Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жазғаны жер жарарлық жастар баршылық...

10.08.2018 1779

Жазғаны жер жарарлық жастар баршылық...

Мерей Қартов: Жазған дүниелері жер жаратын жастар баршылық

«Жас келсе – іске», - дейді қазақ. Ал, Мағжан сенім артқан жастарға биыл Жазушылар одағы да біраз мүмкіндіктер ашып берген сияқты. Ендігісі солардың атқарар істерінің нәтижесінде. Бүгін біз сөзге тартқалы отырған ақын Мерей Қарт – Қазақстан Жазушылар Одағының өңірлік филиалдарындағы ең жас директор. Семей талай алыпты дүниеге әкелген топырақ. Оған анықтама берудің де қажеті жоқ. Сол топырақта әдебиеттің айналасында қандай өзгерістер, жоспарлар барын Мерейден сұраған едік...

- Мерей, биыл «сіздің жылыңыз» болды деуге болар. Өйткені, көктемде ғана Мәдениет министрлігінің жанынан құрылған Жастар кеңесінің мүшесі болдыңыз. Сонымен қатар, Жазушылар одағаның мүшелігіне да қабылданданып, артынша жазушылар одағының Семей өңірі филиалының директоры болып тағайындалдыңыз. Шыны керек, бұндай тағайындауларды біразымыз күтпедік?

- Иә, жоғарыда аталған жетістіктер шығармашылық ғұмырымның бір белесі болды. Сезімге салсам жанды семіртіп, көңілді көншіткені рас. Ақылға артсақ үміт пен жауапкершілік жүктейтінін ұғынасың. Әр белестің өзінің сүрлеуілі соқпағы, тулаған өзендердің де өткелі болатындай, шығармашылық еңбек жолының да шырғалаңы мен шаттығы қатар. Сондықтан әр істің салмағын сезініп, атың көтере алатындай жүк артып, шамаң келетін шоқпарды беліңе байлаған жөн деп санаймын.

- Еңбегінің өтеуіне айналасынан марапат күтетін заманда тіршілік кешіп жатырмыз ғой... Сіздің ақындықтан басшылыққа дейінгі жолда төккен теріңіз бен артқан үмітіңіз туралы әңгіме қозғайықшы?...

- «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!», - дейді емес пе Абай атамыз. Мәселе осында. Бүгінгі қоғам тынысы атағы мен шатағы, ақшасы мен бақшасы келіскеннің бәсі озып тұрған кезең. Бұл да өтпелі. Ал, ақындық абыройын сақтап, адамгершілігін ту етіп жүргендер де жоқ емес. Сондықтан қоғам түбегейлі көрінісін дөп басу қиын.

Ақындықтан бастықтыққа дейінгі жолда төккен теріңіз бен артқан үмітіңізді білсек депсің... Осы уақытқа дейін бастық болсам деп басымды ауыртып көрмеппін. ҚЖО басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет Семейге келген сапарында еліміздің зиялы қауым өкілдерімен, жас әдебиет сүйер қауыммен кездесу өткізген болатын. Сол жиында ақын Ұлықбек Есдәулет Семей өңірі ақын-жазушыларының қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі, әдебиет алыптары Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды саңлақтарды тудырған топыраққа тағзым етеміз, Семейдің облыстық дәрежесі жоқ болса да, бұл жерде ҚЖО бөлімшесі болуы тиіс деп қадап айтқан еді. Даусыз пікірді даурықпай қолдадық. Енді басшы керек кімді ұсынасыздар деді?! Жазушы Медеу Сәрсеке, ғалым Арап Еспенбетов, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Айбек Сапышевтар сөз алып, жас келсе іске, Мерей Қартты ұсынамыз деген болатын. Ұлықбек аға құптап, ойламаған жерден ҚЖО Семей өңірі филиалының төрағасы болып шыға келген жайым бар(күліп).

Кезінде Қайым Мұхамедханов, Медеу Сәрсеке, Төкен Ибрагимов аталарымыз басқарған бөлімшеге артылған үміт пен жүк оңай емес деп ойлаймын. Қолымнан келгенше, қабылетім жеткенше қалтқысыз қызмет қылыуға әзірмін.

«Тәуелсіздіктің болашағы бүгінгі жастарда» дегенді аға буын көп айтады. Семейдегі өңірлік әдебиетке, қандай өзгерістер әкелмексіз?

-Қай дәуірде, қай қоғамда болсын қозғаушы күш жастарда. Елдің болашағы да солар екені сөзсіз. Бірақ қандай жастар ел болашағы, кімдерден үміт күтеміз деген де кібіртіктеп қалатынымыз бар. Бүгінде Астана мен Алматыға бармай-ақ, бас қалада жүргендерді басып озып жатқандар жетерлік. Халықаралық «Шабыт» фестивалі болсын, басқа да республикалық додалар болсын топ жарып келе жатқан өңір әдебиетінің өкілдері. Астанаға көшіп келгелі әлі өлең жазбай жүрмін деген жастарды да көргенбіз. Ол кісілерді де кінәләуға болмас. Сананы тұрмыс билеп, ойдың сан-саққа бөлінетіні айтпаса да түсінікті.

Семей өңірлік әдебиетке қандай өзгеріс әкелмексіз? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз депсіз... Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас дегендей, жүкті жұмыла көтеретін әдебиетшілер, ақын-жазушылар аз емес. Өрімдей өсіп келе жатқан жастар да жетерлік. Өзгеріс жасайтын сол кісілер. Арық айтып семіз шығайық, жоспар өте көп. Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына дайындық үстіндеміз.

- Қазір Жазушылар одағының тікелей өкілісіз ғой. Бізден қарағанда ішкі-сыртқы жағдайларынан қанықсыз деп ойлаймын. Келесі сұрағымызды одақтың төңірегінен қойсақ... «1991 жылдан бері әдебиетте жаңалық болған жоқ», - дейді Есенғали Раушанов бір сұхбатында. Сонда бүгінгі Жазушылар одағына мүше 800 ақын-жазушы деп отырғанымыз кімдер? Олар қандай шығарасымен танылған?

- 1991 жылдан бастап қазақ әдебиеттінде жаңалық жоқ деуі Есенғали Раушановтың қалжыңы шығар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі толқының екпіні оңай болған жоқ. Оны сіз де, Есенғали аға да жақсы біледі. Неге жаңалық болмасын, бұғаудан босаған ұлттың ішкі бұлқынысын ақындар шығарды емес пе?! Жіпке тізіп айтсақ сөз желісі де ұзап кетер.

ҚЖО басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет: Одақтың 800 ақын-жазушыларының көбі үлкен кісілер, енді жастарды тартуымыз керек деген болатын. Жазған дүниелері жер жаратын жастар баршылық, соларды екшеп шығармалары лайық деп танылғандар ҚЖО мүшесі болып толығып жатыр. Сан емес сапаға қарау да қағидаға айналып келеді. Былтыр тұңғыш рет өткен «Рух» әдеби халықаралық байқауынан бәйге алған әр шығарманы ҚЖ Одағының бағындырған бигі, әдебиеттің болашағына қосылған қуатты толқын деп санаймын.

- Осы уақытқа дейін, театрда жұмыс жасадыңыз. Қазіргі өңілірік театрдың артықшылығы мен олқылықтары туралы не айтасыз?

-Иә, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында әдеби бөлім меңгерушісі болып әлі қызмет жасмаймын. Атам театры жақында ғана Маңғолияға гострольдік сапармен барып келді. Енді өңірдегі театрлардың барлығының жай жапсарын біле бермеймін. Біздің Абай театрының репертуары бай, классикалық шығармаларға емін-еркін бара алатынына сенемін. Осы уақытқа дейін М.Әуезовтің «Еңілік-Кебек», «Абай трегедиясы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш- Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоқты» т.б. сүбелі шығармалар сөзіме дәлел бола алады. Өңіріміздегі театр олқылықтары жас әртістердің жетіспеушілігі ме деп ойлаймын. Себебі арнайы муздраманы бітірген түлектер өңірлерге ат басын бұра бермейді. Сондықтан кей тұста кәсібилік жетіспей қалатын сәттер болады. Режиссер мәселесі де солай. Астана мен Алматы қалаларынан арнайы шақыртып, қолқа салатынымыз бар.

- Сіз қалай дегенмен әуелі ақынсыз. Басшылықта жұмыс жасау, жеке шығармашылығыңызды жетілдіруге кері әсері болады деп ойламайсыз ба?

- Басшылық қызмет болғанда, әдебиет маңайындағы әңгімелер өрбитін орта ғой, еш бөгеті жоқ. Керсінше шабыттанып отырасың. Күнделікті сүйікті ісіңнің төңірегінде жүргенге не жетсін. Әр процесс қызықты.

- Ақынды өлеңі асырай ала ма? Олай детініміз, Тәуелсіздік алғалы ақын-жазушыға қаламақы төленбей келеді. Сонда бүгінгі қаламгерлер күнін қалай көріп жүр?

-Өлең рухани аштықтан ғана сақтайды. Күн көріс көзіне айналдыруға болмайды деп ойлаймын. Еркек болған соң екі қолға бір күрек табылар. Ал, әдеби еңбек еленіп мемлекеттік дәрежеде қолдау тауып жатса нұр үстіне нұр ғой. Қаламақы деп қалдыңыз, өткендегі Мәдениет министірлігінің жанынан құралыған кеңестің алғашқы отырысында бұл мәселе де сөз болды. Енді ол алдағы уақытты еншісінде.

- Ақкөңіл Ай,

әр сәулесі сиқырлы,

Жұлдыздар да қуланады сүйкімді.

Маужыраған бақ ішінде ұрлаттым,

Ащы мұңды және тәтті ұйқымды...,

- дейсіз, «Құс ұйқы» өлеңіз де, ақыныңы ұйқысын ұрлаған музасы кім?

- Жоғарыда сіз атаған шумақ Эдуард Асадов деген ақыннан аударған шығарманың басы ғой. Әңгіме Муза дегеннен шығады. Бұл сұраққа төмендегі өлең жауап берсін...

МУЗА

Музамның маңдайында

нұры бар жарық Айдың!

Талдырмаш тал бойынан

табылмас тарыдай мін.

Музамның көздерінде –

көңілдің тазалығы.

Сөйлеген сөздерінде –

ғаламның ғажап үні.

Музамның еріні де

балауса бал татыды.

Сезімнің көрігіне

шіркін-ай, сан балқыдым...

Музамның ақ білегі

мойныма оралады.

Құшқанда, отты лебі

бойыма таралады.

Музамның тамағында

– көктемнің жұпар демі.

Кіршіксіз жанарында

толқиды Бұқар көлі.

Қос жүрек үндесуде.

Періштем, пәктігі – жыр!

Музаммен мұң кешу де –

– тағдырлы тәтті ғұмыр!

Мерей, сіздің өлеңдеріңізден «Көктем», «Көктем-Қыз» деген тіркестерді көп кездестіруге болады... Жалпы, көктемге деген махаббатыңыз ерекше сияқты. Бұның да ақын үшін бір құпия сыры болар...

- Бүкіл дүние Көктемнен өнеді ғой. Тіршілік ең алғаш басталғанда қыс немесе күзден басталмаған шығар. Сондықтан бұл мезгіл жаныма жақын. Өз мінезімді көктемге ұқсатамын. Көбіне жайдарлы жүремін. Бар құпиясы осы.

-Сіз өлеңнен басқа, саятшылық, атбегілік өнеріңіз барын де әлеуметтік желіден байқап жүрміз. Бұл ермек пе, дәстүр сабақтастығын үзбеуге деген ұмтылыс па?

- Аңшылық пен атбегілік болғанда біздікі әуесқойлық қой. Жылқы жануарын өте жақсы көремін. Әсіресе, Бесқасқа деген айғырымды. Қазір үйірде жүр. Мына сұрақты оқып отырып, сағынып кеттім... Бала күнімізден жылқының жалында өстік. Демалыс сайын тай жарысы болатын, өзімізше көкпар да тартатынбыз, ол балалық алыстап кетті. Ауылға барған сайын бауырларыңды көріп, сол зымыраған сәттер көз алдыңа келеді. Жылқы туралы бастасақ таңды таңға соғамыз, осы арадан тізгін тартайық. Жылқыға деген құрметімді төмендегі өлеңмен жеткізсем:

Арқыраса тарпаң күреңім,

Бал-бұл да жанар түр-өңім.

Көнеден қалған көзімсің,

Күміс көмкерген жүгенім.

Өмілдірігім де дін аман.

Өң-бойын ою құраған.

Омырау тұсы шашақбау,

Астары – қызыл шұғадан.

Көшпенді елміз көшелі.

Маңдайбақ біткен бес елі.

Құйысқаным да – құйма алтын,

Өркениетім ғой кешегі.

Жаратып мінген күлігін,

Сайыпқыран Сақтың ұлымын!

Үзеңгімен-ақ үзгенбіз,

Қарсы шапқан қасқыр жұлынын.

Тақым қажамас таралғым,

Зерленген шеті – сары алтын.

Былғары-бекзат тоқымым,

Осы күнге аман оралдың.

Шөлдесем қымыз ішкенім.

Шипасы қандай күшті едің!

Ат терін адал сіңірген,

Жабағы жүнді ішпегім.

Қайыңнан шапқан қапталым,

Жәдігерімдей сақтадым.

Іңірге тізгін қаңтарып,

Ізгінің күттім ақ таңын!

Қанжығам – құтты қайыстан.

Шыңдалғам көкпар-сайыстан.

Бес жастан шауып бәйгеге,

Жанарымнан жасыл жай ұшқан.

Қамшым да – қызыл тобылғы.

Соққызба, тағдыр, санымды.

Келер ғасырға аттандым,

Оңғарса Тәңір жолымды!

Аңшылыққа келсек, Алтынбас деген тазым болған, қоян мен түлкіге, суырға түсетін. Қазаққа танымал Қасқыр Ержан мен Берікжан Бекежан деген ағаларымыз барда аңшымын деп айта алмаймын. Сол кісілерден үйреніп, әңгімелерін тыңдап, тау-таста бірге жүреміз. Ең алғаш рет Нұржан Төртуыл ағамен бірлесіп жүріп қасқыр алғаным бар. Ол сезім бөлек енді. Сол кездегі әсерден кейін осы өлең туды.

Көкжалдың күрсінісі.

Көкірек-көзбен Көкке өрлеп,

Айға азу біледім.

Бүлкек желіп, бөктерлеп,

Жол ұшында түнедім.

Жортып жүрмін ұзақ күн.

Жауға толы маңайым.

Тағдырымдағы тұзақтың,

Талқандадым талайын.

Садаға деп қақпанға,

Сирағымды қалдырдым.

Апаныма ақпанда,

Маңырақ жанын алдырдым.

Сорым қалың, бес елі.

Бек қорғаным – тау, далам.

Жапалақтап кешегі

жауған қар да – жау, маған.

Бұраң жолға бір қарап,

«О, Тәңір!...», - деп, аh, ұрғам.

Ажал-оқтай жылдам-ақ,

Оқпанынан атылған.

Өзіме өзім қырсығып,

Жаным толған тағы шер.

О, тасбауыр тіршілік,

Ал, қайсымыз қанішер?!

-Шалқар радиосындағы « Қаурсын ғаламға» сұхбат беріп отырғанда, сіздің өлеңіздің осал тұстары туралы сын айтылды. Сол сыннан кейін сіз өлең жазу стиліңізді өзгерте бастағандайсыз ба, қалай?

- Иә, сол хабардың ең алғашқы қонағы болған мен едім. Шынымды айтсам не деп сын айтқаны есімде жоқ. Мен өзім жазғым келетін тақырыпқа ғана қалам ұстаймын, арнайы тыраштанудан аулақпын. Сондықтан нақты сын айтқан адамдар болса қабылдаймын. Әлеуметтік желіден жазып жатады, орынды пікірлерге ойланамын. Бүгінгі әдебиетке әлбетте сын керек. «Сын жоқ, сын жоқ», - деп айғайға салатындар бар, мін жоқ өлең жаза алмай жүріп. Қай қоғамның әдеби ағымында болсын, сын алғашқы орында тұруы қажет деп ойлаймын. Сын түзелмей, мін түзелмейді.

«Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!..», -

деп жырлапты туған жерін Қасым Аманжолов. Әңгімеміздің соңында Мерейдей ақынды дүниеге әкелген топырақ туралы білсек?

-Бұрынғы Семей обылысы, Ақсуат ауданы, Үштөбе ауылында, Тарбағатайдың бауырында туғанмын. Атам Қарт Секен мен апам Дәметкеннің баласымын. Әдебиетке деген құмарлығым атама еріп тау мен тасты танудан басталса, жыр-қиссаларды апамнан жадыма тоқыдым. Ең қатты әсер еткен осы екі күш. Аулым жайлы білгіңіз келсе төмендегі өлеңді бір шолып шықсаңыз болады:

БІЗДІҢ АУЫЛ

Тарбағатайдың теріскейіндегі өзендер,

құлдыраңдаған әр бұлақ,

біздің Үш Төбеден басталған.

Көне дәуірдің сырын шертетін кезеңдер,

соқпақ-сүрлеулі жон-қырат,

тәлім ұғарсың тастардан.

Қараша келсе, Қаражал жаққа қаз өрлер.

Қош айтысады көл-құрақ.

Қол бұлғап тұрмын асқардан...

Өкпеті және Қызылтас – туған тауларым

сәл ғана кіші Аспаннан!

Әлемнің барлық тау-қырындағы бөрілер,

мұзбалақ алғыр қырандар,

іздің Үш Төбеден тараған.

Ақберлі шыңы күншілік жерден көрінер.

Арқарға пана кіл аңғар.

Маңайы бұта, қараған.

Талды мен Базар – пырағыма шылбыр да болып өрілер.

Шілік-шыбықтар билерін билеп бұлаңдар.

Сайлардан есер самал-ән!

Бөртегүл мен бозқараған қошынан көңіл семірер.

Жазда да түсер тұман, қар.

Боран да тіпті бораған.

Мартөбелерде маралдар кербез керілер,

мөңірер сайдан бұландар...

Өмір көресің Даладан!

Үш Төбемдегі қарияларымның қай-қайсысы да – пір абыз.

Ерлері – дәтті, дуалы.

Хор-қыздары – көркем, бұрымды.

Доланқараның әр сайы – құтты, кіл аңыз,

Ақжайлау – елдің жұмағы.

Шөптеріне дейін үр-үнді.

Әулие құстар қонған балбал-тастардан сұраңыз

Туған Жер деген ұғымды!

- Мерей, әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан : Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар