Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мейірхан Ақдәулетұлы. Мың ғасырлық Мәңгі ойынның м...

30.07.2018 11027

Мейірхан Ақдәулетұлы. Мың ғасырлық Мәңгі ойынның мәні – осы.

Мейірхан Ақдәулетұлы. Мың ғасырлық Мәңгі ойынның мәні – осы. - adebiportal.kz

Ақтөбе облысының «Әдебиет порталындағы» онкүндігі аясында осы өңірдің тумасы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ҚР Президенті грантының иегері (2002 ж.), «Шырақ-ғұмыр», «Бастау», «Дәруішнама», «Бейуақтағы мінәжат» жыр жинақтарының авторы, Ақтөбеден шығатын республикалық әдеби-көркем, көпшілік «Адырна» журналының Бас редакторы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлының топтама өлеңдерін ұсынамыз.

БЕЙУАҚТАҒЫ МІНӘЖАТ

Ілінерде күннің қызыл кірпігі

дертім менің меңдеді –

Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,

өлтіріспе Сен мені!

Мұса,

Ғайса,

Мұхаммедтің көп ішкен,

тауыспаған кермегін

жұтам үнсіз.

Үмітім жоқ Жеңістен.

...көзімнен сүй сен менің!

Ернім емес,

ет жүрегім кезеріп

жоқ сусынға шөлдеппін.

Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп

«Кеттік!» десе – мен кеттім!..

... Бізге неге баянсызды аңсаттың,

е-ей, есі бар Құдіре-ет?..

...Босқа налып, болмашыға шаршаппын –

көзімнен сүй бір рет!

Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең –

аямайды Сені Көк...

Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем

«Өмір!» деп тұр еңіреп!

... Аллаһу да аяп басар кеуденің

үнсіз айтқан зары бұл –

өмір өзі-ақ өлтіреді.

Сен мені

өлтіріспе, Жарығым!

Көзімнен сүй Сені көріп жұбанған...

ГҮЛ – ЖУСАН

Гүлді аяймын – өмірі өзін алдап, текке өткен –

...Шыншыл өскін көрмедім,

Жусан,

Шеңгел,

Көкпектен!

Үзік-үзік

күлкің мен көлгірсуің, тепкіңнің

бәрін ...Өмір,

Мәжнүнге лайық бақыт деп білдім.

Айыптымын алдыңда,

арнамадым гүлге өлең —

Гүлдің солып,

Бояудың оңатынын білген ем,

Мен жусанға інімін. Шеңгел болып кектенем —

Көкпек жаққан көне үйдің

көжесімен көктегем.

...Орманы кем,

Дүрдараз — тобылғысы, жыңғылы,

сортаңы мол,

суы ащы, кең Даланың Мұңды ұлы

Тарта туса тегіне – түкірмейді жалғанға,

Жанға қонса жалғыз шаң, айналады арланға!

Ділі — жусан,

қиялы — қыпшақы ердің Тарланы,

Жылқы мүсін болмысы. Сордан кермек арманы,

Мұңы – Қобыз,

төзімі болдыртардай түйені,

Домбырасы – дұғасы,

Сөзі – серті киелі.

Қыран түгіл,

Қарғасы қара ойды ұғар қиядан

Осы Дала — Отаным. Ұқсамауға – ұялам.

Бақыт, байлық,

ас пен той,

шексіз шаттық, мұң - нала.

Дана,

даукес,

батыр ез... —

Бәрін көрген бұл Дала,

Танып кетпей

тірліктің бағзы әуені — Күйбеңнен,

Өзгені де,

өзін де алдамауға үйренген.

Жусанымын мен соның.

«Гүл ғұмыры баянсыз!» —

Күліп тұрып айтатын ақ сырым да — аяусыз,

Осы — менмін, ей, Өмір,

сертім — жалқы, мінім — мың.

Аяп айтам атын да

есебі жоқ гүліңнің!

КҮЗ. ТОБА

Ақты жұлдыз тас төбемнен «ағалап»,

Арашаға түспедім.

Салдақы түн сақ-сақ күлді табалап,

бармағымды тістедім.

- Жаз өт-ті! – деп жасыл бояу

жылайды –

мен қайтейін,сарғаяр.

Қарғағансып қараңғыны–Құдайды –

қалтыраған шам да – аяр.

«Туған екем - өлерімді білем мен,

таңды қарғап күн батар....

Сынық сәуле күтіп қайтем біреуден,

қай жанарды құрғатам?»

Ж-жа-алға-ансың-ң! – деп,Мәңгіліктің

жағасын,

жұлқылап ем,қыңбады.

Жесір-өмір жұбатады баласын

жырым-жырым құндағы...

Мың ғасырлық Мәңгі ойынның мәні –

осы.

Бояуы,тек көнерген.

Ме-ен?

...сәбимін

сенімі мен дәмесі

өзінен Зор,

өлермен...

ТҮН.ҚҰСА

– Мүмкін еме-ес! – дейді ышқынып жүрегім –

...мүмкіндігім сол ғана.

Түсім бе екен?– қол тапсырып жүремін

иманы жоқ молдаға.

– Көне алмаймын!– деп жылайды Өлеңім,

жұбата алмай миым дал.

Оның нұрлы сәуле толы зеренін

быт-шыт қылды құйындар.

Ебірей шал «ел–сенікі!» деп күлді –

...соған да мәз сорлы ағам.

Қиянатқа қия да алмай тектімді,

қостай да алмай, қорланам.

Тиынға өтпей ұят дейтін құрғырың,

ақылынан алжасты Ар –

Өзгеге әлі жетпеген соң, бір-бірін

...талап жемек қандастар.

Пері киіп періштенің желегін,

жайнағансып жалған гүл,

Көктен безіп, күлден іздеп керегін

азып-тозып арман жүр...

Кие көшті бабам сенген ұғымнан–

...қалғаны – құр сөз-қауыз.

Қазақы арман, сенен мүлде суынғам –

шайқап ішсін өзге ауыз!

– Сабыр!–дейсің, жаным-далам, жалғызым –

сабыр сені сал қылған!

Ақ жүзіңе күллі ібіліс салды ізін–

ал,қашып көр тағдырдан...

Әкіреңдеп, әкемсінді көрінген –

...жылап барар жоқ тәңір.

«Ұят күшті, – демеуші ме ең,– өлімнен»,

...кел,кел,мықтым,отқа кір!

Тексіз ұл-қыз таптап сезім қанатын.

ән салып жүр...арсыз ән...

Табалайды ақ шырақты қара түн –

...соңында таң бар шығар?

Шықпаған жан шығар күннен үміткер –

Не бересің келер күз?

–Мүмкін еме-ес! – десеңдерші,ей,жігіттер, –

...іштен тынып өлерміз...

КЕШ. ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Ақырзаман орнайды енді –

Күн өлді

Қып-қызыл боп ұяттан.

Өкінердей ештеңе жоқ.

Біреуді

өп-өтірік жұбатпан...

«Есі ауысқан дүниеден жалықтым –

емексірдей не бар, ал?...

елесіндей Жұмақ пенен Тамұқтың

Көргенің мен Көкейкестің кереғар!

Өмір деген осы болса...

шыдармын,

өшпейтін де өнбейтін...

Мен тәңірдің зо-ор қатесі шығармын

өзі ғана жөндейтін?...

Елге еліктеп

қуанғансып жүремін,

жылағансып мен несін? –

Құл құлықсыз көтереді білегін,

Патша – қуыс кеудесін...

Досым да жоқ,

дұшпаным да жоқ менің –

бәрін үнсіз кешіргем.

Өліп едім – өмір өтіп кетпеді –

шықпай қойды есімнен!»

...Ақырзаман болмай қалды. Тірімін.

Ойым – жынды, айкезбе.

Ғасыр өтті... үзілердей жұлыным –

...жолығамыз қай кезде?..

БӘЙІТ

Бір маңдайға соншама азап,

со-онша бақ

қалай сыймақ?

Дәл осылай сүймек кім?

...мұны айтуға лайықсыз, қор санап

Мен

Өлеңді тұншығуға үйреттім.

Дарындыға шын даритын кесел бұл –

есі адасты арманымның.

Емі – сен.

Күлліәлемдік Күйелештен есен Нұр,

Еш патшаға бұйырмаған Жеңіс, е-ең...

Мен өзіңе қол созуға қаймығам,

Саусақтарым айырар деп киеңнен –

Аллаға тән Қуаныш пен Қайғыдан

Жаратылған дертім – Өзің.

Сүйем мен...

деймін ылғи. Сене алмайсың сен бұған –

жүрегіңді тозақы өмір тонаған.

Менің дертім асқақ еді. Енді ұғам –

қуыршақтың қайдан жетсін қолы оған?!

...ең есуас,

ең бейкүнә Қиялдың

жерге амалсыз түсіп кеткен елесі,

бас шайқама!

Мен сен үшін ұялдым –

шын қуыршақ емеспісің сен осы!..

ӘЙЕЛ

Ұлы суретшінің көрмедегі «Жалаңаш әйел» атты

картинасының жанында біреулер ыржаңдасып тұр.

Мейлі...

Әлің жетсе,

жанарыңды ала қаш –

Әйел! Әйел...

Әйел тұттай жалаңаш!

Әйел емес,

күллі әлем тұр алдымда

күнәсі мен қасиеті аралас.

Әлде қатер,

Әлде ләззат,

Әлде мұң?

Жыр оқуға

жетпей қалды дәрменім,

Жүдемедім жалған сопы жүзденіп –

Күнәһарға құны тиын сәлденің:

– Шарап бар ма?

У қоссаң да,

құй бәрін,

Алты құрлық,

төрт мұхитты сыйладым! –

Арыстанның өзі-ақ едім...

Ал,мұны

Алаңғасар Сезім,саған қимадым.

Безеу бетін боятқандай қынамен,

Әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем,

Әйел емес,

Қарсы алдымда қас қақпай

Қасиетті һәм күнәһәр тұр Әлем.

Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән...

Әлем-Әйел!

Құзырыңа бас ұрам,

Қасиетіңді кие тұтып,

күнәңді

өз күнәмдай жанұшырып жасырам.

...Не жайсаңы ішімде өлді арманның!

Жалғыз мұң бар –

Жан біткеннен қалған мұң:

  • Әйел! – десем,ән салатын Мылқаудың,
  • Әлем! – десем, көзі соқыр...

Таңғалдым!

АРЫЗДАСУ

Түсе берме өкініштің дертіне,

айтпа бекер желге сыр –

Сүйдім деп ем, тұрмай кеттім сертіме,

«Кеш, кеш...» деме,

сен кешір!

Табылмады менен күткен көп арман –

түгендейсің қайбірін...

Мен – түсіңе еніп, кенет жоғалған

елесі екем қайғының.

Дарындылар шақ шыдайтын кеселдің –

шын сүюдің уынан,

меніменен бірге ұрттап ең, неше өлдің,

әлі өртсің ...мен суығам.

Есте қалсын

жапырақ-жаның жегенім,

ұмыт болсын сүйгенім.

Орнын сипап бекерге опық жемегін

сынып түскен түйменің.

Шашың мүлде кетті ағарып.

Күрсінбе,

есіңе алма, ұмытқын.

Мен – Елеспін.

Сығалай ма құр сүлдем

Саңылауынан құлыптың?..

Дәрменің жоқ шашың жұлып жылауға,

үздігерсің,

тынарсың.

Жалынар ем «соны ая!» деп Құдайға –

елес тілін кім алсын!..

Сен қирама.

Несі кетсін Елестің –

одан мұңсыз елде жоқ.

Мен –

өзіңді өп-өтірік, көмескі

жалынымен жалғыз шарпып сөнген от!

* * *

Құмға түскен ізіңді құлай сүйгем...

Бір рет

Құпиясын ашып ап, құны кеткен құдірет!

Айға ғашық,

Ақымақ арыстанға ұсаған

сол сезімнен арылып,

қобыз тарттым құсадан —

Алақаным жайғанға

аламын деп мені емдеп,

Аспантекті асқақтық, кеткенің не төмендеп?

Қалғаның не төлежіп?

«қадіріңді біл» деп ем,

Қайсар,

Әппақ сәулемен қашап жазып түнге өлең,

Жусан мұңды «жұпар» деп,

Сағым қуып сарылып,

Ақыл-естен арылған Бақытты едім...

Бәрі ұмыт:

Көне жерді жайлаған

көп менменге ұсап қап,

Көз алдымда сен неге

сала бердің ұсақтап?

Күлесің де жылайсың,

алданасың, алдайсың,

сеніп тұрып, сенбейсің... —

күллі естіден аумайсың,

Табалатпай үмітті,

өкінішті жүгендеп,

Күттім іштей қаншама

«өз қадірін білер» деп...

Қалай саған табынып,

талпынбақшы енді өлең –

Құмға түскен ізіңнің құлы емес пе ем мен деген?!

Ақылды емес...

ақынмын —

көп дәметіп, аз алған,

жақ қарысып,

тіл семді тілеп шеккен жазамнан.

Жаным менің — дәруіш,

Дәрменім жоқ жырларға —

Құпиясы ашылған құдіретте құн бар ма?..

..Құлай сүйгем...

сол шөлден солатындай болдым-ау:

Жерге неге түскенсің?

Көкке созған қол мынау...

* * *

Жердегі бар жол шектеулі,

Күн қысқа — мұңым көп емес –

Көзімнен көлбеп кетпейді

көктемде көрген көк елес.

Түсімде —

әттең ... түсімде! —

жанары Күндей күлегеш,

мәңгі өртеп өту үшін бе,

жолыққан маған бір елес.

Пері ме,

Жын ба, пенде ме,

тағдыр ма талқы сайлаған?

Түс болып сіңіп кеудеме

Бір елес мені арбаған.

Көзінен ұшқын шашырап,

демімен тылсым күйдіріп,

қапасымды еппен ашып ап,

қолқама қолын тигізіп...

Жымиып жұмбақ құдірет,

жүрекке тақап жүрегін,

жүзімнен өбіп бір рет,

өрт тастай қашқан гүл ерін.

Оранып көкшіл жібекке,

орамал салған сол арман,

түс болып келіп,

Түнекке

кеткен де сіңіп...жоғалған!

Кез болып елес ішінде

сен болармысың есті алған?

...Көз сүзіп өту үшін мен

көзіңнен сүймей, кеш қалғам...

МОЙЫНДАУ

Ұмыттым бәрін!

Өзгенің ұмыттым бәрін —

Өртенуден соң сөнудің жуық тұрғанын,

Үміттерімді

жоқ іздеп мұнарды кешкен,

Күдіктерімді...

Мұңды да шығардым естен —

Бұл құдіретіңмен сен бәрін ұмыттырасың —

Көзіңмен оқып бір дұға,

күліп тұрасың.

Күліп тұрасың —

жүзіңе көп телміремін,

Өзіме өзім қимастай неткен гүл едің?

Әмірші жоқта жайғасып жақұт тұғырға,

Ханымын құшқан ұқсаймын бақытты құлға!

Дүние-ай...

бұл да баянсыз.

Қалтырап, әрең,

Жазмышпен жаға жыртысар қалпыма келем.

Қалпыма келем —

Мойнымнан білегіңді алам,

Қорғансызым-ай,

теліген тілегін маған.

Ыстық сен жайлы

ыршытқан жасыным қарып,

Сап-салқын ойға оранам батылым барып...

Терезесі ашық жанымның көресілерін

тең бөлісесің —

соныңа көп өкінемін.

Көп өкінемін —

өзім-ақ көретін едім.

Көргісіз отты өзіңе неге тіледің?

«Қып-қысқа-ау ғұмыр,

Қып-қысқа, неғыласың?» — деп,

Қасыңда тұрған өзімді сағынасың кеп!

«Өткінші...» деуге дәтің жоқ,

таңдай қағасың.

Тәттіні татқан Хауадан аумай қаласың!

. . . . . . . .

Аумай қаласың...

Ал, мені,

Адам Атаны

сенделткен сезім жетелеп бара жатады!

ШАЛ:

Дүние-ай...

дүбірлетіп шайқап едік,

Тағдырдың ұсынғанын қайта беріп...

Бүгін, міне,

бас білген қойторымыз

қытықтары басылған, сайтаны өліп.

Аңға шықса ілетін аңдығанын,

Қыран едік —

құты едік қанжығаның.

Туырлықты түре сап,

қараңғыда

қандырушы ек қалқаның бал құмарын...

Қыз-қатынның

Нұр тамған гүл өңінен,

Есептесіп жатпай-ақ жүрегімен,

Іште жылан жатса да,

Іңкәр күліп

дір қақтырып қысушы ек білегінен.

Мөлдір судан

балақты малып ішіп,

Қарап жүріп қақтығыс сағынысып,

Барымтаға барып кеп,

қалмақы ерге

Қайта қонып, тақымың тағы қышып...

Өттің дәурен,

Қайтемін айта беріп,

Шарабынан мәрттіктің шайқап еміп...

Қарғап қалған қара қыз,

Құл болар ем —

Көзіме бір көрінсең, қайта келіп...

ӨЛЕ АЛМАЙТЫН ЕРТЕГІ

Есенғали Раушановқа

..аңғал едің

алдап тынды сенгені –

Ертегі өлді,

Есенғали, рас бұл!

Жалған емнің

зар қақтырды кермегі –

мені аясаң, жаңа ертегі құрастыр.

Сеңдей көшкен дүние бізден озарда

бір боқтармыз

«сеніп едік...» деп өксіп –

Телмеңдескен құс жолына бозарған

жетім елге

жаңа ертегі айт. Емексіт...

Берері жоқ безбет көкке телміреген

Жусан – ағам ...жоқ бақыттан дәмелі.

Бауыздама ертегіні сен бірден! –

Бізге ...соған сеніп өлу – әдемі:

Арғы тегін Авраамға тіреген

(Ебіреймен егіз туып, бір қалған?)

Алаш қой бұл...

Айға да азу білеген,

желіктірсе жылқы-қиял, жынды арман!...

Әр ертекші «әкеңмін!» деп алдаса,

Әзиз елдің асқынады дерті өстіп –

«Нағыз қазақ – домбыра» емес. Аңдасаң,

Нағыз қазақ –

кемпір туған Ер Төстік!

Солай...

ылғи Төстіктеріміз біз деген,

артқандаймыз кімдерге өкпе, неге мін?

Кәрі әкеміз (жаннан күдер үзбеген!)

жалмауызға беріп кеткен егеуін.

Біз қонар жұрт – Сорқұдықтың маңайы,

Сайқал тағдыр – Бекторы қыз торыған.

Біз – Алашпыз

тайқылықтан талайы

сұмдық түсін сұлулыққа жорыған...

Алдай берсін аяу білмес сенгені –

Төстік тірі!

Есенғали, рас бұл.

Өлең жазу – өле алмаудың ермегі.

Мені ая, сен.

...мықты ертегі құрастыр!

* * *

Құмда қалған ізіңді құтырған жел өшірген!

Құшағыма бұйырған

Өзің еме-ес!

көшірмең.

...Көктемдердің барлығы күз боп

өлер түнеріп... –

Біз өтіппіз өмірден.

Ғашық едік – тірі едік.

Жылағансып қайтесің,

не демекші ең кереңге –

Өзім жанып, жоғалып,

налам қалды өлеңге.

Біз тірі едік.

Ынтық ем. Жүрек еді астанам.

Сен де жоқсың –

мүсінсің ми басқара бастаған.

Қуануға жоқ мұрсаң,

«Сіңлісі ең ғой Сәуленің?!» –

Сылдыр-суайт сөздерден сезім құрап әуремін.

Селт етпейсің.

Сүюден арылу да – азаттық.

Мәнсіз, шаршай күлесің

Мәжнүн кезді мазақ қып...

Құмға салған белгіңді жел-уақыт жалмаған.

Құмға айналмас,

қуатты, тірі ән іздеп қарманам.

«Үміт тозған,

Күн озған,

Жел де тынған желіккен.

Топырақты топырақ тапқан.

Бітті!...» – Неліктен

күлген сәтте қос тамшы кетті сызып бетіңді?

Сөніп бар жатқан не

балауыз шам секілді?

Тіліп тұрып кеудемді өт татыған бір өлең,

біліп тұрып,

айтпаймын бір Шындықты.

Түнерем.

Екеумізді жұбатам.

«Есімде өмір сүргенім –

Құмға түскен ізіңді құлай сүйіп жүргенім!

ТҮНГІ ӨРТ

Қап-қара түн,

Төсіне інжу таққанмен,

жендеттікі – киімі.

Өмір еме–ес!..

өтіп бара жатқан – Мен

өрттен бетер күйігі.

-Көнбеймін! – деп көп алыстым Жалғанмен,

Көрдім.

Көндім.

Жеңілдім.

Екіндіде

есі ауысқан арманмен

Бақұлдастым.

Не білдім?

Ажалдыны құлшындырған ежелден

Нұрлы алданыш іздеп ем.

Таптым... Тірі көлеңкесін - өзі өлген.

Өрт. Өкініш. Күзгі өлең.

Өмір кештім. Өкінерге жоқ амал –

сүйген өзім. Суынғам.

Жезөкше-түн, желегіңе орап ал

тағы ұрттайын уыңнан.

Ажал түстес төсегіме келіп кір –

Жендеттікі – киімің!

Түсіме енбес рахатпен желіктір,

Кісі көрмес күйігім....


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар