Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жүректегі жетім жас немесе тағы да Табылды Досымов...

06.08.2018 10925

Жүректегі жетім жас немесе тағы да Табылды Досымов туралы (эссе)

Жүректегі жетім жас немесе тағы да Табылды Досымов туралы (эссе) - adebiportal.kz

Жастайынан жеке әлемін жасап алған екен...

Бәлкім, тіпті, бұл байламымыз жаңсақтау да шығар, оның сол әлемімен бірге тууы да мүмкін. Әйтеуір, өзі де ғажайып бір жаратылыс еді.

Қарап отырсақ, әндегі, жырдағы ырғағы да, сол туындыларының пішіні де айрықша. Гитара шертісінде де өзге ешкіммен шатастырмайтындай ерекше мәнері бар.

Табылдыны ойлаған сайын үзік-үзік көріністер елестейді.

Ол әскер қатарынан оралып, КазГУ-дегі оқуын жалғастыруға кіріскен шақта Қарағанды облыстық газетінде жұмыс істеп жүргенмін. Алматыға ат басын арнайы бұрып, болашақ журналистер орналасқан №5 жатақханаға келдім. Төбеден түскендей жетіп барайын деп, ешбір ескертпестен, жайлап қана үшінші қабатқа көтеріліп, бөлмесінің есігін аштым. Сондағы бір мезет аңтарыла қарап қалған соң арсалаңдап қуанғанын көрсеңіз! Құшақтай алып, кеудесіне қатты қысқан күйі кең кереуетке құлай кетті де, ұзақ аунады. Ұмар-жұмармыз. Екі езуі екі құлағында. Мәз. Менің де түрлі жағдайларға қуанған сәттерім бар ғой, бірақ дәл сондағы Табылдыдай есім шыға шаттанбаған шығармын.

Иә, ол сағынса өліп-өшіп сағынатын, сүйсе жан-тәнімен өртене сүйетін, жанса лапылдап жанатын ғаламат жігіт-тін.

Табиғаты кесек. Қимылы ірі. Әлденеге ызаланса бет қаратпайтын дүлейлігі де бар. Қажет кезде базбір бұзақының аузын бұзған сәттері де жоқ емес. (Ақыры айтқан соң, ондайды да жасырмай-ақ қояйық).

Тағы бір ғажабы, сөйткен ердің жаны сонша нәзік еді. Тез жараланғыш.

Өзі де табиғаттың төрт мезгіліндей жауын-шашыны, дауылы, мизамшуағы аралас тұтас бір ғалам, күрделі, қайшылықты құбылыс болғандығынан ба... Әйтеуір, болмысы, әдеттегіше, жақсы немесе жаман дей салуға сыймайды.

Сонау жатақханадағы кездесуден екі-үш жылдан кейін бе екен, Алматыға Атырау облыстық филармония ұжымымен бірге келді. Сол мекеменің қызметкері-ді. Еске түсетіні, бір үйдің бетіне жел тигізбей өсірген жалғыз ұлы үлкен-кішіге көбіне сен деп сөйлейтін. Еркеліктің, серкеліктің белгісі.

Бұлар бүгінгі Республика сарайында концерт қойған күннің ертеңіне «Қазақстан» мейманханасына бардым. Табылдың бөлмесі тоғызыншы, әлде оныншы қабаттардың бірінде екен. Енді ғана тұрып, жуынып-шайынып болған соң іргедегі магазинге жүгіріп барып келіп отырған беті көрінеді.

– Алдымен ана шалдардың бастарын жазып, «тірілтіп» алайық, – деді. – Кейбіреуі қирап, «өліп» жатыр, Құдай біледі.

Концерттен кейін түн ортасына дейін «тойлатқан» әріптес ағаларын айтқаны. Бір мезгілде солбырайып үш-төрт артист кірді. «Шал» дегеніндей-ақ, Табылдының әкелеріндей адамдар. Қырық-елулерде. Біреуінің қолында домбыра жүр. Оған аспабыңды ала келерсің деген секілді.

«Сусыннан» бір-бір тартқан соң бәрінің де маңдай терілері жазылып, жіпсіп, жүздеріне қан жүгірді. Сәлден кейін қаршығадай қағылез, арықша, мұртты ағай домбыраны құйқылжыта тартып, «Ақжамалға» басқан. Дауысы әлемет. Бұлар, түгел дерлік, Мұхит мектебінің өкілдері ғой; әнді аңыратып желдірте жөнелгенде айызың қанып, делебең қозады.

Әлден уақытта домбыраның бір ішегі босап кетті. Бірақ әнші еш абыржыған жоқ. Әнді төпелете салып отырған бойда-ақ аспаптың құлақ күйін қайтадан келтіре қойған. Бұл алапат екпінмен шауып келе жатып айыл-тартпасын қатайтып, құйысқан-өмілдірігін түзеп алған әбжіл шабандозды көз алдына келтірген еді. Қайран қалдым. Тәнті болып:

– Мына кісі шын дүлділ екен! – деймін досыма сыбырлап.

Ыржия күліп, «Жарайсың. Талантты танығаныңа ризамын!» дегендей иығымнан қысып қояды.

Сөйтсем, бұл атақты Мекес Төрешов болып шықты. Әншінің атын естігенмен, жүзбе-жүз алғаш көруім-ді. Думан енді қыза түсе ме деген сәтте Табыл:

– Ал енді доғарайық! Әзірге осы «шапқанымыз» да жетеді. Артық кетпейік. Түстен кейін басқа шаралар бар ғой. Қазір бөлмеге барып жақсылап демалыңдар. Қалғанын кешке қарай жалғастырармыз, – деді.

Ағалары жақсы отырысты қимай тұрса да, ләм деместен, бас шұлғиды. Іні ақылына тәк тұру деген осындай болар. Оларға «сен» деп нұсқау жасау да тек Табылдыға ғана жарасатын мінез сияқтанды. Мұның еш оғаш көрінбеуі оның ағайын, туыс-бауырға адал жүрекпен жасалған әлгіндей жанашырлығына, шынайы қамқорлығына қатысты ма деп түйемін.

Табылды елдік мұраттар мәніне, ізгілік, адамгершілік қасиеттер жайына қаршадайдан-ақ бойлай бастаған-ау деп ойлаушы едім. Оның сырын ең алдымен атасы Досым ақсақал мен сол шаңырақтағы Нағипа бәйбішенің төңірегінен іздесек жаңылыспайтын шығармыз. Табылдың әкесі Аяш екі ағайынды адам екен. Бір қызығы, Аякеңнің де, оның інісі Зекеннің де әйелдерінің аттары – Нағима. Және шешелерінің есіміне ұйқас...

Міне, Табыл осынау тату әулеттің телқоңыры. Аталған әкелері мен ардақты аналарының мейірім шуағына еркін шомылған сезімтал бала шаңырақ тарихына ерте ден қойғандай.

Байқап отырсақ, әрдайым адал еңбекке сүйенген байсалды, байырқалы бұл адамдар халықпен бірге тағдырдың небір теперішін қайыспай көтерген. Бұлардың мұң-наласы ақынжанды жеткіншектің көкейіне біртіндеп көл-көсір сыр, қанатты ән мен жыр болып ұялайды. Оның үстіне Аякең көне шежіре, ежелгі қисса-дастан, тіршіліктің тылсым заңдылықтары туралы ескі тәмсілдерге жетік жан екен, соларды ұлының санасына сәби шақтан сіңіреді. Осылайша зерделі жас айналадағы ағайынның да ахуалына жіті қарап, жағдайына жан ауыртып, қайырымдылыққа дағдыланады, біртіндеп халықтық мүдделерді діттейді. Табылдының Асанқайғы, Махамбет сынды тұлғалардың жан әлеміне үңілуінің өзі бір тартымды тақырып.

Мұндайда орыс жазушысы Инна Гоффтың: «Адам бала кезінде қоршаған ортаны қызықтайды. Жастық шақта – өз-өзін, ержеткенде өзінің түп-тегін тамашаламақшы. Бұл да – өз-өзіңе қызығу. Бірақ ауқымдырақ. Өзіңді түсіну ісіне тұтас дүниені жалғау арқылы келесің. Отыз бен қырық жас аралығында кісінің жан әлемі мейлінше толысып, кемелдік кезеңге жетеді. Жалпығаламдық кеңістікке құлаш ұрып, бүкілазаматтық жәйттерді пайымдайды. Ол ұлын да, әкесі мен атасын да түсіне алады» деген сөзі ойға оралар еді.

Табылды да үлкен елдік бағыттағы іргелі мақсаттарға ұмтылды. (Десек те, дәл мұндай асқақ сөз оған мүлде ұнамас еді. Әр ісін ешбір әсіре пафоссыз, ел көзіне түспей, мейлінше табиғи, қарапайым түрде атқаруға тырысатын). Мәселен, оны айналадағы келеңсіздікпен арпалыса жүріп, қайғылы жағдайда көз жұмған арынды ақындардың өмірі қызықтырды. Солардың ішкі дүниесіне терең бойлап, бұларды күйзелткен жағдайды халыққа ақтарып, жарқырата көрсеткісі келді. Олар жайында ел ішінде қалыптасқан қасаң қағида, қарабайыр ұғым-түсінікті бұзып, көпшіліктің көзін ашуға, белгілі құбылыстарға деген көзқарас аясын кеңейтуге күш салды. Мұның бәрі де елге сабақ болса, халыққа пайдасы тисе, ілгерілеуге сеп болса деген тілектен туындап жататын. Бірде маған телефон арқылы хабарласып, тағдыры күрделі ақын Свет Оразаев туралы мақаламды сұратып алғаны бар. Сол сияқты түрлі жағдайда мерт болған шайырлар Сағат Әбдуғалиев, Марат Отарәлиевтың мұраларын жинақтауға талпынды.

Кейінірек пайымдасақ, сөйткен Табылдының өз жүрегі де жұлма-жұлма болып жүреді екен. Тек еркөңіл, намысқой жігіт ешкімге сыр бермеуге тырысқан.

Ол да сан алуан ауыртпалыққа кезігіп бағыпты. Әсіресе, құндылықтар ауысып кеткен кезеңдегі тоғышар, меңіреу орта оның жойылып кете ме, қор бола ма деп қауіптеніп, ұлт мүддесін көздеп, ұрпақ қамын жеп жанұшырып жүргенін қайдан ұғып жатсын; кедергіні күшейтіп, ылғи тәлкек қылуға көшеді. Зұлымдықты көбейтеді.

Өзі баладай аңғал да еді. Көңілі кіршіксіз жігіт көптеген келеңсіздік мәнін түсіне алмай, дәрменсіздікке, қорғансыздыққа түскен кездері жиі. Өз-өзіне күмәндәнды. Кейде ширығып, бұлқынды, өз жанын өзі жұлып жеп, сансыз сауалдың жауабын іздеді. Ұшарға қанат болмай, аласұрды. Ақыры көп кінәні өзіне аударды. Оның «Адасқан асау» аталатын микропоэмасы соның көрінісіндей:

­– Азаптан арыла алмай тірісінде,
Қалып қойып қаптаған мұң ішінде.
Қолынан құзғындардың қаза болған,
Аяулы арыстардың бірісің бе?

Алынбай асуларым алсам деген,
Күндерім өтіп жатыр сарсаңменен.
Ерен болып, мөп-мөлдір өлең болып,
Жүрегінде жұртымның қалсам деп ем.

Ақиқатсыз көңілді басардай мұң,
Ар-ожданды ойлаудан бас алмаймын.
Сайтан айдап, сары дала, саяқ кетіп,
Үйірінен адасқан асаудаймын.

Босана алмай бұлқынып торда қыстай,
Қыран құсым қажыды самғап ұшпай.
Салқар құмда сүргін сап жүріс мынау,
Жаралы жолбарыстай...

Сонда адасқан кім? Ал осы жәйтті түсініп, жағдай мәніне үңіліп жатқан қайсымыз бар?

Біз де оның жанын жете түсіне қоймаппыз...

Табыл, әйтеуір, қандай жағдайда да туабітті кішіпейілдігінен айныған жоқ. Әр кезеңдерде түскен суреттеріне қарасаңыз, оның көпшілік арасында екінші немесе үшінші қатарда тұрғанын байқайсыз. Ешқашан алдыға ұмтылмаған, суырылып шығып, жарқылдап көрінуді қаламаған. Көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың «Қазақтың талантты жігіттері көбіне қарапайым, кішіпейіл келеді. Тасада жүргенді ұнатады. Ал дарынсыздары даңғой немесе өлермен... Осы кереғар мінездер өзара құйылысып, жымдасып, барлық бауырларымыздың бойына қонса жаман халық болмас едік» деген сөзі осындайда еске түседі. Табылды табиғатында да бой жасыратын хас тұлпардың мінезі бар еді...

Қазір ойласам, ол ақырын ғана мысықтабандап тақалып келе жатқан ажалды сезген екен. Ерсайын Жапақ досымыз Табылды дүниеден өтер қарсаңда өзіне: «Ераға, енді қашан кездесеміз, мен емделуге жатуым керек, аман-есен жүздесуге жазсын деп көзінен жас ыршытып, құшақтады» – деп жазды.

Соңғы сәттерде сонау сұрқия күштер жанын жаралап, жігерін құм қылыпты. Үмітін үзіп, дертін асқындырыпты.

Бір себептен, сол бір шақтарда біз де қол ұшын соза алмаппыз. Әркім өз күйкі тіршілігін күйттеген кері заман...

Табылды «Курстастарды аңсау» аталатын өлеңінде:

– Алматы баста мен үшін

Алатау алып асқар-ды,

Арайлы асқақ таңдар мен

Айнымас асыл достар-ды.

Сол Алатаудан бұл күнде

Бүйректе уыс тас қалды.

Сол достықтардан бұл күнде

Жүректе жетім жас қалды,

  • деген еді.

Бір сүйініштісі, оның тағдыры қаншалықты ауыр, қайшылықты болып көрінгенімен, қызық, мағыналы тағдыр екені рас. Нағыз ақындық тағдыр.

Өлімінің өзі сабақ...

Бәрібір, қалай дегенмен, осынау күрделі жағдайда өзімді кінәлі сезінемін. Анау жетім жас енді менің жүрегімде кілкитіндей...

Құлтөлеу МҰҚАШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар