Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асқар Кіребайұлы. Кертолғау...

10.08.2018 7552

Асқар Кіребайұлы. Кертолғау

Асқар Кіребайұлы. Кертолғау - adebiportal.kz

Қызылорда облысының онкүндігі аясында ақын, «Сейхундария», «Көктем тынысы», «Сыршыл көңіл», «Тұсаукесер», «Інкәдария» кітаптары мен басқа да көптеген жыр топтамаларының авторы Асқар Кіребайұлының өлеңдерін ұсынамыз.

Болат тұяқ тектімсің

Жүйрік ат,

Қыран бүркіт,

Құмай тазы,

Қазақты сері емес деп кім айтады.

Азаматты өткінші байлық емес,

Бір тұлпары жоқтығы мұңайтады.

Даңқымен Тайбурылдар, Құлагерлер,

Ғасырлар тереңінен шыға келген.

Жорықта жолдастары мерт болғанда,

Тұлпарымен көріскен жылап ерлер.

Беу тұлпар,

Жібек жалды жануарым,

Қашаннан болдың сесім,

Бағым,

Арым.

Жалғыз аты бар болса маңдайында,

Жігіттің болған емес жаны жарым.

Жырға айналған келбетін, көрінісің,

Қазақ болсам көңілімнің жерігісің.

Мың кісінің ішінен мұңдас таппай,

Мәрт жігітің мұң шерткен сергісің.

Жігіттің куәгері сырының көп,

Тілсіз тектім.

Тіл жетпес қылығың көп.

Мейірленіп сүйгенде анам алғаш.

Теңеу таппай еміренген «құлыным» деп.

Көңілімнің сенсің жалғыз сағынышы

Жастықтың оятқан сен бал үмітін.

Бір сұлу сырын айтпай білдіріп ед,

Үнсіз кеп кекіліңе тағып үкі.

Болат тұяқ,

Күлте жал,

Белі бесік,

Ес білгеннен құмармын өліп, өшіп.

Жетелеп жалғыз сені жыладым-ау,

Ағайын ажырасқанда желі кесіп.

Сен атамнан аманат қалған бағым,

Төрт құбыласы тең дейсің жалғанда кім?!

Бәйгенің алдын бермес сәйгүлік ең,

Сендей болсам деуменен армандаймын...

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ КҮНГІ ОЙ

Қуанышты көзімнің көргенін-ай!

Тілегімді құдайдың бергенін-ай!

Қуаныштың көз жасы зәр болғанын,

Өзің сезіп тұрасың ғой зерделім-ай.

Салқар далам,

Сақтаған атам кенін.

Соры қалың,

Сарыуаым отан ба едің.

Өз енесі езгілеп жатсадығы,

Боздап ерген бураға ботам менің...

Шарам жоқ,

Шарасыздық күні күн бе,

Мұң етіп айта алармын мұны кімге?

Төрдегі тексіздіктен бата тілеп,

Есі жоқ, ағаның да,

Інінің де.

Жақыныма бір жаттық етпесем де,

Түсі суық,

Қарайды бөп бөтен боп.

Абайдық әбдіресін ақтарамын,

«Кесесінде қалған у жоқ па екен?» деп.

Күн сайын құбылмалы сезім кешіп,

Шырағы үмітімнің көзімде өшіп.

Дәрменсіз дөңбекшимін, тастай алмай,

Өз қолымды қалайда өзім кесіп.

Не істермін,

Күле алмаймын күлем десем,

Жоғымды жаттан көріп жүр ем кеше.

Абыз деп ардақтаған ақсақалым,

Сұмырайдың соңына еріп сүмеңдесе.

Қалжақтаған қартымның

қалжыңы қырт,

Ар сатып,

Аруақ аттап алжыды жұрт,

Таң атты деп тұрғанда абыржыдым,

Арайымның басқандай алдын ымырт.

Ұмытылып туыстың тонағаны,

«Орнында бар әрине, оңалады».

Жарам орны әйтеуір жазылар-ау,

Налам орны қалайша жоғалады?...

ЖЕЛТОҚСАН

«Тіл кеспек жоқ» деп,

Басылмай,

Шындығын шыңлап асылдай.

Көкпары қуған жұрт едім,

Көкпарға түскен басымды ай!

Күңіреніп өткен Қасымдай,

Күйзеліп түскен шашымды-ай.

Астаң да кестең қылдың ау,

Аспанан түскен жасылдай.

Ерқашты болған қашырдай,

Бостанда шалғын жапырмай.

Уа, кеудеме толған түсер ме екен

запыраным,

Ышқынып құссам япырмай!

ЖҰМБАҚ ӘЛЕМ

Жұлдызды әлем,

Ай күн,

Сұлу жерімді,

Кім жаратты,

Жаңбыр,

Жарық,

Желіңді.

Бір шыға алмай,

Шексіздіктің шегіне,

Миым қатып,

Санам санға бөлінді.

Кімнің жаны,

Әмір берген тұлғамда,

Асқақтықты қалай берген шыңдарға.

Көрінбейтін молекула әлемнен,

Китке дейін бағындырып бір заңға.

Барша құмбыл жұмбағымен,

Жер мекен,

Қыбырлаған,

Құмырсқа мен пенде тең.

Жыпырлаған жұлдызды көк,

Ауа,

Су,

Тәңірге неге керек болды екен?...

Күн батады,

Түн басады,

Атар таң,

Жұлдыз ағып,

Құлайды ұзақ сапардан.

Мен де семем,

Ағаш, гүл де,

Жәндік те,

«Бітті» деген күні тәңірі татар дәм.

Қалай тудық, пәруайсыз пенде боп,

Жауабы жоқ құпия сыр сенде көп.

Шыбын жаның қайда барып шырғалар,

Жарық дүниең сөнген сәтте дөңгелеп?...

Аттап бассам сан сауалға кезігем,

Бір әміршім барын тітіреп сезінем...

Ми қатырған сауалымды оқимын,

Мың жасаған тасбақаның көзінен.

Басың зың-зың,

Қойғандайын дуалап,

Әлем де үнсіз,

У-шуынан тына қап.

...Тасбақа ойым мәңгі шағыл үстімен,

Шексіздікті бара жатыр қуалап...

КЕРТОЛҒАУ

Құрт ұрлайтын қызталақ ең өреден,

Қыз алғандай қаздиыпсың төреден.

«Ақылды деп ойласын жұрт

Үндеме»,

Соны біліп туған қандай зерек ең.

Сені мақтау оңай емес құрдан құр,

Өзің жаққа тізгін сүзіп бұрған жыр.

Құс боп тусаң қыран болу түк емес,

Айналайын талабына нұр жауғыр.

Аман жүргін,

Қылша мойын қас асыл,

Абайға ұқсап аяқты алшаң басасың.

Сүйегеннің ұстағандай қасасын,

«Қораға үрген» кісілігің жасасын!

УАҚЫТ САРЫНЫ

Уақыт жүрісінен жаңылды ма ау,

Қу заман қуды қолдап қағындың-ау.

Көзіне қамшы тиген жуас аттай,

Саналым шыр айналған халің мынау.

Аттаған сайын алды қазғанақ боп,

Тағдырға жайсаңдардың жазғаны ақ көп.

Елім деген ерлерге езгі барын.

Іштен тынып сездің-ау Мағжан, Ахмет.

Қазынасын тонаған хандары үптеп,

Қарау ойлы жүдейміз жанға жұп боп.

Баласының жендеті өлтірерде,

Қандай өкініш кешті екен заңғар Ұлықбек?

Түсіне алмай далмын ба өмір заңын,

Бишікеш алдағанға бек ырзамын?!

Қазыналы кеңестей көріп жүрмін,

Кеңкелес кезеңімнің көп ыржаңын.

Теледидар алдайды алдыма кеп,

Тұл қалған таяныштан талды ма әдет.

Қарманып,

Жан-жағымды қарап қоям,

Бірдеме тектіліктен қалды ма деп...

СЕНІ ОЙЛАП...

Желпіген нәзіктіктің сырлы лебін,

Көз тартқан туған жердің бір гүлі едің.

Риясыз Күлімсіреп қарағанда,

Жүрегім неге жиі ұрды менің.

Секілді ем –

Сірә силас, сірә ағайын,

Неге деп неге өзіммен сұрамайын.

Ойымнан кетпей қойдың қарындасым,

Түсімнен шықпай қойдың құралайым.

Жұмбақтау жылы жанар нені айтады,

Құпия сезімімді молайтады.

Жарқырап күндей күлсе қуантады,

Жабығып,

Жабырқаса мұңайтады.

Періштем,

Жаман аты білінбеген,

Жаныма үңілдің бе шыныменен.

Көздерің нені айтады күлімдеген,

Саусағың нені айтады дірілдеген?

Жаралған соншама іңкәр сезімменен,

Жансың ғой,

Көзің де өлең, өзің де өлең.

Сырнайға саз қосамын безілдеген,

Сені ойлап зім қалсам өзімменен...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар