Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бүгінгі әдебиеттанудың жай-күйі: Жастар көзімен...

20.07.2018 12269

Бүгінгі әдебиеттанудың жай-күйі: Жастар көзімен

Бүгінгі әдебиеттанудың жай-күйі: Жастар көзімен - adebiportal.kz

Бүгінгі талқы – қазақ әдебиеттану ғылымының проблемасына арналып отыр. Сөз тізгіні – PhD докторы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, «қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушысы Қарлығаш Әубәкір мен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, жуырда ғана докторантураны тәмамдаған Нұрбол Құдайбергенде. Екеуі де жас та болса ақ адал еңбегімен, білім-білігімен ғылыми ортаға танылған, өзіндік көзқарасы қалыптасқан әдебиеттанушылар. Біз аңдатпа сөзімізді осы жерден қайырдық. Сіздер сұхбатты оқи отырыңыздар:

Әңгімеміздің басын бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының бағыт-бағдары жайынан бастасақ. Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ әдебиеттану ғылымының жеткен жетістігі деп айтуға тұрарлық қандай зерттеулеріміз, қандай жаңалықтарымыз бар?

Қарлығаш Әубәкір: Алаш арыстарына қатысты жарық көрген бар еңбекті тәуелсіз қазақ әдебиетінің ең үлкен олжасы деп айта аламын. Марқұм Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, К.Юсуп, Т.Әсемқұл, қазіргі С.Қасқабасов, Т.Жұртбай, Т.Шапай сынды әдебиетші-ғалымдарымыздың ауыз толтырып айтуға тұрарлық еңбектері жетерлік. Әсіресе, соңғы уақытта Алаш тақырыбын құбыласына айналдырған жастардың ғылымға бет бұруы көңілге хош ұялатады.

Нұрбол Құдайберген: Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттану ғылымының жетістігі аз емес. Дегенмен, айрықша зор жетістікке жетті деуге де әлі ерте. Жалпы, егемендік алған кез келген ел алғашқы ширек не жарты ғасырға жуық уақытын өзінің төл құндылықтарын қайта қалыптауға жұмсайды. Сол үдеріс бізде де жүріп жатыр. Өшкеніміз көп. Барымыз бұрмаланған. Советтік жүйенің тырнағы, әсіресе, ұлттың жаны – әдебиетке қатты батқан. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттануының маңызды жетістігі ретінде кезінде саяси-идеологиялық тұрғыдан қасақана теріс түсіндірілген тақырыптарды қайта қарап, барынша шынайы әрі объективті түрде баға беруге деген ұмтылысын айтуға болады. Алаштықтар ақталды. Тарих қайта безбенделді. «Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек», - деп Елбасы айтқан екен. Осындай әдебиеттің де, әдебиеттанудың да іргесі қаланды. Яғни дүниеге диалектикалық материализмнің, социалистік методологияның көзімен қарайтын әдебиеттану енді жоқ. Ежелгі дәуірлерден бастап ХХ ғасырдың соңына дейінгі кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғаларымыздың шығармашылығы қайта сарапқа салынды. Аштық, репрессия, дін және кейбір тарихи тақырыптардың әдебиеттегі көріністері зерделенді. Сонымен бірге, теориялық тұрғыдан да көп ізденістер жасалды. Антропологиялық, нарратологиялық, дискурстық һәм герменевтикалық зерттеулер жарық көрді.

Кешегі өткен совет заманында жалпы білім, ғылым саласында тұрақтылық, белгілі бір дәстүр, соған сай талап пен мықты жүйе болған-ды. Тәуелсіздік алған соң, еліміз руханиятқа емес, экономикаға көңіл бөлгендіктен, білім мен ғылымның арасы да ажырап кеткені өтірік емес. Қазақ ғылымының қарашаңырағы – Ұлттық ғылым академиясы да айбарлы мәртебесінен айырылып, қоғамдық ұйым болды да қалды. Ал, бүгінгі күні сол академияға қарасты ғылыми-зерттеу институттары гранттық жобамен қаржыландырылатын халге түсті. Айтпағымыз, бұрынғы әдебиеттанудың рөлі, академиялық үлгісі сақталды ма? Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы салалық негізде қандай маманға зәру?

Қарлығаш Әубәкір: Жеке пікірім, тек қана қазақ әдебиеті емес, біздегі барлық сала профессионалды деңгейдегі сауатты маманға зәру. Ал, қазақ әдебиеті сыншы, аудармашы, фольклортанушы, нарратолог т.б. көптеген маманға да һәм жазушы, драматург, сатирикке де зәру. Бұл мәселе ұлттық тарихи жадымыздың қайта жаңғыруымен, отарсыздануымен, әлеуметтік-экономикалық факторлармен тығыз байланысты. Әдебиетіміздің болашағы үшін әдеби орта мен әдеби мектерді қалыптастыру қажет деген ойдамын.

Нұрбол Құдайберген: Бұрынғы академиялық дәстүр сол қалпында сақталды деуге болмас. Сақталған күннің өзінде ол бүгінгі талап-тілектің үдесінен шыға алмас еді. Салыстырмалы түрде айтқанда, постиндустриалық білім қоғамының талаптары да жылдам өзгереді. Совет кезіндегі қамқорлықты ғана сағына еске алуға болатын шығар. Өйткені, қазіргі Қазақстан ғылымының халі мүшкіл...

Шет елдің алдыңғы қатарлы университеттерінен тағылымдамадан өтіп, танымал ғалымдардың алдын көрдіңіз. Шет елдік университетте әдебиеттану ғылымы қалай оқытылады? Әдебиетші маман даярлау ісіне қаншалықты көңіл бөледі екен?

Қарлығаш Әубәкір: Өз басым АҚШ, Сан-Диего мемлекеттік университетінде, Қытайдағы Минзу университетінде тағылымдамадан өтіп, Мәскеудегі мұрағат қорында біраз жұмыс істедім. Түркия профессорлары ЕҰУ-де дәріс оқыды. Бір түйгенім, біздің әдеби танымымыз орыс әдебиетінің негізінде жасалған және соған байланып қалған. Ал, әлем, мүлдем басқа бағытта, алуан түрлі тәсілмен сөзтаным саласын игеріп жатыр. Орыс әдебиеті керемет дейтін кеңестік психологиядан сәл арылып, жалпы әдеби прогресстің даму процесін қадағалауымыз қажет. Біз әдебиетті нарратология, психология, саясаттану, әлеуметтану салаларынан бөлек қарастырамыз. Ал, шетелде мұның бәрі бір. Мысалы, америка әдебиетінде шығарманы оқымай тұрып, оқырман автормен толық танысып шығады. Себебі, олар шығарманы тану үшін әуелі авторды тануымыз керек дейді. Ал біз автордың туған жылы мен жерін білсек білерміз, басқа мағлұмат жоқ. Тіпті Әуезовтің өмірдегі адами келбетін нақ білмейміз. Жарайды, кеңестік кезеңде ақын-жазушылар цензураның салдарынан кулисаның ар жағындағы өмірлік болмыстарын жасырды делік. Соның өзінде қаншама күнделіе, естелік қалдырды. Ал, қазіргі ҚӘ-нің өкілдері қалай жүр, кімді оқиды, ұстанымдары қандай, бейхабармыз. Оны әздеп, сұрамаймыз да. Себебі біз шығарманы автордан бөлек талдаймыз. Бұл үлкен қателік деп есептеймін. Америкалық проф. жетекшім былай деген еді: Толстойдың адюльтер мотивіне (отбасыдағы жарға опасыздық мәселесі) деген көзқарасын одан сұрамай-ақ білуге болады. Себебі, Толстойдың өмірлік философиясын таныған адам Толстой адюльтерге қарсы деп бірден айта алады. Ал, сезімді ар-намыстан, ұяттан да жоғары қоятын нәпсәни ойдағы адам үшін бұл керемет ерлік болуы да мүмкін. Сондықтан көркем шығарманың бағасы оқырманның жан тазалығына, психологиялық, саяси т.б. сауаттылығына және автор психологиясына байланысты деп... Осы тәрізді әдеби зерттеу тәсілдері, контент анализ, психологиялық параллель, жалпы зерттеу методологиясы әлем әдебиетінің өсуіне ықпал етіп жатыр. Ал, бізде сын жоқ, теориялық талдау жоқ. Ақын-жазушыларымыз сынға зәру. Туындыларының дұрыстығын я бұрыстығын талдап көрсететін маман да некен-саяқ. Соның кесірінен бүкіл әдеби процесс кешеуілдеп тұр. Әдебиеттің идеологиялық құрал екенін ойдан шығармаса, мемлекетіміз баяғыда-ақ назар салып, дұрыс қаржыландырып, халықтың рухани кемелденуі жолында еңбек етер еді. Аударма саласын айтудың өзі ұят. 1911 жылы "Хэмптон" журналында шыққан Джек Лондонның әңгімесін Ж.Аймауытұлы 1918 жылы аударып, сәл кейін жариялайды. Әлем әдебиетінен қазақ даласы хабардар болсын дейді. Интернет жоқ, байланыс дегеніңіз айлап, жылдап уақыт кетіретін қиын кезеңдегі әдеби үрдісті қараңыз. Ал, қазір... 5 секундта ақпарат алмасатын заманда біз не бітірдік? Ойлап көрсек... біз ...

Нұрбол Құдайберген: Шет елдерде әдебиеттану ғылымына деген қызығушылық жоғары. Содан да болса керек, оған түсушілер арасында да бәсеке күшті. Әйтеуір, «грант болған соң» оқитындар аз сияқты... Біріншіден, Батыс елдерінде «әдебиеттану» деген ұғым жоқ. «Әдеби зерттеулер», «Әдеби сын» делінеді екен. Екіншіден, әдебиеттану ғылымы философиямен тығыз байланыста қарастырылады. Сондықтан да, философияның басты арналарын, негізгі тұжырым-концепцияларын терең түсініп алмайынша сөз өнерінің теориясын терең тани алмайсыз. Тіпті талдауларының өзі осы бағытта жасалынады екен. Үшіншіден, шетелде ғылыми теориялық бағытымен бірге практикалық мәнін де ұмыт қалдырмайды. Студент оқып жатқан тақырыбын, алып жатқан білімін өмірде қолдана алуы тиіс. Төртіншіден, ғылыми тақырыпты бірден бекітпейді. Оқуға түсіп, алды-артын тани бастаған адамнан тақырыбы мен жетекшісін бекітуді мәжбүрлемейді. Ол алдымен міндетті пәндердің бәрін оқып бітіруге тиіс. Содан кейін ғана өзі қалаған тақырыбы мен профессорды таңдай алады. Жалпы, ерекшелік көп. Оның ондаған айырмашылығын айта беруге болады.

PhD бағдарламасы бойынша білім алдыңыз. Ғылым жолына түскен докторанттың басынан өткен қызығы мен шыжығы да көп болар, сол жағын тарқата айта отырсаңыз. Болашақ докторанттарға айтар кеңес, ұсынысыңыз қандай?

Қарлығаш Әубәкір: Ең үлкен жетістігім - ҚӘ-нің корифейлерінен дәріс тыңдап, шетелде аз болса да білімімді жетілдірдім. Шетелге барып-келу мүмкіндігімді дұрыс пайдаланып, қыдыру мен туризмге емес, пайдалы білімге жұмсағаным үшін қуанамын. Докторанттарға да айтар кеңесім сол. Бар мүмкіндікті ғылымның игілігі үшін Пайдаланыңыздар! Қайтымы боларына сенімім кәміл.

Нұрбол Құдайберген: Ең алдымен, PhD-ге тапсырмай тұрып оның сіз үшін шынында да керек екеніне көз жеткізіп алыңыз дер едім. Ол үлкен сын-қатерлерге дайын болуды талап етеді. Шетелдік бір зерттеу бойынша, докторанттардың үштен екісі депрессияда жүреді екен. Жалпы, PhD деген сөздің өзі «философия докторы» деп айтылып жүр ғой. Қазір атын ұмытып тұрмын, шетелдік бір ғалым осы ұғымды басқаша түсіндіреді. Қысқаша айтқанда, PhD дегеніміз адамзатқа белгілі білім шеңберін жарып шығатын нүкте екен. Осы тұрғыдан алсақ, көбіміз лайықты болмай шығамыз! Екіншіден, осыған қажетті дағдылар қалыптастыруды ерекше қадап айтар едім. Өйткені, әдет-дағды дегеніміздің өзі – адамның екінші табиғаты. Академиялық өмірге қажетті дағдылар тізімін жасап алып, біртіндеп соларды игеруге, меңгеруге тырысу керек секілді. Бір ғана ғылыми жазу өнерін алайық. Көп жағдайда елеп-ескермегенімізбен, оның да өзіндік жүйесі, әдеп-ережелері шаш-етектен. Қазіргі заманға сай әрі өте сауатты түрде меңгерем деген жан болса, coursera.org, edX.org сайттарындағы әлемнің ең үздік университеттерінің онлайн курстарын оқуды ұсынар едім.

Сіздің ойыңызша бүгінгінің әдебиетші-маманы қандай болуы керек?

Қарлығаш Әубәкір: Сауатты, адал, бай, бірнеше тілді меңгерген еңбекқор һәм әдебиетке ғашық болуы керек. Сонда ол әдебиетіміздің дамуына үлес қоса алатын нағыз маман, профи бола алады.

Нұрбол Құдайберген: Сауатты болуы керек. Бұл – қай кезде де маманға қойылар талаптың үлкені. Дегенмен, оның да мәні өзгеріп отыра ма деймін. Мысалы, бүгінгі маман ағылшын тілін білуге міндетті. Іздегеніңнің орысшасы жоқ, ағылшыншасы көп! Сосын әдебиетке жақын салалардан хабардар болуы керек деп ойлаймын. Тарих, лингвистика, этнография, философия, психология, социология, мәдениеттану ғылымдарын қойып, қазіргі Батыс әдебиеттануы биология, неврология ғылымдарымен ұштастыра отырып зерттеулер жасап жатыр. Мысалы, әдебиетті эволюция теориясымен немесе біздің дене бітіміміздің ерекшелігімен сабақтастыра отырып талдау жасайтын ғалымдар көбейіп жатыр. Бір ғана бейнелі сөз тіркесінің жасалуына қатысқан адам миындағы талшықтардың табиғатын тануға деген қызығушылық аса жоғары екен. Жалпы, қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында постмодернистік, структуралистік, антропологиялық және рецептивтік, психоаналитикалық талдаулар туралы айтылып жүр. Дегенмен, постструктуралистік, деконструктивистік, мультимәдени, постколониалды, когнитивтік зерттеулерге әлі де көңіл бөлінбей келеді. Меніңше, қазіргі заманның әдебиеттанушы маманы ескі мен жаңаны ұштастыра білуі керек.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар