Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Елубай Әуезов. Түн қып-қызыл, алатаңым қап-қара....

17.08.2018 8925

Елубай Әуезов. Түн қып-қызыл, алатаңым қап-қара. 12+

Елубай Әуезов. Түн қып-қызыл, алатаңым қап-қара. - adebiportal.kz

Елубай Әуезов Жұманұлы 1967 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының түлегі. Алғашында өзі туып өскен Бесарық ауылындағы №147 мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Облыстағы қос телеарнада он жылға жуық қызмет атқарды. Облыстық «Сыр бойы» газетіне бөлім меңгерушісі, облыстық «Ел тілегі» газетіне бас редакторы болған. Соңғы кезде «ҚазАқпарат» Халықаралық Ақпараттық агенттігінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Өлеңді мектеп жасынан жаза бастаған, мерзімді баспасөзде жырлары жарияланып жүр.

Осы уақытқа дейін «Мен таныған тылсым» атты танымдық кітабы жарық көрді. «Жыр тұғырым– тәуелсіздік», «Бесарық бастауы», «Сүйген жүрек», «Сырдың сырлы сандығы» тағы басқа да ұжымдық жыр жинақтарына өлеңдері енген. Бүгінде «Түпсана жаңғырығы» жыр жинағы баспада тұр.

ТІЛЕК...

Азан даусы

анау таныс мұнара

Ғажап әуен

көңіл кәміл иланды.

Шыққыр көзім көріп жүр әр жұмада

Иманыңнан айыратын имамды.

Мейлі маған

кетпес тіпті ештеңем

Не айтсаң да бүгін аңғал сенеді ел.

Махшар күні не болады сескенем

Сол сорлыға Алла тауфық бере гөр.

Жүректе иман

болса жетер ишара

Көктен келген

кеуде нұрға тұнады

Түсінбейді

неге ғана бейшара

Оған қатты болады Алла сынағы.

Білем әркім амалына жауапты

Маңдайыма жазылғанын көрем мен.

Ниетімде бір іс жасау сауапты

Тым құрыса өлеңмен.

Пәтуаңа асықпа

ей, имамым

Жан емеспін

мен бір жүрген еріккен.

Мәніс білмей келеді ме қинағың

Жүрегімді ашып, жарып көріп пе ең.

Қорқытасың

тамұқпенен ал, неге

Неге айтпайсың

пейішімді арайлы

Қарамайды

Алла сенің сәлдеңе

Жүрегіңнің қалыбына қарайды.

Солай бауыр,

таза болсын жүрегің

Ортақ бізге

өлшенетін қап, кебін.

Мұсылманбыз,

саған да мен тіледім

Оң жағыңнан келсін амал дәптерің.

АҚ БАЛТЫР

Болды деп айта алмас ем биік ұстам,

Ол рас, сұлуларды жиі құшқам.

Қинауға күнде азанда аңдығандай

Бір бойжеткен шығады қиылыстан.

Шын сезім, аспан куә, дала мына

Қарауға асықпаймын жамалына

Шығарып сап жүремін ақ балтырын

Қарасай, жасап алған амалыма.

Мүмкін ол сұлу шығар керім неше,

Шашын да өрер жүз өрім ерінбесе.

Маған ол маңызды емес, қиналамын

Кей күні ақ балтырым көрінбесе.

Қызығып көктен қарап тұратын Ай,

Бәлкім ол ару болар мұраты бай.

Білмеймін менікі не, орта жолда

Ақ балтыр, ұры сезім, Ұятын-ай...

Осылай талай ақын дастан өрген,

Атағы алыс кетіп, асқан елден.

Кеудемде сартаптансын сағыныш боп,

Болды енді жүрем ертең басқа жолмен.

БҮГІНГІ ӨЛЕҢ...

Түн қып-қызыл, алатаңым қап-қара

Жұлынымда күй ойнайды жұпарлы.

Жап-жасыл боп өсіп тұрған мақтаға

Менің ессіз махаббатым тұтанды.

Ләззаттанам ит үнінен ұлыған

Маса анау дұға оқиды ызыңдап.

Қыстың күні да сары аязға жылынам

Табанымнан ыстық өтіп тызылдап.

Қандай әсем ақырғаны есектің

Бұлбұлың да ән салуға ұялған.

Кермек емес, дәмі тәтті өсектің

Жатып алып әуен терем қиялдан.

Шілдедегі ыстық қандай ызғарлы

Сары шұнақ аязыңда көл қайнап.

Керуен ғып жүк теңдесең жүз нарды

Шақырады жанға сая шөлді аймақ.

Осылай бір өлең жаздым аздаған

«Тура айтсаң туғаныңа жақпайсың»

Тап мынадай Абай өлең жазбаған

Мұқағали, Төлегеннен таппайсың.

Жәй айтылған бостекі сөз демеңдер

Саралайды түбі оның жұрт бәрін.

Қаптап кетті осындай көп өлеңдер

Сіз сүйерсіз, мен ештеңе ұқпадым.

ҚЫЗЫЛ ҚҰМҒАН

Еткенде бойжеткеннің басы бұлаң

Атпай ма мерген жігіт қашырып аң.

«Қызыл құмған-ай, отта тұрған-ай»

Баламыз бізге қызық осы бір ән.

Өткеннің бүгінгіге бәрі аңыз, той

Тап-таза мөлдір шықтай санамызда ой.

«Қызыл құмған тұрады отта неге»

Сұраймыз үлкендерден баламыз ғой.

Осылай сахарада ән тарады

Әркім де өз ебімен мал табады.

«Кемпір-шалға дәретке қояды» деп

Олар да қу біздерден жалтарады.

Қыздар сұлу сүрмелеп, қасын жұлған

Жігіт дайын етуге басын құрбан.

«Қызыл құмған» аз болса, осы әнде

«Айналады көзінен ашып-жұмған».

Махаббаттың лаулаған өртін көріп

Қалай ғана болмасын сертің берік.

Алдаса да бала күн білдік біздер

Бұл құмғанның қызығын бертін келіп.

Бабалар солай өмір көшіне ерген,

Малы мыңғып түстіктің төсіне өрген.

Қызыл құмған өмірі оттан түспей

Біздің қазақ осылай өсіп-өнген.

ӨЗІМЕ СӘЛЕМ...

Жүремін әрбір күні басқа әлемде

Келгені ме, бұл әлде жас кемелге?

Не қалдырам, не беріп үлгіремін

Бір үміт күтіп менен тосқан елге.

Жайым сол, уақытым тар асығулы

Қазынам тұр алмаған жасырулы.

Жан күйін дәл өзіндей кім түсінер,

Өлеңге жастайынан ғашық ұлды.

Бақытын іздеген ол таудан, тастан

Шындық үшін кезі жоқ даудан қашқан.

Сүйеді ол ессіз, көзсіз ғашық жанды

Басқаға назарын да аудармастан.

Өлең-жырға жүреді ол кіл ашығып,

Тұйық қалпы кетпейді тым ашылып.

«Ат жалы, түйе қомы» келе жатыр

Әлденеге әйтеуір жүр асығып.

Бүтін де емес еді жол-жарағы

Түбінде несібесі мол болады.

Менен де дұғай-дұғай сәлем деңдер,

Бейуақта көрсеңіздер сол баланы.

СЕНІ ҒАНА 100 ПАЙЫЗҒА СҮЙЕМ МЕН...

Құс жолы ма, аспандағы түнгі із ба

Толған Ай ма, самсаған мың жұлдыз ба.

Бәр-бәріне ғашық етіп есейттің

Мінезіме тоқтам салып тым қызба.

Кімге ұнайды білмеймін ғой қай өлшем

Айтар сөзді талғамыма сай өрсем.

Саған ғана ғашық болу арқылы

Маған ыстық боп көрінді бай өлкем.

Кей тірлігім тірлігіндей көзсіздің

Сондадағы өзіме ұнар өз сүзгім.

Бала жастан өліп-өшіп келемін

Содан бері сен дегенде ессізбін.

Не сыйқырсың осыншама құнығар

Ал осымды кім түсінер, кім ұғар.

Бұ жалғанда өзің ғана шығарсың

Қуанышы у, мен дегенде мұңы бал.

Бізге амандық тілеймін ғой Иемнен

Бар үмітім саған ғана сүйенген.

Ару-өлең, ренжімесін өзгелер

Жүз пайызға сені ғана сүйем мен.

МОЙЫНДАУ...

Ғашықтық ғазал жастан арна мейлі

Толған ба, білмейсің ғой барға пейілі.

Ойпырмай, табу қиын көңілін бір

Бәйбішем де, «тоқалың бар ма» дейді.

Жуасып баяғыдан батыл сезім

Ханым деп те айтасың қатын сөзін.

«Бәрі де сенің арқаң» деп қоясың

Сезінсін деп кей-кейде ақылды өзін.

Билік солай ауысар тегін үстем

Не ойлап жүр білмедім келін іштен.

Орта жол, бала өскесін ер-азамат

Тіпті ләззат алады шегіністен.

Кеше ол ару болған жас, қылықты,

Дей алмас ем ол мүлдем бас біліпті.

Қалай десең, олай де расы керек

Диірменнің бәрібір асты мықты.

Осындай-ақ болады уайым ізгі

Білгіңіз келсе біздің жайымызды.

Тағы бір таң сібірлеп атып қалды

Қой бәйбіше ішейік шәйімізді.

ЖАҚСЫ КӨРУ...

Жүрмейді ол, боркеміктік істеп жырғап,

Аймалаған түрі сол – тістеп, тырнап.

Дәл мұндай махаббатты кім көріпті,

Не қылса да қыларын күштеп қылмақ.

Торғайдай қашан көрсең көкала боп,

Көзінен сонан кейін жоғалады от.

Сүйген жүрек шыдайды барлығына

Күндер сосын басталып томаға-тоқ.

Үй жақта бәрі оларды сөз қылады

Жазылады зорға, әрең көз, құлағы.

Неткен сезім бұл өзі, неткен шыдам,

Менің де келмей отыр созғым әрі.

Сезімнің ерген үшін жетегіне,

Сот та жоқ, айыптау да екеуіне.

Құдды бір қарсылықтай сезімдері,

Баянсыз бұл жалғанның өтеріне.

Не өмір, бірі қуып, бірі қашып

Қойдым-ау, екеуінің сырын ашып.

Бақытты бұ екеуі не десең де,

Былайғы көп пенденің мұңы басым.

Түрлі әсер, түрлі ойды еске түсіреді,

Түйді екен талай жанның іші нені?

Абырой болғанда әйтеу, бұл екеуі,

Көрші мен біздің үйдің мысығы еді.

НАҚЫПБЕК-ЕЛУБАЙ-МҰХТАР

Әу бастан-ақ кеткен екен қатеңіз

Ал кейбірін мәңгі арқалап өтеміз.

«Атыңызды Елубай деп қойыпты

Әлде елуге келіп пе еді әкеңіз?»

Сезетінмін деуші едім бір соғар

Қазір жиі қойылады бұл сауал.

Азан қойған атым менің Нақыпбек

Қатты білгің келіп егер тұрсаң, ал.

Бұрындары мән берген де емеспін

Өз ныспысын санамайды кем ешкім.

1967, қарашада туыппын

Елу жылдық мерекесі Кеңестің.

Түгел айтсам созылады ұзаққа

Айтпасты айтып ілінермін тұзаққа.

Колхоз бастық мереке ғой депті де

Елубай деп жаздырыпты құжатқа.

Алауыртып берілгенде сезімге

Саған қарсы тұра алмайды төзім де.

Ата-анама «неге Мұхтар қоймадың»

Деп өкпе айтқан болған менің кезім де.

Бұл есім де қонды маған бақыт боп

Содан өтті жарты ғасыр уақыт көп.

Елубаймын арасында достардың

Ағайынның арасында Нақыпбек.

Болдыңыз ба, әлденені ұққандай

Дамыл көрмен, басыма бір құт қонбай.

Танытамын мен бәрібір бір күні

Есімімді елге әйгілеп Мұхтардай.

СОЛАЙ БОЛҒАН...

Жыр-несібе тере алмай шашылған

Тұстастарым шауып өтіп қасымнан.

Қос мүшелде ақындығым байланып

Үш мүшелде ғайыптан кеп ашылған.

Әр көктемде исі аңқып ен жусан

Сезімге елтіп жыр жазуға бел бусам.

Ару-өлең қуалайтын мазамды ап

Ал қашатын мен қусам.

Сыры неде, түсінбестен білместен

Жаратқаннан тілеп әр түн тілдескем.

Делқұлы бір науқастайын сонша жыл

Өзім ғана білетін мен күн кешкем.

Жабысқандай дүниеде кесел бар

Демеген ем дәл сондай бір кешем хәл.

Отты жырды орта жолда жырласам

Жиырма бесте кеткен менің есем бар.

Жазылмапты бір өлеңім «Қайықта»

Енді ол үшін бұйырмаңдар айыпқа.

Тілегімді берген болар Раббым да

Сонан бері келем сеніп ғайыпқа.

Бұл ақындық серіге де, дүрге сын

Осынша жыл көргем оның «түрмесін».

Қуып жетіп ақшаңқан үй тігемін

Әлдеқашан ұзап кеткен жыр көшін.

Шиырламай көне соқпақ, жолды ескі

Бағындырам, көндіремін көнбесті.

Осынша жыл аңсап, күтіп жетіп ем

Түбі қоймай бастаймын мен сол көшті.

И, ЖАНЫМ...

Ақ жүзіңнен көрінген соң иманың,
Бозбала боп ұнаттым да, сыйладым.
Босағадан кеше имене аттап ең,
И, жаным...

Елден бөлек, жұрттан жырақ ибалым.
Қарашы Алла сені маған қиғанын.
Тірлігінде риза болып кетті анам,
И, жаным...

Саған сендім, айылымды жимадым,
Шалғай кетсем сағынтасың үй дәмін.
Бір мен десе түйені де көрмеген
И, жаным...

Білем рас, кейде орынсыз қинадым,
Сөйітсем де мені ешкімге қимадың.
Әулетіме сыйлы болдың обал не,
И, жаным...

Күндей жайнап, күліп қағып дидарың,
Құдай берді, ұл да, қыз да сыйладың.
Сен ғой мені ақын етіп жіберген
И, жаным...

О, Жаратқан жақсылықтың үй бәрін,
Менде кәміл бір өзіңе иланым.
Қалған жерде бір болайық осылай,
И, жаным, и жаным...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар