Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мұхтар Құрманалин. Көненің көзіңе ыстық Ордасы осы...

25.07.2018 8999

Мұхтар Құрманалин. Көненің көзіңе ыстық Ордасы осы... 12+

Мұхтар Құрманалин. Көненің көзіңе ыстық Ордасы осы... - adebiportal.kz

Ақтөбе облысының «Әдебиет порталындағы» онкүндігі аясында Қарабұтақ ауданы, Аралтөбе ауылының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жалын», «Балауса» баспалары жариялаған жабық конкурстың екі дүркін жүлдегері, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, ақын Мұхтар Құрманалиннің топтама өлеңдерін ұсынамыз.

ТУҒАН ЖЕР

Ежелден ел жайлаған, ат аунаған,

Еш дұшпан баса көктеп бата алмаған.

Уа, менің дархан далам, бір ғанибет

Өзіңді мекенім деп атау маған.

Жаңғыртып әуенімен «Жайдарманның»,

Төсінде талай шауып бәйге алғанмын.

Анамнан туған бойда сені құшып,

Кетпестей кіндігімнен байланғанмын.

Кезде де тандай кеуіп қаталаған,

«Тамұқ» деп ешкім сені атамаған.

Көңілге кеңдігіңді медеу етіп,

Айналып көше берген ата-бабам.

Десе де дауылыңа «соқ, қаттырақ»,

Қалмаған құба жонда тоқтап бірақ.

Жетелеп жылдардың сол керуенін,

Ұғынған ұрпағымен мақсатты нақ.

Екен ғой жапан деген жаңсақ ұғым,

Өзіңді жырақ жүрсе аңсар ұлың.

Белестен сағынышты бауырымдай,

Бұлғайды орамалын сол сағымың.

Осы ғой өзің өскен орта деген,

Мен үшін ыстық тіпті бұта, белең.

Кеудемді тосып саумал самалыңа,

Жусанның жұпар иісін жұта берем.

Алдымда тұрсын мейлі, сан несібе,

Қалмаймын басқа жерде қал десе де.

Жазира жайларындай жаным байтақ,

Қазақпын сыймайтұғын тар көшеге.

Қалықтап аспанында қырандайын,

Баруға қиырыңа балаң дайын.

Сен бұгін кең көсілген алып болсаң,

Өзгерген бейненді сол бір аңдайын.

Өзіңсің құтты қоныс, жайлы мекен,

Жиһанда тілемеймін жайды бөтен.

Адамға туған жердің топырағын,

Алшандап басып жүру — байлық екен.

ҰСТАЗҒА ХАТ

Көп ойлап бұрынғыша бала жайын,

Жүрсіз бе сау-сәлемет, жан ағайым.

Алыстан арнап сәлем жолдаушы бұл,

Сонау жыл қолда өсірген кұралайың.

Мен бүгін өзіңізден жырақтамын,

Атпайды сағынышсыз бірақ таңым.

Аңсаумен ай өткендей екі арада,

Ішінде хат салмасам бір аптаның.

Бастым да қадамымды алғашқы нық,

Аяулы арманды сол жолдас қылып,

Сіздегі жанар таудай мол жалынға,

Жүрмін мен жүрек отын жалғастырып.

Сіз барда бұл өмірде бала қамсыз,

Бақытқа бәрімізді балағансыз.

Санама ізгіліктен ұрық сепкен,

Мен үшін орны бөлек бір адамсыз.

Тебірене айтылған бұл адал шыным,

Биіктей берсін, мейлі, алар шыңым,

Жеткіз деп ағайыма алғысымды,

Жанымның жиі ұшырам көгаршынын.

Қайсы бір қиындыққа күшім жетпей,

Жүргем жоқ, кейін қалып, ісім бітпей.

Аңсайды қамқоршысын қайран көңіл,

Ұмтылған күн көзіне өсімдіктей.

Есейіп кетсем-дағы мені ескеріп.

Тынбайсыз ақыл айтып, кеңес беріп.

Бәлкім, біз өзіңізге бұрынғыша,

Ши борбай балдырған боп елестедік.

Анадай баласына ара тұрған,

Жүресіз демеп дәйім қанатымнан.

Жан ұстаз, ғажайып бір адамсыз ғой,

Жақсылық үшін ғана жаратылған.

АҒА

Бейнетіміз болды біздің белшеден,

Біле алмадым алға қандай жол шегем.

Бұралаңы көптеу мына өмірді,

Өздеріңе қарап сонда өлшесем.

Мектеп бардық, егін ордық, жер қаздық,

Бозбалаға етті бірақ бұл да аздық.

Албырт көңіл алып ұшып аспанға,

Өздеріңше өлеңдеттік, жыр жаздық.

Сол бір кезде, бүкіл халық бекінген,

Жас та болсам бұрынырақ жетілген.

Ұяңдық па, ұялдық па, білмеймін,

Алдарыңда абдырайтын секілді ем.

Қабақ шытсаң, қалатынбыз қиналып,

Сонда да біз үлкендікті сыйладық.

Борыштайын бойымызға дарыған,

Ініге тән ізеттік пен ибалық.

Білмей өстік балалықты басқаша,

Бүйтер ме едік бетімізден жасқаса.

Жаны жарқын ағаларды аңсаймын,

Анда-санда еркелігім ұстаса.

Жасы үлкенге бас иетін, бұлданбай,

Ең жауапты сезім еді бұл қандай.

Әлі күнге, өздеріңді көргенде,

Абыржимын ар алдында тұрғандай.

ҚЫМЫЗДЫ АУЫЛ

Кісінеп құлыншақтар кермедегі,

Белдеуде байлаулы тұр кер дөнені.

Өрістен жаңа оралған жылқышы қыз,

Толықсып, туған айдай тербеледі.

Құлақта құлын даусы — асқақ әні,

Қолында қызыл зерен — тостағаны.

Майысып саусақтары, қандай әсем,

Сабадан қымыз құя бастағаны.

Бойыңа даритұғын дәрі-күштей,

Қымызын кете алмайсың қанып ішпей.

Қарайсың қайта-қайта қарындасқа,

Жаутандап, өз-өзіңнен жанып іштей.

Тіреліп көмейіңе талай сұрақ,

Дейсің сен: «не бар керім бар-ау шырақ».

Бір сәтке ұмытасың, көптен бері

Шалғайда жүргеніңді жолаушылап.

Қыз қандай, қымыз қандай, көлі қандай,

Түс көріп, жақсылыққа жорығандай.

Тамсанып кетті-ау, шіркін, талай жігіт,

Шілдеде осы ауылдан шөлі қанбай.

* * *

Біздер бала кездегі,

Ойыншықтар өзге еді.

Бес-алты асық, киіз доп —

«Бақыттың» сол безбені.

Біздер бала кездегі,

Қиыншылық өзге еді.

Сүт сұрайтын жас бөбек,

Жаутаң қағып көздері.

Біздер бала кездегі,

Дерт дегенің өзге еді.

Құлататын төсекке,

Қалтыратып безгегі.

Біздер бала кездегі,

Бейнет деген өзге еді.

Кетпен, күрек есейтті

Бәрінен де тез мені.

Біздер бала кездегі

Уақыт та өзге еді.

Әке тұтып өскенбіз,

Жалғыз аяқ жездені.

Біздер бала кездегі,

Ауыртпалық өзге еді.

Жұдырықтай жүрегім

Қалай соған төзгені?

АЛТЫН АДАМ

Ауылдан ұзай алмай алты қадам,

Жұрт анау жапырақтай қалтыраған.

Қиырға жету қиын деп жүргенде,

Апырай, өзі келді Алтын адам.

Келді, рас, асығыстау — бір-ақ айға.

Сондықтан мән бермедік мына жайға:

Баяғы «Алтын орда» болмаған соң,

Ат басын бұрған шығар мұражайға.

Мұндайда қапылдырмай қара түнді,

Қалайша қамдамайсың қанатыңды.

Алыстан алты жасар бала келсе,

Атасы сәлем бере баратын-ды.

Тез жеттік.

Тұла бойы жалтыраған,

Тұр асқақ,

Алдымызда — Алтын адам.

Тарихтың қойнауынан келсе туыс,

Қазақ па қарап тұрып талқылаған.

Тұра алмас тебіренбей еркін халық,

(Тағатсыз күтіп еді бұл күнді анық)

Бес ғасыр сапар шеккен бекзатымды,

Бас иіп, тағзым еттім, бөркімді алып.

Ұмыта қойған жоқпыз біз де өткенді,

«Желтоқсан» қар жастанып, мұз бөктерді.

Алаштың асау қаны бойында бар,

Бәлкім, ол бауырларын іздеп келді.

Қадірі азаматтың алтында ма, —

Сақтасын ата-баба салтын дара.

Намысы наркескендей болса қазақ,

Қымбат ол қарапайым қалпында да.

Көбейіп биік самғар ұл-қызы асыл,

Жас дәурен айтып жатыр халқыма сыр:

Жайлаған Алтын адам жазирада,

Салтанат құрады ғой Алтын ғасыр!

МҰРАЖАЙДА

Бөгелсем біразырақ кінә қойма —

Бұрылмай өте алмаймын мұражайға.

Көненің көзіңе ыстық Ордасы осы,

Кісіні жетелейтін кілең ойға.

Бұл үйге өзгеше бір өрісі кең,

Кіруге именесің кебісіңмен,

Төрдегі бар бұйымы — тәбәріктей,

Баяғы бабалардың тері сіңген.

Қазақтың Әбілқайыр, Жәнібегі...

Өзі жоқ,

Жетті бізге жәдігері.

Там-тұмдап ұрпақтары жинамаса,

Жоғалып кетуі де кәдік еді.

Талайды тебірентті, толғандыра,

Саз-сырнай, қара қобыз, сал домбыра.

Әжемнің әдемі бір жиһазындай,

Осынау әлімсақтан қалған мұра.

Көрінбес көлеңкесі бізге бөтен,

Қалайша көзге мұны ілмей өтем.

Ден қойсаң, жақын келіп,

Ата жұрттың

Тасы да тіл біткендей сөйлейді екен.

Бұйым көп мұнда маған сыр ұқтырған,

Жандаймын жеті атасын жолықтырған.

Осында келген сайын, көрген сайын,

Тарихқа бойлай берем тұнып тұрған.

ӨЗДЕРІҢМЕН БІРГЕМІН

«Болашаққа баратұғын жол танда»,

Деген кезде ой талдадым ортанда.

Актөбенің шежіресін шертетін,

Ақ қағазға түсті талай қолтаңба.

Жырларымды жаттап өсті немерең —

Жетпісінде марқаймасын неге өлең.

Арманыма қол созғанда, қаумалап,

Өздерің ғой қолтығымнан демеген,

Сол баяғы таныс көше, таныс бақ...

Еңбегімді келем елге бағыштап.

Алатаудың шығайын деп шыңына,

Астана асып кеткенім жоқ алыстап,

Інілерім жайды төрге төсекті,

Ағаларым ақыл айтты, кісі етті.

Тағдырласым — тап осынау шаңырақ,

Ақтөбеде екінші үйім есепті.

Бүлкілдеген бұлақ көзін байқа, бар —

Тірегімсің толғаныста ой табар.

Аласа үйде тұрғанымен, кім сірә,

Адамдары аласа деп айта алар.

Білем мынау беріктігін іргенің,

Түлеп ұшқан өз босағам бұл менің.

Ақынжанды бауырларым, аман бол,

Әрқашанда өздеріңмен біргемін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар