынғы,

Жүзіңдегі жымиып тұр ұяңдық.

Алмағайып жоғалғанда абат таң,

Бозторғайым бес құрлыққа таратты ән.

Шәркездікпен шаттық іздеп шырмалдық,

Шайханада шірей жұтқан шараптан.

Бұл шындықтан құтылмақшы кім бұғып,

Мәрте-мәрте мазалайды мұңды үміт.

Бәз-баяғы бозбала мұрт қалпында,

Өзіңе арнап жыр жазатын жындылық.

Туған дала бөбегіне бесік – төр,

Төскейінен тере берсін несіпті ел.

Қызықтырмай қойды мені қашанда,

Шен-шекпені шегеленген есіктер.

Пақырлыққа пәтерлес қой пенделік,

Тұнжырамай төсіңдегі тоңды еріт.

Жыр жазатын жындылығым үшін де,

Өнер-ата алды атына өңгеріп.

Тәжікемді жеткізбейді от тіл кем,

Өтті, кетті қателіктер бет тілген.

Әкім ұлы болмай жалғыз әкенің,

Ақын ұлы болып елдің кеттім мен!

НИЕТ НОТАСЫ

Каспий қартқа еркелейтін ежелден,

Алып жатыр ару Жайық - өзен дем.

Шаңқай түсте шағаладан жолдаған,

Ата-анамның сағынышын сезем мен.

Бағыбанға басын исе бағар бау,

Қандай жаман жалыныңды жаға алмау.

Сақардай боп самайдағы шаштарың,

Мезгілінен тым ертерек ағарды-ау.

Кемелдікке туралаған кешең бет,

Салқам ұлға сіңірдіңдер көш еңбек.

Үш жасымда жалғыз інің тапсырып,

Апа, Сізді, ардақтадым шешем деп.

От кесенің ойранына өртеніп,

Әкем байғұс кетіп еді ерте өліп.

Үш жас емес, қырқасында қырықтың,

Көке, сізге жасап жүрмін еркелік.

Түйткілдерді түсінгендер менше ұғып,

Бесігінен безіп кетпес ел шығып.

Ұлы өмірге еркелегім келсе де,

Көрсетпейді екеуіңдей кеңшілік.

Ақиқатқа жалғастырсақ жең ұшын,

Айқындалар жетістік пен кемісің.

Үлкен басты кішірейтіп жүрдіңдер,

Жалғандағы «жалғыз төре» мен үшін.

Жайлау жаным жамыраған жыр-түлік,

Жөнсіздіктер жібермеді күрт үгіп.

Барыстықты ұнатпайды бауырым,

Қара жердің үстіндегі түлкілік.

Тумысынан тұма тұтқан тау селін,

Жалқы қаздың жанұшырған даусы едім.

Әжептәуір әкім болып кетер ем,

Өлең-жырдың татпағанда әуселін.

Шуағымды мадақтасам шат күліп,

Шалғындағы шарайнасын тапты үміт.

Екеуіңдей тілемейді бір адам,

Менің барша сапарыма сәттілік.

Парызымды кететіндей кеш төлеп,

Төс етімді ұят-найза тесті ерек.

Бір көлеңке түсірмеген бетіме

Көңілімнің көгіндегі қос терек.

Балаңыздың балқұрақтай баласы әр,

Бүгін енді екеуіңе таласар.

Бәрімізді біріктірген басты уық,

Тұрпатыңа табынамын қара шал.

Мияттансам екеуіңді мықты әрлеп,

Махаббатым шыңыраудан шықты әлбет.

Жүрегімнің жиі соққан дүрсілі,

Дәттенеді Ұлмекен мен Мұхтар деп.

Өткерсем де өткелдерде неше сын,

Сүртілмейді сақи тұтқан қос есім.

Жиһандағы жауларым да жақ ашпас,

Жырлады деп әкесі мен шешесін.

Қанаттанып көктеменің қазы алдан,

Жолдарына жетелесін жаз арман.

Екеуіңсіз тірі өлерім және рас,

Ажалдан да бұрын келген ажалдан!

ЫҚЫЛАС

Мұрат тұтып жүретін жыр мәзірін,

Жанымның жоралғысын сырбаз ұғын.

Үш есім жеке өзіңе үйлеседі:

Гүлсүлім – Гүлнаржаным – Гүлнәзігім!

Жаңғырып жақсылықтың жағасы үмбет,

Жаңбырдың жұпарындай жарасымды ек.

Жымиып жүретінсің, жарығым-ай,

Жындылау ноян мінез, нағашым деп.

Құлшынған қасиетке жастай құсым,

Талаптың тәңірісі ашқай мүсін.

Ат жалы – азаматтың абыройы,

Безбүйрек ұмытпайды бас қайғысын.

Ұштасып үміттерге сәтті үйлесім,

Аяулым, арман жылап, бақ күймесін.

Тағдырдың тағы менде тәсі бар ма,

Шанышты қабырғама қатты инесін.

Өңгеріп қанжығама сөздің месін,

Өкінтті өмірдегі өз білмесім.

Өрімтал сенің енді бойжеткенің,

Басыма мына менің боз кіргесін.

Жібермей естеліктің есебін кем,

Жігітпін әке көріп, шеше білген.

Ұяңнан ұшатының еске түсіп,

Тоқсан ой түрткілейді төсегімнен.

Табиғат тамылжыған нұрын беріп,

Қыз болдың кербезденген кұлын көрік.

Шашыңның иіскетіп тұр, садағам-ай,

Өзімнің баламнан да бұрын келіп.

САРАТАНДАҒЫ САЛТАНАТ

Түбіт көрпе төсегі,

Тал бесікке жат енді.

Жалғыздықтың кеселі

Жүдетті ғой әкеңді.

Тәтті қиял тербетті,

Жұпар жұтып жаным жас.

Соқыр Құдай бермепті,

Іні түгіл қарындас.

Жүрек бүгін жыр тілеп,

Еңсе жазды егіз үн.

Көк аспаным күркіреп,

Тасып кетті теңізім.

Суалмайды сыр біткен,

Құндақтағы ақ көкем.

Бұрын кешкен тірліктен,

Мына тірлік тәтті екен.

Сан салтанат сәулеті,

Сырға тартты қаншалық.

Қараша үйдің әулеті,

Тұрды әлемге ән салып.

Жәудіреді жақұт таң,

Табиғаттың жаны бай.

Әжең күлді бақыттан,

Басқа жұртты танымай!

Сәскедегі күн мүсін,

Кіп-кішкене кептерсің.

Жалғыз ұлдің тұңғышын

Атаң қалай жек көрсін?!

Анам сені көтерген,

Перзент емес, патша деп.

Жыламайсың жөпелдем,

Жаным, мұның жақсы әдет.

Қара жерде қарға аз ба,

Жалқау итке көрпе ауыр.

Арманы мол сарбазға

Жалғасады жол тәуір.

Таңғажайып тоқ күнде,

Өзіңе айтар бата-емім:

Гүлі болшы көптің де,

Ұлы болмай әкенің!

ВОЛОНТЕР ХАТ

Тізгіндеп ұстап қайғы атын,

Тағдырдан жедің көп таяқ.

Жазуға жеткен қайратың,

Шарапқа қойды жетпей-ақ.

Атымтай жаның ақ көңіл,

Жасамай жүр ме жиі есеп.

Сияқты саған «тәтті өмір»

Бүйірден шаққан бүйі-өсек.

Шуақтың шамы бір басқа,

Қарыған қаңтар – аязды ұқ.

Құрметтеп жүрген құрдас та,

Танытып кетер таяздық.

Жұлқысып өлер әр мықтың

Жақсылықтардың нарқы үшін.

Азаптан талай қарғыттың

Азамат тірлік танкысын.

Қиқулап көкте қаз үміт,

Кеңкелес сөздің көбі лаң.

Жүрек те кетер жазылып,

Жаулардың атқан оғынан.

Жайықта жаңбыр төккесін,

Келешек-қызға гүлді ұсын.

Жаныңнан ұшып кетпесін,

Ақжолтай арман – жыр құсың.

Қашанда кербез күй ақтар,

Кезектер келсін басқа сан.

Тұлпардан туған тұяқтар

Есек болмайды ешқашан!

КЕТТІМ-АУ АСПАНЫМА КӨТЕРІЛІП

Қыранның қамқорындай қолда түлеп,

Тәңірден сұрамадым жолға тілек.

Аласұрап жатқанда ауа жетпей,

Алыстан хат жіберді Молдахмет*.

Алты күн абыржытып дәрігерді,

Диюмен кеңкелестім кәміл енді.

Хат емес, қарлығаштай ұшып маған,

Азамат ағалардың жаны келді.

*Жазушы, сол кезде баспа редакторы

Молдахмет Қаназов

«Бәпектеп бозторғайын бауыр далаң,

Сергітсін сәулесімен сәуір-ғалам.

Дуалы тілектестік дертке дару,

Жігітке жақсы, әрине, ауырмаған!»

Жіктесем жанашыр мен жақынды әлбет,

Айтайын қай бірінің қақын дәлдеп.

Жылы сөз Жетісудан жетті жедел:

«Жайықта біздерге іні ақын бар», - деп.

Тәулікте тостаған су – таңдайға азық,

Малынды бұршақтарға маңдай жазық.

Ескермей жүреміз ғой ес бүтінде,

Жүрегі жақсылардың қандай нәзік!

Өмірдің аламаны ат үйреткен,

Ащы менен тұщыға татиды өткен.

Тірліктен табылады тоқсан іні,

Не табам ағасы жоқ ақиреттен?!

Жоқ десе ініңізден етер үміт,

Жүректі жұлмалайды төте бүлік.

Сәлемнен сынық қанат бүтінделіп,

Кеттім мен аспаныма көтеріліп.

ҚАРОЙДАҒЫ ТОЛҒАНЫС

Аяулы анаң – ақиқат та,

Атаң – кек!

Төрелердің тәтті қанын татам деп,

Бөрілермен бөрілерше белдескен,

Сен менен де бақыттысың,

Махамбет!

Төс етіңді майыстырып тас тірлік,

Қуаныш па? –

Көжектейін қашты ырғып.

Садақада сапырылысқан жұртыңа

Жаугерлікте бұйырмаған бас бірлік.

Заман деген

Заман емес – қари түн,

Бытырадай бөлініпті жан ұйқың.

Басың кетті,

Мынау мылқау даланың

Адамдыққа жеткізем деп «әр итін»...

О, Махамбет!

АЛМАТЫДАҒЫ АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Алатау төрідегі төре мүсін,

Бұрады Сізге деген бөлек ішім.

Жалғыз жіп екеумізді жалғастырды

Қазақтың қоңыр шекпен өлеңі үшін.

Жеткесін ұрпағына үні ғажап,

Жаттаймыз атамыздың жырын азат.

Қайғысы кішкене елдің күңірентіп,

Ұйқыдан ерте оянған ұлы қазақ!

Жарысқа жарамайды құр даңғаза ат,

Табылар іздегенге жырдан да азап.

Тар сынды төбесіне тақиясы,

Тарихтың көз алдында тұрған қазақ!

Тәңірі қалдырғасын тілекті ұмыт,

Жауласты білместікпен білек түріп.

Сенделген сенен кейін өлең жазып,

Сұмдық-ай, біздікі не жүректілік?!

Әзірге жібек емес, жырым – сәтен,

Ботаңның байқадың ба түрін шат өң?!

Тұлғаңа тағзым етпей тұра алмаспын,

Өнердің өріндегі бірінші әкем!

О, менің қасиетті қартым Абай,

Айтайын қағидамды қалтырамай:

Жайнаған жұлдыздарға көрік болып,

Тұрады мәңгілікке жарқырап Ай!

МОНОЛОГ

Тас атқандай табалап жаздың несін,

Қитұрқылық көңілдің қазды іргесін.

Сұғанақтай сұғынып сорың нешік,

Сәулесін жүрегімнің аз білгесін.

Бажайласаң байыпты сыр аңғарып,

Ұрдажық пенделерге ұран-қамыт.

Жыртық шапан шырайлы

Шындық үшін

Гильотина астына тұрам барып!

Е, бәтшағар, барлығын білуге асық,

Қателікке бұл күнде күлу – кәсіп.

Біздерде серіліктің салқыны бар,

Серіге сексенде де сұлу ғашық!

Ақын болдың – ақиқат әскерісің,

Дос көбейіп, жалғанда қас кемісін.

Алаяқтың ауылын алысқа апар,

Арамзаның аяма бас терісін!

Сұхбатыңнан сүрінбе, сырбаз ақын!

Зікірі зиянкестің – мыңға зақым.

Қасқырлары қырқысқан қу тірліктің

Көртышқаны тағы бар ін қазатын.

Жапырақты лайым сары күз деп,

Мен емес көктемеден көңіл үзбек.

...Ақын да – алақұйын камикадзе,

Жүретін өлімнен де өлім іздеп!

АНА ЖҮРЕГІ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Талғамай сияпат пен сый ырғасын,

Туғаннан туралыққа үйір басым.

Арнайы бұл аңызды баяндайын,

Қайнары қалың жырдың бұйырғасын.

Шырайдың шәркезденер шашып түрін,

Махаббат – баршамызға машықты ұғым.

Ертеде бір ананың жалғыз ұлы,

Айтыпты хас сұлуға ғашықтығын.

Отына сырттай жүріп күйетұғын,

Ғашығы дегдар екен ниеті құм.

Тапсырма берем депті нығызданып,

Ақиқат болса мені сүйетінің:

Көңілден жолданбайды қате кесім,

Махаббат бар ғашықты мәпелесін.

Жүрегін анашыңның жарып алып,

Сыйлыққа мына маған әкелесің.

Елестеп анасының бейнесі құт,

Жігітің күмілжіді күйде сұлық.

Жанары қарауытқан атқа мініп,

Алғандай қақ жүрекке ине сұғып.

Семсердің от жүзіндей сескендіріп,

Тарғыл ой мазалады төстен бүріп.

Қол жұмсау қасиетті анасына,

Не деген қатігездік, өшпенділік!

Жеткенде жолығатын кезекті күн,

Бизары безбендеді безеп тілін:

«Сумұрын сүмелектер қолым емес,

Дәлелдеп бере алмаған өжеттігін.

Құдайдың құрметтеген пендесі деп,

Келіпсің шынтағыңды кеңге шіреп.

Осындай осалдығың үшін жаулар,

Төбеңді ояды ғой он бес рет!

Басыңды алған екен матап мұрат,

Жолыңда шырғалаң мен шатақты ұнат.

Жиһанда батырлардың батырынан,

Анасын аямаған атақтырақ!

Уақытым бөлінбейді бос елеске,

Уәжіңді тосып едім кеше кеште.

Астына көйлегімнің кірген дұрыс,

Дүниеге шыққан жерің осы емес пе?!»

Көрмеген тәжікеге түк бөгеліп,

Сайқалдың сарбазынан күтті өрелік.

Атына қайта қонды ақымақ бала,

Көңілі дауалаған дітке келіп.

Жүр еді ана байғұс тезек теріп,

(Сұмдықты бұдан былай сөз етпелік).

Сайтанның табалаған мысы басып,

Қанжардың сабын қысты өжеттеніп.

Ызадан төңбекшісе жер ышқынып,

Килікті топалаңға тегіс түлік.

Аспанда сүрлеуінен ай адасты,

Кербез күн ұясына теріс кіріп.

Тамшысын жанарының төгіп тыныш,

Қарлығаш – құйтақандай ерікті құс.

Құдайдың құзырына құлап жетіп,

Хабарын жаманаттың беріпті-мыс.

Ашудан тауларды да татыр қылып,

Жасыны Жасағанның атылды нық!

Жауыз ұл орта жолда жан тапсырып,

Сұлуы сай астында жатыр бұғып.

Толғайтын тіршіліктің жырын үмбет,

Адамға ана болу – ұлы міндет.

Өлгенді мүсіркепті өлі жүрек:

«Бір жерің зақымдалды-ау, құлыным»,-деп.

Қонбаған шабыт құсы қайда дәйім,

Жеткіздік жыр тілінде жайды ағайын.

Перзенттен өлгенде де суымайтын,

Ананың ақ жүрегін айналайын!

Аңызды аңдағандар толқыр тегі,

Шілдеде жолаушыны шөл түртеді.

Әлемнің әсемдігі әйел дейміз,

Сол әйел шешеңді де өлтіртеді!

СЕРЕНАДА

Өрімтал ойларым, сыңсыған

Еш адам көрмеген отты ізде!

Күн демей,

Түн демей жұмысқа құлшынам,

График,

Режим

Жоқ бізде!

Шабытым, жасымнан жалт емген,

Жұртыма жаңбырлы жыр ұсын!

Шынығып шыққайсың

Жүрек – мартеннен

Қазақы өлеңім – құрышым.

Сапардың салмағы жоқ демен,

(Қажетсіз мұндайда өрт – ұран)

Кеземін теңізді,

Көкті өрен,

Сенімнің аэропортынан.

Қыздырар…

Суытар –

Өлеңім дәрі бұл,

Жанына жырпаздың әр күй тән.

Мен сені іздеймін,

Іздеуге тиіспін бәрібір,

Өзімдік галактикалы орбитам!

(“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы, 12-19 ақпан – Қ.Қ.)

БЕЛГІСІЗ СОЛДАТ БЕЙІТІНДЕ

Қайдансың,

Орынбор,

Оралданбысың...

Жиырма жыл жеті қатқа жоғалған мүсін.

Жиырма жыл!...

Сосын зеңбірек лафетімен,

Кіндікжұртқа от басып оралған құсым.

Оралданбысың?

Кімсің...

Құлан жонды қырлардың қыранысың ба,

Мұзбалақ тұмса таулардың шынарысың ба?

...Саяқ нөсерден сел-нөпір. Совет Одағы

Сәлемдеседі құрметпен бір арыс ұлға!

Белгісіз боздақ,

Беймәлім ер – атағың анық.

Ерлігің өшпес жалын ғой, –

Жатады жанып!

Тарлан генералдар тұлғаңа тәжім етеді,

Бозқырау басынан папағын алып...

Белгісіз боздақ,

Білмейміз ұлтыңды сенің,

(Мың сан сағыныш мүрдеңе – бір күнгі селін).

Хабарсыз кеткен қырғында жалғызым ба деп,

Торғай жүрегімде менің де бұлқынды Сенім?!

Сен – Жеңімпаз! Мәңгілік жеңген өлімнің нарқын.

(Ұмытпайды Отан от жүрек ер ұлдың даңқын)

Магадан,

Кушка,

Киевтен венок болып,

Ортақ перзенттің рухына өрілдің, халқым!

Мереке күні....

Мүрдеңді салюттармен бір өпкенде аспан

Мәртебең сенің ақын жанына жыр еккен дастан.

Жырлаймыз сені, жампоз ұл,

Өлгенде де

Қызыл алаң қасиетін жүрекпен басқан!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар