Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
М.Хамзақызы. Сіңілімнің сүйгені (хикая)...

19.07.2018 32901

М.Хамзақызы. Сіңілімнің сүйгені (хикая) 12+

М.Хамзақызы. Сіңілімнің сүйгені (хикая) - adebiportal.kz

Осы күнгі қыздарға түсінбеймін. Соның ішінде өзімнің туған сіңілім Ләйләға да түсінбей, күмәнмен қараймын. Оған таң қаламын. Аузын ашса көмекейі көрінетін аңқауым әрі аңғалым еді менің. Жанары жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп жанып тұратын. Ал қазір... Ғашықтық ғаламатын басынан өткергелі, сүйгенімен кездескелі оның өн бойынан бойжеткен атаулыға тән керемет қасиеттерді табудан қалдым. Баяғыда осы Ләйләмді мектебіне жетектеп апарушы ем. Ауылдың сотанақтарынан қызғыштай қорып, бір жерін түйгіштеп ауыртып қоймасын деп кешкісін жұмысымнан шыққан бойда класының қақ алдынан бағып тұрып, үйге алып кетемін. Үбектеп, қорғаштаумен жүремін.

Қою қара шашын шекесінен қақ айырып, екі жағына қамшының сабындай ғып өріп, дәу ақ, қызыл, көк бантиктермен үлбіретіп қоямын құлпыртып. Алты күн оқитын сабағына алты түрлі бантик тағып баратын көбелек құсап. Көздері еліктің лағындай мөлдіреген, қыр мұрынды, дөңгелек жүзді әдемі еді. Жыр жолдарындай «балауса қыз еді шашына ақ бантик байлаған». Қара шаңырағымнан ұзатылып кетсем де көзімнен таса етпеген, дүкенге түскен көйлектің тәуірін алдымен үстіне іліп, аузымнан тәтті дәмді жырып беріп өбектеп өсірген, бағып-қаққан Ләйләм еді. Әке-шешеміз шүкір, әлі күнге бар. Ауылдың бір түкпірінде қалт-құлт еткен қарт-кемпір болса да тұрып жатыр өз тірліктерімен. Қорадағы санаулы қой-ешкісін, мүйіздері қайқиған бұзаулы екі сиыр мен боталаған түйесін бағады. Менің соңымнан ерген інімнің қолында тұрады. Үйдегі үшеуміздің еркеміз, сүт кенжеміз осы Ләйлә. Өзі сәби шағынан қылықты, қызуқанды, қызақай қыз болып өсті. Үріп ауызға салғандай сүйкімді еді. Ақ мақтадай аппақ, екі ұрты томпиған, балбыраған бала еді. Былдырлап тілі де ерте шықты. Оның бақытты балалығын қайдан айтып жеткізейін. Әкем мен шешем бір жақтан, мен екінші жақтан, ағасы үшінші жақтан еркелеткенде Ләйләміз құстың балапанына ұқсаушы еді. Қос білегін сермелеп, аспанға ұша жаздайтын. Тек қанатының жоқтығы болмаса, бақытты балалықтың ұясына сыймай кетуші еді, шіркін. Сөйтіп, бәріміз Ай туып келе жатқандай алмадай албыраған бетіне қарап тамсанып, тамашалап өсірген Ләйләміз сағаттардың сырғуымен, минуттардың жылжуымен кенет төбесіндегі бантигін шешіп, қолаң шашын тізесінен төмен қоя берсін... Қыз біткен өте тез, жылдам есейеді екен ғой. Мен де сіңілім секілді сәнденіп, сыланып шыға келдім бе екенмін, әй қайдам. Сөйтіп, ауылда өскен балғын ару бір күні қара чемоданға көйлектерін салып, артынып-тартынып о шеті мен бұ шеті жоқ қаладан бір-ақ шықты.

Қазір қызғалдағы дархан дала төсінде жайқалған қырдың қызы емес ол. Жүзінен көктемнің лебі есіп тұратын жаны нәзік Ләйләм емес ол. Жаны да, тәні де жаралы жанға ұқсайды. Жанары емге күлімдеп, шуақ шашпайды. Бірде бақытты, бірде бақытсыз болып жүргені. Мұңайып, сарғайып сүйгенін тағатсыз күткені... Оның сүйгенін жақтырмаған соң «сал-сері немесе сері-пері» деп атаймын. Ал біздің қыз болса әлем тапырақ қылып сүйіктісінің есімін аузынан емге тастамайды ғой жынымды келтіріп.

– Әй, қарағым сол кісіні дәлдитуіңді қашан қоясың? Тәрбиені тайлаққа жықпай. Ол нағыз «сері-пері, қызқұмар шайтан», – дедім бір күні ашуланып.

– Неге? Неге бұлай дейсіз? Ол менің «Айқыным ғой, жаным ғой», – деді беті бүлк етпестен. Арқалап, допша домалатып өсірген кіп-кішкентай сіңілімнің сөзін қара. Есейді. Толысты. Өсті. Енді маған ұртын томпайтады, саған жігітім жақпас деп... дырдай еркекті, тіпті біреудің «жекеменшік», баяғыда «жекешеленген» ер азаматын «жаным» дейді шыбын жаны шырқырап!.. Ал, түсініп көр, бұл заманның қыздарын.

– Сол, сері-періңнің атын естуден шаршадым. Құлағымның құрышын қандырып біттің. Таңнан кешке дейін содан басқа айтатын түк әңгімең, сөзің жоқтай. Жауыр болдым. Басыңды дуалап алған ба, әлде миың айналып қалған ба? Неге соны әспеттей бересің? Ардақтай бересің? Өткізіп қойған саған несі бар? – деймін кейістік білдіріп. Мұндайда Ләйләнің бал жүзі қызғалдақтай қызарып кетеді. Менің ой түкпірімде не жатқанын, нені көздеп, нені меңзегенімді іштей түсіне қояды. Жылтыраған жанарының оты әп-сәтте семіп, баяулап, майы бітіп, өшіп бара жатқан шамның білтесіне ұқсайды. Сол сәтте көз алдыма ертеректе бала кезімде кешкісін бірүйлі ауыл түгел жағатын, әр үйдің терезесінен қылаң беріп тұратын білтесі бар майшам елестейді. Шешем сығырайған шамның жарығына қарап, майы көпке дейін таусылмауын тілейтін. Менің сіңілімнің де мөлдіреген екі көзі майы бірде семіп, бірде таусылып бара жатқан шамның жарығы секілді. Әлгі аузынан тастамайтын «сүйгені» ойдан-қырдан, іссапардан оралса ғана жарқырап жүреді. Араға он-он бес күн салып, тіпті айлап-апталап жоғалып кетсе торғайдай тамағынан ас-су өтпей, нәр татпайды. Не кереметі барын қайдам, Ләйләм оны өлердей сүйеді! Сорлы сіңілім оған шын ғашық! Онсыз өмірі қара көлеңке! Бітеу жол секілді. Менің түйсігім, сезімім зор. Сіңілімнің қыр соңынан қалмай, жабысқақша жабысып алған сері-періні іштей зерттеп, біліп болдым. Оның аспаннан тас құлап түссе де мыңқ етпейтін мінезін, сабырлы қалпын, сіңілім жайлы ойын зерделедім біраз. Әрине, сіңілімді иттің етінен жек көреді, сүймейді деуден аулақпын. Иә, ол да бауырымды ұнатады білем... Елжіреп қарап отырады біздің екі бөлмелі жатақханамыздың жұпынылау дастарханынан шәй ішкенде. Сіңілім байғұс жоқтан бар жасап, дәмнің бәрін алдына қойып бәйек болады. Сол келіп қалар деп қолына тиын-тебені түссе базарға қарай жүгіреді екі өкпесін қолына ұстап. Оған өзінше ыссы бәліш, ақ бөлке пісіреді. Өзі ішпесе де әуелі соған тосады тәтті тоқаштарын. Сонда әлгі сері-перісі ас үйдегі арқасы сынық, ағашы азып-тозған ескі отырғышқа кеудесін тіреп қойып шәй ішеді сорпадай сораптап. Қуықтай үйімізге келіп, емін-еркін кіріп-шығып жүрген ер азамат ретінде, еркек кіндік ретінде хал-жағдайымызды сұрауға да жарамайды. «Үйге не әкелейін. Сендерге не әперейін. Еттерің бар ма? Астықтарың жете ме?» демейді. Сары май мен тоқашқа сылқия тойып алып, қарнын сипалап өзінің жылы үйіне, төбесі күмбезбен қапталған, қабырғасына дейін алтын жалатқан құтты қонысына кетеді асығып. Айтпақшы, кейде көңілі бірленіп, сіңілімнің ыстық құшағынан маужырап оянғанда қалтасынан аз-мұздаған теңгелерін санап, шаққа шығарады. Онда да тым көп емес. Мұндай да сезімге мас болып, есін әзер жиған сіңілім «кішкене көбірек берсеңші, үстіме көйлек алайыншы» дейді даусы дірілдеп. Қабырғасы жұп-жұқа, аядай екі-ақ бөлмеден бәрін естіп отырамын қайтейін. Құлағымды мақтамен қашанғы бітейін. Ілкіде сіңіліме келіп-кетіп жүргенде ұялып сыртқа атып шығушы ем. Қазір оның бары мен жоғына көзім үйренді.

– Мен де ақша қайдан болсын. Жоқ боп тұр ғой... Қайдан аламын? Қатынымды, бала-шағамды шаққа асырап жүрсем. Ақша дейді ғой. Қыңқылдап сұрай бермеші пақыр адам құсап! – деп төбесінен оқтаумен ұрғандай қойып қалады. Сол сәтте айқайлап қасына жетіп келіп:

– Неге жоқ? Жоқ болса, жалғыз сіңілімнің басын неге қатырып жүрсің? Соқпа өтірігіңді! Шіріген байсың! Әне, шалбарыңның қалтасынан бір пәшке он мыңдық теңгең көрініп тұр,– деп айтқым-ақ келеді. Жұмған аузымды ашсам сіңіліме жағамын ба? Іштей қаным қайнап, өз-өзімнен бұрқылдаймын. Бауырымнан неге аяйсың? Оның уылжыған көркінен, жас денесінен нәр аласың. Оның ақ төсегінде мамықтай төсіне құлауға асығасың. Оны құшып-сүйіп құмарыңды қандырасың. Екеуің екі-үш сағат «сезім» атты құдіретті күштің рөлінде ойнайсыңдар. Бір-біріңді толықтырып, іштегі сағыныштарыңды сыртқа теуіп, мауықтарыңды басасыңдар. Аймалап, құшып-сүйіп, жаңа ғана ләззатқа бөленген, жан рахатына батқан сүйіктіңнен ақшаңды неге қызғанасың. Сіңілімнен бір минуттың ішінде не үшін теріс айналасың. Қойныңдағы тоқалыңнан теңгеңді неге аяйсың? Тоқалың екені өтірік пе, – деп жағасына жармасқым-ақ келеді. Әттең, баяғы сіңілім үшін сабырға иек артамын. Осыдан ашуымды сыртқа шығарсам, менің кесірімнен сал-серісі жоғалып кетсе бейшара бала іштей мүжіледі кеп... Жанын сүйектей кеміреді кеп... Күйеуі қара жер жастанғандай беймаза күй кешеді кеп... Шын махаббат, асау сезім дәл бұлай болар ма?! Махаббаттың машақатын сіңілім ғана түсінетін шығар.

Ал оның сезімін сыйлап, түсініп жатқан сал-сері жоқ. Сүйгенінің сықпыты анау?! Банкілерге уыстап тыққан ақшасын, дүние-байлығын, бақ-дәулетін молаға әкетіп жатқан кім бар дейсің. Біреулер бала-шағасына, немере-жиендеріне байлық жинайды. Мұра қалдырады. Ойбай-ау, ауыздарына шайнап-шайнап тыққан асты кері құспай, тереңірек жұтса жақсы. Қожайыны өлсе әйелі қалады бар шаруаны ұқсата алмай қожырап бір жақта. Баласы қашады депозиттегі пәшке-пәшке ақшаны долларға айырбастап шетел жаққа. Мол байлықты бөлісе алмай айлар жылжып, жылдар алға озғанша таласады кеп... Соттасады, ырылдасады. Иттесіп, ырду-дыру, опан-топаң болады. Боқ дүниеге бола қырғиқабақ танытып, бет жыртысады. Сөйтіп ақша мен байлық туғаныңды да, туысыңды да жат етеді. Сатады тірілей. Құса қылады. Меніңше, мол дүние қадірін біліп, аялаған адамға ғана қонады. Таутеке ғып жинаған ақшаңның адамды ажалдан арашалағанын көрмеппін, естімеппін. Жер бетін баса алмай кердеңдеп кеткен байларды ауырғанда, сырқаттанып қиналғанда ақшалары арашаласа қане?! Бұл өмірден суға батқан қайықтай кетіп жатқан жоқ па бәрі де «дүние бұлаңдаған қызыл түлкі» деп! Ал сен болсаң, сіңілімді сүйе тұра, ақша, ақша деп көк қағаздың жолында омақаса құлайсың. Байыған сайын соқыр тиын санап, қалтырауық болып барасың. Баяғының қарны қампиған, бұты талтайған көпестері секілді қатыгезсің, мейірімсізсің дегім-ақ келеді. Әттең, көкіректе сайрағаннан не пайда, құдай тілді байлап тұрса.

Міне, менің сіңілімнің де құлай сүйген, екі көзін тарс жұмып, өзінің тең құрбыларын, дос-жарандарын көрмей, есінен танып сүйген «сері-перісі» осындай жан. Шіріген байдың бірі, ақ сүйегі, көпесі, ақшаның көкесі біздің ұядай үйімізде жүр біраз жылдан бері. Маңдайымнан терім моншақтап еңбек етіп, тапқан нәпақамды буып-түйіп, тірнектеп, әлгі сал-серінің дәл өзінен сатып алған жатақханамның күндер өте келе оның демалып тұратын жайлы жеріне, мамықтай төсегіне айналарын қайдан білейін?! Жертөлесі іріп-шіріп жатқанмен өзіме бұйырған шағындау бөлмемді әктеп, сырлап, қабырғасына арзандау болса да гүл араласқан қағазды жапсырып, ішінің түтінін білдіртпей, сыртын жылтыратып қойған ем. Ал, осы титтей үйшіктен сіңілімнің сүйгені шыр айналып шықпайтын болды. Қусаң да, ұрсаң да кетер емес. Зіңгіттей дәу еркекті түйгіштеп-түйгіштеп сыртқа қалай шығарып жібересің. Әттең, бұлай істеуге дәрменім қайда? Туған бауырыммен сол үшін қырғи қабақ болған күндерім аз емес. Ләйләм бәрібір оған шаң жуытпайды. Үстіне шыбын қондырмайды. Ол бұл үйге арсалаңдап жетіп келсе, менің қаным қайнап басыма шабады. Тап осы бөлмелерді мен одан емес, ол менен сатып алғандай кейіп танытады. Соған бола жыным қайнайды. Шіреніп, біздің нақсүйенеріміз секілді. Келсе шығып болмайды, кетіп болмайды. Қонып қалуға да дүз жазбайды. Бірақ та қатынынан қорқады. Мен сорлы сіңілімнің сүйгені, яғни сал-серісі табалдырықтан аттаған бойда сыртқа беттеймін. Жазды күні масаға жем болып, қып-қызыл қанымды аямай сорғызып, бытықана біткенді көзіме кіргізіп, өзен жағалап, теректі сағалап сыртта жүремін. Ал, қысты күні ше? Сақылдаған сары аязда бір сағаттың өзі он сағатқа татиды мен үшін. Сіңілімнің сүйгеніне бәрібір. Оған екі дүние бірдей. Өзінен он бір мүшел кіші жанның қос анарын аймалап тар төсекте тебіседі кеп айызы қанғанша... Іштегі тері бұрқырап сыртына шыққанша... Екі беті бөтекедей балбырап, қызара бөртіп, көздері қу түлкідей қайнаңдап, ойнақшып, аш қасқырдай қутыңдап әдемі арудың ет-сүйегін тістелеп, құшырлана сүйгеніне мәз болады өзінше... Сіңілім үшін де өмірдегі ең қымбат, ең тәтті сәттер сол ғана шығар. Оның құшағына кірмек түгіл, көзіне көзі түйіссе-ақ шалқып-тасып, бұл өмірде тән мен жанның қызығына, бақытына өзі ғана малынып жүргендей күй кешеді. Сезімнің шырынын ішеді. Ол үнемі сүйгенімен табысып, көрісіп, өбісуді аңсап, қалап тұрады. Талай рет сан соқтырып кетсе де, көңілін қалдырса да қатыгез, мейірімсіз жанға деген ашуы жібек орамал кепкенше тарқай қояды. Сол сері-перінің қыз-қырқынның басын айналдырып алатындай қандай сиқыры бар екенін білмеймін. Оның мінезінің шамалы, адами қасиетінің төмен екенін біле тұра жүз пайыз кешіреді. Оңашада ешкімге ашылмайтын, сырлары шашылмайтын сіңілімнің жүзіне қан ойнап, екі езуіне күлкі үйіріледі. Оны көрсе қуанады балмұздақ жейтін баладай. Ал мен сорлы бауырымның бір сәттік әйел бақытына бола, қысты күні қымтанып киініп алып, үй жағалап жүргенім... Пәлендей араласатын достарым да көп емес. Жатақханада тұрып жатқан мені қалада көптен тұратын, үлде мен бүлдеге бөленген кербез құрбыларым онша менсінбейді. Төбемнен кекете күліп, миықтарынан менсінбей қарап тұрғаны. Өзім құсаған тұрмысы төмендеу бір кластасым бар нарықтың тұсында бала-шағасын арқалап ауылдан көшіп келген. Аты Қырмызы. Осы күні ойда-жоқта бара қалсам, ол да есігін еріне ашып, маңғазданып, жақтырмай қарайтын болыпты. Көп қабатты пәтеріндегі сыртқы есіктің бас бармағы сыятын тесігінен көздерін сығырайта қарап, күңкілдеп сөйлей жөнеледі ырылдауық ит құсап.

– І, кім болсын! Анау Алуа ғой. Ауылдан мен үшін көшіп келгендей, емешегі үзіліп тағы да келіп тұр. Қой, болмас ашайын. Ертең таныстарыма өсектеп жүрер, – деп іштегі өкпесін естірте айтып алып, есікті аңырайтып ашып қалады. Әр жақтан шуағын емес, ызғарын шашып қалады.

– Амансың ба? – деймін ұяттан өртене жаздап. – Кішкене жылынып шығайын деп... Ауылдан келді-кетті кім бар екен деп...

– Кім болушы еді осы қақаған қысты күні. Жұрттың бәрі сен құсап ерігіп, зерігіп жүр дейсің бе, жылы жерде шәйін ішіп, телебезірін қарап жатпай. Үсік шалса қайтесің? Ерігесің де жүресің, – деп тарпа бас салады өзіме.

– Үйде сіңлімнің қонақтары бар,– деймін кірерге тесік таппай.

– Өй, не қонақтық тағы бітпейтін. Сенбі, жексенбі болса үйлеріңнен кісі арылмайды екен. Аядай жатақхананың қай жеріне шақырасыңдар кісіні? Дұрыс қонақ па, әлде бұрыс қонақ па? Түнәукүні де дос қыздары келіп кетті деп ең. Осы суықта тағы келді ме? Боранды күні ит құтырады деп.

– Сіңілімнің жұмыстастары ғой.

– Ол қыз қайда істеуші еді? Сенен келген сайын сұраймын деп ұмытып кетем.

– Қазақтелекомда.

– Е, бәсе. Үйіңнен қонақ шықпауына қарағанда ақшасы көп мекемеде істейді екен ғой. Жалақысы тәуір шығар. Мына заманда адамға ең қажеттісі жалақы.

– Білмеймін. Қазбалап сұрамаймын ғой. Былай, алпыс-жетпіс бар шығар.

– І, ол аз ба? Жалғызбасты қызға жарайды.

– Айтпақшы, жасы нешеде сіңіліңнің?

– Отыздан кетті. Отыз үште секілді. Төртеуіне бара жатыр...

– Мәссаған! Біразға кеп қалған екен ғой. Күні кеше көз алдымда өскен бала еді. Әке-шешеңе де жібермей, өз балаңдай бақтың ғой ол қызды. Енді сені бақсын, сені асырасын.

– Қартайып тұрған жоқпын. Әзірге қолым аузыма жетеді қасықсыз да...

– Тіліңнің ұзыны-ай?! Кімге тартып сөз тапқыш болдың, а? Алды-артына қарамай шамданғыш, намысшыл адамдарды жек көремін. Әй, аузыңа қолың жетсе неғып отырсың омалып анау құйттай жатақхананың бөлмесінде. Жаңбыр жауса төбесінен су кетеді, күн жылынса қар ериді деп тап сол жатағыңды тілшілер телевезірден жамандайды да жатады жер-жебіріне жетіп.

– Мейлі. Жамандаса қайтейін. Көппен көрген ұлы той. Тек мен емес қой, тұрып жатқан онда. Жайлы пәтер жағын кім аңсамайды дейсің. Бірақ, қалта жағы қинап тұр. Жеткізер емес. Сол жатақхананы банктен несиемен алып едім. Бережағым әлі көп. Бітетін түрі жоқ.

– Сіңілің неге алмайды үйді? Сенің күшің жетпесе де оның күші жетеді ғой. Иә, тезірек тәуір күйеу тауып алсын асырайтын. Бір ретін шығармай, осылай мықшыңдап жүре бересің бе? Сіңіліңе достары келсе әркімді сағалап, ықтап...

– Өй, пәдрушка-ай, маған айтасың, өзіңнің тілің неткен ащы еді? Тіліңізге ота жасатпасаңыз, жұрттың бәрін бездіріп бітерсіз. Бүйтіп шағып сөйлесеңіз ендігәрі келмеймін мұнда.

– І, қиын болыпты. Сақылдаған сарышұнақ аязда сені сарсылып кім күтіп отыр деген... Келмесең атамның әр жағы. Дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп бетке айтқанды жақтырмайсың. Мына екі көзіммен ненің жақсы, ненің жаман екенін көріп тұрмын. Сосын да тілім қышып айтамын қарап отыра алмай. О, несі-ей! – деп Қырмызы құрбым басымның терісін сыпырып, қайтадан өзіме қаптап кигізіп қойды. Мен не дейін, ұртыма кәмпит тығып алған баладай үндемедім. Сәлден соң ревизор құсап, «тексеруін» қайта бастады.

– Сол жатақханада кімдер тұрады сендерден басқа?

– Білмеймін. Мен секілді ауылдан көшіп келген қарапайым адамдар, сосын жастар мен студенттер көп-ақ. Бірақ ешқайсысын танымаймын.

– І, меніңше ауқатты біреулер тұрып жатқан секілді.

– Оны қайдан білесіз? Кімді танып қалдыңыз? Оны неге сұрадыңыз?

– Анау, түсі жыланға ұқсайтын сұп-сұр джипті сол маңайдан жиі көремін. Кейде сол жатақханаға тұмсығын тіреп қойып, тапжылмастан тұрады.

«Ұрының арты қуыс» деген осы. Ал, енді керім болсаң Қырмызыдан құтылып көр! Қайдан ғана келгенімді бұл үйге. Терлеп-тепшіп кеттім деп сылтауратып, сытылып шығайын десем, сарышұнақ аязға бет-аузымды шымшытуға бергендей боламын. Ал енді кетпейін десем, Қырмызының жұмбақтап, сыр тартуы басталды. Енді қайттім?

– Менің білуімше, сол жатақхананы бір кәсіпкер сатып алған көрінеді. Қожайыны әлгі сұр джиптің иесі болып жүрмесін. Шіріген бай дейді оны бәрі. Сол жатақханаға күні түсіп, шаруасы тіреліп тұрған ештеңесі жоқ шығар. Күндердің күнінде орнын қиратып, бөлдөзірмен қырғызып жаңадан үй салатын есебі бар секілді көпқабатты. Онда құйттай шыдай тұр! Мүмкін, сіңіліңмен бірге сенің де бағың ашылар. Ол қыз да етегіне намаз оқып жүрмеген шығар. Көруге көз керек бала. Тым көрікті болып кетіпті соңғы кезде. Әлде жасанды кірпік қондырып, бетіне келілеп опа-далап жағып, бояумен көз алдап жүр ме екен. Әлгі байдың көзіне іліксе асығы алшасынан түсті дей бер. Жас қой, кім біледі... Қазіргінің ақшалы еркектері баяғының байларынан да мықты, ауқатты. Далаға киіз үй тігіп, тоқалдарын самсатып бір жерге жинап әуре болмайды. Ашықтан-ашық қыдырыстап жүре береді. Яғни, біреуімен күндіз, екіншісімен түнде дегендей. Үшінші жастауымен шетелге барып, төртіншісімен шипажайларда демалып, бәйбішесіне тоқсан сылтауды айтып, айына бір рет келіп-кетеді. Осы қалада кіммен – кімнің қыдырып, не істеп жүргенін мына менен сұра, сенбесең!

–Түу, Қырмызы-ай, аузыңа тыным болсашы? Манадан бір әңгіменің ұшын шығара алмай жұмбақтап отырсың, жұмбақтап отырсың. Сонымен, не айтпақ ойың бар? Ашып айтшы ішіңдегіні? Мен де білейін. Сосын тақпа-тақ жауабын берейін, – деп кіжіне қалдым шыдамым таусылған соң.

– Ойбүй, маған сенбесең, әне қара! Әлгі джип әлі тұр жатағыңның тап қасында тапжылмастан. Тіпті, оны осы айналадағының бәрі танып алыпты. Өзі толықтау келген, жазық маңдайлы, қабағы түсіңкі, орта жастағы еркек емес пе. Сырттай көргенім бар. Бұл жаққа кімді іздеп келетінін, не шаруамен жүретінін қайдан білейін. Өзінен сұрар едім жөнді танымаймын. Әлгінде шалым «вахтерлық жұмыс сұрасаңшы» деген. Баяғы жұрттан қысылдым. Ауылдан біреу-міреу саған келіп қалып, шалымды көздері шалып қалып... Масқара! Ұят емес пе? «Қырмызы қалаға қашып еді нарықтан қорқып. Шекесі шылқымапты. Алуа тұрып жатқан жатақхананы күзетіп отыр» десе қайтем. Қай бетімді шымшимын. Онсызда шымши-шымши беттен-бет, еттен-ет қалмады.

Қырмызының тап мұндай жылпыстығын, әңгімені алыстан орағытатын арамдығын бұрын білсемші. Сіңілімді де, өзімді де ұстап бергелі отырмын. Ол да тышқан аулаған мысық секілді. Көңіл-күйімді, бет-әлпетімнің құбылуын аңдып қояды. Алыстан болжаған жаман ойын жақтырмай, кетуге жиналдым сәлден соң. Қамшының ұшын маған қарай сілтегеніне қашанғы шыдайын. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп, бар сырымды ішке бүгіп отыра беремін бе? Онсызда бөтелкедегі тұра-тұра ашыған айрандай жарылып кетуім жақын. Қырмызының арам ойын, кекетіп-мұқатқанын, ішіме жыландай жалаңдап кіргісі келіп отырғанын сезіп, үйіме қайтуға жиналдым. «Кетпе, қазір ас саламын» дегеніне де қарамадым. Қиналып берген қара шәйін өңешімнен әзер өткізгенім жарар! Сөйтіп, қырық градус аязға лап қойдым. Үстімдегі қоянның терісінен тігілген жұқа тоным, аяғымдағы табаны жер жалаған қытайлық қара етігім шыдатпай барады қаңтардың қаһарлы күніне. Суыққа шыдас бермей, табанымнан өң бойыма дейін гуілдеп жел өтсін. Екі тізем қалтырап, көше жағалап басым ауған жаққа кетіп барамын. Біресе шағын саябаққа, біресе бетін мұз жапқан өзенге барып аялдаймын. Тоғайдың ығына тығылып, жанымды амалдаймын. Теректердің бұтағына ырыс боп қонғандай ақ ұлпа қарларды қызыға, құмарлана ұстаймын. Қолымдағы қолғаптың жылылығын сезген ақ ұлпа қарлар сәлден соң балмұздақтай ери береді, ери береді. Тура, өзімнің сіңіліме деген ашу-ызам секілді. Ол қызға ұзағырақ өкпелеп, ренжи алмаймын. «...Жіңішке жолы айынан тумады, сыңарын таппады, махаббаты кездеспеді» деп аяймын баяғы. Тағдырына мойынсұнамын. «Сүйгеніне» сенгіш көңілі мармелад кәмпиттей тез арада еріп, суып кетсе ғой... Өзеннің өңін жапқан мұз секілді көкпеңбек болып қатып-семіп қалса ғой... Әй, бірақ қайдам! Біздің қыздың оны үйден қуып шығуға дәрмені жетпейтін болар. Ал өзім ол еркекке тарпа бас салсам ше?! Қайдам?! Неге екенін білмеймін, сіңілімнің алдында иінім жуас. Сыртынан қанша кейісем де ауыр сөз айтуға бетімнен басамын. Сіңілімді сүйгеніне бола өкпелетуге дәрменім жетпейді. Мейлі ғой, өзіме керегі осы. Сіңілімді «ай – бауырымдап» аспанға шығардым. Бетінен қақпай, жел болып тимей өсірдім. Үлде мен бүлдеге орадым. Шолжаңдаттым. Еркелеттім. Сұрағанын әпердім. Ақшам жетпесе қырдағы әке-шешеме шиқылдаған жаман трактормен жетіп барып, ақша алып кететінмін. Байғұс әке-шешеміз біздер үшін айдалада мал бағып, қой-ешкісін сойып, етін бөшкеге тұздап, май-қаймағын құдыққа сақтап отырушы еді. Күзге таман бауырларымның киім-кешегіне, мектепке алатын кітап, дәптеріне деп ішпей-жемей, қасқырға талаптай бағып отырған ақ адал малдарын сататын. Одан түскен тиын-тебен біздің өңешімізден күнделікті ас-су, көржер болып қылқылдап өтетін. Қайран сол күндер! Бүгінде елес секілді. Бір кіндіктен жаралған үш бауырды жеткізіп, жетелеген әке-шешеден қазір хәл-қуат кетті. Мыңғырған малдары да сиреді. Адамның бақытты, ауқатты, мәнді де сәнді кездері шектеулі болады екен. Иә, айта берсем әңгіме көп. Кейде тіпті ызадан булығып жылағым келеді. Орманның арасына жасырынып айқайлап, өкінішімді жария еткім келеді. Сіңілім үшін не істемедім. Аузынан ақ майды ағыздым. Титтейінен бауырыма басып, еліктің ерке лағындай өз еркімен өсірдім. Ауылдың буы бұрқыраған моншасына да сүйремедім ыссы суға үсті күйіп қалар деп. Қыс болса пештің түбіне жез кәритәні әкеліп, ыстық отқа шелек-шелек су қайнатып үсті-басын кірден арылттым. Жазды күні пішен қораның ішінен монша жасадым. Оның қара түндей мақпал шашын, алмадай енді өсіп-пісіп, жетіліп келе жатқан қос анарын, құмырсқадай белін, талшыбықтай денесін, оқтаудай аяқтарын сырт көзден таса еттім. Өзімнен басқа жан баласының қолы тимеп еді нәзік әрі балбыраған денесіне. Сөйткен еркетайым әне, адасып барады... Үстінде қос қабатты үйі, қасында әйел-баласы бар, есейген, ақыл тоқтатқан елудегі еркекке құлын денесін сипатып, жайбарақат жатыр жатақхананың бір бөлмесінде. Күн сайын кеш батып, түн болса екеуі оқтын-оқтын бірге. «Үй артында кісі бар» демекші, менің жұрттан еститін өсегім анау! Қырмызыға да өкпелеуім қате. Оның не жазығы бар. Табиғатынан өсек-аяңға үйір, қауесетке жақын болып жаратылған әйел заты болған соң көріп-білгенін, естіп-түйгенін бөліскісі келеді де...

II

Міне, кеш те батты. Қой үйіме қайтайын деп, қалтырап-дірілдеп жатақханаға қарай аяңдадым. Қырмызының сөзі етім тұрмақ, сүйегімнен өтіп, жер қыла жаздады. Қараймын, айналадан әлгінің қайықтай дәу көлігі көрінбейді. Демек, кеткен шығар. Қашанғы отырады омалып. Түнәукүнгідей қонып қалмас бұл жолы. Іштей қаным қайнап, ашуым ішіме сыймай ішке кірдім. Жүзі аз күндік бақыттан бал-бұл жанған Ләйлә есікті айқара ашты. Өңі бұрынғыдан да жасарып, жанары нұр ойнап тұр. Үш-төрт сағаттан бері сыртта жүргенімді біледі. Сол үшін айыбын жуып-шаймақ. Алдымда құрдай жорғалап, ас бөлмеде шәй демдеп әлек.

– Апа, тоңып қалыпсың ғой. Мұрныңның ұшы тіптен қызарып кетіпті. Екі бетің ақшақар қыздай алаулап тұр. Келіңізші, шәй ішейік,– деп сіңілім асты-үстіме түсіп бәйек.

– Ләйлә, – дедім бұл жолы Қырмызының «жұмбақтап» не айтқысы келгенін жасырмай, ашық әңгімеге көшіп. Арамызда қандай өсек-аяңның желдей гуілдегенін, Қырмызы құрбымның нені меңзегенін бетіне басып...

– Апа, менің сезіміммен ойнамаңызшы?! Бұл өмірде сезімнің құдіретінен артық ештеңе жоқ. Қырмызы мұның бәрін қызғаныштан айтқан шығар,– деді «атакаға» дайындалып.

– Әй, қарағым, сезімдерің тулап, күш бермей жатса үй алғыз оған.?

– Қашанғы менің ұядай жатақханама тығыласыңдар? Жұрттың сендей қыздары ондай байларға құрдан-құр тоқал болып жүрген жоқ.

– Апа, мен махаббатымды сатпаймын. Одан ештеңе сұрамаймын. Дәметпеймін. Айқынның үйі емес, маған өзі керек, өзі!

– Жоқ, қателесесің. Саған өзі керек болса, маған оның ақшасы мен үйі керек. Оған тектен-текке бере қоятын зат емессің. Ертең көрінсін көзіме. Не қажеттің бәрін одан өзім сұраймын, өзім.

– Не деп? Саған не болды? Мұндай ғадетің жоқ еді ғой.

Болмаса, болады. Сен білесің бе, Қырмызының тағы не дегенін?

– Не десе, о десін. Мейлі. Үйінде отырып алып сол апайдың ойлап таппайтыны жоқ. Ылғи осы айналада жүреді жорта серуендеген болып...

– Е, бәсе! Сұр джип, сұр джип деп қоймап еді-ау? Мына жатақхананың қожайыны сенің «сүйгенің» екенін біліп қойған де... Мана әңгімесінен аңдығам. Сонда, өсекке шырмалып, жүре бересің бе осылай?

– Иә, жүре беремін. Несі бар екен жүре бермей. Қазір күйеуге тию мода емес. Түбі ажырасып кетесің. Қазір жастардың бәрі дүркіретіп той жасап қосылады, сосын бір-бірінен ығыр болып ажырасады.

– Онда заттарыңды жинап, бөлек пәтер жалдап тұр. Анау сал-серіңмен көзіме күйік болма! Қырмызының өсегі ендігі ауылға да жеткен шығар, масқара-ай!

Ләйләм тап осы сөзді менің өз аузымнан естігенде таңырқап, тосылып қалды. Он өліп, он тірілсе де мұндай сөзді әпкетайынан күтпесе керек.

– Шынымен айтып отырсың ба? Жарайды, қазір-ақ жиналайын,– деп сіңілім ашу шақырды.

– Жә, бүгінше қал... Кеш батқанда қайда барасың? Анау «сүйгеніңнің» көп қабатты коттеджіне бармасаң?!

– Қит етсе кет, кет дей бересің. Баратын жер табармын...

– Сері-періңе ескертіп қой, осы бастан. Үш қабаттың біреуінен бөлме дайындасын. Тек, бәйбішесі рұқсат берсе, – дедім қаным басыма одан сайын шауып. Өмірімде мұндай сөзді сіңіліме айтармын, оның тауын шағармын деп ойлап па едім. Орнынан ұшып түрегеліп, бақырып жылап ала жөнелді. Диванға етпетінен сұлқ құлап, өксіді кеп... Ара-арасында сүйгенін айтып ақталды.

– Әй, егер ол сені аяса, сыйласа, жағдайыңды жасасын. Пәтер әперсін. Талай тоқалды естіп, біліп жүрмін. Үстеріне қос-қостан үй, астарыңда мәшинә. Демек, сендей қыздар ол байекештің айналасында толып жатыр. Әйтпесе, саған неге қараспайды? Көріп жүр ғой қандай жерде тұрып жатқаныңды. Мұны да тап сол сүйгеніңнен сатып алдым пәлен қаққа бұлдатып. Әйтпесе, қазір пәтерден-пәтерге көшіп жүрер ек. Өзіңді оған неге сонша басындырасың? Қолында дүниесі болмаса бір жөн. Бар ғой, шіріген бай ғой. Ақшасын қайда шашарын білмей жүр. Сөйте тұра осы үйден шықпайды біреу басын ноқтамен байлап қойғандай. Ұялмай ма, төбесі түскелі тұрған, едені шұрық тесік бөлмеге келе беруге?! Осы жатақхананың қожайыны болып жөндеуде жүргізбейді. Екі көзі тасырайып жұрттан ақша жинайды. Құлқыны ашылып кеткен, оңбаған!

Апа, Айқынға тіл тигізбеңіз?!

Немене? Ол кім соншама, құдай ма?!

– Мен оны сүйемін. Егер оны көрмесем өлемін! Онсыз бұл өмір әдірем қалсын!

– Жарайды, солай-ақ болсын! Ал ол сені дәл өзіңдей сүйеме шырағым-ау? Осы сұрақты қойдың ба оған?!

Сүймесе келмес еді. Өзің айтқандай, құрт-құмырсқа жайлаған жатақханаға!

Тарақан өріп жүрсе де бұл жатақхана өзінікі ғой. Бірақ та бұл жердің жағдайымен санаспайды емге. Жағасы жайлауда. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» деуші еді. Ол саған ойнап-күлу үшін келеді. Біздей жоқ-жітіктерден қанағат алады білем. Жоқ-жітіктерді басынған ұнайды білем.

Апа, егер Айқыннан айырылсам, бұл өмірдің түк мағынасы жоқ. Жұмыс та, дос та, ештеңе қызық емес. Бұл қаладан басқа жаққа кетемін.

Бара ғой. Сені күтіп тұрса...

Сонда маған не дейсің? Неге байлана бересің?

Сүйгеніңді ұмыт! Оны таста! Дұрыс өмір баста! Біреудің байы – саған бай болып жарымайды! Оның өз отбасы, бала-шағасы бар. Ол да өзіңдей қыз бен ұлдың әкесі. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» қарағым! Оған ермек керек. Жас иісті аңсайды. Сен арқылы жасарады, бойына нәр алады. Ал сен... Болашағыңды күйтте. Отыздан асып, қырыққа кетіп барасың. Жөні түзу жігіт тауып, құрсақ көтер. Ұрпағыңды өсір. Қазірден қара басыңның қамын ойламасаң ертең соқа басың сопайып жалғыз қаласың. Жалғыздық жаман нәрсе.

Қойшы, осы. Құр ақылды үйе бермей. Бала өсіріп, келін түсіріп, немере сүйдің. Солар сені ұшпаққа ұшырды ма? Бәрін тастап жалғыз өзің қалаға көштің.

Еріккеннен осында жүр деймісің тиын санап. Ауылда жұмыс болмаған соң қайтейін. Немереме сағынғанда барып тұрамын. Жаз шықса өздері де келеді. Онда тұрған не бар? Жездең марқұм көзінің тірісінде бәрімізді асырап-бақты. Егер, ол тірі болса, мынау жаман жатақханада түнемес едім бір күнде...

Көзімнің жасы бұрқ ете қалды. Сіңілім шошып кетті. Ұшып түрегеліп, жауырынымнан қапсыра құшақтай алды. Бауыр деген осы ғой. Оның аялы алақаны күні бойы сарышұнақ аязда қатып семген денемді жібітіп сала берді. Аппақ қардай еріп кетті кек сақтап көрмеген жүрегім... Мені алдарқатып, жалынып жалбарынды сіңілім тағы да. «Апа, мен Айқынмен өте бақыттымын. Өмірдің барлық қиындығынан мені құтқаратын сол ғана. Ішіп-жегізбей-ақ, үлде мен бүлдеге орап, долларын бермей-ақ қойсын. Еңбек етіп, өзім табамын. Тек, тек мені тастамаса болғаны», – деп мұңайды Ләйләм менің.

Егер, көңілі суыса қайтесің? Сатқындық жасаса қайтесің?

Ол менен сырларын жасырмайды, апа. Әйелі білмейтін көп жайтты мен ғана білемін.

Нені байғұс?

Бұрын-соңды жүріп-тұрған әйелдері жөнінде.

«Қымызды кім ішпейді» деп ақталады екен ғой.

Иә. Бірақ, қанша қыз-келіншекке аяғы жүріп барса да өзіме қайтып келеді. «Басымды сен дуалап тастағансың баяғыда» деп айтып қояды.

Олай болса, жағдайыңды неге жасамайды? Осылай жаман жатақханада менімен бірге тұра бересің бе? Баяғыдай студент емессің. Мінекей, сенің де жеке өмірің басталды. Кіммен көңіл қоссаң да еркін білсін. Бірақ, сүйетіні шын болса, қимайтыны рас болса пәтерін әперсін, қамыңды күйттесін. Жеке басыңа қажетті дүниені сұрауға неге ұяласың?

Бәрін білем апа. Бірақ, айтуға бата алмаймын. Өзі түсінетін шығар. Күндердің күнінде көмектесер. Қайда асығамын?

Түсінікті. Демек, баспана сұрасаң, тастап кетеді деп қорқасың ғой, иә?

Жоқ. Одан ештеңе керек емес. Тек арамыз суымаса болғаны. Сағындырмай келіп-кетіп, көзіме көрініп жүрсе жарайды.

Есіл уақытым-ай, өліп жатқан. Егер ауқатты, бақ-дәулетті тұрсаң, бұл ойыңа келісер едім. Осы күні қалталы қыз-келіншектер денесі мығым, қайраты тасыған жас жігіттерді өздері іздеп табады. Ішіндіріп-киіндіріп, көлік әперіп, мейрамханаға шақырып, ақшаларын төлейді. Ауқаттандырып, асырайды. Ал сен әлі аяғыңнан тік тұрған жоқсың. Отыздан ассаң да титтей жалақыңа қарап, маған арқа сүйейсің. Өзің осы тірлігіңе ризасың ба, шыныңды айтшы?

Ризамын. Апа, ризамын. Байлық деген не ол? Қолдың кірі. Бәрінен қалады. Есесіне махаббат қана мәңгі өмір сүреді.

Міне, сіңілім Ләйла осындай. Мен үшін «сері-пері» атанған Айқын жайлы сөз бастасаң бой бермейді. Сөзіме құлақ аспайды. Өйткені сезімге мас. Көңілі құлпырған жас. Ертеңін ойламайды. Тереңге бойламайды. Ал, адамгершіліктен жұрдай «сүйгені» менің көңіліме қаяу түсіреді. Осы жайттар әр саққа, түрлі ойларға жетелейді. Осының бәрін тілім қышығаннан айтпаймын. Ләйләм «сүйгенімен» дәл осы жатақхананың алдында танысты. Кешкісін жұмыстан шаршап-шалдығып оралған сіңілім жатаққа кіргелі жатқанда сыртқы есікке екеуі қатар келіп қалды. Ойда-жоқта көздері түйісті. Жатақхананың ескі-құсқы ғимаратын сыпырып – сиырып жүріп бәрін байқадым.

Бұл маңайдан күзетшіні көрдіңіз бе, қарындас? – деді әлгі сұмырай сіңіліме.

Жоқ. Көрмедім. Бөлмесінде болмаса, – деп сіңілім жан-жағына қарады.

Көрінбейді. Қарындас, тоқтаңызшы? Сіз осында тұрасыз ба,– деп қыр соңынан қалмады қыңқылдап. Ол кезде Ләйләнің менің туған сіңілім екенін ол қайдан білсін.

Иә,– деді Ләйлә ойында түк жоқ.

- Нешінші қабатта?

- Үшінші.

- Жалдап тұрасыз ба, әлде сатып алдыңыз ба?

Мен емес, апам алған. Біреулер жекешелендіріп алып, кері сатқан көрінеді. «Жаңа қазақтар» ақша жасауды біледі екен,– деп жымиды біздің қыз тағы да.

І. Түсінікті. Апаңыз кім? Танитын шығармын.

Алуа.

Естуім бар. Ауылдан көшіп келді ғой, иә.

Бәрін біліп тұрып неге жорта сұрайсыз?

Жәй әншейін. Көршілерің тыныш па?

Тыныш.

Жалға алып тұрып жатқандар көп мұнда. Есікті кілттеп, сақ жүрмесеңіз.

Әзірге жамандық атаулы бола қойған жоқ.

Дегенмен ескертіп жатқаным ғой.

Рахмет, ағай.

Қарындас, жоғары қабатта бос бөлмелер бар еді. Сатып алғыңыз келмей ме?

Оны қайтемін?

Сонда осы жатақханада апаңмен тұрасың ба?

Иә дедім ғой жаңа ғана.

Сіңілім кібіртіктеп қалды. Екеуі қосарланып, бір-бірін баяғыдан білетін адамдардай жатақхананың кең дәлізінде саңқылдап сөйлесіп келе жатты. Жаңғырықтай жаңғырып тұратын ғимараттың ішінен бәрі анық естілді. Сіңілімнің «сүйгенімен» таныстығы дәл осылай басталды. Жорта істеді бәрін меніңше. Себебі, оған жатақхананың күзетшісі неменеге керек болды. Өзі бұл жердің қарауылшысы емес пе. Кірген- шыққан әдемі, ажарлы қыз – келіншектерді қоян аулағандай аңдып жүргені. Аңдаусызда сіңілімнің де осы жексұрынның құрығына түсіп қалғанына қазір қатты өкінемін. Енді, міне, қаншама жылдар өтті. «Үйшігіме» күшік құсап кіріп алып, емге шықпайды. Егер оған сіңілім ауадай қажет болса, «сал-серілік» құрғысы келсе бос жатқан бөлмелерге неге апармайды? Оңаша бөлмеде бірін-бірі бақытқа неге бөлемейді? Сүйгенінен несін аяйды? Біздің қыз оның қолындағы тоты құсындай болып отыр емес пе. Жылы төсекте ғана жүрегін неге жылытады? Сіңілім «сүйгеніне» қосылғалы заңды түрде күйеуге шығып, некесін қидыртып, отбасын құрап, қазақтың қарапайым келіні, отағасының сүйікті жары, әйелі болудан бас тартты. Желдей жүйткіп уақыт болса өтіп жатыр. Өз бақытын құрап, қосағымен қол ұстасып, жанұясын жылытып, шаңырағын шалқытса екен елдің қыз-келіншектері құсап. Өзіндей құрбылары баяғыда жар сүйді, торсықтай-торсықтай ұл баланы да, күміс қасықтай қыз баланы да туып алды. Ал, бұл сал-серінің ермегіне, ойыншығына айналып, қуыршағы болып әлі жүр, әлі жүр. Тым болмаса пайдасын тигізсе екен-ау. Шыбын жаны шырқырап жұмыс істесе де тапқанын жеткізе алмай, жұрт құсап қымбат көйлек киіп, иісі гүл аңқыған әтірді де жаға алмай жүргенін ол жақсы біледі. Сөйте тұра, сіңіліме көк тиын татырмайды. Бөлмемізден шықпайды. Тынығып, мызғып, ащы терін шығарып, екпінін басатын сауықтыру орны секілді оған. Кейде тоңып-шашырап келіп, ас үйге тығыламын. Екі жастың көзіне түсуге ұялып, баяғы сыртқа беттеймін. «Өзі ұялмаған, өзгенің бетін шиедей етеді» деген рас екен. Кейде сіңілім маған телефон соғып, оның жаңа бір әзірде үйіне кеткенін, әйелі іздеу салғанын айтады. Әлгі сал-серіде соңғы маркамен шыққан өте қымбат төрт ұялы телефон бар. Бешпетінің төс қалтасында, шалбарының екі қалтасында жіңішке, ұзын телефондардың томпиып тұрғаны. Ал, Ләйлә екеуміздің телефонымыз ойыншыққа ұқсайды. Балабақшадағы баланың ойыншық мәшинесі секілді құрттақандай. Мейлі ғой, ауылдағы бала-келіннен хабар-ошар алып, амандығын біліп тұрсам жарар. Интернет деген пәлеге жоламаймын. Жаңалықты айтып тұратын үйде бір қара теледидарым бар, қала берді, ауылдасым Қырмызы бар. Жұрттың бәріне бәсеке болған фейзбук, ватсап дегендерді жек көремін. Бетімдегі алты қарыс әжімдерімді түзеп, күзеп, өтіріктен тегістеп салып қоятын суреттерім шамалы. Оның үстіне алтыннан да артық уақытымды ұрлатып не жыным. Онсыз да сіңілімінің қамын ойлап жүргенімде, қол сағатымды біреу алға бұрап қойғандай, таң атады, кеш батады. Тықылдаған сағаттың тілі зырылдап алға жүйткіп жатыр, жүйткіп жатыр...

III

Сіңілімнің сүйгені, яғни сал-серісі, сері-перісі өте қызық адам. Кейде ұшты – күйлі жоқ болып кетеді. Ондайда Ләйләшім сүйіктісін дымы қалмай іздейді. Шарқ ұрған шағала секілді... Екі көзі телефонында, көңілі жатақхананың сыры ұшып, топсалары желініп біткен сыртқы есігінде. Құрбы қыздарымен серуендеп саябаққа барып, киноға кіріп, кафе жағалап кетпейді. Еркіндік дегенді сезінбейді. Тіпті, үйден зорлап шығара алмайсың.

Тағы да бәйбішесімен тау-тасты шарлап жүрген шығар,– деймін лажым бітіп.

Апа, аузыңа дұрыс сөз түспейді екен, – дейді Ләйлә ызаланып.

Онда неге хабарсыз кетеді? Жөн-жосығын айтпай ма? Демек сені сыйламайды. Сенен жасырған сұмдығы бар, ұрлығы бар. Турасын айтқанда басқа да «тоқалдары, аққулары» толып тұрған шығар,– деп қырсығамын.

Ол мені сүйеді. Бұл жолы айтуға ұмытып кеткен де... Звондап көріп едім, телефоны өшірулі тұр.

Алысқа жол жүрерде саған аяқтай келіп, есеп бергенін естімеппін. Қасыңа қонып шықса да жұмған аузын ашпай зытып кетеді. Осы әдетін жақтырмаймын.

Апа, Айқын ешуақытта саған ұнаған емес. Егер менің қолымды сұрап, үйленуге ниет білдірсе қайтер екенсің?! Теріс айналатын боларсың.

Жүрегінің жүні бар, нағыз батыл болса, көрелік. Әй, қайдам. Сен тұрмақ, әйел-баласына да есеп бермейтін желаяқ қой, ол! Қай қалаға кетсе де соңынан жүз қайтара телефон соғасың. Қыз басыңмен оны өзің іздейсің. Тәкаппарлық, намыс деген жоқ мүлдем. Былтыр көктемде ғой, тап осылай өзің іздедің кеп, іздедің кеп... Сонда ол саған Оңтүстіктің бір керемет шипажайында емделіп жатқанын әзер айтты бұлданып. Неткен беті қалың десеңші, бүлк етпейтін. Бір жаққа жол жүрер алдында, тыныштықты қалап демалатын кезде жасырынып, тығыла бастайды. Апырмай, өзіңді төсекте ғана қажет ететін еркекті тасташы, айналып кетейін. Құлың болайын. Қадіріңді білмейтін, сыйламайтын, отбасы, ошағы бар еркектен аулақ жүрші, құдай үшін! Өтінем сенен. Осы сал-серіге бола сені арқалап өсірдім бе? Аялап, үкінің балапанындай үлде мен бүлдеге орадым ба? Қол-аяғың денең балғадай қызсың. Қыз біткеннің көбінде жоқ көрік те, сымбат та бар өн бойыңда. Білімді де әпердік. Жұмысты да таптық. Осыдан артық саған не керек? Адам баласы өз-өзін сыйлап, бағаламаушы ма еді. Түсінсем бұйырмасын сені! Өзіңнен бәлен жас үлкен кісіге неге елжірей қалдың? Ол бос уақытында сенімен көңіл қосқанмен, жылдың төрт мезгілінде әйелімен, бала-шағасымен қыдырады. Ақылың осыған жетпей ме? Бар, үйге тығылмай. Жүріп қайт, бойыңды жазып қайт. Бәлки біреулердің көзіне түсерсің. Міне, тағы отырсың байы өлген әйелдей сарыуайымға салынып! Айдың аманында қайғыдан мұң жамылып! Кете берсін ұшты-күйлі жоғалып маған десе... Сүйгенің қай қиырға сіңсе де көңілім баяғыдай.

Апа, жетер енді! Сөйлей бермеші?!

Онда басың аман, бауырың бүтін кезде түнерме. Шүкір ет. Сабыр сақта. Көңіліңді алаңдат. Тоқыма тоқы. Кестеңді тік. Баяғыда кеудеме жылы тоқыма тоқушы ең. Оны да ұмыттың.

Ештеңеге зауқым жоқ.

Звондап мазалай берме. Қасында бәйбішесі жатқан шығар қолтығына тығылып. Санаторийға жалғыз кетті деймісің?

Айқынның телефоны енді ғана қосылды.Бәлки, хабарласып қалар...

Сүйінші сұрағандай, сіңілімнің даусы жарқын шықты.

– Қазір көтеретін болар... Мінекей, қоңырауым барып тұр. Алақай!

–?

Түу, ұстаса екен тезірек телефонын. Мүмкін көлігімен келе жатып... Мүмкін, даусын өшіріп қойды ма екен...

Ерегісіп үндемедім. Ләйләға айттың не, айтпадың не? Мыңғырына дыңғыр бармайды. Ішімнен тынып, теріс қарап төсегіме қисайып ем, кенет даусы саңқ ете қалды.

Алло, Айқын, сен қайдасың? Неге тым-тырыс қалдың? Бүгін де келмедің. Кеше де күттім, келмедің? Қайда жүрсің?

?

Не? Естілмейді. Қаттырақ айтшы?

?

Қалада емеспін. Мә, қашан кетіп үлгердің? Құстай ұшасың да жүресің? Маған ескертпей... Енді қашан келесің?

?

Жиырма шақты күннен соң... Өзің қызық екенсің. Тым болмаса ескертпедің бе? Әлгінде кездескенде демалысқа шығатын жоспарың жоқ еді ғой. Сені тағатсыздана күтіп жүрсем. Сені қатты сағындым.

Сіңілімнің ашық-жарқын даусы бәсеңси берді, бәсеңси берді. Ішімнен: «О, сорлы! Сүйгеніне құл болған пақыр! Қыз басымен қадірі қашқан жексұрын!» – деп жатырмын сидиған қара сандарымды алма-кезек көрпемнің астынан ұрғылап. Сенде намыс жоқ! – деп кіжінемін қатары сиреген қисық тістерімді қайшылап.

Келіп-кет дейсің бе?

Иә. Мені көргің келсе өзің кел.

Қалай? Ол жақ тым алыс қой... Әрі жұмыс.

Мейлің. Бір ретін тапсаңшы.

Ақшаны кімнен аламын. Кімнен сұраймын. Әмиянымдағы бар ақшам билетке де жетпейді.

Апаңнан сұра.

Апамда ақша жоқ. Жаңа ғана маған өкпелеп жатып қалды. Бара алмайтын шығармын. Мені көргің келетіні бар, неге билетімді әперіп, бірге ілестіріп кетпедің?

Уақытым болмады. Кетерімде шабыс көбейіп...

Өтірік айтасың. Апамның ренжуі орынды. Сен мені сүймейсің. Сүйсең, тым-тырыс барып жатып алмас едің ғой.

Бұрын-соңды санаторийда болып көрдің бе?

Жо-ға. Осы кезге дейін ешқайда барған емеспін. Емделмесем де, тынығып қайтқанға не жетсін!

Әрине. Демалыс деген жақсы ғой.

Айтпақшы, кіммен жатырсың? Әйелің қайда, қасыңда ма?

Түркияда. Немерелерді алып кеткен. Әлі бір ай болады ол жақта. Сосын Дубайға барады.

Ой, қандай бақытты! Екеуің екі жақта тынығасыңдар.

Бірге жүре берсек бір-бірімізден тез жеріп кетеміз ғой.

Неге?

Жалғыз мен ғана емес, ерлі – зайыптылар бір – бірін күнде көрген соң тез суып, тез безеді. Сосын ғой еркектердің көшеден әйел іздейтіні.

Сенің де шығармайтының жоқ екен. Жарайды, екеуіңнің қарым – қатынасыңда шаруам жоқ. Өзім Түркия мен Дубай түгіл, мына тұрған Алматыға да барып көрген емеспін. Қыдыруға ақшам жоқ.

Жұмыс істеп жүрсің ғой. Табысыңды қайда жұмсайсың?

«Қазақтелекомнан» алатын бір айлық еңбек ақым алпыс мың ғана. Оның да шетінен жымқырып ұстайды. Сонда қыдырыс бола ма? Біздерге ақша шақ келмейді ғой. Косметикамыз бар, басқа да шығындарымыз көп...

Е, солай дейсің.

А, айтпақшы, туған күнің жақындап қалды ғой. Не алып қояйын?

Білмеймін. Қол орамал немесе нәски.

Нәски?! Кәдімгі нәски ме?

Иә. Нәски шақ келмейді. Апам да алып қояды. Бірақ табаным жебір ме, тесіліп қала береді.

Басқа, басқа, нәскиге мұқтаж деп ойламаппын. «Байлар да жылайды» деген. Саған да қажет нәрселер болады екен-ау. Жарайды, алдағы айдың жалақысына бір қорап нәски алып қоярмын.

Сөйтші. Тоқалым екенің рас болса, киімдерімді түгендейтін уақытың болды.

Туу. Әзілің бітпейді екен осы сенің.

Жақсы әзірге. Сау болып тұр. Тағы да қоңырау шаламын ғой.

Ұялы телефонның құдіреті осы. Ән-сағатта қайда жүргенін тауып алды. Бірақ, сіңілімнің көңіл-күйі түсіп кетті. Жұмыстан келгелі нәр татпап еді. Қарны шұрылдап, аштан-аш жататын болды. Қанша ұрыссам да, қатты-қатты айтсам да туғаным ғой. Іштей аядым.

Амандығын естіп, білдің ғой. Бар енді айраныңды іш. Сосын жарықты өшір. Ұйықтайық, – дедім.

Ішпеймін. Тәбетім жоқ. Қазір жатамын, – деді күмілжіп.

Оның әйелімен жылына төрт-бес рет шетел шарлап кететінін жаңа біліп пе ең? Ғадеті емес пе бір жаққа шығарда тынышталып қалатын.

Кетсе мейлі. Жолы болсыншы. Тек, бұл жолы да жасырынып, айтпай кетті.

Айтса, сен балағына жармасасың. «Мен де барайыншы. Ел-жер көрген жоқ едім. Сенімен бірге шипажайда демалайыншы» деп мазасын аласың. Ол содан қашқақтайды. Жәй күндері көңілдес керек. Есепті сырттағы тоқалына емес, үйдегі туған әйеліне береді. Еркектің бәрі осындай. Манадан әңгімелеріңді естідім. Оның айтуы дұрыс. Бәйбішесі тұрғанда, тоқалдарының қайсы біріне есеп берсін.

Сонда, мен оған адам емеспін бе? Не үшін жүрмін уақытымды өткізіп?

Соны айтшы. Баяғыдан екеуіңе неліктен қарсы екенімді қазір түсінген шығарсың. Сен жәй ғана көңілдесісің. Көптің бірісің. Көңілдес деген сөздің мағынасын, астарын түсінетін кезің жетті.

Сіңілім үндемеді. Қос жанары ботадай жәудіреп төсегіне құлады. Оның көпшігін бетіне мыж-мыж ғып жыламсырап жатқанын сездім. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Баяғы ақылымды айтып таусылдым. Сөзіме құлағын түріп, тыңдап жатты ма, жоқ па, қайдан білейін.

Қыз деген атың бар. Әйел деген затың бар. Қадіріңді қашырып босқа... Сол сал – серің әйел атаулыны бағалап көрмеген шығар – ау. Өйткені, сүзеген бұқадай томсырайып, түксиген қабағы жаман. Түрі де келісіп тұрған жоқ. Түсі игіден түңілме деп көңіліңді алдарқатар едім. Бұл аздай жүрегі қатал. Тоқал бәйбішеден тәттірек болады деуші еді. Осы қалада бір үйдің астында тату – тәтті тұрып жатқан бәйбіше мен тоқалдарды білемін. Анау Қырмызы досым танысын – танымасын фейзбуктан көрген бәйбіше мен тоқалдарды блокнотына тізіп жазып алыпты. Оны не істейтінін қайдам. Айдаладағы біреулердің өмірін жидашы құсап зерттеуге ерінбейді. Менің іш-пікірімше, тоқалы түнде байының қолтығын иіскеп, қасында балқып ұйықтауға тиіс. Ал сен... Тоқалы деп, тоқалы да емессің. Қалаған уақытында езгілеп, арыңды таптап, қатын етеді. Бар көргенің осы ғана. Сонда оған жүзіқара көңілдес емей кімсің?! Оның шаруасы түгел. Пақыр тиынға жалданған малайлары өкпелері сырылдап күні бойы жұмысын істейді. Өзі жатақханаға кіріп-шығып, басқа да бизнестерін түгендейді. Шаруасы дөңгеленіп жүріп жатыр. Ақшасы керек пе, доллары керек пе аспаннан жауған моншақтай құйылып жатыр. Мен тап осы екі бөлмені тоқсан бесте сал-серіден сатып алдым. Сол кезде жатақхананы жекешелендіріп алған қожайын еді. Аты шыққан алғашқы байлардың бірі болатын. Ол кезде «сүйгенің» жап-жас, мұртын шиырып-шиырып саусағымен тарап қоятын шидай арық жігіт еді. Үйленген, екі баласы бар деп бәрі айтты сыртынан. Бірақ мінезі о бастан ұнамады. Өзінше тәкаппар, қатал – тұғын. Ғимараттың иесі болған соң комендант Ира кемпірден бастап кірген –шыққанның бәрін шиыратын. Шөгайттатып үлкен – кішіні зыр жүгіртетін. Ол кезде де бүгінгідей күйбең тірлік. Шылпылдатып ертелі-кеш еден жуамын. Белімнен бел, аяғымнан аяқ қалмайды. Бес қабатқа әрлі-берлі мініп – түсіп, күніне жүз қайтара тазалаймын. Сондағы алатыным он бес мың теңге ғана. Оны да уақытында беріп болмайды бұлдап. Садақа сұрағандай жалынып-жалбарынамын. Жеке меншік жатақханасы болғасын қожайын жұмыстан қай күні босатып тастайды деп қорқасың. Дұрыстықты көріп тұрсаң да айтуға аузың бармайды. Жүрегің дауаламайды. Бақандай отыз күн бойы он бес мың ақшаны бар қажетіме жеткіземін. Қара нан мен судан басқаға ауыспайды. Су, отын, жарықты төлеймін сүмеңдеп жүріп. Осылайша итшілеп күнелтіп жүргенімде сен де бойжеттің. Ауылдан мені сағалап келдің. Саған қалай ғана есігімді кілттеп қоямын, айтшы? Мектепте жақсы оқыдың сабағыңды. Соның пайдасы тиіп, колледжге түстің. Қылқиған қыз болып шыға келдің. Әп-әдемі басталып еді қыз ғұмырың. Танысып, уәде байласқан дос жігітің де болып еді. Бізге дегенде арба сынып, өгіз өліп, сиыр егіз туады, қайтейін. Айналаңдағы жігіт атаулыны менсінбей, аспанға қарап жүргеніңде қайдағы басы байлаулы еркекке тап келдің. Қарғаға таланғандай оған жем болдың. Біреуі мықыр, біреуінің аяғы талтақ, тиын санаған сараң, жалқау, жүргіш, өтірікші, арамтамақ, салақ, тершең деп шетінен таңдап жүріп, ақыры тазыға жолықтың. Қайдан ғана танысып, сөйлестің сол сері-перімен. Қайдан ғана көзіне түстің жыртқыштың! Күндердің күнінде көзімді бақырайтып қойып, сені де «жекеменшігіне» айналдыратынын білсем, бұл ғимараттың маңайына жоламас едім. Пәтер жалдасам да сені одан оқшау ұстауым керек еді. Енді бәрі кеш. Бетіңе қараған еркекке шырмауықтай шыр айналдың. Өзің де аңқаусың. Отбасы бар адамға сеніп қалғаныңа қайранмын. Әлде, түбі тап боларым осындай бір еркек кіндік деп жорта істедің бе, кім біледі. Қызым үйде, қылығы түзде деген осы. Сені анам ағаш бесікте тербетіп, әлди әнін шырқап, ақ сүт беріп өсіріп еді. Мәпелеп, аялап еді. Үмітін ақтамадың. Сол серімен танысқаныңа, кездескеніңе он жылдан астам уақыт өтіпті санап отырсам. Он бір жыл! Ендігі теңіңді тауып, дұрыс жігітке тисең ғой, шіркін. Балаларыңның ақ мамасы атанып, омырауыңнан ақуыз сүтті ағызып, әйел бақытын басыңнан өткеріп, қызық пен шаттыққа, қуаныш пен ырысқа кенеліп отырар едің. Әр баланың өз несібесін Алла береді дейтін. Әттең-ай, сол күнге қашан жетер екенсің.

Сіңілімнің бас жағында жатып алып, баяғының пластинкасы секілді зарымды илеймін кеп, илеймін кеп... Мені тыңдап жатыр ма, әлде жылап –жылап ұйықтап қалды ма. Бір сөзім болмаса, бір сөзім түйсігіне жетер деп ақылымды шағып айтудан кенде емеспін. Айпырмай, екеуіңнің бәтеңкенің бауындай байланып қалғандарыңды осы айналаның бәрі біледі. Қит етсе менің бетіме соғады. Сіңіліңді «қожайынға» саттың ба дейді. «Ол сұмырай осы жатақхананы иемденген бойда менің де қатыныма қырындап, қырып салған. Менімен ашықтан – ашық саудаласпақ ойы болған. Еркекпіз ғой, келісейік деген. Менің кемтарлығымды басынып, жанұямды бұзып, әйелімді пайдаланбақ ойы болды» деп күзетші жігіт те шошиды одан. Қатынқұмар екенін бәрі біледі. Ал сен, сен болсаң, ұсталдың да қалдың. Енді қайтіп «сүйгеніңнен» құтыласың, оны қалай жүрегіңнен өшіресің, ұмытасың. Бәрі бір Алланың қолында!

Жанымды жеп, кеудемді суырып ала жаздап, күбір-күбір сөйлеп отырмын, сөйлеп отырмын. Тасқа айттың не, қызға айттың не, бәрібір. Ұйықтап қалды-ау ас-су ішпей десем, көрпенің астына кіріп алып, әлгі сал-серіге ызғытып смс жазып жатыр. О, дүние-ай! Қыз біткеннің құны қашқан заман-ай! Өз бақытын бағалай білмеген, алтын басын сыйламаған сіңіліме тағы да қатты өкпеледім. Ашуландым. Қайран ғұмырым! Дәл қазір сіңілімдей отыздан енді ассам ғой. Шекесінен шертіп жүріп, таңдап-таңдап жүрегінде иманы бар жігітке шығып кетер едім. Былпиған – былпиған бөпелерімді алма-кезек бұрқыратып туар едім. Бойымдағы арам қаннан арылып, тұла – бойым ауру-сырқаудан жазылып, алпыс екі тамырым жас шыбықтай солқылдап, былқылдап, екі бетім ақ тауықтың қанындай албырап, әп-әдемі әйел болып отырар едім бақытты күй кешіп... Әттең, өмірімді ауылда титықтап жүріп, итшілеген тірлікпен өткізіп алыппын. Теңімді тауып жиырма бесімде күйеуге тидім. Жас ғұмыр тәтті түстей өте шықты. Қырмызыдай қырықтың қырқасына жете бергенімде сұм ажал арқа сүйер азаматымнан айырды. Аңырап жылап, соңғы сапарына ауыл болып шығарып салдық. Пенде біткеннің, тірі жанның барар жері қазулы көр ғой. Ажалдан кім қашып құтылған. Туғаным жалғыз ұл ғана. Ол да зіңгіттей жігіт болды. Шүкір әйтеуір. Қазір өзінің отбасы бар. Қара шаңыраққа келін түсірді. Қолымды ұзартпағанмен өз күндерін көріп, ауылдағы боз үйдің түтінін түтетіп тұрып жатыр. Бала мен келіннің қолында тұра берер ем. Жұмыстың жоқтығы жаныма батты. Намысыма тиді. Қара жұмыс болса да еңбек етуге етім үйренген еді. Мектептің еденін жуып жүріп, қысқартуға бірінші іліктім. Директор бір күні балдызын тықты да, маған боссың деді. Сыпырғыш ұстасам да топырлап кіріп шыққан балалардың шаңын сүртіп, балшығын жууға жарамағандай қысқарып қалдым. Енді менен не пайда, не қайыр? Оның үстіне уылжыған келінімнің ата-енесі тым ауқатты тұрады. Жағдайлары бізден тәуір. Құдай бере салған тәп-тәтті немеремді де қазір құда-құдағайым үлбіретіп, елжіретіп бағып отыр. Баламның да обалы нешік. Келінге болысып, қолынан келген бар шаруаны тыңдырып, нәпақасын тауып жүр. Біреуге жүк түсіріседі, біреуге отын жарып береді. Тыным таппайды. Үйдегі арамтамақ ақыры мен болдым. Құдағайым қазан көтерсе қызы үшін табақ-табақ етін әкеліп тастайды. Жұма сайын сары бауырсағын, ет қосылған бәлішін жылтыр ыдысқа салып жетіп келеді. Келініме немеремнің жөргегін жуысамын. Үй тірлігін атқарысып, қас-қабағына қараймын. Соқа басым состиып жұмыссыз қалған қандай қиын?! Содан жер кеуіп, жаз шыға қалаға кеттім. Таныстарыммен бірге базарды жағаладым. Сыпырғыш болса да сатысып күнімді көрдім. Алғашында өте қиын болды жағдайым. Жетіп келгенде ырду-дырдуы көп қалада кім не даярлап қойды дейсің. Саусағымды шайнап жұтардай өзегім үзіліп талай күн аш жүрдім. Көшеде ағып жатқан арықтың суына беті-қолымды жуып, бөтелкедегі ащы суды ішіп, жан сақтадым. Не нәрсені саудаламадым, құдай-ау. Саудагерлерге жалданып сабын да, киім де, қызанақ та, картоп та, сәбіз де саттық. Біреудің жертөлесінде үстімізден шұбаштың иісі сасып бәлен қатын бірге тұрдық. Айына он мың теңге кісі басына. Өліп-талып оны да таптық қой. Қасқыр орманға қарап ұлығанмен түк таппайды. Аяғымен із аңдып, алға жүрсе құлқынына бір кесек ет болса да ілігеді. Жаз бойы масаға шағылып, бытықанаға таланып, қыс бойы қалтырап-тоңып, құлқын тамақтың құлына айналдық. Қасымдағы ауылдас келіншектің екі өкпесінен жел гуілдеп, ауруханадан бір-ақ шықты. Сол кезде бала–келінім ауырып қаласың деп ауылға кері шақырған. Барғанда не табамын. Былдырлаған балдай немерем құдағайдың қасында. Ертеңмен кетіп, кешке ала дорбасын арқалап оралатын келін-баланың азғантай ауқатына ортақтасып отырамын ба. Намысым қайда?! Одан да «тәртібі қаталдау» қалада қала берейін, тиын-тебен жинап, жертөле болса да сатып алайын. Ауысқанын бала-келінге берейін деп шештім. Саудадан түскен азғантай ақшама пәтер жалдадым. Сөйтіп, осы жатақхананың екі кішкентай бөлмесіне қол жеткіздім. Сіңілімді торуылдап жүрген сері-перінің тым қатал, мейірімсіз, қайырымсыз адам екеніне көзім баяғыда жеткен соң, осы жатақхананы жалдамай, әупірімдеп сатып алғаныма қуандым. Себебі, ай сайынғы төлемақыны кешіктірсең бөлмеден тырқыратып қуып шығады. Желкесінен жеті түйіп талай қаракөз қандастарды жүгімен бесінші, төртінші, үшінші қабаттан лақтырғанын көзіммен көрдім. Ешкімді аямайды. Кісілігі шамалы, мінезі бірбеткей. Осындай қатыгез, мешкейдің сіңілімді сөзбен де, көзбен де алдап, қолына түсіргеніне қатты налимын, өкінемін. Қайдан ғана осы жатақханаға тап келдім деймін. Базарда сауда жасап жүргенімде сол жақ омырауымның асты сыздап ауырды. Зәрем ұшып, көзім төртбұрыштанып сала берді. Дәрігерден-дәрігерді тауысып, дәрі-дәрмекті қорабының түбіне дейін ішіп, жанымды аман алып қалдым аты жаман аурудан. Одан да су жылытып болса да жатақхананың еденін жуып, сыпырайын дедім. Табыс таппасам кім асырайды? Жата-жата жамбасым шіріп, аштан өлем ғой. Бөлмеме кіріп-шығып шәй ішсем де бүрсектемей төбесі жабық жерді жуып-шайып жүргім келді. Сөйтіп, бірқалыпты тірлікке етім үйрене бастағанда сіңілім келді ауылдан мектебін тәмамдап. Тұла бойы толысқан, бойжетіп, ойы өсіп қалған қыз баланы қайда жіберейін. Әктеп-сырлап, тазалап, күтіммен ұстап отырған шағындау бір бөлмені Ләйләға босатып бердім. Төбесі көгеріп, буланып кетсе де, күз бен қыс та терезесі мен есігінен жел аңқып тұрса да ауылдан мұндай ғимаратты көрмеген аңқау сіңіліме бұл жер ертегідегідей ұнап қалды. Тіпті, басқа пәтерге шыққысы келмеді. Соңынан балам келді ауылдан аздап сүрленген ет пен құйрық май алып. Есі кірген жігіт қой, менің тұрмысыма, сылап-сипалаған баспанама онша іші жыли қоймады. Басын шайқап-шайқап: «апа-ау, күнелтісің қиындап кетсе үйге қайт. Бізге масыл болмайсың. Құда-құдағайлардан несіне қысыласың. Олар әу бастан тұқымдарымен ауқатты жандар. Ал біз көрпемізге қарай көсілейік те. Олармен бәсекелесетін жағдайымыз жоқ қой. Дүние-байлық жағынан оқ бойы озық тұрса да иіндері жұмсақ, қарапайым, ашық-жарқын, қонақжай» деп қояды. Менің ешкімге күнімді түсірмеймін, бала-келініме салмақ салмаймын деген ойымды қайдан білсін. Ауылға қайтқанымды жөн санайды. Балам кеткен соң ақылға таразылап, әрі ойландым, бері ойландым, немеремді де сағындым. Бірақ әлдеқандай күш ту сыртымнан қапсыра құшақтап, ауылға қарай аяғымды қия бастырмады. Бәлки, бұл сіңілімнің тағдыры шығар. Бір адамның тағдыры айналасымен тығыз байланысты болады дейді. Осы қалаға тап Ләйлә үшін, оны анау «сүйгеніне» жолықтыру үшін келгендеймін. Өзімді кінәлі санаймын. Бұл маңдайына жазылған жазмыш па, тағдыр ма?.. Неге осы ғимараттан Ләйлә екеуміз тіркесіп, шықпай қойдық. Неге оған басқа пәтер жалдамадым. Колледжін бітіріп, жұмыс іздеп жүргенде өзім едім ақшаңды босқа рәсуә етпей, жина, ертең тойыңа қажет болады. Саған той жасайтын жағдайым жоқ қазір. Бір шәугім су ішсең де менің қолымнан батаңды алып, аттанарсың. Жат жерге ыдыс-аяғыңды түгендеп, төсек-орныңды бүтіндеп, келіннің жүгі келді деген атақпен барғаның дұрыс. Сондықтан асықпай-аптықпай, тапқан теңгелеріңді банкке сала бер. Он мың теңгеңе бір айда азғантай болса да пайыз қосылады деп едім. Сіңілімнің арман-мұраты, мақсаты мен қиялы аяқ астынан тап сол сал-серіге байланып қаларын қайдан білейін.

YI

Аспанмен таласқан Алатаудың бөктерінде бір айдай демалып, тынығып сіңілімнің «сүйгені» елге оралды. Ол келгенде алыстан құдайы қонақ келе жатқандай дүрлігіп бір басылдық. Көптен құлағым да, жаным да тынышталып, өз үйім – өлең төсегімде емін-еркін аунап-қунап, бостандықта жүргендей кіріп-шығып едім. Мен сорлыға тағы да тықыр таянды. Күндізгі сағат бір мен екінің арасында сіңілім жұмыстан түскі шәйға келіп, ауқаттанып отыр едік. Ұялы телефоны безілдеп сала берді. «Сағындым сені, сағындым еркем көкорай шалғын көктемде» деп әндеткенде жүрегің жібіп, баяғы кездегідей радиодан ән тыңдағандай еліте түседі екенсің. Ертеректе осы әнді атақты Ескендір Хасанғалиев жеке өзі шырқаушы еді. Қазіргі жастардың тілімен айтқанда хитқа айналып кетіпті. Соңғы кездері шашы желкесіне түскен, бет-әлпеті қытайлықтарға келіңкірейтін сығыр көз, қиғаш қас жігіттер орындап жүр. Жә, қойшы, сонымен түскіге келісі екі жүз елу теңге тұратын селедка балықты алып едім Ләйләш аузының дәмін алып, тәбетін ашсын деп. Әлгінде сүйгені үн-түнсіз демалысқа кеткелі, көзінен бұлбұлдай ұшқалы тұнжырап, қабағы түйіліп, ең асылын, гауһар тасын біржолата жоғалтқандай баз кешіп жүр ғой. Қылқаны көп болғанмен тілі дәм үйіретін балықтың майлы жерін аузына қарай апарып, саусағымен бірге сорпылдата сора бергенде звандауын айтам-ау. Хабарласатын уақытты тапқанын қарашы. Үстелдің бір шетінде тұрған телефонының әйнегіне «Жаным» деген сөз баттиып, атып шыққанда – ақ ішім жақтырмаған. Әлгі сұмырай екенін жазбай танып, алай-дүлей дауыл соғып өткендей болды көкірегімді. Сіңілім балықты қылқанымен бірге жұтып, қол жуатын жаққа асығыс-үсігіс жүгірді.

Қазір аламын. Апа, сен тиме. Қолым май-май,– деп қояды сал-серісі естіп тұрғандай. Содан қолын шала-шарпы жуып келген бойда телефонға жармасты.

Алло, жаным! Қайдасың? Қайдан хабарласып тұрсың? Келдің бе, не?

Иә. Қаладамын.

Ура! Алақай!

Сен қайдасың?

Үйдемін. Апаммен шәй ішіп отырмын.

Қашан кездесеміз?

Кешке жұмыстан шыққасын болар...

Қазір жұмысыңа апарып тастайын ба?

Уақытың болса, әрине.

Ендеше он минуттай күте тұр. Қазір шығамын.

Сіңілімнің жанары шарасынан шыға жаздады. Бір кесе қара шәйін тікесінен тұрып ұрттады да, айнаның алдына жетіп барды. Шашын түзеп, қасын керіп сыртқа беттеді. Менімен сөйлесіп, жөнін айтпады да. «Сүйгені» келді. Еркіндігім бітті. Кешке сүйретіліп екеуі осында келеді. Ол еркек болып, мейрамханаға шақырып, қонақ үйге апарып азаптанбас. Ақымақ сіңілім, аңқау бауырым махаббатқа тағы да мас болады енді. Айтқан тілді алмайды, сөзіме құлақ түрмейді. Сіңілімнің «сүйгеніне» қаным қайнап, ішкенім-іріңге, жегенім-желімге айналды. Тамағымнан өтпеген қылқан-қылқан балығымды кері ысырып, еденімді жууға жөнелдім. Жатақхананың қожайыны тіміскілеп шаң – тозаңды бармағының ұшымен сипап қарайды. Оның үстіне бес қабатты жатақхананың бұрыш-қуысын жүз рет жуып, ермек ете тұрмасам, амалым нешік. Сіңілімнің сері-перісі кешкі жетінің шамасында үйге жетіп келіп, шалқайып жатып алуы да мүмкін. Айға жуық жас тоқалын иіскемеген жетесіз бүгін қонып қалудан да түз жазбас.

Көзім алақтап, жан-жағыма бір, сағатыма бір қараумен жүргенде кеш түсті. Ләйлә мана шала-шарпы шәйін ішіп кеткеннен жұмысынан әлі қайта қоймады. Жатақхананың күзетшісімен өткен-кеткенді әңгімелеп, дәлізде біраз уақыт өткіздім. Шаршағаным соншалық, сүйретіліп бөлмеме келдім. Көзіме ұйқы тығылып, мазам қашты. Кірпіктерім айқасып, диваныма қисайып ем, мысық құсап пырылдап ұйықтап кетіппін. Кенет кілттің сылдырынан шошып ояндым. Әбден ығыр болыппын анау сал-серіден. Ләйләмен бірге кіріп келе жатыр екен деп орнымнан солдаттарша атып, қарғып тұрдым. Көздерімді тырнап аштым зорға. Уһ! Құдай сақтап, қасында сүйгені жоқ. Жалғыз өзі есіктен көңілдене кірді. Қолында титтей жұқа пакеті бар.

– Міне, қара, әтір әкелді! – деп қояды мәз болып балаша.

– І, маған не әкеліпті?

– Саған не әкелсін енді. Әкелсе де ұнатпайсың. Осыған да рахмет.

Рахмет дейді ғой. Айда-жылда әтір әпергеніне мәз болып. Жұрттың қыздары мұндай әтірдің он шақтысын сеуіп жүр үстеріне. Иіс май тұрмақ астарында тайота мен джип. Төбелерінде соңғы модамен салынған қызыл кірпішті керемет үй. Өзіңдей қыздар текке тоқал болмайды. Сен құсап байлармен су тегін жүрмейді.

Туу, апа. Тағы бастадың ба? Болды, мен кетем бұл үйден.

Қазір ме?

Иә.

Қайда барасың?

Табамын баратын жерді.

Ікі, табасың. Қонақ үйге төлейтін ақшаң жоқ. Пәтерің де бір түнге үш – төрт мың теңгеңді қағып алады. Қит етсе құр намыстанбай шыдамды бол. Ақылға жеңдір. Осының бәрін бостан-босқа айтып жүргенім жоқ. Сол сал-серіңді басыңа шығардың әбден.

Енді не істеймін? Апа, айтшы өзің?

Таста! Ұмыт! Бала-шағасы бар еркектен опа таппайсың.

Білем. Бірақ, оны сүйем. Егер Айқын болмаса бұл өмірдің еш парқы жоқ. Құны көк тиын.

Астапыралла! Сонда оның балағынан күшік құсап тартып, жармасып жүре бересің бе? Онда бала ту. Сәби сүйіп, аналық парызыңды атқар. Қыз бала ерге тиіп, әйел болып, ана атану үшін жаралды емес пе?

Айтып жүрмін.

Не деп?

Сенен бала сүйгім келеді деп...

Е, мұның дұрыс-ақ! Ол не дейді?

Аузымды қолымен жауып, сөйлетпейді. Үндеме дейді. Көп сөзді жақтырмайды.

Не үшін?

Білмеймін. Өсек айтпа. Тыңдағым келмейді деп күңкілдейді.

Қарай гөр, мінезінің шатағын.

Сөзіңді тыңдамайтын, өзіңді кісіге санамайтын еркектен не болашақ күтіп жүрсің? Аузыңды қолымен жабатындай сен оның құлысың ба жалданып жүрген, әлде пұлысың ба? О, несі бір.

Дұрыс айтасың апа. Кейде оны мінезіне бола иттің етінен жек көремін. Бірақ, оны өзімнен басқа қызға қимаймын. Қызғанамын. Оған деген ашуым да тез тарқайды.

Ал, оның ашуын байқап көрдің бе? Кекшіл емес пе?

Жоқ. Ол да кейде үнсіз қалады хабарласпай. Бір аптадан аспайды ашуы. Қалайда, мені осы қаланың бір шетінен іздеп тауып дегеніне көндіреді. Ашуымды тарқатады. Сосын арамызда түк реніш болмағандай сөйлесіп кетеміз. Бәрін ұмытып татуласамыз. Ол мені осылай жеңіп келе жатыр.

Түсінсем бұйырмасын.

Несін түсінбейсің, апа. Бұл нағыз махаббат қой!... Біз-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз. Айқын да осылай дейді. Былтыр өзіңнің де көзің жетті ғой осыған.

Нені айтасың? Көзімді не нәрсеге жеткіздіңдер?

Есіңде жоқ па, не. Былтыр жазда екеуміз үш ай араласпай кетіп едік қой. Екі жаққа бұрылып. Қайтып көріскен жоқпыз.

А, иә. Бір ай бойы көзіңнің жасын жаңбырдай төгіп, окопта опат болған күйеуіңнен қаралы қағаз алғандай күй кештің сонда. Баяғыда он сегіздегі шешелеріміз соғыс уақытында қалай жүрді екен шыдап? Біздің шешелеріміз нағыз жанкешті екен ғой.Махаббаттың құрбаны деп соларды айт.

Менің де басымнан дәл сол жағдай өткен. Айқын енді оралмайтындай, қайтып осы есікті қақпайтындай көрінген. Оны ұмытамын деп жұмысымдағы телефонист жігітпен киноға да бардым, клубқа да бардым. Қаланың шет жағына шығып, сенбі сайын таза ауада дастархан жайып, бой жаздық. Өзеннен балық та ауладық. Аңға да шықтық. Бірақ...

Не бірақ? «Албасты» жетіп келді дейсің арсалаңдап. Тым жақсы жігіттен босқа айырылып қалдың сол кезде.

Айқында құр жүрмеді. Мені ұмытуға асығып, белін бекем буды. Жұмысындағы бір келіншекпен қыдырыстады. Ол да сауық-сайран құрды. Біз бір-бірімізді аңдығандай сыртымыздан, тым алыстан көріп жүрдік. Бетпе-бет келмесек те кездесіп қалдық. Айқын мені іштей қызғанды телефонист жігіттен. Ол да күйеуінен ажырасқан, баласы бар келіншекпен қалған уақытын бірге өткізетін шығар деп күдерімді үздім. Өткен күннің ізін шорт кестім. Бірақ, шыдамы ұзаққа бармады. Ара-кідік телефон шалып, ақыры Айқынның өзіме қайтып келгенін жақсы білесің.

Сонда тәкаппарланып, қарамауың керек еді. Болмаса шаруаларыңды жіпке тізіп, келісімшартқа отыруың керек еді.

Не деп? Қандай келісімшарт?

Үй, ақша, шетелдік көлік жөнінде.

Байқаймын, соңғы кезде баққаның ақша болыпты. Тым құнығып кетіпсің. Ұят емес пе? Сүйген адамыма ақшаға сатыламын ба? Мен оны жан-тәніммен сүйемін ғой, апа. Неге түсінбейсің. Ылғи осы сөзің, ақша мен үйдің тақырыбы мезі қылып болды.

Байларға жем болмай, жарқырап өмір сүрсін дегенім ғой. Маған түк те керек емес. Осы тірлігіме ризамын. Бұл қу моладан сүйегім шықса, балам ауылға апарып көмер. Қойдың жасындай жасым қалғанда осырақ қоңыз құсап тырмалап дүние жинай алмаспын. Оны қай ақшама жинаймын. Ал сенің тым құрыса басыңда баспанаң да жоқ. Ертеңгі өміріңе алаңдаймын. Жарайды, машинаң болмаса, болмай-ақ қойсын. Қара темір бірде сынады. Өртенеді. Иесін жарты жолда аударып тастап, жұта салады. Машинаны өзім де жақтырмаймын. Төрт тегершігі сынбай жүріп–тұрса жақсы бәйгеге қосқан ат құсап. Ал сынса... Қарайған шығын. Оған май құйып, темір-терсек алғанша, үстіңе көйлек алып, тамағыңды ішкен дұрыс. Ал, баспана! Ол таптырмайтын дүние. Осы сасық жатақханада жүре бересің бе? Шіріген бай адаммен көңіл қосқаныңа мәз болып. Сал-серінің анда-санда бір-екі сағатқа қасыңа ұйықтағанына көңілің семіріп. Көңілдесі, тоқалы болғаныңа даңдайсып. Тіпті, саған айтар сөзім таусылды, шырағым. Сүйгеніңнен де, сенен де шаршадым әбден.

Түсіндім апа. Ертеңнен бастап пәтер іздеймін. Сенен шынымен ұят болды. Білем. Ол келген сайын өзімде қысылып, қымтырыламын. Енді не істейін. Қалада пәтер мәселесі ғой адамды қинайтын. Ауылда ғой, шіркін, тас қалап, сарай салып алуға болады. Қысты күні пешті жағып қойып, жып-жылы үйде жаның жай табады. Қала, қала дейміз–ау. Егер тұратын жерің болмаса қалада түк қызық жоқ. Даңғарадай қаладан өзіне тұрақты бір бұрыш таппай сеңделіп жүргенің. Біз секілді қанша адам қаңғып жүр пәтердің жоқтығынан. Әттең. Ақшам болса ғой. Кішкентайымнан бағып, өсірген еңбегіңе жер үй болса да сатып әперер ем. Өзіме коттедж салып алар едім даңғарадай етіп. Арманым көп-ау. Жете алмай жүрмін. Жеткізер емес.

Жалғыз өзің мына түріңмен қайтіп жетесің? Ол үшін үйі бар, жұмысы бар жігітке күйеуге шығу керек.

Болып тұр ма?

Анау жұмыстасың қайда? Онымен қайтадан тіл табыс. Ең болмаса азаматтық некеге тұрып бала туып ал.

Телефонистен бе? Күлкімді келтірмеші. Күні бойы ұсталбаларға жармасып, телефон жөндеуден қолы тимейді оның. Қызбен ісі жоқ.

Саған қырыңдады емес пе? Қалай ісі жоқ?

Қырындаса ше? Осы жатақхананың айналасынан Айқынды көріп қалып, сырт айналған өзі. Мейлі жүре берсін иығы салбырап. Менен артық қыз тапса көрермін.

Сөзің бар болсын. Ол жігіт тап қазір саған сырға салып, құда жібертсе, тиесің бе? Шыныңды айтшы тек?

Апа, сыртымнан ор қазғалы отырсың ба? Менен аулақ жүріңдер екеуің де. Бір қап алтын берсе де жоламаймын. Байсыз қалсам да оған тимеймін. Осы өмірім өзіме ұнайды. Күйеудің қажеті жоқ.

Жарайды. Өзің біл. Онда жүре бер жападан-жалғыз. Сері-пері саған неше күн серік болар дейсің. Мәңгі өмір сүрген ешкім жоқ. Бір күні ол да қартаяды. Кемпірінің қолына қарап қалады күні бір уыс болып. Қазір ғой күш-қуаты тасып тұрғанда әйелінің көзіне шөп салып, ойнап-күліп жүргені.

Мейлі. Айқын мені шын сүйеді. Түбі маған да қолынан келген барлық жақсылықты жасайды. Оған қызығатын қыз-келіншектер айналада толып тұр. Ол солардың біреуіне де қарамайды. Айқынның қолына су құюға олар жарамайды.

Жаңа айттың ғой, жас біреумен көңіл қосқанын. Соның өзі сатқындық! Сені сатып кетті.

Есесіне өзіме қайтып келді. Кімнің-кім екеніне көзі жетті әбден. Екеумізді салыстырған шығар. Менің сезімім жеңді бәрін. Әйтпесе, менен де жас сұлулармен қала берер еді ғой. Демек, ол тек мені сүйді. Мені ғана сүйеді.

Менің көп ештеңеге қызықпайтын мінезімді ұнатады. Еркектер ананы әпер, мынаны әкел деп көзі құртқа шабатын қатындарды ұнатпайды. Киіндіріп, ішкізіп – жегізсе де, тым қызақай, ашкөз әйелдерді жек көреді. Біздің жұмыстағы ағайлар кейде дүкеннен көйлек іздеп шықпайтын әйелдерін жамандап отырады. Ақшаның соры деп...

Сенің «сүйгеніңнің» бір сорты десеңші? Хе, хе, хе...

Күлкісі жоқ. Бір отбасы болса да әйелінен ақшасын тығып ұстайды. Жалақысының жартысын береді. Қалғанын сақтайды банкоматына. Керегінде суырып алады.

Алла сақтасын! Қазіргі адамдар не болып барады. Тыққан ақшасын сонда қайда жібереді? Карта ойнап, казиноға шаша ма, әлде көңілдесіне бере ме?

Мүмкін. Рәсуа ететін жерді табады ғой.

Сенің сері-періңнен тәуір жұрттың еркектері. Көңілдестерінің қамын күйттейді. Дұрыс қой. Жанын жай таптыратын тоқалынан нені аясын. Жұрттың бәрі екі аяғы аспаннан салбырап түскендей ашкөз, дым көрмеген, өмірі қолына ақша ұстамаған, жұртты жеп, қанап, күндердің күнінде қалтырауық байға айналған сері-пері дейсің бе?

Байғұсым, ұйықтай алмай жатқан шығар дөнбекшіп. Өзі де ұшаққа кешігем деп таңға дейін көз ілмепті сағатына қарап әлсін – әлсін. Сыртынан жамандап, құлағының етін жеп бітірдік – ау. Мына иіс суды қайдан әкелгенін. Сөмкемнен неге шығарып, көрсеткенімді? – деп Ләйлә француздық әтірді айнаның алдына дүңк еткізіп қоя салды.

Айтпақшы, сұрауға ұмытып кетіппін.

Нені? Тағы не мәселе қалды айтылмаған. Жатайықшы, шаршадым. Бүгінге осы талқылағанымыз да жетер.

Сені неге ертіп кетпепті санаторийға?

Шақырса да бара алмас едім. Жұмыстан жібере ме.

Онда неге үнсіз зытыпты? Жатып алып «келіп кет» деп телефон соғып. Еріккен неме. Жұрттың бәрін өзіндей көреді -ау, ұшаққа қарғып мініп, қарғып түсіп жүретін.

Мені сағынғаннан айтқан шығар.

Әйелі бар емес пе қасында? Әлде оны тастап кетіп пе?

Екеуі екі бөлек демалады ғой жыл сайын. Бұл жолы да әйелі Дубайға бөлек кетіпті.

Өзі айтты ма?

Иә. Айфонынан суреттерін көрсетті мана.

Мақтанған екен ғой. Бәсе, өз қатынынан ақша аямас! Сені бес – он мыңның иіс майымен алдап қойып, бәйбішесін доллар мен евроға көміп тастайды. Дұрыс қой. Балаларын туып берді. Ұрпағын өсіріп отыр. Қонақтыққа ертіп апарады. Үйге қалдырып кетпейді ит құсатып!

Осы сенің фантазияңды – ай, апа. Қайдағы жоқ нәрселер ойыңа қайдан келеді.

Елдің бәрі өзіңдей соқыр деймісің. Сен ғой, бәлен жылдан сүйгеніңе басың айналып, көрсоқыр боп қалған.

Соқыр емеспін. Көзім көреді бәрін де.

Бұл көз емес, бөз! Бөз! Көзіңді шел қаптаған. Көзіңе шегіртке шыққан.

Ызаға әбден булыққан Алуа қарсы алдында ұйқысы келіп маужырап отырған сіңілісі Ләйләнің қарақаттай екі көзін саусағының ұшымен сауысқандай шұқып, ойып ала жаздады.

Маған неге тиісе бересің, осы?

Ақымақ болған соң... Ішім күйініштен өртеніп барады, өртеніп. Үлде мен бүлдеге орамай-ақ қойсын, тым болмаса жағдайыңды жасап, қолтығыңнан демеп жүрсе екен. Қарлығаш қанатыңа су бүріксе екен. Шық бермес Шығайбайдың нақ өзі! Саған болсыншы демейді. Қолының ұшын созбайды. Өзіңе керек адамдарға, күні түсетіндерге ғана қарасады. Біздің қандай жерде, қандай күйде өмір сүріп жатқанымызды бес саусағындай біле тұра, мыңқ етпейді. Қайырымсыз! Сөйте тұра тап осы бөлмеден шықпайды. Жатақханасы болса мынау бұлдайтын! Қыс түссе есік-терезесінен жел гулейді. Терезенің жақтауынан кірген қар су болып ағады еденге. Мұздай қарды шүберекпен сығамын да жүремін. Көктем шықса ызыңдаған жел зәрені алады. Біреу үйге ысқырып кіріп келгендей естіледі. Ал, жазда? Құдай басқа бермесін. Монша көрмеген пақырдай үстімізді тырнап-тырнап, қотыр боламыз. Бір – біреуі бармақтай – бармақтай масалар шаққанда қаныңды сорып, етіңді шымшып, жаныңды сығады. Донорға да қаныңды ысырап етпейтін шығарсың бүйтіп?! Анау, бірінші қабаттың асты іріп- шіріп жатыр. Қырықаяғы керек пе, неше түрлі тарақандар шұбырып жүр қабырғаларға өрмелеп. Маса мен тарақанның жартысы бөлмеде жүр тайраңдап, маған қонаққа келгендей шұбырып. Осындай жатақхананың жартысын сатып, жартысын жалға беріп, сенің сал-серің жүр қатын – қалаштың қызығына батып. Қарайған халықтың ақшасын сорып отыр шаңсорғыш құсап. Ұялмайды–ау, ұялмайды. Төбеме тышып болды, оңбаған! Ал сен болсаң көзіме күйік болып, қатыны бар дырдай еркекпен емін – еркін қыдырып, тайраңдатып қойдың. Миыңның қақпағың ашып қарар ма едім, әттең. Баяғыдағы Ләйлә болсаң желкеңнен жеті түйіп айырып алар едім. Өсіп – өңдің. Құмда жатқан әке-шеше тұрмақ, менің тәртібіме көндігіп, бой беруден қалдың. «Ерлі – зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» демекші, сені «сүйгеніңнің» әйелі көріп қойса, төбеңнен бір ұрады жұдырықпен. Жапсырады жағыңнан шапалақпен. Шашыңды жұлып аузыңа салады. Өз қолымен қылғындырады.

Жалғыз мен емес апа, қыздардың бәрі осы күні қатыны бар еркектермен жүріп – тұрады. Тіпті, күйеуі бар әйелдерді де көріп жүрмін. Олар да екінші біреудің жасырын көңілдесі, сүйіктісі...

«Біреуге біреудің әйелі қыздай!» деген осы болды ғой. Азғын әрі азған заман-ай! Әркім бет – бетімен кеткен заман-ай!

Түсінбеймін, неге менің сүйгенімді жек көресің, апа? Одан не жамандық көрдің? Мынау, жатақханасын сатқаны үшін бе? Көппен көрген ұлы той деп жүре берсең қайтеді? Жалғыз біз емес қой мұнда тұрып жатқан.

Өй, ақымақ! Әңгімені қалайда басқа жаққа бұрып әкетуге дайын тұрасың. Жатақханасы бар болсын! Ылғалданған қабырғасы қирап, төбесі ортасына түссе көршілеріммен бірге көшермін басым ауған жаққа. Бұл шірік үйден де құтылармын. Мені қойшы. Баяғы сенің болашағыңды ойлап түн ұйқым төртке бөлінеді. Қазір жассың. Бетіңнің әрі мен нәрі бар. Ал, ертең?.. Менің жасыма келгенде не болар екен өмірің?! Отыз бен қырықтың арасында күйеуге тиіп, өзің үшін бір шарана туып алмасаң өмір бойы өксумен, өкінумен өтесің ғой қанатым-ау. Адам Ата мен Хауа Ана бізді о бастан әйел етіп жаратқан! Біз жар құшып, әйел, ана болу үшін жаралғанбыз. Қос анарыңнан қаймақтай қою ақ сүтті ағызып, бөпелеріңді емізіп, былдырлаған үнін тыңдап, аналық мейіріміңді сәбилеріңе сыйлап отырғаннан артық нендей бақыт, қандай құдірет керек, айтшы?! Айтшы, ана болудан асқан бақыт бар болса жер бетінде! Шіркін, жалғыз ұл өсірдім. Кейде неге деген сұрақ менің де көкейімде тұрады. Ауылда дұрыс доғдыр да жоқ. Екінші шаранам құрсағымда жатқанда қапыда айырылып қалдым.

Сиыр теуіп, өлтіріп алдым, балалықпен жүріп мән бермеппін деп айтатын едің ғой.. Сол бір оқиға қалай болды өзі?

Қалай болсын, кешкісін өрістен желіндері сыздап сиырлар келеді. Біздің үйде үш-ақ сауынды сиыр болатын. Соның ортаншысын жаз айының бір кешінде жайбарақат сауып жатыр едім. Кенет үстіне ызылдап қонған шыбынды құйрығымен қағып-қағып жіберді. Сирақтарын қимылдатқандай болды. Сәлден соң шыбынды қағамын деп шелегімді оң аяғымен бір тепті. «Тыныш тұр» деп ескертіп сауа түстім. Мүйізін шайқап-шайқап қоятын шалқақтау мал еді. Кешікпей бар екпінімен тепкенде ұшып түстім. Шелегім сүтімен ақтарылды. Сыртта жан баласы жоқ. Кіндігімнің тұсын қолыммен қыса ұстап, бүрісіп біраз жаттым. Есімді жинап, үйге қарай жүрдім еңбектеп. Бір жамандықтың боларын сезгем. Дереу күйеуім доғдырды ертіп келді. Бір мезетте төменгі жағымнан жып-жылы қан ақты сорғалап. Осылайша шаранам шетінеді. «Ауру қайдан деме» деген осы. Ажалдың жезтырнағы адамды сыртынан аңдып, бағып тұратын көрінеді. Сәл әлсіздік, дәрменсіздік, алаңғасарлық танытсаң, тырнағына іліп әкетеді. «Сақтаңсаң сақтармын» деп босқа айтпаған. Бірінші рет тепкенде орнымнан ұшып түрегеліп, бұзауды ноқтасынан босатып емізіп алуым керек еді. Баяғы бір қасық болса да сүтін сауып ішейін деп. Тесік тамақ кейде ештеңені ойлатпайды. Ақыры орта шелек сүт те ішілмеді. Бойыма біткен бала да бұйырмады. Бұл өмірдің бәрі де уақытша деп зар қақсайтыным содан ғой, Ләйләжан. Адамға өмірдің қызығы мен қуанышы, арайлы шақтары, әр сәті, әр минөті бір-ақ рет беріледі. Сенің де бақытты болуға хақың бар! Әлгі сүйгенің, яғни сал- серің сенімен әр күнін, санаулы сағатын тым тәуір өткізеді. Ішкені алдында, ішпегені артыңда. Шаруасы түгел. Төрт құбыласы тең. Дөңгеленіп айналып жатыр шар секілді өмірі. Ал сен болсаң... Не теңіңді таппайсың. Не күйеуге тимейсің. Сүйгеніңмен кездескеніңді «ұлы махаббатқа» теңейсің! Қайдағы махаббат?! Ол сені алдап жүр. Осылай алдай береді. Себебі, сендей басы бос, өзі әдемі, өзі жас, қарапайым отбасынан шыққан, қымбат дүниені, алтын сырға-сақинаны талап етпейтін қыздан айырылғысы келмейді. Әйтпесе, тәнін саудалайтын қыз-қырқын бұл қалада толып жүр. Балмұздақ әперіп те алдай салады ол сені.

Мүмкін емес! Ол мені сыйлайды. Сүйеді. Жаңа айттым ғой. Менен де жастауына барды. Жүріп-тұрды. Қыдырды. Бірақ, араға бірнеше айлар салып өзіме қайтып келді. Менсіз өмір сүре алмайтынына көзі жетті. Көп ақшаның буымен мырғамға батса да, той-думанда би билеп, ортада секіріп жүрсе де ол мені жоқтайды. Шалтты, бақытты көңілді сәттеріне тек мен, мына мен ғана жетпей тұрамын оның. Өзі де ылғи «Сен менің көз алдымда тұрасың да қоясың. Саған келмей жүрсем де миымның ішіндесің. Сені ұмыту мүмкін емес. Қыздарға да, әйелдерге де еркектігім жеңіп баруын барғаныммен, олардан құтылғанша асығамын. Олардың құрығынан босаған бойда өзіңе хабарласамын. Осындай ағаттығыма өкінемін. Өзімді кінәлаймын» дейді. Айқын маған ғана ашылып, шыны мен сырын жаяды. Егер сүймесе, бір сұлудан екінші сұлуға барып жүре берер еді ғой. Өзің айтқандай, қазір бетіне ота жасатып, артық майларынан арылып, етін тарттырып, кірпікті жапсырып, ернін дүрдиткен, омырауын өсірген шидай арық, әдемі қыздар көп. Бәрі бір-бірінен аумайды және.

Тағы да сүйгеніңді ақтап отырсың. Ал мен көзіме көрініп тұрған нәрсені ішіме бұға алмаймын. Ағаң құрысын, құрып кеткенде! Ол пәтшағарға қарғыс та майдай жағар.

Апа, үлкен басыңмен аузың барып, біреуді қалай қарғайсың, а?! Келінің ертең ұлыңды басынан төмен қарай қарғап, тілінің «біздей ұшын» тыққылап отырса жақсы ма?

Менің балама қарғыс жұқпайды.

Оны қайдан білесің?

Ол кіндіктен жалғыз. Кіндіктен жалғыз туылғандарға қарғысты оқтай боратсаң да түк болмайды.

Сенің білмейтінің жер астында шығар. Сонымен, не жасырғаның бар, айтшы? Көзіме тағы да шөп салды ма? Сіңіліңді сүйгені үшін жазғыра бердің-ау. Менің Айқынсыз өмірімнің айқын емесін, түк бақытты болмайтынымды, тіпті тыныс алғым келмейтінін біле тұра, айнытайын деп осының бәрін жорта жасайсың.

Сүйеді, күйеді деген бос сөзді қой. Ол сені сүй..ме...й...ді! Күндердің күнінде одан өзің жерисің. Ығыр боласың. Егер ол сені сүйсе, мейрамханаға неге апармайды? Жылына бір келетін жаңа жыл кешінде де тығылып үйде отырасың. Көктемде тағы сол... Қытайда жасалған кәкір-шүкір арзандау сыйлығына көңілің тойып, әйелдер мейрамында да менің қасыма ұйықтайсың мұрның пысылдап. Құрбыларың секілді алтын сырға, бриллиант көзі бар алқа дәметпейсің. Жұрттың көңілдестеріндей қутыңдап, жалмаңдап, жалаңдап тұрсаң ғой, шіркін! Ендігі екеуміз де байып шыға келер едік. Осы үйге күніне екі-үш кіріп шығатын сері-періңнің төсқалтасы ақшаға толы. Үстіндегі тері иісі сіңген ескі пошлатының бақыты бізден де бес елі. Өйткені, қалталары тірі ақшаға лықып тұр. Бірақ та сүйгеніңнен қымбаттау сыйлық сұрауға қорқасың. Айырылып қаламын, басқаға көз қырын салып қояды деп зәрең ұшады. Әрине, мына заманда уақытында күйеуге тимей, біреудің отағасына қылмыңдап жүрген қыз көп.

Бір айтқан сөзді қайталап неге айта бересің? Әлде, біреуге барып жүргенін көріп қойдың ба? Айқынды кінәлай бересің құр босқа. Ол маған адал. Әйелдерге барса-барсын, бірақ қасқырға таланған қошқардай қашып өзіме келеді. Жасырмай бәрін айтып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін де оны сүйемін! Сүйе беремін! Екеумізді өсек те, күншілдік те, қарғыс та айыра алмайды. Махаббатымыз қиындықтың бәрін жеңеді!

Жоқ, сіңілім. Қателесесің. Адамгершілік жеңеді. Кісілік жеңеді! Махаббат дегеннің өзі адами қасиеттерден құралады.

Қызық екен... Сонда, сезім қай тасада қалады? Сезімде жүрек жоқ па? Ғашықтық сезімін сездіріп тұратын көзімізді орамалмен байлап қоямыз ба соқыртеке ойнаған баладай. Айқын екеуміздің іңкәрлік сезімімізді мөлдіреген жанарымыз жария етпей ме, апатайым-ау? Өзің махаббат мәселесінен жұрдай екенсің ғой білмей жүрсем. Кезінде еден жуып жүрсең де, тиіп-қашып бала оқытқан деп кім айтады сені. Мұғалімдік білімің болмаса да біреулердің орнына қалып, оқушыларды тыныштандырып, комсоргтің көмекшісі, пионер вожатыйдың оң қолы болып, мектептің тірлігімен мидай араласқан едің ғой. Соңғы жылдары қалаға көшіп келіп, бар білгеніңнен айырылып қалыпсың. Баққаның ақша, ақша... Дүние қу түлкі, дүние жолдас болмайды, ақшаға құнықпа дейсің де «ойбай сері-періден ақша сұрамайсың» деп басымды қатырасың қақылдап! Мектепте жұмыс жасағандардың бәрі мұғалімдер секілді шыншыл, адал, өмірге жан-жақты, жанашыр, мейірімді болмаушы ма еді. Оларды көзқарасы бөлек, өмірге үлкен сезіммен қарайтын жандар деп жүрсем. Мұғалімдер де нағыз «әртістер» екен ғой?! Хе, хе, хе, хе... Сахнадағы әртіс жанымда жатыр екен ғой өсек айтып, өтірік күліп, сүйгеніме айдап салып... Сүйгенім үшін, кімді болса да сүйе білгенім үшін айыптап.

Жә, жетер енді. Доғар бос сөзді. Мектептің боғын жуып жүргесін жақсы адамдарға ұқсап бақтым. Қолұшымды созып, көмектестім. Ауылдағы жалғыз білім ошағынан бойымдағы қабілет-қарымымды аяған жоқпын. Сол мектептің арқасында ғаріп танып, сегіз кластық біліммен нан жеп, зейнеткерлікке шықтым. Сондықтан біліп қой, әртістің көкесі – мұғалімдер! Олар – шынайы әртістер! Әртіс сахнаға шығып алып жаттаған тақпақты оқиды, жаттаған қара сөзді жеткізеді көрерменге. Ал, мұғалім болса тақпақсыз да баланың психологиясын аңдып, бағады. Мысалы, мұғалім күніне бес класқа кіріп сабақ берді делік. Сол бес кластағы отыз оқушының алдында амалсыздан әртіс болуға тырысып, түрленеді. Бір оқушыға даусын көтеріп, жекіп ұрсады. Екінші оқушыға жорта жалпақтап, мақтау сөз айтады. Көтермелеп баға қояды. Түлкі де, сұмырай да, ақылды да, айлакер де, қатал да, ызақор да әрине, мұғалімдер! Мектепте мұғалімдердің қатарында жүргенімді сенен басқа қазір кім біледі? Титтей жалақы алсақ та намысымызды көрсетпей, әркімнің баласына ақыл айтып, жөнге салдық. Нарықтың кесірінен мінекей, ар-ұятты қапшыққа салып, ала дорба арқалап елден бездік. Осы қалаға келемін, базарда сауда істеймін, сал-серіден жатақхана аламын деп ойладым ба? Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жайтты бастан кешіп жатырмын. Ей, дүние-ай, бұл өмірдің тулаған толқындары қай жағаға апарып тастар екен бұдан әрі.

Қой, жатайық, шырағым. Мәссаған, түннің біруағы болыпты ғой тағы да. Сенің «сері-періңді» айтамыз деп таңның атуына төрт сағат қалыпты ғой, масқара-ай! Манадан бері рәсуә болған есіл сөзім! «Тыңдалмаса сөз жетім» деген осы екен-ау. Мына қыз құрылдап ұйықтап қалыпты. Бәсе, тынышталып қалып еді-ау.

Дәліздің жарығын өшіріп келіп, қатары сиреген кірпіктерімді айқастырдым. Қайткенде сіңілімді «сүйгенінен» құтқарамын, айнытамын деген ойым бүгінгі кеште де жүзеге аспады.

V

Кейде менің жынымды ас үйге ұя салғандай қырықаяқ тарақандар да құрыстырады. Онсыз да сіңіліме деген өкпем қара қазандай болып жүргенде, жертөледен сері-перісі әдейі жібергендей, бөлмемді жайлап кететін қызыл тарақандар жүйкемді тоздырып бітеді. Сазайын берейін деп көз алдымда тырбаңдап жүгіріп бара жатқан тарақандарды қуа жөнелемін. Осы жатақхананың «қожайыны» секілді арамқатқырлар еденнің шұрық-тесік жерлеріне қарай зып береді. Тарақан біткенді өлтіре алмай, ызаға булығамын. Күндіз тарақаннан ала алмаған өшімді кешкісін баяғы сіңілімнен аламын қабаған иттей балағына жармасып.

Толқындай тулаған қыз едің. Семіп біттің. Анау вампир қаныңды сорып жатыр. Бойыңдағы энергияңды, күш-қайратыңды вампирге беріп тауыстың. Екі беті бөтекедей былқылдап, шырайланып, семіріп алды сүйгенің. Сірә, жастардан жігер жинайды білем. Тақыр кедей болсаң да оның жанына майдай жағып тұрсың. Байыған үстіне байып алды. Оның мысынан мияулаған мысықтай басылып қалдың, – деймін қолымдағы қасық-шанышқымды қалшылдатып.

Тарақаннан ала алмаған өшіңді менен ала бастадың ба тағы да. Бөлмелерді улайық. Екі-үш күнге пәтер жалдап тұрайық. Біз келгенше қырылып қалады,– дейді Ләйләм лажы құрып, қайткенде маған жағынудың амалын ойлап. Өзегіне өксік тығылып, бетімді тағы тырнайды-ау деп қиналып отырған сіңілімді сол сәтте іштей аяймын. Әйтсе де туған бауырымның түкке тұрғысыз жаман еркекке көзкөре жем болып жүргені есіме түсіп, басымның қаны шапшып, жан-жағына шашырап қоя береді.

Жақында есіттім, анау семіз қара қыз бар еді ғой. Көрсең танисың. Осы жатақхананың үшінші қабатындағы отыз алтыншы бөлмесінде тұрады. Күйеуі жоқ. Жалғызбасты.

Иә, оған не болыпты?

Сері-пері соның бөлмесіне еврожөндеу жасап беріпті. Бәсе, бір айдан бері қабырғаларын тесіп, әйнөктерін ауыстырып, ала шаң етіп еді-ау жатақхананың астаң-кестеңін шығарып.

Оны саған кім айтты?

Күзетші айтты. Өз құлағыммен естідім.

Естігеніңді емес, көргеніңді айтсаңшы апа. Мүмкін қате ақпарат шығар. Бәлки жұмыстасы, туысқаны, құдашасы, таныс-тамыры, – деп Ләйлә сүйгенін жақтай жөнелді бұл жолы да.

Әй, қайдам. Тәуір қыздарға көзі түскіш қой. Сен жұмыста жүргенде осы жатақхананы біреу көшіріп әкетердей, өртеп жіберердей шапқылап келіп кетеді. Көңілдесінің бірі болып жүрсе қайтесің? Оның «тоқалы мен тәтті тоқашы» тек сен деп пе ең... Толып тұрған шығар.

Апа, шаршадым. Сенің әр сөзің жүрегімді шаншытып болды.

І, бәсе. Саған бір ауыз сөз айтуға болмас.

Сен күніне жүз ауыз сөз айтасың. Таңертеңнен кешке дейін ермегің біз екеуміз. Бізді айтпасаң ішің пысатындай. Айқын да құрсын. Бәрі де құрсын. Кетемін.

Қайда?

Басым ауған жаққа!

Басың ауған жақтан не іздейсің? Одан да болашағы дұрыс қалаға бар. Әуелі ол жақтан жұмыс тап. Интернет арқылы жұрттар өмірбаянын жіберіп, жұмысқа оп-оңай кіретін көрінеді ғой.

Жарайды. Солай істеймін. Ал, енді тамағымызды тыныш отырып ішейікші.

Іш, іше бер. Тапталған намысыңды қайтадан тірілтуге асыққаным үшін кінәлімін бе, Ләйләжан. Кірлеген көйлек құсап, итаяқтағы қалдық ас құсап қашанғы жүресің ол сұмырайға тапталып. Арам неме.Байлығы басына бұйырмағыр.

Апа, өтінем, қарғамашы Айқынды. Өзімізге бұл қарғыс қайтып келсе қайтеміз?!

Келмейді! Қорықпай-ақ қой! Әр адамның шеттен шыққан кесірлі істеріне қарай нәлет айтып отырған атам қазақ. Оған біреудің он екі де бір гүлі ашылмаған ақ маралын таптап, арын тапта деген ешкім жоқ.

Мен ешкімге тапталған жоқпын. Бәріне өзім кінәлімін. Айқынды шектен тыс сүйдім. Таудан аққан бұлақтай асып-тасқан сезімімді тоқтата алмадым. Ол да солай... Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма? Рас, арамызда өкпе-реніштер болады да қояды. Қара мысық өтіп кетеді аңдаусызда. Сенде соңғы кезде туған апам, жанашыр бауырым емес, хас дұшпаным секілдісің. Арамызға қот-қоттап, от саласың да отырасың. Ол еркек болғандықтан еркектігін жасайды. Ал, мен әйел баласымын. Нәзікпін. Кешірімдімін. Бет жыртыспасақ та іштей ренжіп, өкпелеп, теріс айналамыз. Кешікпей қайтадан татуласамыз. Оны өзің де жақсы білесің. Біздің әр тірлігімізге өзің ғана куәсің. Ренжіскен сәттеріміздің ең ұзақтау мерзімі он, он бес күн ғана. Одан әріге шыдай алмаймыз. Мұңаямыз, уайым жейміз, сары күздей сарғайып сағынамыз. Сосын жыл құсындай жадырап қауышамыз. Бір жақсы қасиетім – оны жүз пайыз сүйіп тұрсам да қыз басыммен телефон соғып, орынсыз қызғанып, сыртынан аңдып көрмеппін. Тіпті екі-үш айға жуық араласпай кеткен уақытта да мені алдымен өзі іздеді. Жағдайымды сұрады. Көңілімді алдарқатып, ашуымның қаһарлы қыстай қатулы қалың мұздарын ерітті, жібітті. Оның осы қасиеттерін неге бағаламайсың? Үнемі жаман ғадет көрсетіп жүрмеген шығар. Адам баласы болған соң пенделікпен шатысатын болар. Бірақ та ол сен ойлағандай тым жаман кісі емес. Сен жек көретіндей тым астамшыл, қатыгез, ақылсыз емес. Сені де түсінемін. Тірнектеп тиын-тебен жинап, қартайғанда сатып алған жатақханаңнан шықпайды деп өкпелейтін боларсың бізге. Егер өзім ыңғай танытпасам, мұнда аяғын аттап баспайды ол. Көп кешікпей бұл мәселе де шешілер. Тек Айқынды тым қатты сөге көрмеші. Қарғамашы. Құлағымның құрышын қандырып, қанша рет жамандасаң да, айнытуға тырыссаң да бізді бәрібір Алла тағала айырмайды. Айырса, осыдан бес-он жыл бұрын айырар еді ғой. Біз түбі бірге боламыз. Құдайдың өзі қосады екеумізді. Сеңбесең, осы сөзімді сынап көр. Қол ұстасып бірге ұзақ өмір сүреміз. Бақытты отбасы болып, шаңырағымызды шалқытып отырамыз. «Құй сен, құй сенбе!» Сабырлы адамдарға Алланың өзі үйіп-төгіп береді. Менің шыдамдылығымды ол түбі түсінеді. Осы қасиетімді жоғары бағаламаса, әкел қолыңды.

Қосыламыз дейсің бе, әйелін қайда жібересіңдер?

Ол кісінің бұл қалада тұрып жатқаны шамалы. Екі күннің бірінде шетелде жүреді қыдырыстап. Балаларына кетеді демалуға. Немерелерін бағады. Тек атағы ғана. Айқын ылғи жалғыз қалады үйінде.

Онда саған үйленсін тездетіп. Тоқал етіп алсын. Некеге тіркесін екінші әйелім деп. Сол сұмыраймен кездесетініңді көріп, біліп, еш жігіт жоламай қойды қасыңа. Тіпті, мынау аппақ иығыңа еркек шыбын да қонбайтын болды хе, хе, хе...

Күлкімді келтірмеші. Айтқышсың-ау, өзің де... Айқынның мәселесін майшаммен қарап болып, енді шыбындарды кінәлауға көштің бе? Оның еркек немесе ұрғашы екенін қайдан біліп қойдың?

Ызылдап ұшқанынан білемін. Саған ызыңдамайтын, қанатынан қақсаң жалп етіп құлап түсетін қара шыбын да жоламайды көк шыбын түгіл.

Түу апа, болды енді. Осы мен туралы детектив жазатын шығарсың мына түріңмен.

Сенің өмірің кімге таңсық дейсің? Жаным ашығаннан шығады ащы даусым. Ешбір жігіт саусағыңнан ұстап көрмеп еді. Ақ мақтадай аппақ едің, адал едің, пәк едің. «Қара қошқар» бүйіріңнен бір сүзді де абыройыңды тас-талқан етті. Қырдағы өсіп тұрған қызғалдақты иіскеп-иіскеп, қураған сайын тамырынан жұлып лақтыра берді, лақтыра берді. Оның опасыздығына көндің. Ал, ол...

Болды енді! Пайдасыз сөзіңді сағат сайын тыңдай-тыңдай басым ауырды. Бүгін осы үйге соңғы рет қонамын. Ертеңмен жұмысқа кеткеннен қайтып оралмаймын. Айқын осы қаланың бір бұрышынан түнейтін үй тауып берер.

Мейлің. Сені көрсем, сал-серің ойымнан кетпейді. Соған өкпелесем көзім қарауытып, басым айналып, жүрегім айниды. Оған айта алмаған ойларымды, ақтара алмаған ағыл-тегіл ашуымды, өкпе-ренішімді, өшімді сенен алмағанда кімнен аламын, енді?!

Батылың жетсе Айқынның бетіне айт. Күн сайын бір әңгімені он рет қайталап, берекетімді бес тиын қылмай.

Ей, ей, ақымағым-ай! Адасқаным-ай! Басында ноқтасы бар еркектің «сырттай» қатыны болғаныңа қорланамын-дағы, қайтейін. Арланамын-дағы, қайтейін! Ащы болса да шындық осы. «Шал болса да тиіп ал» демекші, одан да жұмыстан келгенде маңдайыңнан бір иіскейтін шал-шауқанға тиіп ал. Тасқұманыңды қайнатып, сүт қосқан қою шәйіңді демдеп ішіп, шүйіркелесіп отырасың оңаша үйде.

Ой, айтасың-ау, Алуа айтқыш, Алуа білгіш дегенге. «Қарт қойнында қалаш бар» деп. Қол-аяғым балғадай кезімде шалдарды қайтемін? Осы күнгінің шалдары да түлкіден бетер қу. «Қазтелекомға» өңкей қарттар келіп тұрады. Жәй ғана келмей, үй телефондарын айыру үшін арыз жазады. «Ай сайын төлемақысы қалтамды қағады, үйдегі саңырау кемпір телефоннан түспейді, өсекке тоймайды» деп бала-шағасын да қоса жамандайды қалт-құлт етіп әзер жүріп.

Мейлі. Есесіне олар адал. Қылтың-сылтыңмен істері жоқ.

Жас күндерінде қыз-қырқынмен қыдырғанның көкесі солар шығар. Көздері жасаурап, су ағып тұрса да біздің бөлімдегі әйелдерге қылмыңдап, қырындап оңбай қалады сүйретіліп жүріп.

Жастық шақ деген солай шырағым. Көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сүйгенің де сол шал құсап қартаяды ертең. Сол кезде сенімен ісі болмайды. Дубайдан шықпайтын қаңғыбас кемпірінің қойнына жылынып, інге тығылған тышқандай сүмірейеді кезінде қақ-соқпен ісі болмаған адал отағадай.

Жақсы апа, мен жиналайын. Заттарымды реттейін. Алатын көп ештеңем жоқ, жүк сөмкемнен басқа.

Шынымен кетпекпісің таң атқан бойда.

Иә. Сөмкемді ертең Айқыннан беріп жіберерсің. Ұсақ-түйек заттарымды, киімдерімді реттеп салып, босағаға шығарып қояйын.

Менің сөзімді көңіліңе ауыр алғансың ғой, шамасы. Шын жанашырың болған соң шыдай алам ба? Әйтпесе, тілім қышып, қотырын қасып отыр дейсің бе? «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп, шындықты айтқан адам кімге жаққан? Бәріне мен кінәлімін. Таскенедей қаныңды сора берсін сорпылдатып! Ырқына бағындың! Енді қусаң да кетпейді сүйгенің.

Аузыңа май, астыңа тай! Жанымда Айқын жүрсе болғаны. Басқа ешкімнің керегі жоқ.

Жетесіз. Сөзін қарашы, айтып тұрған. Ертең әйелі жетіп келсе қайтесің пәтеріңе. Ол күйеуінің сенімен төсектес екенін білмейді деймісің? Ол бәрін б ..і л.. е... ді. Қыздай қосылған күйеуін саған босқа беріп қоймас. Тәні сенікі болса да, байының жинаған ақшасы, дүниесі, байлығы бәрі өзінікі. Балаларын өсіріп, ұрпағын өрбіткен бәйбішесінен ештеңені аямас ол да. Оның қатыны бұл жатақхананы беске біледі. Сені сұрап, іздеп келуге арланады.

Неге? Не үшін арланады? Бұл да күйеуінің бизнесі емес пе?

Ләйлә сіңілім тағы шамдана қалды көздері жапалақтай жарқ-жұрқ етіп. Отыздан асқан бойда жүйкесі сыр беріп жұқарған ба, құр ашуға, арп ете түсуге әзір тұрады осы күні.

Болса ше. Бәйбішесінің асты-үстін үлде мен бүлдеге орап қойғасын үндемей жүрген шығар. Әйтпесе, ендігі ұрыс-төбелес түгіл, айқай соғыс ашатын уақыты болып еді. Анау банкте депозитте жатқан буда-буда теңгелері, евромен иық тірескен долларлары ортақ болған соң қарға-қарғаның көзін шұқи ма?! Құстың сүтінен басқаның бәрін ішіп-жеп, қара уылдырықты сары майдай асап отырған соң «байекем тоқсан тоқал алса да, тұмсығын қанға малса да маған бәрібір, жұмған көздерімді ашпаймын» дейтін шығар әйел қырық шырақтының кебін киіп. Ол да жастай ұзатылды сол сал-серіге. Өмірдің қайығына бірге мінді қатарласып. О баста сүйдім, күйдім, сөзімнен жаңылдым деген күйеусымағы аузы қолына жеткенде жалт бұрылды. Сатқындық жасады. Дүниедегі ең опасыз, жаман нәрсе ант-су ішіп қосылған әйеліңді көзінің тірісінде сатып кету! Көктем келген сайын көзі көріктіден-көріктіге түсіп, әдемісінен-әдемісін қуалап, желігі басылмай, жылуынан сұлуын іздеп «сүйгенің» кетті. Әлі күнге солай. Әбден болып-тойған еркек секілді ұялмайды-ау, ұялмайды.

Соншама тағы не істеп қойды менің сүйіктім? Айта түс, қырық өтірігіңді, айта түс Тазша бала құсап. Мінекей, заттарымды жинастырып, буып-түйіп болдым бәрін. Сенің осы әңгімең арамызды алшақтатпаса жарар еді бара-бара.

Жүз жерден «жүрегіңді айнытсам да» саған ем болмас. Біреудің бақытын ұрлағанмен, өзің бақытты болмайсың. Осы үйден кетіп жаңа өмір баста! Өміріңді түзе, өксітпей. Анау антұрған бір күні сені де алдайды. Өткенде шәй ішіп отырып әйелі хабарласқанда не айтқанын білесің бе?

Иә, не айтыпты. Есімде жоқ.

«Жаным қалайсың? Жігіттер мейрамханаға шақырып, ауқаттанып алдым жаңа бір әзірде»,– деп өтірікті судай сімірді. Одан бәйбішесі үйлеріне елу адамға тарта қонақ шақыратынын айтты. Бұл бер жағынан жалпылдап еркек басымен: «Шақырсаң, шақыра ғой, алтыным. Ауырып қалмасаң болғаны. Көмекшілер алғыз мейрамханадан. Тек кәсіби аспазшылар келсін бізге. Бүгін қай көлікпен жүрсің? Рөлге шопырды отырғыз. Көлікті өзің айдама. Кептеліс көп көшеде. Сақ бол. Мен кешке бассейнге барамын. Кешкі асқа мені күтпеңдер. Жігіттермен бильярд ойнаймын» деп өтірікті құйды сұңқылдатып. Қайдағы бассейн, қайдағы бильярд. Қырықтан жасы енді асса да қарны шелектей болып төмен қарай салбырап барады. Спортпен шұғылданбақ түгілі ертеңгісін жүгіруге ерінетін секілді. Осында терісі тамшылап шәй ішіп, әкесінің төрінде жатқандай құрылдап ұйықтап кететінін әйелі көрсе ғой, шіркін?! Өтірік айтқанды көрсетер еді оған.

Осы ма айтпағың? Жұмыста жүргенімде кешке не айтсам екен деп ойлап тапқаның шығар бұл да, сірә?

Басымды қатырмашы, Ләйләшім. Сенбесең тұр. Өзің сол уақытта майысып, қайысып отырдың ғой сері-перінің көмірдей қара бетіне ай туып келе жатқандай тамсанып.

Енді. Дәл қасымда сүйгенім отырғанда көзім оған түспей, кімге түседі.

І, сөйдесеңші манадан бері. Көрдің бе, сонда әйелін бір алдайды, сені екі алдайды. Ондай кезде құлағың таскерең болып қалады-ау, меңіреу кісіше. Бірақ, бәйбішесінің несі кетіпті. Махаббат болмаса да ауқатты, тыныш, бірқалыпты өмірі бар. Байлық пен уыс-уыс ақша да соның қолында. Ал сенде не бар? Алдамшы, шектеулі, уақытша ғана сезім бар. Басқа түк жоқ-ау, түк жоқ!

Жарайды, ішіңдегіні бүкпей, фонтандай сыртқа ақтарып қал. Әйтпесе, ертеңнен бастап үйде болмаймын. Сонда кімге жамандар екенсің Айқынды. Мынау қабырғаларға не айтсаң да бәрібір. Сені үнсіз тыңдап, мелшиіп тұра береді.

Дұрыс айтасың, сіңілім. Сенің де бұл қабырғалардан еш айырмашылығың жоқ. Құлағың таскереңдей бітеліп, өзің қыңырайып, қисайып, дегеніңнен қайтпайсың. Тек аман жүр тағы бір пәлеге ұрынып қалмай. Сал-сері құсаған тағы бір қасқырға тап болмай. Сен секілді басы бос, баласы жоқ, алды-артын ойламайтын, жауапкершіліктен жұрдай қыздар қазылған орға да, қақпанға да түскіш келеді. Тышқан құсап қақпанға түсіп қалма. Сақ жүр деген соң, сақ жүр...

Осымен бүгінгі «дәрісімді» де тәмамдадым. Есіл сөзім. Қайран тілім. Неде болса бағы ашылса екен. Бәлки, сері-перісіне бара-бара байға тиер, егер бәйбішесі рұқсатын беріп, қатын етіп алып жатса. Әйтпесе, тоқал алуға жоғарыдағылар заң шығарып, екі әйелді мәмілеге келтіргенше қай заман?!.. Сал-серінің ығын паналап, жұрттан қысылмай-қымтырылмай еркін жүрер еді тоқал болуға заңнан бұрын бәйбіше біткен шиырып-шиырып қолдарын қойса! Махаббат, махаббат деп есінен ауысқан сіңіліме не дейін. Аман болсын. Кейін қайда қонақтап тұрып жатқанын барып көрермін. Туғанның аты туған, мың жерден жек көрсе де қайтіп шыдайын байғұс-ау. Қытай асып кетсе де тауып аламын ғой сіңілімді.

VI

«Қатты қыссаң – қурайда сынады» дегендей, сіңілімді сөзбен қажап тұқырттым ба, өткір тілімді пышақтай сұғып, қанын сорғалатып ағыздым ба? Әлде «төбесін» сауысқанша шұқып-шұқып, миын ойдым ба, білмеймін. Онсыз да мынау жетпейтін уақыт пен пақыр тиын табудан шаршап, шалдығып, миы ашып жүр еді байғұс бауырымның. Менен мезі болып, пәтерден-пәтерге көшкелі жүдеп-жадап, азып кетті. Титығына тидім бе, әлде қысқалау тілін «ұзарттым ба». Бір күні пәтеріне хал-жағдайын білейін, шүйіркелесейін деп барсам екеуінің айқайы, құдай басқа бермесін, есіктің сыртына ап-анық, радиодай саңқылдап естіліп жатыр. Ашық алаңда білектерін түріп, жекпе – жекке шыққандай. Әсіресе, біздің қыз әкетіп барады «сүттен де, судан да аппақ» сүйгенін бидайықтай қуырып! Даусы тым ащы-ақ! Сөйлегенде шаңқ-шаңқ етеді қожайыннан ет пен сүйек сұрап, іші аштан бұратылған кәндән күшіктей. Қаншама жыл жатақханамның жаман бөлмесін «жекеменшіктеп» алды. Қаншама жыл қол астымда қыз бен жігіттей ойнап-күлді. Сонда екеуінің дәл бұлай қырық пышақ болғанын көрмеп едім. Екеуі бір-бірімен енді көрместей иттесіп, даурығып, жалдамалы пәтерлерін бастарына көтеріп жатқандары мынау?! Енді кімнен сескеніп, кімнен именсін. Оңаша үй, жеке өмір деген осы... Байқаймын, әлгі «сал-серісі» сіңіліме бұл пәтерді өз ақшасына жалдап отырған соң даусы бөлдөзірдей гүр-гүр етіп, қарсыласып бағуда. Сіңілімнен ұрысқақ қатындардай қалысар емес. «Өзі ұялмаған өзгенің бетін шиедей қылады» деп, сыртқы есіктің жақтауына жабысып қалған қос құлағымды аядым оқтай бораған неше түрлі сөздерді естіген сайын.

Бала туғым келеді. Бала туамын. Осыдан тумасам өмір бойы баласыз өтемін, – дейді сіңілім апшып.

Кім айтты саған? Әйелдер қырықта да, елу де де, тіпті алпысқа толса да туа салады. Шетелде 101 жастағы әжейдің босанғанын кеше интернеттен оқыдым. Асықпай тұра тұр. Бала жасау керек болса уақытын өзім айтамын.

Қашан. Енді қашанғы күт дейсің.

Кішкене жүре тұр. Бәйбішем бір жағына шықсын.

Өй, қойшы. Туатын, тумайтынымды қатыныңнан сұраймын ба, сонда?! Жетпегені осы еді? Туам дедім, бітті туамын!

Сіңілім «сүйіктісінің» тас төбесінен құдай ұрғандай ұрып жатыр, ұрып жатыр ащы тілін безеп! Ішімнен, сорлы бауырым-ау, ол баланы сосын кім бағады? Мына түрімен балаға қамқор болар дейсің бе. Өзінің отбасы, бала-шағасы түгел. Қатыны бір емес, сотқалдай екі ұл сыйлады бұған баяғыда. Әй, ақымағым-ай, аяғына тұсау мен шідер салынған еркектің балағына ит құсап жармасуыңды қоймадың-ау. Ол баланы ертең кім өсіреді? Өзің алысасың алты жасқа толғанша. Қазір өшеретпен де балабақша жоқ бере қоятын. Жекеменшік балабақшалардың қақы удай. Ай сайын отыз-қырық мың теңге сұрайды. Ол баланы тоғыз ай көтеріп, екі жыл жарымдай жылы жерде бағып-қағып, үш жасқа жеткізіп, әупірімдеп балабақшаға бергенше қайда әлі? Кім бар, кім жоқ деймін «тумаған сиырдың уызын ішіп». Екеуінің айтыс-тартысынан жеріп, өз ойыммен оңаша арпалысамын қиял қуып. Олар есіктің әр жағында қырқысып жатыр. Ал мен болсам, есіктің бер жағынан байбалам салып тұрмын. Дауыстары бәсеңсісе аз-мұз сабыр шақырып, бала деген сөз құлағыма жеткен сайын жаным жайланып, көңілім нұрлана түседі. «Дұрыс, айт, айта түс. Саған ақыл кірген екен. Біреуін емес, ендігі үшеуін топырлатып туатын уақытың баяғыда болды. Кезегің келді, сіңілім! Баладан бас тартпа, қанатым. Давно пора деп қоямын білген орысшаммен масаттанып. Қашанғы жүресің ойнайтын, қызықтайтын қуыр-қуыр қуырмашы болып оның. Бәлки, сол бала ертеңгі өміріңді гүлдендіріп, бақытқа бөлер. Әкелік сезімін оятар сал-серіңнің. Жағдайыңды жасап, пәтер әперіп, қамқорлап, ел қатарлы өмір сүруіңе итермелер. Бала деген балдан да тәтті ғой, шіркін. Сәбидің қалампыр иісін иіскеп, жүрегі жібір, иманына келіп, мейірімі тасыр. Ең бақытты, қуанышты сәттер адам баласын жүз пайызға өзгертіп, жүз градусқа көңілін көншітіп тастамай ма. Бөпесін қойнына қысып, ақ сүтіне тойдырып, еміреніп отырған қандай бақыт шырағым-ау?! Дұрыс айтуың, тума дегеніне қарамай, ту, ту деймін есіктің тұтқасын түрткілеп. Жұрттың тоқалдары аспандағы айды алдыртып жатқанда, тар құрсағыңнан «сүйгеніңнің» бір шаранасын сыртқа шығара алмайсың ба? Мәпелеп өсіре алмайсың ба? Егер әкелік парызынан қорықса, маған әкеліп тастарсың. Өзім-ақ бағып берейін. Анау іріп-шіріген жатақханада он жыл болды ғой тұрып жатқаныма. Өзің де сал-серімен тарақандар зыр жүгіріп, тышқандар еденді тескен тар бөлмеде талай күн, талай түн аунап-қунадың. Сонда өлген қайсысың бар, айтыңдаршы? – деп көтеріліп, бір басыламын. Дәмем зор. Үмітім үкілі. Қуанышым кеудемді тесіп барады. Әттеген-ай, екеуі бір-біріне өшігіп, бет жыртысып ұрыса бермей, тоқтатса екен пайдасыз бос сөзді. Бәлки, іс насырға шаппас еді. Мен қасқаға ұзақ қуануға да болмайды екен. Көкірегімді әдемі әннің сазындай әлдилеген қуанышым көмескіленіп, үмітімнің жарығы бірте-бірте сөне түсті. Не жүйрік, ой жүйрік деуші едім. Жүрдек поездың екпініндей өрге жүзген қиялым қақ ортасынан қиылып түсуге тәмам. Апырмай, бұлардың бала туу жөніндегі айтыс-тартысы ақыр соңы немен, қалай тынар екен деп есектің құлағындай қалқиған құлағымды есікке телміртіп әлі тұрмын, әлі тұрмын. «Айқастары мен шайқастарының» бітер түрі жоқ. Екеуі де қалыспайды. Домбыраның орнына қолдарына оқтау ұстап айтысса, баяғы да көздерін көгертіп, иықтарын шығарып, сирақтарын сындырып тынар еді. Әй, қайтейін-ау. Әншейінде ауыз жаласып, сүйісіп-өбісіп, аймаласа кететін «сүйген жүрек, бір-бірін көрмесе өлген жүректердің» іштерінде түйдек-түйдек өкпе-наз, реніш жатыр деп кім ойлаған?! Жаңа ғана сәби сүю, бала сүю жайлы елітіп кеткен шаттығым су сепкендей басылып барады. Адамның арманы шіркін мысықтың құйрығындай шолтиған тым қып-қысқа, мақтадай мамық, балапанның жүніндей үлпілдек болар ма еді осыншалық?

Апам бала туып ал деп баяғыда қақсаған болатын. Дұрыс айтыпты. Жасым болса келді. Сонда қашан ту дейсің?

Өй, апаң не біледі? Соның сөзі не, өзі не? Саған ақыл үйреткенше, анау жатақхананы жуып-шайып, жұмысын жасасын. Әйтпесе, бір күні еденді басқаларға жуғызамын. Сосын отырады өсек соғып ертелі-кеш жатақты сыртынан күзетіп.

Өйбай, көтек! Мынау жынды ма ей?! Қарадан-қарап маған тиіскені несі? Жетіскен екенмін жатақханадағы жұмысымнан қуылсам,– деп жыным қозып қоя берді. – Бәсе, айттым ғой бұған сенім жоқ деп. Ақшаның буынан екі көзі байланып қалған байекем ұмытқан екен талай менің бөлмемді жын-ойнақ жасағанын! Бәлем, осы тұрғанда есікті бір теуіп ішке баса-көктеп кіріп барып, бетіне былш еткізіп түкірейін бе, ә?!

Өзімді өзім әзер тежедім. Он саусағым дірілдеп, пілдің мұрны секілді ернім жоғары көтеріліп, қаным басыма шапты. Әйтсе де амал нешік. «Естіген құлақта жазық жоқтың» кебін киіп, есіктің жақтауына жармасқан күйім, қаққан қазықтай қақшиып тұра бердім.

Мына заманда балаң не сенің? Жұрт дағдарыстан қайда қашып құтыларын білмей жүрсе, бала-бала деп қақсап! Сал-серінің жыны менің жынымнан да бетер екен. Гүрілдеген даусы үдеп барады.

Дағдарыс түгіл, аспан жерге құлап түссе де маған бәрібір. Сенен бала сүйгім келеді.

Неге, не үшін?

Қорықпай-ақ қой. Бізге сенің іріп-шіріген байлығың керек емес. Не үшін дейді ғой ұялмай-қызармай. Беті бүлк етпей. Өзім үшін. Өзім асыл ана, мейірімді әйел атану үшін!

Түсінікті. Онсызда менің екінші әйелімсің. Саған осы атақ та жетпей ме? Сыртта қаншама қыз-қырқындар менің көлеңкемді қуып жүр арманда қалып...

Көшедегі көп сайқалдың бірі емеспін. Мен Ләйләмін. Жаратылысым да, жан дүнием де бөлек, басқа жанмын. Шамасы, менен бала туса, мұрагерім болуға таласады. Тегімді сұрайды. Қазына байлығыма, дәулетіме ортақтасады. Дүниемнің тең жартысын тартып алады деп ойлайтын шығарсың. Жиған-тергеніңді бөліске салудан қорқатын боларсың. Есіңде болсын, мен үшін сенің дүниеңнің бұты – бар-ақ тиын! – деп Ләйләш шорт кесті.

І, енді ұқтым! Бала, бала деп аяқ астынан қақылдап неге қалды десем?! Менің дүниеме көзіңді салып жүр екенсің ғой. Дәмең зор екен өзіңнің.

Жұрттың бәрін өзің секілді мешкей, жүрген жерінен боқ жинайтын осырақ қоңыздай дүниеқұмар көресің бе?

Не? Қайталап айтшы? Сонда мені сасық қоңызға теңеп тұрсың ба?

Иә, иә! Сен қорадағы осырақ қоңыздың дәл өзісің! Боқтың бәрін, қолыңа ілінгеннің бәрін жинай бересің, жинай бересің. Ертең молаға алып кетердей тоймайсың! Тойымсызсың! Аш көзсің! Дым көрмеген!

Жап аузыңды! Енді бір ауыз сөз айтсаң жұдырығыммен жапсырамын! Тастың ішіне қалай кіріп кеткеніңді білмей қалма?

Мына сөзді естігенде зәрем зәр түбіне жетті. Сорлы қыз нақақтан-нақақ таяқ жеп қалмаса жарар еді. Осыған қанша айтсам да ем қонбайды. «Еркекпен шапылдасып ұрыспа. Беделіңді түсіресің. Оңашада бетіне қатты келме. Оның иығыңнан бір түрткені де жетіп жатыр сенің нәзік денеңе. Еркек біткеннің қолы қарулы. Әйелдің тілі ұзын, еркектің қолы ұзын» деп қақсаушы ем. Айтқан ақылымның бәрі сіңілімнің есінен шығып кеткеніне қайранмын. Осыдан Ләйләға қолыңның ұшын тигізіп көр, кәне. Есікті сындырып болса да ашамын. Аулада сеңделіп жүрген полицейлердің бірін шақырамын. Не көп, осы күні сыртта милиция көп қой қараңғы тасада емес, жұрттың шұбырып жатқан жолында жорта уақыт өткізіп жүретін деп тас-талқан болып әлі тұрмын тың-тыңдап. Сіңілімнің даусы бәсеңсіп, көмескіленгендей болды. Байғұсым үздігіп, тұншығып жылады ма, қабырғаға жапсырам деген сөзден шошып қалды ма, бөлмеде сәл-пәл тыныштық орнады. «Жапсырам» деген сөзді сіңілімнің сүйгенінен бірінші рет естіп тұрмын. Өлердей шыным осы. Ауылда тұрсақ та артық-ауыз мұндай қатты сөзді әкемнен де естімеппін. Ант-су ішіп, қолыма бір тілім ақ нан ұстайын. Әкеміз «қос құлыным, көгершіндерім, көзімнің ағы мен қарасы» деп бір кіндіктен жаратылған біздерді мәпелеп, айналып-толғанып отырушы еді. Әкелік махаббаты өз алдына, көшенің «қарғаларынан» қамқорлап, қорғаштап жүруші еді. Бойжетіп келе жатқан осы Ләйләны да маған жиі аманаттап, көршінің баласынан, ауылдың боқмұрынынан, класындағы жігіт-мігіттерден қызғыш құстай қорға дейтін. Сөйткен қыз, сөйткен бауырым, аяғын жер-көкке тигізбей, аялап өсірген жалғыз сіңілім есіктің әр жағында қалтырап-дірілдеп кайдағы жоқ біреуден жұдырық жегелі жатыр. Құдай қосқан жұбайы болса бір сәрі?! Отағасынан жұдырық жеген ауылдың талай әйелі намысы тапталса болды буынып-түйініп, атқа жегілген төрт тегершікті арбаға сандық, төсекшесін тиеп, төркініне тайып тұрушы еді. Ақыр заман туғандай азан-қазан болып, бір жұдырыққа бола жүктерін тиеп, емшектегі сәбиімен төркініне тұра шапқан талай келіншекті өз көзіммен көрдім. Ауылдың ақсақалдары, кемпір-шалдары жиналып, ұрыс-керіске бола отбасының шамын өшіруге ынтыққан екі жасты сабырға шақырып, әлек-шәлек болушы еді. Ал қазіргінің адамдары есіріп, даурығып, бет-бетімен кеткен. Соның ішінде сал-серінің жазықсыз сіңіліме жұдырығын шошайтуын айтам-ау?! Басы шатылған, некесі қиылған, баласы туылған қатыны құсатып дәсерсуін оның. Өмірінде ешкімнен жемеген таяғын сенен жегізіп қоймаспын мен. Мықты еркек болсаң сіңілімнің тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп сәби сыйла! Ұрпағыңды сүйгіз! Жұрттың еркектері көңілдесіне «бала ту, маған ұл немесе қыз тап, махаббатымыздың куәсі, дәнекері болар бір сәбидің ендігі дүниеге келетін уақыты болды» деп мазасын алушы еді. Ал, сіңілімнің «сүйгені» бала туғызудан қорқады, қолына ақша қыстырудан қашады. Сонда ол «сері-пері, сал-сері, жын-пері» емей кім мен үшін?! Осыны біздің қыз «Айқын, Айқыным» деп аспанға көтеріп, дәлитеді танауын шелектей етіп! Бәрін айт та, бірін айт, дәл қазір туған бауырымның есіктің әр жағында жылап-сықтап отырғаны, орманда жалғызсыраған бозторғайдай шырылдағаны жүрегімді қарайтып, күйдіріп барады. Әттең, арамызды мынау қоңыр түспен боялған ағаш есіктің бөліп тұрғаны. Осы кезге дейін бізді ешкім, ешнәрсе бұлай екіге бөлмеген еді. Егер осы есік маған жат, бөтен болмаса ғой. «Кісі есігі темір» деген осы-ау. Өз үйімнің есігі болса, баяғыда бұзып-жарып ішке кірер едім. «Дайрабайдың көк сиырынан туғандай» бойға біткен-бітпегені белгісіз шарана үшін шыққан дау-дамайды баяғыда тоқтатар едім. Сіңіліме де, «жын-перісіне» де байсалдылық пен шыдамдылықтың «витаминін» беріп, жандарына тыныштық, алаңсыз-қамсыз бақытты уақыт сыйлар едім. Мен де бір жүрген сорлымын. Сіңілімді сүйгенінен, сал-серісінен айырып аламын, араздастырамын, араларына отты да, шоқты да саламын деп босқа әуре болыппын. Бұ дүниеге шыр етіп келгелі, кіндігін кесіп, жаныма серік, көңіліме медеу болғалы шәйт десіп көрмеген қарлығаштың балапанындай бауырымды «бір еркекті» құлай сүйгені үшін босқа жазғырып, азғырыппын. Менің тынымсыз, бірбеткей мінезімнен жатақханадағы жылы ұясынан безіп кетті. Не болды ақыр аяғында?! Оны іздемей, көрмей, ақ бөлкені бөліп бермей тұра алмайтыным бар, үйден неге бездірдім?! «Сүйгеніңмен» бақыттың күйін шерте бер деп неге жүре бермедім. Алдап, сулап сал-серісін өзімнің ырқыма қарай бағыттап, апалық ақыл-кеңесімді беріп, болашақтарына тереңнен ой тастауым керек еді. Оны бөжәй секілді көрмеуім керек еді. Ол жатақханаға келгенде «шырағым, екі адамның тағдырымен ойнама, сіңілімнің өміріне өрт тұтатпа, оны көңіл көтеретін жанды қуыршағыңа айналдырма, абай бол» деуім керек еді. Тіпті, о бастан әңгімені ашық айтып, «сіңіліме үй сыйламасаң да, сәби сыйла, аналық міндетінен адастырма» деуім керек еді. Сонда, ол сері-пері өзі арқылы әйел жанын шексіз махаббатқа бөлеп, ұрпақ сыйлаудағы рөлін нықтай түсер ме еді. Ал енді не болды? Не кел емес, не кет емес. Ескексіз қайықтың бетінде сіңілім теңселіп жалғыз өзі бара жатқандай. Екеуі екі жаққа кетіп, айырылмайды да. Бір-бірінен безіп, сезімдері суып, айнымайды да... Осылай ұрсысып-керісіп қайта қауышады.

Түбінде құмалақтай шашырап, ажырасып тынар дегем... Бәрі Жаратқанның қолында екен. Арам ойым, теріс пиғылым жүзеге аспады. Керісінше, жыл санап қарым-қатынастары үдеп барады. Біріне-бірі сүйенген ақ қайыңдар секілді. Бір-бірін иықтарынан тіремесе шалқасынан шарт құлайтын ағаштың екі бұтағы секілді. Ажырасу ойларында жоқ. Араларында бала болмаса да, қыз бен жігіттей сайрандап жүре беруге құмар. Осыны көре тұра, баяғы Ләйләм үшін Аллаға жалбарынамын, сиынамын. Көктегі тәңірден «сіңілімнің құрсағына тамыр жайған бәйшешектей бір сәбиді бере гөр» деп өтінемін. Сіңілімнің тағдыры үшін қам жеймін. Қайғырамын. Сері-перісімен қай шамаға дейін баратынын, ақыр соңы немен тынатынын өзі де білмейді ғой, сорлы қыздың! Күнінде бала туып ал, оған керек болмаса да бала өзіңе ғана керек. Қыз бала әйел, ана болу үшін жаралған деп қанша қақсадым жағым талып. Ал қазір ше? Екеуінің дауыстары саф тиылғанға «бір-бірін түтіп жеуден шаршаған болар» деп үйіме қайтпақ ойда едім. Бүгінге сырттай естіп-көрген осы тегін «концертім» де жарар, ертеңгі күнге де бұл тақырып таусылып қалмай, тұздық болсын. Керең қалғыр құлағым әлі талай қызық пен шыжықты ести жатар. Қорқыттың көкесін көрмей, көрге кірмейсін деген, екеуінің «қан майданына» әлі талай куә болармын. Алда да күн бар ғой деп үйіме жинала берген бойда есіктің әр жағынан бітпейтін егес тағы естілді. Бұл жолы да «жүрегіндегі қотырын» сіңілім өзі тырнады. Әй, «бауырым болғаны» қинап тұр. Дәл қазір айқайға басып кіріп барар едім. Шолтиған шашынан жұлқи тартып, үйге алып қайтар едім. Дәрменім жоқ. Осымен нүкте қойылып, екеуі татуласып ұйықтап кеткен шығар, шаршаған болар ентігіп ұрсысудан десем, әлі ояу екен.

Айқын, сенші маған. Сенен бала туу арманым, – деп айқайлады Ләйлә. Шамасы, «сүйгені» құс жастығымен құлағын бітеп, басқа бөлмеде жатса керек.

Не жының бар, сорлы-ау. Шоқпардай жұдырықтан аман құтылғаның аз ба? – деп есікке таскенедей жармаса түстім. Әр жақтан байсымағы шықты гүрілдеп. Еркек басымен үндемей жата берсе ғой. Міндетті түрде сөзге-сөз қайтару керек тілі қышып тұрғандай.

Арманыңды әзірге қоя тұр. Тумайсың деп кесіп айттым. Бітті. Баланы ұмыт. Тумайсың.

Жоқ, туамын! Себебі сені сүйемін! Саған деген сезімім көк теңіздей! Теңіздің толқындарын қайық түгіл кемемен де тоқтата алмайсың, – деп сіңілім ақындарша әспеттеп тіл қатты. Байқаймын, манағыдай емес, сабасына түскен. Жұдырық жемесе де мысынан қорыққан, үріккен қоянға ұқсайды. Әр сөзі құлаққа жұмсақ естіліп, жағымпазданып барады. Бәлки, түлкі құсап қулыққа көшкен түрі ме. Айтпақшы, бала кезінде «Түлкі мен құймақ», «Түлкі мен қасқыр» деген ертегілерді жиі оқып беретінмін. Қоян мен қасқыр туралы да мультфильмдерді көріп өсті. Тіпті, өзімнің де әртістігім ұстап біресе түлкі, біресе қасқыр болып шағын қойылым көрсетуші ем үйге көршілердің бала-шағасын топырлатып жинап алып. Мүмкін, Ләйләштың есіне бұл өмірде толып тұрған тұла бойы қулыққа толы түлкілер түсіп тұрған шығар. Бұл өмір шіркін қу түлкідей бұлаңдаған, сылаңдаған емес пе?! Осы сәтте сал-серісі сіңілімнің сезім, махаббат, сүйіспеншілік жайлы ойларын мойындағысы келмей, жауырды жаба тоқыды.

Қайдағы сезім? Сезім деген не ол? Қасыма келіп түсіндірші, – деді.

Айттым ғой, «жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деп, сері-перісінің беті бері қарап, жібіп келе жатқан секілді.

Қойшы, зауқым жоқ. Бармаймын. Керек болсам өзің кел, – деді біздің қыз.

Ерініп жатырмын. Ұйықтаймын, – деп қасарысты сал-серісі.

Мейлің, ендеше мызғып кеткенше тыңда. Құлағың менде болсын. Сезім деген – сезім. Мысалы, біз екеуміз секілді. Мені жүз жерден жек көрсең де, айнысаң да, ұрыссаң да сезіміңе шектеу қоя алмайсың. Яғни, мені ұмыта алмайсың. Менсіз өмір сүре алмайсың. Ұқтың ба, жоқ па?

Басымды қатыра бермеші, а? Аздап мызғып алайын десем. Жаныма тыныштық бермейсің? Үндемеші көп...

Үндеймін. Тоқ етері, сенен бала туамын! Маған бала керек!

Мейлі тусаң ту! Бірақ ескертіп қояйын. Менен туған бала не сақау, не саңырау болады, – деп сері-пері кесіп айтты.

Не дедің?! Сақау-саңырауың не айтып тұрған? Өз қаныңнан жаратылған баланы мылқау қылып. Неткен тас жүрек едің.

Сіңілімнің дәл осы айтқан сөздерін менде ішімнен, есіктің жақтауынан сығалап тұрып қайталадым. «Астапыралла, мынау адам ба, тас па» деп жағамды ұстадым. Оның мұндай сөздеріне сіңілімнің еті үйренген тәрізді. Таңқалса да сыр берер емес. Керісінше, еркелігі, наз қылығы үдеп барады.

– Сенен туған бала қалай ғана сақау, саңырау болмақ? Өз перзентіңді қиянатқа қайтып қиясың?!

Қимаймын, әрине. Бірақ та мен қазір әйел туғызатын жаста емеспін.

Сөзіңе болайын. Қырықтың алтауына өткен айда толдың. Нағыз дер шағың! Сен сөйдесең, елу тұрмақ, алпыс пен жетпістегілер не демейді? Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, тіпті Жүзбайлар қайдан пайда болды?

– О заман мен бұ заманды салыстырып қайтесің? Қазір экология жаман. Ауру-сырқау көп. Менен де жастау, отыздан енді асқан, тіпті қырықтағы жігіттердің белдері сынып, екі бүктетіліп жүр. Көбісі Казонованың дәрісін ішеді. Білесің бе, не үшін ішетінін?

– Білем ғой. Өткенде айтқансың. Жұртты айтып, өзің ішіп жүрме. Асқазаныңды жара жасайсың.

– Өзіңдей жас, сұлу келіншегім тұрғанда дәріні қайтемін. Сенің ойнақшыған көздеріңнің өзі дәрі-дәрмекпен бірдей. Күш-қайратың тасып тұр бойыңа сыймай. Он сегіздегі қыздардан кем түспейсің,– деп сері-пері сіңілімнің төбесін көкке көтерді. Егер ер азамат өз аузымен келіншегін мақтап, жас екенін мойындаса демек жақсы көріп, бағалағаны. «Піссіміллә, піссіміллә. Тіфә, тіфә тіл көзім тасқа. Тезірек тіл табысса екен. Тар төсекте бір-бірін құшып, еміреніп сүйсе екен. Әй, бұларды айырамын деп жайыма қарап жүрмей. Жаңа ғана үйді бастарына көшірді деп кім айтады бұл екеуін. Бір шаңырақтың астында тұрса да бір-біріне ынтығып, үздігіп барады. Ләйләм айтпақшы, толқындай тулаған сезімдерін, көңілдерін іштеріне бүге алар емес деп мен тұрмын баяғы бақылауымды күшейтіп.

– Охо, манадан осылай демейсің бе, ашуға булықпай, – деді сіңілім бір мезетте.

– Тәк, сен шыныңды айтшы. Неге бала, бала деп кеттің қақылдап?

– Алла аузыма салып жүр соңғы кезде. Түсімде ылғи бөпенің киімдеріне толы дүкендерді аралаймын. Бұл да жақсы ырым ғой. Демек, кешікпей бөпелі боламыз. Құрсағымда сәбиім бүлкілдеп жатыр жарық дүниені көруге асығып. Ақ түйенің қарны жарылған күні шілдехана тойын жасаймыз. Шаранам маған да, саған да күш-қуат береді.

– Не, не дейсің? Есің ауысқаннан сау ма? Мен, мына мен әйел туғызатын жаста емеспін. Менің ұрығымнан дені сау ұрпақ шықпайды деп жаңа ғана айттым емеспін бе. Жай сөзге неге түсінбейсің.

Ойбай-ау, мына сері-пері бұқалығым мықты емес деп Ләйләдан тағы да атбасын ала қашқалы тұр. Он бір жылдан бері ұрығының дені «ұры иттей ұрланып» жатақхананың бір бұрышында тығылып қалғанын білмейді дей ме екен мына бізді. Сіңілімнің миын шіріген жұмыртқадай шірітіп, бәлен жыл бойы сергелдеңге салды. Содан бері өн бойынан шыққан ұрығы да, жұмыртқасы да су болып ағып кетті емес пе жатақхананың сап-сары суымен араласып. Тіпті осы уақытқа дейін сегіз, тоғыз бала туғызуға қауқары бар еді. Көрдің бе, қандай қорқақ?! Баяғы әйелім біліп қояды, әйелім тірі тұрғанда «тоқалды да туғызғаным» ел-жұртқа жария болады деп қашқақтап тұрғанын. Жұртқа жария болады, ел естіп қояды деп қорыққан түрі! Осындай «бос белбеуді» түсінбеймін. Жас иісті керек еткенмен, сәбиді суқаны сүймейді. Аллай, аллай! Балбыраған пәк сәбидің раушан гүлдей иісін қайтіп аңсамайды екен. Құлпынайдай құлпырған сәбиден қалайша ат тонын ала қашпақ бұл? Дәл осы менің ойымды есіктің әр жағынан сүйгеніне түсіндіріп, сіңілімнің дымы қалар емес.

– Кетші, қайдағыны айтпай. Сөзіңе болайын. Керісінше, нағыз дер шағың осы. Қайтадан түлеп, әке атанатын жасқа жеттің. Бұйыртса, елу жасыңа сыйлық жасайық. Қос жиырма бесіңде былдырлап «пап-пап» деп сөйлемек түгілі, құлыншақтай асыр салып ойнап жүреді. Анық сөйлейтін болады. Мазаңды алып сұрақты да қояды. Сол кезде көрерсің бәлем, жан-жүрегіңді балмұздақтай еріткенін!.. Екеумізге ермек табылады. Әйтпесе, бір-бірімізден жалығып кетеміз. Арамызда бұлқынып бөбегіміз өсіп жатса бұдан асқан бақыттың қажеті қанша. Жаным-ау, ақылға салып көрші? Сенің қаның мен менің қанымнан, қос ғашықтан, құлай сүйген жүрегімізден шыққан баланы көру асқан қуаныш емес пе. Баянды бақыт емес пе. Әттең, осы арманым орындалса ғой, тезірек. Менен асқан, менен бақытты әйел болмас еді жер бетінде. Бәлки, көздері саған тартар көкшиіп! Жо-жоқ, маған тартыңқыраса екен әдемі болып. Ұл болса да, қыз болса да өзіме ұқсаса екен. Сонда атжақты, сұңғақ бойлы, көз қаритындай көркем болып өсер еді. Сен де жігіт күніңде сүйкімді болыпсың, суреттерің айтып тұр. Ер адамның әйелдердей әдемі болғанын ұнатпаймын. Осы түр-әлпетің өзіме ұнайды. Қане, тұршы жата бермей, келші қасыма, дәліздегі үлкен айнаға қарайық,– деп сіңілім бастырмалатып барады.

– Қойшы а?! Қоясың ба, жоқ па? Сөйлеп-сөйлеп миымды ашыттың. Демалтуды қойдың. Сөзшең емес едің ғой. Апаңнан бөлініп шыққалы бос сөзге үйірсің. Әлде бұрын-соңды мұндай мінезіңді білмедім бе.

– Бәрі бітіп, енді мені көбік ауызсың деп жазғыр. Бала жайлы айтсам, тоқсан түрлі сылтау табасың. Айналамнан мін іздей бастайсың. Жорта істейсің осының бәрін. Апамда не шаруаң бар. Қит етсе апамды азғырып... Тіпті, баланы баға алмасам, жасқа толысымен ауылға жіберемін. Апам қарасады. Жатақхананы тазалағаннан басқа түк жұмысы жоқ. Ол күнінде мектепте жұмыс істеген. Тәрбиеші. Азғантай білімімен тамағын асырап, нәпақасын тауып жеген. Әлі солай. Саудаға да ебі бар. Қолынан барлық іс келеді.

Мына сөздерді естіп, көңілім шайдай ашылды. Айналып кетейін-ау! Көз ашқаннан бар көргені, арқа сүйері мен болған соң жер көкке сыйғызбай мақтауымды асырып жатыр. Маған шаң жуытпайды осы сал-серісіне бола арамыз алшақтап, іргеміз сөгілсе де. Бұлтақтамай шындығын айтып, оның алдында намысымды таптатпай, ақтап алады. Бауыр дегеннің қасиеті осында шығар. Бірақ, «сырттай» күйеуіне бәрібір. Мені мақтаған сайын қызғаныштан жыны қоза түседі.

– Шаршатып жібердің бала, бала деп! Сол апаң шығар бала туып, аяғына тұсау сал. Некеге тұрып, заңдастыр баланы. Ертең өлгенде балаң бағусыз қалмайды. Байлығының тең жартысын иемденесің. Мұрагеріңе сот бөліп береді деп айдап салып отырған.

– Астапыралла! Осы сен еркексің бе, әлде қатынсың ба бұтыңа шалбар киген?! Не деген шатақ адам едің. Сөздерің түйеден түскендей түйдек-түйдек. Әлде, жұмысқа кетерде әйелің оқытып жібере ме «Ләйләға бүйдеп айт, сөйдеп айт» деп. Мұндай арам ой миыма кіріп-шыққан емес. Саған күйеуге тигелі жүрген кім бар?! Қазіргі таңда заңды некедегі күйеулерінен ажыраса алмай зар илеп жүрген әйел көп.

– Неге, не үшін көп? Бізден қандай жамандық көріпті олар?!

– Әйел біткен сендерді жақтыртпайды. Осыны біліп қой. Достарыңа да айта жүр. Мыдың-мыдың сөйлей береді, ашқарақтанып тамақ іше береді дейді.

– Өздеріне қарап алсын әуелі. Қазіргі әйелдер еркектерден екі-үш есе семіз. Сендерге семірген тіптен үйлеспейді. Қарыңдары қампайып бұттарына шалбар киіп алатынын қайтерсің?! Кеуделері бір бөлек, бөкселері бір бөлек болып. Түйенің жарты етіндей осы күнгі әйелдің көбі.

– Еркектер де оңып тұрмаған шығар. Бір досымның апасы өткенде күйеуін өлердей жамандады. «Ас үйден шықпайды. Таңғы бесте ұйқыдан тұра салысымен, балабақшадағы бөпелердей сүтке піскен ботқа сұрайды. Қаймақ қосылған ірімшікті жоқтайды. Үйдің ірімшігін сатып әкелмейсің неге? Тістерім, сүйектерім қатайып, қартаймай, ұзақ өмір сүрер едім дейді. Кофе берсең қою, шәй құйсаң сұйық деп ішпейді ұртын томпайтып. Одан түскі асқа сағат он екі болмай жетіп келеді аш иттердей арсалаңдап. Әкесі аштан өлгендей бір қазан кеспе мен қуырдақты қырып соғады. Қасында салаттары мен жеміс-жидегің, тәтті бөлкелерің дайын тұру керек. Күйеуіңді күйттеп, көйлек-шалбарын түзеп, жұмысқа шығарып салысымен сағаттың тілі зыр етіп, кешкі алты-жетіні көрсете қояды. Күні бойы тау қопарып, жеті қат жердің астын қазғандай қабағы шытылып, қырып-жойып күйеуің келеді қызметтен. Сіркесі су көтермейді. Әлдекіммен жанжалдасып, өшін енді кімнен аларын білмей тұла-бойы тырысып, бүрісіп, шіреніп жұмыстан келген бойда тағы бүлік туғызып, сөз бастайды. Үйге кіре шешініп тастап, үстелдің басына шақыру күтпестен жетіп келіп, аш қасқырдай күжіриіп отырғаны тәрелкені шанышқы-қасықпен соққылап. Содан алдына нендей тағамды береріңді білмей, кешкіге қандай ас мәзірін пісіреріңді білмей абдырап-сасқаның. Еті аздау рожки-мырашки әкелсең мұрнын шүйіріп жемейді. Мәнтә әкелсең он шақтысын күреп салып, майлы болыпты. Бүгін түнде асқазаным сыздап, ұйықтай алмаспын. Бауырыма күш түспесе жарар еді. Жатарда сұйықтау айран мен көже ішпесем. Тек ащы болмасын. Тәттілеу етіп әкелерсің қанттан қосып. Сағыздай созылып тұрсын. Баяғыда шешем жұмыртқаның ағындай созылған айран ішкізетін деп мазаңды қашырады. Не деген тамақсау еді?! Осы ма, бай дегенің, күйеу дегенің?! Оның көйлек-шалбарын, күн сайын шуаш сіңген нәскиін, іш киімін жуып, үтіктеп, сақадай-сай етіп даярлап қоясың. Шалбарын пышақтың қырындай ғып үтіктеп, қалтасына қол орамалын салып, жорыққа жүргелі жатқан солдаттай дайындайсың дымың қалмай. Ертесіне ботқаға тойып алып, тағы да бұзылады ауа-райындай. «Мынауың дұрыс үтіктелмепті, мыржық-тыржық. Бүгін баратын жиын жоқ, шкафтан басқа көйлекті әкелші. Күнде ақ көйлек киіп үйленуге бара жатыр дейсің бе. Айтпақшы, папкамды тексерші. Ішінде құжаттарым тұр ма, жоқ па, түсіп қалмап па?» деп үйден шығып болмайды есіңді тандырып. Одан бәтеңкесі тұрады босағада мені қашан киер екен дегендей. Туфлиі де иесін жақтырмайтындай сыңай танытады. «Қырқыншы размер аяғына киген ғұрлым бауымды тартпай, үзіп-жұлмай әдеп сақтаса екен. Өздігінен шаңымды сүртіп, майламайды да. Неткен құлықсыз жан еді. Бауын да бүкшеңдетіп әйеліне байлатады. Белі бүгілмей, қақшиып тұратын еріншек еркектерден бәтеңке біткенді сақтай гөр» дейтіндей. Тілі жоқ туфлиге дейін қожайынын жек көретіндей. Осы ма бай дегенің, күйеу дегенің?!

– Апырмай, Ләйләш, сен нағыз актриса екенсің ғой. Алуа апам әртіс дейсің. Ал өзің... Осының бәрін қалай ойлап таптың, а? Жеті бас екенсің ғой білмей жүрсем. Шынымен де, туфлиларым маған өкпелі шығар. Менің де аяқ киімдерім ертегідегі Тазша баланың етігіндей, деп ішек-сілесі қата күлді сал-сері.

– Әрине, ертегі мен әл-хиссалардың бәрі күнделікті өмірден алынған шындық. Оларды ой елегінен өткізіп жазатын кәдімгі ақын-жазушылар. Күн сайын әр үйде болып жатқан оқиғалар осылай өріле береді, Айқын-ау. Бүгінде күйеуге тиіп, шекесі шылқып, бақыттан басы айналып, өмірдің кереметін кешкен қатын атаулы аз. Өзіммен түйдей құрдас құрбыларымның да айтатын уәжі осы. Бәрі күйеуге тиіп алып, безіп жүр. Шыдамдары таусылып, тулап жүрген бір әйел, – деп Ләйләм ойындағысын ашып айтты.

– Ал, біз еркектер әйел туралы айтсақ ше? Ертеңмен алақандай беттеріңді сылап-сипап опалап, уақытты аласыңдар. Ас үйдегі ыдыс-аяқтан неше түрлі әтір мен бояудың иісі шығып тұрады. Қайдағы жоқ химикатпен улайсыңдар қолдарыңа ұстаған ыдыстың бәрін. Соңғы жылдары салондарға ақша шашудан алдарыңа жан салмайсыңдар. Қастарыңды жылқыға таңба басқандай күйдіріп, боятасыңдар. Кірпікке жасанды кірпік жалғауды да үйреніп алдыңдар. Сөйтіп, бәрің де жасанды қуыршақтарға ұқсап шыға келдіңдер. Беттің әжімін кетіру үшін ай сайын жүз доллардың инесін тығасыңдар терілеріңе аямай. Ботокс-мотокстың бәрі сендердің беттерің мен кеуделеріңде. Әйел біткеннің бәрі осы күні бірінен-бірі аумайды-ау, аумайды. Көздеріңді қымбат инелермен үлкейтіп аласыңдар. Мұрын, құлақ, кіндік, тіпті аяқтың бармағына дейін сырға тағасыңдар. Дүкенге кірсеңдер шықпайсыңдар. Біреу «сыртта өрт тұтанды немесе сақалдылар шабуыл жасап, кіріп келе жатыр!» деп суық хабар таратпаса, сонда қонып қаласыңдар. Бір тойға киген көйлекті екінші рет кимейсіңдер жұрттың бәрі көріп қойды деп. Қонаққа барарда іш киімдеріңе дейін ауыстырып, әлекке түсесіңдер. Біреу омырау қап пен іш киімдеріңді көтеріп қарайтындай. Сөмке мен туфлилерің көйлектен де көп. Бриллиант көзді сырға мен сақина, добалдай-добалдай алтындар, қол сағат пен білезік, түйреуіштер үстеріңде саңырау құлақтай самсап тұр. Әшекей бұйымдарың сандық-сандық. Айта берсем, әйелдердің дүниесі бізден де көп. Біз еркектер он жылда бір көйлек шалбарды шаққа ауыстырамыз. Қыста тұмсығы тесік бір етік, жаз бен күзде табаны жұқа бәтеңкемен жан бағамыз. Үш-төрт көйлекке бір ғана шатыраш галстукті байлаймыз қылғындырып. Нәскиді де жаңалап жатпаймыз. Екі өкшесі тесілгенше жуғызып, аяққа сұға береміз. Міне, көрдің бе еркек пен әйелдің айырмашылығы қайда жатыр?! Сендердің шығындарың шаш етектен. Тапқан-таянғанның бәрін дүкенге шашып, сатушыға ұстатып қайтасыңдар. Үйді де сыпырып-сиырып, жалаңдайсыңдар сиырдың ащы тұзды жалағанындай етіп. Терезе жабыннан бастап, кілем, ыдыс-аяқ, айыр-қасық, төсек-орын, жапқыш ауыстырудан шаршамайсыңдар. Сендерге үйдегі дүние-мүліктің бәрі ескі-құсқы. Екі-үш жыл сайын тырмаланып, сыпырып-сиырып, жаңалап әлек-шәлек боласыңдар. Пайдасыз нәрсенің бәріне уыстап ақша шашасыңдар. Әйелдердің тойымсыздығы деген... Он қап алтын жүзік пен бір вагон ақша алдарында тұрса да бізде дым жоқ, күйеуім түк таппайды, ішіп қойды, басқа қатынға жұмсап жіберді деуден түздерің жанбайды. Дүниеқоңыздықтарың масқара?! Айта берсем аузым шаршайды. Сондықтан біз еркектер сендерден тұра қашамыз. Бір киіп тастайтын көйлек әпергенше, пайдасыз китайский шүберек әпергенше көлікке темір-терсек алып, май мен бензинін ауыстырып, мойкаға жуғызып, тиын-тебенімізді қажетімізге жұмсап, бір бөтелке сыра ішіп, шылым алған артық дейміз. Еркек атаулының бәрі сендердің шығындарыңнан безіп болды. Бұған әтірлеріңді, иіс майларыңды, шаш боятып, бұйралауды қосыңдар. Долларлап пәшкесімен тапсаң да ақша жетпейді. Сосын жасымыз қырыққа келмей қасқабас атанып, шекедегі шашымыз сиреп, елу мен алпыстың арасында тақырбас болып, жасымызға жетпей шалға ұқсап жүргеніміз, – деп сіңілімнің «сүйгені» шағын дәріс оқып тастады. Бұл да сөзге шешен екен. Екеуінің айтыс-тартысы бітсе көрейін. «Апама жездем сай». Бір-бірінің аузына түкіргендей.

– Бәсе, бала туғызудан не үшін қашқақтайды десем. Шығындарым үсті-үстіне көбейіп кетеді де... Өйткені, бәйбішенің сұранысы, оған қоса тоқалың мен балаңның керек-жарағы. Меніңше, бәйбішең саған қарап отырмаған секілді. Теңгелері, долларлары, евросы жатқан шығар банктерде көбейіп. Жеке бизнесі басқа қалаларда толып тұр деп және естідім. Небір-небір ғимараттарды жалға береді екен. Соның бәрін үкімет жекешеленгенде сатып алдыңдар ма? Осы күнгі байлардың көбісі кезінде бос жатқан тегін ғимараттарды арзан ақшаға сатып алып, қазір рахатын көріп отыр. Кемінде елу-алпыс шаршы метр тұратын бөлмелерді жүз мың теңгеге жалға беріп, байып отыр. Байлар байыған үстіне байып, кедейлер кеміген үстіне кеміп барады. Қазір халықта ақша жоқ. Бәрі банктерге тәуелді. Несие алып, уақытында төлей алмай банктерді жағалап жүрген өңкей қазақ. Базарда картоп пен сәбіз сатып, арба сүйрейтіндер де өз қазағың. Қарап отырсаң, бұл өмірде әділдік жоқтың-қасы.

– Бұған кімді кінәлайсың? Өзіміз жалқаумыз. Қазекеңдер етті жеп, теледидардың алдында, интернеттің қасында жатқысы келеді үстерін тыр-тыр қасып... Қыдырыстап, шақырсын-шақырмасын қонақтыққа барып, алты қағазы мен бурасын, мөшкесін ойнап, бірде ұтып, бірде ұтылып жүргендеріне мәз. Ертеңгі ішіп-жемін, осыдан он бес жыл бұрынғы өмірін, бала-шағаның қамын ойламайды. Пәтер жалдап тұрса да, тұмсықтарын жоғары көтеріп, байсынады. Өтірік пе, осы айтқаным. Өтірік деп көрші, ал?! Көршісі немесе туысы байыса күндеп, көре алмай, осылар ақшаны қайдан алып жатыр. Бұларда бар, бізде неге жоқ деп жер тепкілеп, байбалам салады. Қазынадан ақша ұрлап, біреудің ырыздығын жеп, тонап жатыр деп ойлайды. Пейілдері тар. Ойлары сұм.

Ал мына мен ше, ешкімнің ала жібін аттамай ақша таптым. Ерте тұрып, кеш жаттым. Қолыма ілінген несібемді шашпай-төкпей керегіме жараттым. Артық ақшамды депозитке жинадым. Бір тиынға бес тиын болса да қосылсын дедім. Алақан жайып ақ мешіттің алдына барып тұрайыншы. Ешкімнің қорадағы малын ұрлап, сойып жемей байыдық. Нарық келген бойда жеке кәсіппен айналыстым. Қазіргі жігіттер мен қыздар біреуге масыл болуға дайын тұрады. Армандаса, орындалады бәрі де. Армандай білу керек. Арман адамды алға жетелейді,– деп сері-пері де дымы қалмай ішіндегі сырын сыртқа шашты. Сіңілім екеуі түйткілді мәселені талқылауға келгенде алдарына жан салмайды. Оқыған, тоқығандары көрініп тұр.

– Иә, армандар орындалады. Оның рас. Кеше бір түс көрдім.

– Түс көргіш екенсің. Тағы не көрдің. Сенің түстерің хикаяға ұқсайды. Айтшы, тыңдайын, – деген сал-серінің қызығушылығы ояна бастады.

– Таңға жақын түсімде тап осы үйдің терезесінен ашық аспанға қарап, армандарымды айтып тұрмын, айтып тұрмын.

– Не деп? Тауықтың түсіне тары енеді деп, түнәукүні шашымның арасынан сап-сары алтын тиындар шашырап түсіп жатыр, түсіп жатыр деп күлкімді келтіріп едің. Тағы сол тақылеттес түс пе?

– Жоқ. Тыңдашы енді. Торай секілді қор ете түспей. Түсімде деймін, армандарымды жіпке тізгендей, тоқтамай айта бердім, айта бердім. Сол мезетте үйге сен кіріп келдің. Бешпет-шалбарың, көйлектерің тап осы төрде шашылып жатты. Бәтеңкең де төрге қарай шығып кеткен. Саған қарайтын түрім жоқ. «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» дегендей, мәз болып тұрсам, самолетке ұқсаған екі қанаты үлкендеу аппақ дәу балық қалықтап бұлт бетінде ұша бастады. Өзімен-өзі толқынмен тербелген қайықтай әрлі-берлі аунап-аунап қояды. Аппақ балыққа қызыға қарап, ішімдегі ойымды ақтарып тұрғанымда үш жақтан үш қара қарға атып шығып, балыққа шабуыл жасай бастады. Тұмсықтарымен балықтың бүйірінен түртіп-түртіп кетті. Балықта батыл екен. Жалғыз өзі қарғалармен тайталаса бастады. Бір жақ қанатынан ақ тауықтың қанындай қан аққандай болды. Аппақ бұлттың кішкентай ғана бөлшегі сәл-пәл қанға боялды. Сол мезетте сен телефон шалып, шырт ұйқымнан оянып кеттім.

– Ақ балық өзің ғой. Ұйқыңнан оятқаным дұрыс болыпты. Әйтпесе, құзғындарға жем болып жата беретін едің.

– Айтпақшы, сол күні емес пе мені жұмысқа алып бара жатқаныңда алдымыздан шауып шыққан қара мысықты басып кететінің.

– Иә, өзі ғой жолымды кесіп өтемін дегенде тегершіктің астына түскен.

– Дұрыс болды. Мейлі, сол керек өзіне. Демек, түсімде жанымды жаралағысы келген күншіл дұшпанымның бірі – алдымыздан жүгіріп шыққан мысық шығар. Жолымды бөгегісі келіп, тор құрған қаскөйлердің ойы бұл жолы да жүзеге аспады. Маған ойлаған жамандығы өзіне кетті.

– Түске шынымен сенесің бе? Түлкінің боғы десе де.

– Мейлі, айта берсін. Әрине, сенгенде қандай? Мана айттым ғой, соңғы кезде ылғи бөпенің жаялығын, тәтәй көйлектерін көретін болдым. Ұл болсын, қыз болсын аман-есен босансам арманым болмас еді. Ең үлкен арманыма жетіп, бақытты болар едім.

– Сен не деп отырсың? Шынымен екіқабатсың ба?

– Үстімнен дөп түстің Айқынжан. Дәл таптың! Иә, екіқабатпын. Құрсағымда сенің сәбиің ұйықтап жатыр мұрны пысылдап.

– Алжыған шығарсың. Бала, бала деп басымды қатырып. Қашан көтеріп кеттің?

– Өзім де білмеймін. Етеккірім тоқтағалы төменгі жағым ауырып, мазам кетіп жүр еді. Саған сездірмеуге тырысып, тәуір болар дегенмін. Бала көтерем деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген. Бәрін алдын-ала өзіңмен келісіп, ақылдасып, пісіріп-түсіремін деп жүрсем жағдай осылай болып қалды. Осыдан екі апта бұрын жұмыстан сұранып дәрігерге бардым. Қан тапсырдым. Ойымда түк жоқ. Содан өткен жұмада дәрігерім телефон соғып, емханаға келіп кет тездетіп дейді. Бардым алып-ұшып. «Ләйлә, сүйінші! Жатырыңда үш апталық шарана жатыр» деді. Қуанғанымнан көзімнен жас парлап ақты... Бақыттан басым айналғандай дел-сал болып тұрып қалдым. Абдырап-сасып, жүрегім зу ете түсті. Өзі дұрыс дәрігер екен. Мұздай судан ішкізіп, есімді жиғызды. Жас анаға ерекше күтім қажеттігін, ренжуге, жүйкемді жұқартуға болмайтынын ескертті. Ал сен болсаң? Манадан бері «бала керек емес, тумайсың, алдыртып таста» деп байбаламға салдың.

– Қайдан білейін. Күндегідей құр қиялың шығар десем.

– Шындыққа көзіңді жеткіздім ғой. Айтшы, енді қарсы емессің бе?

– Ойлануым керек. Ол үшін маған біраз уақыт бер. Нақты шешімін кейін айтармын...

– Қызық екенсің. Қуанып, бетімнен шөпілдетіп сүйетін шығар десем.

– Өзің көргендей, балаға зәру емеспін.

– Әрине, зіңгіттей балаларың бар. Олар да үйленіп, немере сүйгізді. Отбасың түгел қасыңда. Төрт құбылаң төрткүл дүниедей теп-тегіс. Ал мен?! Менде кім бар? Ешкім жоқ. Алуа апамның жалғыз баласы да ауылда тұрады. Оның да бір түйір немересі нағашы ата-әжесінің бауырында. Тұрмыстары ауқатты болған соң Алуа апамнан гөрі құда-құдағайларға бүйрегі бұрып тұрады әлгі титтей баланың. Осы заманның сәбиіне дейін ұңғыт. Кімде ақша көп, кімнің дастарханы мол, кім неше түрлі ойыншықтар мен киімдер әпереді соларға қарай жүгіреді. Сондықтан өзім үшін бір бала болса да босанып, бауырыма бассам деймін, Айқын. Қазір бар арманым, ойым, ниетім осы титтей шаранамда... Тездетіп жетсем деймін сол күнге? – деп сіңілім алақанымен кіндігінің тұсын аялағандай сезілді маған. Есіктің сыртында тың-тыңдап тұрсам да, жүрегім қуаныштан қақ жарылуы жақын. Өйткені, Ләйләдан бұрын дәл осы арманға мен құлаш ұрып едім. Көктен алақанымды жайып тілеп едім, сіңілімнің қойнына домаланған бір сәбиді бере сал деп. Алла тағала, мінекей, сұрағаныма сыбағасын дарытқандай.

– Қайта-қайта бала, бала деп қақылдауыңды қоймадың ғой. Ертең ол өсіп болмайды. Тоғыз ай ішіңмен алысып жүресің. Көзіңе көрінген соң бағып-қағып тағы екі-үш жыл сілең құриды.

– Өз балаңнан неге қашасың, Айқын. Сені түсінер емеспін. Балажан шығар десем. Әлде асырап-бағуды қиынсынасың ба? Сол сәбидің саған зияны тие қоймас. Байлығыңды қопарып кетпес. Балаңа бола банкрот бола қоймассың?! О несі-ай, бала десе зәрезап болып. Өзің де бала болмай кім болдың. «Сәби болғым келеді, сәби болғым. Сәбиі жоқ ананың құшағында» деп Мұқағали ақын қалай тауып айтқан десеңші?! Мұқағалидың өлеңдерін оқушы кезімнен жаттап едім. Ақиық ақын айтпақшы, бәріміз де іңгәлаған, бейкүнә, шарасыз сәби болдық емеспіз бе. Екі аяғы аспаннан салбырап түскен адамзат жоқ. Әлде туғаннан жаялыққа емес, ақшаға оранып жаттың ба? Ертегідегі хандардың жалғыз баласындай күн санап өстің бе? Бір күнде бір жасқа, екі күнде екі жасқа толып, он күнде он айға, бір жылда бірден он жасқа жетіп, Толағай мен Алпамыстай, Қобыландыдай ер жеттің бе? Құрсағымдағы сәбиімде шаруаң болмасын. Сенен алимент те сұрамаймын.

– Әрине. Өз тегімде жоқ балаға не үшін алимент төлеймін.

– Алақан жайып, ақша сұрап алдыңа бармаймын. Бөпемді саған көрсетпеймін де. Осыдан қырыққа дейін туып алмасам, жалғыз қалатын түрім бар.

– Қалсаң ше? Жаман ба? Есесіне, құлағың тыныш болады.

– Қартайғанда қу басымды музейге сақтап қоямын ба мұздатып. Бүйткен жанымның тыныштығы бар болсын! Бұл өмірде соңымнан ұрпақ қалмаса, бір баланы бағып, адам етпесем неғып жүрмін жер басып? Өмірімді құр өткізіп. Ата-анам секілді өз парызымды дұрыстап өтеуім қажет.

– Саған шынымен ақыл кірейін деген екен, апырмай? Туғың келсе, өзің үшін туып ал. Ана атанғың келсе, оған да қарсы емеспін. Тек менен бір тиында сұраушы болма. Аяқ астынан шу шығарып, мазамды алма. Сендерге ақшам жоқ беретін.

– Сұрамаймын дедім ғой, с..ұ ...ра...май...мын! Рахмет, рұқсатыңды бергеніңе! Әйтпесе, балапанымды шошытасың деп қорқып едім тағы түйгіштеп... Жарайды, түсінгенің үшін мың рахмет саған! Бәсе, өз балаңнан өлсең де теріс айналмайтыныңды білгенмін.

– Асықпа. Қуануға ертерек әлі. Тәк, дұрыстап ұғып ал осы бастан. Ертең маған ренжіп, жылап жүрме қыр соңымнан қалмай.

– Не болып қалды тағы? Қара бұлтты төндіргелі отырсың ба?

Ләйлә сал-серіге тағы шүйлікті. Біздің қыздың да сұрағы таусылмайды.

– Бір баланы асырауға жағдайым жетеді. Қауқарым бар. Ақшам бар. Бірақ, бала тусаң арамыз дәл бүгінгідей жақын болмайды. Қыз бен жігіттей араласпаған соң ақшамды босқа шашпаймын.

– Жаңа ғана айттың ғой. Несіне қайталай бересің. Маған сенбесең, әкел, келісімшартқа қол қояйық. Тек ұрығыңды бұлдамай бергенің үшін бала тууыма рұқсат еткеніңді айқайлатып тұрып жаз! Ақша талап етпейтін бол деп үлкен әріптермен баттитып қой.

Бізді қыз бен жігіттей тату-тәтті тұрып жатыр деп кім айтты? Бірде тату, бірде араз, кемпір менен шалдың нақ өзіміз! – деп сіңілім қайсарлана түсті.

– Егер балалы болсақ, ара-қатынасымыз бұдан бетер суиды. Көңіліміз жериді.

– Жарайды, Айқын. Түсіндім сені. «Балалы үй – базар» деуші еді. Бала – шағалы үйлердің шатыры көкке ұшып, қабырғасы қақ бөлініп қирап жатқанын көрмеппін. Бірақ, бізге дегенде бәрі кері кетеді.

– Сен ертең көңіліңді маған емес, балаға бөлесің. Соған үбектейсің, жаялығын жуып, тамағын пісіресің. Ал мен өз жайыма қаламын.

– Құдай-ау, манадан бергі уайымың осы ма? Қартайған сайын қылдың-ау қылажақты. Ой, кешірерсің, «есейген сайын» дегенім ғой.

– Міне, көрдің бе, намысымды таптап, қартайдың деп жатырсың. Ертең елуге келгенімде баланы құшақтап тайып тұрсаң қайтемін. Өзің шамалас қырықтардағы жігітке тиіп кетсең не істеймін? Сенің ойың менен бала туып алып, жалғызбасты әйел атану секілді. Қазір жас жігіттермен қыдыратын келіншектер өте көп. Өздері үшін бір баланы туып алады да емін-еркін қыдырыстап, әркіммен сауық-сайран құрады. Тіпті, қалталы келіншектер көңіліне ұнаған жас жігіттерді жалдап, қалаған сағатында сауналарда кездеседі деп естідім. Оларға ақшасын төлейді. Әзір үй, дайын тамақ, салулы төсек. Тіпті, көлік әперетіндері бар көрінеді. Ақша не істетпейді адамға? Сен де менің арқамда бала туып, тайып кетпе сықылықтап...

– І, солай де... Қорқасың, ә?

– Мені шын сүйсең тумай-ақ қойшы. Бала емізіп, жөргегін жуып, қор боласың. Мен болсам ертелі-кеш жұмыстамын. Бәйбішемнің де бабын табуым керек.

– Қам жеме. Бәрін өзім сықитамын. Бір жасқа дейін еміземін. Анасының сүтін емген бала ауырмайды. Ақылды, тіл алғыш болып өседі. Айтпақшы, қазір жаялық жумайды ешкім бұрынғыдай. Бүгінгінің баласына жаялық емес, памперс кигізесің.

– Памперс денсаулыққа зиян дейді. Оның үстіне памперске ақша шақ келе ме. Күніне бір қорабын жоқ қылады тышқақ лақтай. Тісі шығады. Іші өтеді. Өй, бала деген өскенше азап қой, азап. Есіңді шығарады ертең көрерсің, бәлем!

– Ойбай-ау, ойлап таппайтының болсашы. Қайткенде ақша шашпаудың, темірден жасалған теңге болса да шығын шығармаудың айласы. Күректеп тапқан ақшаны не істейсің. Жерге көміп, гүл жасап өсіресің бе? Әлде пішен ғып үйесің бе?

– Бала, бала деп мазамды алдың. Жарайды, мен өз үйіме кеттім.

– Мынау сенің үйің емес пе сонда? Екеуміздің үйіміз болады, түбі сатып әперемін деп едің ғой.

– Бала тусаң бұл үйде тұрмайсың. Өз ақшаңа пәтер жалдайсың. Мені де көрмейсің.

– Неге? Осы ойыңның мән-мағынасын ашып айтшы.

– Басқа қыз-келіншектерге кетемін. Арамыздағы қарым-қатынасты үземін. Басым бос еркектердей қыдырамын.

– Неткен қатыгез ең. Опасыз! Ойнап айтсаң да, ойланып айт! Құдай бәрін естіп тұр.

– Естісін. Ертең мені кінәлап жүрмесін. Себебі, сенен бала сүйгім келмейтінін ол да білсін. Сенен бала сұраған жоқпын өйткені.

– Жазалайды деп қорықпайсың ба?

– Жоқ. Саған түсік тастатуға да қорықпаймын. Әңгіменің ашығын айтайын, әлі де кеш емес. Төрт апталық болса ертең барып алдыртып таста. Ішің өспей тұрғанда тездетіп құтыл.

– Аузыңа бір мешөк құм құйылсын! Гинекологтай ақыл үйретуін көлгірсіп. Құр ақыл айтуға шеберсің. Егер өзіңнің тұла бойыңа бала бітсе, отамен жұлып тастайсың ба? Осы еркектерді бала туатындай ғып жаратпады екен неге Алла тағала?! Көрер едім сонда не істейтіндеріңді? Қиналар ма екенсіңдер, қия алар ма екенсіңдер үлбіреген сәбиді тастап жүре беруге?!

– Сөз сүйектен өтеді дейді. Бірақ маған сөз батпайды, Ләйлә. Сұрамаған, күтпеген, тілемеген баланың қажеті жоқ. Сондықтан бұл шаруаны өзің шеш.

– Жексұрын екенсің! Сені ер азамат деп өліп-талып сүйіп жүрсем... Еш жігітке көзімнің қиығын салмай, жас өмірімді саған бола құрбан етсем... Өмірімді сенің жолыңа арнап, сеніп едім. Апамның айтуы дұрыс болды. Оны босқа жазғырыппын. Болашағыңның жоқ екенін байқаған екен ғой. Құрбыларымның сендей достары бала тумасаң кетемін, маған бала туып бер деп әлек салады. Сүйгенінен сәби көруді армандайды. Ал сен болсаң, ат-тоныңды ала қашып! Мейлің, кетсең –кет! Жолың болсын! Ал, маған балам керек! Туамын! Алдыртпаймын! Сәбиімді өзім бағып – қағамын! Асыраймын!

– Жоқ, барасың. Түсікті жасатасың. Мә, ақша.

– Ешқашан жарытып ақша бермейтін едің. Шаранам үшін шашылайын дедің бе?

– Пісіп-жетілмеген балаға бола шашып жатқан жоқпын. Мә, ұста! Бары осы! Бүгін қалтамдағы бар ақшаны немерелерім балмұздаққа сыпырып алды. Бұл бензинге алып қалғаным еді.

– Қанша?

– Қанша болушы еді. Он мың жетпеген бе?

– О..о..н, он мы.мы...м..ы...ң?

– Иә. Барымен базар де... Алмасаң кері әкел. Бұл ақша өзіме де керек. Маған ешкім он мың түгіл, бес тиын беріп жатқан жоқ.

– Он мыңға ешбір дәрігер түсік жасамайды. Ең кемі елу мың тұрады. Мынауың дымға да жетпейді.

– Жетпесе, жеткіз! Қалған ақшаны қалтаңа салайын деп жорта айтып тұрсың. Кафеге барып қыздармен вино ішіп, қиқаңдап билеп, жігіттердің көзіне түсіп жүрмексің ғой.

– Қызғанатының бар екен, ендеше ақша бер. Тамағыма тойып алып үйде отырайын. Ішімдегі бөпеме де тамақ керек. Өскен сайын ас сұрап, өңешімді үзе жаздайды.

– Жарайды, мен кеттім. Көп сөзді қой! Ертеңмен ерте оятамын. Жолға шығып тұратын бол. Дәрігерге өзім апарамын.

– Ертең күн жексенбі емес пе.

– А, солай ма? Бала, бала деп есімнен жаңылттың. Онда дүйсенбіде бұл шаруаны біржақты етесің.

– Жоқ! Бұдан былай бұйрық берме маған. Көзіме көрінбей жоғал! Баламды босанамын. Бұл пәтерді тапсырамын. Жағдайың түсінікті болды. Басыма қонған бақытымнан енді айырылмаймын! Қиындықпен өзім – ақ күресемін!

– Есесіне, менен айырыласың біржолата.

– Мейлі. Солай-ақ болсын. Сендей еркектен мынау пәк сәби артық. Ертең-ақ ана атанамын! Ана! Ана деген құдіретті атты иеленемін! Қыз біткеннің арманы әйел, ана, әже болу! Апам осы сөзді күн сайын қайталап, Құдайдан сұрайтын. Тілеуін берді. Сен бақпасаң да апам бағысады, қарайласады. Қасыма қонғанына мәз болатын сендей еркекке бала туып беруімнің өзі қате! Ол бала енді тек менікі болады. Менікі ғана. Ауылға, тіпті басқа қалаға кетіп қалсам да бөпемді өсіремін. Адам етемін. Саған күнімді қаратпаймын.

– Дегенің болсын, Ләйлім! Төрт немеремнің өзі бір қора балаға татиды. Солар ауырмай өссе болғаны. Саған бала керек деп өтінген жоқпын. Сенің балаң бүйтіп жатыр, сөйтіп жатыр деп маған келуші болма.

– Пәлеңнен аулақ! Тап қазірден бастап менің өмірімде жоқсың! Сені жүрегімнен сызамын! Енді сәбиім үшін өмір сүретін боламын! Бөпемді аман сау босансам болғаны. Осыдан артық ешкімнің керегі жоқ.

– Жақсы ендеше. Қош сау бол, Ләйлім!

– Қош бол, Айқын! Қайда жүрсең де аман жүр!

Есіктер тарс та тұрс ашылып, қайта жабылды. Ашуға булыққан сері-пері аулаға атып шықты. Дереу қолындағы кілтімен көлігін тұтатты да, атқа қонғандай асығыс-үсігіс тұра шапты. Көлігінің жылдамдығынан ашуы терісіне сыймай, ызғар шашып бара жатқанын аңғардым. Енді қайтпекпін? Қабырғаға жабысып, тасаға қашанғы тығылайын? Манадан бері үш-төрт сағат өткен шығар. Екеуінің айтыс-тартысын тыңдаймын деп қол-аяғым құрысып қалды тіземді бүкпестен тұра-тұра. Байғұс қыз жылап-сықтап қала берген секілді... Әйел атаулы түске дейін бақытты, кешке қарай бақытсыз емес пе? Өзі де сорлы. Мөлдіреген жанарынан жас кетпеген. Керемет татуласып келе жатқанда бекерге бұл әңгімені қайтадан бастады деп іштей сіңіліме өкпелімін. Бірақ, қолымнан келер дәрмен жоқ.

Жаздың ұзақ күні ұясына баяғыда батып, айнала қою қараңғылана түсті. Осыдан үйге жеткенімше түннің ортасы болады. Өзімде сіңілімнің қасында бір күн қонып, мауқымды басып кетейін деп шешкем. Үйде сүйгені бар екенін, айқай-шудың үстінен дөп түсерімді қайдан білейін. Бұлар ішер асқа таласқандай ұрыспай-керіспей, шекіспей отыра ма? Ақыр аяғы не болды міне. «Отбасы бар еркекке жолама. Жанұясы бар адам саған жолдас болмайды. Оның заңды некедегі әйелі, бала-шағасы бар екенін біле тұра, неге әріден сыйласпайсың» деп ақылымды үйіп-төктім. Өмірден алған тәрбиемді тарыдай шаштым. Тыңдады ма. Жә, мейлі. Ең бастысы құрсағына тірі жан бітті ғой әйтеуір. Тірі жан! Құлағына құйған ақылым санасына сіңгеніне қуаныштымын. Өмір бойы бала көтермесе қайтер еді? Қу тізесін құшақтап қала бермек пе? Сөйтіп жүріп қырыққа келеді. Өзінен он бір жас үлкендігі бар сал-серісі елуді елемейді. «Алпысқа, тал түске» келгенде қартайыппын, белім бүгілмейді, тізем иілмейді деп жаңағыдай бәйбішесіне тайып тұрады. Өз отбасы дайын тұрған иісі бөтен еркекке жолаудың қажеті жоқ. О бастан қатыгез, кісікиік еді. Әне, көрмейсің бе? Әлі мынау жарық сәуленің шұғыласын да сезбеген, іңгәлап сыртқа шықпаған, анасының құрсағында бүрісіп жатқан шарананы сылтауратып жөніне кетті. Қыз біткен қызғалдақ секілді ғой. Кең далаға көрік беріп, жайқалып өсіп тұрады да, қыстың қаһарлы аязы түгіл күздің желіне де шыдамай қурап қалады. Жаз ғұмыры, көктем көңілі қып-қысқа болғандықтан көзден әп-сәтте ғайып болады. Жұлдыздай ағып түседі. Ырғалып, жырғалып, құлпырып өседі менің Ләйлә сіңілім секілді. Айналасына көрік берген қызғалдақтай, қыз біткен солады да қалады көп ұзамай. Көздің жауын алып жайқалған қызғалдақтар көрікті гүлдің бірі болғанмен, мұң секілді. Тамыры қиылып, бәйшешектей бүр жарған жапырақтары лезде қурап, қауызын ашқан гүлдері күнге күйіп, қатары сирей береді. Құрсағына біткен шаранаға өмірдің базары мен ажарын сыйлау үшін сүйгенімен ауыр-ауыр сөзге келіп, керілдескен менің Ләйләмнің тағдыры тап қызғалдақтың тағдырындай! Бұрын-соңды танымайтын дәу еркек нәрін сорып-сорып, тамырынан жұлды. Гүлдерін суалтты. Енді, міне, басына іс түскенде аяғымен таптады да жөніне кетті. Апырмай, ауызы дуалы ақындар қызғалдаққа теңеген қыз атаулының жайнаған жас өмірі неге мұнша қысқа, неге мұнша қайғылы, мұңлы болады екен?!

Осылайша өз ойыммен біраз арпалыстым. Түйсігім жеңіліс бермеді. Себебі, ата-бабамның салт-дәстүрімен тоғыз айдан соң біздің үйдің де шамы жарқырай жанып, төрімізге титтей жүрегі бар балапан келмек... Әулетімізге жаңадан ұрпақ қосылмақ... Неткен сабақтастық десеңші. Бақыт десеңші. Сондықтан өз-өзімді жұбатып, санамды жаулап алған сан ойлардың соңынан қуа бермей, ішке кіруге бекіндім. «Есікті кілттеп, Ләйләм ұйықтап қалар. Шынымен, бойына біткен құрсақтың ғұмырлы болуымен құттықтайын. Әйтеуір, он бір жыл тектен-текке сері-перінің ермегі мен қолжаулығы, үстінің терісін сүртетін орамалы болмай, діттеген арманына жетті ғой. Мана түсіндегі балық құсап дұшпанымен алысып-алысып, күмбездей көк аспанға қалқып шықты ғой. Қанатын қанатқан хас дұшпаны сал-серісі шығар. Бәлки, «сүйгенімен» бүгінгі өкпе-реніші болар. Бұл реніштің соңы қуанышқа ұласар. Адам баласы алдынан ертең, арғы күні не күтіп тұрғанын білген бе. Ең бастысы көңілі аспанда қалқып тұрды ғой балық болып. Түбі қайыр дейік.

Осылайша өзімді жұбатып, алдарқатып, ойымды жинақтап ішке қарай беттедім. Есікті тұтқасынан ұстап қалып едім, айқара ашылып кетті. Аздап дыбыстап, сырттан біреу кіріп келе жатқанын сездірттім. Әйтпесе, сіңілімді шошытып алармын, бойына біткен қуанышы қорқып қалар деген ой келді әп-сәтте. Өзім де әлі күннің шуағын, айдың сәулесін, табиғаттың тылсым күшін сезбеген сәбиді сағынып барамын, емешегім үзіліп барады. Сіңілім айтқандай, сал-серінің шіріген дүниесіне қарап тұрған біз жоқпыз. Көзімнің алданышына айналар сол перзентті бұйыртса, өзімнің атыма жаздырып аламын. Домаланған доптай етіп ертең-ақ аймалап өсіремін. Ауылға қыдыртып алып барамын. Әттең, сол күнге сіңілім аман-сау жетсе болғаны.

VIІ

Әлгіндегі әңгімеден кейін сал-сері ұшты-күйлі жоғалды. Жердің астына кіріп кеткендей Ләйләға хабарласпай, ат ізін салмай ғайып болды. Біздің қыз жылады, сықтады. «Әйелдің көз жасынан басқа ұстанатын қаруы жоқ» демекші, қайтсін енді. Дәрменсіз күйге түсті. Бірақ, бойын тіктеп, есін жиды. Болашақ бөпесінің қамын ойлап, белін бекем буды. Жұмысынан кешікпеді. Сөйтіп, арада екі-үш ай өтті. Екі беті алмадай албырап, іші дөңгеленген айға ұқсап домаланып шыға келді. Ажары кіріп, бұрынғыдан бетер сұлуланды толған айдай! Жаратушы Ием әйел затын ана болу үшін жаратқан ғой. Қыз күнінде қанша сұлу болса да бұрынғы бет-аузы қатып-семген Ләйлә мен қазіргі Ләйләнің арасы жер мен көктей болды, жер мен көктей! Өзі баяғыдан ай қабақты, қарлығаш қасты, бота көзді ару еді. Тұла бойында «қырдың гүлі» жайқалып өсіп келе жатқан сайын жасарып, жайнай түсті.

– Ай-күнің толып, тоғыз ай өтсін. Бөпеңді емізген сайын гүлдей ашылып, құлпырасың. Сәби ана сүтіне қанып өсу үшін ауқаттану керек жақсылап. Сондықтан арнайы құнары мол тағамдар беремін. Ауылдан бағланның етін әкелемін. Анам мен әкем де бағып отырған малдарын сойып, саған сорпалық ет жіберер таксистерден деп бауырымның көңілін одан сайын өсіремін.

– Ата-анама некесіз балалы болғанымды қалай айтамыз? Ауыл іші дүр сілкініп, шулайтын шығар. Ел-жұрттан ұят болды-ау. Ең болмаса қасымда Айқын да жоқ арқа сүйейтін. Отбасылы еркектен бала көтергенімді шешем қалай қабылдар екен. Апа, сенің ренішің орынды. Өзіме тең жігітке кәдімгідей күйеуге шығып, некелі келіншегі болып, ақ босаға аттауым керек еді. Қайтерсің. Маңдайыма бұйырғаны осы болса...

– Жә, нали берме. Өткен іс өтті. Біз, адамдар әуелі қателесеміз. Сол қателігіміз арқылы түзелеміз. Маңдайға біткен тағдыр дейміз. Бұл дұрыс емес. О бастан емешегің сал-серіге үзілмегенде. Анау телефонист жігітпен кездесіп, оны да сынап көргенде. Бәлки дәм-тұздарың жарасып кетер ме еді.

– Мен оны сүйе алмадым, апа. Жүрекке әмір жүрмейді екен. Жарайды ендеше, өткен іске өкінбе. Жараның аузын тырнама. Сері-перің кете берсін. Егер оның жүрегінде жатталып қалғаның рас болса, өзі-ақ қайтып оралады, – деймін сіңілімді жұбатып қана жай сөзбен.

– Қашан? Қашан оралады? Мүлдем хабарсыз кетсе ше? Жүрегім сағыныштан екіге айырылатын болар.

– Қайдағыны айтпашы. Сәбиің бар емес пе. Сол үшін өмір сүремін деп бекініп, ант-су іштің ғой. Енді кері шегінуге жол жоқ, Ләйләш.

– Солайын-солай-ау. Бірақ Айқынның өзімшілдігін есіме алсам, құрсақтағы баламның ертеңгі болашағы не болар екен деп уайымдаймын, апа. Еркекке бала керек емес деуші еді мамам. Рас екен. Осы бір нәрестеме бола махаббатын тәрік етті ғой, – деп налыды сіңілім.

– Қамықпа. Бір қайғының соңы адам айтса нанғысыз қуанышқа ұласады. Әр баланың өз несібесі болады. Ішіндегі ақ көкем аман-сау көрінсінші әуелі. Құдай кездестіреді түбі әкесімен. Сонда ол да шыдай алмас!

– Апатайым, ойың қандай жақсы еді! Білмеймін. Кейде ол маған мейірімді, ақылды адам болып көрінеді. Кетерінде айтқан соңғы сөзін еске алсам, тас жүрек пе деймін. Мінезі қиқарлау, өркөкіректеу, менменшіл екенін бұрын қайтып байқамадым. Қайтіп зерттемедім.

– Ақшаның буы не істетпейді. Қаржысы көптер бара-бара кісі танымастай өзгеріп сала береді. Ал қыздардың дені емге жігіт көрмегендей құлай сүйеді. Көрінген көк аттыға бастары айналып қалады дуаланғандай. Арада біраз жылдар өтіп, қандай адам екеніне әбден көзі жеткенше көңілі суымайды. Кейде қателігін кеш түсінеді. Бәріміз де қыз болдық қой, қанатым.

– Апа, сен де жездеммен біз секілді ұрсысып, ренжістің бе?

– Сұрайсың-ау, дым білмегендей. Әрине, тегін қойылымның талайын қойғанбыз. Қазір айтпақ түгіл, есіме түсіруге ұялам. Бетімнен басам.

– Айтшы, неге, не үшін қырылдыңдар? Сосын қалай татуластыңдар? Бірінші мәмілеге сен келесің бе, ол келе ме? Қайсысың кешірімдісіңдер?

– Ойбай-ау, біздің жанұялық тірлігімізді қазбалап қайтесің? Көп сериялы кино ғой, кино! Лента секілді көз алдымнан шұбатылып өте беретін...

– Сонда да бір-екеуін есіңе түсірші? Білгім келеді. Отбасы, жанұя деген мәселені жан-жақты сараптап, ішімнен ой түйгім келеді. Ибалы, жақсы әйел болғым келеді, апа. Айқынға сәби сыйлап, адал жар болсам деп едім. Мақсатым көкке ұшты.

– Жаманшылық шақырма. Бәрі де қалпына келеді. Себебі, сәбидің өзі оны магниттей тартады ертең. Әр балақай өз ырыздығымен, несібесімен көрінеді көзге. Сәл сабыр ет.

– Жақсы ендеше, жездем екеуіңнің қызықтарыңды тыңдайын. Көңілім көтеріліп, күліп алайын.

– Жарайды, дегенің болсын. Баяғыда үйленген кезімізде жездең тым қызғаншақ болды. Үйге жігіттерін ертіп келеді шәй ішуге. Өңкей ығай мен сығайға саусағым майысып, білегім талып шәй құямын. Достары кеткен соң қараптан-қарап байланады.

– Не деп? Құйған шәйің мұздай деп пе?

– Жоға, шөл даладан таңдайы семіп келген сиырлар құсап екі самауыр шәй ішеді ғой. Бір дос жігіті бар, шошақтың шөлінен келгендей шәйға қанбайтын. Кесені сызығына дейін тегістеп, толтырып құйсаң да бәрібір. Іше береді, іше береді. Кемпірлерде өйтіп шәй ішпес шәйнектеп. Маңдайынан бұршақтап тері ағады. Оны орамалмен ысқылап сүртеді. Ол кеткен бойда жиіркеніп жуамын. Күнге кептіріп, үтіктеймін. Әрине, терінің иісі бұрқырап орамалға сіңіп қалады. Қазіргідей автомат машина жоқ. Осы күнгі әйелдерде арман не. Біз құсап ауылдық жерде келін болса, етпеттеп жататын шығар бір апта тұра алмай. Талай қиындыққа тап келдік. Қор болдық. Ас пен шәйға тойған достары өре түрегеліп жөніне кетеді. Ал біздікі... Ұрыс шығаруды бастайды. «Жігіттеріме шәй құйып отырып көзіңнің қиығын салдың. Байқап қалдым. Әсіресе, арамыздағы ең жас трактористке кесені ұсынғанда сүзіле қарадың. Мені кісіге санамадың. Ол да сенің саусағыңды кесенің сыртынан сипап өтті. Бұл не масқара? Көзіме шөп салғалы жүрсің, ей, қатын!» деп қолына ілінгенді лақтырып кеп жібереді. Міне, қырғын айқай осылай басталады. Қып-қызыл төбелеске ұласады. Осы ма естиін дегенің? Жездеңнің жыны жаман. Көзіңді шығара жаздайды. Қолына іліккен затты бет-жүзіңе қарамай зытыра салады.

– Мәссаған. Мен оны қойдан да жуас деп жүрсем.

– Айтпақшы, қой демекші, жаз шықса өзіңе мәлім, әрбір үйде ешкінің жүнін тарап, қойларды қырқу басталады. Таза науқан. Қойлардың шуаш-шуаш жүндерін қырықтықтан өткізе алмай қор боламыз. Көршілеріміз болса, ың-шыңсыз қойларын қырқып, шаруаларын күйттеп, кешкісін сүт кеспе пісіріп ішіп, тыңқиып жата кетеді көрпенін астына. Ал біздікі... Тентек қой тыпырласа да, астауға су толмаса да, бұзаулар сиырды еміп қойса да, қазандағы сүт тасып кетсе де әйтеуір үйдегі тірліктің бәріне мені кінәлап, жұдырығын ала жүгіреді. Мысымен қорқытады. Осыдан соң арамызда қайдан махаббат сезімі болсын. Қырықтың о жақ, бұ жағында суып кеттік.

– Әттең, кішкентай болғанымды-ай? Сотқар жезде екенін білгенде «апамды қорлама, алып кетемін» деп байбалам салатын едім.

– Ей, қарғам-ай. Сен түгіл шешеме де көнбегенмін. Біресе ат арбамен, біресе түйе арбамен талай келді ғой ойбайын салып. Пішеншілер күйеуімнің басымнан оқтаумен ұрып, көзімнің үстін көгертіп қойғанын айтып барыпты бірнеше рет.

– Қалай шыдадың осыншалық қорлыққа? Неге айырылып кетпедің?

– Міне, осы сұрақты саған да қояр едім, Ләйләжан. Қалай шыдап жүрсің? Қайырымсыз кісі екенін біле тұра сері-періден неге айнымайсың? Жерімейсің? Оны неге ұмыта алмайсың? Көңіліңді неге одан суытпайсың? Отбасы бар еркектен не үміт, не қайыр?! – деп діңкеңді тағы да құртар едім. Бірақ, сөзіме ден қоймайсың ғой.

– Күлемін бе десем, тағы да жылататын болдың ғой, апа. Менің езуіме енді күлкі үйірілмейтін шығар.

– Налыма. Күлкінің де, бақытты өмірдің де өз шегі бар. Бұл өмірде жақсылық та, жамандық та шектеулі. Әйел затына бостан-бос ыржақтай берудің қажеті жоқ. Көп күлген ненің соры екенін білесің ғой.

– Туу, апа, болды енді. Сонымен әңгімеңнің тоқ етерін айтшы. Ылғи, бір нәрсені әп-әсем бастайсың да, соңғы жағын сиырқұйымшақтатып жібересің.

– Енді... Бірін бастап, екіншісіне кетемін сенің миыңа қиқымдай болса да ақыл кірсін деп. Сен құсап, қит етсе шешемді азғырушы ем. Қазір ойлап отырсам, бар ақылын үйіп-төккен анама әділетсіздік жасаппын. Айтқан тілің бекерге алмаппын. Алаңғасар мінезімнен тұла бойым тұңғышымды шетінеттім сиырға тебіліп. Бойыма бала бітпей біраз жыл жүрдім қиналып. Бірақ та жаман жездең болмаса соңыма қайтіп ұрпақ қалдырамын? Ұрса да, тепсе де байым ғой пешенеме жазылған. Адам баласының тағдыры қилы-қилы келеді. Әйел байғұс қырық шырақты. Күйеуі ішкіш болса да балалары үшін шыдайды. Сырт көзге білдіртпейді. Келген босағамнан кері аттасам, ата-енемнің киесі ұрар деп қамығады. Қартайып, бетінің әрі мен нәрі кеткенде кімге керекпін деп тағы ойлайды. Ақ босағаға тастай батып, судай сіңуден басқа амалы қалмайды. Жалғыз мен деймісің жездеңнің таяғын жеп, тепкісіне шыдаған. Ауылда көрші тұрған апаларым, келіндерім, сіңлілерім күйеулері шыбықпен соқса да, арқанмен байлап тастаса да, қораға қамап қойса да мыңқ етпейтін. Қайтсін. Барар жер, басар таулары жоқ! Күйбең тірлік, бірде ащы, бірде тұщы өмір. Әйел баласы көнбіс, шыдамды, сабырлы келеді. Еркекті ұрып көр, мықты болсаң! Қолыңды артыңа қайырып, басыңды жарып, пышақтап, сойып тастасын! Ал, біздер бала жетім өспесін, әкесін іздеп елегізімесін, тілі шыққанда «әкемді тауып бер» демесін деп баланың қамын, ертеңгі тағдырын ойлаймыз. Өзегіңді жарып шыққан перзентіңнің өмірі үшін күресіп, қамығамыз. Күні ертең сенде осылай істейсің. Балапаның үшін жаныңды аямайсың. Еркектердің ішінде де сыпайы, мәдениетті, оқыған-тоқығаны мол, қыз мінезді жуастары болады. Оларға керісінше «жолбарыстай» жауыз қыздар тап келеді. Сондықтан ер адамдардың бәрі шетінен қатыгез, мейірімсіз деп жамандай беруге болмайды.

– Өте дұрыс айтасың, апа. Кім-кімнің де мінезіне байланысты болып тұр ғой бәрі де. Айқынды сыртынан айыптап, жамандасам да балам екеумізге жуас, жақсы әке тап болмас. Бұдан былай балапаным үшін өмір сүремін. Сәбиімнің тамағы тоқ, ұйқысы тыныш, күлкісі күміс болуын ойлаймын, – деп сіңілім кіндігінің тұсын алақанымен аймалап-аймалап жіберді.

– Әрине, алдағы уақытта жақсы, нұрлы өмір сүруге сәбиің күш-қайрат береді, қуат сыйлайды. Баяғыдан зар илеп, айтқаным осы мәселе ғой. Енді жалғыз емессің. Бүгіннен бастап бөпеңмен сырлас, сөйлес. Оған жылы сөздеріңді көбірек айта түс. «Әкең бізді тастап кетті. Оның өз бала-келіні, немерелері бар деме. Саған ол жат. Оның отбасы басқа» деп жерді тепкілеме. Керісінше, «балапаным, сенің бауырларың өте көп. Әкең екеуміз сені сағына күтудеміз. Сені аялап, мәпелеп өсіреміз. Папатайың сен үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Сенен ештеңені аямайды. Тарықтырмайды. Құдай қаласа, жарық дүниенің есігін ашқан бойда сені бұл әлемдегі ең, ең бақытты балақай жасаймыз әкең екеуміз!» деп қой, жарай ма?!

– Жарайды, апа, жарайды.

– «Жақсы сөз – жарым ырыс», қарағым. Кім біледі, мүмкін осы шаранаң екеуіңді қайтадан табыстырып, қол ұстасып бірге өмір сүруге жетелейтін шығар. Бәрі де анау көктегі Ақ Тәңірдің қолында! Осыны қаперіңнен шығарма! Жатсаң да, тұрсаң да жақсы ойлармен жүр. Жаныңда сал-серің күлімдеп жүргендей бол. Бөпелеріңді ортаға алып ойнатып, бірге серуендеп, әлпеншек теуіп жүргендей көз алдыңа қуанышты сәттерді көбірек елестет. Сонда бәрі тамаша болады. Осы айтқанымды бұлжытпай істесең, арсалаңдап әлгі сал-серің есігіңді қағып тұрады өз аяғымен келіп.

– Дә, солай ма, рас па?

– Әрине, солай. Екеуің екі жақта жүрсеңдер де он бір жыл кездесіп, талай тәтті шақтарды бастарыңнан бірге өткеріп тұрдыңдар ғой. Он бір жыл! Мұның ішінде қаншама күндер, апталар, айлар, сағаттар, жылдар жатыр. Еске алатын, сағынатын, еміреніп, бір-біріңді жоқтайтын кездер жоқ емес, бар ғой. Және болғанда қандай?! Ашумен айтса айтқан шығар бала жайлы ойларын. Бірақ, меніңше ол сені ұмытуы мүмкін емес. Ажырасқандар мен араздасқандарды әуелі оңаша төсек, сосын танауы тәңкиген бала қосады. Осы айтқаным болмаса, әкел қолыңды!

– Апатайым менің! Рахмет саған! Қуантып тастадың ғой, құлыным екеумізді! Неткен психолог, көріпкел едің! Шынымен де актрисасың театрдың оқуын тауысқан. Саған сахнада түрлі образдарды ойнап жүру керек еді. Әттең, артист болғаныңда ғой... Ендігі сахнада сайрап, көздерің жайнап тұрар еді.

– Нешауа. Өткен өміріңе өкінбеу керек. Анамның құрсағынан қайтадан жаратылсам тап осы тағдырымды таңдар едім.

– Неге? Осылай қайтадан өмір сүрер ме едің?

– Ә, несі бар. Қарапайым болмысыммен қалар едім. Есім дұрыс. Денім сау. Құлағым естиді. Көз жанарым көреді. Қол-аяғым жүреді. Айтшы, кімнен кеммін? Сендей еркетотай сіңілім бар. Ақылды ұлым бар. Тамырымды жалғайтын ұрпағым бар. Немерем де күні ертең дырау болып, мектепке барады. Әке-шешеміз әлі тірі. Үш перзент сүйсе де, біреуіне салмақ салмай өз күндерін өздері көріп, қартайса да аман-сау тұрып жатыр. Еліміз тыныш. Басымыз аман. Осыдан артық не керек. Бұйыртса, сенен өрген ұрпақты да көремін. Міне, осының өзі бақыт білгенге. Осыған да шүкір.

– Дегенмен, кейде сенің әңгімелеріңді тыңдап отырып, неге Алматыға оқуға бармады екен. Неге жоғары білім алмады екен. Неге театрдың оқуына түспеді екен деп ойлаймын. Сенің тиіп-қашып мектепте жұмыс істеп, еден жуып күнелткеніңе ішім удай ашиды. Әттең, сен менің емес, мен сенің апаң болғанымда ғой, оқуға түсіріп, диплом алып беретін едім. Ал, сен мені оқытып, киіндіріп, ішіндіріп, бар жағдайды маған ғана жасадың да, өзің бір тасада қалып қойдың. Қазір жетектеп апарып өнер академиясына түсірер едім, енді бәрі тым кеш... – деп Ләйләм мұңайып қалды.

– Қой, маған бола налыма. Менің оқу-тоқуым да, театрым да, сахнам да жездең болды ғой. Жездең. Үстіне бір шелек май төгіп алғандай, май-май болып жүретін. Үйге сілесі қатып келетін. Совхоздың барлық қара жұмысын жалықпай жасайтын. Ертеңмен моторынан жіппен тартып қалмасаң емге тұтанбайтын сынық көк тракторының астына жер бауырлап жататын. Сол трактордың біресе астына аунап, біресе үстіне шығып зығырданы қайнайтын. Біресе жер жыртып, біресе слесарь болып жұрттың темір-терсегін тоқпен күйдіріп, бет-аузына күйе жаққандай кір-қожалақ, салтақ-салтақ болып жүретін. Жұмыс десе жанын салатын. Қолы күс-күс болып, үстінен солярканың иісі мүңкіп тұратын. Сонда да оның май сасыған иісінен жеріген жоқпын. Ұрса да, жықса да қас-қабағына қарап, көңілін табуға тырыстым. Осы күні көңілім босап, жездеңнің жақсы қасиеттерін, аңғалдығын, қонақжайлығын еміс-еміс еске аламын. Қартайсам да оны жоқтаймын әлі күнге. Ұмыта алмаймын. Кейде жалғызсыраймын. Жас уақытта адуын мінез кімде болмайды. Есейіп, ақыл тоқтатқанда байғұс шалым ауырды-сырқады. Сөйтіп жүріп келмеске кетті. Адамның ғұмыры бір тұтам жіп секілді. Аумалы-төкпелі, алдамшы тірлік...

– Осындай қиыншылықты көтере білген саған ауылдың қақ төрінен ескерткіш қою керек, апа. Неткен шыдамды, төзімді едің? Ал біз болсақ күйеуіміздің бір ауыз қатты сөзін көтере алмай қорланып, ызаланып айқайласуға дайын тұрамыз.

– Жалғыз маған емес, ауылдағы бүкіл әйелге пәмитник қою керек қолдан келсе. Шешелеріміз де қаншама қиындыққа шыдады. Ал бүгінгінің қыз-келіншектері, әйелдері шетінен арамтамақ, еркетотай. Қонақ шақырса супермаркеттен қазысын, қартасын, тортын, салатын сатып әкеле салады. Күйе-күйе болып ошақты күзетіп, қазан сапыратын күндерімді айтсам таң атар, қарағым. Осыдан жиырма жыл бұрынғы ауылдағы әйелдің тұрмысы мен қазіргілердің тұрмысын салыстыруға болмайды.

– Иә, солай. Мәссаған, сағат та сегізге таяп қалыпты. Айқын бүгінде хабарласпады. Апа, егер мүлдем үн-түнсіз кетсе не істеймін? Бұдан былай оны көрмеуім мүмкін бе? Із-түссіз жоғалса ше? Көңілімді қорқыныш билейді.

– Жә, қам жеме. Әлі ерте ғой. Түнге шейін звандап қалар. Жаңа ғана жаман ойдан аулақ бол, жақсы ойла дегенім қайда?

– Білем. Бірақ та Айқынды көрмесем жүрегім сыздап ауырады да тұрады. Оған тым бауыр басыппын. Әсіресе, түнде төсегіме жатқанда көпке дейін ұйықтай алмай елегізимін. Есікті тықылдатып қаққандай сезіледі. Дыбыстағандай, есіктің кілтін өзі ашып, сырттан кіріп келе жатқандай болады.

– Ойлағаннан шығар. Қорықпа. Келеді ғой. Қайда кетер дейсің. Ылғи сері-періңмен бірге түнеп жүрген ештенең жоқ қой. Түнделетіп үйіне кетпеуші ме еді.

– Ол бір сағатқа келіп кетсе де көңілім тоқ, алаңсыз болатын. Оны шығарып салып бейқам жатушы едім. Ал қазір... Хабар-ошарсыз кеткен соң сағынғаннан не істерімді білмеймін. Бекерге ұрысыппын. Жүктілігімді білдіртпеуім керек еді. Бөпем жайлы түк сездірмеуім керек еді.

– Қалай? Одан бетер егеспей ме, сосын жасырдың деп. Айтқаның дұрыс болды. Әңгіменің басын ашып алдың. Енді қандай шешім қабылдаса да өз еркі.

– Қайырылмаса қайтемін?

– Мүмкін емес. Адамды бір-біріне алыстан тартып тұратын магнит болатын көрінеді. Физикалық тартылыс күші. Осы күш тартады екеуіңді.

– Аузыңа май апатайым. Білмейтінің болсашы.

– Құлай сүйді ме, жәй қызығып көрді ме, осы жолы бәріне көзің жетеді. Піссімілләңді айтып жат. Жақсы ойларға беріліп ұйықта. Нағыз қорықсаң қонуға келейін. Бірақ, соңғы кезде жасап жүрген жаңа жұмысым, көбіне түнде ғой құрғыр. Әйтпесе, қасыңда болар едім. Құр уайымға салына бермей, балаға сақ бол. Түнде етпетіңнен түсіп ұйықтама. Бір қырыңнан жат. Баяғыда біздің ауылдағы бір келіншек түнде қайын сіңілісімен өзенге барып суға шомылыпты. Үй ыссы деп терлеген білем. Содан ертесіне іштегі баласы судан шошып, түсік тастады. Түнде суға түсуге болмайды. Шайтан қағады. Су перісі адамды өзіне тартып алады. Жасы қырыққа таяған шақта көтеріп еді. Құдайдан жалынып-жалпайып сұрағанмен бұйырмады. Сақтансаң-сақтармын деп үлкендер жағы текке айтпаған. Сол сері-періні ешкім көтеріп әкетпес. Өзіңді, іштегі балаңды күт. Бар үмітің, болашағың құрсақтағы сәбиің ғана. Егер аман-сау ақ түйенің қарны жарылса, оның іңгәлаған даусын ата-бабаларың әкесіне қалайда естіртеді. Сездіртеді. Алланың әмірі күшті, қанатым. Жүрегі лүпілдеп өзі-ақ сонда жетеді. Айтқаным айтқан! Егер осы айтқаным болмаса, әкел қолыңды. пұштиған мұрнымды сол кезде кесіп, перзентханаға тастай салайын.

– Ой, апа! Апам менің! Сен болмасаң қайтып күн көрер екенмін. Бар бол, аман-сау болшы, сен... – деп Ләйләм бір марқайып қалды бетімнен еркелей сүйіп.

VIII

Иә, осылайша Ләйләштың көңілін бірлеп қоямын кейде. Жападан-жалғыз үйде ішім пысады. Моншадағы жұмысымды тапсырып, жақында 24 сағат бойы есігін жаппай жұмыс істейтін дүкенге сатушы болып кіргелі жүрмін. Қазір жатақханада пәлендей жұмыс жоқ. Оның үстіне сері-пері сіңіліммен бала туу мәселесі жайлы сөзге келіп, килігіп, қырың қарағалы мұндағы еден жуушы, күзетшіге көмекші дегендей кәкір-шүкір шаруаның бәрін ысырып қойдым. Сері-періге алақан жайып, ай сайын төлейтін жиырма мың теңгеге бола алдында бүрсектеп жүргім келмеді. Бұған дейін моншаның есепшісі және еден жуушы жұмыстарын қоса атқарып ем. Ойбай, мұндағы хикаяны айтсам тағы ұзаққа кетемін-ау... Сіңілімнің сал-серіден аяғы ауырлап, құрсағына тірі жанның біткені қандай көрім болды. «Дені дұрыс ер адам жоқ, жігіт жоқ» деп жылауы да орынды бір жағынан. Мен жұмыс істейтін саунаға күн ұзағына неше түрлі қыз бен жігіт, еркек пен әйел топтасып, араласып кіріп-шығып жатады. Әсіресе, жиырма мен отыздың арасындағы жігіттерге не жорық десеңші. Үйленгендеріне он-он бес, жиырма жыл болмай жатып керемет келіншектерінен, кішкентай балаларынан жеріп, сауық-сайран құрғандары. Көбісі көз алдайды. Қыз біткенді шұлықша ауыстырады ұялмай-қызармай. Шаштарын жалбыратып қызыл күреңге, сары мен қоңыр түске жылтыратып бояған он шақты қыздың ұсқынын, сидиған ұзын сирақтарын, бұттарына шолтитып киіп алған шортиктеріне шейін жаттап алдым. Суретсіз-ақ бет-әлпеттерін айна-қатесіз танимын. Өткен сенбіде ілмиген бір жігітпен құшақтасып, моншаға түсуге келіп еді. Ал бүгін қарны шелектей нән еркекке жабысып, әлгі он қыздың біреуі тағы келді моншаға. Қолтықтасып бөтен біреулермен кіріп-шығып жүр екі-үш құрбысы. Қай-қайсысы да ардан безген... Сезім атаулыдан алшақ қалған. Бәрінің бар білгені шылым шегіп, шарап ішу. Оңашада айтатын әңгімелерін естісең ғой. Жүрегіңнің жүнін жұлып, қырқа жаздайды.

– Әй, сен анау тақырбасқа қаншаға келістің? Сағатына он мың дедің бе, жоқ па дейді бір-біріне дауыстап.

– Он мың аз емес пе?

Керісінше көп...

– Саудаласайық. Құйып отырған арақтары арзан-ақ. Тамақты қырады, таңдайды жырады.

– Үстелде бір плитка шоколад пен ащы лимоннан басқа дым жоқ. Кәрістің салаты мен шұжық сатып алуға ақшалары жетпегендей.

– Соны айтшы. Екі алманы төртке бөліп, ортаға қойғанын айтам-ау. Мыстан неме. Егер қалтасы көтермесе қыз қай теңдері? Бізді пақыр санай ма? Құл көре ме? Ендеше, оларға денеміздің әр мүшесін бұлдайық. Бұлданайық. Талайдың арқасын сипап, ақшаны күреп тауып жүргенімізді білмейді емес, біле тұра әкелген астарының сыйқын қарашы.

– Сендер босқа тыраштанбаңдар. Олар бізді беске біледі. Кеше келіп, анау екі боқ қарынның достарымен суға түстік. Өткен жексенбіде алтауына казинода таңға дейін карта үйлестірдік. Ал бүгін үшеуі қалыпты состиып. Бұл қыздарға бәрібір дейтін шығар.

– Демек, ақшалары біткен. Сонда казинодағы екі мұртты қалталарын сыпырып, түбіне дейін қағып алды емес пе. Өтіріктен байсынып карта ойнау не теңдері еді? Көрпелеріне қарай көсілмей бізбен ойнап-күлгілері келеді еще...

– Ұнап қалғанбыз ғой, хе, хе, хе... Әсіресе, қарны шелектейі әліне қарамай... Жиіркенішті-ақ! Өзі сараңның сараңы! Дегенінің бәріне көндіріп-көндіріп, кетерінде ақшам жоқ, ақшам жоқ дейді ылғи қалтырап-дірілдеп. «Алсаңдар да, алмасаңдар да мейлілерің. Мендегі бары осы» деп бес мыңды тастай қашқанын айтсаңшы кеше.

– Олардан дәл қазір өшімізді алсақ қайтеді?! Үндемей, жем бола береміз бе? Қазір көйлек-шалбардан бастап іш киімдерін, нәскилерін, туфлилерін жасырып қояйық. Бассейнде балықтай сүңгіп жүргенде тақыршаққа отырғызып кетейік.

– Бүгін үшеуі де тым қызғын. Судан шыққылары келмей жүргендері де содан морждар құсап. Қазір олардың денесін жылытқан болып, массаж жасайық сылап-сипап. Алдана берсін. Масаң күйлерінде ақшаларын сыпырып қалмасақ, бүгін де зытып кетуден дүз жазбайды.

– Көрдіңдер ме, ақшаға келгенде қалай жылайды, ә?

– Сонда бәрі тегін жүріп-тұрғысы келеді ме екен. Жас иісті аңсайды әлдеріне қарамай. Ал ақысын төлерде шалбарының ышқырын сала алмай, дір-дір етеді, оңбағандар.

– Дұрыс айтасыңдар. Осыдан үшеуі әрқайсымызға он мыңнан ұстатпаса, келіспейік. Тегін қатынды қайдан табар екен. Минутына дейін есептеп, шотпен соққандай пысықтап қояйық.

– Жындымысың? Шет жақтағы жол бойында біздей қыздар толып тұр ғой қолдарын көтеріп. Кеше бір пәдругам тал түсте бейтаныс жолаушының елу мың теңгесін қағып түсіріпті.

– Ойпырмай, жолының болғышын. Шамасы, оған қалтасы қалыңдауы тап келген ғой. Жұрттың қызының бағы бес елі.

– Ақшасы көптері бізге жоламай қайда жүреді осы?!

– Ақша, ақша деп құнықпай бұйырғанын алайық. Он мың теңге үшін өлтіріп кетер. Осы күні саунаға келудің өзі қорқынышты. Бізден тезірек құтылу үшін қылғындара салады. Болмаса басымызды бассейнге тығып тұншықтыра қояды. Бітті шаруа. Конец света деген сол... Талай жезөкшелер моншада мерт болып жатқан жоқ па? Қанша қыздың өлі денесі өзеннен табылуда.

– Дұрыс айтасың. Өткенде интернеттен оқыдым. Ақша табу оңай емес. Біздің де жұмысымыз соңғы кезде қиындап кетті. Бәсекелестер тым көп. Түнгі көбелектердің ең кішісі, ең жасы он жеті мен он сегізде. Бәрі қатардан қалғысы келмейді. Қымбат киім, иіс су, фирмалық косметика алу үшін ақша керек.

– Бәрі шетінен уылжыған жас әрі әдемі көрінгісі келеді. Сондықтан бізге енді қалталылар жоламайды. Кішкентай ханшайымдар тұрғанда.

– Біз, ең кәрі сайқалдар болдық қой!

– Мұны мойындауымыз керек. Жиырма бестегілер өздерін қарт санап, түнгі клубқа кірмейді. Біреу-міреуді қағу үшін кафелерді сығалап, сыртта жүреді. Ал қазір жасымыз жиырма тоғызға келгенде бізге не жоқ?

– Айтуың орынды. Бірақ, ақша таппай үйде қалай отырамыз? Оның үстіне «ауру қалса да әдет қалмайды». Осы ауруымды қайтсем қояр екенмін?! Кейде өз-өзімді жек көремін. Әсіресе, ұйқыдан тұрғанда айнаға қарағым келмейді. Арланамын, намыстанамын. Әркіммен ауыз жаласқаныма жиіркеніп тісімді үш қайтара шаямын тіс пастасымен, –деген сәтте бейтаныс сарысы, тұла бойым дірілдеп, құса жаздадым. Осы күні қыз біткеннің қатты бұзылғанына қайран қалдым.

– Онда неменеге біздің қатарымызда жүрсің? Үйіңде неге тыныш жатпайсың – деді,тағы бір қоңыр шаштысы.

– Енді қайтейін. Күнелтіс керек. Мені осындай күйге, жаман әдетке жеткізген өзімнің күйеуім! Әке-шешеме құда түсіртіп, тойымды жасатып, баталарын алып, ақ көйлекті киіп, әп-әсем болып күйеуге шығып едім. Әттең, оңбады... Күйеуімнің шаруаға ебі жоқ, жатып ішер екенін бірге тұрғаннан кейін білдім. Егер ол баламды асырап, өзімді ішіндіріп-киіндірсе, мұндай күйге түспес едім. «Сауда жасаймын, ақша табамын» деп алтындарымды сатып тауысты. Ең соңында көзі некелі жүзігіме түсті. Дос-жарандарымен бірігіп, қорап-қорап темекі сатты. Жартысын өзі тартты. Ақыр соңында ақшалары айналысқа түспей, өздері тақыршаққа отырып қалды. Сауда-саттық қолдарынан келмейтіні бар, несіне жолайды деймін-ау. Содан баласын маған тастады да кетті Ресей жаққа. Табыс табамын, сендерге көө...ө..өп ақша әкелемін деп. Ұшты-күйлі жоғалды. Былтыр күзде Ресейге барған жолдас жігіті күйеуімнің өзінен бәлен жас үлкен орыс келіншегімен бірге тұрып жатқанын, соның алма бағын суарып, күтіп жүргенін айтып келді. Ақыры одан күдерімді үзіп, осы іске бойымды үйреттім. Қайта, сендер тап келіп, қатарларыңа қосып алдыңдар. Әйтпесе, отыз мың жалақымен қайтіп күн көремін. Дымға жетпейді, – деп ішіндегісін ақтарып салды. Қалған құрбылары да тиіп-қашып өздері жайлы сараңдау сөз етті. Тыңдап отырсам, бәрі сүйіп қосылған күйеулерін жамандайды. Ғайбаттайды. «Еркектер ерке халық. Олардың еркелігін кім көтерсін. Солардың өмірге деген немқұрайлығынан балаларымыз тірі жетім, өзіміз тірі жесір болдық», – деп налиды моншада бас қосқан қыз-қырқындар. Үш жалбыр шаштың мұңға толы әңгімелері жалғаса берер ме еді, кім білсін. Кенет, қыздарға серіктес болған үш еркек судан шыққан балапандай бассейннен атып шықты. Сол мезетте қыздар да орындарынан өре түрегеліп, оларға қарсы жүрді.

– Енді арқаларына массаж жасап, денелерін сүртіп, он мыңнан сұрайық. Келіспесе, тамақтарын тойып ішейік те киімдерін ұрлап кетейік. Көшеге жалаңаш шықсын ха, ха, ха, – деді ұзын бойлысы батылданып.

– Өзі де. Екеуің жорта сөзге тарта беріңдер, мен көйлек-шалбарларын пакетіме салып, дайындап қояйын, – деп қасы-көзі қылқиған, талдырмашы киім шешетін шкафтың аузын бағуға кірісті.

Көзіме ылғи оттай басылатын бұл үшеуінің қулығы жағамды ұстатты. Мұндайды кім естіп, кім көрген. «Қойыңдар, айтып қоямын» деп ескертіп едім. Өзіме шап ете түсті. «Билетіңді жыртып, еденіңді жуып, отыра бер, бізде жұмысың болмасын» деді үшеуі үш жақтан шала қазақшалап, таза орысшалап. Содан еркектерді біраз әуреледі. Ақша сұрап бастарын айналдырды цыганның қатындарындай. Бірінен-бірі өткен нағыз тіс қаққан, әккі екен оларда. Үшеуі үш жақтан алақан жайып қыңқылдаса да мыңқ етпеді. Ақыры бұлардан шәй суымайтынын біліп, бір-біріне көздерімен ымдасты. Сирағы сидиған арығы кемпір құсап буып-түйген пакетті сөмкесімен бірге дәлізге ала жүгірді. Іле шылым шегіп, бассейнге сүңгіп, салқындауға шыққан екеуі подругасының соңынан тұра шапты. Түтік-түтік орамалдарын белден төмен байлаған күйі кеуделері мен бөкселері жалтырап, теректің тасасына қарай зып берді. Үш еркек сыраларын ішіп, қарқ-қарқ күліп бөлмеде отыра берді. Жалаңаш қалғандарын қайдан білсін. Өздерінше қолдары мақпалдай жұмсақ жас қыздардың сылап-сипағанына мәз. Олардың ішке бүккен айлаларын асырып, теректің тасасында түсі ағарған джинси шалбарларының қалтасын тінтіп, ақша іздеп жатқанымен істері жоқ.

– Енді несін санайсыңдар, тезірек қарап, лақтыра салыңдар, – деп бұйырды біреуі.

– Умаждалып қалыпты. Бәрін қосқанда отызға да жетпейтін секілді, – деді екіншісі.

– Қайдағы отыз? Он бес мыңға да жетпейді. Менің қолыма іліккені жеті мың теңге ғана...

– Менде сегіз мың екі жүз теңге.

– Көрдіңдер ме, бізді қалай алдағандарын?! Бұдан былай үшеуін де желкеміздің шұңқыры көрсін. Енді бұл саунадан клиент іздемейміз, ұқтыңдар ғой. Алыс болса да қаланың шет жағына шығамыз, – деді сары шаштысы бұйырып.

– Бір күні алдымыздан тап келсе қайтеміз. Біз құсаған «қояндарды» жан-жақтан аулап үйренгендер. Сондықтан мына киімдерінің бәрін осы араға тастап кетейік, – деп естиярлауы жөнге салғандай болды.

– Жоқ, тастамаймыз. Лақтырып кетеміз. Обалдары өздеріне! – деді тағы біреуі.

– Қой, пәледен аулақ жүрейік. Жалаңаш қалғандары үшін ертең шашымызды жұлар тауып алып.

– Мейлі, бұдан әрі моншаға түспестей болады қыздармен. Көзімізді бақырайтып қойып, отыз мың береміз деп алдаған өздері емес пе. Қалталарында отыз мың түгіл жиырма да жоқ. Өшімізді алғанымыз дұрыс болды. Әйтпесе, ертең кеш болады. Біздің де осал емесімізді білсін, – деді бәрі жарыса сөйлеп.

Сонымен, айтысып-тартысып жүріп, қолдарындағы пакетті өздерімен бірге ала кетті ме білмеймін, әйтеуір моншаның маңайына тастамады. Өздері де «нағыз жылан жұтқан қыздар екен». Желдеткіштің әр жағынан үш қыздың іс-әрекетін көріп, жағамды ұстап қала бердім. Ыссы моншада терлеп-тепшіп еркектер отыра берді. Қыздармен шаруасы болмады. Әлдері құрып қалғандай оларды жоқтай қоймады. Саунадан су-су болып шығатындарын, іш киімсіз қалғандарын менен басқа жан баласы білер емес. Сөйтіп, үш сары шашты қараңғы көшелердің қуыс-мүйісімен қараларын батырды. Теректің тасасында ілмиген көйлектерін киіп үлгерді. Тапқан сыбағаларын бөлісіп алды. Көше жақтан тездетіп такси ұстамақ болды. Содан арада он бес, жиырма минөт өткенде еркектер масаң күйі есікті ашып, менен қыздарды сұрай бастады. Оларға не дейін. Иығымды қиқаң еткізіп отыра бердім. Үндемеген үйдей пәледен құтылмай ма. Белден төмен қарай моншаның аппақ матасын, біреуі көк орамалын орап алып, қарындары шәртитіп, маған жаман көздерімен қарап:

– Әлгілер қайда? Неге жоғалып кетті? Кім жұтып кетті оларды?– деп дүрсе қоя берді жан-жағымнан. Әсіресе ерні дүрдиіп, мұрны жалпиған сұрықсыз біреуі ақырып-жекірмек болды.

– Білмедім. Бір жігіттермен сөйлесіп отыр еді мана сіздер бассейнде жүргенде, – дедім қадалған жерден қан алардай сұрағыштай берген соң.

– І, солай ма? Аһ, оңбағандар! Сатылып кеткен екен ғой, – деді қарны тым ерсілеу қампайғаны.

– Айттым ғой саған, сұрағанын берейік деп?

– Жоқ болса қайдан аламын? Арақ пен тамаққа әзер жеткенде, – деді қасындағысы.

– Қап! Кетіп қалған екен ғой. Мейлі, кетсе тұрсын... Ақшамыз қалтамызда қалды, – деп ішке қайтадан кірді. Содан көп кешікпей үшеуі тағы да атып шықты. Сұстары тіптен жаман. Өзімді қылғындырама деп қатты қорықтым. Мән-жай түсінікті.

– Қатырды! Киімдерімізді ұрлап кетіпті! Сіз неге айтпадыңыз бізге? Неге ол қыздарды жіберіп қойдыңыз?! – деді тағы да шүйлігіп.

– Кешіріңіздер, менің жұмысым еден жуу, билет жырту. Қыз күзету емес. Егер шкафтар осы дәлізде тұрса бір жөн. Кімнің не алып, не қойып жатқанын қайдан білейін. Олардың кетіп қалғанын да байқамадым, – дедім.

– Сонда не байқадың? Не көрдің? Айт, қане?

– Бүйтіп айқайламаңыз! Менде шаруаларың болмасын! Жалғыз өзім кірген-шыққанды қарап отыруға үлгермеймін. Жұмысым өте көп,– деп нығырлай сөйледім.

– Ит екен ғой, өздері! Солармен араласқан сенсің! Осының бәріне сен кінәлісің, – деп жұқалтаң келгенін сөге бастады.

– Жоқ, мен емес, өзің тауып әкелдің түнәукүні көшеден.

– Соқ өтірікті! Досыңның туған күніңде тап осы саунада бірге ішіп, бірге көңіл көтердік. Барлық пәле сенен келді. Жоласаң, дұрысына жоламайсың ба?

– Қайдан білейін ұры екенін. Қолдарының сұғанағы бар екенін кім білген.

– Иә дейсің-ау? Баха олардың ішіне кіріп-шыққан жоқ қой. Шетінен сұлу, тартымды болған соң әкеле салды. Мүсіндері де қатқан қасықтай қатып тұрғасын саған ұнайды деп ойлады. Олармен қанша төсектес болсақ та, төмен жағымыз ауырып, сырқырап көрген жоқ. «Таза тауар ғой, өтімді». Қазір ауру-сырқау қыз көп, – деп баяғы ырқ-ырқ етті екіншісі.

– Несіне жетісесің? Жалаңбұт тұрып! – деп дүрсе қоя берді дәу қарасы.

– Өздері де «клиент» іздеп шыққан екен. Қашан көрсек те қыз бастарын бұлдап, өтірік болса да қылымсыған емес. Керісінше, оларда «көз таныс ағалар» деп қуана-қуана келісті.

– Онда неге айттыңдар отыз мың деп...

– Әйтпесе, келіспес еді. Ішкізіп-ішкізіп, он мың ұстата салармыз деп шештік қой.

– Ішкізіп дейсің бе? Олар керісінше біздерге ішкізіп, бассейнге басымызды тықты. Бәсе, бүгін үшеуінің сыбыр-күбірі көбейіп кетіп еді-ау. Кіріп-шығып, әлденеге келіскендей болды. Суға да сүңгімеді. Сөйтсек, алдын-ала шалбар тінтіп, ақшамызды түгендеп, жетпейтінін біліп, тайып тұрған екен ғой.

– Дәл өзі, Баха. Сан соқтырып кетті. Жексенбі сайын моншадан шықпасам да мұндай сұмдықты өмірімде бірінші рет жолығуым. Өздері нағыз опасыз екен. Ұсқындарын беске білемін. Түбі табамын. Қолға түссе, оңдырмаймын.

– Босқа даурықпай, полицейге звондайық.

– Кетші әрі. Өз көтеніңді өзің ашып, өзіңді-өзің ұстап бермекпісің?!

– Бес-он мың жоғалттық екенбіз деп құр ашуға килікпейік. Жүріңдер, сыртқа шығайық. Жаз ғой, әйтеуір қыс емес. Ептеп-септеп үйімізге жетіп алайық,– деп тағы біреуі сабырға шақырды.

– Ақша іздеп естерінен алжасқан екен бұл қыздар?! Көргенсіздер. Дым көрмеген өңкей! Шалбарымызды тінтсе-тінте берсін. Алатынын алып, тастап кетпей ме? Мына түріммен үйге қалай барамын? Үйдегілердің көзіне қайтіп түсемін. Мені күтіп ұйықтамай әлі отырған шығар жорта сериалдар қарап қатыным, – деп жуан кісі ақ бурадай атылып, сыртқа шапты. Оның соңынан екеуі белдеріндегі орамалдарын қыса ұстап жүгірді. Жапырақтай орамал түсіп қалса, масқара?! Онсызда жоқ ар-ұят пен онсызда жоқ абырой жерге кіргізді дей бер... Әй, үйлерінде әйелдері отырғанда есік-терезеден қарап ұйықтамай. Көшедегі көбелектермен қыдырып не жының бар десеңші? Ауру жұқтарса не істейді?

– Көйлек-шалбарсыз қалдық. Мені мына күйіммен әйелім үйге кіргізбейді. Қыздармен ырбақтап моншадан шыққанымды біліп қояды енді?! Ақшам да жоқ. Сол он мыңды бере қойғанда...

– Өзің ғой ертеңгі сауық кешке сақтаған.

– Енді не істейін. Әйелім тиын – тебенге дейін санап берсе... Есебін шығарып отырса.

– Сол қыздарды ма, бәлем! Көрсем желкелерінен жеті түйемін!

– Өткенде қонақтардың көңілінен шыққан соң өлердей сендік қой... Бүйтіп, сан соқтырып кетерін білгенде... Енді қолға түссе, оңдырмаймын!

– Менде. Олар моншадан шықпайды үстері кірлеп кеткендей. Бізді іздеп келмесе де, қалталыларды аңдып келеді ертең де. Тасадан бағып тұрып қара құстан темірмен бір ұрайық сол кезде.

– Сотталып жатайық сосын...

– Ұрмай-соқпай қорқыту қиын емес қой.

– Қалай?

– Оларды талай рет байқатпай суретке түсіріп алғанмын. Жартылай жалаңаш күйлерінде фейзбукқа салып қойсам, бітті шаруалары! Жұрт алдында масқаралары шығып, ұятқа қалады.

– Өй, жалаңаш қыздар интернетте толып тұр. Тіпті, жұрт танитындары қанша ма? Так что, біз секілді жалаңаштар ешкімге жаңалық емес қазір.

– Соны айтшы. Бәрінен де өзімізге керегі осы! Сазайымызды тартқызып кетті. Көңілімізді көтеру үшін шақыртқан соң сұраған ақшаны беріп, ың-шыңсыз құтылуымыз керек еді.

– Жарайды, жігіттер, болар іс болды. Ептеп-септеп үйге жетіп алайық.

– Мені құдекең сақтады. Қазір қатыным қалада жоқ еді. Ессентукиде демалып, зәмзәм суын ішуге кеткен.

– І, біздікі үйде. Күндіз ұйқысын қандырып алады. Ал түнде жатпайды. Осыдан көріп қойса, масқара болдым.

– Өзім сарайда жатқан ескі-құсқы шалбардың бірін киемін де, дым болмағандай үйге кіре қоямын.

– Төсің жүн-жүн болып па?

– Е, не болар дейсің. Терлеп-тепшігеннен көйлекті көлікке тастап кеттім деп айтармын.

– Табылған ақыл. Бәрімізде бір сылтауды табармыз. Сарайда жатқан ескі-құсқы киімдерді сұғып алсақ та...

Кеттік ендеше. Жүрелік.

– Ойбай, жігіттер, ағайлар! Белдеріңдегі орамалды ертеңмен әкеліп тастаңыздар. Қожайыным ұрсады. Қақын жалақымнан ұстап қалады. Мені де аяңыздар енді, – деп желдеткіштің әр жағынан шыр ете түстім.

– А, жарайды, қарындас. Ертең мына жігіт әкеліп тастайды, – деді қаракөлеңкелеу аулаға бет алған «жалаңаштың» біреуі. Күзетшіміз іштегі экраннан көз жазбай қарап отырған соң жұмысыма алаңсыз қайтадан кірістім. Түнгі екі демей, суға түсуге келгендерді қабылдай бердім, қабылдай бердім. Осы қаланың тең жартысының үстері құрттап, моншаға қонып қалса да маған бәрібір емес пе. Арқаларын қасытып, үстерін тырнатып бір-біріне қарап таңға дейін отыра берсін. Әттең, моншаның қожайыны уыстап алтын беремін десе де бұл жерде бір сағат жұмыс жасамас едім. Қарап жүрмей, ойда-жоқта «ұры» атанған қыздар секілді, менің де жанымды ақша деген пәлекет әкетіп барады. Ақшасыз бір күн бұл қалада жүріп көр. Амал нешік. Қу жанымды сүйрелеп, сырттары қауырсын гүлдей керемет, іштері балқыған қорғасындай быт-шыт адамдардың неше шұрайын көріп, олардан жүрегім айнып, жеріп жүрген жайым осы қу басыма тиын-тебен жеткізе алмай. Әйтпесе, еті жоқ сүйектей қолдарымды күніне жаман шелекке жүз малып, сасық шүберекті сығып, кептіріп қор болмас едім. Шелегін де, басқасын да теректің тасасына тастап қашар едім. Амал қанша? – деп қала бердім арланған күйім. Әлгі еркектердің гүрілдеген дауыстары түннің тыныштығын жаңғырықтай жарып барады.

– Бұдан былай машинаға артық көйлек-шалбарды салып қояйық. Іш киімді де ұмытпау керек.

– Табылған ақыл. Тап осы түн өлсем де есімнен кетпес! Хе, хе, хе, хе... Белі жуандауы денесімен бірге қозғалып, күлді білем. Қалғандары манадан соның ығынан сескеніп еді, енді қосыла күліп, мәз. Сөйтіп, бейтаныс үшеуі байлаулы тұрған көк дөнен атқа мінгендей, джип деген кереметке қарғып мініп, қайқая жөнелді. Белден төмен тілдей орамалды байлап, жалаңаш күйде көліктерін айдап түнгі көшені қақ жарып, кетіп бара жатқандарын моншаның күзетшісі екеумізден басқа ешкім көріп, білген жоқ. Міне, осылай бір уақ билет сатып, бір уақ келім-кетімді жылы жерге орналастырып, әлгіндей шығарып салып, күндерім өтіп жатты. Жұмысымды жасай жүріп тыңдайтыным, еститінім, білетінім, өз көзіммен көретінім осындай арзан әңгімелер. Жиіркенішті жайттар. Бірін-бірі алдап жатқан суқиттар... Күйеуі сүйіп қосылған сұлу келіншегін, жаңағыдай түнгі көбелектер ағалары мен әкелерін... Сүліктей жігіттер тағы сол... Еркек атаулы әйелдерін. Бірін-бірі қайталап жатқан арзан тірлік, бос күлкі, сұрауы жоқ уақыт. Бұл жаққа қырық пен елудегі қатын-қалаш емге келмейді. Отыздан асқандары ең кәрі, соңғы сорттың санатына жатады. Қыз-қырқынның бәрін құртып, қызықтаса да жас иіске тояр емес. Олар үшін көруге көз керектей қыздың қырмызы денесі пышаққа түсіп, сойылып жатқан бағланмен бірдей! Төрт аяғы тыпырлап, денесін пышақ тіліп тастаған қошақан секілді. Аямайды. Жан-жағынан пышақты сұғып-сұғып, қанын ішіп, қуырдақ етіп қуырып жеп, қарындарын сипалап кете береді. Сонда деймін-ау, адам баласынан ар-ұят, намыс шынымен алыстаған ба? Бір-бірінің жүргіштігін, жезөкшелігін біле тұра қайтіп жиіркенбейді? Әркімге таланған денені құшатындай, кез-келген жердегі төсекке құлай кетіп, аунай кетіп көңіл сергітетіндей не болды?! Бүгінгілер екі мүйізі қошқардай шайтан ба, албасты ма, жын-пері ме?! Түсінсем бұйырмасын. Топ-тобымен жалаңаштанып, шылпылдатып суға түседі деген не масқара? Бұрын біздің заманымызда, біздің кезімізде мұндай масқаралық болып па еді?! Жоқ, әрине. Қой, жарар. Осымен бұл әңгімені доғарайын. Әйтпесе, үш ай қыс пен үш ай жазда қаланың бір шетіндегі саунада билет жыртушы, еден жуушы, шәй тасушы, шәйнек беруші, арақ-шарап пен сусын әкелуші болып қара жұмыс істегендегі көргенім, білгенім, өз құлағыммен естігенім сенің де жиіркенішіңді тудырар. Кейде ішіме сыймай, осының шет жағасын сіңіліме естіртсем, «апа, қай заманда, нешінші ғасырда өмір сүріп жатырсың? Бұл жиырма бірінші ғасыр емес пе? Қазір есі дұрыс жігіт жоқ. Олар ертең үйленіп, отау құрады. Сосын бір-екі айдан соң өзінің қарындасындай жаңа ғана жетіліп келе жатқан қыздарға қырындайды. Ал, сен аяп, сен обал болды дейтін қыздарың көрінгеннің құшағына құлай кетеді. Ештеңеден тайынбайды. Мен секілді жұрттың бәрі «одналюб» дейсің бе?» деп ұрса жөнеледі. Бұдан соң, әрине, сіңілімнің сөзіне иланамын. Отбасы болса да есі кірген, қақ-соқпен ісі жоқ, бәйбішесі мен тоқалының екі ортасында ғана жүретін «сал-серісі» айға барғандай, жұлдызды алғандай екен-ау деймін. Әйтпесе, беті шаратабақай «жуан бел» секілділер қыздарды шұлықша ауыстыратынына көзім жетті. Алты ай бойы олардың түр-түсін жаттап, киген киімін, тартқан шылымын, мінген көлігін, шақыратын таксистерін де біліп болдым. Өз қадірін бағаламай, өздерінше сол жүргенде жетісіп, біреудің бақытын ұрлап, өтірік күліп, түлкі болып күн кешіп жатқан қаншама адам баласы бар бұл өмірде?! Олардың істеген әрекетіне, бір сәттік көңіл көтеру үшін жұмсаған ақшасына қарап, терең ойға батамын. Бір таңқалатыным, күндіз де, түнде де қолдары бос. Қыдыруға уақыт тапқыш. Ал сонда жұмысты кім істейді? Берілген тапсырманы кім тындырады?

Үкілеп өсірген қыз біткеннің қылығы әлгіндей. Сәбилерін әке-шешесіне, ата-енесіне тастап, күйеулерімен ажырасып, тіпті ажыраспай-ақ «кешкі, түнгі көбелекке» айналғандары арамызда жүр. Арды сатып алған ақша ертесіне өңештерінен ас-су болып қалай өтеді десеңші?! Үстеріне алған киім болып қалайша үйлесіп тұрады десеңші?! Арам жолмен келген ақша қалай ғана кәдеге асады десеңші? Ойлауға ақылым жетпейді. Ал мен осы кезге дейін сіңіліме ұрысумен келдім. «Сал-серімен босқа уақыт өткізбей, керегіңді алып қал, есеңді жіберме, жастығыңды рәсуә етпе, пайдалан» дедім. Менікі әбестік, ақылсыздық болыпты! Ойым неткен сұмпайы, қара ниетті еді?! Сіңілім ақылды, шыдамды, қанағатшыл, шүкіршіл екен маған қарағанда. Дым көрмегендей ақша-ақша деп ентікпеді. Сұрамады алақан жайып сүйгенінен көк тиын. Ал қазір сабыр түбі сары алтынның не екенін ұқты. Көңілі көктемдей құлпырды. Сері-перісімен қайтадан қауышып, татуласып, табысқалы бұрын-соңды өзіме байқалмаған мінездерін, қасиеттерін танып келемін.

Маған әу бастан «сері-пері» болғанмен, Айқын махаббат деген қастерлі ұғымды өз жүрегімен түсінетін жанға айналып барады. Тәубә! Бір жағынан Ләйләм отбасылы еркекке байланып қалды деп іштей қапаланушы ем. Қазір көшедегі қыздарды ілестіріп моншаға келгіштейтін жап-жас жігіттерді көрген сәтте бұл ойымнан тез айнимын. Соңғы уақытта «сіңілімнің сал-серінің балағынан ұстағаны» дұрыс болды, әйтеуір ақыл тоқтатқан, өзін сүйетін, ащы мен тұщыны көрген естияр еркек қой деп көңілімді жұбатамын. Егер, Ләйләм теңін тапса... Содан сүйдім-күйдім деп үйленген жігіті уақыт өте келе бетіне маска киіп, сіңілімді үйде баламен отырғызып қойып, өзі тайраңдап әркіммен қыдырыстап жүрсе. Қарсы алдымнан бөтен қызбен шыға келсе. Арқасын ысқылатып отырса моншада. Екі-үш сағаттық жан рахатына бола «көкекті» ертіп келіп тұрса мұнда. Бетінен аулақ! Сол бойда жүрегім жарылып өліп кететін шығармын. Шалқамнан шарт құлайтын болармын. Ал қазір... Уақыт бәріне емші демекші. Сіңілімнің айы мен күні жақындап келеді. Сал-серісі үбектеп, маңайынан торғайдай шырылдап, шықпай жүр. Күніне елу рет телефон соғып, хал-жағдайын біліп тұрады. Күніне жүз қайтара келіп кетеді. Аузына жеміс-жидектің сан түрін, құстың сүтінен басқасын әкеліп тосады. Бала секілді. Еңкейіп, жата қалып сіңілімнің кіндік тұсына құлағын тосады. Қазір менде Ләйләның қасындамын. Жақында көзімнен таса етпеуімді сал-серінің өзі өтінді.

– Апа, мен құрылыстың басы-қасында жиі боламын. Кейде аудандарға, басқа қалаларға ұшып кетемін. Сол кезде Ләйлаштың жанында болыңызшы. Жалғыз тастамаңызшы? – деп өтінді.

– Жақсы. Жалғыз бауырыма өзім де алаңдаймын. Аман-есен жаны қалса екен, – дедім.

Содан бері жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын сіңіліммен бірге. Айтпақшы, ол Ләйләны бұл пәтерден көшіреді-мыс. Бірақ маған жөнді ештеңе айтпайды. Түнәукүні әңгімелерінің шет жағасын естідім. Ең басты қызықты ұмытып бара жатырмын. Ойбай! Қазір айтайын, құлағыңды түрде тыңда.

Өткен аптада сіңілімді сылқытып киіндірді сүйгені. Қымбат сауда орталықтарына ертіп апарды. Екеуі ертеңмен кетіп, үйге кеш батқанда оралды. Сөмке-сөмке киім-кешек, иісі аңқыған әтірдің түр-түрі, дәу ала сөмкеде жоқ емес зат жоқ. Сіңілім өмірінде үстіне ілмеген киімді, кимеген көйлекті киіп, екі-үш күн бойы айнаның алдынан шықпады. Одан дедектетіп тағы алып кетті. Сөйтсем, кешкісін мейрамханаға барыпты. Сенбі, жексенбілерде қыдырыстап жүруші еді. Дегенмен, бұл жолы «тосын сый» болыпты. Әлгі сал-сері де қудың қуы ғой. Былпиған бәйбішесін мейрамханаға шақырыпты. Содан үшеуі ауқаттанып, әңгімелесіп біраз уақытқа дейін отырыпты. Біздің қыз да бұл жайтты маған екі-үш күн өткен соң ғана айтты құлағыма болар-болмас естіртіп.

– Апырмай, қалай шыдап жүрсің? Мен болсам есіктен кірген бетте, болмаса сүйгенің қорылдап ұйқыға кеткен бойда айтамын ғой аңқылдап, – деп әуелі кейістік таныттым.

– Қойша, апа. Бәлендей өзгеріс болған жоқ. Бұрыннан білемін ғой, Наргиза апайды, – деді міз бақпастан.

– Иә, бұрын қайдан білесің? Танысып па едіңдер? Әлде, кездесіп қалдыңдар ма? Әлде, күйеуін қызғанып, іздеп келді ме? – дедім.

– Жоға, суретін ватсаптан, фейзбуктен көрсеткен. Былтыр тікұшақтан қарсы алуға бірге барып едік. Онымен Айқынның көлігіне отырмады.

– Неге?

– Өзінің жеке жүргізушісін шақырыпты.

– І, түсінікті. Сол кезде сені таныды ма? Көрді ме?

– Байқамаған шығар. Мен тұра бердім тасада ұялып. Айқын қазір танысасыңдар бір-біріңмен. Қашанғы тығылып жүресің. Ол бәрін біледі. Екінші әйелім бар екенін оған айттым деді сол кезде. Онымен, менің жүрегім дауаламай қойды.

– Ал, бұл жолы не істедің?

– Ештеңе. Әуелі ішке кіріп күтіп отырдық. Сосын Айқын есіктің алдына шығып қарсы алды. Оған ескерткен екен тоқалым қасымда болады деп. Содан ба, маған көңілі орнықты адамдай көрінді.

– Әрі қарай не болды?

– Не болушы еді. Таныстық. Сөйлестік. Жөн сұрастық. Мені сырттай білетінін, естіп жүргенін, көптен Айқынмен дос екенімді бетіме айтты.

– Астапыралла! Бұл қалай? Сонда саған бас салып ұрысқан жоқ па? Ашу шақырмады ма? Отағама неге ортақтасасың демеді ме?

– Жоқ, әрине. Жіптіктей болып отырды. Байқауымша, оған енді Айқынның қажеті шамалы секілді. Екі сөзінің бірі шетелде жүру. Шетелде тұру. Мені де қызықтырып, италиялықтардың өмірін, халқын, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, салтын айта берді. Сол жаққа кетіп қалғым келді. Тыныш, таза, менталитеті жоғары көрінеді.

– Өз елің тұрғанда Италияны қайтесің. Айтпақшы, сал-серінің ол жақта кімдері бар?

– Үлкен баласы мен келіні, немересі тұрады. Біздің көзімізше оларға телефон соқты. «Папаларыңмен кешкі ас ішіп отырмын. Жақын арада сендерге барамын. Сағындым. Менде бәрі жақсы» деген сөздерді ағылшынша судыратып айтты. Шетел тіліне жетік екені көрініп тұр. Тілі жатық. Өзі білімді екен. Жалпы айтқанда қазіргі заманның адамы.

– Мәдениетті десеңші. Сосын да ұрыс-керіс тудырмай отырған түрі ғой.

– Наргиза ханым өте кербездеу, сабырлы, салқынқанды болып көрінді. Көп сөзге жоқ.

– Сонымен, не айттыңдар. Күйеуімде не жұмысың бар демеді ме. Жасырмай шыныңды айтшы?

– Жоға. Керісінше, бізге арнап тост сөйледі. «Мен қарсы емеспін. Бәрін түсінемін. Бақытты болыңдар. Айқын менің өмірлік серігім әрі досым, қиналғанда қасымнан табылатын азаматым, балаларымның әкесі болып қала береді. Ол екінші рет отбасын құруға, тағы да жолдас табуға, ұрпағын жалғастырып, бақытты болуға қақы бар. Оның өзіне лайықты жар тапқанына қуанбасам, ренжімеймін. Қызғаншақ емеспін. Қазір ақыл тоқтаттық. Жасымыз ұлғайды. Айқынмен түйдей құрдаспын. Институттан бері жұбымыз жазылмай бірге келе жатырмыз. Өмірдің әр түрлі соқпақтарынан өттік. Енді ештеңеге қайғырмай, алаңсыз демалып, Италияда балаларыммен бірге немерелерімнің жанында болғым келеді. Қартайғанда немерелерді бағып-қағып, солардың қызығын көрсем менен асқан бақытты әйел болмас еді, – деп көсіле кетті. Өзі сөзге тым шешен екен. Айқын әйелін көп оқыған, философ, ғылым докторы деп мақтайтын. Мақтаса, мақтауға тұрады екен. Көзім жетті. Бәйбішесінің байыпты мінезі, отырысы, жүріс-тұрысы қатты ұнап қалды. Шынымен көпті көргені, өмірден бәрін оқып-түйгені, зиялы ортада қалыптасқаны, ұстамды екені көрініп-ақ тұр. Біреулер секілді күйеуін қызғанып, ашкөзденіп отырған жоқ ызғар шашып. Керісінше, «біздің Айқын әлі жас. Қазіргі адамдардың биологиялық жасы әртүрлі. Көбісі жетпіс түгіл, сексенге келсе де қартаймайды. Оларға күтім жасап, көңілін сергітетін жас иіс керек. Тоқалы сен секілді бала тауып, сәби сүйгізсе ірә көрім...» деген сөзді жаймен ғана жымиып отырып айтты. Міне, нағыз бәйбіше Наргизадай болатын шығар деп ойладым. Егер көптеген апаларымыз күйеулеріне еркіндік беріп, ығына қарай жығылса қазір бұзылған қыз, мен секілді отырып қалған қыз атаулы мүлдем болмас еді. Сен жағаңды ұстап, жиіркене айтатындай еркек пен әйелдің әңгімесі су сепкендей басылар еді. Моншадағы қызықтар есіңе түспес еді. Ешкім бірін-бірі алдамас еді. Көзге шөп салмас еді.

– Дұрыс айтасың. «Күйеуім қасымда деп әйел байғұстар алдарқанғанмен, олар баратын жеріне барып, бүлдіретінін бүлдіріп көз алдап жүр. Адамның мінезі әр түрлі. Кейбір әйелдер үйдегіні сыртқа шығармайды. Бала үшін, отбасы жылылығы үшін ұясын сақтауға тырысады. «Әйел – қырық шырақты» деген осы қарағым. Елдің бәрі сал-серінің бәйбішесі дейсің бе? Айтпақшы, Наргиза қай жақтан екен?

– Ресей жақтан көшіп келіпті. Түрі аздап орысқа ұқсайды.

– Татар емес пе? – деп сұрақты жаудырттым.

Жоқ, татар емес. Оларды Айқын иттің етінен жек көреді.

– Арам дейді. Әскерде жүргенде Уфа жақтың татар қызы қыр соңынан қалмапты. Қазақстанға бірге еріп келуге бел буыпты.

– Содан? Неге ілесіп келмепті?

– Айқынның ата-анасы егер татардан қыз алсаң үйге кіргізбейміз. Екі жыл бойы далада жүріп, елге татардың қызын әкелетін болсаң бізді көрмей-ақ қой! Арам татарыңмен сол жақта қала бер деп хат жазыпты. Сондықтан, Айқынның өзі де татарларда «қатер бар» деп отырады. Басыңды айналдырып, дуа салып, өле-өлгенше дегенімен жүргізіп, айтқанына көндіріп, қинаумен болады деп ұнатпайды.

– Дұрыс екен. Наргизаның анасы орыс, әкесі қазақ.

– Е, қаны қазақ болса бітті шаруа! Менде татардан туған пәле ме деп қорқып кетіп едім. Бәсе, татар қатын Айқынға тоқал алғызбақ түгіл, маңайына жолатпас сені. Он бір жыл Айқынмен жүрмек түгіл, бір ай күліп-ойнамас едің. Қанша айтқанмен орыстар заманның ағымымен жүретін көзі ашық халық қой. Бәрін ақылға жеңдіре біледі. Себебі, кетер байы кетті. Аяғын тұсап қоя алмайды. Ол да сал-серімен алыса-алыса шаршаған шығар. Күйеуін сенен айырып алғанмен басқа қыз-келіншекке кетерін сезген шығар. Кейбір еркектер әйелге бағынбайды. Көнбейді. Өз ырқымен жүреді. Сондықтан уақыт өте отағасының түпкі ойын нақты білген шығар. Басы дуаланғандай саған ауып қалғанына көзі жеткен болар.

– Оны мен дуамен қаратқан жоқпын, апа. Қайдағыны айтпашы. Өзі ғой қыр соңымнан қалмаған. Бала туамын дегенімде ұрыс-керіс шығарып, аспанға тулап еді. Енді қашан босанасың, тоғыз ай тоқсан жылдай болды ғой. Қашан сәбиімді көремін, бауырыма басып қашан иіскеймін деп есінен танып жүр.

– Е, жарады. Балажан болып тұр ғой. Жарайды. Ондай мағынада айтқан жоқпын. Сері-перінің саған шынымен көңілі бар екенін айтқым келгені ғой. Көптеген ер адамдар үйге күреп ақша әкелемін, отбасын асыраймын деп жүріп балаларының қалай өскенін білмей қалады. Еңбектеп, тәй-тәй басқанын байқамайды. Мән бермейді. Шаруасын күйттеп жүргенде сәбилері әп-сәтте өсіп кетеді. Сондықтан немерені жанындай жақсы көріп, бойындағы махаббатын немере мен жиенге береді. Бірақ та ол да біреудің баласы! «Қасқырдың баласын қанша бақсаң да апанына қарай жүгіреді» деген. Ер кезегі үшке дейін деп, үшінші ұрпағын көруге асығып жүр де... Бұл, жақсы жаңалық қой, жаным-ау?!

– Осы баламды ешкімге көрсетпей өзім бағамын. Қасымнан шығармаймын. Жұмысты да, бәрін де қоямын. Ешкімнен жасырмай тегімді беремін. Азан шақырып атын да қоямын. Қырқынан шыққан бойда айқайлатып қырық күн той жасаймын деп қояды.

– Әй, жарады! Аллам сол күнге тезірек жеткізгей... Тілегі періштенің құлағына шалынып, тезірек қабыл болғай!

– Әумин апа, айтқаның келсін. Басымыз аман болса екен тек...

– Әй, онда анау ескі-құсқы жатақханасы қараусыз қалатын болды-ау. Қазір мен де осында жүрмін. Барып та жатқан жоқпын.

– Қол-аяғымды бауырыма алған соң барарсың. Өзің көз боларсың. Біздің Айқынның жайы белгілі ғой. Шабыстан қолы тимейді. Ертең бөпеміз емшек сұрап бақырғанда үй көрмей қашып кететін шығар. Жыбырлап, бір күн үйде отырмас. Тынымсыз ғой ол. Оның үстіне тездетіп үйді салып бітіремін деп ызы-қиқысы шықты. Жүдеп-жадап бітті.

– Иә, соңғы кезде шабысы көбейіп кетіпті. Үйді қай жақтан салып жатыр едіңдер?

– Коттеджінің дәл қасынан.

– Мәссаған. Сосын екен ғой әйелімен алдын ала таныстырып, келісімшартқа отырып жүргені.

– Айқын маған баяғыдан айтып еді. Онымен Наргиз ханым ұзақ демалыстан жақында оралды қалаға.

– Енді оны осылай атайсың ба?

– Әрине. Наргиз ханым деп айтарсың деді өзі. Ханым деген сөз жанына майдай жағады. Қазір байларға ханым, ханшайым деп айту сәнге айналды ғой.

– «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, қарағым дегенінен шықпа. Тырп етпе. Қалай ата десе солай атап үйрен. Әдептен озба. Ақылын тыңда. Сонда ештеңеден кем болмайсың. Осы күнге жеткенше қаншама күрестің. Көрдің бе, адам баласы өз бақыты үшін аянбай күрессе түбі қайырын көреді. Бақыт деген не ол?! Өзі жұмбақ, аумалы-төкпелі, екі бет құс. Түсінбейсің. Бүгін байлардың, ертең кедейлердің басына барып қона салады. Сол бақытты кімде-кім аяламаса, күтіп ұстамаса, пыр етіп кері ұшады да кетеді. Қайтадан ол құсты қуып жете алмайсың. Бұлттардың арасымен ұша-ұша көзден ғайып болады. Сенде қолыңа ақыры келіп өзі қонған дәл осы бақыт құсыңды аялап, қадірлеп ұста қарғам.

– Әрине, апа. Бақыт деген менің тап осы күндерім екен... Енді оны кері ұшырып алмауға тырысамын. Маңдайыма қонған құсымды күн құрғатпай аялаймын. Менің мінезімді, үй тірлігін ұршықтай үйіріп әкететінімді Айқын жақсы көреді. Неше түрлі дәмді тағамдар пісіресің. Кесте де тоқисың. Көйлек те тігесің. Үйді де таза ұстайсың. Өзің де жинақы, әдемі жүресің деп мақтауымды асырып қояды.

– Менімен жатақханада тұра бермей, бір жағынан бөлек кеткенің дұрыс болды. Ыдыс-аяғыңды жарқыратып, үйіңнің берекесін кіргізіп отырсың. Үй тірлігінің бәрін үйрендің. Ас-суың адал. Еркектер тазалықты, тәртіпті ұнатады.

– Жақсы апа. Жұмысымызға кірісейік. Түскі ас ішетін уақыт болып қалыпты. Айқынның да қарны ашқан шығар. Ертеңмен бір стақан кофеден басқа дым ішпей, нәр татпай кетіп еді. Аш қарын жүретіні жаман. Асқазанын соған әбден үйретіп алған. Айқыным тауық етінің сорпасын тәуір көруші еді. Кеше әкелген үйдің тауығын отқа қояйын. Бір сағатта пісіп шығады. Жұмыртқаның сарысын қосып, қолдан қамыр илейін, – деп сіңілім сүйгенінің асын әзірлеуге асығып ас үйге құрақ ұшты.

– Әй, ақырын! Ай-күнің жақындап келеді. Абайла. Асықпа, – деп соңынан ілестім. Бауырсаққа қамыр қойып, қытырлақ қуырып, сүйгеніне тіске басар тәтті тоқаштар пісіргім келді. Он жерден жек көріп, «сал-сері», «сері-пері» десем де, сіңілім үшін, Ләйләм үшін, бір-біріне деген шынайы сезімдері үшін, суымаған, суып та көрмеген, суытып, үсіріп алмаған оттай ыстық махаббаттары үшін сыйластығым артып келе жатқандай. Айқын балам деп, кейде күйеу балам деп атағым келсе де, «сал-сері, сері-пері» деп айтып қалған ауыз ғой баяғыдан. Айта алмаймын. Ертең кішкентай нәрестесінің көзінше «сал-сері, сері-пері» десем ыңғайсыз болады-ау, ә? Жә, ол күнге аман сау жетейікші. О, баста жақтыртпай, мұрнымды тыржитып жүріп, қазір көңілімнен шыққан «сал-серіге» тағы бір атты еншілермін иншалла... Сіңілімнің «сүйгені» дермін. Өтірік емес қой, сүйгені, сүйіктісі екені! Тек, менің Ләйләмды бақытқа бөлеп, екінші әйелі тұрмақ, тоқалы болса да сыйлап, қадірлеп, нәзік жанын тап бүгінгідей жадыратса екен. Жүрегін жарақаттап алмаса екен. Екеуі, бәйбішесімен қоса үшеуі, ұрпақтарымен бірге үбірлі-шүбірлі болып бақытқа бөлене берсе екен. Бір-ақ рет берілетін бұл өмірде менің сіңілім сүйгенімен бақытты болса екен... Құдайдан сұрарым да, тілерім де осы ғана...

IX

Иә, адам баласының асқақ армандары, шын ниетімен тілеген тілектері Жаратқан Иемізге жетеді екен. Бұған дәлелім көп. Сіңілім ақыры сүйгенімен шын бақытқа кенелді қазір. «Ақ түйенің қарны» аман-есен бір кеште жарылды! Содан бері... Сіңілімнің төбесіне бақыттың бұлбұл құсы ұя салып, күн сайын, сағат сайын, минөт сайын сайрап тұр! Бақыттың «әнші құсы» таңдайы кеппей, қанаты талмай шырқап жүр! Тіл көзім тасқа, беу дүние! Бүгіндері сал-серісімен сіңілім бірге! Екеуі титтей сәбиді әлемдегі ең ғаламат, таптырмайтын шар секілді орталарына алып, қызықтап қарап отырады көздерін жазбай. Шекесі торсиған, әкесінің аузынан түскендей қара домалақ бала мынау жарық дүниенің есігін ашқалы сіңілімде ес жоқ. Ыржиып күле береді, күле береді... Нағыз әйел бақытын енді ғана сезгендей. Қуанышында шек жоқ-ау, шек жоқ! Ылайым осылай күліп, қуанып жүрсе екен...

Былтырдан бері тасын қалап, төбесін жапқан екі қабатты үйлерін жақында салып бітірді. Ағайын-туыстың, көрші мен таныстың басын қосып, айқайлатып қоныс тойларын жасады. Сал-серінің екінші рет тіккен отауы өзінің бұрынғы үйінің дәл қасында. Үлкен отауы мен кіші отауы атшаптырымдай ауланың ішінде. Есіктері бір-біріне қарсы қарап тұр. Ол да қу ғой, әуелден. Екі үйдің ортасында ор текедей шауып жүргісі келген де... Бір үйден соң бір үйге кіріп, бәйбішесі мен тоқалына еркелеп жүрейін деген де... Айтпақшы, есімнен тарс шығып барады. Әлгі Наргиз ханым Италияда жатып алып, отағасын құттықтап үлгерді. Содан тоқалдан туған титтей шаранаға мешөк-мешөк поселке салып жіберді. Доллармен сауда жасайтын байдың ханшайымы болса да қолы ашық, білікті жан екен. Шетелден жіберген ағаш жәшіктің іші толып тұр баланың киімінен. Ішінде не жоқ деме... Іздегеніңді армансыз табасың. Жұмсақ ойыншықтар мен көз жауын алардай киімдерінен бір бөлек, бала жыласа күліп, әндететін қуыршақтармен қоса, дәмі тіл үйіретін тәттілерге дейін толып тұр. Ол жақтың да қытайлар секілді ойлап таппайтыны жоқ. Әлде, Қытайдан шыққан дүниелер ме елді шарлап жүрген. Не болса, о болсын, Наргизжан отағасы Айқынмен телефон арқылы тілдескен сайын сәбиді үзіліп кетердей сағынып, сұрайтын көрінеді. «Бесік тойына өзім барамын. Қырқынан шыққанға дейін салт-жоралғылардың бәрін жаттап ал. Балаға кез келген атты қоя салма. Бұл жөнінде Ләйләмен ақылдас. Сенің атың Айқын. Өзіңе ұқсастырып Жарқын деп қояйық. Жолы жарқырап тұрсын дейтін көрінеді. Қандай қарапайым, ақылды, зерделі әйел десеңші! Бәйбіше біткеннің бәрі Наргизадай болса ғой, шіркін. Сонда ғана тоқал атаулы ортақ отағаларымен бірге жүріп-тұрып, бір-бірін қызғанбай, таласпай, дауласпай, бес күндік фәнидің парқын түсінер еді. Әйел заты ретінде бәйбіше болудың қандай қиын екенін бастарынан өткерер еді. Жастай сүйіп қосылған күйеуіңді жылдар жылжып, уақыттың көші алға озып, өзің қартайып, шаршаңқыраған шағыңда қасы-көзі қиылған келіншекке қия салу, бере салу, ың-шыңсыз көне салу оңай емес, әрине. Ал Наргизаның біздің қызға күйеуін бере салуы, нағыз ерлік!

Мына заманда күрпіп өмір сүріп отырған кез келген бәйбіше отағасының сырттай сексен тоқалы бар екенін білсе де, білмеген болады. Сырт көзден жасырған болады. Қыз-қырқынды қастарына жолатпайды. Қызғанады. Көнбейді, төзбейді. Қорлық, басынғандық, көзсіздік деп ойлайды. Ал Наргиза болса, күйеуінің тоқалына бала туғызып, тап үйінің қасына көшіртіп, иманжүзді, адами қасиеті мол жан екенін дәлелдеп отыр. Көзімізді жеткізіп отыр. Осыдан артық не керек?! Айқынның бәйбішесі нағыз ержүрек деп айтпасқа лажың жоқ бұдан кейін. Оларға бағзы замандағы аталарымыздың он шақты әйелі болғанын, бір үйден қымыздан сіміріп, екіншісінен шұбат ұрттап, үшіншісінен бауырсақ пен көже ішіп, төртіншісінен қою күрең шәйға тойып, бесіншісінен қазы мен қарта жеп, алтыншысынан тары мен талқанды сұйық қаймаққа былғап асап, жетіншісінен жантая жатып қуырдаққа тойып, сегізіншісінен бас пен төс мүжіп, тоғызыншысынан табақ-табақ ет асап, оныншысынан бастың миы қосылған сорпаны ішіп жүре беретінін қалай айтасың. Салт атты, сабау қамшылы ер азаматтың тұлпарға қарғып мініп, дала төсінде жортып келе жатып тағы бір көрші ауылға аялдап, ол жақтан да әдемі қыз-қырқынға көз қиығын салатынын қайтіп түсіндіресің. Міне, баяғының ерлері қандай? Бәйбішелері мен тоқалдары қандай? Бір ғана еркектен ұрпақ көбейтіп, өздері қаздай балпаң-балпаң етіп, қазандарын сапырып, сүзбелерін сығып отырар ма еді иттесіп-тартыспай. Ал қазіргі әйел атаулы бір-бірімен ит пен мысықтай. Тәуір көйлекті киіп, қол сөмкенің қымбаттауын білекке білезіктей кіргізіп қойып, биік өкше туфлимен сылаңдап жүрсе, атарға оқтары болмай іштері күйеді. Сыбырлап, жамандап, пайдасыз сөзді желдей гуілдетеді. Қысы-жазы бір көйлекті шешпей жүрсе тағы айтады үстінен жаман өлген орыстың иісі сасып тұр деп. Тапқаны шүберегіне жетпей жерге қарап қалған екен деп... Ал, түсініп көр, әйел атаулыны?! Нағыз бәсекелестер бұлар?! Әй, әйел тұрмақ осы күні еркектер де бос сөзге үйір, өсекшіл, қытымыр болып барады. Жалпы, ер атаулының көбісінің мінезі әйелге ұқсайды. Әлде ақырзаманның бет-пернесі деген осы ма? Қой, құрсыншы, Наргиза бәйбішенің мінезін әспеттеп, мақтауын асырып, мерейін өсіремін деп басқалардың мінез-құлқын таразыға салып нем бар?! Өз жөніме жүрейін. Жүріп-жүріп ақыры Айқынның тоқалы атанған, азаматтық некелерін ақ мешітке барып қидырып, Алланың бұйырысымен екінші әйелі болған сіңілімнің, яғни Ләйләмнің жаңа өміріне ақ жол тілейін. Үйлерінің ауласына тірі гүлдер егейін. Сіңілімнің көңілін аулайын. Ол ақ гүлдерді өте керемет ұнатады. Аппақ гүлдердей сал-серісімен, Айқынымен, Жарқынымен жолдары аппақ болсын! Аллам бәріне бақыт берсін, күш-қайрат берсін. Сіңілім ақыры өз дегеніне жетті. Бақытын тапты. Бүгінде былдырлап бесікте жатқан сәби Жарқынды көрген сайын келіп қалған кәрілігімді ұмытамын. Жаным жай табады. Титтей сәбиге әкесі, «мен үшін сал-серісі» есіктен кірген бойда жүгіреді. Жанын қоярға жер таппайды. Әкесінің сырттан кіргенін сезіп, екі айлық періште перзент алып-ұшып, бесіктен тұрып кете жаздайды. Бұрынғының балалары құсатып екі қолын бесікке таңып, байлап қойып мен отырамын шүмегін қайта-қайта ауыстырып.

– Апа, қолын бесіктен шығарғысы келіп жатыр. Терлеп кеткен шығар. Сәл-пәл босата тұрайықшы, – деп екеуі екі жағымнан жалынып-жалпаяды. Әсіресе, сал-сері бала көрмегендей тым балажан. Кейде түнде іші ауырса немесе анасының омырауын іздеп жыласа Ләйләдан бұрын ұшып түрегеледі. Ұйқысы сергек. Дәл осы балапанды екеуі өмір бойы үздіге күткен тәрізді. Бұдан тоғыз ай бұрын сіңіліме қарата айтқан кейістік сөздері есінен тарс шыққан. Реніштің бәрін ұмытқан. Мүлдем араларында балақайға бола ұрыс-керіс, ашу-ыза болмағандай. «Сал-серінің» коттеджінде өзімен бірге тұратын үлкен бала-келіні де күндіз Ләйлаға келіп көмектеседі. Шәйін қайнатып, тамағын пісіргенше Жарқынға шешесін жоқтатпайды. Олардың мектепке енді ғана барған төртінші балалары, яғни сүт кенжелері титтей Жарқынды торуылдап, жанынан шықпайды. Ой, керемет-ай! Былай ойлап қарағанда, атасының екінші әйелінің, яки тоқалдан туған бала екені бұл үйдегі жүгірмектердің миына кіріп-шығып жатқан жоқ. Ойын баласы болғанмен қалампыр иісі бұрқыраған сәбиге қызыға, құмарта қарайды. Әлсін-әлсін Наргиз ханым да телефонмен хабарласып, Ләйләмен сөйлесіп отырады. Осындай түсіністіктің туы желбіреген жерде сыйластық пен береке, бірлік, жанұя татулығы үстем болмай ма!?

Сонымен, менің ерке сіңілім күндердің күнінде «сүйгенімен» сәбилі болып, ана атанды. Оның қос анарын алма-кезек ақырын жасырып, көлегейлеп бөпесін емізген сәттегі бақытты кейпін көрсең ғой. Сіңілім мен балақайға сал-сері күлімсіреп, құмарта қарап қояды. Бір-біріне магниттей тартылған үшеуіне қызығып мен отырамын. Тіфә, тіфә, сіңілім лайым да сүйгенімен және титтей сәбиімен күнде осылай бақыттың бесігінде тербеле берсе екен... Қаншама жылғы жалғыздық, азап пен мазақ, айтыс пен тартыс! Алланың әр сәт сайын берген сынағына шыдап, қатыгез тағдырымен айқасқандай күресіп, төзімділік пен сабырлылық арқылы жеңіске жеткен менің сіңілім, Ләйләм менің осындай! Талай белестерді басынан өткерген сіңілім менің бақытты қазір... Тек осы бақыт төбесінде ұзақ жылдар арайлы таңдар мен айлы түндерге алмасып тұра бергей, тұра бергей... Бұдан артық Ләйләшқа қандай шаттық керек. Сіңілімнің «сүйгені», сіңілімнің «сал-серісі», сіңілімнің «сері-перісі» түптің түбінде нағыз азамат, нағыз еркек, бүгінгінің батыры болғаны үшін шексіз қуанамын... Тек күндіз «үйге», түнде «жасырынып інге» тығылғандар сіңілімнің «сүйгеніндей» ер жүрек еркек болса екен деймін...

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Халықаралық «Шабыт» шығармашыл

жастар фестивалінің лауреаты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар