Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Биғайша МЕДЕУ: Талантымның тағдыры өз қолымда...

31.07.2018 3573

Биғайша МЕДЕУ: Талантымның тағдыры өз қолымда

Биғайша МЕДЕУ: Талантымның тағдыры өз қолымда - adebiportal.kz

Ол әдебиеттегі Фариза, Тұманбай сынды аға буынның қамқорлығын көріп жүріп қалыптасқан ақын. Қазір өзі де аға буынның қатарында. Қаламы қарымды. Тағдырын да, талантын да бұлдамай әлі күнге дейін әр әңгімесіне өрекпіп өз өлеңдерін тықпалағаннан гөрі, сол жайсаң аға буынның сөздерін, өлеңдерін мысалға келтіріп отырады. Бұл үлкендердің алдындағы имену болса керек. Қазіргі жастарға жетпей жүрген мінез... Биғайша апамыз сұрақтарымызға төгіліп жауап бермей, өз-өзімен монолог құрып отырғандай әсер қалдырды. Ендеше, оқыңыз, кешіңіз, сезініңіз!

Айтыс – интеллектуалдық деңгейде болса

- Биғайша апай, сіз әуелі айтысқа қатысқаныңызды білеміз. Жалпы, қазір айтыс көресіз бе? Сіздердің тұстарыңыздағы айтыс пен қазіргі айтыстың қандай артықшылығын, қандай кемшіліктерін байқадыңыз?

- Мен үшін айтыс – парасат майданы. Солай бағалаймын. Айтыс пішіні – ұлттық. Ол өз айшық, әшекейімен өз дәуірінің суретін салуда. Кішкене күнімде Алпамыс пен Бадамшаның жар-жар үлгісіндегі айтысын әндетіп айтып, үйдің ішін күлдіретінмін. Анам – қырқыншы жылдардағы келіншектер әлемінен болғандықтан, мұң, қайғы, сағыныш, көз жасы, арман, үміт, парасат араласқан халық әндері, суырып салмалықпен суарылған көңіл, күй әуендері, айтыстар, тойбастарлар маған таңсық болмады. Көктемде келетін нәурізек деген сұлу құс бар. Сарытамақ.Үлпілдек. Таңнан сол үшін тұрамын, ұйқымнан. Тары шашамын. Үйренген нәурізек те айналақтай береді. Шелектегі сүтін қойған апам мені парасат майданына шақырады.


...бір ұшып, бір қонады құсың талға,
Менімен айтысарлық күшің бар ма?
Сарытамақ, сарытамақ деп әлі отырсың,
Сарытамақтан басқа осы ісің бар ма?

Итке қоңырау жараспас таққанменен,
Итбасты мал болмайды/шошқаны/ баққанменен...
Алтынды ешқашанда тот баспайды,
Жеті жыл жер астында жатқанменен...

Мен тез ашуланам.
Сонымен, сұрмергенге кез болдым ба?
Сұңқардан тусам дағы ез болдым ба?
Ауданның маңдай алды ақын қызы ем,
Ақыры қоңыраулы итке тең болдым ба?


Мен емес, қара өлеңнің саңлағы апам болып тұр-ау. Айтысқа осындай мектептен келдім. Өз еркіммен алаңнан кеттім. Ешкім шетқақпай жасаған жоқ. Жазба поэзиядан жоғалтып алғысы келмеген «алыптар» шоғыры болды. Еркін Ібітанов,Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев,Тұтқабай Иманбеков, Баққожа Мұқай, Айтақын Әбдіқал, Шекербек Садықанов, Нүсіпбек Исахметов сынды... Жанбағысқа көштің бе деді көзі тірі Айтақын аға. Соған қарағанда жазбам тәуір болғаны ғой. Қайым айтыс – оң жамбасым.

Біздің кездегі айтыстың ерекшелігі – Кеңестік идеологияның құралы болуында. Өткір сын айтуымен ғана айтыс – айтыс болады! Партия соны тиімді пайдаланды.Тәрбие жэне іскерлік, басшылықты сынау құралына айналдарды. Айтыс идеологияға қызмет етті. Онда пәлендей цензура да болмады. Сыннан қорытынды шығару – биліктің ұстанымы болды. Кеңес дәуірі айтысты құртып еді, оны құрдымнан пәленшекең шығарды деп жырлау үрдісін – білімсіздік деп бағалаймын. Ал, қазіргі айтыстың ерекшелігі – жастардың жаппай келу үрдісі дер едім. Бұлжақсылықтың нышаны. Ұнамайтыны – монологтық сипатқа көшуі. Он жұп бір мақамда, төгіп жатады. Төгудің артында заготовка барма деп қаласың. Айнұрдың мақамы ой жүйелеуге қызмет етеді. Қандай гармония! Осындай былайғы елге білінбес ньюанстар арқылы талғам, таразым жұмыс істеп отырады. Сондықтан қазір айтыс қарамаймын. Айнұр, Жандарбек, сосын Іледе Айбек деген жас айтыскерді жақсы көрем. Интеллектуалдар ұнайды. Айтыс – қай қоғамның болсын өткір сын алаңы. Біз атын атап, түсін түстеп сынадық. Айтыстан соң қызмет орнымен қоштасқандарды көз коретін. Қазір ел айтты деп қуанады. Сынның күші жоқ. Мәдениетті сын.Заңдық құзыреті бар сын керек. Педофилді, адам саудасын, қылмысты дәуірді жарып жіберетін парасат майданын жүргізетін айтыскерлер енді шығады деп ойлаймын

- Жалпы, елдегі өтпелі кезеңдер арқылы біз әдебиеттен не жоғалттық?

- Тарихқа уақыт сызығынан қарайықшы. Кіндік Азияда тәуелсіз мемлекеттер түзу дәуірі аяқталды ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде ҚазақстандаН.Назарбаевтің модернизация дәуірі аяқталды. Бұл – ұлы Ақиқат. Саяси, рухани, экономикалық, әлеуметтік құруларда бәріміздің арпалыстар, бұлқыныстар, дағдарыстар, қуаныштар, жеңістер сынды эмоцияларымыз жатыр. Қазақтар ғаламдық жаңаруларға ілесе алды. Ұлттың қорғаныш қабілеті әсіре исламға да, этникалық араздыққа да жол бермеді. Біз Өмір сүрудеміз. Біз ғаламдануға қазақ тілімен беттеп барамыз. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да осы. Кешегі Денис Тенді аза тұту –қазақтардың сана динамикасының орлеуі. Енді, әдебиетке ойысайын. Отпелі кезеңде біз тоталитарлық жүйенің қатал бақылауынан құтылдық. Шынжырдан босатқан ит ары, бері жүгіреді. Сосын үйренген үйшігіне қайтып келеді. Келмейтіндері де болады. Біздің әдебиет ит сияқты шынжырына оралмады. Жібек жалы желбіреп, байырғы түркі айбарын аңсап, кең даласын дүбірлете жөнелді. Тұлпарына кім қандай ер салды? Ол бөлек әңгіме. Европалық... Азиялық... Американдық... Жазғанына үңіл. Өтпелі дәуірден соң... мына әннің созіне назар аударыңызшы, ұлттық әдебиет жоғалып па!

Аман-есен жүрсеңдер екен,

Бет түзейтін құбылам болып...

Манекендер жалаңаштанса да, әдебиет жалаңаштанған жоқ. Өтпелі дәуірдің қателіккетолы суреттері салынды. Қаламгерлер құбыласынан айрылған жоқ. Құбыласына бет түзеді. Менің танымдық пірім – Асқар Сүлейменовтың мына сөзіне назар аударыңызшы: «Қазақ әдебиеті ұлттық ұстанымсыз азаматтық дүниетаным көшінде кемталанттықтан зардап шегіп, себебін біресе биліктен, біресе заманнан көреді» - деген... Менің ұстанымым – ұлтыңның көзімен қоғамыңның суретін сал. Ол – социализм бе, капитализм бе, демократия ма бәрібір. Қалам алдың ба, суреткерсің. Мәселе алтынтамырың мен дүниетанымыңда, шеберлігіңде. Жазушы, ақын, сазгер, суретшілерді тәуелсіздікке дейінгі, кейінгі деп бөле алмаймын. Бәрі уақыт сызығына орналасып алып, өз заманы туралы сөйлейді. Абайды, Жамбылды, Мұқағалиды өлеңнен сыза алмаймын. Керек болса, Данте Абайдың философиясының жанында жіп есе алмайды. Семиттік «Мың бір түнді» суқаным сүймес. Бұлар – әлемдік інжу-маржан ғой. Дүниетаным еркіндігі, ұлттық ұстаным мұз жарғыш кеме сияқты болғанда, таңғажайыптар туады. Қазақтар әдебиет жасап жатыр. Әсіресе, жастар. Өтпелі кезеңде, детектив жанры мен сын кенжелеп қалған сияқты. Екі қоғамды көрдік. Бірін-бірі қиратқыш қоғамдардың кем-кетігі алақанда. Бесікті түзеу үшін балалар әдебиетіне бетбұрыс керек. «Атамнан да қаштым, апамнан да қаштымның» заманы емес.

Адам индексін жасауда әдебиет ешқашан маңызын жоймайды әдебиет далада қалғандай күн кешкендіктен деп ойлаймын, аға буынның Жазушылар Одағындағы дау-дамайын. Коммерциялауды, шығармаларды игілікке айналдыруды қолдаймын. Жинақтарым өз қаражатыма шықты. Қол жаймаймын әлі де. Өзім өткіземін. Маған ешкімнің назары ауып жатқан жоқ. Мен бәрін оқимын. Талантымның тағдыры өз қолымда. Маған назар аударыңдар демеймін. Өтпелі дәуір де, арғысы мен бергісі де осыған үйретті.

«Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде,
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде...»

Тағдыр мені күресуге үйретті. Жығылсам да, құбылама қарап жығылдым. Жыласамда да құбылама қарап жыладым. Жаралы жалғанның бар суреті жанарымда. Әрнеге сұғыну әдетімде жоқ.

Не демекпін, кеудемдегі көшкінге?
Кең дүниеден кетем.
Келдім бес күнге.
...ақ жастыққа бетін басып жылаған,
Жүрегімді көрсетпеймін ешкімге!

...Байқайсыз ба, өтпелі кезеңде не жоғалттық деп сұрадыңыз ғой? Біз масылдықты жоғалттық. Ол жақсы. Әлеуметтік түзілу сияқты, әдебиетте де түзілістер жүріп жатыр. Нағыз таланттар өз жұлдыздар шоғырына ұйысуда. Жарнамасыз. Талғам мен таным жоғарылады. Мен сыншы емеспін. Бірақ, пікір білдіру құзыретім былай дейді: «Қаралы сұлудың» төсек қасіретінен гөрі «Сүзгенің адамзаттық, азаттық қасіреті қандай биік! Міне, бұл – ақырын жүріп, анық басатын Шәрбану тәте Бейсенованың жарылысы. Сәуле Досжанның дүниетанымына қараңыз.Дағдарыстан дамуға – диалектика заңы...

Алпысыншы жылдардағы әдебиеттегі «модернистерінің» назарына іліндім

- Бір кездері өзіңіздің поэзия әлеміне келуіңізге ықпал еткен аға буын қаламгерлердің көбі кетіп, азы қалды... Өзіңіз қамқорлық көрген сол қаламгерлердің сенімін қаншалықты ақтай алдым деп ойлайсыз?

- Мен бұл жағынан бақыттымын! Асқар Сүлейменовтың алпысыншы жылдардағы әдебиеттегі «модернистерінің» назарына іліндім. Нарынқол таулы ел. Әдебиетке бір-бір шың берді. Шарғын, Көдек, Қожеке, Қойдым, Құлмамбетке қоса, Райымбегі, Мұқағалиі, Бердібегі, Сағаты, Баққожасы, Еркіні, Айтақыны, Батығы, Төлені, Тұрлыбегі, Жанболаты бар ел. Кейінгілерінің, ғылым мен өнердегісінің өзі бір төбе. Мен сізге бір қызық айтайын. Ел іші анекдот шығармай жүрмейді. Бір шешеміз бір шешемізге айтады дейді: Қарасаздың жолын жылда неге асфальттайды? Біздің ауылдың жолын неге асфальттамайды? - деп. Сонда Қарасаздық шешеміз айтады дейді: Сендер де бір, бір Мұқағали туыңдар, сонда асфальттайды деп.

Біздің шешелер Нұрбапа Өмірзақов пен Сағат Әшімбаевты туып берген соң, Жамбыл, Қаратоғанда да жиі той болады. Жолда Қарқараның жолындай болмаса да әжептәуір. Сол ұлы жолдармен Тәңіртаудың етегіне Мұқағали тойына Әбділда әкеміз бастаған алыптар түгел келген 84-ші жылы мен айтыстым, әрі аудандық газет мерекелік нөмірдің соңғы бетіне менің өлеңдерімді басты! Нарынқол ақындарының көпейі(кенжесі) - маған көрсетілген ілтипат, қамқорлық екенін бар түйсігіммен сезіндім! Редактор Әлнұр аға Мейірбеков пен Еркін Ібітанов Айтақын Әбдіқалов ағалар «резонанс» күткендей ме? Бір күнде ақын мәртебесін иелендім. Оны менен әлі ешкім алған жоқ. Әбділда Тәжібаев пен Мұхаметжан Қаратаевқа: Ағалар, менің кімді тауып алғанымды қараңыздаршы! - деп қуанған Фариза әкпем болатын. Тұманбай ағаның қамқорлығы менің отбасымды түгел жылытты. Тұтқабай Иманбеков тұңғыш жинағымды қарады. Сәкен Иманасов, Күләш Ахметова, Иранғайып ағалар жылы қарсы алды. Әсіресе, Фариза әкпем мен Тұманбай ағаға керек болды жазуым. «Бай бағып, бала бағып жатқан жалғыз сен бе?» - деп «ұрсатын» еді әкпем. Мен кешкен кішігірім «теңіздерден» ой түйетін Тұманбай аға «Өмірді көрдің. Тақырыбың жетеді. Енді жаз» - дейтін. Балағына жармасатын балаларыма дейін шапағатын шашқан ұлылар рухына өле-өлгенше басымды иемін. Олар мені ақын демесе, сөнген жанартаудың бірі болар ма ем. Әдебиетке не бердім? Ел күткенді емес, өз ойлағанымды бердім. Фариза апай «...әдебиетке қазақтың сарбаз қыздарының бейнесін әкелдің» - деген. Жәй ғана.

- Бір сұхбатыңызда: Экстраполяция құбылысына, таңғажайыпқа сенем депсіз. Мұндай сенімнің пайда болуына үлкен себеп болуы керек сияқты?.. Тарқатып айтып берсеңіз...

- Жалпы, бұл қазақта баяғыдан бар құбылыс. Орыстар ғылыми болжам тәсілі депті. Латынша – жоғарыдан болжау болар. Қазақ – ғарыштық ұлт. Қанымен, жанымен.
...Төлеген мінген ақ боз ат,
ертоқымсыз бос көрдім.
немесе
Алпыстағы Аналықтың емшегі иісе,

Алпамысым келе ме...- дейді.


Махамбет түсінде қылыш кескен басын көреді... Мысалдың көкесін қазақы қариялардан көрдік. Айтпағым миф емес, ақиқат.

Жалған дегендер болса өз болмысына. Бір ғажабы осы сирек құбылысты отбасымызбен бірге көретініміз. Кейін онша таңданбайтын болдық. Бір құдіретке сенеміз. Әсіре діншілдігіміз жоқ.


Әр немерем дүниеге келерде түс коріп, ұл, қыз деп отырам десем күлерсіз. Ау, қыз кетті, құда келді, қақпаны аш деген кездер де болды. Көке деген дауыс естісем, құдай берген құйрық-жал-іні, сіңлілерге телефон шалатыным бар. Ең болмаса тісін жұлдырып жатады. Маңыздысын айтайын. Анамның ашық, жоқтауын естідім. Әрине, түсімде. Ал, әкем өзеннің арғы бетінен жалғыз тақтай көпірден бері өткізіп жіберді. Бар дегенін естідім. Көңілсіздік басты. Екі-үш күннен кейін жол апатына түстім. Алты омыртқадан басқасын айтпай-ақ қояйын. Екі жылда тұрдым. Ұларсарын жинағымда «Рух биі» атты өлең бар. Алтын киімді сақ қыздарының жауынгерлік биі ырғағымен мен оны түсімде жаздым. Оянып, көшірдім. Олар мені найзалары үстіне салып, атқа қойды! Мен сол күні енді тұрам деп қуанып ояндым. Тұрдым. Тұру, жүру бақыт екенін басынан кешкен біледі. Одан да басқа тылсым құбылыс кешкен сәттерді «Поэзия әлемі» бағдарламасында да айттым. Мақпал мен Тоғжан «Алдаспан» тобымен сол «Рух биін» шығармашылық кешімде оқытты ғой.

Екі қазақтың бірі кешетін құбылысқа көп адамдар мән бермейді. Мен Ғылым әлі зерттеп түбіне жете алмай жүрген бейсаналыққа сенем. Мұны философтар «фрейдизм» дей ме?..

- «Өмір – өзім секілді, бір мұңайып, бір күлген...» - дейсіз. Қазіргі ақындар неге өз мұңынан аса алмай жүр? Адамдар тірліктің күйбеңінен жалыққан сәтті жанына жылылық сыйлар өлеңдер оқығысы келетін шығар?

- Менен де ақылдылар бар. Сұрағыңа орай, жарап жатса, жастарға мынаны айтқым келеді. Уақыт пен Кеңістікте ешкім жалғыз емес. Мен кешкен мұң Сенде бар. Сенің мұңыңның тамыры неге байланған? Қазақ әйелі мен қазақ қызының мұңы шаңырағы мен кеңістікке байланып тұр. Ол үзілмейді.

Оны ошақтың басынан Күн жүйесіне дейін ақынның терең мәдениеті, дәстүрі, таңғажайып зиялылығы көтереді. Бесік тербеп отырып, әлемді тербеу керек.


Болсаңдағы неше өктем,
Жасамаймын құлшылық.
Жармаспашы-ей, етектен
Бая-шая тіршілік!


Бір кездері Жұматай ақын «Жалын» журналына жариялауға апарған осы өлеңді өте ұнатты. Өз мұңымыздың бұрымынан адамзаттық мұңның бұрымын өре білейік. Өз басым жырдан сырбаз такаппар мінез көргім келеді. Даналық, жаңалық күтем. Әлімсақтан келе жатқан Мақтымқұлылық абыздық жоғалып бара ма? Тірілерден бұл діңгекті ұлы Иранғайып қана ұстап тұр. Әрине, Есенғалисіз, Нұрлансыз жыр төріне шығуға именеміз. Себебі, қала, қалама оларды ұлы дейтін күн келеді.Ұлықбек пен Ғалым да өз тұсында көш бастады. Тіпті, Пушкин де қыз сүрінген тастан бастады ғой азаматтық мұңын. Онсыз бола ма? Парасатты поэзияға барар жолда өз еліксүрлеулері болуы заңды. Қаламның төңірегіндегілер міндетті түрде қаламмен немесе өлең оқумен емделеді. Маригиналдық түйсікке өлең керек деп ойламаймын. Бізде ондай орта әлі бар.

- «Өтегенде мизамшуақ.
Қия алмай бұлттар көшіп бара жатыр
құя алмай» -
деген екенсіз... Сіздің қия алмай, бұлттардай боп құя алмайтын бір сәтіңізді есіңізге түсіріңізші?

- Мизамшуақ күздің көктемдей елжіреген бір сәті жатыр, бұл шумақта...
Менің жасым – күз. Күркірек көктемдерімді, найзағайлы жаздарымды қия алмай жүрмін. Құя алмай кеткен көз жастарым бар. Олар өлеңіме де айтылмай, жаз бұлттары сияқты келмес жаққа кетіп барады. Сосын шығар, осылай өлеңмен өз суретімді салдым...

Ақын ретінде Мақпалды құбылыс деп есептеймін

- «О, Жаратқан, бір ошаққа бас қылдың,

Шуағын бер жақсы қыз бен жақсы ұлдың» - деген тілегіңізді Жаратқан қабыл алған сияқты. Өйткені, Мақпалдай ақынның әдеби ортаның ыстық ықыласына бөленуі сіздің де еңбегіңіз деп білемін?

- Екі ұл, екі қыз өсірдім. Екі ұл – заңгер, екі қыз кино, телерадио режиссері. Бірі – Камал Смаиловтың, екіншісі Құдайберген Ағыбаевтың шеберлік сыныбынан тәлім алды. Таза шығармашылықта. Ұлдарым қазір бизнесте. Немере, жиендер бар. Бұл жағынан да өмірге өкпем жоқ. Балаларымның бәрі әдебиет пен өнерден кенде емес. Өтегенде «семья талантов» деген атауымыз бар. Папамыз да әп-әдемі отбасы күнделіктерін жазады. Балаларым менімен әдемі әзілдесуге шебер. Әдіскерлік жолсапарларда «саяхатшы бақаның» суреті мен әндері пайда болады... Оңаша бөлмеге барып, ей, құдай, мамамды алмашы дейтін еркетай Сәкен күзде шаңырақ көтермекші. Қолым жетпеген биіктерге налымаймын. Себебі, балаларым үшін өмір сүрдім.

- «Мақпалдың шығармашылығы өте қызықты. Мен одан үлкен жаңалық күтем!» - депсіз, әлеуметтік желідегі парақшаңызда. Бұл ақын ретінде білдірген пікіріңіз бе, әлде ана ретінде айтқан пікіріңіз бе?

- Ана – балаға сыншы деген рас болса, Мақпал – құбылыс. Ақын ретінде айтайын. Кәсіби музыкатанушылар оның жанрын бард-рок деп атады. Оған келіссек, бард-роктың Отаны Қазақстан болып тұр. Мақпал ақпарат әлеміндегі пікірлермен жақсы таныс. Бардпен келіскісі келмейтін сияқты. Ол әнші емеспін, ақынмын, жырларымды мақаммен орындаймын, яғни, оқимын дейді. Қазақ топырағында болып, жоғала бастаған сал-серілік шығармашылықты жаңартып, жаңа, заманауи формада халыққа ұсынушылық жағынан ол бірінші. Әр өлеңінің мақамы әр түрлі.Ол – қиналмай, ғарыштық түйсікпен ырғақтарды қабылдайды, сөзімен мақам бір мезетте өмірге келеді. Республикаға танымал музыка әрлеуші Бейбіт Акош ағасымен жұмыс істейді. «Мақпал Шер», «Жалғызым» атты дискілері жарыққа шықты. Жуырда фильм-концерті көрсетілмекші. Интернеттен «жыл жаңалығы Димаш пен Мақпал!» дегенді оқып қалдым. Құдайға жалбарынам, тіл-көзден сақтай гөр деп...

- Белгілі сыншы Әлия Бөпежанова: ақын Биғайша Медеудің ана ретінде де, ақын ретінде де орындалған миссиясы – Мақпалдың әдебиетке келуі - деген екен?...

-Әлия Бөпежанованың Мақпалға назар аударуы, пікір білдіруі бәрімізді қуанышқа бөледі. Әдебиеттің тереңіне, сынның сұңғыласына басымды ием. Сонымен қатар, ыстық ықыластарына бөлеген аға буынға да, замандастарына да алғыс айтамын.

Ал Әлияның мен туралы айтқан пікірі – ақиқат. Бұған алып-қосарым жоқ. Әлия апасы да, Мақпал да әдебиет аспанында биіктей берсе екен.

- Қазір айналып қайта оқитын қандай авторларыңыз бар?

- Әрине! Жұмекен мен Сағиды қайталап оқудан жалықпаймын. Асқар Сүлейменовтың «Болмыспен бетпе-бетін», Қойшығара Салғариннің
Түріктер жәйлі екі кітабын да, Қытай тарихындағы қазақ деректері, Тұрсын Жұртбайдың «Дулығасы» Ербол Шәймерденовтың «Елтануы» деп тізімді жалғастыра беруге болады. Өз басым қазір тарихи еңбектерді көбірек қаузап жүрмін...

- Өз кітабыңызды өзіңіз оқитын кезіңіз бола ма? Сондай сәттерде не ойлайсыз?

- Өз өлеңдерімді өзімді тану үшін жиі оқимын...

- Сұхбатымыздың соңында қазір ұмытылып бара жатқан, қазақ қызының есінде болса дейтін бір салт немесе дәрстүр болса айтып берсеңіз?

- Ондай дәстүрлер көп қой. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен белбеуі бозұлан қолынан көрінуі абыройсыздық деп есептелген.

Қыз білегінен жары ғана ұстайды. “Қыз Жібек” фильмінде бұл дәстүр әдемі көрсетілген. Отау үйге оңаша енген екі жастың төсегіне қыз белбеуі қойылды. Қасына қылыш қоса қойылды.Таңға дейін шашылған қыз моншағын терген Төлегеннің жүзіндегі аяулы реніш қандай сұлу. Ырзалығын бергеннің ибалы асықпасы боп белдік жанында қылыш жатыр.

Белбеуің мен білегіңнің қадірін кетірме. Бозбала мен бойжеткен айқара құшақтасып алдымнан өткенде, үнемі еске түсетін бір жәйт осы... Қазақтың қай дәстүрінен болмасын тазалықты көруге болады. Тазалық – тәнде ғана емес, арда, ұятта...

Айжамал КӨПЕЕВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар