Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
«Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы (жалғасы)...

10.08.2018 9173

«Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы (жалғасы)

«Соғыстың сұрқы әйелге жат» шығармасы (жалғасы) - adebiportal.kz

«МЕН АНАМА ЖАЛҒЫЗ ОРАЛДЫМ…»

Мәскеуге, Нина Яковлевна Вишневскаяға келе жатырмын. Ол жайлы әзірге бар білетінім блокноттың бір бетіне ғана сыйып кетіпті: он жетінші жасында майданға кеткен, бесінші армияның отыз екінші танк бригадасының санинструкторы болып қызмет еткен, сол құрамда Прохоровканың түбіндегі атақты танкілер шайқасына қатысқан. Соғыстан кейін комсомол жұмысында болыпты. Оны табуға өздерінің туған қаласын азат еткен отыз екінші танк бригадасы жайлы ауқымды ақпарат жинаған Борисовтың жас ізшілдері көмек берді. Гәзиттерде жарияланған бірнеше материалдардан соң, әсіресе пионерлерден көптеген хаттар келіп түсе бастады. Сөйтіп ойда жоқта маған ерікті көмекшілер пайда болды.

Ә дегенде бір сауал көлденеңдеді: ондаған мекенжайлардың арасынан таңдауды қалай жүргізу керек? Мен бұрын бұл жұмысты бастаған кезімде кездескен адамдардың барлығын да тізе беретінмін. Бірақ көп ұзамай мынадай жағдай алдан шықты: елдің бәрін қамтып жазу мүмкін емес, сондықтан материалды сұрыптау және жинақтаудың өзгеше қағидаты қажет екендігін түсіндім. Қолда бар мекенжайларды талдай отырып, өзіме мынадай міндет қойдым: әрқилы әскери мамандықтағы әйелдерді жазуға тырысу керек. Өйткені біздің әрқайсымыз тіршілікті өзіміз айналысатын шаруа арқылы пайымдаймыз. Мұндай салыстырудың барлық шарттылығына қарамастан, медбикенің – бір соғысты, наубайдың – екіншісін, десантшының – үшінші, ұшқыштың – төртінші, автоматшылар взводының командирі – бесінші түрлі соғысты көз алдына әкелетіндігін болжау қисындырақ сияқты... Майданда олардың әрқайсысының өзіндік шолу радиусы болған: біреуінікі – операция жасайтын үстел: «Қаншама кесілген қолдар мен аяқтарды көрдім десеңізші... Тіпті әлдебір жерлерде бүтін еркектер бар дегенге сенбейтінсің. Олардың баршасы бірдей не жарақаттанған, не қаза тапқан сияқты...» (аға сержант, медбике А.С. Демченко); екіншісінде – жорықтағы асүйдің қазандары: «Шайқастан кейін тірі жан қалмайтын... Бір қазан быламық, бір қазан сорпа пісіресің, ал берейін десең ешкім жоқ» (қатардағы жауынгер, аспаз И.Н. Зинина); үшіншісінде – ұшқыштың кәбеңкесі: «Біздің лагеріміз орманға орналасқан еді. Мен бір ұшысқа қатысқаннан кейін орманға барғым келді – ендігі жаз шыққан-ды, қойбүлдірген мол болатын. Сүрлеу жолмен келе жатып өлген неміске тап болдым. Білесіз бе, менің зәрем жаман кетті. Мен бұған дейін бір жыл соғыссам да, ешқашан оққа ұшқан адамды көрген жоқ едім. Ана жақта, аспанда, өзгеше жағдаят... Бәрі жалынған оранған, быт-шыт жарылып жатыр... Тапсырысқа ұшқан кезіңде сенде бір ғана ой бар: нысананы табу, бомбылау және оралуың керек. Біз өліктерді көрген емеспіз. Бізде ондай қорқыныш болған жоқ...» (гвардия лейтенанты, аға ұшқыш А.Г. Бондарева). Ал партизан әйелдерде соғыс әлі күнге дейін жанып тұрған алаудың иісімен қалыптасқан: «Бәрі де сол алауда – нан да пісірдік, қайнатып тамақ та іштік, ал көмірлері қалса, кімде не бар – қаптама киімімізді, пималарымызды кептіретінбіз...» (Е.Ф. Высоцкая).

Танкішілер бөлімдерінде әдетте санинструктор еркектер болатын, ал енді қарап тұрсам – жап-жас қыз!

Мен Нина Яковлевна Вишневскаядан хат алысымен, бірден жолға шықтым.

Купеде үш адам отырмыз. Шай. Ал шайдың үстінде әдетте әңгіме өрбиді ғой.

– Шайға деп әлдебір нәрсе жобалауға болушы еді, бірақ рұқсат жоқ. Дәрігерлер кесе көлденеңдейді. Жүрек нашар... Қолдан қояр салмақ шамалы деседі. Жүйкесі тозғандар керектен де әрмен озған, қозғалу жетіспейді.

– Менің де жақында жүрегім қысты. Бір тәуірі, саяжайым бар әйтеуір. Әркім әрқилы жан сауғалатады. Әлдекім таң атқаннан жүгіріске салады, енді біреуі гір сүйретеді, мен болсам, дачамен айналысамын...

– Менің қызым дәрігер... Невропатолог. Адамдар бұл күнде шамалы ғана қуанады, шамалы ғана жымияды, иә күледі дейді. Ал онсыз біздің организмге қауіп төнеді екен. Болмайтын көрінеді...

– Әйтеуір уақыт жетпейді... Ебелектейміз де жүреміз баяғы... Ал соғыстан кейін, жастау кезімізде: түк те жоқ, шайға салар қант та дәйім кездеспейтін. Бірақ бас қоссақ болды – көңілді болушы еді. Ән айтатынбыз... Енді бұл күнде жастардың да басы жиі қосыла бермейді...

Есіме сақтауға тырысамын – Николай Борисович. Екіншісі – Кочетков: «Мені фамилияммен атайды. Ата-аналарым қызық – әпкемді Электрика, кіші бауырымды Рубин, ал мені – Мир деп атапты. Мир Калистратович дейді... Қайта Приемник деп қоймағанына да рахмет... Бірақ сондай бір уақыт еді, техниканы аспандататынбыз. Бұл күнде қабылдағыштар емес, ғарыштық кемелер жасаймыз, бірақ басқа адам атауларына ден қойдық: Ксения, Наталья, Евдокия деп жатамыз…»

Екеуі де соғысқан екен – пенжектерінің омырауы орден колодкаларына толған.

– Жастар сол кездегі қиындықтарды түсінбейді...

– Түсінеді… Біз оларға бекерге тиісеміз.

– Жоқ, олар түсінгілері келмейді, өйткені біз оларға жеңіл тірлікті орнықтырып бердік. Өзіміз бізбен сірнені ілгіштедік, ал оларды көрінгеннен қорғаштадық. Олар біз жайлы не біледі? Біздің салт-тұрмысымыз турасында не біледі, айтыңызшы?..

Бұл сауал, әрине, маған да бағытталғандай болды. Қайда, кімге бара жатқандығым жайлы айтып жатырмын...

– Мен сізге, айналайын, мына бір жайтты баяндайын, – Николай Борисович соғыста саперлар батальонының командирі болғанын кейінірек білдім, ол күйбелектеп, қасығымен стақанды қаққылады. – Мен саперлар взводтарының командирі болған екі қызды кері қайырдым – оларды кадрлар бөліміндегі әлдебір ақымақ жіберіпті, кейін әлгілер қатты ашуланып та жатты. Қыздардың саперлар взводтарының командирлері ретінде алғы шепке барып, миналардан өткелектер жасап бергілері келіпті.

– Сіз оларды неге кейін қайтардыңыз? – деп сұраймын мен.

– Оған біраз себептер түрткі болды. Біріншісі – менде бұл қыздардың жасағысы келгендерін тамаша жүзеге асыра алатын үздік сержанттар болды, екіншіден – мен бұл қыздарды жақсы танитынмын, олар менің архитектуралық институтымның студенттері еді, біз бірге оқығанбыз. Мен ұрғашы адамдарға алғы шепке ұмтылып еш қажеті жоқ деп есептедім. Біздер, еркектер жетіп артылатынбыз. Сонымен қоса еркектерді едәуір әурелікке салатынымды сездім: бұл қыздарға арнайы блиндаж қазу керек, олардың командалық іс-қызметіне сай қыздарға ғана тән шаруаларды реттеу қажет.

– Яғни сіздің пікіріңіз қыздар соғыста тек кереғар жағдаятқа киліктіреді дегенге сая ма?

– Жоқ, мен олай дегенім жоқ. Егер тарихты еске алсаңыз, орыс әйелі қашанда күйеуін, бауырын, ұлын ұрысқа шығарып салып, қасірет шегіп, тосумен ғана шектелмеген – қиын сағатта ерлерімен бірге қасқая қатар тұрған. Бағы замандағы Ярославна қорғанның басына шығып, жаулардың басына қайнап тұрған шайырды құйған. Бірақ еркектерде қыздардың соғысқа қатысуынан кінәлау сезімі қалып қойған, ондай сезім дегеніңіз менде де қалған. Міне, және бір жағдаят. Біз шегініп келеміз. Күз уағы болатын, жаңбыр тәулік бойы құйып тұрды. Жолдың жиегінде ажал құшқан қыз жатыр... Санинструктор… Өзі әдемі-ақ қыз, бұрымдары қандай – батпаққа әбден батқан. Осынау өлімнің мынадай шат-шәлекейдің, қорқыныштың арасындағы бейтабиғилығы денеңізді тітіркендіреді. Мен өлім дегеніңізді көріп баққам, бірақ сол бір сурет есімнен еш кетпейді...

– Бүгінде соны еске алып қажеті бар ма? – деп таңғалады Кочетков. – Мен біздің медбикелердің жараланған жауынгерлерді қорғаштай жүріп – өйткені әлгілер балалардан әрман дәрменсіз болатын – қарсы оқ атуға мәжбүр болса, естігенде түсінетінбіз, ал енді екі әйелдің «мергендік мылтықтарымен» бейтарап алқапқа қарай еңбектеп бара жатқандығы – бұл не десеңіз де «адам аулаушылық». Менің өзім мерген болсам дағы... Бірақ мен еркекпін ғой...

– Бірақ олар көшедегі жай жүрген адамды емес, жауды құртуға барды ғой!

– Білмедім, білмедім... – Кочетков менің сөзімді асығыс үзіп жібереді. – Мен барлауға мұндай қызбен баратын шығармын, бірақ әйелдікке алмас едім... Жоқ... Менің әйелімнің мерген болғанын – мұны мен көз алдыма елестете алмаймын. Біз әйелді ана, қалыңдық санатында ойлауға үйренгенбіз. Менің кіші бауырым мынадай бір жайды айтатын: біздің қаланың бойымен тұтқынға түскен немістерді алып өтті дейді, ал балақайлар әлгілерді рогаткадан атқылапты. Мамам мұны көріп қалып, бауырымды шапалақпен тартып жіберіпті. Тұтқындар Гитлердің соңғы жастардан деп жинап алған боқмұрындары екен. Бауырым жетіде көрінеді, ал біздің анамыз жаңағы немістерге қарап тұрып, жылап жіберіпті: «Сендерді майданға жіберіп жүрген шешелеріңнің көзі шықсын!» Соғыс – еркектің кәсібі. Немене, олар жайлы жазуға тұрарлық еркектер аз ба?

– Бірақ өрімдей қыздар соғысқа өздеріне кісі өлтіру ұнағандықтан барған жоқ. Ол кез халық үшін, ел үшін өте қиын шақ болатын. Кәртаң профессорлар халық жасағына сұранған кезде... – Николай Борисович қатты толқып кетті. – Байқасаңыз, қыздар майданға өз еркімен барған, ал сужүрек болса, өлсе де бармайды. Олар керемет батыл, айтуға келмейтін қыздар еді. Мәселен, жаралы жауынгерді ұрыс даласынан алып шығу дегеніміз не? Мен сізге қазір айтып берейін. Біз шабуылға көтерілгенде, немістер пулеметпен жайпап салсын. Сөйтіп, батальонымыз жойылды да кетті... Бәріміз жаттық. Әрине, арамызда өлгендермен бірге жаралылар да қоса жатыр. Немістер оқ жаудырғанын еш тоқтатар емес... Кенет бәрімізге күтпеген жерден траншеядан әуелі бір қыз, сонсоң екіншісі, үшіншісі атып-атып тұрды... Олар жаралыларға еңбектеп барып, бері қарай сүйрей бастады, жараларын жаппай таңып та жатыр, тіпті немістердің өздері де біраз уақыт таңғалғаннан жақтары қарысып қалды. Кешкі онға қарай сол қыздардың барлығы да ауыр жарақаттанды, бірақ әрқайсысы бес-алты адамның өмірін сақтап қалды. Оларды сараң марапаттайтын – соғыстың басында наградаларды оңды-солды шаша бермейтін. Жаралыны оның жеке қаруымен бірге алып шығу қажет болатын. Медсанбаттағы алғашқы сауал – қаруы қайда? – дейтін. Ол кезде қару-жарақ та жетіспейтін. Винтовка, автомат, пулемет – міне, осылардың бәрін бірге сүйрелеуге тура келетін. Қырық бірінші жылы жаралы солдаттардың өмірін сақтап қалғандарды наградтауға ұсынған екі жүз сексен бірінші нөмірлі бұйрық шығарылды: ұрыс даласынан қару-жарағымен он бес ауыр жаралыны алып шыққаны үшін – «Әскери ерлігі үшін» медалі, жиырма бес жауынгерді құтқарғаны үшін Қызыл Жұлдыз ордені, қырық адамды қатарға қосқаны үшін Қызыл Ту ордені, сексен адамды оқ пен оттың астынан сүйретіп шығарғаны үшін Ленин орденіне ұсынатын болды. Ал мен сізге бір ұрыста бес-алты адамды құтқарғанын сөз еттім...

Кочетков темекі тартуға дәлізге шығып кетті. Біз Николай Борисовичпен екеуден екеу қалдық.

– Майдангер қыздардың арасында сұлулары көп болатын, – деп жалғастырды ол. – Біз бірақ оларға әйел ретінде қарамайтынбыз, менің пікірімше олар ғажайып қыздар еді, бірақ біз оларға жауынгер достарымыздай қарайтынбыз.

– Сонда қалай, олар сіздерге ұнамаушы ма еді?

– «Ұнамаушы ма еді» деген не сөз? Олар бізді ұрыс даласынан сүйреп шығарған құрбыларымыз болатын. Мысалы мені, жаралы күйімде екі рет алып шықты. Мен оларға қалайша кісікиік қарамақпын? Ал сіз өзіңіздің бауырыңызға тұрмысқа шығар ма едіңіз? Олар біздің қарындастарымыз іспеттес еді...

– Ал соғыстан кейін ше?

– Иә, соғыс аяқталды, ал олар еш қорғаусыз кепке ұшырағандай қалыпта қалды... Міне, менің әйелімді алайық. Ол – ғажап әйел, біз онымен отыз бес жыл бойына «шың» деспей тұрып жатырмыз. Енді сол әйелім әскери қыздарға шекесінен қарайды. Олар соғысқа күйеу іздеп барған, олардың барлығында әулікпе «романдары» болған дейді. Бірақ, шын мәнісінде, біздің әңгімелеріміз жүректің тереңінен шығатын, олар нағыз таза да, адал қыздар болған еді. Алайда соғыстан кейін біздің әрқайсымыз өз тірлігімізбен кеттік... – Николай Борисович ойланып қалды. – Сіз мұны түсінбейсіз. Лас лайдан соң, бит-құмырсқадан соң, қаптаған өліктен соң әлдебір толғандырарлық жағдаятты көргің келетіні аян... Әдемі әйелдерді, мәселен... Менің бір досым болды, оны майданда әлдебір ғажайып сұлу, менің түсінігімде ару қыз сүйді. Медбике болатын. Бірақ ол оған үйленбеді, сөйтті де сұрқы нашарлау өзге біреуге кез болды. Сол досым осы әйелмен бақытсыз болды... Бұл күнде ол сонау жылдарғы, өзіне тек дос деп есептеген қызды әредік есіне алып қояды. Бірақ соғыстан кейін досым оған үйленгісі келмеді. Сол қызды ол төрт жыл бойына тек тапталған етіктер мен еркектің мақталы кеудешесінде ғана көрген еді... Ол соғысты тезірек ұмытқысы келген-ді. Біз бәріміз де бәрін ұмытуға тырыстық. Тіпті дос қыздарымызды да ұмытып кеттік...

Міне, мен пойызда осындай тосын әңгімеге куә болдым.

...Мен метродан кәдуескі мәскеулік албарға шықтым. Әдетте олар неге екені белгісіз, қысқы уақытта жаздағыдан гөрі бір-біріне шамалы ғана ұқсайтын. Бұлардың әрқайсысына әлдебір көрінбейтін суретші орнығып, ағаштарды, орындықтарды, ойын алаңдарын, әткеншектерді ақ бояумен бояп жатқандай көрінетін. Ал көрінбейтін суретшілердің өздері бір-бірінен бөлек жұмыс істейтіндіктен, әлгі аулалар әрқилы болып шығатын. Бұл жерде жұмыс істегендердің әткеншектері дәу барабанды еске түсіретін, ағаштар болса, тәртіптелмеген маялар сияқты – әлгі суретшілер асықты ма екен, әлде қолдары оның ойлары мен көңіл күйіне ере алмай қалды ма екен?

Мен үшін адаммен кездесуім үйге кіруден бұрын басталады. Жобалаған бейнеге мына албар да, әрі телефон арқылы таңғалған дауыс та қосылады: «Келіп қалдыңыз ба? Бірден маған келдіңіз бе? Ардагерлер кеңесінде ештеңе тиянақтамайсыз ба? Оларда мен жайлы деректердің баршасы бар». Көз алдыма әкелуге, әлдебір ойды шешуге тырысамын. Ал тіршілік болса, менің романтикалық түсініктерімді қиратып тастайды, аямайды.

Есікті бәкене бойлы толық әйел ашты. Ол еркектерше маған бір қолын ұсынып тұр, екіншісін кішкентай немересі мықтап ұстап алыпты. Оның сабырлы қалпынан бұл үйдегілердің бейтаныс адамдардың жиі келетіндігіне еттері үйренгендерін болжалдаймын.

Нина Яковлевна мені өз бөлмесіне қарай алып жүрді.

– Маған ескертпегеніңіз обал болды, мен әзірленіп үлгерген жоқ едім...

– Бәлкім, дайындалмағаныңыз да дұрыс шығар. Ойыңызға әртүрлі оқиғалар оралар...

– Иә, солайы да жөн болар. Менде газет қиындылары толып жатыр. Біздің отыз екінші танк бригадасы жайлы көп жазылған. Мен ол материалдарды сізге беремін…

Кең бөлмеде ауқымды қызмет орнындағыдай сезінесің өзіңді. Ешқандай артық дүние жоқ: кітаптар, олардың көбісі мемуарлар, көптеген үлкейтілген әскери фотосуреттер көз тартады, бұланның мүйізіне танкошлем ілініпті, жалт-жұлт еткен кішкене үстелде титтей танкілер тізіліп қойылған, оларда «Н. әскери бөлімшесінің жауынгерлерінен», «Танк училищесінің курсанттарынан» деген жазулары бар пластинкалар көрінеді… Менімен қатар диванда әскери киім кигізілген үш қуыршақ «отыр». Тіпті бөлмедегі тұсқағаздар мен перделер де қорғаныс түсті болып келген.

– Көрші әйелдер таңғалады: «Сен үйіңді неге мұражайға айналдырып жібердің?» деп. Ал мен болсам, басқадай істей алмаймын, – дейді Нина Яковлевна.

Ол немересін келесі бөлмеге жіберді, мен магнитофонды іске қостым.

Старшина, танк батальонының санинструкторы Нина Яковлевна Вишневская:

«Танк әскерлеріне қыздарды онша ала қоймайтын. Тіпті мүлдем алмауға тырысатын деуге де болады. Ал мен қалай іліктім? Біз Калинин облысының Конаково қаласында тұратынбыз. Менің сегізінші сыныпқа емтихан тапсырып, тоғызыншыға көшкен кезім еді. Біз ол тұста соғыс дегеннің не екенін түсінбейтінбіз, ол біз үшін әлдебір ойын сияқты боп көрінетін. Жай әуестік қой…

Коммуналдық пәтерде тұрушы едік, сонда күн сайын соғысқа адамдар кетіп жатты: Петя ағатай, Вася ағатай дегендей… Біз оларды шығарып салатынбыз, сонда біз, балалар, бәрінен бұрын әуестікке берілетінбіз. Біз олардың соңынан пойызға да баратынбыз, сонда музыка ойнап, әйелдер жылап жатқанда, – біз ондайдан қорықпайтынбыз, қайта алданыш көретінбіз. Әрі ең алдымен ойға келетіні, – пойызға отырып, майданға тартып кету болатын. Біздің түсінігімізше, соғыс дегеніңіз әлдеқайда алыста еді. Мәселен, маған әскери түймелер қатты ұнайтын, әсіресе олардың жалт-жұлт етіп тұратыны әсер ететін. Мен ендігі сандружинниктердің курсына баратынмын, бірақ осының барлығы да әлдебір ойын сияқты көрінетін…

Сонсоң мектебіміз жабылды, сөйтіп бізді қорғаныс құрылыстарын салуға жіберді. Таза даладағы сарайларға орналастырды. Біз тіпті соғыспен байланысты шаруаға бара жатқандығымызды мақтан ететінбіз. Бізді күші мардымсыздардың батальонына қосты. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін, тәулігіне он екі сағат жұмыс істейтінбіз. Танкілерге қарсы ор қазатынбыз. Сондағылар он бес-он алты жастағы қыздар мен ұлдар еді... Сондай күндердің бірінде біз айғай естідік: біреулер «Воздух!» деп, енді біреулер «Немістер!» деп дабыстап жатты. Үлкендер бой тасалауға қашты, ал біз болсақ, немістердің ұшақтарын, немістердің өздерін көргіміз келіп барады. Олар қасымыздан зу ете түсті, бірақ біз ештеңе көріп үлгермедік. Шамалы уақыттан соң олар қайта оралып, енді жер бауырлай ұшты. Біз қара крестерді аңғарып қалдық. Ешқандай қорқыныш билеген жоқ, тек сол әуестік қана. Кенет немістер пулеметтен оқ жаудырды, сөйтіп біздің көз алдымызда өзімізбен күні кеше бірге оқып, жұмыс істеген құрбыларымыз біртіндеп құлай бастады. Біз бір сәтке мелшиіп қаттық та қалдық: бұл не пәле? Түрегеп тұрған бойымызда жан-жағымызға алақтаймыз, ал үлкендер болса жүгіріп келіп, жерге жығып жатыр, бізде сонда да қорқыныш болған жоқ…

Көп ұзамай неміс біздің қалаға он шақырымдай-ақ жерге жақындап келді. Біз, қыздар военкоматқа жүгіре жөнелдік: біз үшін ешкім де бармайды, біздің де қорғауға барғымыз келеді. Бәрімізді бірдей соғысқа алған жоқ, ішіміздегі шымыр, әрі шыдамдыларды, жастары он сегізге толғандарды ғана алатын. Әлдебір капитан қыздарды танк бөлімшесіне іріктеп ала бастады. Мені, әрине, ол тыңдаған да жоқ, өйткені сен он жетіде ғана едім, әрі тым кішкентай болатынмын.

– Жаяу әскер жараланады, – ол маған түсіндіруге тырысады, – ол жерге құлайды. Оған еңбектеп бару керек, сол орнында орағыштау немесе паналайтын жерге апару керек. Ал танкіші ондай емес… Егер оны танкіде жаралы етсе, оны люк арқылы шығаруға тура келеді. Ал сенің ондай денелі жігітті суырып алып шығуға әсте шамаң келе ме? Сен танкішілердің баршасы бірдей еңгезердей болатынын білесің ғой. Танкіге кіреріңде оған оқ жаудырып жатады, жарықшақтар ұшады. Ал сен танкінің жануы дегенді көз алдыңа елестете аласың ба?

– Сонда мен не, өзге комсомолкалар сияқты емеспін бе? – деймін жылауға шақ қалып.

– Сен, әрине, комсомолкасың. Бірақ өте кішкентайсың…

Сөйтіп менің сандружинниктер курсында оқыған және мектепте бірге болған құрбыларымды алды – олар бойшаң әрі күштілеу болатын. Олар кетіп барады, мен болсам қалып қойдым – соған қатты қынжылдым.

Мен, әрине, ата-анама ештеңе деп тіс жарғаным жоқ. Шығарып салуға келіп едім, қыздар мені аяп кетті де, қораптағы брезенттің астына жасырып қойды. Ашық полуторкада бара жаттық, бәріміз әртүрлі орамал тартып алыппыз – қара, көк, қызыл түсті! Шура Киселева тіпті гитарасын ала шығыпты. Жүріп келеміз, ендігі окоптар да көріне бастады, солдаттар бізді көріп қалып, айғайлап жатыр: «Әртістер келді! Әртістер келді!» Тіпті қатты қорланып қалдық, біз майданға соғысуға келдік, ал мұндағылар «Әртістер» дейді.

Штабқа келдік, капитан қатар түзеп тұруға команда берді. Бәріміз шықтық, мен ең соңғысы болдым. Қыздардың қолдарында оны-мұны түйіншектері бар, ал мен болсам, жадағаймын. Ойда жоқта келіп жеткендіктен қолымда дәнеңе жоқ. Басымда орамалдың орнына анамның кофтасы оралған. Шура маған өзінің гитарасын ұсынып жатыр: «Сен енді дымсыз қалай тұрмақсың?..»

Штаб бастығы бері шықты, ал капитан оған баяндап жатыр:

– Жолдас подполковник! Сіздің құзырыңызға қызмет етуге он екі қыз келіп тұр.

Анау бір шолып өтті де:

– Мына жерде он екі емес, тура он үш қыз тұр ғой, – деді.

– Жоқ, жолдас подполковник, он екі, – деді капитан сенімді түрде. Ал бері бұрылғанда, мені аңғарып қалды да, бірден: – Ал сен қайдан пайда бола кеттің? – деді.

Мен оған:

– Соғысуға келдім, жолдас капитан, – деймін.

– Қане бері жақында!

– Мен құрбыммен бірге келген едім…

– Құрбыңмен бірге биге барған жарасады. Ал мұнда соғыс жүріп жатыр… Қане, бері жақында.

Мен басыма мамамның кофтасы оралған күйімде оларға тақалдым. Сандружинниктің куәлігін көрсетіп, өтініп жатырмын:

– Ағатай, сіз күманданбаңыз, мен әлдімін, мен медбике боп істегенмін, қан да тапсырғанмын… Тек сіздер мені алыңыздаршы…

Олар менің барлық құжаттарымды сүзіп шықты, ал подполковник бұйрық берді:

– Қайтарыңдар, үйіне! Бірінші кездескен мәшинемен!

Алайда мәшина келгенше, мені медсанвзводқа уақытша жұмысқа қойды. Бітіретін шаруам, дәкеден анжылар жасау. Егер әлдебір мәшине штабқа жақындаса, орманға қашып кетемін. Бір ме, екі сағат па, күтіп отырамын, мәшине кеткен кезде ораламын…

Осымен біздің батальон шайқасқа шыққанша үш күн өтті... Отыз екінші танк бригадасының бірінші батальоны… Елдің бәрі ұрысқа кірді, ал мен болсам, жаралыларға жеркепе қазуға кірістім. Жарты сағаттың мұғдарында жарақаттанғандарды әкеле бастады… Қаза тапқандар да бар… Танкішілердің жарасы қандай болушы еді? Қолдары, аяқтары жоқ, тіпті бастары да жоқ, иә, бастары жоқтар жиі кездесетін. Сол шайқаста арамыздағы бір қыз қаза тапты. Ал мен жайында ұмытып та кетті, ендігі көздері үйреніп кетті білем. Әйтеуір, бастықтар еске алмайтын болды…

Енді не істейміз? Енді әскери форма киуім керек. Біздің баршамызға зат салатын қапшықтар таратты, оларға әрқайсымыз өз боқшаларымызды салып алуымыз қажет. Ал әлгі қапшықтар жап-жаңа еді. Мен оның бауларын кесіп тастап, төменгі жағын сөгіп жібердім де, үстіме киіп алдым. Әскери юбка болды да шықты… Тағы бір жерден пәлендей қажи қоймаған гимнастерка тауып алып, беліме белбеу тақтым да, қыздардың алдында көлбеңдеп, сәнқойланып мақтанайын деп жатқам, осы кезде жеркепемізге старшина мен командир жетіп келді.

Старшина:

– Смир-рно! – деп айғай салды.

Одан подполковник кірді, старшина оған баяндап жатыр:

– Жолдас подполковник, сөз сөйлеуге рұқсат етіңіз! Қыздар оғаш оқиғаға ұрынды. Мен оларға нәрсе салатын қапшықтар беріп едім, олар заттарын салудың орнына, өздері киім етіп киіп алды.

Осы кезде бөлім командирі мені танып қойсын:

– Е, сен ана «қашқын қоян» ба едің?! Ал, старшина, қайтесің енді, қыздарды киіндіру қажет.

Бірақ мен қайтатын мәшине жайлы ешкім ештеңе деген жоқ. Бәрімізге жаңадан киім берді. Әдетте танкішілердің тізелерінде жапсырмалары бар брезент шалбарлары болатын, ал бізге жұқалаң, шыттан тігілген комбинезондар кигізді. Жер болса, металмен мидай араласқан, оларға қоса тастар да бірге қопарылады, – біз тағы да кигеніміз дал-дал болып жүргеніміз, өйткені мәшинеде отырмаймыз, жер бауырлап еңбектейміз. Танкілер жиі өртенетін. Танкіші тірі қалған күнде де, түгелдей күйіп қалатын. Біз де күйетінбіз, неге десеңіз, жанып жатқан адамды құтқару үшін өзің де оттың қойнына кіресің. Әсіресе адамды люктен алып шығу, башнядағы атқышты құтқару – қияметтің қайымы.

…Біз майданға оқымаған күйде келдік, кімнің қандай әскери атақта екендігін түсінбейтінбіз, ал старшина бізді ылғи үйретіп, біздің нағыз солдаттар екенімізді нығарлай айтып, дәйім ширақ жүруімізді, шинельдерімізді түймелеп алуымызды қадағалайтын.

Тек солдаттар біздің жап-жас қыздар екендігімізді көрген соң, қатты әжуәлайтын. Бірде мені медсанвзводтан шай әкелуге жұмсады. Мен аспазға келдім. Ол маған қарап тұр:

– Жай келдің бе?

Мен:

– Шай-ға кел-дім… – деймін.

– Шай әзірге дайын емес.

– Неге?

– Аспаздар қазандарда жуынып жатыр. Жуынып болған соң, шай қайнатамыз…

Мен мұның бәріне кәдуескі сендім де, шелектерімді алып, кейін қайттым. Жолда дәрігерге киліктім:

– Ау, сенің бос қайтпағың не?

Мен:

– Аспаздар қазандарда жуынып жатыр. Шай әзірге дайын емес, – дедім.

Ол басын қапсыра ұстай алды:

– Қандай аспаздар қазандарда жуынып жатыр?..

Қайта бардық, дәрігер әлгі қалжақ айтқан аспаздың сыбағасын берді, ал маған екі шелек шай құйып берді.

Шайды әкеле жатырмын, кенет қарсы алдымнан саяси бөлімнің бастығы мен бригаданың командирі кезікті. Осы мезетте менің ойыма қатардағы жауынгер екендігім, кездескен әскерилердің баршасына сәлем беруге тиісті екендігімді айтып үйреткендері түсе кетті. Ал мыналар екеу екен. Мен екеуіне бірдей қалай сәлем беруім керектігін ойлап келем. Қатарласа бердік, мен шелектерді жерге қойдым да, екі қолымды да күнқағарыма апарып, екеуіне кезекпен иіліп сәлем бердім. Олар әу дегенде мені байқаған жоқ, бірақ кейін аңғарып қалып, сілейді де қалды:

– Саған бұлайша честь беруді кім үйретті?

– Старшина үйреткен, ол әрқайсыңызға жеке-жеке сәлем беру керек деген. Ал сіздер екеуіңіз бірге келе жатырсыздар…

Біздер, қыздар үшін армияда бәрі күрделі болды. Әсіресе әскерилерлің айырым белгілерін үйрену қиынға соқты. Біз келген бетте ромбиктер, кубиктер, шпалдар болатын, ал енді кімнің кім екенін айырып көр. Мәселен, мына пакетті капитанға табыс ет дейді. Оны қалай түстейміз? Жеткеніңше, «капитан» деген сөзді де ұмытып қаласың. Келемін:

– Ағатай-ағатай, маған бір ағатай мынаны апарып бер деді…

– Қайдағы ағатай тағы?

– Көк шалбар және жасыл гимнастерка киген…

Мынау лейтенант па, әлде капитан ба, онысын зердеңде ұстамайсың, есте қалатыны басқа дүниелер: бәденді әлде көріксіз, тәштек, әлде ұзынтұра ма дейсің… «Е, ана, биік бойлы ма!» – деп еске түсіресің.

Әрине, мен өртенген комбинезондарды, күйген аяқ-қолдарды, бет-ауыздарды көргенімде барып, соғыстың не екенін түсіндім. Танкішілер жалынға оранған мәшинелерден секіріп жатады, оның үстіне аяқ-қолдарды сынып та қалады. Бұлар өте ауыр жарақат алғандарға жататын. Әне ол жантәсілім бергелі жатыр, сонда да өтінішін қоса айтады: міне мен өлгелі жатырмын, бар сұрарым менің анама, менің әйеліме жазып жіберші дейді… Бұл дегеніңіз қорқыныштың ар жағындағы қиямет сезім.

Ал танкішілер қиралаңдаған аяқтарыммен қоса менің өзімді Кировоградчинадағы Желтое селосына алып келгенде, медсанвзвод орналасқан үйшіктің иесі жылап қоя берсін:

– Апырай, не деген жап-жас бозбала мынау!..

Танкішілер күліп жатыр:

– Бабка, қайдағы бозбала, қыз бала ғой бұл!

Әлгі әйел үстімнен төніп келіп, шұқшия қарайды:

– Қайдағы қыз бала? Қайдағы қыз бала? Жап-жас бозбала ғой бұл…

Менің шашым қысқа қиылған, комбинезон мен танкошлем киген күйімде – бозбаладан аумайтынмын расында… Әлгі әйел маған өзі жатқан аспа тақтай төсегін ұсынды, мен тезірек тұрсын дап, торайын да шалып тастады. Арасында аяп қояды:

– Тап бір мұжықтар жетпейтіндей, мынадай бүлдіршін қыздарды жинағандары несі… қыз балаларды…

Мен он сегіз жасымда Курск иінінде «Әскери қызметі үшін» медалімен және Қызыл Жұлдыз орденімен, он тоғызымда – екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталдым.. Бөлімді толықтыруға келгенде – әрине, олар да мен сияқты жастар болатын – наградаларыма таң қалатын. Кейбіреулері кекете: «Сен мына медальдарыңды қандай ерлігің үшін алдың? Ал өзің ұрыс даласында болып па едің?» деп сауал қоятын. Немесе қақпақылға салатын: «Ал оқ дегеніңіз танкінің бронін бұзып өте ме?»

Мен ұрыс даласында сондайлардың бірінің жарасын таңдым, әрлі-берлі оқ жауып жатыр, әлгінің фамилиясы есімде қалып қойыпты – Щеголеватых еді. Оның бір аяғына шина салып жатқанымда, ол менен кешірім сұрады:

– Қарындасым, ғафу етші, мен сені өткен жолы ренжітіп алып едім …

Біз сол кезде махаббат жайлы не білуші едім? Әлдене болса, онымыз мектептік махаббат болатын, ал ондағы сезімдер тек балалыққа ғана тән ғой. Біздің бірде қоршауда қалғанымыз есіме түсті... Жау жан-жақтан сығымдап, қысып келеді. Бір шешімге келдік: не түнде бұзып шығамыз, не жер жастанамыз... Білмеймін, мұны сізге айтуым керек пе, жоқ па?..

Отырмыз, не болғанда да қоршауды бұзып шығуға түнді тостық, комбат қатты жарақат алған соң, командирдің міндетін уақытша атқаруды лейтенант Миша Т. өзіне алған еді – ол да жап-жас, шамамен он тоғызда ғана… Міне, сол маған былай деді:

– Сен ауыз тиіп пе едің?

– Нені? – Бір жағынан қарным қатты ашып отыр.

– Нені емес, кімді… Бабаны!

Соғысқа дейін сондай бір пирожныйлар болатын.

– Жо-о-оқ…

– Мына мен де дәмін татқаным жоқ. Енді өлесің де, махаббаттың не екенін сезбей де кетесің… Ал түнде біз қаза табамыз…

– Өй, не оттап отырсың, ақымақ! – Мен оның нені меңзеп отырғанын сонда ғана бажайладым.

Иә, ең қорқыныштысы сені өлтіретіндігінде емес, өмірдің не екенінен ештеңе түйсінбей қаза табатындығыңда еді. Осынысы ғаламат қорқынышты болатын. Біз тіршілік үшін басымызды ажалға тігіп бардық, сонда өмірдің не екенін әлі түсінбейтінбіз».

Сөйдеді де, ең ауыр, ең азапты жағдайға және оралды:

«…Танк бөлімдеріндегі санинструкторлар жылдам қайтыс болатын. Өйткені біз үшін танкіде орын қарастырылмаған, броньнің жоғарғы жағына жабысатынбыз, тек аяқтарымызды шынжыртабан орап алып кетпесе екен деп тілейтінбіз. Әрі алда, қай жерде танкінің жанып жатқанын байқастау керек… Солай қарай жүгіру әйтпесе еңбектеу қажет… Майданға біз бес құрбы қыз бірге барып едік: Люба Ясинская, Шура Киселева, Тоня Бобкова, Зина Латыш және мен. Танкішілер бізді Конаковтың қыздары деп атайтын. Менен басқасының бәрі де ажал құшты…

Люба Ясинская қаза болатын шайқастың алдында, біз екеуміз құшақтасқан күйі көп әңгімелестік. Бұл қырық үшінші жыл еді. Біздің дивизиямыз Днепрге тақап келді. Кенет құрбым маған былай деді: «Сен білесің бе, мен осы ұрыста жер жастанам… Менде алдын ала сезінетін әлдебір түйсік бар. Старшинаға барып, жаңа ішкиім сұрап едім, ол: «Сен жақында ғана алып едің ғой» деп сараңдық білдірді. Енді таңертең екеулеп сұрап көрейікші». Мен оны жұбатып жатырмын: «Біз бірге соғысқалы екі жыл болды, ендігі оқтар да бізден қаймығады» деймін.

Бірақ ол ертесіне таңертең мені старшинаға бірге баруға көндірді, одан бір пар ішкі киім сұрап алдық-ау. Сол жаңа ішкі көйлегі... түгелдей қанға бөккен… Сол ақ пен қызыл түстің қауышқан түрі әлі күнге менің көз алдымда… Ол да өзін осылай көз алдына әкеліп еді…

Біз оны төрт адам плащ-палаткаға салып әкеле жаттық, ол тым ауырлап кеткендей әсер берді. Сол шайқаста біздің көп жігіттер опат болды, бәрін де жер қойнына бердік, жоғары жағына Любаны жатқыздық. Оның ендігі жоқ екендігін, қаза тапқандығын мен ұқпай-ақ қойдым! Өзінен әлдебір бұйымын ескерткішке алсам ба деп едім. Қолында алтын ба, әлде жай темір ме, аңғармадым, жүзігі бар екен – сонысын алдым. Жігіттер ұрысты: алма, оның жаман ырым болады десті. Енді өліктермен қоштасқан сәтте, әрқайсымыз әдет-ғұрып бойынша бір-бір уыс топырақ тастаймыз ғой, мен де сөйттім. Сол кезде әлгі жүзік саусағымнан сусып кетті де, қабірге түсті, Любаға жетті… Мен сол кезде оның осынау жүзікті керемет жақсы көргенін есіме түсірдім… Олардың отбасынан аттанған әкелері соғысқа бастан-аяқ қатысып, аман-есен оралды. Бауыры да қайтып келді. Ал Люба қаза тапты…

Біздің ішіміздегі ең көріктіміз Шура Киселева жанып кетті. Ол ауыр жарақаттанғандарды сабанның үйінділеріне тыққыштап жасырған болатын. Шураның өзі аман құтыла алар еді, бірақ ол үшін жаралыларды тастап кете алмады… Алас-күлес атыс басталып, сабан жанғанда ішіндегілер жарақаттан қозғала алмай жатты, ақыры Шура да солармен бірге жанып кетті…

Мен Тоня Бобкованың қалай қаза тапқандығының жай-жапсарын тек жақында ғана білдім. Ол минаның жарықшағынан сүйікті адамын сақтап қалған. Жарықшақтар жарылып жатыр – бұл секундтың әлдебір бөлігі ғана… Сонда ол қалай үлгерген? Ол лейтенант Петя Бойчевскийді құтқарып қалды – Тоня сол жігітті сүюші еді. Жігіт болса ғұмырын әрі жалғастырды.

Арада отыз жыл өткен соң Петя Бойчевский Краснодардан арнайы келіп, мені майдандастардың кездесуінен тауып алып, бар жағдайды баян етті. Ол Тоняның зиратынан бір уыс топырақ алып, кейін маған былай деп жазды: «Менің екі анам бар – бірі маған өмір сыйлады, ал екіншісі – мені өлімнен құтқарған Тоня...»

Біз бір мектептен майданға бес қыз аттанып едік, солардан мен ғана анама тірі оралдым. Мен неге оралдым? Құрбыларым қаза тапты, ал мен қайтып келдім… Әне, бәрінің суреттері ілулі тұр…

Көп жүріп-тұрамын, майдандастарым жайлы сыр шертемін… Қолыма қалам алып, жазамын да… Ұлым: «Сен ылғи сүрініп-қабынасың да жүресің» дейді. Мен бір де бір кездесуді қалт жіберген емеспін. Сырқат болсам да, кирелеңдеп жүріп, жетіп жығыламын… Мен осылайша ғұмыр кешемін… Бір жүздесуден екіншісіне дейін…»

Деді де, кенет Нина Яковлевна өлеңге ауысып кетті:

Иә, біздің ғұмырда не болмады,

Бұл көңіл не көрмеді, не шолмады?

Қаруласты қағып қалып ажалдан

Сүйретсем ғой жалын деген тажалдан

– Өлеңдарді жақсы көремін, – деп мойындайды қысылған райда. – Мен өлеңді майданда жүргенде де жазатынмын, қазір де сөйтем. Қыздар ұнатушы еді…»

Иә, бұл да қызық жағдай. Рас, олардың көбі соғыста өлең жазған. Енді бұл күнде ыждаһатпен хат жазысып тұрады, олары отбасылық мұрағаттарда сақталған – олпы-солпы асығыс жазылған, бірақ ыстық сезімге толы дүниелер, мен оларды қаузап танысқан кезде құжатқа деген ықыласым нығая түсті. Осынау қағаздардан мен уақыт лебін сезінемін, сол кездегі ұрпақты көремін.

Алайда Нины Яковлевнаның айтар әңгімесі әлі таусыла қойған жоқ:

«Осыдан он жыл бұрын Ваня Поздняковты іздеп таптым. Біз оны қаза тапты деп ойлаушы едік, сөйтсек тірі екен. Ол командир болған танк Прохоровканың түбінде немістің екі танкісін жайратты, бірақ онікі де жанып кетті. Экипаж қаза тапты, тек Ваня ғана тірі қалды – күллі денесі өртенген, жанарынан айрылған. Біз оны госпитальға жөнелттік, «әй, осы өлетін шығар» деп түйіп едік. Мен оны отыз жылдан кейін таптым. Есімде, басқышпен көтеріліп келем, аяқтарым шалыныса береді: ол ма, әлде басқа ма? Есікті өзі ашты, қолдарымен мені сипалап, ақыры таныды: «Нинка, сенбісің? Нинка, сенбісің?» дейді. Байқайсыз ба, қаншама жыл өтсе де, жазбай таныды.

Анасы әбден кәртайып қалған екен. Ваня шешесімен тұрады екен, ол үстел басына отырғанда жылап қоя берді. Мен:

– Сіз несіне жылайсыз? Полктастардың кездескеніне қуану керек, – деймін.

Ол айтады:

– Менің үш ұлым соғысқа кетті. Екеуі қаза тапты, тек Ваня ғана тірі оралды.

Ал Ваня суқараңғы, екі көзі де көрмейді…

Мен оған сауал қойдым:

– Ваня, сенің соңғы көргенің Прохоровка жазығы, танкілер шайқасы… Сол күн жайлы нені есіңе аласың?

Сіз білесіз бе, сонда ол былай деп жауап қайтарды:

– Экипаж командасына жанып жатқан танкіні тастап шығуға ертерек бұйрық бергеніме өкінемін. Жігіттер бәрібір қаза тапты ғой. Әйтпегенде біз және бір неміс танкісін жояр едік…

Міне, оның осы уақытқа дейін өкінетін жалғыз дүниесі…»

Біздің Нина Яковлевнамен ендігі кездесуім хат жүзінде жалғасты. Магнитофон таспасындағы оның әңгімесін түсіріп алып, мен, уағда еткенімдей, оған бір данасын жібердім. Бірер аптадан кейін Мәскеуден салмағы едәуір заказды бандероль келіп жетті. Ашсам: гәзит қиындылары, мақалалар, соғыс ардагері Нина Яковлевна Вишневская жүргізіп жатқан әскери-патриоттық тәрбиесі туралы ресми есеп берулер. Мен жіберген соңғы материалым да қайтарылыпты, бірақ тұла бойын айқұш-ұйқыш сызғыштап тастапты, қазандарға шомылатын аспаздар жайлы күлкілі жолдар да, тіпті ешкімнің қытығына тимейтін – «Ағатай, ағатай, маған ана ағатай сізге мынаны апарып бер...» деген жолдар да жұлынып алынған. Ал лейтенант Миша Т. туралы әңгіменің жанында «ашулы» үш сұрақ белгісі бірдей бадырайып тұр.

Мен кейін мұндаймен – бір адамға сыйған екі ақиқатпен сан рет кездестім. Егер пәтерде, мәселен, әңгіме айтушыдан өзге туыстар, әйтпесе таныстар мен туыстардан басқа адамдар болса, ол екеуіміз оңаша отырғаннан гөрі шамалы сенімсіздеу және ықтиятсыздау сөйлейтін. Тіпті мынадай заңдылық та орныққандай болды: тыңдаушылар көп болған сайын, айтар әңгімесі кебірлеу, қызықсыздау болып шығатын. Нина Яковлевна да сөйтетін: бір соғыс жайлы – «қызым ретінде өзіңе, біздей титтей қыздардың басынан не өткенін айтып отырмын» десе, екіншісі үлкен аудиторияға арналатын – «өзгелер айтқандай және гәзеттерде жазылғандай…» деп бастайтын.

Мен Нина Яковлевнаның осы хатын оқи отырып, онымен асүйде шай ішкеніміз есіме түсті. Ол әңгімесін айтып отырды. Екеуміз де жылап отырдық...

«БІЗДІҢ ҮЙДЕ ЕКІ БІРДЕЙ СОҒЫСТЫҢ БЕЙНЕСІ БАР...»

Минскідегі Каховская көшесіндегі кішкентай ғана үй. Мен есікті ашқан бетте «Біздің үйде екі бірдей соғыстың бейнесі бар» дейді маған. Бірінші статьядағы старшина Ольга Васильевна Подвышенская Балтикадағы теңіз бөлімшесінде соғысқан. Оның күйеуі Саул Генрихович жаяу әскерде сержант болған.

Саул Генрихович екеуіміз жанұялық альбомды аударыстырып отырмыз. Бұл кезде Ольга Васильевна телефон арқылы қызымен сөйлесіп жатты.

– Кешкілік нұсқаунама жүргізіп жатыр, – деп күледі Саул Генрихович.

Шынылы есіктен естіліп тұр:

– Жөтеледі дейсің бе? Ал кеше менде күні бойы болғанда бір де өйткен жоқ. Оған құлпынайдан жасалған тосап салып, ыстық шай бер де, мойынын менің бөкебайыммен орап таста...

Әжесінің бөкебайы, әрине, деген емнің өзі ғой.

– Мынау расымен мен бе? – дейді де, телефондағы әңгімесін бітіріп, Ольга Васильевна бізге келіп, матрос формасында, әскери наградаларымен түскен суретін қолына алып. – Осы суреттерге қаншама үңілсем де, соншалықты таңғала беремін. Саул оны немеремізге көрсетті, онда ол бес жаста ғана болатын. Ол менен: «Әже, сен әуелі ұл бала болғансың ба?» деп сұрады. Байқайсыз ба?.. – және сол сәтте мұңайып қалды. – Ал біз сол кезде немерелерімізді көргенше ғұмыр кешеміз деп ойлаппыз ба? Өткен жылы бір кездесуге бардық – қарасақ, біздің қатарымыздың бәрі әжелер мен аталарға айналыпты. Әжелер мен аталардың тұтастай батальоны... Байқайсыз ба?..

Осынау «Байқайсыз ба?» дегенді қайталайды да отырады. Шамасы, ұнататын сөзі болуға керек. Әрі осы қыз қылықты күлегеш, қип етсе сыңғырлай жөнелетін бейнесіне қарап, осы кісі сонау қырық бірінші жылы қандай болды екен дегенді көз алдыңа әкелгің келеді...

– Ольга Васильевна, сіз майданға бірден кеттіңіз бе?

– Жоқ, мен әуелі эвакуацияға бардым. Жол бойы біз мінген составты немістер бомбылаумен болды, ұшақтары жер бауырлап ұшты. Менің есімде өңкей қара шинель киген қолөнер училищесінің бір топ оқушылары атып-атып шыққандары қалып қойыпты. Бұл дегеніңіз нағыз нысананың өзі ғой! Олардың бәрін қырды да тастады. Ұшақтар жерді сүзіп ұшты... Тап бір оларды атқылап және санағандай сезімде болдық... Байқайсыз ба?..

Біз зауытта жұмыс істедік, онда тамақ беретін, жағдайымыз жаман болған жоқ, бірақ жүрегіміз жұлқынып тұрды... Қырық екінші жылдың маусымында повестка алдым. Бізді, отыз қызды Ладога арқылы ашық баржаларда, жауып тұрған оқтың астында қоршауда жатқан Ленинградқа жеткізді. Ленинградтағы бірінші күн есімде қалыпты – ақ түн мен қара киім киген теңізшілер... Ширыққан жағдай сезіліп тұрады, ешқандай қарапайым халық көрінбейді, тек прожекторлар аспанды айқұш-ұйқыш сызғылайды және азамат соғысы кезіндегідей белдеріне лента тағып, жіті жүріп келе жатқан матростар. Тура кинодан алынған сияқты. Байқайсыз ба?..

Қала жан-жақтан қоршалған. Соғыс өте жақын тұр. Үшінші нөмірлі трамваймен Киров зауытына ғана жете аласыз, ал одан әрі майдан басталады. Күн ашық болса болды, артиллериядан атқылай бастайтын. Және тура нысаналап ататын, ұрғыштайтын, ұрғыштайтын, ұрғыштайтын да жататын... Үлкен кемелер пирста тұратын, оларды, әрине, бүркемелеп қоятын, сонда да бомбылаудан аман қала қоймайтын. Біз түтінмен бүркемелеушілер болып шықтық. Түтінмен бүркемелеушілердің Жеке отряды құрылды, оны торпедалық катерлар дивизионының бұрынғы командирі капитан-лейтенант Александр Николаевич Богданов басқарды. Қыздардың дені орта техникалық білімі барлар немесе институттың алғашқы курстарынан келгендер еді. Біздің міндетіміз – кемелерді түтінмен бүркемелеп, аман алып қалу. Атыс басталғанда, теңізшілер: «Қыздар, тезірек түтінді ілсе екен. Сонда ғана көңілің тыншиды», – дейтін. Арнайы қоспа салған мәшинелермен шығатынбыз, оған дейін бомбапаналарда жасырынатынбыз. Біз, былайша айтқанда, оқ пен отты өзімізге шақыратынбыз. Өйткені немістер әлгі түтін бүркемелерін бомбылайды ғой...

Біздің тамағымыз, біле-білсеңіз, қоршаудағыдай болатын, бірақ біз соған көндіктік... Енді, алдымен жастықтың қызуы шығар, бұл әрине маңызды, ал екіншіден біздер ленинградтықтардың өздеріне таң қалатынбыз. Бізде қайта тамақтан бірдеңелер бар ғой, ал ондағы адамдар келе жатып құлай салатын. Бізге бірнеше бала жетіп жығылды, ал біз оларды өзіміздің болар-болмас паектарымыздан бөліп беретінбіз. Олар балақайлар емес, әлдебір титтей кәртәң адамдар болып көрінетін. Бірақ біз шыдап бақтық. Еркектерден қалыспай еңбек еттік. Қыста, Ленинград отынсыз қалғанда, бізді қаланың әзірге сақталып қалған ағаш үйлерін қиратуға жіберетін. Ең қиын сәті – үйге жақындап келу... Әжептәуір үй сияқты, бірақ ондағы адамдар не өліп, не кетіп қалған, енді соны қирату керек. Сонда жарты сағат бойына ешқайсымыз да қолымыздағы ломды көтере алмай сілейіп тұрдық. Тек командир келіп, ломын шанышқанда, біз де қимылдай бастайтынбыз.

Ағаш дайындауда да болдық, оқ-дәрі салған жәшіктерді сүйреледік. Есімде, бір жәшікті әкеле жатқанымда, жарылды да кетті... Бұл бір жағы, ал екіншісі – біздерге, әйелдерге деген қиындығы айтуға келмейді. Мәселен, мынадай жағдаят. Мен кейін бөлімше командирі болдым. Ондағылардың бәрі жас бозбалалар еді. Біз ұзақты күні катерде жүзетінбіз. Катер болса, кішкентай ғана, әжетханасы жоқ. Ұлдар борттың сыртына қарай жібере салатын, сонымен бітетін. Ал мен не істеймін? Бір-екі рет шыдап бақтым, одан шыдамым таусылып, борттан секіріп кетіп, жүзе бастадым. Олар: «Старшина борттан секіріп кетті!» деп айғайлап жатады. Сүйреп катерге шығарады. Міне, тірліктің ұсақ-түйек шаруасының түрі. Ал қару-жарақтың салмағына келіңіз? Әйел үшін бұл да өте ауыр еді. Бізге әуелде винтовка таратты, ал олары өзімізден биік болатын. Қыздар келе жатады, ал найзалары үстімізде жарты метр жоғары тұратын. Байқайсыз ба?..

Еркекке қиын жағдайдың барлығына ыңғайлану оңайлау тиетін. Ал біз үйді сағындық, анамызды және жайлылықты қатты сағындық. Бізде бір мәскеулік Наташка Жилина деген қыз болды, оны «Ерлігі үшін» медалімен наградтап, марапат ретінде үйіне бірнеше күнге барып келуге босатты. Ал ол қайтып оралғанда, біз тұра қалып, оны жан-жақтан иіскелеуге кірістік, тіпті кезекке тұрдық десе де болады, ол үйдің иісін ала келіпті десістік. Үйімізді сағынғанымыз сондай...

Қолымыз босағандай бірер минут уақытымыз болса, әлденені кестелеп, орамалдар жасайтынбыз, бізге шұлғау берсе, одан мойын орағыш жасап, жан-жағын тоқып аламыз. Әйтеуір әйелге тән бірдеңелер істегіміз келетін. Міне, соған да қолымыз жете бермейтін. Қолыңа ине алып, бірдеңені тігейін десең, әйтпесе өзіңді әлдебір табиғи бейнеңе енуге сылтау іздейсің.

Маған біз соғыста «тас тәрізді сіресіп қалғандай» көрінетінбіз, ешкім де кәдімгідей күлмейтін, қуанбайтын. Жоқ, біз әрине, күліп те, қуанысып та жүрдік, бірақ онымыз соғысқа дейінгіге еш ұқсамайтын. Соғыс қаншалықты созылса да, адам ерекше бір жағдайда болады, әрі одан босап шыға да алмайтын сияқтысың. Байқайсыз ба?..

Міне, осы «Байқайсыз ба?..» деген сөз оқыстан алдыңнан шыға келеді. бірақ ол сөз маған менің бұл үйге неге келгенімді ойыма салғандай. Магнитофон ауыздан шыққан сөздерді жазып алады, ырғақты қалдырады, бірақ көздің, бет-бейненің, қолдардың қалай қозғалғанын, абыржығанын «жазып алуы» керек қой. Ольга Васильевнаның үстіне киген қыздарға арнап тігілген бұршақ суретті галстугы бар кеудешесі, сондай-ақ сезімге берілген Саул Генриховичтің толғанғанда өзіне тар орындыққа сыймай, диванға ауысқанда, онда кең иықты денесі ауыр күйінде мүсіншеден аумайтын. Титтей ғана әйелімен қатар отырғанда біршама ұлғайып көрінетіні есіңде қалады. Оларға қарап отырып, екеуінің де соғыста болғанын көз алдыңа әкелу тіпті қиынға соғады.

Бірақ олар сонда болған.

– Сөйтіп біз майданды өткердік, – дейді Саул Генрихович, – бірақ бізде екі соғыс орын алған сияқты... Біз еске ала бастаймыз, сонда мен оның өз соғысын, ал мен – өз соғысымды зердемде сақтағанымды сезінемін. Оның сізге үйі жайлы айтқаны, еліне барып қайтқан қызлды кезекке тұра қалып иіскелегендіктері жайлы жағдаят менің басымнан да өткен сияқты болып көрінеді. Алайда бұл жағы менің зердемде жоқ... Айтқандай, ол сізге күнқағарсыз баскиім туралы әлі айтқан жоқ. Оля, сен қалайша ұмытып қалдың?

– Ұмытқан жоқпын, – деп, Ольга Васильевна кенет ширыға қалды. – Айтуға қиын... Түннің бір уағына дейін шабуылдадық. Таңертең шықсам, Теңіз каналында күнқағарсыз баскиімдер ғана жүзіп жүр екен... Біздің адамдарды бір тұста Неваға тықсырып тастаған еді. Мен қанша қарасам да, соншалықты күнқағарсыз баскиімдер жүзіп жатты.

– Мен оның әңгімелерінен, қазірше айтқанда, немерелеріме айтуға көбісін «отап» тастадым. Оларға өзімнің емес, әйелімнің соғысы жайлы айтамын. Менің байқағаным, ол сонысымен қызықтылау тәрізді, – деп мойындайды Саул Генрихович. – Менде нақты әскери білім жоғары болды, ал оның сезімі әлдеқайда биікте еді... Ал сезім дегеніңіз қашанда биік тұрады. Бізде, жаяу әскерде де қыздар болды. Солардың бірі арамызда пайда болса, біз жинақылана қалатынбыз. Сіз мұны көз алдыңызға елестете алмайсыз... – Ізінше: – Мен де бұл сөзді одан іліп алдым. Соғыстағы әйелдің күлкісінің, әйелдің көзқарасының қаншалықты әсерлі екендігін көз алдыңызға елестете алмайсыз!

Майданда махаббатқа орын болды ма? Болды! Біздің онда жолықтырған қыздарымыз ғажайып әйелдер, айнымас құрбылар болып шықты. Соғыста үйленгендер нағыз бақытты адамдар, нағыз бақытты жұбайлар болатын. Міне, біз де бір-бірімізді майданда жолықтырдық. Басқа жағдаяттың да болғанын жасырмаймын, себебі соғыс ұзаққа созылды. Бірақ мен есіме таза да жарқын сезімдерді көп сақтадым... Ал анау, жариялауға тұрмайтын дүние. Біз бұл жайында өзіміз де мойындай алмай қиналамыз... Біздің бар қыздарымыздың жеке тағдырлары сәтті болмады. Көбісі тұрмысқа ойдағыдай шыға алмады. Неге дейсіз бе? Олардың соғысты көрген аналары қыздарын майдандағыдай, сондағы мораль бойынша тәрбиеледі. Соғыстағы еркектің қандай екендігі көзге бірден түсетін. Және олардың қосақтары тірлікте олардың үйлеріндегіден өзгеше болуы мүмкін екендігін білмейтін. Оларды өмірде кездесетін зымияндық жайлы ескертпеген-ді. Сөйтіп, осынау қыздар тұрмысқа шыққанда сұрқиялардың қолына оңай түсетін, оларға алдау деген түкке тұрмайтын. Біздің майдандас достарымыздың көптеген қыз балалары осындай кепке килікті. Өз қызымыз да сөйтті...

– Неге екенін білмеймін, біз балаларымызға соғыс жайлы әңгіме айтпайтынбыз, – деп ойға батты Ольга Васильевна. – Мен тіпті ордендерімді де тақпайтынмын. Оларды бір ретте жұлып тастап, кейін тақпай қойған жағдайым да болған. Мен нан зауытының директоры болып істедім. Бір кеңеске келдім, үлкен бастығымыз – ол да әйел еді, менің колодкаларымды көріп, елдің көзінше бұларыңды неменеге тақтың, өзіңді биік етіп көрсетейін деп пе едің деп келемеждеді. Өзінің бейбіт кезде алған ордені бар-ды, сонысын тағып шығыпты, ал менің әскери наградаларым, неге екенін білмеймін, оған ұнамай қалыпты. Сонсоң екеуміз жеке қалғанда, мен оған айтарымды теңізшілерше айтып салдым, ол қысылып та қалды, бірақ бұдан былай менің де наградаларды тағып жүргім келмеді. Қазір де тақпаймын. Бірақ майданда болғанымды мақтан етемін, ол – менің еңбегім. Бірақ соғыстан кейін майдангер әйелдер жайлы әңгіме бірден қозғалмады. Немереміз біз жайлы бәрін де біледі, ол қызықтап сұрайды, біз оған баяндаймыз, оларға мектепте осы тақырыпта шығарма жаздыртады екен. Ал өз балаларымызға айтпадық, олар да қинаған жоқ...

Біз, майдангерлер «Правда» газетінде жалғыз қалған, өз өмірлерін орнықтыра алмаған және осы уақытқа дейін пәтерлері жоқ соғысқа қатысқан әйелдер бар екендігін, олардың алдында бәріміздің де кінәлі екендігімізді алғашқы болып тайсалмай жазған журналист Вера Ткаченкоға шын жүректен ырзамыз. Сонда ғана майдангер әйелдерге шамалап болса да назар аударыла бастады. Бұл әйелдер қырық пен елудің арасында еді, ал олар жатақханаларда тұратын. Менің құрбым... Оның фамилиясын айтпай-ақ қояйын, өкпелеп жүрер... Ол үш рет жарақат алған болатын. Соғыс біткеннен кейін медициналық институтке барды. Оның туыстарынан ешкім жоқ еді, ол өте күйкі тіршілік кешті, нан табу үшін едендерге дейін жуды. Бірақ, ешкімге мүгедек екендігін айтқысы келмеді, ол күллі құжаттарын жыртып тастады. Мен: «Сен оларды неге жыртып тастадың?» – десем, ол: «Онда мені кім тұрмысқа алар еді?» – дейді. «Е, онда дұрыс істеген екенсің» деймін. Ол болса, жылап отыр: «Енді сол қағаздар керек болып тұр. Қатты ауырып жүрмін...» – дейді.

Жеңістің отыз бес жылдығын мерекелеуге Севастопольге жүз теңізші – барлық флоттардан Ұлы Отан соғысының ардагерлері шақырылды. Солардың ішінде – үш-ақ әйелміз. Олардың екеуі – құрбым және мен едім. Сонда флот адмиралы бүкіл халықтың көзінше рахмет айтып, біздің әрқайсымызға басын иіп, қолымыздан сүйді.

– Ал сіз балаларыңызға соғыс жайлы неге ештеңе демедіңіз?

Ольга Васильевна үндемей қалды. Саул Генрихович жауап қайтарды:

– Біз бәлкім, не істеп, не қойғанымызды саралай алмаған шығармыз. Ондаған жылдардан кейін тіршілік баяғыда бастан өткергенді ой елегінен өткізуге мәжбүрледі. Ал ол кезде оны еске алуға соғыс тым жақын әрі аса қорқынышты болатын. Балаларымызды осынау сұмдықтан көлегейлегіміз келді.

– Ұмытқыларыңыз келді ме?

– Өйткің келсе де, қолдан келмейді. Ольганың әпкесі бар. Ол жетпіс бес жаста, өзі жесір қалған еді. Әрі екі ұлы майданнан оралмады. Бірі гранаттан жарылып өлді, ал екіншісінен жалғыз да соңғы хат келді: «Көңілдіміз, соғысқа кетіп барамыз. Бәрі жақсы». Тек анасы соғыстан кейін ғана анықтама алды: хабар-ошарсыз кетіпті. Ол баласының қай бағытта, қай жерде қалғанын да білмейді. Бауырластар зиратынан табармын деген үмітін үзбейді, ал әзірге Мәңгілік алауға барып-келіп жүреді. Мен солдат болдым ғой, тым елжіреуік емеспін, ал ол есіме түскенде жылап қоя беремін. Сіз болсаңыз – ұмыту жайлы сөз қозғайсыз...

Есіңде ме Оля, Жеңіс Күні біз әбден кәртайған ананы көрдік қой – оның мойнында тура өзіндей дерлік ескі де, кішкене плакат ілулі тұрды, онда: «1942 жылы қоршаудағы Ленинградта хабар-ошарсыз кеткен Томас Владимирович Кульневті іздеп жүрмін» деп жазылыпты. Бет-бейнесінен көрініп тұр, өзі жетпістен бірталай асып кеткен. Сонда қанша жылдан бері іздеп жүр десеңізші? Мен бүгінде соғыс жайлы қашанғы айта беруге болады дейтіндердің бәріне осы суретті көрсетер едім... Сіз болсаңыз – ұмыту жайлы сөз қозғайсыз...

– Ал мен болсам, ұмытқым келді... Ұмытқым келеді... – баяу ғана, тура өзі үшін ғана айтып отырғандай сыбырлай сөйледі Ольга Васильевна.

– Ол ұйқтай алмай қойса, соғысты ойлады дей беріңіз... Мен оның жанында Жеңіс үшін ештеңе де тындырғаным жоқ. Мен – еркекпін, мен міндетті болдым. Ал мұндай соғысқа төтеп берген қыздарды алақанға салып жүру керек. Мұны сізге кез келген майдангер айтады. Қыздарды соғысқа жібермеуге болушы ма еді? Білмедім... Бірақ олар соғысқа барды, ғаламат іс тындырды. Олар біз сияқты керзі етіктер киді, үстеріне зілдей шинельдер ілді, қардың үстінде ұйқтады. Оқтар мен жарылған миналардан жан тапсырып жатты. Есімде қалыпты, Тоғызыншы мамырда Ленин даңғылымен бір әйел келе жатты, үстіндегі әдемі көйлегіне жалғыз-ақ медаль таққан екен. Бірақ ол медаль – «Ерлігі үшін!» деп аталады. Ол сонысынан қысылатын да сияқты. Ал мен болсам, қасына барып құшақтай алғым келді: «Менің қымбаттым, сенің мына медалің үшін жерге дейін басымызды июіміз керек...» Біздің баршамыз оларға қарыздармыз...

Әңгіме айтып отырған мына екі майдангер, соғыстағы суреттеріндегідей менің жадымда бірге сақталады.

«ТЕЛЕФОН ТҰТҚАСЫ ОҚ АТПАЙДЫ…»

– Пирог жейміз. Таңертеңнен бері әзірлеп жатырмын... – Валентина Павловна Чудаева мені көңілді қарсы алды. Ізінше менің абдырап қалғанымның алдын алғандай болды: – Айтайын, айтайын... Әлі жылап бағамын ғой... Мен өз қыздарыма: менің мекенжайымды неге бердіңдер? – деп ұрсып едім. Менің жүрегім онсыз да нашар, таблеткалардың арқасында жүрген жанмын. Бірақ алдымен пирогтан ауыз тиейік. Мойыл қосқан... Біздің Сібірде сөйтеді... – Енді өзге біреуге дауысын естісін деп қаттырақ айтып жатыр: – Тілшіні тосып отырмыз... Кел, кім келгенін көрші. Телефондағы дауысы салмақты, ал өзі жап-жас қыз. – Енді маған қарап: – Тыңдамай-ақ қой... Тыңдамай-ақ қой... Менің мінезім осындай: не ойлағанымды айтып саламын.

– Адамға зер салып қарап алсайшы. Әйтпесе бірден бас салдың... Солдаттың тура өзісің! – деген сөздер асүйден жетіп жатыр.

– Не дері бар?! Өз қызымыз ғой, түсінер. – Сөйтсе де, шамалы күмәні қалған сияқты: – Сіздердегі тілшілердің баршасы өзіңдей жас па? Немесе маған осындайы кездесті ме? – Ізінше майдалап жатыр: – Мен енді жас болып жарытпаймын, ал сен әлі кәртайып үлгерерсің. Үлгересің... Қане, жоғары шық. Біздегі жағдай жадағай... Саған «сен» дегеніме өкпелемейсің бе? Сонау майданда: «Ал, қане, қыздар! Қане, қыздар!..» дейтінбіз. Өзің көріп отырғандай, хрустальға жеткен жоқпыз... Күйеуіміз екеуміздің бар жиған-тергеніміз қос орден мен медальлар салған, кәмпиттен босаған кішкентай қорапшаға сыйып кетіпті. Сервантта жатыр, кейін көрсетемін. – Бөлмеге қарай алып жүрді. – Үйдегі жиһазымыз да ескі. Айырбастағымыз келмейді, үйреніп кетіппіз. Қызымыз алдында күлуші еді, енді ұрсатын болып жүр. Сендерге, жастарға, бәрін жаңғырту керек, заманға сай болу қажет...

Үстелдің басына орнығуға қоршаудағы Ленинградта комсомол қызметкері болған Александра Федоровна Зенченко көмектесіп жатыр.

– Біз екеуміз қанша уақыттан бірге екенімізді білесіз бе? – деп Валентина

Павловна бізді таныстырды. – Соғыстан бері өткен жылдар бойы біргеміз...

– Сіз тек оны тоқтатпаңыз, – деп ескертіп жатыр маған Александра Федоровна. – Өйтсеңіз, бірден жылай бастайды. Мен білемін ғой...

– Шай дайын болған. Барып әкеле қояйын...

– Отыра тұр... Мен өзім...

Ох, өткенге зердеңмен де қайтып барғың келмейтіні-ай! Зәрең ұшады.

Зениттік қарудың командирі, сержант Валентиина Павловна Чудаева:

«Сонау Сібірден шыққан мендей қызды майданға баруға не мәжбүрледі? Сонау Сібірден, әлемнің бір түкпірінен. Ал әлемнің ақыры жайлы маған бірде БҰҰ-ның бір өкілі сауал қойды. Ол мұражайда маған тесіле қарады, мен басында тіпті қысылып та қалдым. Сонсоң жақындап келді, аудармашы арқылы Чудаева ханымның өзіне сұхбат беруін өтінді. Мен, әрине, қатты әбігерлендім. Мен оған не айтамын деп ойладым. Мұражайда айтқанымды алдына жаярмын. Бірақ оны, шамасы, қызықтырған бұл жағдай емес екен. Ол алдымен, әрине, маған мадақ сөз айтты: «Сіз бүгін ерекше жасарып тұрсыз... Сіз соғыстан қалай өткенсіз?» Мен оған былай дедім: «Бұл өзіңіз түсінгендей, біздің майданға тым жастай барғанымыздың дәлелі». Бірақ оны өзге жағдай толғандырған сыңайлы.

– Ол маған өзінің түсінігінде Сібір дегеніңіз – әлемнің шеті екені рас па?» – деп сұрады. «Жоқ, деп аңғара бастадым мен, – сізді шамасы, бізді төтенше мобилизация арқылы шақырған-ау, әйтпесе мен, мектеп оқушысы майданға қайдан барып жүр?» деген сауал ойландыратын сияқты. Ол иә деп басын изеді. «Жақсы, дедім, мен сіздің бұл сауалыңызға жауап берейін». Енді мен сізге оған айтқанымның бәрін қайталайын... Бүкіл өз ғұмырымды...

Менің анам есімде жоқ. Ол ерте қаза тапты. Әкем Новосібір укомының өкілі еді, жиырма бесінші жылы оны өзі туған деревняға астық дайындауға жіберді. Еліміз қатты күйзелген кез еді, ал кулактар болса, астықтарын жасырып, шірітіп жататын. Мен сонда тоғыз айлық қана екенмін. Анам әкеймен бірге оның еліне барғысы келді, сөйтіп ол оны өзімен бірге алды. Шешем мені және сіңілімді қоса ала кетті, бізді қалдыратын жер жоқ еді. Папам ондағы кулакта батырақ болды, кешкі жиналыстың бірінде: біз сенің астығыңның қайда жатқанын білеміз, егер өз еркіңмен бермесең, күшпен тартып аламыз деп қорқытты.

Жиналыс аяқталды, барлық ағайындар бас қосты, ал әкемнің бес бауыры болатын, кейін олар әкеммен бірге Ұлы Отан соғысынан оралмай кетті. Иә, сонымен бәрі үстел басына отырды – дәстүрлі сібір пельмендері ғой баяғы... Отырғыштар терезелердің бойымен қойылған... Шешем екі қабырғаның ортасына отырды – бір иығы – терезе, екіншісі – әкем жақта болды, ол жақта терезе жоқ еді. Сәуір айы болатын... Сібірде бұл уақыт қатқақ суықтың кезі. Анам шамасы тоңазып қалған болуы керек. Мен оны кейін есейген түсіндім. Ол орнынан тұрды да, әкемнің тері күртесін жамылып, мені емізе бастады. Осы кезде шолақ мылтықтан оқ атылды. Әлгі күртені мегзеп, әкем деп атқан ғой... Шешем «Па...» деуге ғана шамасы келіп, мені қолынан ыстық пельменге түсіріп алды. Ол небәрі жиырма төрт жаста еді...

Міне, осы деревняда менің атам ауыл кеңесінің төрағасы болып істеді. Оны суға стрихнин қосып улап өлтірді. Менде атамды қалай жерлеп жатқаны жайлы фотосурет сақталған. Табытының үстіне жалпақ мата жайылған, әрі оған: «Тап жауының қолынан қаза тапты» деп жазылған.

Менің әкем азамат соғысының батыры, чехословак корпусының бүлігіне қарсы іс-әрекет еткен бронепойыздың командирі болған. Отыз бірінші жылы ол Қызыл Ту орденімен наградталды. Ол кезде ондай орден, әсіресе біздің Сібірде, ілуде шалуда ғана кездесетін. Бұл үлкен ерлік, жоғары құрмет еді. Менің әкемнің денесінде он тоғыз жарақат болған, тіпті сау жері жоқ деуге болады. Анам айтып отырады екен – әрине, маған емес, ағайындарына, – әкемді ақ чехтар жиырма жылдық каторгаға соттапты. Шешем онымен кездесу сұраған екен, сол кезде менің әпкем Тасяға аяғы ауырлықтың соңғы тоғызыншы айында болыпты. Сондағы түрменің дәлізі өте ұзын екен, оған әкеме баруға жол бермепті, оған: «Большевиктің жексұрыны! Қане, еңбекте...» Сөйтіп оны босанарға бірер күн ғана қалғанда әлгі ұзын да цемент еденмен еңбектетіп қойыпты. Міне, кездестірген сиқы. Ол әкемді танымай қалыпты, шашы таза ағарып кеткен екен...

Сонда жау тағы да жеріме тарпа бас салғанда, осындай отбасында, осындай әкемнен тәрбие алып өскен мен, қалайша қол қусырып отырмақпын? Оның басынан не қилы қиыншылықтар өтті... Отыз жетінші жылы оның үстінен домалақ арыз жазылыпты, оған жала жаппақшы болыпты. Бірақ ол Калининнің алдына барып, қабылдауына кірген, сөйтіп ол ақталыпты. Оны елдің бәрі де білетін...

Енді міне, байқайсыз ба, – қырық бірінші жыл келіп жетті. Мен соңғы қоңырауды тосып жүргем, біздің бәрімізде де әрқилы армандар мен жоспарлар болып еді, қыз балалармыз ғой енді. Мектеп бітіру кешінен кейін біз кешкісін Обь өзенімен жүзіп отырып аралға жеттік. Біз кетіп бара жатқанда, қаламыз орнында, бәрі бабында болатын. Біз болсақ, өте көңілді әрі бақытты едік... Әрі бетімізден ұлдар сүйіп үлгермеген қалпымызда едік, тіпті олар арамызда жоқ та еді. Аралдан таңды тосып қайттық... Қалаға келсек, ел дүрлігіп, адамдар жылап жүр. Айнала: «Соғыс! Соғыс!» деген айқай. Барлық жерде радио қосылған. Біз ештеңе де түсінбедік. Қайдағы соғыс? Біз сондай бақытты күйде жоспарлар құрғанбыз: кім қай жаққа оқуға барады, кім қандай мамандық алады дегендей... Содан міне, соғыс! Ересектер жылап жатыр, ал біз болсақ, қорыққанымыз жоқ, біз бір-бірімізді «фашистердің миын ағызамыз» дестік, – соғысқа дейін осындай әнді айтып жүретінбіз. Өзге алқапта соғысатынымызды білдік... Біз бәрін үйлерге қара қағаздар келе бастағанда ғана түсіндік.

Менің әкемді соғысқа алмай қойды. Бірақ ол военкоматтың табалдырығын тоздырды. Ақыры майданға кетті-ау. Сол денсаулығымен, сол әппақ шашымен, сол өкпесімен: ол туберкулезбен ауыратын. Ал жасын айтсаңызшы! Бірақ ол кетті. Ол кезде сталиндік дивизия деп аталатын әскери бөлімге кетті, онда сібірлік азаматтар көп болатын. Бізге де бізсіз соғыс соғыс емес, біз де майданға баруға тиіспіз деп ойладық. Қару берсеңдер болды! Біз де военкоматқа жетіп бардық. Сөйтіп, оныншы ақпан күні мен майданға аттандым. Өгей шешем безектеп жылап жүр: «Валя, сен кетпесейші... Не істеп жүрсің өзің? Әлі кішкентайсың, әрі жүдеусің, сенен қандай жауынгер шықпақ?» Шынында мен рахитпен ұзақ, өте ұзақ ауырдым. Өз анамды өлтіргеннен кейінгі жағдай ғой. Мен бес жасқа дейін жүре алмай қойдым... Ал мына жерде кенеттен күш қайдан келді дейсіз?!

Бізді екі ай бойы теплушкалармен тасыды. Екі мың қыз, тұтас эшелон. Командирлер бірге болған, олар бізді үйретті, байланысты меңгердік. Содан Украинаға келіп жеттік, онда бізді алғаш рет бомбының астына алды. Тура сол кезде біз моншада болатынбыз. Біз жуынуға барғанда, бір ағатай кезекші еді, ол моншаны бақылап тұрды. Біз одан қатты ұялдық, енді тіптен жас қыздармыз ғой. Ал бомбылау басталғанда, біз әлгі ағатайға барып тығылдық, әйтеуір аман құтылсақ дейміз. Шала-шарпы киініп жатырмыз, мен басымды қызыл орамалмен орап алып, атып шықтым. Аға лейтенант, ол да тым жас жігіт, айғай салды:

– Әй қыз, бомбапанаға қарай жүгір! Басыңдағы орамалды лақтыр! Көзге ұрып тұрсың...

Ал мен одан қашып барам:

– Ештеңе де жоқ! Мамам маған дымқыл шашпен шықпа деген.

Ол сонсоң мені бомбылаудан кейін тауып алды:

– Сен мені неге тыңдамайсың? Мен сенің командирің болам!

Мен оған сенген жоқпын:

– Қайдағы, енді сенің маған командир болуың қалып еді…

Сол жап-жас лейтенантпен ұрсысып қалдым. Жап-жас деймін, азар болса, менен бір-ақ жас үлкен шығар.

Бізге дәп-дәу, қап-қалың шинельдер таратты, біз оларды кигенде жүре алмаймыз, баудай домалап түсеміз. Тіпті бізге лайықты етіктер де болған жоқ. Етіктер бар, бірақ мөлшері еркектерге арналған. Содан кейін біздің етіктерімізді айырбастады, тұмсығы қызыл, ал қоныштары қара керзінің өзі. Біз соны киіп алып, сәнденіп те жүрдік-ау!

Бәріміз де сыйдамыз, кіп-кішкентаймыз, гимнастеркаларымыз сөлбеңдеп тұрады. Арамыздағы ине ұстаудан хабары барлар оларды өздеріне шақтап алды. Ал бізге тағы да әлдене жетіспейтін сияқты. қыздармыз ғой енді! Старшина біздің о жер, бұ жерімізді өлшей бастады. Күлесің бе, ренжисің бе? Комбат келді: «Ал, старшина, сендердің керектеріңді түгел беріп болды ма?» Старшина: «Бәрінің өлшемін алдым... Енді болады...» деді.

Сөйтіп мен зенитшілер бөлімінің байланысшысы болдым. Капэде (бақылау пункті. – Ауд.) кезекшілікте байланыс жасап отырдым. Бәлкім, әкем қаза тапты деген хабарлама алмасам, соғыстың аяғына дейін байланысшы болып қалар ма едім. Мен алғы шепке сұрана бастадым: «Фашистердің маған салған зардаптары үшін өшімді алайын деп едім». Жауды өлтіргім келді, оларға оқ жаудырғым келді... Бірақ маған артиллериядағы телефон дегеніңіз – өте маңызды іс деп түсіндіріп жатса да. Алайда телефонның тұтқасы өздігінен оқ атпайды ғой. Мен полк командиріне рапорт жаздым. Ол бас тартты. Сонда мен көп ойланып жатпай, дивизия командиріне өтіндім. Бізге полковник Красных келді де, бәрімізді тұрғызып қойып сауал қойды: «Әлгі қару-жарақ командирі болғысы келетінің қайсы?» Мен кіп-кішкентаймын, мойным шидей, ап-арықпын, әлгі мойнымда жетпіс бір патроны бар автомат ілулі тұр... Менің аянышты сиқым көзге ұрып тұрған тәрізді... Ол маған қарады да: «Сен не қыл дейсің?» Мен оған: «Атысқым келеді» дедім. Оның не ойлағанын білмедім. Ол маған осылайша ұзақ қарап тұрды да, кілт бұрылып, кете барды. «Бітті, – деп ойладым, – бұл да бас тартатын болды». Әлден уақытта командир жүгіріп келді: «Полковник рұқсат етті»...

Қысқа мерзімді курстарды аяқтадым, өте қысқа мерзімді – небәрі үш-ақ ай оқыдым. Міне, енді мен қару-жарақ командирімін. Сонымен мені бір мың үш жүз елу жетінші зенит полкына жіберді. Ә дегенде мұрнымнан және құлағымнан қан кетті, асқазаным әбден бұзылды... Түнде онша қорқынышты емес, ал күндіз зәрең кетеді. Жаудың ұшағы тура саған қарай, тура сенің қару-жарағыңа қарай төніп келе жатқан сияқты болып көрінеді. Міне, қазір ол сенің пәршек-пәршегіңді щығарады. Мұның бәрі қыз бала көтерерлік зұлмат емес... Бізде алғашқыда «сексенбестік» қару болды, олар өздерін Мәскеудің түбінде жақсы көрсете білді, кейін олар танкілерге қарсы жіберілді де, бізге «отыз жеті миллиметрліктерді» берді. Бұл Ржев бағытында болды. Онда сондайлық сұрапыл шайқастар өтті... Көктемде Еділдегі мұз қозғалды... Сонда біз не көрдік? Біздің байқағанымыз: сең жүзіп келеді, ал оның үстінде екі-үш неміс пен жалғыз орыс солдаты жұлмаласып жатты... Олар бір-біріне жармасқан күйі жанталасумен болды. Өздері осы сеңге қатып қалыпты, ал сең болса тұтастай қанға малшынған. Сіз байқайсыз ба, Еділ анамыз тұтастай қанға бөккен...»

Кенет күрсінуін үзіп тоқтады да, дем арасында: «Әлім келмейді... Сәл тыныстайыншы... Тым ауыр... Саша тыныштандыратын екі таблетканы мәжбүрлеп беріп еді, содан жылай да алмай отырмын...» деп өтінді.

«Ал мен Валяны тыңдай отырып, қоршаудағы Ленинградты ойыма түсірдім, – деп сөйлей бастады Александра Федоровна. – Әсіресе бәріміздің жанымызды күйзелткен бір оқиғаны еске алайын. Бізге әлдебір мосқал әйелдің күн сайын терезесін ашып, кішкентай шөмішпен көшеге су шашқанын, онысы бірте-бірте алысқа кеткенін әңгіме ғып айтты. Алдында ойладық: «Е, есі ауысқан адам шығар, қоршауда не болмады дейсіз» деп біз істің мән-жайын білуге оған көтерілдік. Сонда оның не айтқанын қараңыз: «Егер фашистер Ленинградқа келіп, менің көшеме аяқ басатын болса, мен оларды қайнаған сумен жидітіп тастамақпын. Мен өте кәрі әйелмін, менің қолымнан өзге ештеңе де келмейді, сондықтан мен оларды қайнаған сумен жидітпекпін». Мынасы оның жаттығып жатқаны екен... Өзі өте бекзат әйел болып көрінді. Бұл күнде мен оның бет-бейнесін ұмытып та қалыппын.

Ол қолынан келер күрестің тәсілін таңдап алыпты. Сіз сол сәтті көз алдыңызға әкеліңізші... Ол кезде жау ентелеп жап-жақын келіп қалған, Нарва дарбазалары маңайында ұрыстар жүріп жатты, Киров зауытының цехтары жауған оқтың астында қалды, сонда әр адам күресуге қолдан келерін аямай ізденгенін көрдік. Ондайлар өте көп еді. Бәрінен бұрын осы оқиға біздің жанымызды күйзелткен-ді...»

«Мен соғыстан жарымжан болып оралдым, – деп жалғастырды әңгімесін Валентина Павловна. – Менің арқама жарықшақ тиіп жараландым. Өзі онша үлкен де емес, бірақ мені алыстағы оппа қарға лақтырып жіберді. Мен болсам, пималарымды кептірмегеніме бірнеше күн болып еді – әлде отын болмады ма, әлде менің кезегім жетпеді ме, пеш болса кішкентай, оның айналасында отырған біз көп едік. Сөйтіп мені тапқанша мен аяқтарымды оңдырмай үсітіп алдым. Мені, шамасы, қар басып қалған болуға керек, бірақ тыныстап жаттым, содан тесік пайда болыпты. Мені иттер тауып алды. Олар қарды аршып, менің баскиімімді санитарларға апарып беріпті. Онда өлім паспортым болатын, әрқайсымызда сондай паспорттар бар-тын: туыстары кім, өліп қалған жағдайда қайда хабарлау керек дегендей. Мені қазып алып, плащ-палаткаға жатқызды, қысқа тоным қанға толып кетіп еді... Бірақ ешкім де менің аяқтарыма назар аудармапты...

Содан мен госпитальда алты ай жаттым. Аяғымды тіземнен жоғары кесіп тастағылары келді, өйткені гангрена басталып еді. Мен осы жерде шамалы пендешілікке салындым, жарымжан болып жүргім келмеді. Маған бүйткен өмірдің керегі не? Өзім кімге керекпін? Әкем де, шешем де жоқ. Кіріптарлықтың несі жақсы? Кеспелтек кімге қажет?! Одан да қылғынып өлейін... Сөйтіп санитаркадан қысқа орамалдың орнына ұзынын сұрап алдым... Ал мені госпитальда бәрі: «Ал мына жерде бір әже, кәрі әже жатыр» деп мазақтайтын. Өйткені госпиталь бастығы мені алғаш көргенде: «Осы сенің жасың нешеде?» деп сұрады. Мен оған тездете: «Он тоғыздамын... Жуырда он тоғызға келемін...» Ол күліп жіберді: «О! Кәрі екенсің, кәрі екенсің. Мұның да әжептәуір жас...»

Санитарка Маша тәтей де мені осылай мазақтайды. Ол маған былай: «Сені операцияға дайындап жатыр ғой, сондықтан сүлгі берейін. Бірақ мен сені көзімнен таса етпеймін. Қызым, осы сенің көздерің маған ұнамайды. Сен әлдебір жаманшылықты ойлап жатқан жоқсың ба?» деді. Мен үндемеймін... бірақ байқап жатырмын: мені шынында операцияға әзірлеп жатыр. Алайда мен операция дегеннің не екенін білмеуші едім, денеме пышақ тиген емес, қазір ғой, денемнің жағрапиялық картаға ұқсап кеткені. Бірақ мен де осыны жобаладым. Ұзын сүлгіні жастығымның астына жасырдым да, қасымда ешкім қалмайтын, елдің бәрі ұйқтайтын кезді тосып жаттым. Кереуеттері темір екен, сүлгіні соған байлаймын да, тұншығып өлмекшімін. Алайда Маша тәтей түнімен қасымнан кетпей қойды. Мені, жас сорлыны сақтап қалды. Таң атқанша ешқайда кетпеді...

Ал жас лейтенант, менің палаталық дәрігерім, госпиталь бастығының соңынан қалмай, сұрап жүр: «Маған беріңізші, мен көрейін. Маған беріңізші, мен көрейін...» Ал анау оған: «Сен нені көресің? Қыз бала он тоғызда ғана. Екеуміздің кесірімізден ол қаза табуы кәдік». Сөйтсем, менің палаталық дәрігерім операцияға қарсы екен, сол уақыттан қарағанда жаңа бір тәсілді ұсыныпты. Арнайы инемен терінің астына оттегі жіберу керек дейді. Оттегі қоректендіреді... Енді мен тап басып айта алмаймын, медик емеспін ғой...

Содан әлгі жас лейтенант госпиталь бастығын айтқанына көндірді. Мені әлгі тәсілмен емдей бастады. Енді екі айдан кейін мен жүре бастадым. Әрине, балдаққа сүйеніп, бірақ аяқтарым шүберек тәрізді, еш тірей алмаймын. Мен аяқтарымды сезгенім жоқ, мен тек оларды көріп қана отырдым. Сонсоң мені балдақсыз жүруге үйретті. Маған: сіз екінші рет тудыңыз десті. Госпитальдан соң маған демалыс берілді. Сонда қайдағы демалыс? Қайда, кімге бармақпын? Мен өз бөліміме, өз қару-жарағыма қайтып бардым. Сонда партия қатарына өттім. Он тоғыз ғана жасымда...

Жеңіс күнін Шығыс Пруссияда қарсы алдым. Ендігі екі күндей тыныштық орнап еді, кенет түн ортасында: «Воздух!» деген дабыл берілді. Біз бәріміз атып-атып тұрыстық. Және айғайлап жатыр: «Жеңіс! Капитуляция!» Капитуляциясын білмейміз, ал жеңіс дегенін ұғып қалдық: «Соғыс аяқталды! Соғыс аяқталды!» елдің бәрі қолда бар қаруларынан: автоматтан, пистолеттен атқылап жатыр... Зеңбіректен де оқ жаудырды... біреулері көз жастарын сүртіп жатыр, екіншісі: «Мен тірімін, мен тірімін!» деп билеп жүр. Кейінде командир: «Жарайды, бірақ босқа атқылап ысырап қылған снарядтарыңның ақшасын төлемей, сендерге демобилизация жоқ! Сендер не істедіңдер? Қанша снарядты босқа аттыңдар?» деді. Біз енді жер бетінде қашанда бейбітшілік орнайды, ешкім де соғысты тілемейді, барлық снарядтар жойылуға тиісті деп ойладық. Бұдан былай соғыс туралы ешқашан да ештеңе демеу керек...

Үйге қалай қайтқымыз келді десеңізші! Онда папам болмаса да, мамам болмаса да. Бірақ өзімнің өгей шешеме басымды жерге дейін иемін... Ол мені туған анамдай қарсы алды. Мен оны кейін «мама» деп атап кеттім. Ол мені күтті, үнемі күтумен болды. Бірақ госпиталь бастығы оған менің аяғымды кесіп тастады, үйге мені осындай күйде әкеледі деп жазып жіберуге үлгеріпті. Шешем осыған дайын болсын дегені ғой. Мен үйде біраз ғана тұра тұрамын, сонсоң қызыңызды алып кетеді депті... Бірақ мамам менің үйге әйтеуір тірі оралғанымды қалапты.

Ол мені тосқан еді...

Біз он сегіз-жиырма жасымызда майданға кеттік, ал жиырма-жиырма бесімізде оралдық. Ә дегенде қатты қуандық, сонсоң зәреміз кетті: біз енді мына бейбіт өмірде не істемекпіз? Құрбыларымыз институттарды аяқтап үлгеріпті, ал біз кімбіз? Мамандығымыз жоқ, ештеңеге үйретілмеген пенделерміз. Бар білетініміз – соғыс, бар қолымыздан келері – соғыс. Сол соғыстан іргемізді тезірек аулақ салғымыз келді. Шинелімді өзгертіп, өзіме пәлте жасап алдым, түймелерін ауыстырып қададым. Базарға барып, керзі етігімді сатып, төпли алдым. Алғаш рет көйлек кигенімде көз жасыма ие бола алмадым. Өзімді-өзім айнадан танымай қалдым, біз төрт жыл бойына тек шалбар киіп жүрдік қой. Жаралы едім, контузия алдым деп кімге айтарсың? Қане айтып көр, сонсоң сені жұмысқа кім алады? Айтарлығы жоқ, менің аяқтарым қатты ауырады, жүйкем де жегідей желінген...

Біз жұмған аузымызды ашпайтынбыз. Біз майдангер әйелдер екенімізді ешкімге білдірген емеспіз. Осылайша арамызда байланыс орнады, өзара хат жазысып тұрдық. Кейінде ғана бізді құрметтей бастады, кездесулерге шақырды ғой, бірақ біз сонда да ештеңе айтпайтынбыз. Наградаларымызды да тақпайтынбыз. Еркектер тағатын: олар – жеңімпаздар, батырлар, күйеу жігіттер, олар соғысты бастарынан өткерген, ал бізге мүлде басқаша көзбен қарайтын.

Майданда еркектер бізді керемет өбектейтін, олар бізді дәйім қорғаштап жүруші еді, мен бейбіт өмірде әйелдерге соншалықты қарағандарын еш көрген емеспін. Кейін шегінгенде, демалуға жата-жата кетеміз – жер жалаңаш, өздері болса гимнастеркада қисая салады, ал бізге өз шинелдерін ұсынады: «Қыздарды... Қыздарды қымтайықшы...» дейтін. Әлдебір жерден мақтаның, бинттің кесегі кездессе: «Мә, ала ғой, қажетіңе жарат...» десетін. Соңғы қатырлақ нандарымен бөлісетін. Біз ізгіліктен, жан жылуынан өзге ештеңе де көргеніміз жоқ. Бірақ, соғыстан кейін өзіміздің солдаттық кітапшаларымызды жасыруға тура келуі, бізді қатты қынжылтатын...

Мен күйеуіммен бірге соғыстан оралып, Минскіге келгенімізде жамылғымыз да, ештеңеміз де болмаған-ды. Ол да майдангер, батальона командирі болған. Біз бөзге салынған карта тауып алдық. Оны суға жібіттік – сол біздің алғашқы ақжаймамыз болды. Сонсоң қызымыз туғанда, әлгі картадан жаялықтар жасадық. Сол – әлемнің саяси картасы әлі есімде. Бірде күйеуім сырттан келді: «Жүр, бәйбіше, мен әлдекім шығарып тастаған ескі диван көрдім...» Содан біз түн ішінде – түнде ешкім көрмесін деп, әлгі диванға бардық. Сонда сол диванға қуанғанымыз-ай!

Біз бәрібір бақытты едік, еш қамықпайтынбыз. Кәртішкелерімізді тауарға айналдырып, бір-бірімізге телефон шалатынбыз: «Келе қал, мен қант алдым. Жақсылап бір шай ішейік»... Біздің үстімізде де, астымызда да ештеңе болған емес, мына кілемдердің ізі де болған жоқ... Сонда да бақытты едік. Біз алдымен тірі қалғанымызға, тыныстап, күліп, тірі жүргенімізге бақытты едік... Бізді адамдарға деген махаббат пен аяушылық сезімі жылытатын. Ол кезде адамға адам өте қажет еді, біз бірімізге біріміз қажет едік. Дегенмен, ол жылдар өте ауыр, бүгінде өткенге көз салсақ – өте қиын жылдар болған еді.

Бұл күнде, әрине, бізді көтермеледі, бағалады. Мені кездесулерге жиі шақырады, естелік айтуымды өтінеді. Жақында жас итальяндықтардың алдында сөз сөйледім. Маған олардың ауқатты ата-аналары бар дегенді айтты. Міне, солар менен сұрағыштай бастады. Мен қандай дәрігерде емделдім? Неге екенін білмедім, психиатрға көріндіңіз бе деп те сұрады. Қандай түстер көремін? Соғыс түсіме кіре ме? Майданда маған тым қорқынышты болған жоқ па? Мен оларға: әрбір адамның өмір сүргісі келеді, әркімде өлімнің қорқынышы бұғып жатады, бірақ сенің сол қорқыныштың бар-жоғын керек етпейтін сәттерің де болады. Әлгілер оларға кеңестік әйел жатқан бір жұмбақ болып көрінді. Және оларды қызықтырғаны: мен тұрмысқа соғыстан кейін шығыппын ба? Олар болса, бұлай деп ойламапты. Мен олардың ығына қарай жығылдым: «Елдің бәрі соғыстан олжа әкелді, ал мен күйеу әкелдім... Міне, қызым да бар. Енді немерелерім өсіп келеді...» Әрине, менің көбірек балалы болғым келді, бірақ оған денсаулығым да, қаржы-қаражатым да жетпеді. Не айтатыны бар... Әрі қарай оқи да алмадым. Зейнеткерлікке шыққанша политехникалық институтта лаборант болып жұмыс істедім.

Жұмысым өзіме ұнайтын, қашанда жастардың арасында жүресің. Кешірек қартаятын сыяқтысың...

Осыдан екі жыл бұрын біздің штаб бастығымыз Иван Михайлович Гринько бізде қонақта болды. Зейнеткерлікке шығыпты. Осы үстелдің басында отырды. Мен сол жолы да бәліш пісірдім. Менің күйеуім екеуі естеріне алып жатыр, біздің қыздарды атайды. Мен өкіріп жібердім: «Құрмет, сый көріп жатыр дейсіңдер. Ал сол қыздардың көбісі жалғызбасты қалды, біразының басында өз пәтерлері де жоқ. Бүкіл ғұмырлары коммуналкада өтіп жатыр. Оларды кім аяды? Кім қорғады? Сендер өзі білесіңдер ме?..» Қысқасы, мен олардың мерекелік көңіл-күйлерін бұзып жібердім...

Менің бастығым мына сіз отырған жерде отырды. «Сен өзіңді ренжіткен адамды көрсетші, – дейді маған. Сол ренжіткен адамға мен сендердің қандай қыздар болғандарыңды айтар едім!» Кешірім сұрады: «Валя, мен саған көз жасымнан өзге ештеңені де көрсете алмаймын» деді. Енді не? Енді бәрі де кеш...»

Кетерімде, мен қанша бас тартқаныммен, ол пирог толтырған пакетті қолыма ұстатты: «Бұл ерекше, сібірлік пирогтар» деді. Сөйтіп, мекенжайлар мен телефондар жазылған тізімді ұсынды: «Сен енді біздің барлық қыздарды тауып алатын бол. Олар қайткенде жауап береді, біз еркелетілген халық емеспіз. Мен болсам, осы кездесуден кейін жатып та қалатын шығармын, бірақ сенің тыңдап алғаныңа разымын. Тым болмаса естелік қалсын...»

«БІЗДІ КІШКЕНТАЙ ҒАНА МЕДАЛЬДАРМЕН МАРАПАТТАҒАН…»

Сексенінші жылдың есте қаларлық мамыр айы. Екі жылғы ізденістер мен кездесулер артта қалды, ондаған хаттар еліміздің қилы қиырларына жіберілді. Менің жеке поштам военкоматты немесе мұражайды еске түсіргендей: «Марина Раскова авиаполкының ұшқыш қыздарынан сәлем...», «Железняк» партизандар бригадасының тапсырмасымен жазып отырмын...», «Минскідегі жасырын қызметшілер... құттықтайды... Бастаған жұмысыңызға табыс тілейміз...», «Далалық монша-кір жуу отрядының қатардағы жауынгерлері Сізге сәлем жолдайды...» Мен бұл күнде екі ұрпақ ауқымында ғұмыр кешіп жатқан сияқтымын – қырық бірінші жылғы жастар арасында және өзімнің қазіргі қатарластарым – жиырма мен отыз жастағылар ортасында жүрмін. Өзімнің санамда екі болмысты, екі адамдар әлемін алып жүрмін – олар өзара қиылысады әрі айрылысады, кезекпе-кезек іріленеді немесе ұсақталады, бірге қосылады. Менің зердем – ендігі олардың зердесі. Олардың зердесі – менің зердем.

Кейде: соғыс жайлы қашанғы жаза беруге болады дегенді естимін. Иә, мен блокноттарды толтыра отырып білгенім, өз жаныма салмақ салғаным, әңгімелескен адамым үшін қиын да көтере алмастай жүк екенін ойлайтынмын. Мынадай жетілдірілген техникалық ғасырда өмір сүріп жатқан бізге адамзат бастан өткерген соғыстардың талайы төніп тұр, экологиялық апат та бар, тек ең күшті де жеңілмейтін қару – адам зердесі деген үміт қана қалды. Адам зердесі! Бірақ оның желілері мен сызбалары қаншалықты күрделі, қаншалықты шатасқан екендігіне ізденістің әр күні сайын барынша сене түсемін. Тек ендігі ойлап табылған әйтпесе ойлап тапқылары келетін жүздеген емес, мыңдаған емес, миллиондаған адамдарды бір сәтте алапат қасапқа салатын, әрі сонымен қатар бұлардың зердесін, осынау материалдық емес материяны жоқ ететін тамұқ мәшинесінің сызбаларынан да әлдеқайда күрделі болып келеді – ал онсыз біз, пенделер адам болудан да қалар едік. Оны қалай іліп алып, сөз жүзінде дүниеге айналдыруға болар екен?

Менің кездесуге өтініш айтқан адресаттарым әдетте шын көңілмен құп алатын, осы уақыт ішінде тек қана: «Жоқ, бұл қорқынышты түс іспетті... Халім келмейді!.. Кездеспей-ақ қояйық!..» Әйтпесе: «Соғысты есіме алғым келмейді! Ештеңе де зердемде жоқ... Ойыма алғым келмейді!..» деген тек бірнеше бастартулар ғана болды. Ал енді өз естеліктерін жазуға елдің бәрі бірдей бел байлай бермейді, әрі бәрінде де ойлағандай шықпайды, қағазға өз сезімдері мен ойлағандарын сеніп тапсыру дегеніңіз – қиын шаруа, сондықтан өзара хат алмасу күткеніңіздей емес, тек қана мекенжайлар мен жаңа есімдердің төңірегінде ғана қалады.

«Мына менде металл дейтін жетіп жатыр, – деп жазыпты санинструктор Валентина Дмитриевна Громова. – Витебск түбінде алған жарақаттан қалған жарықшақты жүрегімнен үш-ақ сантиметр жердегі өкпемде ұстап келем. Екіншісі – оң жақтағы өкпемде. Екеуі – қарын жағымда жатыр...

Майданға титтей қыз бала кезімде кетіп, мүгедек болып оралдым. Сырқаттарыма берілмеймін деп қаншама тырмыстым десеңізші! «Кешкі» мектепті, одан техникумды сырттай бітірдім, бірақ мәдениет институтын аяқтай алмадым. Бәріне кедергі болған қажыған денсаулық қой.

Жеке басты тірлік етемін. Жарақаттар мен контузиялардың зардабынан менің балалы болуға мүмкіндігім болмады. Келіңіз, сөйлесейік, бар жайды жазуға менің халім келмейді...»

«Мен майданнан оралдым, бірақ дәрігерлер мені оқуға жібермеді. Қарғыс атқыр соғыс. Қарғыс атқыр контузия...

Мен ұзақ қаңғып бақтым. Балаларым, не күйеуім болған жоқ. Бәрі де соғыстың кесірі. Марапаттарым да пәлендей емес, тек бірнеше медалім ғана бар. Менің тірлігім сізге қызықты бола қояр ма екен, бірақ ол жайлы көлденең адамға айтқым да келеді...» (телефоншы В.П. Воронова).

Танкіші, кіші лейтенант Александра Леонтьевна Бойконың хатынан:

«…Біз, күйеуіміз екеуіміз Қиыр Шығыста, Магаданда еңбек еттік. Жұбайым жүргізуші, мен – билет тексеруші болдық. Соғыс басталған бетте-ақ, екеуіміз де майданға сұрандық. Бізге өздерің қажет болған жердегі жұмыстарыңды істей беріңдер деп жауап қайтарды. Сонда біз Сталин жолдастың атына жеделхат жолдап, танк жасауға елу мың сом аударатынымызды, ал өзіміздің майданға барғымыз келетінін айттық. Бізге үкіметтен алғысхат келді. Ал қырық үшінші жылы күйеуіміз екеуімізді Челябинскідегі танк-техникалық училищесіне жіберді, біз оны жеделтетіп бітірдік.

Лагерьлерден танк алдық. Біз екеуміз де аға механик-жүргізуші едік, ал танкіде бір ғана механик-жүргізуші болуы керек. Әскери билік мені „ИС-122“ танкісінің командирі, ал күйеуімді аға механик-жүргізуші етіп тағайындады. Біз осылайша бүкіл соғыстан өттік. Прибалтиканы, Польшаны, Чехословакияны, Алманияны азат еттік. Екеуміз де жарақаттандық, марапаттарымыз баршылық.

Жалпы орташа танкілерде қыздар аз болмайтын, ал мынадай ауыр танкіде мен жалғыз болдым. Кейде: жазушылардың біреуіне өз ғұмырымды баяндап берсем, тұтастай кітап болып шығар еді-ау деп ойлайтынмын...»

Жеті жүз сексен төртінші зениттік-артиллериядық полктың бесінші дивизионының бұрынғы командирі Иван Арсентьевич Левицкий былай деп жазыпты:

«…Қырық екінші жылы мені дивизионның командирі етіп тағайындады. Танысқаннан кейін полктың комиссары былай деді: «Қаперіңізде болсын, капитан, сіз әдеттегідей емес, «қыздар» дивизионын қабылдап отырсыз. Ондағы құрамның жартысы – қыздар, оларға ерекше қарым-қатынас, ерекше ықылас және қамқорлық көрсету керек». Мен, әрине, армияда қыздардың қызмет ететінін білетінмін, алайда оның нендей жағдай екенін жете түсінбейтінмін. Біз, байырғы офицерлер, «әйел затының» бұған дейін еркектің шаруасы болып келген әскери істі игеруіне сақтықпен қарайтынбыз. Жарайды, медбикелер – түсінікті еді. Олар бірінші әлемдік соғыста да, содан кейін азаматтық қырғында да өздерін жақсы қырларынан көрсеткен болатын. Ал енді қыздар салмағы бір пұт снарядтарды сүйреуге тура келетін зениттік артиллерияда не істемек? Оларды расчеттардың құрамына еркектер де кіретін жалғыз жеркепедегі батареяға қалай орналастырасың? Оларға аспаптың алдында пәлен сағаттан отыруға тура келеді, ал олар темірден жасалған, құралдардағы отырғыштар да – темір, қыздарға өйтуге болмайды. Ақырында олар шаштарын қайда жуып, кептіреді? Толып жатқан сауалдар туындайды, бұл дегеніңіз оғаш жағдаят қой...

Батареяларға барып, көз тіге бастадым. Мойындаймын, берекем кетіп қалды: винтовка ұстаған қыз постыда тұрса, бинокльге биікте үңілген қыз тұрса – жөн басқа, мен өзім де алғы шептен, майданнан келдім ғой. Ал олар өте әрқилы еді – ұялшақ, қорқақ, қылымсыған немесе шешімді, жүрегінің оты бар болып келетін. Әскери тәртіпке бағыну бәрінің қолынан бірдей келе бермейді, жалпы әйелдің сыңайы армиялық тәртіпке қарсы шығатын. Біресе өзіне нендей бұйрық берілгенін ұмытып қалады, әйтпесе үйінен хат алып, таң атқаннан бері жылаумен болады. Бірде жазалайсың, бірде оныңды өзгертесің – аяйсың. Тіпті: «Мынадай халықпен құрып кетпесем екен!» деген ойлар да келді.

Алайда маған көп ұзамай өзімнің күмәндарымнан толықтай арылуға тура келді. Қыздар тамаша солдаттарға айналды. Олар тіпті еркектерге қарағанда нақтылау болып шықты, жұмысқа барынша берілетін. Ал артиллерияда дәлдік дегеніңіз – шаруаның үлкені. Мен Горький қаласынан өзімнің қыздардан тұратын дивизионыммен Познаньға дейін жеттім. Танкішінің – бронясы, жаяу әскердің – окобы бар, ал зенитшіде – ештеңе де жоқ, әскери қатарды құрғанда ол өзінен басқаның бәрін оқ немесе снаряд тиюден сақтайды. Ол саңылау әйтпесе блиндаж қазбайды, ол ұшақ батареяға шүйіліп келіп бомба тастағанда да, қаруын еш тастап кете алмайды. Бұл деген өте қатал жол болатын, сол жайында мен көптен бері біреуге әңгімелеп немесе жазып бергім келеді...»

Мекенжай дегендеріңіз сан қилы – Мәскеу, Киев, Краснодар өлкесінің Апшеронск қаласы, Витебск, Волгоград, Ялуторовск, Галич, Смоленск… Кезекті хатты алған кезде қатты абдырап қаламын, картадан бейтаныс қала немесе кентті іздей бастаймын: оған қалай жету керек, қашан және қалай кездесеміз? Құтқаратындай идея пайда болады: шама келгенше көп әйелдің басын қосу керек. Сонда қалай? Осы кезде бір жағдай көмектесті. Күндердің бірінде поштадан генерал П.И. Батовтың алпыс бесінші армиясының ардагерлерінен шақыру қағазы келді:

«…Біз әдетте он алтыншы-он жетінші мамырда Мәскеуде Қызыл алаңда кездесетінбіз. Көп жылдан бері осындай жағдай қалыптасқан. Әрі дәстүр, әрі әдет-ғұрып. Шамасы жеткендердің бәрі келеді. Мурманскіден де, Қарағандыдан да, өзге жерлерден де келіп жатады. Сөздің қысқасы, тосамыз...»

Александров бағында мемориал тұр. Зерденің қызыл тасы... Соған қарай мамырдың мөлдір гүлдерінің баяу өзені жүзіп келе жатқандай әсер береді; егер бұған жоғарыдан көз тастау мүмкін болса, олардың көптігі сондай – арнайы алау жағып қойғандай көрініс шығады. Мен осынау ағынның толқынымен, қуанышты әңгімелердің байыбымен келе жатырмын: «Мария, сен бе? Танымай қала жаздадым, бірақ сенің көздерің... Тура баяғыдай...», «Мынау сенің ұлың ба, Федор? Өзіңнің аузыңнан түскендей екен. Келініңді де, немереңді де ала келдің бе? Сержант тура бір взвод болып келіпсіңдер ғой...», «Ваня, есіңде ме? Біздің қырық бірінші жылы жөңкіліп келе жатқанымызды айтам. Сенің шұлғауың жоқ екен, бір әйел жақындап келіп, мойнындағы шарфын ұсынды ғой. Есіңде ме?», «Кишиневтің райхандары ғой... Ұшақтың ішінде шамалы тобарсып қалыпты, қалпына келер. Бірақ мен өз гүлдерімді қойғым келеді...»

Ал айналада күнделікті де, мерекелі Мәскеу өз тірлігімен жүріп жатыр. Ол мұндай салтанатты да мұңға толы шерулерге әбден үйренген, сондықтан олардың бар екендігіне емес, жоқ болып кеткендігіне таң қалар еді. Тіпті жап-жас балалардың кейпінде ешқандай таңдану да жоқ. Карьерлерден тас алу болмаса, бірде бір жарылысты көрмеген, соғыспаған біздің ұрпақта майдан жайлы зерде генетикалық қалыпта сақталған: ол тым жақын – бір адамның ғұмырынан да аз – өткеннің бәрі тым зәре ұшырар жағдай еді. Жадағай топтың ішінде ол еріп кеткен, тығылып қалған тәрізді, ал қазір өзге әлемнен өзіндік тіршілігі бар, өз заңдылығы бар нөпір су немесе алапат өрт бөлініп шыққандай. Бұл жерде де сондай ахуал.

Алпыс бесінші армияның ардагерлері орналасқан «Москва» мейманханасы кешкісін Кеңес Армиясы Үйінің таяудағы мерекелі фойесін еске түсіреді. Барлық жерде құшақтасып жатыр, жылаған ел, топ-топ болып суретке де түсуде. Мұнда таныстар немесе бейтаныстар деген жоқ, мұндағылардың бәрі туыстар тәрізді. Егер сенің жас екеніңді байқап қалатын болса, онда жалғыз ғана «Кімнің қызысың?» деген сауал қояды.

Сіздердің қыздарыңызбын!

Жетінші қабаттағы елу екінші бөлмеде бес мың екі жүз елу жетінші госпиталь бас қосты. Үстелдің басында әскери дәрігер, капитан Александра Ивановна Зайцева тұр: «Қыздар маған жалған айтқызбас – жыл бойына біз кездесетін осынау күнді асыға күтеміз. Менің балаларым да, немерелерім де бар, сөйтсе де өзімнің майдандас қыздарымнан ыстық ешкім де жоқ. Менің балаларым мұны біледі, бірақ өкпелемейді».

Александра Ивановна мені жиналғандармен таныстырып жатыр. Мен қолыма қалам алдым: хирург Галина Ивановна Сазонова, дәрігер Елизавета Михайловна Айзенштейн, хирургиялық медбике Валентина Васильевна Лукина, операциялық аға медбике Анна Игнатьевна Горелик, медбикелер Надежда Федоровна Потужная, Клавдия Прохорова Бородулина, Елена Павловна Яковлева, Ангелина Николаевна Тимофеева, Софья Камалдиновна Мотренко, Тамара Дмитриевна Морозова, Софья Филимоновна Семенюк, Лариса Тихоновна Дейкун.

Мұнда әңгімеге кіргендердің арасында өзіміздің қыздар мен бөгделер де бар.

«Саша рас айтты. Маған ертең қайту керек. Өкінішті-ақ. Бастықтардан өз есебімнен болса да және бір күн сұрап едім, бермеді. Олар жастар ғой, біз үшін мұндай кездесудің қандай маңызды екенін түсінбейді».

Осы жерде өзге жайлы да сөз басталды. Бізді ондаған жылдар кейін бірге қосып, біріктірген жағдай сонау алыстағы әңгіме.

«Естеріңде ме, қыздар: теплушкада келе жатырмыз, солдаттар біздің винтовка ұстағанымызды көріп, шектері қатқанша күледі. Қару ұстағандай емес, мүлде басқаша... Қазір тіпті көрсете де алмаймын... Қуыршақ ұстағандай болады екенбіз...»

«Адамдар «Соғыс!» деп айғайлап жылап жүр. Ал мен болсам ойлаймын: «Қайдағы соғыс, ертең біздің институтта емтихан ғой? Емтихан – ең маңызды мәселе. Қайдағы соғыс?»

Ал арада апта өтпей жатып бомбылау басталды, біз енді адамдарды құтқаруға кірістік. Мединституттың үш курсы – дәл сол кезде бұл едәуір күш қой. Бірақ мен алғашқы күндері қанды көп көргенім сондай, енді одан қорқа бастадым. Мә саған жартылай дәрігер, мә саған практикалық сабақтардан алған «бесің»! Алайда басқалар өздерін мәрт ұстады, соның өзі қайраттандырды.

Естеріңде ме қыздар, мен сендерге айтып едім ғой. Бомбылау аяқталды, қарасам алдымдағы жер қозғалған сияқты көрінді. Жүгіріп барып қаза бастадым. Қолдарыммен бет-бейнесін, шаштарын аңғардым... Сөйтсем, әйел екен... Қазып алдым да жылай бастадым. Ал ол көздерін ашқанда, менен не болғанын сұраған жоқ, тек қана сауал қойды:

– Менің сөмкем қайда?

– Қазір сізге сөмкенің керегі не? Табылар...

– Онда менің партбилетім жатыр.

Сіз түсінесіз бе? Ол өзінің не қалыпта, не жағдайда екенін емес, партбилетін сұрайды. Мен оның сөмкесін іздей бастадым. Таптым. Ол сөмкесін кеудесіне басып, көзін жұмды. Көп ұзамай санитарлық машина келді, біз әлгі әйелді салып жібердік. Мен тағы да оның сөмкесін бір қарап өттім. Кешкісін үйге келіп, осы жайды шешеме айттым, әрі майданға баруым керек дедім».

«Біздің майданға қалай аттанғанымыз есімде қалыпты. Қыздар толы мәшине, сондай бір дәу де жабық мәшине. Түн еді, әрі қараңғы, бұтақтар брезентті тарсылдатуда, бізге тура оқ жаудырып жатқан сияқты...»

«Мен мамама аса бауыр басқан қыз едім, ешқашанда өзім тұрған қаладан сыртқа шығып көрген емеспін, сөйтіп жүріп мен минометтік батареяға кіші дәрігер болып бардым. Мен қандай кепке ұшырадым?!

Минометтер ата бастағанда мен саңырау болып қаламын. Бүткіл денеңді от шарпып жатқандай сезінесің. Мен отыра қалып: «Мама, мамочка… Маматайым…» деп сыбырлай жөнелемін. Біз орманда тұрдық, таңертең шықсаң – тып-тыныш, шық ілініп тұрады. Осындай да соғыс бола ма? Айналаң әп-әдемі, айналаң тап-тамаша болып тұрғанда да...

Бізге әскери киім киесіңдер деді, ал менің бойым бір жарым метр ғана. Шалбарды киіп көріп едім, қыздар оны төбемнен байлап тастады. Сөйтіп мен өз көйлегімде жүрдім, ал бастықтардан жасырынатынмын. Мені әскери тәртіпті бұзғаным үшін гауптвахтаға да отырғызып қойды».

Ең қиыны, бәрінен де ауыры не болғанын есіне түсіруін сұраймын. Жұмыс деп жауап береді. Күн сайынғы, күшке түсетін ауыр жұмыс: «Жүріп келе жатып ұйқтауға болады дегенге еш сенбес едім. Қатарда келе жатып ұйқтайсың, алдыңда бара жатқан адамға соқтығысасың да, бір ғана сәтке оянып кетіп, одан әрі қайта ұйқтайсың. Ал бірде қараңғыда, мен алға емес, бүйірге қарай шығып, сол бетімде ұйқтап егістік жаққа кетіппін. Ақыры әлдебір жыраға құлап, сонда ғана ояндым – сол бетте өз жауынгерлерімді қуып жетуге жүгіре жөнелдім». Әскери статистика мұның сыртында жарақаттанғандардың, контузия алғандардың, күйіп-жанғандардың көбісі үшін жұмыс қана жатқандығын, бірақ жаралы жүз жауынгердің жетпіс екісі қайтадан қатарға қосылатынын куәландырады. Алдыңғы қатардағы медиктер арасындағы шығындар атқыштар батальондарындағы шығындардан кейін екінші орын алған. Бірақ олардың есінде цифрлар қалмаған – оларды есептеп жататын уақыт қайда? Олардың зердесінде басқа жағдаяттар қалған.

«Операциялық үстелдің жанында тәуліктер бойы қақшиып тұратынбыз. Тұрасың, ал қолдарың өзінен- өзі түсіп кете береді. Кейде басыңмен ота жасалып жатқан жауынгерге тіреліп қалатын да кездерің болады. Біздің аяқтарымыз күп болып ісіп кеткендіктен керзі етіктерімізге сыймай қалатын. Көздеріміз қатты шаршағаннан оларды жаба алмайтынбыз».

«Күні-түні жұмыс істейміз, аштықтан құлап та қалатынбыз. Жейтін тамақ бар болғанымен, оны жеуге уақыт жоқ...»

«Есімнен еш кетпейді: жаралы жауынгерді алып келіп, зембілден түсірді: «Жоқ, ол өліп қалған» десіп жатты. Әлгі жаралы кенет дем шығарған кезде, мен оның алдына тізерлеп құлап түстім. «Дәрігер! Дәрігер!» деп еңіреп, бақырып жатырмын. Дәрігерді тұрғызуға сілкілейді, ал ол болса, қатты ұйқының қойнына кіргені сонша, қайтадан баудай сұлап түседі. Оны тіпті мүсәтірмен оята алмапты. Ол бұған дейін үш сөтке бойына ұйқтамаған еді».

Тағы бір есте қалғаны:

«Бұл бөлім шаңғышылар батальоны еді, онда тек оныншы кластың оқушылары ғана болатын. Оларды пулеметтен жаусатып салды... Тағы біреуін әкелді, ол болса жылап жатыр. Біз де солардың жасындамыз, бірақ өзімізді ендігі ересектеу сезінетінбіз. Оны: «Құлыным менің...» деп құшақтайсың. Ал ол болса: «Сен сол жерде болсаң, мені құлыным демес едің...» Ол өлім аузында жатыр және түнімен: «Мама! Мама!..» деп айғайлап шығады. Солардың арасында Курскіден келген екі бозбала бар еді, біз оларды «Курскінің бұлбұлдары» деп атап кеттік. Таңертең оятуға келсең, анау ұйқыны соғып жатады, еріндеріне сілекейі жабысып қалыпты. Тіптен қаршадай-ақ...»

Сол қыздарда олар өздерімен бір жылда туған ұлдардан ересек екендіктерін сезіну қайдан пайда болған? Кейін жылдар өткенде бастан өткерген сезімдерден пайда болатын әйелдік аяушылық сол қыздың жүрегінде кенет қайдан шыға келеді? Міне, жауап береді:

«Әйел аяушылықтан есейеді. Мен кішкене ғана кыз едім, менің өзімді аяу керек еді, бірақ менің соғыстың бірінші жылында-ақ бастан өткергенім өте көп болды, содан мен өзімді ересек әйел ретінде сезіндім. Сенің көз алдыңда мынадай ғана балақайдың қолын немесе аяғын кесіп тастаса, басыңдағы балалық бұл-бұл ұшқандай болады. Ол болса, түнімен: «Жеттік пе? Жеттік пе? Алға, жігіттер...» деп айғайлап жатады. Ал оған селт етіп қозғалуға да болмайды. Бірыңғай жарақаттар болған емес. Соғыс дегеніңіз әрбір жауынгерді өзінше жарымжан ететін... Бір жігіттің, есімде, күллі кеудесі қопарылып қалған. Өлім аузында жатыр... Соңғы таңу жасадым, әрі өкіріп жібермеуге өзімді-өзің әрең ұстадым. Тезірек бітіріп, әлдебір бұрышқа барып боздап алсам деймін. Ал ол маған: «Рахмет, қарындасым...» – деп қолындағы әлдебір кішкене темірден жасалған нәрсені ұсынады. Қарасам, айқастырылған қылыш пен мылтық екен. «Неге беріп жатырсың?» деймін. «Мамам осынау бойтұмар мені құтқарады деп айтып еді. Бірақ ол ендігі маған қажеті жоқ. Бәлкім сен менен гөрі бақыттырақ шығарсың...» – деді де, қабырғаға бұрылды.

Екіншісі: «Медбике шырығым, менің аяғым қатты ауырып кетті» – деп шақырады. Сонда аяғы таза жоқ... бәрінен де өлгендерді сүйрелеуге қорқатынмын, жел ақжайманы желп еткізсе, ол маған қарап жатқандай болады. Егер көздері ашық жатса, оны сүйрей алмай, көздерін жабамын...»

«Жаралы жауынгерді алып келді, тұтастай бинттеп тастапты, басына оқ тиген, содан өзі әрең көрініп жатыр. Сәл ғана. Бірақ мен оған әлдекімді есіне түсірген сияқтымын, ол маған қарап: «Лариса… Лариса… Лорочка…» – дейді. Шамасы, өзі сүйген қызын шақырады білем. Мен бұл жігітті бұрын ешқашан көрген емеспін, ал ол мені шақырады. Мен жақындап келдім, ештеңе түсінбеймін, құр тесіліп қарай берем. «Сен келдің бе? Сен келдің бе?» – дейді. Мен оның қолдарынан ұстап, еңкейдім... «Мен сенің келетініңді біліп едім...» Ол әлдене деп күбірлеп жатыр, мен оның не деп жатқанын ұқпаймын. Осы жағдайды есіме алғанда, қазірдің өзінде айта алмаймын, көзім жасқа толып кетеді. «Мен, – майданға кетіп бара жатқанда сені сүйіп үлгере алмап едім. Сүйші мені... – дейді». Мен еңкейдім де, бетінен сүйіп алдым. Оның көзінен жас бұрқ ете қалды да, бинтке қарай аға жөнелді, жасырынап қалды. Сонымен бітті. Ол өліп кетті...»

Менің қасымда бір әйел отыр. Бет-бейнесі әдемі, мосқал мұғалімдердің кейпі сияқты қатал. Адамдардың арасында отырғандай емес, өзімен-өзі ұзақ үндемей сөдек отырып қалды. Оның тағдыры да өзгелердікімен сабақтас. Тек зердесі ғана өзіндік.

«Адамдардың өлгілері келмейтін. Біз әрбір ыңырсуға, әрбір айғайға жүгіріп баратынбыз. Мені бір жаралы жауынгер, өлетіндігін сезді ме, иығымнан қапсыра құшақтап алды да, жібермей қойды. Оған егер қасында әлдекім болса, медбике болса, одан тіршілік кетіп қалмайтындай көрінді. Ол: енді бір бес минөт, енді бір екі минөт тірі болсам екен деп жалынды... Біреулер тыныш қана, баяу ғана өлетін, енді басқалары: «Өлгім келмейді!» деп айғайлайтын. Адам өліп бара жатыр, бірақ сонда да өлемін деп ойламайды әрі сенбейді. Ал сен болсаң, шаштарының астынан сап-сары бояу көтеріліп келе жатқанын көресің. Тура көлеңке тәрізді, киімінің астына бірдей жайылады. Адам болса өлі жатыр, ал бет-бейнесінде әлдебір таңғалыс бар сияқты – ол жатқан күйі мен қалай өлдім? – деп ойлап жатқан сыңайлы. Мен шынымен өлгенім бе? Оған соңғы сәтіне дейін жоқ-жоқ дейсің, ондайда өлуге бола ма? Оны құшақтайсың, бетінен сүйесің, сенің мұның не, мұның не дейсің. Аты-жөндері өшіріліп, зердеден кетіп қалыпты, ал бет-бейнелері қалып қойыпты...»

Әңгіме жалпылама болудан қалды. Көп халық жиналғандағыдай әр тарапқа кетті. «Сенің есіңде ме?..», «Есіңе алшы...», «Мынадай жағдай да болды ғой...» Әлдекім есік қақты да, бөлмеге кірді. Келесілерді орындықтарыңды ала келіңдер деп ескерттік.

– Ал мен өз самаурыным мен бәлішімді ала келсем қайтеді?

– Сөйтуге де болады.

Сәлден кейін мына жағдайға орай қаланың екінші қиырынан жеткізілген самаурын екі иығынан дем алып тұрды.

«Біздің майдандастық бауырластығымыз ғой», – деді біреу. Әдеттегі сөз болып естілетін осынау жиырма шақты жанның демімен айтылған әңгіменің мәні менің де жүрегімді шарпып өтті. Бұл дегеніңіз олар үшін қисынсыз поэзиялық сүрлеу емес, бұл – олардың жастық шағы, қажет десеңіз бір-біріне деген адалдығы, достығы, жалпы өмір туралы түсініктері болатын. Олар біздің бүгінгі тірлігімізді де сонау өткен шақтағы қатал да, жоғары мақсаттар биіктігінен бағалайды.

Маған ендігі мен де бейнелер мен дауыстарды ажырата алмай, тек хорды ғана тыңдап отырғандай көрінеді. Әйелдердің зерделік хоры, өйткені үстел басындағы еркектер де үндемей, тыңдап қана отыр. Адамзаттың тіршілігі қандай бағамен құтқарылғанын әйелдер ғана жеткізе айта алады. Олар осылай деп шешті.

«Әкеміз бізді эвакуацияға жіберіп, содан аман қалдық деп ойлаған екен. Бірақ біз, мамам екеуміз госпитальге жұмыс істеуге бардық. Менің дайындығым шамалы еді, тек жараланғандарды алып жүруге ғана көмектестім. Мамам мені курстарға сүйреледі: «Жүр, осыларды бітірейік те, маман медбике болып шығайық деді». Ал ол соғысқа дейін ветеринария институтында лаборант болып істеген-ді.

Саратовты бомбылай бастағанда, госпитальда Отанымыз қиындыққа душар болды деген әңгіме болды. Біз әлгі курстарды бітіруге жақындағанбыз, содан мамам маған майданға бірге баруымыз керек деп айтты. Мамам өз еркімен өтініш берді де, мені және кіші сіңлімді өзімен бірге алды. Оның дайындығы – тек алты айлық медициналық курс қана болса да, ол өзінің қабілеттілігінің арқасында тез арада операциялық медбикеге айналды. Шешем бөгде бір қыз баланы асырап алды, біз онымен әпкелі-сіңлілідей болдық, үшеуміз мамамды бір-бірімізден қызғанатынбыз. Ал шешеміз бәрімізге біркелкі қарайтын. Ал осының бәрі қиын-қыстау жағдайда өтіп жатты...»

«Қолды немесе аяқты кесіп алғанда, қан жоқ... Тек әппақ таза ет бар, ал қан кейін білінеді. Мен қазірде ақ таза еті бар тауықты да пәршектей алмаймын. Менің аузыма ап-ащы дәм келеді...»

«Бірақ, бәрінен бұрын жаудың тіпті бізге, әйелдерге деген әдеттегі адамның санасына сыймайтын қатыгездігі жан түршіктіреді. Бірінен соң бірі айтып жатыр:

«Біз шегініп келеміз, бізді бомбылауда. Жоғарыдан санитарлық керуендердің келе жатқандығы жақсы көрініп тұр, біздің мәшинелерімізге қызыл крест белгілері қойылған. Бірақ фашистік ұшқыштар жер бауырлап ұшып, әрбір адамның соңынан қуалайтын. Біз орманға тығыламыз, ал ол саған қарай құйылып келеді. Мен оны, бет-бейнесін көріп тұрмын. Ол да қыздардың қарағайдың ығына тығылғанымызды көріп келеді, әрі мылтықтарын тіреп қойып атқандай болады, оған қоса арсыздана ыржияды. Сондай өрескел, сұп-суық ыржию және фашистік ұшқыштың әдемі бейнесі – мен мұны есімде сақтап қалдым».

«Олар бізді бомбылап тастап, енді жолдың үстімен сыпырта ұша бастады. Мен қашып барам, ал бір ұшақ соңыма түсіп алсын: мен жүгері алқабына жүгірсем, ол да сонда барады, мен орманға қарай бет алсам – ол мені жерге тұқыртып келеді. Мен орманға қойып кеттім – әлдебір шұңқыр ма, жоқ, жапырақтардың арасы ма, білмеймін. Менің қорқыныштан танауымнан қан саулап кетті, не тірі, не өлі екенімді аңғармай қалдым, аяғым мен қолымды қозғап едім: жоқ, тірі екенмін. Менің содан бері ұшақ атаулыдан зәрем ұшады. Ол бір жерде ұшып келе жатса, ал мен болсам, қайда тығылардың есебін таппай, оны көрмеу және естімеудің амалын жасаймын. Осы уақытқа дейін ұшақтың дауысын көтере алмаймын. Ұшақпен ұша да алмаймын. Менің сол соғыстан қалған осындай қорқынышым бар...»

Мынадай да естерінде қалыпты:

«Стансада жаралыларды тиеген біздің эшелон мен аттарды артқан эшелон тұрды. Осы кезде бомбылау басталды. Жау кетсін деп біз жаралыларды ашып тастадық, ал олар болса жанып жатқан аттарды құтқаруға ұмтылды. Жарақаттанған адамдар айғайлағанда зәрең ұшады, ал бірақ жараланған аттар кісінегендей бұл жалғанда сұмдық дүние жоқ. Олардың еш кінәсі жоқ қой, аттар адамдардың шаруасына жауап бермейді. Бірақ ешкім де орманға қашқан жоқ, елдің бәрі де аттарды құтқаруға ұмтылды. Менің не айтқым келеді? Алапат соғысқа қарамастан, адамдар аңға айналып кеткен жоқ. Фашистік ұшақтар жер бауырлап ұшты. Мен кейін неміс ұшқыштары осының бәрін көрді, олар кейін ұялған шығар деп те ойладым...»

«Соғыста менде мынадай бір ой болған. Біз бір деревняға келсек, орманның маңында партизандар баудай түсіп жатыр екен. Оларға не істегенін мен қайталап айта алмаймын. Әйтеуір азаптап баққан... Ал жандарында, жақын тұста жылқы жайылып жүр. Шамасы партизандардың аттары болуға керек, кейбіреуінің ертоқымдары да бар. Олар немістерден қашып шықты ма, немесе оларды алып кетуге үлгере алмады ма – білмедім. Аттар жайбарақат жайылып жүр, айнала тола шалғын. Мен ойладым: адамдар неге осындай сұмдықты аттардың көз алдында жасаған? Малдың көзінше. Олар қарап, көріп тұрды ғой...»

«Орман өртеніп жатты, астық өртеніп жатты... Соншалық кеуде қабатын, ащы түтін... Темір де жанып жатты... Мұндай иіске де үйрену қажет еді...»

«Жеткен жеріміз сол, госпитальді қойған бетте жаралыларды артады да, эвакуация жасаңдар деген бұйрық беріледі. Жаралылардың кейбірін артады, кейбірі қалып қояды. Мәшине жетіспейді, адамдар да жоқ. Бізге: «Қалдырыңдар... Өздерің кетіңдер...» десіп жатады. Сен кетесің, қалғандары саған жәудіреп қарап жатады. Орнынан тұра алатындары бізбен бірге кетеді. Халі жоқтары – қалады. Сөйтіп сен оған көмектесе де алмайсың, сен оған қарауға да қорқасың... Жас едім, тек қана жылай беремін...

Шабуылға шыққан кезде біз өзіміздің бірде бір жараланған жауынгерімізді қалдырған емеспіз. Біз тіпті немістердің жараланғандарын да жинай жүрдік... Мен бір тұста олармен жұмыс істедім. Үйреніп, ештеңе болмағандай-ақ, олардың жарасын таңамын. Ал енді біз қырық бірінші жылы амалсыздан оқ тигендерді қалдыруға мәжбүр болғанымызда және немістердің оларға жасаған қияпастықтары ойыма түскенде, әлгілерге мүлде қарай алмаймын. Олардың бірде біреуіне көмек көрсетпеспін-ақ деймін... Бірақ ертесіне барғанда оларды тағы орағыштай бастаймын...

Менің ойымда, жадымда не жатталып қалды? Ол – тыныштық, осындай ауыр жаралылар жатқан палаталардағы тылсым тыныштық».

«Әрқилы жарақат алғандар жатады, біреуінің омыртқа жотасы сынған, әйтеуір қолдары жұмыс істейді, ал басқа ештеңесі де жоқ. Олардың астындағы нәжісті қолмен сыпырып аласың... Ол мүлде дәрменсіз. Аяйсың. Бәрін де аяйсың. Тек қана адамдарды ғана емес, күллі тіршілік иелерін де. Құстар ұшады, олар өз жолымен оралып келе жатады... Олар да отқа оранады, мерт болады...

Бомбылау жүріп жатыр. Жыраға жаттық, деревнядан бір ешкі жүгіріп келіп, бізбен бірге жата қалды. Жай ғана қатар жатты да, қатты дауыс шығарды. Бомбылау тоқтады, ал ол болса адамдарға жабыса береді, енді ол де тіршілік иесі емес пе, ол да қорқады. Әлдебір деревняға келіп жеттік те, бір әйелге айттық: «Алыңызшы, аянышты-ақ». Құтқарғымыз келді...»

Мынадай тамұқта, адам айтқысыз қорқыныш құшағында өзінің адамгершілігін сақтап қалған, барлық тіршілік иелерінің – құстардың, малдың, ағаштардың, шөптердің қалай азап шеккенін көрген жанды жеңуге бола ма, сірә?! Оларға қол ұшын беріп, азабын азайтып, бірге қиналды емес пе?! Ал егер жауы тізе бүксе, жарақат алып, қолға түссе оған да кешірім жасай алды, тек кешірім жасап қана қойған жоқ, оның жарасын таңып, емдеді де. Міне осы жағдаят бәрінен бұрын жаныңды жегідей жейді, өйткені мұндай сезімдер бүгінде, бейбіт заманда қалыпты көрінеді, ал ол кезде айнала сенің жерің жанып, сенің жолдастарың мерт болып жатқанда, қиынның қиыны еді. Әйелдер бұл жайында егер сен адам болсаң, таңдау жасай алмайтын табиғи әлде бір мүлде жадағай дүние сияқты баяндайды.

«Палатада неміс пен біздің отқа күйген танкіші жатыр. Мен оларға кірдім:

– Халдарың қалай?

– Мен тәуірмін, – дейді біздің танкіші. – Ал мынаның күйі ауыр...

– Е, ол фашист қой…

– Жоқ, мен тәуірмін, ал анау нашар.

Бобруйскінің түбінде біз немістердің госпиталін басып алдық. Оларға тиіскеміз жоқ, бірақ онда жарақат алғандарды неміс дәрігерлері емдеп жатты. Сонда мен дәрігер-немістің хирургиялық отаны наркозсыз жасағанын көрдім.

– Отаны неге наркозсыз жасайсыз? – деп сұрадым.

– Ол осында ма, әлде сендердің қолдарыңда ма, әйтеуір өледі ғой, бәрібір емес пе?

Міне, дәрігердің айтып тұрғаны. Бұл жағдай менің санама сыймайды...»

«Біз Гиппократтың антын береміз ғой, біз – дәрігерміз, біз кез келген кіріптар болған адамға көмек көрсетуге тиістіміз. Кез келгеніне...

Орап-таңуға эсэсшілерді, эсэс офицерлерін алып келді. Маған медбике жақындап келді:

– Мыналарды қалай орап-таңамыз? Үзіп-жұлқып па, әлде жөнімен бе?

– Жөнімен. Бұлар – жаралылар...

Сөйтіп біз оларды дұрыстап орағыштадық. Кейін екеуі қашып та кетті. Оларды ұстап алды, мен енді қашпасын деп, дамбалдарындағы түймелерін кесіп алдым...»

«Біз адамдарды құтқардық. Бірақ көптеген адамдар өздерінің медик болғандарына өкінді, олар қолына қару алып соғыспай, тек жара ораумен ғана жүретін».

Егер бұрындары үй туралы, ата-аналар туралы әңгіме жиі айтылса, соғыстың соңғы айларында ырымшылдыққа салып, әрқайсымыз мұндай әңгімеден қашқақтайтын болдық. Соғыс тым болмаса сенің үйіңді, сенің анаңды, сенің кішкене сіңліңді аяса екен дегенге қандай сенгіміз келді екен десеңізші... Иә, тым болмаса соларды. Бірақ олар бұдан да ада еді.

«Мен соғысқа бет алғанда ештеңеден қорықпадым. Мен егер бомбылау болса, онда бомбылар тек қана ғимараттарды қиратады деп ойлайтынмын, мені снарядпен не болмаса бомбамен өлтіруге болады дегенге иланбайтынмын. Ал оқ тиюі мүмкін екеніне мен сенетінмін, ал снаряд немесе бомба – менің санама сыймайтын: бұл қалай? Бірақ, кейін көрдім ғой...

Біздің бір медбике тұтқынға түсіп қалды, бірақ біз бір тәулік өткен соң сол деревняны қайта тартып алдық та, әлгі байғұсты тауып алдық: көздерін ойып алыпты, кеудесін кесіп тастаған. Оны қадаға отырғызып қойыпты... Аяз ұрып тұр, ал ол болса әппақ, шаштары да тұтастай ағарып кеткен... Сондағы қызымыз он тоғызда ғана еді... Біз қашанда өзімізге арнаған патронды сақтайтынбыз – өлсең де тұтқынға түспе! Ең қорқыныштысы тұтқынға түспеуде, ал қалғанының баршасы онша қауіпті емес.

Мен соғыс бітер қарсаңында үйге хат жазуға қорқатын болдым. Жазбай-ақ қояйын деп ойладым, әйтпесе анам соғыс бітті, ал мені кенет өлтірсе, тура Жеңістің қарсаңында қаза тапты деп жылайды ғой. Ешкім бұл жайында ештеңе деген жоқ, бірақ бәрі де осы жайлы ойға бататын. Біздің көп ұзамай жеңетінімізді, ендігі көктемнің келгендігін сезетінбіз».

Сөйткен күн де келіп жетті-ау. Оны қалай күтсек те, баршамызға кездейсоқта келгендей болды. Соғысқандардың кез келгенінен сұраңызшы: ол майданның қандай күндерін есіне сақтаған екен? Алғашқы және соңғы күндерін ғана. Әрі оларды әсіресе айқын, кішкене сәттеріне дейін ұмытпаған. Міне, сондай жан тербейтін жағдаяттар:

«Ел келіп: «Соғыс бітті!» – дегенде, мен стерильді үстелге отыра кеттім. Біз, дәрігеріміз екеуміз: «Соғыс бітті!» – дегенде, стерильді үстелге отырамыз деп келісіп едік. Қолдан келмес бір жағдайды жасайық дегеніміз ғой. Мен оған дейін үстелге ешкімді жолатпайтынмын. Менің қолымда биялайларым, өзім маскада тұрамын, үстімде стерильді халат болады, солай тұрып, елге қажетті: анжыларды, аспаптарды беріп тұратынмын... Ал қазір сол стерильді үстелге ойланбастан отыра салдым...

Біз нені армандап едік? Алдымен, әрине, жеңуді, екіншісі – тірі қалуды. Қыздардың бірі айтады: «Соғыс бітеді ғой, мен өмірге көптеген бала әкелемін», енді біреуі: «Менің институтқа түскім келеді», ал үшіншісі: «Ал мен болсам, шаштараздан шықпас едім. Әдемі киімдер киіп алып, өзімді-өзім күтер едім» – дейді.

«Біз өзіміздің селоларға кіретінбіз, ал онда сойдиған тұрбалардан басқа ештеңе де жоқ. Украинада қарбыздан өзге ештеңе өнбейтін селоларға келетінбіз, ондағы тұрғындар алдымыздан сол қарбыздарын алып шығатын.

Мен үйге оралдым. Жеркепеде – шешем, үш бала және ит пісірілген алаботаны жеп отырды. Алаботаны пісіріп алып, өздері де жейді, итке де береді. Ол да жейтін... Бізде соғысқа дейін бұлбұлдар көп болатын, ал соғыстан кейін екі жыл бойына оларды ешкім де естіген жоқ – күллі жер қопарылған, былайша айтқанда атадан қалған қиға дейін көтерілген. Сол бұлбұлдар үшінші жылы ғана пайда болды. Сонда олар қайда болған? Ешкім де білмейді. Олар өздері жайлаған жерге үш жылдан кейін ғана келді. Адамдар бұлбұлдар қайта оралғаннан кейін ғана үй сала бастады».

Елге оралған қыздардың алдында барлық әйелдік қуаныштары мен реніштері қатар өрілген тұтастай өмір жатты. Бірақ, мұндайдың еш ұмытылмайтынын біліп алған олар, ылғи «артқа қарағыштаумен» ғұмыр кешкен еді.

«Соғыста күндер есте қалатын, ал сонсоң жылдар ойға оралатын болды: тұрмысқа қашан шықтың, тұңғышың қашан туды, ұлың институтты қашан бітіріп, қашан үйленді, өзің күміс тойыңды қашан атқардың, немерең дүниеге қашан келді. Өмір дегеніңіз қас қаққанша өте шықты. Соғыс төрт жылға созылды, одан беріде қырық жылдай өмір сүрдім, сонда да соғыс – менің тірлігімнің тура жартысын алып жатқандай көрінеді. Сол бір төрт-ақ жыл...»

«Дала гүлдерін жинай бастасам – соғыс ойыма түседі. Ал ол кезде біз гүлдерге тиіспейтінбіз».

Балалары, немерелері, алдағы шаруалары, ауру-сырқаулары жайлы әңгіме айтып жатады. Сырттай қарасаң – қарапайым ғана әйелдер. Аналар мен әжелер. Бірақ мен сонда да оларды кез келген жерлерде, халық көп жиналған, деген көңілді мейрам кезінде де өзгелерден айыра алатынымды білемін.

– Мына дастархан басында отырған еркектердің әрқайсысы тым болмаса бір әйтпесе екі рет жараланғандар. Олардың бұл күнде тірі қалғаны, балалары мен немерелерінің барлығына біздің қатысымыз жоқ па? Біздің кішкентай ғана медальдарымыз бар, бірақ оларды бізге өмірді сақтап қалғанымыз үшін берген болатын, – деді соңғы тост үшін сөз алған Александра Ивановна Зайцева.

Мәскеудегі Қыздар алқабында халықтың қаражатымен медиктерге – Ұлы Отан соғысының қаһармандарына ескерткіш қойылған. Шіркін-ай, оны алтыннан тұрғызса да болар еді! Иә, ол саф алтыннан, адамдардың ризашылығының, адамдардың естелігінің алтынынан құйылған!

«СОЛ ҚЫЗ МЕН ЕМЕС СИЯҚТЫ...»

Әңгіме айтушы әйелдердің әрқайсысының өзіндік тағдыры бар. Мен сонда, Мәскеуде, алпыс бесінші армия ардагерлерінің кездесуінде Ольга Яковлевна Омельченконы көрдім. Елдің бәрі көктемгі көйлектерін киіп, ашық түсті байламдарын тартып алған, ал ол – әскери формада болды. Маған оның бет-бейнесі әлдебір ерекше болып көрінді: онда уақыт шамалы ғана өзгерткендей өткеннің өшірілмес белгісі жатқандай әсер етті. Біз таныстық, сонсоң мен Полоцк қаласына Ольга Яковлевнаға келдім.

Ол сырқат еді, бірақ сөйтсе де төсегінен көтерілді:

– Сіз енді қашан келесіз? Біздің ұрпақ бірінен соң бірі кетіп жатыр... Сізге өзімнің Винницадағы құрбымның мекенжайын бермек едім, бірге соғысқанбыз, енді кеше қоңырау шалынды – ол қайтыс болып кетіпті. Майдан дегеніңіз біздің баршамыздың ғұмырымызды қысқартты ғой.

Осынау әңгімелерден мен кешіктіңдер! – деген бірнеше жасырын кінәлауды аңғарамын. Өзімнің «Адресат ендігі тұрмайды» деген қосымша сөзі бар бірнеше хаттарымның қайтып оралғаны есімде. Бұрындары кездескендей, өзге қалаға, немесе өзге пәтерге көшіп кетпеген, біржола жоқ болған. Адамның дауысы жоғалды, жаһанға адамның зердесі араласып кетті. Сонда өзімен не алып кетті екен? Оны енді ешкім де білмейді.

Ольга Яковлевна оқиғаларды ойда жоқта барынша сабырмен, салқын ғана есіне түсіріп отырды, мен оның мұнысын ә дегенде түсінбей де, түсіндіре алмай да қалдым. Бұған қиналдым да, өйткені әңгіме үстінде жылау үйреншікті болып кеткен еді. Ол кезде мен жан ауруының қайда екенін дөп басушы едім. Ал мына құрғақ та жанары өңген көздерде ол тереңірек жатты...

Атқыштар ротасының санинструкторы Ольга Яковлевна Омельченко:

«Шешем мені өзімен бірге эвакуацияға кеткенімді қалап еді, ол менің майданға барғым келіп жұлқынып жүргенімді білетін, сөйтіп мені біздің оны-мұнымыз жатқан арбаға байлап қойды. Бірақ мен еппен ағытылып алдым да, жөніме кеттім, әлгі байлаған жібі қолымда қалды.

Елдің бәрі жолға шыққан. Қашып барады. Қайда барып құтыламыз? Жолай бір топ қыздарға кездестік. Солардың бірі: «Мына жерде менің анам тұрады, біздікіне барайық» деді. Біз түн ішінде келдік, есік қақтық. Шешесі есік ашты, киіміміз кір-қожалақ, әбден жыртылған. Бізге қарап: «Табалдырықта тұра тұрыңдар» деді. Ол дәу-дәу қазандарды сүйреп әкеліп, біздің киімдеріміздің бәрін шешіп алды. Шашымызды күлмен жуып, пешке өрмеледік, содан қатып қалыппын. Таң атқанда әлгі қыздың шешесі сорпа қайнатты, картоп қосылған кебектен нан пісірді. Сондағы нан мен сорпаның тәттілігін айтсаңызшы!

Біз сонымен онда төрт күн жаттық, ана кісі бізді шамалап тамақтандырып отырды. Аз-аздан берді, әйтпесе асыра жесеңдер өліп кетесіңдер деді. Содан бесінші күні ол: «Барыңдар» деді. Мұның алдында көршіміз келген, біз пештің үстінде отырғанбыз. Анасы саусағымен көрсетіп, біздің үндемеуімізді сұрады. Ол тіпті көршілерге де қызының келгенін айтқан жоқ, елдің бәріне балам майданда деумен болды. Ал онысы жап-жалғыз қызы еді, ол оны аяған жоқ, оның қайтып келгеніне намыстанып, сонысын кешіре алмады.

Түнде ол бізді тұрғызды да, қолымызға тамақ салған түйіншектерді ұстатып: «Барыңдар...» деді.

– Сонда өз қызын ұстап қалуға амал жасамады ма?

– Жоқ, ол қызын бір сүйді де: «Әкең соғысып жатыр, сен де бар, соғыс!» деді.

Ендігі жолға шыққанда әлгі қыз маған медбике екенін айтып, қоршауда қалай қалғанын жеткізді.

Мен ұзақ уақыт бойына әр жерлерде жүрдім, ақыры Тамбов қаласына жетіп, госпитальға орналастым. Онда жақсы еді, мен аштықтан кейін түзелдім, толып алдым. Міне сонда, мен он алты жасқа толғанда, маған өзге медбикелер, дәрігерлер сияқты қан тапсыруыма болатынын айтты.

Мен ай сайын қан бере бастадым. Донорлық паек та алдым: күшімді тез жинау үшін бір келі қант, бір келі ұнтақ жарма, бір келі шұжық беретін. Мен ауруларды күтуші Нюра тәтені жақын тартып жүрдім, оның жеті баласы бар еді, күйеуі соғыстың басында қаза тапқан. Үлкен ұлы жетіде болатын, ол азық-түлікке барып жүргенде кәртішкесін жоғалтып алыпты, содан мен оларға өзімнің донорлық паегімді беріп тұрдым. Мен айына бірден бес жүз кубик, жарты литрден екі рет тапсыратынмын. Бірде маған дәрігер: «Кел, сенің мекенжайыңды көрсетейік, мүмкін сенің қаның құйылған адам сені іздеп келер» деген ұсыныс жасады. Біз мекенжайды жаздық та, ол қағазды алынған қанға қыстырып қойдық.

Содан, екі айдай уақыт өткен соң, мен кезекшіліктен кейін ұйқтауға жатқан едім. Бір кезде мені біреу сілкілеп жатыр:

– Тұр! Тұр, саған бауырың келіп тұр!

– Қайдағы бауыр? Менің бауырым жоқ! – деймін.

Біздің жатақхана ең жоғары қабатта болатын, мен төменге түстім де, жан-жағыма қараймын. Қарасам: жас та, әдемі лейтенент тұр. Сауал қойдым:

– Мына жерге Омельченконы шақыртқан кім?

Ол:

– Мен шақырдым, – дейді. – Сөйтті де маған дәрігер екеуміз жазған жазбаны көрсетті. – Мінеки... Мен сенің қандас бауырыңмын.

Маған екі алма, кішкене қапшыққа салынған кәмпит әкеліпті. Ол кезде кәмпит деген ұшпайды ғой. О, Құдайым! Қандай тәтті кәмпиттер еді десеңізші?! Госпитальдың бастығына бардым: «Бауырым келді...» деймін. Мені қыдырып келуге босатты. Ол: «Театрға барайық» дейді. Мен туғалы театрға бармаған едім, ал мына жерде жігітпен бірге баруға тура келіп тұр.

Ол бірнеше күннен кейін кететін болды – Воронеж майданына жіберілген екен. Ол қоштасуға келгенде мен есікті аштым да, қолымды бұлғадым. Демалысқа жібермеді: жаралылар тым көп еді.

Мен ешкімнен хат алған емес едім, тіпті оның не екенін де білмейтінмін. Кенет үшбұрышты хат алдым, ал онда: «Сіздің досыңыз, пулемет взводының командирі... қаһармандықпен қаза тапты» деп тұр. Ол менің қандас бауырым еді. Өзі детдомның баласы еді, шамасы жалғыз мекенжайы – мен болсам керек. Ол кетіп бара жатқанында мені соғыстан кейін оңай тауып алу үшін осы госпитальда қалуымды қатты сұрап еді. Арада ай өтпей жатып ол оққа ұшты, менің зәрем жаман кетті. Бірақ бар күшіммен майданға баруға ұмтылдым, сөйтіп бір жерде төгілген өз қанымның өшін алғым келді...

Алайда майданға кету оңай шаруа емес. Госпиталь бастығының атына үш рет рапорт жаздым, ал төртіншісінде оған келдім де:

– Егер сіз мені майданға жібермесеңіз, онда мен қашып кетем, – дедім.

– Жақсы, жарайды. Мен саған осындай қырсық болсаң, жолдама берейін...

Ең қорқыныштысы, әрине, алғашқы шабуыл. Аспан да, жер де гуілдеп кеткен, жүрек алып ұшады, теріңе дейін тырс-тырс етіп, тура қазір жарылып кететін тәріздісің. Жердің көбесі сөгілер деп еш ойламайтынмын. Ал қазір айналаңның бәрі сатырлап, күркіреп кетті. Маған бүкіл жер осылайша шайқалып кеткендей болып көрінді. Жанымды қоярға жер таппадым... Мен осының бәрін қалай бастан өткерерімді түсінбедім... Шыдамайтын шығармын деп ойладым. Менің зәремнің қатты кеткені сонша, енді қорықпас үшін комсомолдық билетімді жаралының қанына малып алдым да, қалтама салып, оны түймелеп тастадым. Міне, мен осы әрекетіммен өзіме-өзім шыдамдылық көрсетуім қажет деп ант бердім, өйткені алғашқы шайқаста жүрексінсең, онда одан әрі жалғыз да қадам жасай алмаймын деп түйдім. Мені алғы шептен алып, медсанбатқа жібереді. Ал мен болсам, тек қана алғы шепте өзімнің қаным үшін өшімді өзім алғым келді. Біз шабуыл жасап келеміз, шөппен келе жатыр едік, ал шөбі белден келеді... Ол жерде бірнеше жылдан бері ештеңе егілмеген екен. Жүруге тым қиын болды. Бұл Курск иінінде болған оқиға еді...

Шайқастан кейін мені штаб бастығы шақыртты. Әлдебір қираған үйшік, өзінде ештеңе де жоқ. Мен кірдім. Жалғыз орындық бар екен, өзі түрегеп тұр. Мені сол орындыққа отырғызды да, былай деді:

– Міне, саған қараймын да, ойға батамын: сені осынау тамұққа ұмтылуға не душар етті? Шыбын тәрізді өлтіре салады. Бұл дегенің соғыс емес пе! Сені тым болмаса санитарлық бөлімге ауыстырайыншы. Жарайды, өлтірсе ештеңе емес, ал егер көзсіз, қолсыз қалсаң қайтпексің? Сен осы жайлы ойладың ба?

Ал мен оған:

– Жолдас полковник, мен оны ойладым. Сізден бір нәрсені ғана сұраймын: мені ротадан алмаңызшы.

– Жарайды, бар! – деп айғай салғанда, менің тіпті зәрем ұшып кетті.

Шайқастар бірінен бірі ауыр. Қоян-қолтық ұрыста да болдым... Бұл дегенің бір сұмдық. Адам таза өзгеріп, тура аңға айналып кетеді... Бірін-бірі жұдырықтап, кеңірдектен алып тұншықтырады, қарнына, көзіне найза сұғады. Өкірген, ыңырсыған ел, аттан-айғай... Соғыстағы ең зәреңді алатыны – осы. Мен бәрінен де өттім, бәрін де білемін. Соғысу ұшқыштарға да, танкішілерге де, зеңбірекшілерге де қиын, бәріне де қиын, бірақ жаяу әскердегі қиындықты ештеңемен салыстыра алмайсың.

Зәреңді аларлық ештеңе болмады десе, мен ешкімге де сенбеймін. Міне, немістер орындарынан тұрып, бізге қарай келе жатыр, ендігі бес-он минөттің ішінде-ақ шабуыл басталады. Сен қалшылдай бастайсың... Бірақ бұл алғашқы оқ атылғанша ғана. Ал команданы естіген бетте, ендігі ештеңе де зердеңде қалмайды, көппен бірге тұрасың да, жүгіре жөнелесің. Сен онда қорықпайсың да. Ал міне, екінші күні ұйқтай алмайсың, өзіңді қорқыныш билеп кетеді. Ұрыстың бәрін де есіңе түсіресің, сенің ойыңа өзіңді өлтіруі мүмкін екендігі оралады, содан барып есіңнен танғанша зәрең кетеді. Дұрысы, шабуылдан кейін кісілердің бет-бейнесіне қарамаған, өйткені бұлардың сұрқы адамдарға таза келмейді. Мен мұның не екенін айтып та бере алмаймын. Жұрттың баршасы шамалы есуастанып кеткен сияқты. Оларға қараудың өзі қиямет...

Өлемін деп қорқасың ба? Әрине, қорқасың. Бірақ біз басқаны да түсінетінбіз – мұндайда қаза табудың өзі тарихтың еншісіне жататын. Міне менде осындай сезімдер болды, мен осы уақытқа дейін тірі қалғаныма сенбеймін. Жарақат та, контузия да алдым, бірақ аман қалдым. Көзімді жұмсам – бәрі де алдыма жетіп келеді. Бірде снаряд қару-жарақ қоймасына түсті де, от лап ете қалды. Күзетуші солдат жақын тұрған, оны да жалын орап алды. Ендігі бұл адам емес, еттің қап-қара кесегіне айналып бара жатты... Ол тек секектеп жүр, ал елдің бәрі шұңқыршаларынан көріп отыр, бірақ ешкімнің қолынан ештеңе келмей, абдырап қалды. Мен ақжаймамды ұстай сала жүгіріп бардым, әлгі солдатқа жаба салып, үстіне жата қалдым. Ол жүрегі жарылып кеткенше тыпырлаумен болды да, ақырында тыныш тапты...

Жынданып кете жаздадым, әбден қанға малындым. Байырғы солдаттардың бірі келіп құшақтады да – естіп жатырмын: «Соғыс та бітер, егер бұл қыз тірі қалса, бәрібір адам болмайды, бітті дей бер» – деп жатыр. Мынадай сұмдықты, осындай жас кезімде жеңе алмаспын дегені шығар. Өзім жын ұрғандай қалшылдап кеттім, мені қолымнан ұстап, жеркепеге апарды.

Осы кезде тағы да шайқас басталды... Севскінің түбінде немістер бізді күніне жеті-сегіз рет шабуылдайтын. Мен сол күннің өзінде-ақ жаралыларды қару-жарағымен бірге алып шығып жүрдім. Соңғысына еңбектеп келіп едім, оның қолы мүлде бөлек ілініп қалыпты. Оның қолын тез арада кесіп алып, қалғанын таңып тастау қажет еді, онсыз орап-таңу мүмкін емес. Ал менің не пышағым, не қайшым болмай шықты. Сөмкем бүйірімде бұлғақтап жүргенде, олар түсіп қалыпты. Не істейін? Сөйтіп мен осы қып-қызыл етті тісіммен қырши бастадым. Қыршып болып, таңып тастадым... орағыштап жатырмын, ал жаралы: «Тезірек, қарындасым. Мен әлі де соғыса аламын...» дейді. Ол сандырақтаумен болды...

Бұл шайқаста бізге қарсы жаудың танкілері жөңкілгенде, екі жауынгерімізді қорқыныш билеп алды. Біздің көптеген жолдастарымыз қаза тапты. Мен шұңқырға сүйретіп апарған жаралылар тұтқынға түсіп қалды. Оларды алып кетуге мәшине келуі тиіс еді... Ал әлгі екеуі қорқынышқа берілгенде, ел үрейленіп, дүрлігіп кетті. Адамдар тізбегі дір етіп, бет-бетімен жүгіре жөнелді. Жараланғандар жайына қалды. Біз кейін олар жатқан жерге келсек, біреуінің көзін ағызып, екіншісінің шек-қарнын ақтарып тастапты. Фашистер біздің жаралыларға аяушылық білдірмейтін...

Мен бұл жайды естіп-білгенімде, түн ішінде таза қарайып кеттім. Таңертең күллі батальонды тік тұрғызып, әлгі қорқақтарды алға шығарды. Атуға үкім оқылды. Енді үкімді орындау үшін жеті адам керек... Үшеуі шықты, қалғандары үндемей тұр. Мен автоматты алдым да, ілгері шықтым. Соңымнан барлығы да шықты... Оларға кешірім жасауға болмайтын еді. Солардың қырсығынан қандай жаужүрек жігіттер жер құшты! Нағыз мықты жігіттер қаза тапты...

Сөйтіп жүргенде маған барлаушылар ротасының командирі ғашық болып қалсын. Хаттарын өзінің солдаттарынан жіберіп тұратын. Мен онымен кездесуге бір-ақ рет келдім. «Жоқ, – дедім мен. – Мен көптен бері тірілер қатарында жоқ адамды сүйемін». Ол маған тым жақындап келіп, көзіме үңіле қарады да, жүре берді. Атыс жүріп жатқанда ол тіп-тік қалпы жүретін, тіпті иілуді де білмейтін...

Сонсоң, бұл енді Украинада болған оқиға, біз бір үлкен селоны азат еттік. «Жай жағалап шығайыншы» деп ойладым. Ауа райы тамаша еді, әппақ хаталар қатар-қатар тұр. Ал селодан шыға бергенде – жаңа қазылған бейіттер... Осы ұрыста қаза тапқандарды да сонда жерледік. Мені не жетектегенін өзім де білмеймін, ал ондағы тақтайшада сурет пен фамилиялар жазылып тұр. Әрбір бейітте солай ғой. Кенет қарасам – таныс бейне... Маған ғашық болған барлаушылар ротасының командирі екен. Әрі оның фамилиясы да тұр...

Мен не болғанымды білмей қалдым. Қатты қорқып кеттім. Тура осы кезде бейітке марқұмның ротасындағы жігіттер келе жатты. Олар бәрін де білетін, командирлерінің хаттарын әкеп беретін. Бірақ бұл жолы ол жерде мен жоқтай-ақ, маған ешкім де көз салған жоқ. Ал кейінде, мен олармен кездескенде, олар менің қаза тапқанымды қалады ғой деймін. Олар менің тірі тұрғанымды көргілері келмеді. Мен осыны сезіндім...

Соғыстан оралған бетте мен қатты ауырып қалдым. Әлдебір қарт профессорға кездескенімше ауруханаларды жағалаумен болған едім. Ол мені емдеді. Сонда айтқаны – егер мен майданға он сегіз-он тоғызымда, организмім бекігенде барсам, бәрін де көтерер едім. Ал мен тек он алтыда ғана – өте жас болғандықтан организм қатты күйзеліске түскен деді.

«Әрине, дәрінің жөні бір басқа, – деді ол маған, – емделіп көруге болады, алайда, денсаулықты қалпына келтіріп, өмір сүргіңіз келсе, менің бірден-бір берер кеңесім – тезірек тұрмысқа шығып, шама келгенше көп бала сүю қажет. Сізді тек осылай ғана құтқарып алуға болады. Әр нәресте туған сайын организм қалыпқа келгенше жаңарып отырады...»

– Ал сіз неше жаста едіңіз?

– Соғыстан қайтқанымда жиырмаға аяқ бастым. Әрине, мен ол бетте тұрмысқа шыққым да келген жоқ.

– Неге?

– Мен өзімді өте шаршап-шалдыққан, әрі өз қатарымнан көп ересек, тіпті кәрімін деп сезінетінмін. Құрбыларым билеп, қуанышқа бөленіп жатады, ал мен өйте алмаймын, мен өмірге өзгеше қарайтынмын. Сырттай оным байқалмайтын, мені жас жігіттер айналдыратын, ал менің жаным өте қажыған-ды. Менің көргенімді еркектердің бәрі бірдей көтере алмайтын... Операциялық палатка – кесілген аяқ-қолдарды лақтыра салатын жер болатын... Бірде палаткаға менімен бірге офицер кірді, ол жарасын таңуды өтінді. Есікті ашқан бетте, көргенінен табан астында құлап түсті. Еркектің өзі де шыдамай кетті.

Ал Севск түбіндегі қантөгістер... Мен сізге сондағы ұрыс даласынан алпыс жеті жаралы жауынгерді қалай алып шыққанымды айтқан болатынмын. Менде майдандық гәзит сақталған, онда отыз жетінші гвардиялық дивизияның жүз он сегізінші полкындағы біздің бірінші рота және мен жайлы жазылған. Шайқастың ауыр болғандығы сондай, тіпті құлағымнан да қан кетіп жатты. Ертесіне ауырып тұрғандай болдым...

– Ақыры тұрмысқа шықтыңыз ба?

– Шықтым. Бес ұл тауып, өсірдім. Ендігі немерелерім де ержетті. Сайып келгенде мен тәп-тәуір ана және әже болып шықтым. Ал соғыстан келген бетте, мұндай қолымнан келмейді деп ойлаған едім.

Мен қазір бәрін де есіме алып отырамын, сонда: сол қыз мен емес, өзге бір бөтен қыз болып көрінеді...»

Менің жанымда әрқилы сезімдер: масаттану мен абыржу, таңғалу мен қарсылық білдіру, ауырсыну мен аяушылық күресіп жатады. Олар мені осынау бет-бейнеге үңіле түсуге, осынау дауысқа қатты құлақ түруге мәжбүр етеді. Содан мынаны ойлағың келеді: бір мезгілде екі уақытта – өткен күн мен бүгінгі мезгілде ғұмыр кешетіндердің халі нешік? Олар біздің тек біле алатындарымызды бастарынан баяғыда өткерген. Білуге тиістіміз! Әрдайым болмаса да, бәлкім, білуге тиісті шығармыз. Бірақ өзін осындай сезімде ұстап алып және сол сәтте жазғырған ұлы Толстойды еске алайықшы: «Сіз міне, есікті жаңа ғана аштыңыз, кенет сізді кесілуге тиісті біреулері кереуетте, көбісі еденде жатқан қатты жараланғандардың қырқы әйтпесе елуінің сиқы мен иісі сізді әп-сәтте есіңізден тандырады. Өзіңізді залдың табалдырығында ұстап тұрған сезімге сенбеңіз – ол алдамшы сезім...»

Біз осынау ауыр зердені көтеріп жүрген оларды емес, өзімізді аяймыз. Риясыз аяушылық білдіру үшін, қатал білімнен бас тартпай, оны бөлшектеп, бір бөлігін өз жанымызға да алуымыз қажет болады. Өйткені бұл құжат қой – оны қайтадан жаза алмайсың, себебі бұл құжат қанмен жазылған, оны 41-ші, 42-ші, 43-ші, 44-ші, 45-ші жылдардың ақ парақтарына өмірдің өзі жазған...

«МЕН СОЛ КӨЗДЕРДІ ӘЛІ ДЕ ҰМЫТҚАН ЖОҚПЫН...»

Менің Минскіде тұратын көшем – азамат соғысына қатысушы, Испаниядағы шайқастардың қаһарманы, Ұлы Отан соғысында партизандық бригаданы басқарған Кеңес Одағының Батыры Василий Захарович Корждың атында. Мен бүгін ол көшеде жаңа сезіммен жүрдім: кітаптар мен кинофильмдерден етене таныс, менің конверттер мен жеделхаттарда өздігінен көрсете салатын адамның аты, кенет белгінің көпмағналылығы мен алшақтығын жоғалтты да, нақты адамдық болмысқа айналды.

Енді троллейбуспен қаланың екінші шетіне жарты сағат жол жүрсем, мен оның қыздарын көретін болдым.

Есікті кіші қыз – Зинаида Васильевна ашты. Әкесінің суретіндегідей, қою қара қасты және тік те ашық көзқарас.

– Өтіңіз, біз сізді тосып отырмыз... Оля бүгін таңертең Мәскеуден келді. Біздің анамыз да осында.

Ольга Васильевна Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде сабақ береді. Туған жерін сағынатынын, әрі сирек келетіндігін мойындайды: отбасы, жұмыс дегеніңіз – осының бәрі, әсіресе үлкен қалада уақыт пен күшті көп қажет етеді. Ал жақында, міне, немере туды, әбігер көбейді, өйткені «жұмыс істейтін әже болу» оңай емес.

Зерде дейсіз бе? Оны еске алмаған дұрыс болар еді, сол өйткені ауқымнан шығып, нақты болмысқа оралу өте қиынға соғады. Соғыс алыстаған сайын, жеңілдеудің орнына, ауырлай түседі.

Олар екеуі де – Ольга Васильевна мен Зинаида Васильевна Корждар атты әскери эскадрондарында санинструкторлар болған. Ескі, ауыр рамаға салынған әкелерінің үлкен фотосуретінің астында мен олардың әңгімелерін жазып отырдым.

Қасымызда аналары – Феодосия Алексеевна отыр. Ол біресе фотосуретке, біресе қыздарына қарағыштай береді.

– Бомбылау жүріп жатыр. Айнала тегіс отқа оранған. Бізге эвакуация жасаңдар десті... Ұзақ жүрдік. Сталинград облысына келіп жеттік. Әйелдер балаларымен бірге тылға қарай, ал еркектер сол сол жақтан келіп жатыр. Комбайншылар, тракторшылар, барлығы келе жатыр. Есімде, біреуі өздері тола полуторкадан тұрып: «Мамашалар, қарындастар!! Тылға қарай барыңдар, біздің жауды жеңуіміз үшін астық жинаңдар!» деп айғайлады. Сөйтіп олар, барлығы да құлақшындарын алып, бізге қарап тұрды. Ал біз, өзімізбен бірге алуға үлгергеніміз – балалар еді. Соларды ұстап келеміз. Біреулері қолдарына алған, біреулерін жетектеген. Әлгі жауынгер: «Мамашалар, қарындастар!! Тылға қарай барыңдар, астық жинаңдар...» деп сұрап тұр. – Ал қыздары жайлы Феодосия Алексеевна мынаны айтты: – Егер біз үйде отырсақ, олар майданға кеткендегіден қаттырақ қорқар едім. Ал біз болсақ эвакуациядамыз, бөгде адамдардың қолындамыз, баршаның басына түскен ауыртпашылық...

Ол осыдан кейін біздің әңгімемізге еш араласқан жоқ, тек кеудесіне тарамыс қолдарын айқастыра түсіп, үнсіз отырды.

Зинаида Васильевна:

– Біз Пинскіде тұрдық. Мен он төрт жарым жастамын, Оля – он алтыда, ал бауырымыз Леня – он үшке толған. Біз тура сол күдері Оляны балалар санаторийіне жібергенбіз, ал әкеміз, бізбен бірге деревняға бармақ болған. Алайда ол сол түні үйде қонған жоқ деуге болады. Ол облыстық партия комитетінде істейтін, түнде оны шақырып әкетті, содан ол тек таңертең ғана оралды. Асүйге жүгіріп кірді де, әлденені қаужаңдап, бізге былай деп жатыр:

– Балалар, соғыс басталды. Ешқайда да бармаңдар. Мені тосыңдар...

Түнде біз кететін болдық. Әкеміздің Испаниядан қалған ең қымбатты дүниесі – патронташы бар жақсы аңшылық мылтығы бар еді. Бұл батырлығы үшін берілген награда болатын. Ол сол мылтықты бауырымызға тастады:

– Сен енді осы үйдің үлкенісің, сен еркексің, шешең мен әпкелеріңе қамқор болуға тиіссің...

Біз сол мылтықты соғыс бойына сақтап келдік. Барлық жақсы заттарымызды саттық немесе нанға айырбастадық, ал мылтықты сақтап қалдық. Одан айрыла алмадық. Ол біздің әкеміздің көзіндей болатын.

Сонымен бірге ол біздің мәшинемізге өзінің ең жылы киімі – үлкен былғары тонын салып жіберді.

Стансаға келген соң, пойызға ауысып отырдық, Гомельге жетпей-ақ қалың бомбылаудың астында қалдық. Сосын шешем бауырыммен вагоннан шығып үлгерді, ал мен қалып қойдым. Бір әйелге – дәрігер-капитанға жабысып алдым да, жаралыларды таңуға көмектестім. Сонымен мен оның санитарлық бөлімімен бірге кете бардым. Олар мені тамақтандырды, бірақ қателіктерін байқап қалып:

– Ал сен осы нешедесің?

Мен егер шынымды айтатын болсам, олар мені әлдебір балалар үйіне жібере салады. Ал менің соғысқым келді. Бізге әкеміз үнемі айтатын: бөгде жерде соғысатын боламыз, мұның бәрі уақытша ғана, соғыс тез арада бітеді деп иландыратын. Менің балалық ойымда, осының бәрі қалайша менсіз өтпек деген ұғым болатын. Мен он алтыдамын дедім, содан мені қалдырды да, курсқа жіберді. Осы курста мен төрт ай оқыдым. Оқи жүріп, үнемі жаралыларға қызмет көрсетуді үйрендім. Училищеде емес, осындағы медсанбатта оқыдым. Біз шегінумен болдық, жаралыларды өзімізбен бірге ала жүрдік.

Жолдармен жүрмейтінбіз, олар бомбылаудың, атқылаудың астында қалатын. Батпақпен, жолдың жиегімен, тарамданып та жүретінбіз. Әрқилы әскери бөлімдер келе жатады. Бір жерде шоғырлана қалады, яғни ұрысқа кірді деген сөз. Осылайша жүріп келеміз, жүріп келеміз, жүріп келеміз. Арасында егістікпен де жүрдік. Сол жылғы егін өте бітік шығып еді! Біз жүріп өткен жердің қара бидайы тапталып қалатын. Сондағы астықтың шығымы мен биіктігін айтсаңызшы! Жасыл шалғын, күн жайнап тұр, ал өлгендер тарыдай шашылып жатыр, аққан қан анау...

Біз осылайша Ростовқа дейін жеттік. Сол жердегі бомбылау кезінде мен жарақат алып қалдым. Пойызда есімді жисам, естіп жатырмын – мосқал украин солдат жас жауынгерге ұрсып отыр: «Сенің қатының бала тапқанда тап сен тәрізді жылаған жоқ, ал сен неменеге өкіресің?» Ал мен көзімді ашқанда маған былай деді: «Ал сен балақайым, жылап ал. Жеңілденесің. Саған жылауға болады...» Мен анамды есіме түсірдім де, еңіреп қоя бердім.

Госпитальдан соң маған демалыс берілуі тиіс еді, сөйтіп мен анамды тауып алуға әрекет жасадым. Мамам да мені, Оля да бізді іздепті. Біз Мәскеудегі бір таныстарымыз арқылы табылдық. Бәріміз сол сол мекенжайға жазып, ақыры бас қостық-ау. Анам Сталинградтың түбіндегі бір колхозда істейді екен. Мен де солай бардым. Бұл қырық бірінші жылдың аяғы болатын. Леня әлі он үште болғанымен трактор жүргізеді екен. Алданда ол тіркеуші болған, содан барлық тракторшыларды майданға алып кеткенде, ол да тракторға отырады. Таңның атысы, күннің батысы – жұмыс та жұмыс. Анам трактордың соңынан, немесе қатар жүріп отырған. Ұлы ұйқтап кетіп, құлап қалмасын деп қорыққан ғой.

Мамам Леня екеуі біреулердің еденінде ұйқтап, үйдегілер оларды аттап жүре береді екен. Осындай жағдайды да көрдік. Көп ұзамай Оля да келді, оны есепші етіп орналастырыпты. Бірақ ол майданға сұранып, военкоматқа талмай жазғанымен, олар өтінішін қабыл алмаған. Содан біз былай деп шештік – ол кезде мен де әскерге жарағандай болып едім – екеуміз Сталинград жаққа барып, әлдебір әскери бөлімді тауып алмақшы болдық. Біз анамызды тыныштандырдық, тіпті Кубаньға барамыз десіп, алдадық та – ол жақта әкеміздің таныстары болатын...

Менің ескі шинелім, гимнастеркам, екі шалбарым бар болған. Біреуін ештемесі жоқ Оляға бердім. Ал екеуміздің ортамызда жалғыз ғана етік болды. Шешеміз екеумізге қойдың жүнінен әйтеуір бір-бір жылы ұйық тоқып берді, оны шәркей деуге де болады. Біз сол Сталинградқа дейін алпыс шақырымды жаяу жүріп өттік, біріміз етік кисек, екіншіміз – шәркей ілеміз, сосын айырбастасамыз. Ақпан айы болатын, аяздың астында жүріп келемі, үсіп-жаурадық, ашықтық. Шешеміздің жолға дайындап бергені: сүйек-саяқтан жасалған тоңазыма мен бірнеше шелпек қана. Ал біздің қарнымыз әбден ашты...

Өліп-талып Сталинградқа жеттік-ау, ал ол жерде ешкімнің бізбен шаруасы жоқ. Ешкім бізді тыңдағылары да келмейді. Содан біз анамыз айтқанындай Кубаньға, әкеміздің берген мекенжайына барамыз деп шештік. Бір жүк пойызына еніп алып: мен шинелімді киіп алып отырмын, ал Оля сөрелердің астына кіріп кетті. Одан кейін біз тағы киімді ауыстырып киіп, енді мен сөренің астына тығыламын, Оля отырады. Әскерилерге тиіспейтін. Біздің қалтамызда көк тиын да жоқ...

Кубаньға да жеттік. Таныстарды таптық. Сол жерде казактардың ерікті корпусы қалыптасып жатқанын естідік. Бұл казактардың кавалериялық төртінші корпусы болатын, сосын ол гвардиялық бөлімге айналды. Ол тек еріктілерден ғана құрастырылды. Ол жерде түрлі жастағы адамдар: бір кезде Буденный, Ворошилов шабуылға алып шыққан казактар да, бергі жастар да бар еді. Бізді эскадронға қабылдап алды.

Біздің әрқайсымызға нысанды киім-кешек пен ат берді. Атыңды өзің жепдеп, суын беріп, толықтай күтім жасауға тиістісің. Біздің бала кезімізде үйде ат болғаны қандай жақсы болды, мен ол атқа тез үйреніп, жақсы көріп кеткен едім. Енді міне, маған ат берген кезде – мен қорықпай отыра салдым. Салған беттен оңтайлы болмағанымен, мен еш жүрексінбедім. Атым кішкене ғана, құйрығы жерге дейін төгілген, әйтеуір ұшқыр, жақсы үйретілген, мен ілезде мініп жүруді игеріп алдым. Одан кейін венгр, румын аттарында шаба беретінмін. Менің атқа үйірсектенгенім, олар туралы білетінім сонша, қазірдің өзінде олардың қасынан жайбарақат өте алмаймын. Өзіміз олардың аяқтарының астында ұйқтайтынбыз, аяғын қанша қозғалтқанымен, адамды басып кетпейді. Ал адам тірі болса, тек жараланып қалса, ат ешқашан оны тастап кетіп қалмайды. Өте ақылды жануар ғой. Ал кавалерист үшін ат – оның қанаты, құтқарушысы.

Алғашқы ұрысқа кіруіміз – Кущёвская станицасының түбінде біздің корпустың танк шабуылына тойтарыс беруінен басталды. Кущёвская қырғыны – кубань казактарының әйгілі атты шабуылы – осыдан кейін корпусқа гвардиялық атау бергізді. Өте алапат шайқас болды. Ал Оля екеуміз үшін тіпті үрейлі еді, себебі біз әлі қорқатынбыз. Мен ендігі соғысқа қатыссам да, кавалеристер лап қойып берген кезде, олардың черкес шапандары қалай желбірейтінін, қылыштарының қынынан суырылатынын, аттар сонша осқырынатындарын білмейтінмін. Ал аттар шаба жөнелгенде күштері қозып кетеді екен: осындай алапат тасқын танкіге, артиллерияға, фашистерге лап бергенде – қорқынышты түс көргендей боласың. Ал фашистер өте көп, олардың саны басым болды, олар автоматтарын көлденең ұстап алып, танктермен қатар жүріп келе жатқан – солардың өзі, түсінесіз бе, мына тасқынға шыдас бере алмады. Олар зеңбіректерін тастай қашты...

Әлгі шабуыл туралы Ольга Васильевна:

– Мен жаралыларды орап-таңып жүрмін, қатарда фашист жатты, ол өлген екен деп, онша назар салмадым, сөйтсем, ол жаралы екен, мені өлтірмекші болған. Мені біреу түртіп қалғандай-ақ оған бұрылдым, абырой болғанда, автоматын аяғыммен теуіп жіберуге үлгердім. Сонда да мен оны өлтірмедім, бірақ жарасын таңбадым, ол қарнынан жараланған еді... – деді.

Зинаида Васильевна одан әрі жалғастырып әкетті:

– Мен жаралыны қолтықтап келе жаттым, бір кезде қарасам: кішкене танктің артынан екі неміс шығып келеді. Танкетка атып қиратылғанда, олар сытылып шығып үлгерген білем. Бір ғана секунд, егер мен оқ жаудырып үлгермегенде, олар мені жаралыммен қоса атып кетуші еді. Осының бәрі қас қағым сәтте, аяқ астынан орын алды. Шабуыл аяқталған соң, мен олардың жанына барып едім, көздері ашық жатыр екен. Біреуі әп-әдемі, жап-жас неміс екені есімде. Ол фашист болғанымен аяйсың әрине, бірақ өлтіру бәрібір қорқынышты. Осы сезімдерден мен көпке дейін арыла алмай жүрдім, қалайда өлтіргің келмейді, оны түсінерсіз... Бір ашу, ыза буады: олар біздің жерімізге неге келді, қандай ниетпен келді? Ал жеме-жемге келгенде өлтіру, бәрібір қорқынышты…

Шабуыл аяқталды. Казактар жүздігін тұрған орындарынан алып жатыр, Оля болса жоқ. Мен елдің соңынан келемін, жан-жағыма қарағыштаймын. Кеш батуға айналды. Ал Оля жоқ... Олар жаралыларды жинауға қалды дейді. Мен ештеңе істей алмадым, тек оны күтумен болдым. Өз жүздігімнен қалайын, күтейін, сосын қуып жетермін деймін. Жылап келем: бірінші шабуылдың өзінде-ақ, осылайша әпкемнен айырылып қалғаным ба? Ол қайда? Оған не болды екен? Мүмкін бір жерде өлім халінде, мені күтіп жатыр ма екен?..

Бізді Оля түнде ғана қуып жетті. Біздің кездесуімізді көрген казактар жылап жатыр. Бір-бірімізді мойындарымыздан құшақтап алып, айрылыса алмай қойдық. Біз ылғи осылайша бірге болуымыз қиынның қиыны екенін түсіндік. Одан да бір-бірімізді көрмеу үшін, бөлек-бөлек кету керектігін түсіндік. Біріміздің көз алдымызда біріміз өліп кетсек, ешқашан шыдамаспыз. Содан, мен басқа эскадронға сұрануым керек деп шештік.

– Сонымен сізді ауыстырды ма?

– Иә. Біз бөлек-бөлек соғыстық, әуелі бөлек эскадрондарда, ал кейін тіптіт бөлек-бөлек дивизияларда болдық. Сәті түскенде сәлем айтып, тірі ме екен дегенді ғана біліп жүрдік...

Аяқ бассаң ажал күтіп тұрады. Арараттың түбінде болсын... Біз құмдақта тұрғанбыз. Араратты немістер басып алған. Дәл осы кезде Рождество басталған, немістердің Рождествосы, олар тойлап жатты. Бізден эскадрон мен қырық миллиметрлік батареяны алып алған. Сағат бестердің шамасында біз жылжыдық, түнімен жүріп келеміз. Таңсәріде өзіміздің барлаушыларымызды кездестірдік, олар уақытынан бұрын шықты.

Селоның өзі төменде жатты. Мынадай құмды біз жүріп өтеді деп немістер еш ойламаған, сондықтан қорғаныс аз ғана еді. Біз, білдірмей ғана олардың тылы арқылы өтіп кеттік. Таудан төмен түстік – бірден күзетшілерді құрттық та селоға шауып кірдік. Қолдарына автоматтарын ұстай сала, жап-жалаңаш немістер атып-атып шықты. Іште шырша тұрды... Немістердің барлығы мас... ал әр аулада кемінде екі-үш танк тұрды. Кішірек танкілер, бронетранспортерлер дейсің бе, барлық техника болды... Біз солардың бәрін де жарып жібердік. Сол кезде қалың атыс, тарсыл-гүрсіл, айғай-шу басталды да кетті... Олар жанталаса жүгіріп, өз адамдарын атып алар ма екенмін деген қорқыныш жайлап кетті.

Менің жеті адамым жарақат алды. Барлығын да төбеге тартып алдым. Алайда біз бір қателік жіберіп алған екенбіз: байланысты үзіп тастамаппыз. Содан немістердің артиллериясы бізді минометтен, алысқа ататын зеңбіректен атқылай бастады. Мен өз жаралыларымды дереу санитарлық арбаға тиедім. Олар отырысымен жүріп кетті... Тура менің көз алдымда сол арбаға снаряд түсіп, барлығы быт-шыт болды. Барып қарасам, тек біреуі ғана тірі қалыпты. Ал осы кезде немістер жоғары көтеріліп келе жатты... Жаралым: «Қалдырып кет мені, медбике айналайын... Қалдырып кет мені, қарындасым... Мен бірібір өліп бара жатырмын, бітті...» деді. Ол қарнынан жараланған болатын. Оны алып жүруге болмайтын.

Менің атыма жаралының қаны жұққан шығар деп ойлаған едім, қарасам: атымның да бүйіріне оқ тиіпті, жеке пакетім тұтастай сонда кіріп кеткен екен. Өзімдегі бірнеше кесек қантымды шығардым да, оған бердім. Ендігі жан-жақтың бәрінен ата бастады, қай жерде неміс, қай жерде өзіміздің әскер жатқанын түсінудің өзі мүмкін болмай қалды. Он метр жүрсең болды, жаралыға кезігесің... Арбаны іздеп, барлығын артып алуым керек деп ойладым. Келе жатсам, төменге түсетін үш жол жатыр, екеуі екі жаққа бұрылады, ортасында тік жол. Қайсысына түсемін? Тізгінімді мықтап ұстап алдым. Мен қай жаққа бұрсам, атым солай қарай жүреді. Осы кезде қандай сезімнің мені бастағанын білмеймін, бірде аттар жолды сезеді дегенді естігенім бар, айырыққа жетпей, тізгінді босата салдым. Сонда атым мен барайын деген емес, тіпті басқа бағытқа қарай түсіп алды да, жүріп келеді, жүріп келеді, жүріп келеді...

Мен ендігі әлімнен айырылып, ат енді қайда апарса, сонда апарсын деп отырмын. Басқа салғанды көрермін. Алдымен атым мимырттап жүріп келе жатты да, енді біраздан соң ширай бастады, басын шайқақтатады, мен тізгінді қолыма алып, байқастап отырмын. Атыма еңкейіп, оның жараланған жерін алақаныммен басып қоямын. Ол бірте-бірте таза ширап алды, сонсоң әлдекімді естіп қалды ғой деймін, қатты кісінеп жіберді. Мен қорқақтап қалдым: егер бұлар немістер болса қайтпекпін? Алдымен аттың басын жібергім келді. Бірақ ізінше өзім де тачанка дөңгелегінің ізін көрдім – кемінде елу адамдай өтіпті. Енді ізі жүз-үш жүз метр өткеннен кейін арбаға барып тірелді. Онда жаралылар жатыр еді, мен біздің эскадронның қалған жауынгерлерін көрдім.

Бірақ бізге ендігі көмек келе бастаған-ды қорапты арбалар, тачанкалар деген сияқты… Ешкімді тастамаңдар деген бұйрық болды. От пен оқтың астында жүріп, жаралыларын да, өлгендерді де соңғысына дейін жинап алдық. Мен де тачанкаға мініп алдым. Өзім алып шыққан жаралылардың, тіпті қарны жарылған жауынгерді де сол жерден таптым. Тек атып тасталған аттар ғана қалды. Айналаға жарық түсе бастады, келе жатырсың және көріп те тұрсың – бір табыны жатыр. Әдемі де әлді жылқылар...

Біз отырған үлкен бөлменің бар қабырғасына медбикелердің соғысқа дейінгі және майдандағы суреттері ілініпті. Міне, олар әлі шләпа киген, қолдарына гүл ұстаған оқушылар. Бұл сурет соғыс басталардан екі апта бұрын жасалған. Әдеттегі балалардың жүздері, күлкілі, бірақ сол сәттің маңыздылығымен байсалданған. Міне, ендігі олардың казактардың черкескаларын, кавалериялық буркаларын киіп түскен суреттері де тұр. Мынау қырық екенші жылдың фотолары. Арада бір жыл ғана өткен, бірақ түстері де өзгеше, адамдар да өзгеше. Ал мына суретті Зинаида Васильевна анасына майданнан жолдапты: гимнастеркасына алғашқы «Ерлігі үшін» медалі қадалыпты. Мынасы – Жеңіс Күні түскен суреті... Есімде не қалады? Бет-бейненің өзгеруі: балғын балалық пішіннен ересек әйелдің қатаңдығы мен сұстылықпен қараған кейпі есте қалады. Бет-бейненің осынша өзгерісі санаулы ғана айлар, жылдар барысында жүзеге асқанына сену қиын. Жайшылықта мұндай өзгеріске өмірдің жартысы кетер еді.

Соғыс оларды өзгертіп отырды. Соғыс оларға мінез-құлықтың, өмірге деген көзқарастың қалыптасуы кезінде килікті. Соғыс оларды тіпті адамның басына, әсіресе әйел тілемейтін көп қиыншылықты көтеруге мәжбүрледі. Соғыс көп жайды ой елегінен өткізуге міндеттеді. Мәселен, адамгершілік пен жауыздық, өмір мен өлім жайлы таразылауды үйретті. Адам әдетте бірталай ғұмыр кешіп, әлдебір жағдайларда ғана осы сауалдарға жауап тауып үйренер еді. Ал бұлар өмірді енді ғана бастаған жандар. Сонда да олар әлгіндей сауалдарға жауап табуға тиісті болды...

Ольга Васильевна былай деп есіне алады:

– Біз әлдебір деревняны басып алдық, ал онда неміс госпиталі қалған екен. Сонда менің алғашқы көргенім: аулада үлкен шұңқыр қазылыпты, немістер кетер алдында өздерінің жаралыларын атып кетіпті. Тек жалғыз ғана палата қалған екен, шамасы оған дейін жете алмаған, әлде үлгермеді ме, әлде олардың бәрі де аяқсыз болғандықтан тастап кеткен бе?

Біз олардың палатасына кіргенімізде, олар бізге сондайлық жеккөрініштілікпен қарады, шамасы, біз оларды өлтіруге келді деп ойласа керек. Аудармашы оларға: біз жаралыларды өлтірмейміз, тек емдейміз дегенді айтты. Сонда олардың біреуі тіпті талап қоя бастады: біз үш күннен бері ештеңе жеген жоқпыз, осы уақыт ішінде бізді қайталап ораған да жоқ... Мен қарасам – шындығында масқара екен. Оларды көптен дәрігер қарамаған. Жаралары іріңдеп, бинттері денелеріне жабысып қалған.

– Сіз оларды аяп кеттіңіз бе?

– Мен қандай күйде болғанымды айта алмаймын, ал аяу деген қалай болғанда да жан ашу деген сөз ғой, бірақ мен оларға жауыздық та жасай алмадым. Бізде мынадай бір жағдай болған: бір солдат – фашистер оның отбасын азаптап өлтірген, әйелі мен балаларын тірідей жағып жіберген – тұтқынды ұрып жіберді. Жүйкесі шыдамаған ғой тегі. Мен дұрыс емес деп шештім, сол тұтқынға араша түстім.

– Бірақ сіз олардың біздің адамдарды қаншалықты азаптайтынын білдіңіз ғой?

– Әрине, білдім. Білдім деген аз сөз, өзім де ондай қиянатты басымнан өткердім. Біз шопыр екеуміз жаралылар тиелген мәшинемен келе жаттық. Жолай бомбылау басталды. Бірер адамды түсіріп, жыраға апаруға үлгердік. Бірақ, одан арғыға шамамыз келмеді – ұшақтар жерді бауырлай ұшып, бізді оқтың астына алды. Ал онда жыртылған алқап бар еді, соның бір жерінде егістіктен жиналған тастар жатыр екен. Мен жүгіріп барып, сол тастардың жанына жата кеттім. Ойлағаным: өлтірсе де осы тастардың ортасында қаламын ғой, ол жырада жатқандай аса қорқынышты емес.

Ұшақтар алтау еді, бесеуі ұшып кетті де, біреуі қалды, ол үш рет айналып өтті. Мен ұшқыштың өз пулеметімен бірге дір-дір етіп отырғанын аңдап қалдым. Әйтеуір маған солай көрінді. Оның жер бауырлап ұшқандығы сондай, мен ол тіпті жерге шүйіле құлайтын шығар деп ойладым. Ол мендей қыз жатқанын да көрді: менің ұзын ақшыл бұрымым болатын. Бірақ, ол неге сөйтті? Тағы бір жағдаят. Олар окоптарының алдарына біздің солдаттардың кесілген аятары бар етіктеді тізіп қоятын. Ал олар одан бір күн бұрын қаза тапқан біздің жолдастарымыз болатын...

– Ал сіздің көзіңізше жұдырықпен ұрып жіберген дәл сол ұшқышты немесе адамның етік киілген аяқтарын кесіп қойған жауынгері үшін сіз оны қорғаштадыңыз, неге өйттіңіз?

– Бізді солай тәрбиелеген. Бәлкім мен бүкіл соғыс бойына адамдарды құтқарғандығымнан сөйткен шығармын. Ал егер ол менің көзімше әлдебір аюандық жасаған болса, бәлкім шыдай алмас па едім? Ал енді ол жеңіліп, тұтқындалғанда, онда болмайды... Менің есімде қалса да, бар жан-тәнімде қалса да, мен өйте алмаймын. Біз бірде шабуылға шықтық: біздің бір тізбек алға кеткен жігіттер жер жастанды, екіншісі де сөйтті, көбісі минаға түсті. Олар теңізшілер еді, өліктер көп жатқандықтан күмпиіп кетті, тельняшкаларының «арқасында», бүкіл алқап қарбыздарға толып кеткендей болып көрінді... Қандай ғана адамдар еді, нағыз әдемі жігіттер болатын. (Жылайды.) Мен қазір жылап отырмын, ал соғыстың ұзына бойында тура тас боп қалғандай, көзімнен бірде бір жас шыққан жоқ.

Зинаида Васильевна:

– Бұл Будапешт түбіндегі шайқаста болған еді. Қыс болатын... Мен болсам, пулемет расчетының командирі, жаралы сержантты сүйрелеп келе жаттым. Өзімнің кигенім шалбар мен күрте, басымда малақай болатын. Сүйреп келем: кенет қарасам, қар қарайып кетіпті. Мен мұның терең шұңқыр екенін сезе қойдым, маған керегі де осы еді. Әлгі шұңқырға түссем, бір тірі адам бар екен, әлдебір темір де шықырлайды... Бұрылсам, аяғынан жаралы фашист жатыр екен. Ол сол қалпында маған автоматын кезеді. Ал мен әлгі жаралыны сүйреп келе жатқанда, малақайдың астынан шашым жалбырап кеткен, иығымда санитарлық сөмкем мен қызыл крест айқын көрініп тұр... Ол менің жүзімді көріп қалды да, менің қыз екенімді түсініп, былайша: «Ха-а-а!» деп айғай салды. Оның жүйкесінің ширығуы бәсеңдеп, қолындағы автоматын лақтырып жіберді. Оған ендігі бәрібір еді...

Міне енді бір шұңқырдың ішінде біз үшеуміз: біздің жаралы, мен және неміс. Шұңқыр кішкентай болғандықтан аяқтарымыз түйісіп жатыр. Немістің көзі үп-үлкен екен, ол осы көздерімен: мынау не істер екен дегендей қарап жатыр. Автоматын ол бірден лақтырып тастаған, түсінесіз бе? Біздің жаралы не болып-не қойып жатқанын түсінбейді, пистолетіне ұмтылады, ал анау еш әрекет жасамайды, тек маған қарай береді. Мен сол көздерді әлі ұмытқан жоқпын... Өз жаралымды таңып жатырмын, ал неміс болса, қанға бөкен, бір аяғы мүлде қирап қалыпты. Енді шамалыдан соң, оның өлетін түрі бар. Мен өз жаралымды таңып болмай жатып, ана немістің киімін жыртып жіберіп, жарасын таңдым да, жаралы аяғын шарт буып тастадым, содан соң өз жаралыма ауыстым. Неміс тек қана: «Гут… Гут… Данке...» деп жатыр. Оның да күштері кете бастады. Тек: «Гут… Гут» дегенді қайталаумен болды. Мен өз жаралымның жағдайын жасаған соң, қазір көлік келгенде, екеуін де тиеу керек деп ойладым. Арба келгенде өз жаралыларымызбен бірге немісті де арттым да, жүріп кеттім.

Ольга Васильевна:

– Соғыстағы әйел... Бұл туралы адамзат әлі күнге лайықты сөз ойлап таппаған үрдіс. Егер еркектер әйелді алғы шептен көретін болса, олардың кейпі өзгеріп, тіпті әйел дауысының өзі оларды ерекше түрлендіріп жіберетін. Бірде түн ішінде мен жеркепенің жанында отырдым да, ыңылдап ән салдым. Мен елдің бәрі ұйқыда деп, мені ешкім естімеді деп, ойлаған болатынмын, ал таңертең командир: «Біз ұйқтаған жоқ едік. Әйелдің дауысын сағынғанымыз сондай...» деді.

Енді бір танкішіні орағыштап жатырмын... Шайқас жүріп жатыр, апыр да топыр. Ол:

– Қарындас, сіздің есіміңіз кім, – деп сұрайды.

Мына апыр-топырдың ортасында өзімнің – Оля деген атымды атау, маған өте оғаш тәрізді көрінді...

Мен қашанда жинақы жүруге, өзімнің әйел екендігімді ұмытпауға тырысатынмын. Сөйтіп маған: «О, Жасаған, ол шайқаста болып па еді, қарашы, үсті-басы тап-таза» дегенді жиі айтатын. Мен егер өзімді өлтірсе, сұрықсыз кейіпте болып қаламын ба деп өте қорқатыным есімде. Мен оққа ұшқан қыздарды көп көрдім... менің оларша өлгім келмейтін. Енді бір ретте жауып тұрған оқтан бой тасалағанда өзіңді өлтірмесе екен, бет-әлпетім бүлінбесе екен деп, жүзімді жасыратынмын. Бәлкім біздің барлық қыздар да солай ойлаған шығар. Ал еркектер бізді қалжақтап күлетін, біздің бұларымыз оларға ерсі көрінетін. Өлімді ойлаудың орнына, қайдағы жоқты уайымдайды десетін...

Зинаида Васильевна:

– Қазаға дене үйрену мүмкін емес. Өлімге... Біз немістерден тауға қарай жылыстадық. Арамызда қарнынан ауыр жарақат алған бес жауынгер бар еді. Олардың жарақаттары үмітсіз, өмірлері бір-екі күнге ғана жететіндей ауыр болатын. Алып кету қиын болды, көлік жоқ. Сонда мені және тағы бір санинструктор Оксаночкамен бірге сарайда қалдырды да: «Екі күннен кейін ораламыз, сендерді алып кетеміз» десті. Бізге үш күннен кейін келді. Үш тәулік бойы біз жаралыларды бақтық, олар дендері сау, мықты еркектер еді. Олардың өлгілері келген жоқ. ал бізде бар болғаны әлдебір ұнтақтар ғана, басқа ештеңе де жоқ... Олар үнемі су сұраумен болды, ал бірақ су ішуге болмайтын. Әлгі жігіттер біздің көз алдымызда бірінен кейін бірі өліп жатты, ал біз еш жәрдем жасай алмадық...

Алғашқа награда дейсіз бе? Мені «Ерлігі үшін» медаліне ұсынды. Бірақ мен оны алуға бармадым. Өкпелеп қалдым (күледі). Қалай болғанын түсінесіз бе? Менің құрбымды «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен наградтады да, ал маған «Ерлігі үшін» медалін бермек болды. Құрбым болса, бір ғана шайқаста болған, ал мен ендігі Кущёвская станицасы түбіндегі және өзге де операцияларға қатысқан едім. Сондықтан да мен өкпеледім. Ол бір ғана шайқасқа қатысқан, бірақ оның ендігі көптеген «жауынгерлік қызметі» болып, ал мен жалғыз рет қана «ерлік көрсеткен» болдым ба? Командир келіп, шаруаның байыбына барғанда күліп жіберді. Маған «Ерлігі үшін» медалі – ең үлкен медаль, орденге жуық награда деп түсіндірді.

Донбастағы Макеевканың түбінде мен жарақат алдым, жамбасыма оқ тиді. Бір тастың түйіршігіндей жарықшақ кіріп, сонда қалып қойды. Қан білінді, жеке пакетімді бүктеп, сол жерге бастым. Одан жүгіре жөнелдім, жолай жарамды орап келем. Біреуге айтуға да ұят, қыз жараланыпты, қай жері деп сұраса – құйрығына дегеннің өзі ұят! Он алты жасыңда ондайды біреуге айтудың, мойындаудың өзі масқара тәрізді... Солайша, әбден қансырап құлап түскенімше жүгіре бердім. Тіпті етіктерім қанға толып кетіпті...

Біздің жауынгерлер мені көріп, өлді деп ойлаған болуы керек. Санитарлар келіп алып кетер деп шешіпті. Шайқас одан әрі жалғасты. Енді шамалы болғанда мен өлетін едім. Бірақ, барлауға шыққан танкішілер ұрыс алаңында жатқан қызды көреді. Менің бас киімім ұшып кетіп, жалаңбас қалыппын. Олар жүрегімді тыңдап – тірі екенімді түсініп, медсанбатқа апарған.

Одан мені госпитальға жіберді, кейін екіншісіне, үшіншісіне ауыстырды. Жарты жылдан соң, денсаулығыма байланысты әскерден босатты. Соғыс аяқталғанда мен он сегізде ғанамын, ал денсаулығым жоқ: үш рет жараланып, ауыр контузия алғанмын. Әрине, мен жас қыз болғандықтан, жараланғанымды айтып, контузиямды жасырдым. Бірақ ол білінбей қоймады. Мені госпитальға жатқызып, мүгедектік берді. Ал енді не істеуім керек? Сол құжаттарды жыртып-жыртып лақтырып жібердім, тиісті ақшасынан да бас тарттым. Онда қайта-қайта комиссиядан өтіп тұру қажет болатын.

Госпитальға маған эскадрон командирі мен старшина келді. Эскадрон командирі соғыс уақытында маған өте ұнайтын, бірақ ол мені байқамап еді. Өзі әдемі, формасы жарасқан жігіт болатын. Жалпы еркектердің бәріне форма жарасатын. Ал әйелдер ше? Шалбар киетінбіз, ұзын шашты қырқып тастау қажет, бәріміз ұлдардың шашындай қысқа қырқып жүретінбіз. Тек соғыстың аяғына қарай, шаш өсіруге, арасында бұрымды болуға рұқсат берді. Ал госпитальда менің шашым өсіп, өзім толыңқырадым, ал әлгілер (көңілді күлді) екеуі бірдей маған ғашық боп қалды. Бүкіл соғысты бірге өткергенбіз, пәлендей ештеңе болған жоқ еді, ал мына жерде эскадронның командирі де, старшина да, екеуі бірдей маған сөз салды.

Соғыстан кейін оны тезірек ұмытқымыз келді. Бірақ елдің бәрі бірден жаңа жолға түсе алмады. Бізге, қыздарға, әкеміз көмектесті. Ол өте ақылды адам еді. Ол біздің медаль, орден, алғыс хаттарымызды тығып тастады да:

– Соғыста соғыстыңдар. Ал енді ұмытыңдар. Ол кезде соғыс болса, қазір басқа өмір басталды. Төплилеріңді киіңдер. Сендер, менің қызғалдақтарым, әдемісіңдер... Енді оқыңдар, тұрмысқа шығыңдар, – деді.

Оля жаңа өмірге бірден бейімделе алмады, өзі тәкаппар еді. Менің әкемнің анама: «Қыздарымыздың кішкентайынан соғысқа барғанына мен кінәлімін. Соғыстың әсері десек те...» – деп жатқаны есімде қалыпты.

Менің ордендерім мен медальдерым үшін арнайы талондар берді, онымен военторгқа барып, бірдеңелер сатып алуыма болатын. Мен өзіме сол кезде сәнге айналған рәзеңке етік, пәлтө, көйлек, бәтіңкелер алдым. Шинелімді сатпақшы болдым. Базарға келе жатырмын... Мен жібек көйлек киіп келгенмін... Сонда мен: қолы, аяғы жоқ жап-жас жігіттерді көрдім... Күллі халық соғысты ғой... Қолы амандары өздері ойып жасаған қасықтарын сатып жүр. Ал екіншісі көзінің жасына берілген. Мен өз шинелімді сата алмадым, кетіп қалдым.

Мен Мәскеуде тұрған бес жылдың барысында базарға бара алмай қойдым. Сондағы мүгедектердің бірі, мені танып қалып: «Сонда сен мені неге аман алып қалдың?» деп айта ма деп қорықтым. Мен бір жас лейтенантты есіме алдым, оны сүйретем деп, өзім өліп қала жазғам, соның екі аяғын орап, қанын тоқтаттым да, құтқарып қалдым. Ал оның сондағы айтқаны: «Созбақтамашы. Одан да өлтіре салшы...» деді ғой. Мен сол жігітті кездестіріп қаламын ба деп, ылғи қорқатынмын...

Мен госпитальда жатқанда, сол жерде бір әдемі жас жігіт жатты. Танкист. Миша… Фамилиясы қазір жадымда жоқ. Оның аяқтарын, оң қолын кесіп тастады, жалғыз сол қолмен ғана қалды. Аяқтарын тым жоғары, жамбас буынынан бастап алды, оған протез де киюге мүмкіндік болмайды. Оны арбашаға отырғызып таситын. Оған арнап, биік арбаша жасаған, келген адамның бәрі оны жүргізде беретін. Госпитальға тұрғындар көптеп келетін, ауруларға, әсіресе Миша тәрізді ауыр жаралыларға қызмет көрсетуға әзір тұратын. Балалар да, әйелдер де, оқушылар да көмектесетін. Жарылыларға түрлі заттар, азық-түлік және жылы-жылы хаттар жіберіліп жатады. Ол кезде әркім өз әлі келгенінше қол ұшын беретін.

Халық ештеңесімен санаспайтын...

Сол Мишаны ел аялап бағатын. Ол да жабырқамайтын. Оның да өмір сүргісі келетін. Жасы әлі он тоғызда ғана, еш өмір көрмеген жігіт еді. Оның туыстары болған-болмағаны менің есімде жоқ, бәрібір оны ешқашан ұмытып, қиындықта жалғыз қалдырып кетеді деп ойламайтын...

Әрине, біздің жерді соғыс өрті жайпап өтті, барлығы қираған-бүлінген. Біз деревняларды азат еткенімізде, оны тып-типыл өртеп кететінін көргенбіз. Сондай деревняның бірінен, қайдан пайда болғаны белгісіз, бізді қарсы алуға бір әйел шықты. Ол жалғыз ғана болатын, сонда қолына жұмыртқалар салған тәлеңкемен шыққаны әлі есімде. Ол тәлеңкеде небәрі бес жұмыртқа болды... Міне, айналада сондай қайыршылық болған... адамдарда тек жер ғана қалған еді...

Біз Оля екеуміз де соғысқа дейін армандағанымызбен, дәрігер болмадық. Соғысқа қатысқандар ретінде, еш емтихансыз-ақ түсуге болушы еді. Алайда адамдардың азап шеккендерін, өлгендерін көре-көре жүрегіміз шайлығып бітті. Сондайды тағы көруді, енді көз алдымызға елестетудің өзі мүмкін емес еді... Тіпті содан бері отыз жыл өтсе де, мен қызым қанша барғысы келіп ұмтылғанымен, медициналық институтқа түсуден айныттым...

Ольга Васильевна:

– Ал соғыстың соңғы күндерінен менің есімде мыналар қалды. Келе жатырмыз – аяқ астынан музыка ойнап қоя берді. Скрипка тартылып жатыр… Міне, елдің бәрі оқтарын аспанға атып, бір-бірімен құшақтасып, сүйіскен Жеңіс Күні емес, мен үшін соғыс тура сол күні, скрипканың дауысын естігенімде аяқталды. Алмания жеңілді, жеңіс келді дегеніне ендігі екі апта өтті. Ал аяқ астынан музыка есту бір ғаламат екен. Мен тап ұзақ ұйқыдан оянғандай болдым...

Біз адамзаттың осынау басынан өткерген азаптары мен төгілген көз жастарынан кейін, жарқын өмір басталады деп ойладық. Адамдардың барлығы да бір-біріне ізгі ниетпен қарайтын, бірін-бірі жақсы көретін болады деп ойладық... Бәрінің басынан осындай зұлмат қайғы өтті ғой... Содан бәрімізді туған бауырларға айналдырып кетті! Жеңіс Күні – бұл күнді біз қандай зарығумен күттік десеңізші?!. Расында тамылжыған күн тұрды. Тіпті табиғаттың өзі адамдардың жан-дүниесін сонша түсініп, бірге мажырады. Алайда, кісілер қандай дейсіз ғой?.. Қазір мен ызбарлы адамдарды көргенде, өзі үшін ғана өмір сүретін мен-меншіл адамдарды көргенде, еш түсінбеймін: қандай сұмдық болды, бұл өзі қалай пайда болды?

Мен сонау скрипканың сәбидің даусы дерлік, нәзік дыбысты есіме аламын. Сонда мен – бастығырылып оянғандай боламын. Әлем қандай керемет! Адамдар қандай тамаша! Тура сол кезде, мен болашақ туралы алғаш рет ойладым. Елдің бәрі бірдей, жарқын болашақ туралы айта бастады. Махаббат туралы да айтып жатыр. Сүйікті болуды, біреуді сүюді армандады. Қандай қиын-қыстау соғысты бастан өткергенімізбен, өмірге тамаша перзенттер әкелу бақытына кенелдік... Бұл, әрине, ең басты бақыт!

Сөмкеме «тағы бір соғысты» салып алып, апалы-сіңлілі Корждармен қоштастым. Күн көзінен қызған асфальттан аздап кепкен жапырақтың иісі шығып тұр, құмсалғыштың қасында ойнаған балалармен бірге қаланың батыл торғайлары шоқақтап жүр, бірнеше әлі де деревнялық порымнан арыла қоймаған және қалалық та болып үлгермеген кемпірлер күздің күніне жылынып отыр. Жайбарақат, қауіпсіз аспанның астындағы өзіме өте таныс әлемде бір жеңілдікпен кетіп барамын.

Ал ертең, ертең қайтадан таныс емес дауысқа қоңырау шаламын, тағы да кездесу уақытына келісетінімді білемін. Тағы да: пәтерге келгенде, менің қинау құралы іспеттес магнитофоным, соғыстың жан төзбес жадының шексіз метрлерін жазып алып жататын болады. Ал «тоқта» батырмасын басып, кешірім сұрап кетіп қалуға енді еш болмайды. Менің зердеме сеніп көп сырлар ақтарылады.

«БІЗ МЫЛТЫҚ АТҚАН ЖОҚПЫЗ …»

Мен қайда болсам да, өзіме ерікті де, еш пайда көздемейтін көмекшілер тауып алатынмын. Бұрынғы полктастар, көршілер мен қызметтестер телефон соғып немесе хат жазып хабарласатын, редакцияға келетін: «Барша жұртқа осынау ғажайып адам жайлы айтып беріңізші», «Сіз ол әйелмен қайтсеңіз де жолығыңыз», «Сіздің ізденгеніңіз жайлы естіген едім, өзіңізге және бір мекенжай айтайын» деген сияқты.

Олардың барлығын сол бір күндердің ақиқаты қайтып оралмайтыны, ол соғыстың куәгерлері мен тікелей қатысушылардың ғана игілігі екендігіне қатты сену біріктіретін. Иә, соғыс жайлы жазып жатыр, әлі де көп жазатын болады, бірақ оған қатысушылардың куәгерліктері еш қайталанбайды. Олардың зерделері ондаған эпизодтарды, түйсіктердің бөліктері мен оны толығынан ойдан шығару әйтпесе әсірелеп айтулары мүмкін емес. Мұның бәрі әңгіме айтушының басынан өткен немесе жанарында жазулы тұр, есте сақтап, бөліктерді таңдап алу да – өз алдына бір талант. Мен енді айтар едім, бұл ерекшелік әйелдің зердесіне ғана тән. Олар өзгеше көретін, өзгеше естерінде сақтайтын. Олардың соғысының түсі де, дыбысы да бар.

Мәселен, мына бір үш қысқа ғана әңгімеге назар аударыңыз.

Қатардағы жауынгер, аспаз Ирина Николаевна Зинина:

«Мен соғысқа дейін бақытты өмір сүріп едім. Папам да, мамам да қасымда болатын. Әкем фин соғысынан оралды. Бір саусағын беріп келіпті, сонда мен одан: «Әке, осы соғыстың керегі не?» деп сұрадым.

Сөйткен соғысыңыз қайыра жетіп келді, мен әлі өсіп те үлгерген жоқ едім. Минскіден эвакуацияға кеттік. Бізді Саратовқа алып келді. Сондағы бір колхозда жұмыс істедім. Бірде мені бірде мені ауылсоветтің председателі шақырады:

– Қызым, мен ылғи сен жайында ойлаймын.

Мен таң қалдым:

– Ал ағатай, сіз не ойлайсыз?

– Егер мына бір құдай соққыр ағаш болмаса! Бәрі осы ағаштан болып тұр...

Мен ештеңе түсінбей тұрмын. Ол былай деді:

– Қағаз жіберіпті, екі адамды майданға шақырады, өзім де барар едім, әттең мына бір ағаш... Ал саған баруға болмайды: сен эвакуациядан келдің. Әлде барасың ба? Менде екі-ақ қыз бар: сені мен Мария Уткина ғана.

Мария ұзын бойлы, деген бойжеткеннің өзі еді, ал мен ше? Мен кішкентай ғанамын...

– Барасың ба?

– Ал онда маған аяққа орағыш бере ме?

Біздің киіміміз жалба-жұлба: біз ештеме алып та үлгермегенбіз!

– Сен сондай жақсысың ғой, ол жерде саған бәтіңкелер де береді.

Мен келістім.

…Бізді эшелоннан түсірді, алып кетуге дәу, мұртты бір ағатай келді, бірақ онымен ешкім кеткен жоқ. неге екенін білмедім, неге солай деп сұрамадым да, мен алға ұмтыла беретін белсенді емес едім. Әлгі ағатай бізге ұнамай қалды. Содан кейін әдемі офицер келді. Тура қуыршақтың өзі. Ол бізді лезде үгіттеп алды, біз сонымен кеттік. Бөлімге келсек, әлгі дәу, мұртты ағатай сонда жүр: «Немене, тәмпіш танаулар, менімен бармай қалғандарың қайда?»

Майор бізді жеке-жеке шақырып алды да: «Сен не істей білесің?» деп сұрады.

Біреуі: «Сиыр сауу білемін» деді. Екіншісі: «Үйде шешеме көмектесіп, картоп қуыратынмын».

Содан маған келді:

– Ал сен ше?

– Кір жуу білемін.

– Жақсы қыз екеніңді көріп тұрмын, тек сен тамақ пісіруді де білсең ғой.

– Оны да білемін.

Күні бойы тамақ пісіремін, ал кешке келіп – солдатттардың кірін жууым керек, екі сағат постыда тұрамын. Маған: «Сақшы! Сақшы!» деп айғайлайды, ал менің жауап беруге әлім жоқ.

Бүткіл соғыс бойына: маған қандай ауыртпашылық түскенін папам мен мамама айтармын деп ойлап жүретінмін. Ал қайтып оралсам: айтатын ешкімім жоқ: папам мен мамамды фашистер атып кетіпті. Барлық туыстарым қаза болыпты...»

Санитарка Александра Иосифовна Мишутина есіне алады:

«Бізді фельдшерлік-акушерлік мектептің жанындағы алты айлық курсқа жіберді. Біз жүз қыз едік... Ол жерде аспаздар да, санитаркалар да – бәрі бірге. Курс біткенде стансаға жаяу келдік, ол жерден біздерді санитарлық пойыздарға бөліп тастауға тиіс. Біздің үстімізде күнделікті көйлек, басымызда байлам, шашымызда бантиктеріміз бар...

Бізді генерал қарсы алды, машинаны тоқтатуға бұйырды: «Мынау не қылған көгілдір дивизия?» деп сұрады.

Мен алдыңғы шепке емес, жиырма екінші армияның госпиталіне бөліндім. Соғысқа дейін примусты да тұтата білмейтін мен, санитарлық тексеріп-өткізу пунктінде жұмыс атқардым. Жаралылар келіп түседі, біз оларды сұрыптаймыз, шешіндіреміз, киіндіреміз, түктерін қырамыз, шомылдырамыз. Олардың еш дәрменсіздер ғой. Барлық лас жұмыс біздің мойнымызда. Бәрі: ұятты жұмыс, адамдардың азаптануы, барлық былғанышты, бит басқандар... біздің басымызға үйіліп-төгілді де кетті».

Соғыста сандружинница болған, ал қазір В.И. Ленин атындағы Белорус мемлекеттік университетінің оқытушысы Светлана Николаевна Любичтің айтқандарынан:

«Мен санитарлық пойызда жүріп-тұрдым. Алғашқы апта бойы көзім жастан құрғаған жоқ: біріншіден – жанымда мамам жоқ, екіншіден – маған орын, жүк тастауға арналған үшінші полкадан тиді. Сол жер менің «бөлмем» болды.

– Сіз неше жаста майданға тап болдыңыз?

– Мен сегізінші сыныпта оқып жүргем, аяқтап үлгермедім. Соғысқа қашып кеттім. Санитарлық пойыздағы барлық қыздар менімен жасты болатын.

– Сіздердің атқаратын жұмыстарыңызға не жататын?

– Біз жаралыларға күтім жасаймыз, тамағын, сусынын береміз, астарына дәрет ыдысын қоямыз. Менімен үнемі бір ересектеу қыз бірге кезекшілікте болады, ол мені алғашқыда қорғаштап: «Егер несеп ыдысын сұрайтын болса, сен мені шақыр» деп жүрді. Бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ ауыр жаралылар жатқан. Бірінші күні мен оны шақырып жүрдім, ал одан кейін – ол менімен күндіз-түні бірге бола алмайды ғой – мен жалғыз қалдым. Содан бір жаралы: «Қарындасым, несеп ыдысы керек» деп шақырады.

Мен оған ыдысты ұсынып жатырмын, ол алмайды. Қарасам: қолдары жоқ. Миымда бір жағдай жүріп өтті, менің бірдеңе істеуім керек екенін түйсіндім, алайда, қайтерімді білмей, бірнеше минөт тұрып қалдым. Сіз мені түсіндіңіз бе? Мен оған көмектесуім керек... Ал қалай көмек берем, мен әлі ондайды білмеген, көрмеген едім. Тіпті ондай көмек көрсетуді курстарда да бізге үйреткен жоқ».

Соғыста тек мылтық ату, бомбы тастау, жекпе-жекке шығу, траншея қазу ғана болып қоймайды – онда кір жуу, ботқа пісіру, нан жабу да қажет болады. «Ол жерде біздің әйелдік жұмыстар да жетіп артылады», – деді санитарка Александра Иосифовна Мишутина. Солдат жақсы соғысуы үшін оны киіндіру, ішіндіру, жуындыру қажет, әйтпесе одан жөнді солдат шықпайды. Соғыс тарихында кір-қожалақ, аш-жалаңаш әскердің, тек соның кесірінен жеңіліске ұшыраған мысалдары көптеп кездеседі. Армия алдында келе жатса, оның соңын ала «екінші майдан» – аспаздар, наубайлар, кір жуушылар легі жүріп отырады. Осылайша Александра Иосифовна маған соғысқа осы кәсіппен қатысқандарды іздеуім керек екенін айтқанын байқамай да қалды.

…Соғыста қатардағы жауынгер, аспаз болған Александра Семеновна Масаковская мені таңдана және абыржи қарсы алды:

«Иә, біз мылтық атқан жоқпыз. Мен қару ұстаған емеспін. Солдаттарға ботқа пісірдім. Сол үшін медаль берді. Мен ол жайында есіме де алмаймын: өйткені соғысып па едім? Ботқа мен солдат сорпасын дайындадым. Зілдей-зілдей қазандар мен бактарды сүйрететінмін... Командирдің былай дегені есімде қалыпты: «Мен сол бактарға оқ жаудырар едім... Сен соғыстан кейін қалай бала табасың?» Бірде сол бактарды алды да, атып-атып тастады. Содан әлдебір поселкадан кішірек бактарды іздеуге тура келді.

Солдаттар алғы шептен келіп жығылады, оларға демалыс береді. Байғұстар әбден кір-қожалақ, шаршап-шалдыққан, қол-аяқтары – үсіп кеткен. Әсіресе аяздан өзбектер мен тәжіктер қатты қорқатын. Оларда қашанда күн жайнап тұрады, жылы, ал мұнда – отыз-қырық градустық аяз ұрып тұр. жылынып үлгере алмайды. Оған тамақ бересің, ал өзі аузына қасығын апара алмайды».

Сонда, Любанщинада, Уречье деген қалалық кенттен Мария Степановна Детко мен Анна Захаровна Горлачты таптым. Екеуі де бұрындары колхозда істеген екен, ендігі – зейнеткерлер, немерелерін өсіріп жатыр. Өздері қысқа ғана сөйлейді – олардың өмірінде пәлендей ештеңе де болған жоқ, мына адам сонша жерден неменеге келді екен деп, ақталғандай болады. Мені жергілікті бір мықтыға жөнелткілері келді: «Федоровичтің бір пұт медальдары, екі Даңқ ордені бар. Тілшілердің бәрі соған ұмтылады да жатады. Тіпті Минскіден келген тілшілердің өзі бұлтартпас көзір болған жоқ, ал колхоз председателінің Федоровичке Жеңіс Күні кіріп, құттықтағанын тілге тиек етті.

Бақшада шие гүл жарып тұрғанда, көктемгі шөп енді-енді көтеріліп келе жатқанда қан мен өлім жайлы, майдандағы сұмдықтар туралы айтуға және естуге тура келгені таңданарлық оқиға болғаны есте қалыпты. Әйелдер аз айтып, көп жылады.

«…Кір жуып жаттым. Соғыстың тұла бойында кір жуып өттім. Ішкиім әкеледі. Ол тозығы жеткен, қап-қара кір, бит басып кеткен. Ақ халаттар қанға боялып, қызылға айналып кетеді. Кейде гимнастерканың жеңі болмай, кеудесі тесік-шұрық, шалбардың балағы жоқ болады. Көз жасыңмен жуасың да, көз жасыңа шайқайсың. Осындай кірлер тау-тау боп үйіліп жататын. Есіме түссе, қолдарым қазір де қақсап қоя береді. Оның қалай болғаны түсіме жиі кіреді – сөзбен жеткізу мүмкін емес...» (қатардағы жауынгер, кір жуушы Мария Степановна Детко).

«Біз солдаттарды киіндіретінбіз, үстерін жуатынбыз, онысын үтіктеп беретінбіз – міне, біздің бар батырлығымыз осы. Атпен жүретінбіз, шамалы пойызға да мінетінбіз, ақыры жаяу-жалпылап Берлиннің өзіне де жеттік қой. Ал егер еске ала берсең, бәрін де істедік, жаралаларды сүйрелейтінбіз, Днепрде снарядтарды жеткізумен болдық, қолымызбен әлденеше шақырымға дейін апаратынбыз...» (қатардағы жауынгер, кір жуушы Анна Захаровна Горлач).

Тек біз ендігі қоштасып, есіктің алдына келгенімізде Анна Захаровна: «Маған, мен тым шамалы айтқандай болып көріндім. Көрешекті көріп бақтық қой, тек мен аз ғана айтыппын».

Олардан басқа бір жәйтті айтуды өтінсең де, ол бәрібір әңгімесін қайтадан басынан бастап ағытады.

«Старшина: «Қызым, сен неше жастасың?» – деп сұрайды. – «Он сегіздемін, ал не?» – «Мен сенің кәмелетке толмағаныңды айтайын деп тұрмын». – «Не десеңіз де, бәрін істеп беремін. Нан да пісіре аламын. Алды-ау, әйтеуір...» (қатардағы жауынгер, наубайшы Н.А. Мұхаметдинова).

Волгоград облысының Михайловка қаласынан Мария Семеновна Кулакова былай деп жазыпты: «Педучилищені бітірген бетім еді. Соғыс басталғаннан кейін, бізге жолдама бермей, үйді-үйімізге жіберді. Үйге келдім, бірер күннен кейін военкоматқа шақырды. Шешем мені жібергісі келмеді, әрине мен әлі жас едім, он сегізге ғана толғанмын: «Сені бауырыма жіберемін, үйде жоқ деп айтамын» деді. Мен: «Мен комсомолмын ғой» дедім. Бізді военкоматқа жинады да, осылай да осылай, майдандағы наубайханаларға әйелдер қажет дегенді айтты.

...Еңбек өте ауыр болды. Бізде сегіз темір пеш болды. Тас-талқаны шыққан кент немесе қалаға келген бетте оларды қоя бастаймыз. Он сегіздегі қыздармыз, отын керек, одан жиырма-отыз литр су тасимыз, бес қап ұн әкелеміз. Сол қыздар жетпіс келілік ұны бар қаптарды тасимыз. Екеулеп ұстап жеткіземіз. Таңның атысы, күннің батысы пештің аузындамыз. Бір кәританы илеп болсақ, екіншісін бастау керек болады. Бомбылап жатады, ал біз нан жабамыз...»

Олар өздерінің не істегендерін түйсіне бермейді, өздерінікі «қаһармандық емес», тек қызмет атқардық деген сеніммен өмір кешуде. Соғыста әйелдердің ғұмыр бойына орындауға тиісті шаруаларын: «мұжықтардың үсті-басын жуып, жыртықтарын жамап-жасқап, тамақтандырып отырдық» деп айтады. Ал тек оларсыз, соғыстың еш қажымайтын еңбеккерлерінсіз Жеңістің төбесін көрмес те едік.

Құрылыс батальоны бөлімшесінің командирі Зоя Лукьяновна Вержбицкая:

«Теміржол салатынбыз, понтонды көпірлер тартатынбыз, жеркепелер және бар. Майдан деген жақын жерде болатын. Бізді аңғарып қалмасын деп, жерді түнде қазатынбыз.

Орманның ағашын құлататынбыз. Менің бөлімшемдегі қыздар негізінен өте жас еді. Арасында әскер қатарына жарамайтын еркектер де болды. Ағашты қайтіп шығарушы едік? Бәріміз бір ағашқа жабыламыз да, соны сүйрелейміз, бүкіл бөлімше бір ағашқа жабылатын. Қолымыздағы сүйелдерден қан ағатын...»

«Қаншама жеркепе, траншеялар қаздық, темір арқалық, ағаш мәткелерді, әрқайсысы қырық төрт келі тартатын снаряд салған жәшіктерді жыртылған жерлермен сүйреттік...» (қатардағы жауынгер, зенитші В.М. Лелюшенко).

Пошта жұмыскері, қатардағы жауынгер Мария Алексеевна Ремнева алғы шепке хат-хабар таситын. «Қарапайым ғана жұмыс қой, – деп есептейді ол, – соғыста көзге түсе бермейтін еңбек». Алайда сол қыздар траншеяларға лық толы сөмкелерімен келгенде, командирлер: «Қыздар, жарайсыңдар, ең алысқа ұратын снарядтарды әкелдіңдер» деп қуанатын.

Марии Алексеевны Ремневаның әңгімесінен:

«Соғыс басталғанда мен он тоғызға толдым. Владимир облысындағы Муром қаласында тұратынбыз. Қырық бірінші жылдың қазанында бізді, комсомол мүшелерін Муром – Горький – Кулебаки автобиль жолын салуға жіберді. Ал еңбек майданынан оралғанымызда, бізді әскерге алды.

Мен Горькийдегі пошташылардың байланыс мектебіндегі курсқа жіберілдім. Оны аяқтаған соң, майдандағы армияға – алпысыншы атқыштар дивизиясына келдім. Полктың поштасында офицер болып қызмет еттім. Алғы шептегі елдің хат алғанда конверттерді сүйіп қалай жылағандарын өз көзіммен көрдім. Көбісінің туған-туыстары қаза тапқан, әйтпесе жаудың қолында қалған алқаптарда тұратын. Хат-хабар жаза алмайтын. Сонда біз Бейтаныс қыздың атынан хат жазатынбыз: «Қадірлі солдат, саған Бейтаныс қыз хат жазып отыр. Сен жауды қалай соққылап жатырсың? Елге Жеңіспен қашан ораласың?» Түні бойы отырып, жаза беретінбіз, жаза беретінбіз. Соғыс бойына мен ондай хаттардың сан жүзін жазған шығармын, сірә...»

«Ал мен соғыс барысында жолдағы көрсеткіштеріне сай: «Щукиннің шаруашылығы», «Кожуроның шаруашылығына» барып жүрдім, – деп есіне алады қатардағы жауынгер Елена Никифоровна Иевская. – Баздан темекі, папирос, шақпақ алатынбыз – бұларсыз жауынгер алдағы шепте ештеңе де бітіре алмайды – сөйтіп, жолға шығатынбыз. Кей жерде мәшинемен, кей жерде арбамен, ал көбіне бір немесе екі солдат күзеткен қалыпта жаяу жүретінбіз. Жүктің бәрі – арқамызда. Траншеяларға дейін атпен өте алмайсың, немістер сықырлаған дыбысты естіп қояды. Содан бәрі – біздің арқамызда ғой, шырағым...»

Киевте мен Валентина Кузьминична Борщевскаямен таныстым. Оның әңгімесі мені қызықтырғаны сондай, «соғысқа қатысты, бірақ мылтық атқан жоқ» дегендердің бәрінің басын қосты. Кейбіреуі қайталанып кетер-ау деп қорықпастан, айтқандарын толықтай келтіріп отырмын. Бұл қайталаулар өзге әңгімелердегідей алдан жиі шығып отырады. Ал адамның соғысқа дейін кім болмағанын білмесең, оның майданның орта кезіндегі және соғыстың аяқталар тұсындағы сезімдерін, жан-дүниесін ылғи да түсіне бермейсің. Мынадай жағдай біркелкі емес қой: жасы он жеті-он сегізде ғана жас қыз бен, әйтпесе жиырма-отыздағы перзентін үйінде қалдырып кеткен тоқтасқан әйелді салыстыруға болмайды.

Мәселен, міне осы жайында, дәрігер-капитан Надежда Михайловна Скобелева былайша есіне алады:

«Шегінер кезде бәрі өртеніп, бәрі жарылатын. Жанар-жағармай, оқ-дәрі – бәрі... Жалғыз жалын ғана қалады. Біздің шегініп бара жатқанымызды көрген жергілікті халық алдымыздан шығып: «Сендер бізді қайда тастап барасыңдар? Бізді де ала кетіңдер...» деп тұратын. Егер мен ана болсам, мынадайды қалай басымнан өткерерімді білмеймін. Ал жас адамға оңай, менде ондай сезімдер болмайтын, аналық қамқорлықты білмегендіктен ғана шыдадым. Мосқал адамдардың мұндайды көтеруі қиындау. Қырық жасар еркек жылап келеді, жанарын да көтере алмайды...»

Сондықтан ең басынан, алғашқы күннен бастау керек. Бастау – естеліктердің ғимараты тұрғызылатын тастабан. Онсыз естеліктер быж-тыж боп шашырап кетеді.

Валентина Кузьминична Борщевская соғысқа кеткенде жасы жиырма төртке келіп еді. Ол: «Мен көп шаруаны енді түсіндім» дегенді бірнеше мәрте қайталады.

Лейтенант, далалық кір жуу отрядының замполиті Валентина Кузьминична Братчикова-Борщевская:

«Соғысқа дейін мен Киевке отыз жетінші жылы әкелінген испандық балаларға арналған үйде жұмыс істедім. Испан тілін үйрендім – тәрбиеші болдым.

Мамырдың бірінде тұрмысқа шықтым, ал жиырма екінші маусымда соғыс басталды. Алғашқы неміс ұшақтарының жетіп келгені есімде қалды. Біз не істерімізді білмей, абдырап қалдық, ал испандық балалар аулада окоптар қаза бастады. Олар ендігі бәрін де білетін... Оларды тылға жібердік, ал мен Пенза облысына кеттім. Маған медбикелер курсын ұйымдастыруға тапсырма берілді. Қырық бірінші жылдың аяғына қарай сол курстардағы емтиханды өзім қабылдадым, өйткені дәрігерлердің бәрі соғысқа кеткен-ді. Қыздардың құжаттарын тапсырдым да, өзім де майданға сұрандым. Мені Сталинград түбіндегі армияның далалық госпиталіне жіберді. Мен қыздардың арасындағы ең үлкені болып шықтым. Сол кезде тоғызыншы сыныпты пен осы медициналық курсты бітірген он алты ғана жаста болған Соня Удруговамен осы күнге дейін қарым-қатынастамыз. Біз майданға келгелі үш күн өтті, қарасам, әлгі Соня орманда жылап отыр. Жақындап келдім:

– Сонечка, саған не болды, неге жылап отырсың?

– Сен қалайша түсінбейсің, мен мамамды көрмегелі үш күн болды, – дейді маған.

Бұл күнде осы жайтты оның есіне салсам, ол күледі де қояды.

Курск иінінде мені госпитальдан далалық кір жуу отрядына замполит етіп жіберді. Кір жуушылар өз еркімен жалданғандар болатын. Міне, біз көлікпен келе жатамыз: легендер, кәриталар көрінеді, су ысытатын самаурындар да бар, ал ең үстінде қызыл, жасыл, көк, сұр юбка киген қыздар отыр. Елдің бәрі: «Міне, кір жуушылар әскері кетіп барады!..» деп күледі. Ал мені «кір жуушылардың комиссары» деп атайтын. Кейін менің қыздарым жөні түзу киім киіп, «оны-мұнылы» болды.

Жұмыс ауыр. Бір жерге келсек, бізге не бір хата, әйтесе жеркепені береді. Ол жерде біз кір жуамыз, кептірудің алдында биттемес үшін оларға „К“ сабынын сіңіреміз. Алдында дусты қолданған едік, одан көмек болмады, содан иісі кеудеңді қабатын, сасық „К“ сабынын қолданатын болдық. Кір жуатын әрі кептіретін жерде өзіміз ұйқтаймыз да. Бізге бір солдаттың кір-қоңын жуу үшін жиырма-жиырма бес грамм сабын бөліп береді. Ол тура топырақ тәрізді – қап-қара. Көптеген қыздардың кір жуып, ауыр көтергендіктен денелерінде жарықтар, „К“ сабынының кесірінен қолдарында экземалар пайда болып, тырнақтары да түсіп қалды. Олар енді қайта өсіп шықпайтын шығар деп ойлады. Алайда бір-екі күн демалып алып, қайтадан кірді езе бастайды.

Қыздар менің айтқанымды екі етпейтін. Бірде ұшқыштар тұратын, тұтас бір бөлімге келдік. Ал олар үстіміздегі кір сіңіп кеткен, тозығы жеткен киімдерімізді көрген жігіттер: «сендерді де кір жуушылар дей ме?» деп, жиіркенішпен қарады. Менің қыздарым жыларман:

– Замполит, мыналарға қараңызшы… дейді.

– Ештеңе етпейді, біз олардан әлі-ақ өшімізді аламыз!

Сонымен біз қыздармен, ең тәуір дүниелерін киіп, көгалда жиналатын болып келістік. Қыздардың бірі гармошкада ойнап, қалғандары билейтін болды. Сондай-ақ еш ұшқышпен билемеуге де келісіп алдық. Олар қыздарды биге шақырады, ал қыздардың ешқайсысы қабыл алмайды. Кеш бойы өздері бірімен-бірі билеп жүрді. Сонда жігіттер жалына бастады: «Бір ақымақ айтты екен деп, бәрімізге өкпелемесеңдерші енді...»

Негізінде ерікті жалданғандарды гауптвахтаға отырғызуға болмайтын, алайда бірден жүз қыз жиналғанда не істеуге болады? Біз сағат он бірде ұйқыға жатуға тиіспіз – еш бұлтартпай. Ал олар болса, сытылып шығып кеткілері келіп тұрады – қыздың аты қыз ғой. Сонда мен гауптвахтаға отырғызамын. Бірде көрші бөлімнен екі бастық келді, ал мендегі екі қыз гауптвахтада отыр.

– Бұл қалай? Сіз қалайша ерікті жалданғандарды гауптвахтаға отырғыздыңыз? – деп сұрады.

Мен сабырмен ғана:

– Жолдас полковник, командованиеге рапорт жазыңыз. Ол сіздің жұмысыңыз, ал мен тәртіп сақтау үшін күресіп жатырмын. Менде үлгілі тәртіп қалыптасқан, – дедім.

Сонымен олар кете барды.

Қыздарды қатаң тәртіпте ұстадым. Бірде менің үйімнің жанынан өтіп бара жатқан капитанды кездестірдім. Мен шықсам, ол тіпті тоқтай қалып:

– Құдай сақтасын! Сіз осы жерден шықтыңыз ба, мұнда кім тұратынын білесіз бе?

– Білемін.

– Бұл жерде замполит тұрады ғой, оның қандай долы әйел екенін білесіз бе? – дейді.

– Мен олай деп айтқандарды естімеп едім, – деймін.

– Құдай сақтасын! Ол ешқашан жымимайды да, қабағы қатулы әйел.

– Ал сіздің онымен танысқыңыз келе ме?

– Құдай сақтасын! Жоқ!

Осы кезде мен кім екендігімді мойындап:

– Сонда да танысып қояйық, мен замполитпін!

– Жоқ, олай болуы мүмкін емес! Ол кісі туралы маған айтып баққан…

Мен өз қыздарымды қызғыштай қорып жүрдім. Бізде сұп-сұлу Валя деген қыз болды. Мені он күнде бір шақырып тұратын. Бір келгенімде: «Осы күндері Валя кештетіп келіп жүр, әлдеқандай бір капитанмен болды» дейді. «Жарайды, кездесе берсін, оған не шара?» деп ойладым.

Екі ай өткен кезде Валяның аяғы ауыр екенін білдім. Шақырып алып: «Валя, бұл қалайша болды? Енді қайда барасың? Сенің өгей шешең (оның шешесі өгей болатын) жер кепеде тұрады ғой» десем, ол жылап: «Бұған сіз кінәлісіз, сіз бізді тастап кетпегенде, ештеңе болмаушы еді» дейді. Олар мені өз шешелеріндей, әпкелеріндей көретін.

Үстінде жеңіл ған пәлтөсі бар еді, күн болса суытып келеді, оған үстімдегі шинелімді шешіп бердім.

Сонымен, менің Валям кетті…

Қырық бесінші жылдың сегізінші наурызы. Біз өзімізше мереке жасадық. Үйжайдан қыздар шығып келе жатса, орманнан бері қарай екі немістің келе жатқанын байқап қалады. Автоматтарын сүйретіп келеді… Жараланған екен. Менің қыздарым оларды дем арасында қоршап алады. Ал мен болсам, замполит ретінде, әрине, хабарламамда бүгін сегізінші наурыз күні, кір жуушылар екі немісті тұтқынға алды деп жаздым.

Ертеңіне бізде командирлер кеңесі болып, саяси бөлімнің бастығы алдымен былай деді:

– Ал енді жолдастар, сендерді қуантқым келеді: көп ұзамай соғыс аяқталады. Кеше даладағы жиырма бірінші кір жуушылар отрядының екі қызы екі немісті тұтқынға алды...

Соғыс жүріп жатқанда бізді марапаттаған жоқ, ал енді ол аяқталғанда: «Екі адамды наградаға ұсыныңыз» деді. Менің қаным қайтап кетті. Сөз алдым да кір жуушылар отрядының замполиті екенімді айттым. Кір жуушылардың еңбегінің қаншалықты ауыр екендігін, кір жуып, ауыр жүк көтергендіктен денелерінде жарықтар пайда болды, қолдарында экзема пайда болған, тағы сол сияқты. Қыздар болса жап-жас, сүйретпе мәшинелерден әрман жұмыс істеді. Енді менен сұрап жатыр:

– Ертеңге дейін марапат материалдарыңызды бере аласыз ба? Біз тағы да наградтаймыз…

Біз отряд командирымен бірге түні бойы тізім жасаумен отырдық. Көптеген қыздар «Ерлігі үшін», «Әскери қызметі үшін» медальдарын алды, ал бір кір жуушы Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды. Ең жақсы кір жуушымыз болатын: ол әлі кетіп бара жатса да, кәритадан кетпейтін, құлап бара жатса да жуа беретін. Өзі мосқал әйел еді...

Мен қыздардың бәрі үйлеріне қайтарарда бір-бір ескерткіш ала кетсе екен деп ойладым. Олардың бәрі де Белоруссиядан еді, ал ондағы барлық үйлер жарылған, қиратылған. Сен оларды қалайша құр қол аттандырмақшысың? Біз әлдебір неміс деревнясында тұрдық, онда тігін шеберханасы бар екен. Мен соны көре кетейін деп бардым, бағыма қарай машинкалары дін аман тұр екен.

Біз сөйтіп қайтып бара жатқан әрбір қызға сыйлық әзірледік. Менің оларға бар қолымнан келгені осы болды...

Ұзын бойлы, денесі бүгілмеген, ескі де кеппеген ағаш тәрізді, дауысы еркектердікіндей қырылдап шығатын әйелдер болады. Мұндайлар соғыста іске жарайтын бірде-бір еркек қалмағанда, ал ендігілері шалдар мен жасөспірімдер ғана қалғанда, соғыс кезіндегі «басқарма әйел» болады. Алдыма бір қапшық хатты төңкере салды:

– Бұлар менің қыздарымнан келген... Біреуіне пәтер әперу керек, екіншісіне жолдама қажет, үшіншісіне телефон орнатуға көмек қажет... Бізді үнемі айналып өтеді: «Е-е, сендер, кір жуушылар, соғысып баққан екенсіңдер ғой!» Соғыс кезінде құжатт жайлы кім ойлаған? Бәрінің ойлағаны бір ғана мақсат – жауды жеңу. Ақылды командирлер де болған, олар бұйрық шығарып, кір жуушыларды қатардағы жауынгерлер ретінде тіркеген. Бірақ бұлай жасау елдің бәрінің ойына келе бермеген. Содан әйелдер бүкіл соғыстан өтіп, медаль, орден алса да, оларды соғыс ардагері деп есептемейді екен. Бастықтарға барып, жағалай дәлелдеумен боламын. Бір үлкен шенеунік мені тыңдағысы да келмеді: «Сіз еңбегі сіңген майдангер үшін жүгіріп жүр екенсіз десем, ал сіз қайдағы бір кір жуушыны көлденеңдетесіз». Мен оған былай дедім: «Егер сіздің қатыныңыз апта бойына кір жумай, тағам әзірлемесе, сонда көрер едім сізді...» Ақыры ол мені қабылдады, айтқанымды тыңдады...

Ол – бұрынғыша «кір жуушылардың комиссары». Әңгімені не жайында бастасаңыз да, бәрібір айналып келіп, сол бір ауыр жылдарға орала береді:

– Мен соғыстан кейін он жыл өткенше ешқайда қонаққа барған емеспін, өз кереуетімнің қызығын көріп бақтым. Бір жаққа барып немесе қонақта қонып қала алмай жүрдім. Міне, енді қырық жыл болады, ал мен атыс-шабысты естімеген қандай бақыт деген сезіммен ұйқыға жатамын. Қанша жыл өтсе де, маған бұдан артық қуаныш жоқ. осынау жылдар бойына мен учаскелік балалар дәрігері болып істедім. Бірақ әдеттегідей «сізге денсаулық тілеймін» деген тілекті айтқан емеспін.

Мен дәйім: «Сізге, балаларыңызға денсаулық және енді қайтып соғыс болмаса екен деп тілеймін...» деймін.

Тағы да екі «мылтық атпайтын» мамандық. Тағы да екі тағдыр.

Елена Ивановна Бабинаның жазғандарынан:

«Менің әкем колхоздың еңбек екпіндісі еді, оны жиналыс сайын мақтайтын. Шынында оның қолдары нағыз алтын еді – қажет болғанда ол балташы да, етікші де, тігінші де болып кететін. Мамамды звено жетекшісі етіп қойды, оның бригадасы алда жүрді, ол мақтанышпен, көңілді жүретін. Бір күні түнде біздің үйімізді өртеп жіберді, біз бойымызға ілген лыпамызбен атып-атып шықтық. Үйіміздің жаңа салынған беті болатын, жалын тез орап алды. Менің мамам кеудесіне басқан шаранасын уатып отырып: «Мұны істеген кулактардың оңбаған балалары ғой» дегені есімде қалыпты. Мен тоғыз жаста ғана болатынмын.

Енді жаңа үй салуға колхоз көмектесті. Әкем шатырын оның жауып болып еді, осы кезде финдермен соғыс басталды. Ол соғысқа кетіп, жараланып оралды. Әкеміз жаңа үйге денесін үйреткенше Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Ол майданға ұмтылып бақты, мектептің директорымен бірге өз еркімен соғысқа аттанды. Менің жеті сыныпты бітіргенім сол ғана болатын – әскери госпитальға санитарка болып орналастым. Одан әрі оқи алмадым. Менің бұрындары адам қанын көрмеп едім, ал мұнда қиыншылық пен қорқыныш билеп алды.

Әкем қырық екінші жылы Сталинградқа бара жатқаны жайлы хат жіберді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін оның қаза болғаны туралы хабар келді. Қырық үшінші жылы анама ұлының қайтыс болғаны жайлы екінші хабарлама келді. Ол қатты ауырып қалды, бірақ колхозды тастаған жоқ: егіндікте әйелдер бірге жылайды да, күледі де – солай жұмыс істеу жеңіл соғатын. Бұған дейін анам өте жас болып көрінетін. Ол отыз алты, ал мен он жеті жаста едім. Сөйтіп, бұрындары, бізді білмейтіндер бірге көргенде: «Әй, қыздар, амансыңдар ма?» деп сәлемдесетін. Шешем ашуланатын, ал мен күлетінмін. Бір жағынан сондай жас анам барлығы жаныма жағатын. Ал мына жерде, ол бірнеше айдың ішінде кәрі кемпірге айналып кетті.

Фашистер Воронежді ұзақ уақыт ала алмай, қаланы бомбылаумен болды. Ұшақтар біздің Московка селосының үстімен өтетін. Мен әлі жауды емес, оның ұшақтарын ғана көрдім. Бірақ көп ұзамай, соғыстың не екеніне көзім жетті. Біздің госпитальға Воронеждің тура түбінде составты бомбылап тастағанын айтты, ол жерге келсек – қанды қырғынның үстінен шықтық... Алдымен біздің профессорымыз есін жиды. Ол: «Зембілдерді жеткізіңдер!» деп қатты айғайлады. Мен елдің ішіндегі ең жасы едім, алдында он алтыға ғана толғанмын. Жұрттың бәрі маған есін танып қаламаса екен деп қарағыштай берді.

Біз рельстердің үстімен жүрдік, вагондарды ақтардық. Зембілге салатын адам таба алмадық: вагондар лаулап жанып жатты, ыңырсыған да, айғайлаған да дауыс болмады. Денесі тұтас адам таппадық. Мен жүрегімді шымшылай бердім, қорқыныштан көздерім жұмылып қалды. Біз госпитальға оралғанда, дәрігерлер тіпті қабырға жағалап қалды, сонда да ешқайсысы үйлеріне кетпеді. Сонсоң біз бәріміз де көрінген жерге құлай-құлай кеттік: біреулері үстелге, орындыққа бастарын сүйеді, сөйтіп ұйқтадық.

Мен кезекшілігімді атқарып үйге қайттым. Жеткенше көз жасым тиылған жоқ, койкаға жатып көзімді жұмсам болды – көз алдыма жанған вагондар мен адамдардың қалдықтары келеді. Жұмыстан мамам, одан соң Митя ағатайым келді. Мамамның даусын естіп жатырмын:

– Мен мына Ленамен не болып қалатынын білмеймін. Қарашы өзің, госпитальға барғаннан бері оның өңі жаман өзгеріп кетті. Ол өзіне-өзі ұқсас емес, әрі үндемейді, ешкіммен сөйлеспейді, түнде ұйқысынан шошып оянады. Оның жымиғаны және күлкісі қайда кетті? Сен өзің білесің ғой, ол ылғи көңілді жүретін, ал енді оның әзіл-қалжыңын ешқашан да естімейсің.

Мен мамамды естіп жатып, көз жасыма ерік берем.

...Қырық үшінші жылы Воронежді азат еткенде, мен әскерилендірілген күзетке бардым. Онда біздің Московкадан Мотя Колягина, апалы-сіңлілі Аня және Зина Кирьяновалар, Настя Чекунова және мен болдым. Қызметтің күндері мен апталары өтіп жатты. Мен көптеген қыз-жауынгерлерді көрдім. Олардың бәрі де жастар – он сегіз-жиырмадағылар ғана еді. Бәрі де бәденді, мен осыншама әдемі қыздарды көрген емеспін. Тура әдейі таңдап алғандай. Алдымен Маруся Прохоровамен таныстым, ол Таня Федоровамен бірге жүретін. Олар бір жерден болатын. Таня байсалды қыз болатын, тазалық пен тәртіпті жақсы көретін, ал Маруся шошақайлау, ән салып, би билегенді ұнататын. Тентек частушкалар айтатын. Ол көбіне боянып, айнаның алдынан шықпай қоятын. Таня оған: «Әдеміленуден бұрын, формаңды үтіктеп, койкаңды реттемейсің бе?» деп ұрсатын.

Біздің арамызда Паша Литаврина деген жанкешті қыз болды. Ол – Шура Батищеваның досы. Шура болса, ішіміздегі ең қарапайым, тыныш қана, ұялшақ қыз болатын. Маруся Кадомская да айнаның алдында боянып отыра бергенді жақсы көретін. Ал Люся Лихачева шашын бұйралап тастап – гитараны қолына алатын. Ол гитарамен жатып, сонымен тұратын. Бәрімізден жасы үлкен Полина Неверова еді, оның күйеуі соғыста қаза тапқан, содан ба, ылғи көңілсіз де, байсалды күйде жүретін.

Бәріміз де әскери формада жүреміз. Мамам мені алғаш рет осы киімімен көргенде, таза бозарып кетті:

– Сен армияға барамын деп шештің бе?

Мен оны үрейлендіріп алғанымды түсіндім.

– Жоға, мама. Мен өзіңе көпірлерді күзетемін деп айттым ғой.

Мамам былай деп жауап берді:

– Көп ұзамай соғыс бітеді. Сен сонда бірден шинеліңді шешіп тастайсың.

Мен де солай ойлайтынмын.

Біз соғыстың аяқталғаны туралы білгеннен кейін екі күннен соң, қызыл бұрышымызда жиналыс өтті. Ол жиналыста күзет бастығы Наумов жолдас шығып сөз сөйледі.

– Менің қымбатты жауынгерлерім, – деді ол, – соғыс аяқталды. Бірақ, мен кеше Батыс жолына әскерилендірілген күзет жауынгерлері қажет деген бұйрық алдым.

Залдан біреу айғай салды:

– Ойбай-ау, онда бандеровшылар бар ғой!..

Наумов үнсіз қалды да, сонсоң былай деді:

– Иә, қыздар, онда бандеровшылар бар. Бірақ, бұйрықтың аты бұйрық, оны орындау керек. Барғысы келетіндер, күзеттің бастығына өтініш берулеріңізді сұраймын. Оған еріктілер ғана барады.

Біз казармаға оралдық, әрқайсымыз өз кереуетімізге қисайдық. Тып-тыныш болып қалды. Ешкімнің де, ата-аналарымен қоштасып, туған жерден жыраққа кеткілері келмеді. Әрі ешкімнің де соғыстан соң өлгілері келмеді. Ал біздің бәріміз де бандеровшылардың кім екенін білетінбіз.

Келесі күні бізді тағы да бізді қызыл бұрышқа жинады. Мен президиум үстелінің басында отырдым, ол қызыл дастарханмен жабылған. Мен осынау үстелдің басында соңғы рет отырған шығармын деп ойладым.

Күзеттің бастығы былай деді:

– Бабина, мен сенің бірінші болып баратыныңды біліп едім. Қыздар, сендер бәрің де ештеңеден қорыққан жоқсыңдар, жігітсіңдер. Соғыс аяқталды, үйге қайтуға болады, ал сендер тағы да өз Отандарыңды қорғауға бармақсыңдар. Мен мұндай жауынгерлерді аяймын, бірақ Батыс жолындағы шайқастарға тура сендейлер қажет-ақ.

Екі күннен кейін біз жолға шықтық. Бізге жүк пойызының составын әкеліп қойды, еденге шөп төселген, көктің иісі аңқып тұрды.

Мен бұрындары Стрый деген қаланың бар екенін білмейтінмін де, енді ол біздің қызмет орнымызға айналды. Қала маған ұнамады – кішкентай ғана, әрі қорқынышты, күн сайын музыка ойнап: біресе милиционерді, біресе коммунисті, біресе комсомол мүшесін жерлеп жатты. Воронежде күзетке барғанда еш қорықпайсың, ал мұнда өте сақ болуың қажет. Біз тағы да өліммен беттестік.

Менің Галя Коробкина деген құрбым бар еді. Ол сол жерде қаза тапты. Негізі соғыстан кейін адамды жерлеу деген қияметтің қайымы. Әрі олар он жеті-жиырма жастағылар ғана еді... Мен ол жерде қалжыңдасу мен күлімдеу дегенді мүлде ұмытып қалдым.

...Әскерден босаған соң, мен Ленинградқа келдім. Киров зауытына орналастым, мені қыздар жатақханасына жіберді. Бөлмеде жеті кереует тұрған, ал мен сегізінші болдым. Сонсоң бәрі тұрмысқа шығып, күйеулерін жатақханаға алып келді. Ал әлгі бөлменің ауқымы жиырма төрт шаршы метр ғана болатын. Бірақ біз өте тату тұрдық, ешқашан да ұрсысқан емеспіз. Кешкісін бәріміз де үстелдің басына жиналамыз: біреуі кешкі тамағын ішеді, біреуі кітап оқиды, біреуі тоқыма тоқиды, біреуі кесте тігеді. Кішкентайларды ертерек жатқызып, пердешіктермен өз койкаларын көлегейлеп қоятын. Сырт көзге осынау сығандық палаткаларды көру күлкілі болатын, бірақ біздің ешқайсымыз ештеңеге наразылық білдіріп көрген емеспіз.

Бәріміз сол Киров зауытында, тек әрқилы цехтарда жұмыс істедік. Бір бөлігі бір ауысымда, екіншісі өзгесінде жұмыс істейтін. Біздің бөлмеде ешқашан да электр жарығы сөндірілмейтіндей көрінетін. Сол жатақханада жеті жыл тұрдық. Менің ұлым едәуір өсіп қалды. Жап-жақсы, еркелігі жоқ бала болды. Енді міне, жеті жылдан кейін, біз пәтер емес, коммуналдық пәтерден бөлме алдық. Бәріміз қуанышқа кенелдік. Бір-бірімізге көшуге көмектестік: қабырғаға тұсқағаз жапсырамыз, едендерін жуатынбыз. Кетерде бәріміз тура туыс адамдай құшақтасып, сүйісіп жатамыз. Балаларымыз бен күйеулерімізді алып шығамыз, басқа ештеңеміз болған жоқ. Тек койкаларымыздағы перделерді ала кеттік. Міне, біздің бар байлығымыз.

Сонсоң сонша жыл өткеннен кейін өтетін жерде кездесіп қалып, бір-бірімізге құшақ жая ұмтылатынбыз. Көбіміз тағы да бөпелі болып, шілдеханаларды бірге тойлап жүрдік. Мен де екінші ұлымды тудым. Уақыт өте келе біз жеке пәтерлі, жақсы жиһазды болдық. Мен бұл күнде екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұрамын, бірақ соғыс түсіме кірмей, тыныш ұйқтаған кезім болған емес. Мен тіпті осы пәтерде бұрынғыдан да көп, және жиі жылайтын болдым, бірақ менің көз жастарымды ешкім де көрмейді.

Мен «соғыс» деген сөзді керемет жек көрем. Ол менің өмірге деген құмарлығымды өзім тірі қалсам да, тартып алды. Немерелер менен: «Әже, сіз осы неге сирек жымиясыз?» деп сұрайды. Оларға менімен бірге болу көңілсіз екенін білемін, алайда мен өзіме өзім ештеңе де жасай алмаймын...»

Запорожье облысындағы Бердянск қаласының тұрғыны Антонина Мироновна Ленкова былай деп есіне алады. Ол майданға он жетіге толмай жатып кеткен екен, даладағы автобронетанк шеберханасында автослесарь болып істепті:

«Шолохов «Тынық Донның» екінші бөлімінде Подтелков, Кривошлыков және олардың жолддастарының қазасы жайлы жазады. Атылғандардың ішінде менің нағашым – анамның бауыры Петр Иванович Лысиков та болған. Оның шешесі, ал менің әжем баласының құлағанын көріп, есінен танып қалған. Оны сол күйінде алып кеткен...

Менің әкем, Мирон Павлович Ленков сауатсыз жігіттен взвод командиріне дейін өскен, партия қатарына қабылданған. Ол қайтыс болғанда, біз анам екеуміз Ленинградта тұра бердік, өмірде көрген ең жақсылығым үшін, мен осынау қалаға қарыздармын. Кішкентай кезімде мен жиі ауырғанмын, бала кезімде қатты күйіп қалғандығымнан әлсіз болып өстім. Бертін өсе келе, мен кітап оқуға іңкәр болдым. Лидия Чарскаяның романдарын, Гринвудтың «Шоқпыт киген баласын» оқығанда жылайтынмын, Тургеневті қоймай оқитынмын. Поэзияны сүйетінмін….

Қырық бірінші жылдың тамызын біз әжеміздікінде өткізбек болғанбыз. Бірақ маусымның басынан-ақ менің бойымды әлдебір түсініксіз жағдай билеп алды. Мен анамды тезірек баруға үгіттедім. Ол таң қалды: оның демалысы тамыздан басталады, ал одан ертерекке ешкім де рұқсат етпейді. Әрі маусымда ол жаққа барудан ештеңе шықпайды: жеміс пен жидек тамызға қарай ғана пісіп жетіледі. Бірақ оның ешқандай сөздері менің тезірек кеткім келуіне кедергі бола алған жоқ. Әлдебір түйсік, оның не екенін өзім де түсінбедім, мені қаладан сырғытпалады да тұрды...»

Ақыры ол анасын өзін сіңлісімен бірге әжесіне жіберуге көндіреді. Донның сайын даласында, Свиридов хуторының маңайында, қайнаған шаңның бұлттары арасында, военкоматтың шақыру қағаздарын алып үш-үштен ұшып келе жатқан атты жасауылдарды, казактарды соғысқа жіберіп, әйелдерінің арақ ішіп, ән салып, егіле жылағандарын да көреді.

«Жиырма үшінші маусым күні мен Боковск қаласындағы аудандық военкоматқа бардым. Қысқа да қатаң жауап қайтарды:

– Балаларды майданға алмаймыз. Комсомол мүшесісің бе? Тамаша екен. Онда колхозға көмек көрсет.

Үйіліп жатқан астық жанып кетпесін деп, сол жерде күректеп жаймалап тұрдық. Одан кейін көкөніс жинадық. Қолымыздағы сүйелдеріміз мүйізденіп, еріндеріміз жарылып, бетіміз күнге күйіп кетті. Менің хутордың қыздарынан артық ерекшелігім, өлеңдерді көп білетінмін және егіндіктен үйге қайтқанда ұзақ жол бойы жатқа айтатынмын.

Ал соғыс болса жақындап келеді. Он жетінші қазанда фашистер Таганрогты басып алды. Мен эвакуация жайын айта бастадым, бірақ әжем де, кішкене балалары бар нағашы әпкелері де бұл қадамға бара алмайтынын түсінетінмін. Бірақ мен оның жауапкершілігі өзімде болған сіңлімді қауіпке киліктіріп, бұл жерде қала алмайтын да едім.

Обливскіге дейін бес тәулік жүрдік. Аяқтағы шәркелерімізді лақтырып тастауға тура келді, станицаға жалаңаяқ кірдік. Өзге де эвакуацияға келушілермен бірге стансаға келдік, оның бастығы: «Жабық вагондарды күтпей-ақ қойыңдар, ашық алаңға отыра беріңдер, қазір паровоз береміз де сендерді Сталинградқа аттандырамыз» деді. Бізге оңай болды, біз сұлы салған алаңқайға отырдық. Сұлының арасына жалаң аяқтарымызды сұғып жіберіп, үстімізге орамалдарымызды жамылдық та, бір-бірімізге жабысып қалғып кеттік. Нанымыз да, балымыз да баяғыда біткен. Кейінгі күндері бізді казак әйелдері тамақтандыра бастады. Біз алуға ұялатынбыз, төлейтін көк тиынымыз да жоқ, ал олар болса: «Жеңдер, байғұстар. Бұл күнде бәріміздің де халіміз мүшкіл, бір-бірімізге көмектесуіміз керек» десіп жатыр. Мен өзіме осынау адамгершілік қайырымдылықты ешқашан да ұмытпаспын деп серт бердім...

Сталинградтан пароходпен, сонсоң пойызбен түнгі екіде Медведицкая стансасына жеттік. Адамдардың толқыны бізді перронға тарыдай шашып жіберді. Сөйтіп өзіміз қос сіңгідей бөлініп, еш қозғала алмай қалдық, сонымен құлап қалмас үшін бір-бірімізге сүйеніп тұрдық та қалдық. Бірде, менің көз алдымда, сұйық оттегіден мұз боп қатып қалған бақаны еденге тастай салғанда, оның быт-шыт боп сынып шашылып қалғанын көріп едім, солай шашылып қалмасақ екен. Бәрі де қатып қалды, тіпті ойлаған ойымыз да сөйткен сияқты... Мен әлдекімнің бізге жақындап келіп, әлдене жайлы ақылдасып қайта кеткенін есіме әрең түсірдім; сонсоң адам толған арба келді, сөйтіп бізді соған тіркеп, байлап тастады. Мақталы кеудеше кигізді де: «Жүре беріңдер, әйтпесе қатып қаласыңдар. Сендер енді жүрмесеңдер, жылына алмайсыңдар...» десті. Біз әуелде құлап та қалдық, бірақ жүре бердік, тіпті арасында жүгіріп те алдық. Міне, осылайша аудан орталығына жеткенше он алты шақырым адымдадық.

Біз және бес күн ауаткомның ба, әлде сельсоветтің бе, сенегінде жанып тұрған пештің қасында отырдық. Ұзақ жолдан соң жылынып та алдық. Ақыры біздің соңымыздан Франк селосынан мәшине келді. Соңғы жиырма бес шақырым жер бітпестей көрінді, өйткені сұмдық аяз болды, ал мәшине болса – ашық...

1 Мамыр атындағы колхоз басқармасының кабинетінде жылы да жарық еді. Бірақ, қаладан шыққан, өңкей жалаң аяқ-жалаң бас әйелдер, шалдар мен балалардан колхоз ұйымдастыруға өзіне ауыр тапсырма берілген адам қабағын түюмен отырды. Күнбағыстың орылмаған жерлері қардың астында қалған, көпенеге үйілген шөпті де қар басып қалған, аш қалған мал күні-түні өкірумен тұр, ал сонда жұмысқа кімді жіберерсің? Әлде, мына екі қыз баланы ма?

– Сен неше сынып бітіріп үлгердің? – деп сұрайды менен басқарма.

Мен тоғыз сыныпты дегенімде, ол сенбесе де қуанып қалды.

– Мұның жақсы екен. Сен маған есепшінің орнына көмек көрсетесің.

Сол сәтте мен тіпті қуанып та кеткен едім. Бірақ басқарманың арқа жағында ілулі тұрған: «Қыздар, рөлге отырыңдар!» деген плакатты байқап қалдым.

– Мен кеңседе отыра алмаймын, – деп жауап қайтардым басқармаға. – Егер мені үйретсе, трактор да жүргізе аламын.

Ал колхозға тракторшылар өте қажет еді – оларды қалың қар басып тұрды. Біз тракторларды қардан аршып алдық, металға қолдарымыз жабысып жатса да, терісін сыдырып жатқанына қарамай, тракторларды пәршектедік. Тот басып қалған, қатты тартылған болттар ерітіп жабыстырылғандай көрінетін. Сағат тіліне қарсы бұрауға еш мүмкін болмағанда, оларды сағат тілінің бағытымен бұрап алуға тырыстық. Қырсыққанда, тура сол сәтте ашуға басқан жалғыз нағыз тракторшы, біздің тәлімгеріміз, Иван Иванович Никитин жердің астынан шыға келгендей, пайда бола қалатын. Ол басын қос қолдап ұстап алып, боқтамай тұра алмайтын. Оның боқтағаны, ыңқылдағанындай болғанымен, бізге оны тыңдап тұру оңай болмай, бетімізден отымыз шығады.

Тракторды жабық жерде жинадық. Ондағы суыққа төзу жеңілдеу еді. Алайда қосымша бөлшектердің жоқтығы бізге қолбайлау болды. Ол бізге кездесетін тығырықтардан шығудың жолын үйретті.

– Міне, иінді біліктің мойыны қандай екенін көріп тұрсың ба? – деп сұрайды Иван Иванович. Сонсоң одан әрі түсіндіреді: – Егер оны жөндеп қоймасаң, тракторшы қиындыққа килігетін болады. Қолдануға келмейтін эллипс. Бұл білікті жонып орнату қажет, алайда оны жонатын станок сынып қалған. Сондықтан бір-екі күннің ішінде бұлғақтың мойынтіректерін қайта тарту қажет болады. Оның не екенін жұмыс істей бастағанда көресіңдер...

Біздің курстарымыз сондай болатын, осындай мәшинелерде жұмыс істеуге тура келетін болды.

Мен егіндікке тракторымды артқы жүріспен апармақ болдым: жылдамдықтардың қорабындағы көптеген доңғалақтарының тістері мүжіліп қалған-ды. Есебім оңай еді: жиырма шақырымның бойында әлдебір трактор істен шығатын болса, оның жылдамдық қорабын менікіне ауыстырып салатын шығар. Солай болып шықты да. Мен сияқты тракторшы Сарочка Гозенбук радиаторадан судың ағып кеткенін аңғармай, қалып, моторды қиратқан.

Жұмысымыз өте ауыр болды – күніне үш-төрт сағат қана ұйқтап жүрдік. Ережелерді бұза отырып, моторды ашық жалынмен ұзақ қыздыратынбыз. Қайта тартудың не екенін сонда түсіндім. Осындай жосықтан кейін, тракторды бірден іске қоса алмайсың, жарты айналымда оталмайды... Жаққымайлар мен жанармайлар соғыс уақытындағы нормамен босатылады. Әрбір тамшысына басыңмен жауап бересің, сондай-ақ балқып кеткен мойынтірек үшін де солай.

Бірде егіндікке жұмысқа шығар алдында майының деңгейін аңғару үшін картердің шүмегін ағыттым. Әлдебір сарысу аға бастады. Жаңадан автол құю қажет деп, бригадирге айғайлап жатырмын. Ол жақындап келді де әлгі тамшыны қолына жағып, неге екені белгісіз иіскелеп тұрды да: «Қорықпа! Әлі де мұнымен бір күн жұмыс істеуге болады» деді. Мен: «Өйтуге болмайды, өзіңіз алдында айтып едіңіз ғой...» деп жатырмын. Ол сөзімді бөлімді жіберді: «Сорыма қарай, қайдан үйретіп едім – сендерден құтылудың жолын таппадым, бәрің өңкей білгіш бола қалған екенсіңдер?!» «Жүре бер деп айттым ғой, ендеше жүре бер!» деді де кетіп қалды.

Мен қозғалып кеттім. Сүйретпеде онша ауыр емес культиватор бар, бірақ шаңы деген масқара. Күн ыстық, трактордың түтіні буда-буда, дем алу қиын; бірақ оның бәрі ештеңе емес: ал мойынтірек не болды екен? Менің білуімше, әлдене тырсылдайды. Тоқтасам – үн шықпайды. Күш беріп жүрсем – қайта тырсылдайды! Өзімді бұл бір елес шығар деп, зорлықпен ойлаймын, таза назар аударуды қойдым, жүріп келем. Кенет, тура отырғыштың астынан тук, тук, тук! деп безілдеп қоя берді.

Моторды сөндіріп, қарайтын люктерге жүгіріп бардым, аштым, ал олар іш жағынан майдағы металл үгінділерінің әсерінен екі бұлғақтың мойынтіректерін таза балқытып жіберіпті!

Жерге отыра қалып, доңғалақты құшақтап, еңіреп жібердім. Өзім кінәлімін: майдың сиқын көрдім ғой?! Боқтаудан қорықтым. Оны да жауап қайтарып, әкесіне танытуға болушы еді, бірақ қайтесің – шіріп кеткен интеллигенциямыз...

Әлдебір дыбыстарға жалт қарасам, мәссаған! Колхоздың басқармасы, МТС-тың директоры, саяси бөлімнің бастығы, және, әрине, осының бәрі соның кесірінен болған Иван Ивановичтың өзі де келді.

Ивекең орнынан тапжылмай, қатты да қалды. Бәрін түсінді. Үндемейді. Мен де тіс жармаймын – деседағы бәрін бүлдірген өзім ғой!

МТС директоры сауал қойды:

– Нешеуі кетті?

– Екеуі, – деймін мен.

Ал саяси бөлімнің бастығы бригадирге шүйілді:

– Мен, немене, мына қызды сотқа бермекпін бе? Майды тексеру – сенің міндетің болатын...

Сонымен бәрі де сол әңгімемен аяқталды. Әйтеуір Иван Иванович мен тұрған жерде боқтағанды доғарды.

Менің жұмыс күнім, тұтастай тракторға байланысты болатын: ол жұмыс істеп тұрғанда, мен одан түспейтінмін. Әдетте мұндай иінді білікпен бір тәулік, кейде отыз сағат жұмыс істеуге болушы еді. Осыдан кейін бұлғақтың мойынтіректерін қайта тарту қажет. Ондай күні үш-төрт сағат ұйқтап алуға да болады...

Ал осыдан кейін, бақытқа кенелдік: менің мамам табылды! Керемет адалдығы үшін оны қоршаудағы Ленинград госпитальдарына азық-түлік үлестіруге қойыпты. Міне, қандай жұмыста болған! Ал қырық екінші жылдың ақпанында аштықтан үзілуге айналған оны мұз үстіндегі Тіршілік жолымен алып шыққан... Мен және балаларым да өмір бойы бұл жайтты еш ұмытқан емеспіз.

Анамыз бізді мен әлі хат жазысып тұратын Самаркандтағы бала күнгі досымыз арқылы тауып алды. Анамыз келгеннен кейін, отбасымыз қайта толды. Даладағы жұмыстар аяқталып, тракторымызды жөндеуге әкеп тастап, қайтадан МТС-те жұмыс істей бастағанымызда, мамам кенет былай деді:

– Мен сенің мектепке баруыңды қалап тұрмын.

Мен алғашқыда түсінбей қалдым, егер сіңлімнің үлгерімі туралы білуді мегзесе, ол шыли беске оқиды ғой... Мамам маған түсіндірді:

– Сен үшін оныншы сыныпты мен бітіруім керек пе?

Сіз сонша қиындықтарды көргеннен кейін немістерді ұрудың орнына мектеп партасына қайырадан отырып, есептер шығаруды, мазмұндамалар жазуды, немістің емлесін қажалауды көз алдыңызға елестетіңізші?! Ал жау болса, Еділдің жағалауына жетіп қалғаны мынау!

Мен мектепке бардым. Шамалы ғана күтуім қалды: енді төрт айдан кейін он жетіге толамын. Тура сол кезде мені ешкім де үйге бұра алмас! Бірақ туған күнім жиырма бесінші желтоқсанға дейін тосудың қажеті болмады. Облыстық комсомол комитеті (біз тұрған село Сталинград облысына қарайтын) жастарға Сталинградты жаудан қорғаушылар қатарына өз еркімен кіруге ұран тастады.

Аудандық комитетте бәрі орайлы болғанымен, военкоматта ұрсысуға тура келді. Жасыма, жанарымның әлсіздігіне тиісті. Бірақ жасымның көзіме себі тиді. Менің он жетіге толмағаным жайлы әңгіме шыққанда, мен военкомды тоғышар деп айыптап, аштық жарияладым. Оның қасына отырып алдым да, екі тәулік бойына қолыма ұсынған нанның кесегі мен бір күрешке ыстық судан мүлде бас тартып, сілейіп отырып алдым. Аштан өлуім бар, бірақ менің өліміме тікелей кінәлі деп жазып кетемін деп қорқыттым. Оны қорықты деп айта алмаймын, сөйтсе де ол мені медициналық комиссияға жіберді. Тексерістің бәрі бір бөлмеде жүріп жатты. Дәрігер жанарымды діттеп, қос қолын жайғанда, военком күлді де, мені бекер аштық жарияладың деп кекетті. Бірақ мен сол аштықтың кесірінен көзім көрмей қалды деп соқтым. Терезеге шегініп, құрып қалғыр кестеге жақындағанда өкіріп жібердім. Ақыры ең төменгі жолдарын оқығанша бақырумен болдым. Сонсоң көз жасымды сүрттім де, комиссиядан екінші рет өтуге де дайынмын дедім. Ақыры өттім-ау.

Қырық екінші жылдың оныншы қарашасында, бұйрық бойынша он күндік азық-түлік алып, біз (жиырма бес қыз) тозығы жеткен жүк мәшинесінің шанағына отырдық. Меніңше осы мәшинемен бізді осында алып та келген болатын. Отыра салып: «Азаматтық соғысқа» деген сөзді «өз Отанымызды қорғауға» деген сөзбен алмастырып, «Дан приказ!..» әнін сала бастадық...

Өзіміз әскери ант берген Камышиннан Еділдің сол жақ жағалауымен сонау Капустин Ярға жаяу маршпен жүріп отырып жеттік. Онда запастағы полк орналасқан болатын. Ал мына жердегі мыңдаған еркектердің арасында «сатып алушылар» бізден көз жазып қалғандай болды, әйтеуір бізге ешкім назар салмауға тырысты.

Мен жолай Аннушка Ракшенкомен және Ася Басинамен достасып кеттім. Олардың еш мамандықтары болған жоқ, ал мен өз мамандығымды әскери емес деп санадым. Сондықтан кез келген мамандықты тез игеріп кете аламыз деген сеніммен, қандай мамандық иелерін шақырса да, біз, үшеуіміз бірдей, үш қадам алға шығатынбыз. Алайда сәттілік бізді айналып өте берді.

Ал: «Жүргізушілер, тракторшылар, механиктер – үш қадам алға!» деген «сатып алушының» командасына жауап ретінде алға шықтық. Сатып алушы – жас аға лейтенант бізді абайламай қала алмады. Мен тіпті үш емес, бес қадам жасадым, ол маған үнсіз ғана көзін қадап, тоқтады.

– Сіздер неге тек еркектерді таңдап алып жатырсыздар? Мен де тракторшымын! – дедім.

Ол таң қалды:

– Мүмкін емес. Ал тракторда жұмыс істеудің ретін айтшы.

– Бір, үш, төрт, екі.

– Ал мойынтіректерді балқытып көрдің бе?

Мен екі бірдей мойынтіректі тұтастай балқытып алғанымды, бірақ ол – тәжірибем аз, бастапқы кезде болғанын шын мойындадым.

– Жақсы. Қабылдаймын. Шындықты жасырмағаның үшін. – Содан, басын изеп, әрі кетті.

Тістеніп алған Аннушка мен Ася тайсалмай, менімен бірге алған қадам басқан. Аға лейтенант келіскендей порым көрсетті.

Қосымша әскермен танысқан командир, аға лейтенантқа сауал қойды:

– Сен мына қыздарды неге әкелдің?

Ол қысыла-қысыла: аяп кеттім, басқа бір жерге бара қалса, бұларды тап бір шілдерді атқандай-ақ қырып тастайды ғой, деп жауап берді.

Бөлімнің командирі күрсініп алды да:

– Жақсы. Біреуін – асханаға, екіншісін – қоймаға, ал сауаты тәуірін – штабқа кеңсеге хатшылыққа жібер, – деді.

Ең «сауаттысы» мен болатынмын, алайда хатшылық жұмысқа еш бармаймын! Мен дүниенің бәрін ұмытып, көзім қарауытып кетті:

– Біз – ерікті жауынгерлерміз! Отанымызды қорғауға шыққанбыз. Біз тек әскери бөлімшелерге ғана барамыз, – деп айғай салдым…

Менің айтқаным үзілді-кесілді болып шықты ғой деймін, полковник бірден:

– Әскери бөлімшелерге десеңдер, сонда жіберейік. Екеуін «летучка» деген – станоктың қасына қой, ал мына сумаңдап тұрғанды – моторларды жинауға сал. Егер бір ай ішінде көзін жұмып алып, біздің қойған нормаларымыздың ішінде моторды жинап шығуға үйренбесе, мен бұйыратын жерге баратын болады, – деді. Әлі-ақ хатшылыққа өзі сұранатын болады деп ойлаймын...

Қырық төртінші автобронетанктің далалық шеберханасындағы біздің қызметіміз осылай басталып кетті.

Мен ешқашан да, армия – осыншама ауқымды және күрделі шаруашылық деп ойламаған едім. Алғы шептен алыс жатқан жерлерге дейін бітпейтін байланыстар созылып жататынын, әрі әр бөлім мүлтіксіз жұмыс істеуі қажет екенін де көз алдыма елестетпеппін. Майданға мәшинелер ауадай қажет болатын. Біз тұғырға шығарылып қойылған танкілер мен торпедалық катерлерді көруге көзіміз үйренді. Егер Запорожье жақтан шығып, біздің Бердянскіге келетін болса, құйындатқан желдің астында кәдімгі жүк мәшинесінің тұрғанын көруге болады. «Үздік атқыш», «Үздік байланысшы» және өзге де белгілермен қатар соғыс кезінде «Үздік жүргізуші» деген белгі де тағайындалғанын білетінбіз. Әскердегі жүргізушілер өздерінің қаншама тозығы жеткен мәшинелерінде ғаламат жұмыстар атқарды. Олар мына күйде біздің шеберханамызға қалай жеткендеріне өздері де таң болатын. Адам айтқысыз ерлік десе болады!

Бізді доңғалақтарға орнатылған зауыт іспеттіміз. Мәшинелерге орнатылған «летучка» деп аталатын – фрезерлік, кеулей жону, ажарлағыш, жонғыш станоктар; электр стансалары, құйдыру вулканизация жасау станоктары орнатылатын. Станоктарда еш үзіліссіз он екі сағаттан, екі-екі адамнан жұмыс істейтін. Бірінің түскі, кешкі, таңғы асты ішетін уақыты келсе, оны серіктесі айырбастай тұрады. Егер біреуі жасақта болуға тиіс болса, онда қалған серіктесі жиырма төрт сағат бойы жұмыс істеуге тиіс. Бәрінен бұрын құрастыру кезінде ауыр болатын, бұл кезде еш ауысым жоқ. Бір тәулікте бір мотор жинап шығару – әскери тапсырма. Тіпті бомбылау жүріп жатқанның өзінде бұл жұмыс еш тоқтамайды. Моторды құшақтап жатып өліп кеткендер де болған... Жұмысты қардың астында, лайдың ортасында атқара беретін. Осыған қарамастан, болар-болмас та шалағайлық еш болмайтын.

Бір айдан кейін бөлім командирі қатаң емтихан алды. Мен оған абыроймен төтеп бердім: небәрі жиырма төрт сағаттың ішінде жинаған моторым, сынақ стендте сағаттай сартылдап жұмыс істей жөнелді...

Сапқа тұрғызылған бөлімнің алдында маған кіші сержант әскери атағы тағайындалғаны туралы бұйрық оқылды.

– Ал, енді кім кімнің бақырашын жуытын болады? – дедім мен, бақытқа бөленіп. – Кәне, дұрыс тұрсаңшы! Ленька, жүгір, түскі асты әкел. Қатардағы жауынгер Васильев, сіз жөнді естімейтін болғансыз ба?..

Бірде, меніңше ол Зимовникте орын алды ғой деймін, мен бір-екі сағат қана қисайып тұрайын деп жатқаным сол еді, бомбылау басталып кетті. Мен мына екі сағат ұйқтау қуанышын жоғалтқанымнан гөрі, өлтірсе-өлтіре берсінші деп, басқа қырыма ауысып жатып, құлағымды жауып алдым. Алайда жақын маңда жарылған бомбаның тарсыл-гүрсілі арасынан, өз жаныма жақын жерден шығып жатқан бір таныс дыбысты шалып қалдым. Қазір атылуға тиіс деп ойлап едім, жарылыс болған жоқ. Енді жарылмайтын болды ғой, ұйқтап алуға болар деп, қалың ұйқыға еніп кеттім.

Менде ешқашан, қандай оқиғалар болып жатса да, қорқыныш сезімі туындап көрген жоқ. Тек қатты кескілескен шабуылдан кейін ғана, тесігі бар тісім қақсап қоя беретін. Оның өзі аса ұзаққа бармайды. Ал соғыс ақталғанына бес жыл өткеннен кейін өз ағзамның ол жер, бұл жерлерінен шыдауға болмайтындай және түсініксіз ауырсынулар үнемі мазамды ала бергендіктен мамандарға жүгінуге тура келмегенде, мен өзімді әлі күнге дейін батылмын деп есептей алар едім. Сонда тәжірибелі невропатолог, неше жаста екенімді сұрап алды да:

– Жиырма төртке жетпей жатып, өзіңнің бар вегетативті жүйке жүйеңді құртып алып, енді қалай өмір сүрмексің? – деді.

Ал мен енді жақсы өмірім басталады, барлық ауыртпашылық – соғыс та, оқу да өтті ғой деп ойлап едім.

Ал бәрі сонсоң, менің соғыстан кейінгі өмірімде басталды... Иә, мен тірі қалдым, бірақ азаматтық өмірім басталғаннан кейін бірнеше күннен соң, менің буындарым ісе бастады, оң қолым қатты қақсап, жұмыс істеуден қалды, көзімнің көруі төмендеп кетті, бүйректерім төмен түсіп кеткен екен, бауырым орнынан жылжып кеткен, кейін анықталғанындай, бар вегетативті жүйке жүйем толықтай бұзылып кеткен. Алайда мен соғыс бойына оқу оқысам деп армандап жүрдім. Ал университет мен үшін тағы бір Сталинградқа айналды. Мен оны мерзімінен бір жыл бұрын аяқтадым, әйтпесе әлім жетпей қалушы еді. Соғыста жүргендей, төрт жыл бойына әппақ боп өңіп кеткен гимнастеркада, тек стипендияның арқасында ғана бітірдім… Бірінші ұлыммен бір мамандықты – гидрологты игерсем, екінші ұлыммен – журналистиканы меңгердім. Соғыс менің көп күшімді алып кетті, организмім қатты қажып қалды. Екінші ұлымның тууы сол көзімнен айырылуға апарып соқты. Ал гидрологке бинокулярлық жанар қажет. Содан өмірді қайта бастау керек болды...

Мен бұл жайлы неге айтып отырмын? Егер біздің әрқайсымыздың тіршілігіміз соғысқа дейін тым молақ болса, одан соң – дәнеңе де қалған жоқ. Соғысқа дейінгі осынау тірлігімізді еске алмай болмайды, өйткені оған деген кілтті бізге майдан тапсырған болатын. Мен сол шайқастардан адам баласы рухының шексіз мүмкіндіктеріне деген сенімді алып шықтым. Кейін, бастан өткенді адамның қолынан келмеді-ау деген бір жайлар болмаса, одан басқасын ұмытып та қалыппын. Міне, менде сондай бір күшті сезім қалып қойған...»

Осындайда физика сабағы ойыңа түседі: егер темір үгінділерінің бейберекетіне магнитті қоя қойсаң, дем арасында әлдебір айқын суретті көз алдыңа алып жетіп келеді. Мен де соғыстың жүздеген емес,тіпті мыңдаған қыздардың тағдырларын ұқсас еткендігі жайлы ойлаймын. Осынау тағдырлардың ішінен бірнешеуін таңдап алып, басқасын қалдыруға бел буамын – «соғыстық, бірақ мылтық ұстаған жоқпыз» деген өзге әйелдер мені кешірсін, майданның сондай жадағай көрінісінен де оның қаншалықты қиын екендігін білемін де. Жалпы әрбір адамның ғұмыры өз алдына маңызды болып көрінеді. Сонда бұл кітап аяқталмайтын хикаяға айналып кетуі кәдік. Әрі оны – тұтастай халықтық ерлік деп атауға әбден болар еді...

(Жалғасы бар)

Аударған Марал ХАСЕН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар