Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бауыржан Игілік: Ақындар тағдырын айтып мүсіркеу т...

30.07.2018 5552

Бауыржан Игілік: Ақындар тағдырын айтып мүсіркеу тудырғысы келеді

Бауыржан Игілік: Ақындар тағдырын айтып мүсіркеу тудырғысы келеді - adebiportal.kz

Бүгінгі таңда Алматы – ақындар қаласы атанып кеткен шаһар болса да, өңірлік әдебиет өз функциясын қалтықсыз атқарып келеді. Оған дәлел: Батыста Светқали Нұржан, Орталықта Серік Ақсұңқар, Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулет, Шығыста Тыныштықбек Әбдікәкімұлы секілді қаламгерлер өз ақындық мектебін қалыптастырып үлгерді. Барлығының айналасынан «Әдебиет – ардың ісі» деп жүрген қуатты, әдебиетке құмар жастарды көреміз. Бұған көңіл толады, көз сүйсінеді. Сол жастардың алды әдебиетте өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Бүгін біз әңгімеге тарытқалы отырған Бауыржан Игілік те сондай ақынның бірі.

– Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, есімі елеулі жас ақындардың қатарындасыз. Сізді алғаш ақын ретінде танытқан қандай өлеңіңіз еді?

Біздің әдебиетіміздің ең сүбелісі – ауыз әдебиетінде, яғни фольклорымызда жатыр. Көшпелі халықтың санасы, жады, тілі, дүниетанымы, өресі үнемі жаңарып, ұдайы прогресте болған. Кейінгі буын жыраулардың, сал-серілердің, шежіре ақсақалдардың көмейін танып, шұрайлы әңгімені бойына сіңіріп өскен, өз кезегінде осы циркуляцияны өздері де дамыта жалғастырып отырған. Қарап тұрсаңыз, осы процестің өзі – бүтін бір институт. Үнемі жаттауға дағдыланған ес – ақ алмастай қылпылдап, кез келген дастанды, кез келген ән мен күйді лезде қағып алып құбылта қайталап отырған. Осы дәстүр бертінге дейін үзілмей келді. Қазірдің өзінде ол ақпараттың барлығы біздің түпкі есімізде, қанымыздың жадында бар. Ол тек кілтін тауып оятуды қажет етеді. Бұл енді өте ұзақ әңгіме...

Мен енді менмендігіме салып өзіме көшейін. Өлеңді өте ерте жастан бастап жазамын. Тіпті тілім енді шығып, есімді енді жиғанымнан бастап сөзге сөзді ұйқастырып, айтқандарымды туыстарымыз осы уақытқа дейін айтып күліп отырады. Әрине, оның барлығы жай ғана бір ұшқын, жылт еткен көріністер ғой әр қазақтың бойында болатын. Сол желікпен барып айтыстарға да қатынасып көрдім, тәп-тәуір жетістікке де жетіп жүрдік, дегенмен тумысымнан ырду-дырдудан ауаша, өз ойыммен өзім жүретін болғандықтан, ол дүркіреген ортаға аса сіңіп кете алмадым. Бір жағынан поэзияның жаныма жақындау екенін де түсіндім. Алғаш өлеңім жарияланған кез есімнен кетпейді. Семейде «Ертіс өңірі» деген басылым бар, соның балалар шығармашылығына арналған «Ақбота» деген беті бар болатын, сынып жетекшім өлеңдерімді апарып тапсырған екен, келесі аптада жарқырап газетке басылдым.Қуанғаным соншалық басыма көшіріп бірдеңе деп жатырмын, газет сатушы апайдың өзі шошып қалды. Әлгі өлеңім шыққан бетті күлдіреп кеткенше ұстап жүрдім. Жалпы мен жариялану, насихат жағына аса пысық адам емеспін. Қай өлеңім танытты, кім қайсысына қандай пікір айтқаны есімде қалмапты...

Ақындық еліктеумен келмейтіні анық. Дейтұрғанмен, еліктеусіз жетілу болмайтыны тағы бар. Сіз кімдерге еліктедіңіз?

– Еліктеу, үйрену, біреуді ұстаз тұту – бұрыс дүние емес. Ал өз болмысынан айырылып, әлдекімнің жаңғырығына, сорлы көшірмесіне айналып кету - білімсіздік. Бұл бүгінгі таңда асқынып тұрған жаман ауру. Мен әр жасымда әр ақынның шығармашылығымен «ауырдым». Мәселен, бала кезімде Қадыр Мырза Әлінің, Қастек Баянбайдың, Мұзафар Әлімбайдың, Қабдікәрім Ыдырысовтың балаларға арналған өлеңдерін оқып, соларша жазуға талпындым. Балалық қой... Кейіннен Мұқағали, Сағи, Тұманбай, Төлеген, Жарасқан, Кеңшілік, Жұмекен, Меңдекеш сияқты ақындармен таныстым, сүйдім, еліктедім. Студенттік кезеңде бүгінгі күннің мықтылары Жәркен Бөдеш, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Мейірхан Ақдәулет, Несіпбек Айтұлы сияқты ағалардың әр сөзіне үңіліп, көз майымызды тауыстық. Өз басым төл әдебиетіміздің әр өкілінен керегімді алдым. Енді сол алғаныма өз үнімді, өз қиялымды, өз түйгенімді қосып кете алсам арман не?!

– «Шау тартып қалыпсың ау қайран шабыт! Жүруші ең кейбір жерде ойран салып...», – дейді ақын Мұқағали. Өлең деген шаршаудан емес, шабыттан туса керек-ті. Ал сіздің ақындық шабытыңыз?..

Өлең жазудың азабы да, ғажабы да көл-көсір. Өлеңнің, жасампаздықтың өз көңіл-күйі бар, тура табиғаттағы сияқты... Жаңбыр сіркіреп өтіп, артынан жарқырап күн шықса ғана құлпырып кемпірқосақ көрінеді. Құр жауыннан, немесе ашық күнде оны көру мүмкін емес... Сол секілді адамның ішкі дүниесі, жасампаз әлемінің аспаны осындай құбылысқа түскенде өлең туады, ән туады, сурет туады...

– «Кітабы жоқ ақын – жалаңаш ақын» дейді, осы уақытқа дейін жыр жинағыңызды шығармауыңыздың сыр неде?

Ыңғайы келмеді.

– «Өзекте өкпесі бар жандар, Өзгеден өмірді кем сүрмек...» – дейсіз. Ақындық өмір өкпелеумен өтетіндей көрінеді. Сіз кімге өкпелісіз?

Мейірім, қанағат, адалдықты ұмытып бара жатқан адамдарға өкпелімін...Ат төбеліндей ғана халқымды тентіретіп қойған заманға өкпелімін... Қазақтың мәдениеті мен өнерін той жағалатып қойған қоғамға өкпелімін...Жалаңаш жүріп атын шығарғысы келетін наданға өкпелімін... Ұрпағының келешегіне алаңдамайтын аналар мен әкелерге өкпелімін... Отанын уақытша көретін көкелерге өкпелімін... Тілге, түрге, жерге, руға, дінге бөлінген еліме өкпелімін... Өкпелейсің ғой кейде... Бірақ өкпелеп не тындырасың? Қайда барасың?

– Ақындардың көбі қолына қалам алуына себеп болған тағдыр деп жатады. Сіздің өлең жазуыңыз да тағдырдан ба?

Тағдырлы адамдар көп қой...Солар ақын болып кетіп пе?! Ақындардың көбі талантын бұлдайды, тағдырын айтып мүсіркеу тудырғысы келеді... «Тағдырым... елім-ау...» деп жүргендердің көбі қалтасы қампайып, жағдайы түзеле қалса болды тым-тырыс бола қалады. Ақындар – адам санасының авангардындағы тұлғалар. Ол талант қанмен келеді, сүтпен сіңеді, еңбекпен жетіледі, оқумен ұшталады. Басқалай болуы мүмкін емес!

– «Ауылың сенің сайда еді тау қамаған, Келмейтұғын қайтқысы барған адам...» – дейсіз. Бауыржан, өз туған жеріңіз туралы бір үзік сыр тыңдасақ?

Туған топырағым Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа қарасты кішкентай ғана Қ. Сәтбаев атындағы ауыл. Жұмекеннің:

Уа, туған жер! Сенде шың да, көл де жоқ,

Ойымда жоқ сені өлеңмен өңдемек.

Дәл өзіңдей қарапайым болам мен,

Дәл өзіңдей! Маған, сірә, сол керек!

дегені сияқты мен өскен ауыл жап-жазық дала, жусаны мен ерменінен аспанның өзі масайып тұратын жер. Жұмыр жердің бетіндегі жүрекке ең ыстық өлке мен үшін сол шаңы бұрқыраған ескі ауыл.

– «Ертең адам болып қалу үшін, бүгін театрға барыңыз» – деген әдемі тәмсіл бар. Өзіңіз қазір театрда жұмыс жасап жатқаныңызды білеміз. Бүгінгі қазақ театры несімен ерекше?

Мен Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театрында еңбек етіп келемін. Қазақ театрлары бүгінгі таңда үлкен ізденіс үстінде. Заманның өте күрт өзгеріске түсіп, жылдам дамып, құндылықтар мен түсініктер ауысып жатқан кезінде бірден оп-оңай жол тауып кету мүмкін емес. Сол себепті де театр қайраткерлері өз бояуымызды оңдырып алмай, өз иісімізді жоғалтып алмай заманауи қойылымдарды халыққа жеткізудің түрлі жолдарымен жұмыс жасау үстінде. Ол еңбек өз жемісін де беріп келе жатыр. Театр өнері қазақ халқына кейін жеткен өнердің бірі. Халқымыздың тұрмыс-салт жырларында, айтыстарында театр өнерінің көріністері бар, сондықтан бөтен де дүние емес. Қазақ театрлары ерекшеленсе сол ұлттық колоритімен ерекшеленеді. Себебі мәдениетіміз өте бай! Жалпы, театр тоқсан өнердің тоғысқан жері ғой, берері көп.

– «Түсініксіз өлең жазу – поэзияға жаңалық әкелу емес. Қайта әр адам құдайдың жерге берген жаңалығы. Әркім өзінің даралығын жоғалытпаса, сонда бәрімізде жаңалық боламыз» – депсіз бір сұхбатыңыз да, сонда сіз айтқан даралықпен бүгінгі қазақ поэзиясына құбылыс жасап, төңкеріс туғызған кімдер ?

Жарнаманың заманы ғой... Біреу келіп құбылыспын десе, маңайы шу-шу етіп, әдебиетіміз «төңкеріле» беретін болды ғой өзі қазір... Қайсібірін айтамыз...

– Таласбек Әсемқұлов бір сұхбатында «жаңа толқын өкілдеріне бұрын тыйым салынған, қол жетпеген әдебиет бір-ақ күнде лақ етіп, ақтарылып түсе салды» дейді. Осы ақтарыла салған әлем әдебиеті сізге не берді?

Әлем әдебиетінің қазақ әдебиетінен асып кеткен ештеңесі жоқ. Осыны түсіну үшін қанша жылым оқумен кетті... Қазақ деген ең данышпан халық қой, шіркін. Өзімізді-өзіміз сыйлауды үйренген кезде ғана ұлы халық екенімізге көзіміз жетеді. Біздің басымыздан өткен зұлматтың бәрі де ынтымақтың, бірліктің, берекенің жоқтығынан, өз ұлтын құрметтемеуден, төменшіктеуден, жалтақтықтан болды. Осы бір кесапат мінезден құтылсақ, ғылым да, білім де, тарих та, өнер де, даналық та тілімізде тұр...

– Бүгінгі қазақ әдебиетінің деңгейін шетелмен өлшеу сәнге айналды. Олай дейтініміз әдебиеттегі бір ақын, не жазушыны міндетті түрде шетелдік бір автормен қоса айтпасақ, біздің қоғам «пысқырмай» қояды деген түсінік басым. Әдебиетті бұлай бағалау қаншалықты дұрыс?

Шетел бізге өлшем емес!

– «Тура осы жеңілтек заманда туғаным-ай...» депсіз... Ақынға арман болған қоғам қандай екенін білуге бола ма?

-Ақын емес, адам ретінде армандайтыным көп... Тап-таза, пәк қалпымызда анадан туып, қалайша былығып, былғанып кететінімізге таңқалам. Адам баласы ойланудан қалып барады, ұялудан қалып барады, обал мен арды ұмытып барады... Жалғандыққа, әділетсіздікке етіміз әбден үйреніп кетті... Жүрегіміз қатайып бара ма деп қорқамын.

– Өлеңмен не өзгерте алам деп ойлайсыз?

– Бір жүрекке мейірім орната алсам, бір адамның жанарына жалт ойната алсам, бір кәлләні ойландыра алсам деймін... Әрине, мына у-шу, қызыл-жасыл шоудың, аса мәртебелі ақшаның, жуанжұдырық надандықтың, жылпылдаған жағымпаздықтың арасынан үніміз шығып жатса...

– Бауыржан, әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан: Айжамал КӨПЕЕВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар