Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Төлеген Жанғалиев. Мен өлеңді өмірден алып жазатын...

01.08.2018 7616

Төлеген Жанғалиев. Мен өлеңді өмірден алып жазатын ақынмын

Төлеген Жанғалиев. Мен өлеңді өмірден алып жазатын ақынмын - adebiportal.kz

ШҚО, Абай ауданы, Қарауылдың тумасы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, ұлағатты ұстаз, ақын Төлеген Жанғалиевпен сұхбат.

– Төлеген аға, бүгінгі тәуелсіздік алып етек-жеңімізді жинаған тұстағы әдебиетіміздің хал-ахуалы қандай?

– Мен елдің шетінде, желдің өтінде, әдеби ортадан аулақта, ауылда жатқан адаммын. Жазушылар Одағының мүшесі (1995 жылдан) екенім рас. Бірақ бір ауданнан бір өзім ғана болғандықтан, Одақта болып жатқан шаруалардан, әдеби талқылаулардан ада адаммын. Демек, қазіргі қазақ әдебиетінің хал-ахуалына баға бере алмаймын. Бір білетінім әдеби кітап оқып жатқан адамды көрген жоқпын. Яғни, сұраныс жоқ, сұраныс болмаған соң жақсы шығарма қайдан туады? Кітап оқымағанның көкесін енді көреміз. Латын әріпіне көшкен соң «қалталылар» мен «атқа мінерлердің» күлдікөміш бірдемелері аударылып, нағыз таланттылар тағы да қалтарыста қала ма деп қорқамын...

Сіз әдебиетке, өлеңге қалай келдіңіз?

– Мен ақындар әулетінің баласымын. Әкем Жанғали да, туған ағам Мерғали да ел таныған ақын болған. Тек қуалаған шығармын.

– Сізді қалыптастырған орта қандай?

– Мен ешкімнің пешенесіне жазыла бермейтін ортаданмын. Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Көкбай, Шәкер, Кәмен, Роллан, Мерғали, Жәнібек, Тыныштықбек т.б.

«Қара өлең төрін күзеттім,

Қағбамдай көріп киелі,

Атылған оған мың оқтын,

Бір ұшы маған тиеді» дейтінім содан.

– Өлеңге қандай анықтама берер едіңіз?

– Өлеңге ешқандай анықтама беріп қажеті жоқ. Өлең – өмір. Адамзат баласы жаратылғаннан бері жан дүниені жасартып келе жатқан да, тіршіліктің құнын түсірмей отырған да сол өлең. Демек, өлеңді өлтірмеуіміз, қызғыштай қорғауымыз керек.

– Өмірдегі бір қуаныш, бір өкінішіңіз?

– Жақсы өлең жазған күні менен бақытты адам жоқ. Жыр тумаған күні жын ұрғандай болып, көңілсіз күй кешемін. Өйткені өмір өтіп барады. Биыл 68 жастамын, демек 60 жыл серігім болған өлеңсіз қалай өмір сүремін? Өзімді-өзім тыңдаймын:

«Үндемей сондықтан,

Үйкүшік күй кешем,

Даусымды қарлыққан

Даладан ізде сен» – деймін. Жәйім осы!

– Қазір сізді не толғандырады?

Туған елімнің ертеңі толғандырады. Астанаға барсам, аспандап, марқайып қаламын. Ел басындағылардың тіршілігін теледидардан естіп, қатты шошимын. Дана Абай: «Қорқамын кейінгі жас балалардан» дейді ғой.

– Қара өлеңнің қарашаңырағында отырсыз. Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлыларды қаншалықты зерттеп, таныдық?

Хәкім Абайды толық оқып болған жоқпыз. Қазіргі жастар мүлдем мақұрым. Шіркін, тележүргізуші журналист Нұртілеу Иманғалиұлы құсап «Абайдың қарасөздерін» хабар сайын жатқа оқып отырса ғой, аз да болса сауатымыз ашылар еді. Ал Шәкәрімнің ойларын әлі сырттай айналып жүрміз, дендеп енуге, енді бір елу жыл керек сияқты.

Абай-Шәкәрім кесенесі (Жидебай)

– Шабытты неден аласыз?

– Мен өлеңді өмірден алып жазатын ақынмын. Адам мен табиғат – менің басты қорегім.

– Мерғали ақынды сағына жырға қосып келесіз. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Адамға бірге туған ағасынан артық ештеңе жоқ. Небәрі 55 жасында жалғыз ұлының күйігінен (10жасында суға кетіп қайтыс болды) қыршын кеткен Мерғалидың көзі тірісінде пышақтың қырындай ғана екі-үш өлеңдер жинағы шықты. Оны жоқтайтын, іздейтін менен басқа кімі бар?

Тәубә, көзімнің тірісінде біреуге жылап, біреуден сұрап, оның «Жоғалған өзен» атты екі томдық роман-диологиясын, «Жұмбақ жолаушы» деген өлеңдер жинағын өз қаражатыммен шығардым. Әндер жинағы, драмалық шығармалары әлі қозғалмай жатыр. Тарихи-танымдық зерттеу еңбектері, очерк, публицистикалары өз алдына бір төбе. Мерғали да Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Бірақ Одақтан қайыр көрген жоқ. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деген осы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар