Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Рәбиға Сыздықова: Бала бір тілде ойлап, сөйлеп, тү...

17.08.2018 5584

Рәбиға Сыздықова: Бала бір тілде ойлап, сөйлеп, түс көруі тиіс…

Рәбиға Сыздықова: Бала бір тілде ойлап, сөйлеп, түс көруі тиіс… - adebiportal.kz

Ғалым, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ұстаз Рәбиға Сыздықова 1924 жылы тамыз айының ортасында Батыс Қазақстандағы Ойыл қалашығында қызметкер отбасында дүниеге келген.

Үштіктің үкімі

Рәбиға апамыздың әкесі Сәтқали (Сәті­ғали) Құтқожин өз ауылдарынан қашық емес жердегі үкімет салдырған мектеп – «Қызыл үйде» бірінші сыныптан бастап оқы­ған. Бұл 6-7 жылдық мектеп бел­гілі бір оқу бағдарламасы бар, оқушы­лардың сауа­тын ашып, білім беретін орын болған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында салынып, «орыс-қазақ мектебі» аталған. Басында оқу тек орыс тілінде жүргізілген. Алған білімде­рінің толықтығына қара­ғанда, орта мек­тептің бағдарла­масымен жұмыс істеген. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды ғалымдар, Иса Қашқынбаев сынды дәрігерлер осындай мектепті бітіріп, Қазан, Омбы, Мәскеу, Петербург жоғары оқу орын­дарында оқығаны белгілі. – Әкеміз орыс-қазақ мектебін бітірген­нен кейін Орынбордағы оқытушылар семинариясына түсіп, соңғы курсында жүргенде оқуын тастап кетеді, – деп бастады әңгімесін Рәбиға апа. – Себебі, құжаттарда көрсетілмегенімен, анамыздың айтуына қарағанда, жастығының астынан ақ патшаға қарсы жазылған қағаздар шығыпты. Бұл жерде оқып жүргенде әкеміз Морзе әліппе­сін үйреніп, едәуір білім алады. Оқудан кет­кеннен кейін байланыс бөлімінің жұмыс­тарына қаты­сады. Ол Орал, Астрахань және сол маңайдағы жерлердегі байланыс бөлі­мінде жұмыс істейді. Ақтөбе облысындағы Ойыл қалашығында байланыс бөлімінің бастығы болып орналасады. Қазан төңкерісі­нен бұрын Ойылда жылына екі рет жәрмеңке болатын. Кейін Ойыл Алашорда Батыс үкіметінің астанасы болған. Әкеміз сол жерде бірнеше жыл аудандық байланыс бөлімінің, яғни, пошта, телеграф, телефон, т.б. бастығы болып істейді. Менің, екі жас үл­кен ағам – Хамит пен екі жас кіші сіңлім – Роза үшеуміздің табанымыз алғаш рет осы қалашықтың топырағына тиген. Зұлматты 1937 жыл болатын. Оқу бастал­май тұрып, тамыз айында әкемізді НКВД (Ішкі істер министрлігі) адамдары ұстап, түрмеге алып кетті. Оны өз көзіміз­бен көр­дік. Сіңлім Роза екеумізді анамыз орталық­тағы дүкеннен нан әкелуге жібер­ген. Наны­мызды алып келе жатсақ, қала­ның шетінен (әкеміз жұмыстан босатылған соң ауылдың шетіндегі балшық үйге көшкенбіз) ат арба көрдік. Екі жағында екі адам, ортасында әкеміз отыр. Ол бізді көріп басын изеді. Біз таңырқап қарап қалдық. Арба жанымыздан зыр етіп өтіп кетті. Содан әкемізді көрген емеспіз. Кейін әкеміз «халық жауы» деген жаламен үштіктің үкімімен қараша айында Ақтөбе қаласында атылыпты… Анамыз – Жеміс Қалуқызы қарапайым шаруаның қызы болған. Жолдасы ұсталып кеткенде, үш баламен қалған ана балала­рының адал, қажырлы, еңбекқор болып қалыптасуына ерекше мән берді әрі осы қасиеттердің бәрі өз бойында да болды. Бойымда қажырлылық, намысшылдық, адалдық, еңбекқорлық сияқты қандай ізгі қасиет болса, бәрі де – анамнан.

«Стахановшылар»

ХХ ғасырдың басында Рәбиға апаның әкесін Ойылдан Ақтөбенің Табын ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп ауыстырған. Онда ат арбамен бірнеше күн жүріп көшіп келгендері есінде. Ол кезде, сірә, 4-5 жастағы бала болуы керек. Кейін әкейді жаңадан ашылып жатқан Арал ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп жібереді. Бұл жерге Ақтөбеден пойызбен келді. Екінші сыныпты сонда оқыды. Әр нәрсенің екі жағы болады ғой: пайда­лы жағы да, әттеген-айы да. Бұл – 30-жыл­дар­дың бас кезі, елімізде оқыту­шы­лар жетіс­пейтін. Екінші сыныпта басы­нан аяғына дейін қара киінген, толықша кел­ген татар әйел оқытты. Бір байқаға­ны – ол кісі көп сөйлемейтін, бірақ өлеңдер жаттататын. «Пионер» газетіндегі өлең­дерді түгел жатта­татын. Содан соң есептер шығартатын. Қазақша білмейтін мұғалім­нің бір пайдасы – қазақ өлеңдерін оқуды, жаттап жүруді үйренді. 3-сыныпқа келген­де әкейді не Арал ауданы жабылып қалды ма, не басқа себеп болды ма, әйтеуір Ақтө­бе облысының Темір ауданына байланыс бөлімінің бастығы етіп жіберді. Бұл да кезінде орыстар мен татарлар көп қоныс­тан­ған, жәрмеңкелі қалашық болатын. Күзде оқуға келгендерінде бірдеңе оқытты ма, есеп шығартты ма, әйтеуір сон­дай бір нәрселер болды. Содан соң фамилия­мыз­ды атап, 5-6 балаға: «Енді 3-сыныпта емес, 4-сыныпта оқитын бола­сыңдар. Сен­дерді аттатып жібердік» деді. 4-сынып оқитындардың саны аздау болып, 2-сынып­тан көшкен балаларды бірден 4-сыныпта оқытты. Болашақ ғалым сол жерде мектептің 7 сыныбын бітірді. Мектепте оқып жүрген кездегі естен кетпейтін қызық оқиға мынау болды: сірә, 1934-35 жылдардың шамасы болуы керек. Төртінші-бесінші сыныптар ма екен? Бір күні мектепке келсе: «Стахановшылар, стаха­новшылар!» деп шулап жүр. «Ол не?» десе, жақсы оқитындардың аты-жөнін «Мек­тептегі стахановшылар» деп тізіп, есіктің сыртына іліп қойыпты. Ең басында «Құтқожина Рәбиға – стахановшы!» деген апамыздың тегі тұр. Содан біразға дейін «стахановшы» аталып жүрді. Стаханов деген Дон шахтасында көмір қазу норма­сын артығымен орындаған жұмысшы екен. Соны үлгі етіп, жақсы оқитындарды да «ста­хановшы» деп атаған екен. Бір-екі ай осы атақпен жүрді. Қазір ойлап қараса, бұл – күлкілі ғана емес, қисыны келмейтін атақ қой. Әрине, осындайлар болып тұрыпты.

Білім алуға бетбұрыс

– Әкеміз ұсталып кеткен жылдары ана­мыз үш баламен жоқшылықтың зарда­бын тартты, – деп жалғады әңгімесін Рәбиға апа. – Хамит ағам Темір ауданын­дағы педтехни­кумның 3-курсында оқитын. 1938 жылы оқуын бітіріп, Ақтөбе облы­сының темір жол бойындағы Алға стансы­сына мұғалім ретінде жіберілді. Бастауыш мектепте жыл жарым­дай жұмыс істегеннен кейін 1940 жылы наурыз айында әскер қатарына шақырылып, Батыс Украинаның Золочев қаласындағы танкистер дайын­дайтын бөлімде әскер қатарында болды. Енді анам, сіңлім – үшеумізді асырай­тын өзім болып қалдым. Сол жылдың науры­зында ағамыздың көр­сетуі бойынша, «жақсы оқиды» деген құжаттарды, техни­кумның 2-курсына дейін оқыған қағазым­ды алып, ағамыз жұмыс істеген жерге бардым. Бірден төртінші сыныптың оқытушысы болдым. Өте қиын болды. Өзім баламын ғой, небәрі он алтыдамын. Келесі жылы төртінші емес, екінші сынып­қа сабақ беріп, мұғалім болып жұмыс істедім. Есейіп, он жетіге келдім. Қырық бірінші жылдың жазында демалысқа шығып, оқыған жеріміздегі ағайымыздың үйіне, Темірге келдім. Бір күні таң алдында неміс фашистері ескер­тусіз кіріп, еліміздің батысын бомбалап жатқанын естідік. Сол күні-ақ дереу жиналып, анам мен сіңлім тұрып жатқан Алғаға жол тарт­тым. Соғыс басталған екен. Сонда қыстай, күз­дей жұмыс істеп шық­тым. Отын, азық-тү­лік жағы өте қиын болды. Жалақым үш адамға, отын сатып алуға, пәтерге төлеп тұруға жетпейтін болғандықтан, әкеміздің туған інісі – қарапайым жұмысшы, Темір қаласында қалған Еркінғали ағамыздың қасына көшіп келдік. Сонда өзім оқыған мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналастым. Көп ұзамай бесінші, алтыншы сыныптарға география, ботаника сияқты пәндерден де сабақ беретін болдым. 43-жылы жазда ағамыз Хамит оң қолы­ның шынтақтан жоғары жағынан айы­рылып, үйге келді. Келе орыс мектебіне та­рих пәнінің оқытушысы болып істей бас­­та­ды. Ағамыз келіп, отбасымызды асы­раудың жүгі біраз жеңілдеген соң мен жұмыс істеп жүрген жерімнен үш айға рұқсат алып, Ақтөбеге бардым. Ондағы екі жылдық оқы­ту­шылар институтына түсіп, оқып жатқан студенттермен бірге мемле­кеттік емтихан тапсырдым. Оны 44-жылы бітіріп шықтым. Көп ұзамай Ақтөбеге қызметке шақырылып, №12 мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Әрине, ол жұмыстың үлкен міндет екенін, жұмысы көп екенін білгенім де жоқ. Не істеп, не қойғанымды өзім де түсінбеймін. Әйтеуір сабақ кестесін түзіп, балаларды тәртіпке шақырамын, мұғалім болып та жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде, 1945 жыл келді. Мамыр айында соғыс бітті. Осы жылдары менің бүкіл арманым, ойым, жоспарым – әрі қарай оқу болды. Сол арманым күтпеген жерден орындалды. 1945 жылдың тамыз айында аудандық комитет шақырып: «Соғыс бітті, есімізді жи­дық. Биыл ұлы ақынымыз Абайдың туға­нына 100 жыл толады. Соған Ақтөбеден бес-алты адам делегация жіберуіміз керек. Оқы­тушы ретінде екі адамды жіберіп отыр­мыз. Бірі – облыстық оқу бөлімінің басшысы – Рахила Сәрсенова. Сосын жас мұғалім ретінде өзіңізді ұйғарып отырмыз» деді. Алты адам болып пойызға міндік. Бес-алты күн жүріп, Алматыға жеттік. Алматы­ны тұңғыш көруім. Ең басты көргенім, ғажап­танған дүнием көп болды, армандап жүрге­німнен де үлкен нәрселерді көрдім. Конфе­ренцияны ашқаннан кейін бірінші сөзді Мұхтар Әуезовке берді. Ол кісі Абай туралы бір сағаттық баяндама жасады. Есімнен танбағаныммен, қайран қалдым: «білім» деген осы екен ғой! «Бір нәрсені білу» деген осындай екен ғой! Абай туралы білгенім, оқушыларға түсіндіріп жүрге­нім – мыңның бірі екен ғой. Абай қандай ақын болған, қандай жаңалығы бар – барлығын түсінікті тілмен айтып бер­ген­де іздеген білімімнің, ұмтылысымның дұ­рыс екенін бірден сезіндім. Осындай жер­ге келіп, тыңдап, оқуым керек екенін түсін­дім. Сол жылы тамыз айында оқытушылар конференциясына делегация мүшесі ретінде бардым. Конференция бұрынғы Дзержин­ский мен Киров көшелерінің қиылысындағы №25 мектепте өтті. Онда «Қазақ тілі» оқу­лық­тарындағы олқылық­тар, оқушылардың қабылдауына қиындық келтіретін тұстар турасында сөйледім. Сөзімді аяқтап болған соң оқулық автор­­ла­ры – Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаевтар келіп (ол кезде ол кісілер­ді танымаймын), ризашылықтарын білдірді. Біраздан кейін Ахмеди Ысқақов келіп, сабырлы қалыппен немен шұғылда­нып жүргенімді, қандай мақсатым бар екенін сұрады. Мұғалімдер институтын бітіргенімді, отбасы жағда­йыма байланысты оқи алмай жүргенімді, енді майданнан орал­ған ағама отбасы­мызды тапсырып, оқы­ғым келетінін, Мәскеу жақын болған­дықтан, сол жақтағы жоғары оқу орындарының біріне құжат тап­сырғалы жүргенімді айттым. Мұғалім­дер институтын қызыл дипломмен бітірге­німді естіген Ахмеди Ысқақов Алматы­дағы ҚазПИ-дің 3-курсынан бастап оқуға шақырды. Қуана келісіп, екі айдың ішінде айырмашылықтарды тапсырып, оқуға орналастым. Әрине, оқу өте қиын болды. Өйткені бұрын ешқандай білім алған емеспін. Керек десеңіз, толық орта білімім де жоқ. Өз бетіммен оқыдым. Бұрын-соңды институтта профессордың лекция­сын тың­дап көргенім жоқ. Бір семестр бас алмастан оқумен, жаттығумен болдым. Бәрін де ойдағыдай тапсырдым. Әрі қарай кішкене жеңілденіп, есімді жиып, ізденіп, өз бетім­мен оқи бастадым. Білімге деген талпы­нысым күшейіп, көп білу үшін ғылыммен айналысу керек екенін түсіндім. Бізге І.Ке­ңес­баев, М.Балақаев, Р.Г.Лемберг, Н.И.Ти­мошько сияқты профессорлар сабақ берді. Мұнда да өте жақсы оқып, қызыл дип­ломмен бітірдім. Сондықтан болар, аспиран­тураға қалдырды. Аспирантурада оқып жүріп, ҚазПИ-дегі қазақ тілі филоло­гия­сында мұғалімдер ұжымының мүшесі ретін­де жұмысқа алды. Сол кездері Абай атын­­дағы институтта және екі-үш жыл бұрын ашылған Қыздар институтында «Орыс және қазақ тілдерінің салыстырмалы граммати­касы» пәнінен лекция оқыдым.

Көрісу мен қоштасудың арасы…

– Аспирантураның соңғы курсында жүргенімде қасында жолдасы бар бір жас жігіт жатақханаға, мен тұрған бөлмеге келді. Ойынды-қалжыңды әңгімелестік. Жігіт: «Мынау – менің жолдасым, жақында Мәскеу­ден келді. Жалғыз тұрады. Іші пыса­ды екен. Кешке шығып, парктегі биге бармақшы болса таныс қызы жоқ. «Қазақ қыздарының біреуімен таныстыршы. Кешке биге барып, 1-2 сағат әңгімелесейік» деп еді. Содан ертіп келдім» деді. Жолдасы соғыс кезінде Мәскеудегі жоғары дипломатиялық мектепті (қазіргі МГИМО) бітіріп, Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп жүрге­нінде Қазақстанның Орталық комитеті жұмысқа шақырады. Өйткені өзімізге де білімді кадрлар керек. Сол кезде, сірә, «БҰҰ-дағы жоғарғы қызметтерде Қазақ­станның да өкілі болуы керек, Украина, Белоруссия сияқты Қазақ­станның да аты тұрсын» деп әрекет­теніп жатқан болса керек. Содан Мақаш Сыздықов Орталық комитетке кіші қыз­меткер ретінде орна­ласқан екен. Бойшаң, аққұба, көркем, сыпайы жігіт болатын. Бірден ұнады. Бұған дейін де жігіттер болған шығар. Бірақ есіл-дертім білім алу, оқу болғандықтан, елең қылмадым. Ал мына жігіт қазақша, орыс­ша, французша, түрікше, өзбекше еркін сөйлейтін, жарқын жүзді, өте мәдениетті көрінді. 1948 жылдың көктемі болатын. Менің де жасым келіп қалған. Сол жылдың күзінде үйлендік. 1949 жылы бала­мыз Әсет туды. Мақаш кейін Мәскеудегі Қо­ғамдық ғылымдар академиясына, диссер­тация қорғайтын үш жылдық оқуға сұранып кетті. 1951 жылы халықаралық құқық бойын­­ша кандидаттық диссертация қорғап келді. Жоғарғы партия мектебінде халық­аралық қатынастар мен халықаралық құ­қық­тан сабақ беріп жүргенінде қыстыгүні қатты науқастанып, төрт айдай ауруханада жатты. 1954 жылы мамыр айында, 32 жасын­да қайтыс болды. Ол – бірінші жолдасым еді. Мақашпен отбасылық өмір де болған жоқ: ол үш жыл оқуда, мен жұмыста бол­дым. Өлеңде жырланғандай, «бар өміріміз қош­тасу мен көрісу» болды. Демалыста Алма­тыға келетін. Оқу кездерінде акаде­мияға, диссертация жазуға кететін. Мен жұмыс істеп, осында қалатынмын. Осы көрісу мен қоштасудың арасында тату-тәтті, жақсы өмір сүрдік.

16 жол өлеңнің «әлегі»

– Кейін, 1962 жылы, Қазақстанның ха­лық әртісі – Шахан Мусинмен танысып, сол кісінің қосағы болдым. Балаларын тәрбие­ледім. Қырық жылдай бірге өмір сүрдік. 1999 жылдың 26 желтоқсанында ауырып, қайтыс болды. Кейінгі қосағыммен жұмыс істеу тәрті­біміз, дағдыларымыз, жұмысымыз әртүрлі болғанымен, жақсы тіл табыстық. Ол кісі көп қиыншылық көрген. Жиырма екі жасын­да «Наркомға хат» деген өлең жазып, онда: «Қоймаңда астығың, майың, етің – бәрі толып тұрғанда, қазақ неге аш­тан өлді?» деген ойды өлең шумақ­тарымен өріп, жолдастарына оқып беріп жүреді екен. Бірақ жарияламаған. Кейін 1936 жылы үкіметке қарсы ұйым құрған жас­тардың басшысы ретінде ұсталып, бірнеше ай қамалады. Көп кешікпей ондай ұйым болмағандықтан, шығарып жібереді. Шахан Ауылшаруашылық институтында оқып жүргенінде әкесі қатты ауырып, екі інісін, қарындасы мен анасын асы­рау үшін ауылға кетеді. Бірнеше айдан кейін оны қайта ұстайды. Сонда баяғы «Нар­комға хат» деген өлеңі жауап алушының алдында жатады. «Жақсылап тұрып орысша аудар­ған екен. Менің өлеңімнен екі есе артық» дейтін. «Осыны неге жаздың? Демек, Кеңес үкіметіне қарсысың!» деген желеу­мен 1937 жылы түрмеге қайта жабады. Жас бол­ған­дықтан, атпаған болуы керек. Ататын кінәсі де жоқ. Колымаға, нағыз итжеккенге жер аударып жібереді. Онда алтын қазады, ағаш қырқады, өзге де қара жұмыс істейді. Содан Сталин өлгеннен кейін ғана ақталып, елге оралады. Шахан осындай тағдырын, көрген бей­нетін еске түсіргенде қалжыңдап «Сіз­дер жер­гілікті профессорларды тыңдап, білім алып жатырсыздар ғой. Мен Варшава, Петербург, Мәскеу, т.б. қалалардағы профессорларды тыңдап, оқып келген адаммын» дейтін. Өйткені әлгі саяси тұт­қын­дармен бірге жер аударылып, лагерьде бірге болған. Жамбылдың өлеңдерін орыс тіліне аударған атақты ақын Андрей Алдан­мен бір корпуста қамауда болған. Қашқаны үшін қарауылдың бірі атқан кезде қансырап жатқан жерінен сүйреп әкеп, ажалдан аман алып қалғаны туралы айтып отыратын. Ол жерде Қазақстаннан жалғыз өзі болыпты. Өлімнен, аштықтан, аурудан үш рет аман қалғанын, бірінде еврей, екіншісінде грузин, үшіншісінде орыс құтқарып қалғанын жыр қып айтатын. Әкеммен тағдырлас болғанын әрдайым жадымда тұтып «Бүкіл ғұмыры жазықсыз­дан-жазықсыз түрмеде өтті ғой» деп түсі­нуге ты­рыстым, отбасының күйбең тірлі­гіне ара­ластырмадым. Тату-тәтті өмір сүрдік. Қайтыс болар алдында ризашы­лығын білдіріп, алғы­сын айтып кетті. Өз қолымнан аттан­дырдым. Басын қарайт­тым. Қызы – Мақпал Мусина алпыс жыл­дан бері қызым ретінде мамалап жүріп жатыр. Ресейде тұрса да, жиі-жиі келіп-кетіп тұрады. Репрессия зардабын тартып, 16 жол өлең үшін 18 жыл сотталған Қазақстанның халық әртісі Шахан Мусинді ең алдымен ақын ретінде таныдым. Ақындығы арқылы арма­нын жеткізді, өз өмірін баян етті, көрген азабын, қиындықтарын айтты, соны қалай көтергенін жазды. Жас кезінен ақындықпен айналысса, ірі ақындардың бірі болатын еді. Каторгада жүргенде не қағаз жоқ, не қа­рын­даш жоқ, өлеңдерін ойша шығарып, жаттап жүрген екен. Кейін есіне түскен өлең­дерін қағазға түсіріп, тастай берген. Соларды шығарып, жария­ла­ғысы келетін. Көз жұмған соң ол өлеңде­рін жинап, топтастырып, алғы сөз жазып, жеке кітап етіп екі рет бастырып шығардым. Қазір қызы өлеңдерін орыс тіліне аудартуға әрекеттеніп жүр.

Әуезовтің ризашылығы

Тағдыр қызық қой. Кейде күтпеген жерден ойыңа келмеген әрекеттерге баруға тура келеді. Кейде көктен тілегенің жерден табылып жатады. Енді бірде әрі қарай тал­пынуға, өмір сүруге, жұмыс істеуге өзге­лер ықпал етеді. М.Әуезовтің Абай тура­лы баян­дамасын тыңдағанда ерекше қайран қал­ғаны әлі күнге дейін есінен кетпейді. Көк­тен тілегені жерден табылғандай. Сөз жоқ, ғылымға бет бұруына осы себеп болыпты. – 1957 жылы Ұлттық Ғылым академия­сы­ның Тіл және әдебиет институтына жұ­мысқа шақырылдым. Осы институтта табан аудармастан күні бүгінге дейін жұмыс істе­дім, – дейді Рәбиға апа. – Бастапқыда беріл­ген тақырып партия тарихына қатыс­ты бола­тын. Ол тақырып маған онша ұнай қоймады. Одан еш нәрсе жаза алмадым. Содан басқа тақырып алмақшы болдым. Қандай тақырып таңдарымды білмей жүргенімде академиядағы фи­лологиялық кеңестің мүшесі М.Әуезов: «Осы Абайдың қарасөздерінде бір қызық морфологиялық тұлғалар бар «барарға керек, бармақ керек» деген сияқты. Осылар қайдан келді? Қазақтар солай сөйлейтін бе еді? Абайдың қарасөздері тілдік тұрғыдан зерттелген жоқ, соны зерттесе қайтеді?» деді. Сөйтіп, кандидаттық диссертациям­ның тақыры­бын М.Әуезов ұсынды. Мен «Абайдың қарасөзде­ріндегі морфоло­гиялық тұлғалар» дейтін тақырыпта канди­даттық диссерта­ция бас­тап, жыл жарымда (1959 жылы) қорғап шық­тым. Мұхтар аға ол тақырыпты ұсынбағанда қалай болар еді? Бір конференцияда менің баяндамам­нан кейін сөйлеген М.Әуезов «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конферен­цияға қатысушылар ай­рықша ырза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік – тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткі­лікті екендігін аңғартты» деген болатын. М.Әуезов ұсынған тақырыпты кейін де жалғастырдым: докторлық диссертациям да («Абай өлеңдерінің тілі») Абай шығар­машылығына арналды. Осы тақырыпқа байланысты кейін бірнеше іргелі зерттеулер («Абай шығармаларының тілі», «Абай өлең­де­рінің синтаксистік құры­лысы», «Абайдың сөз өрнегі») жаздым. Бұл тақырып қазақ әдебиет тілінің тарихын зерттеуге, әдеби тіліміздің әсемдігін, сөз байлығын, орта ғасырлардағы ескерткіш­теріміздің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеуге түрткі болды. Білімді толықтыра түсуге, тынымсыз оқып, іздене беруге ықпал еткен, ақыл бер­ген І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Қ.Жұмалиев сынды ұстаздарым да болды.

«Халық жауының» қызына қысастық

– Аспирантура бітірген уақытым «бек­махановшылдықпен күрес» басталған кезбен тұспа-тұс келді. «Халық жауының қызы» ретінде ҚазПИ-дегі, Қыздар педаго­гикалық институтындағы жұмыстарымнан қысқа­рып, 6 ай жұмыссыз жүрдім. «Оқы­тып жүр­ген пәнінің бағдарламасы, оқу­лығы жоқ» деген себеп айтылды. Атылып кеткен «халық жауының» қызы жастарды тәрбие­леп, оқы­туға құқы жоқ екенін сездім. Мені ұстаған да жоқ, айыптаған да жоқ. Өйткені еш қатысым жоқ. Әкемнің «халық жауы» деген адам үркитін атпен атылып кеткенін ерекше сезіндім. Осы кезде Әбу Сәрсенбаев басқарып отырған қазақ тілі мен әдебиеті оқулықта­рын шығаратын «Учпедгиз» (қазіргі «Мектеп») баспасына кіші редактор ретінде жұмысқа орналастым. Көп ұзамай редактор, аға редактор, редакция меңгеру­шісі болып қызмет еттім. «Тіл – қоғамдық құбылыс» деп аталатын алғашқы мақалам­ды осы баспада қызмет етіп жүргенімде жаздым. Осы кезде орыс мектептерінің жоғарғы сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығын (1952-53), «Үлкендерге арналған әліппе» (1958,1963), «Ересектерді оқыту программасы» (1958), т.б. оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға, бағдарламалар түзуге қатыстым. Дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу қағидалары туралы, яғни, қазақ тілінің нормаларын қалыптастыруға қатысты еңбектерім де осы кезден басталды.

Тілді сақтайтын – мектеп

– Қазақ тілін сақтайтын – ешқандай үкімет те, ұран да, үндеу де емес, бір-ақ нәрсе, ол – қазақ мектептерінің сақталуы. Мектеп табалдырығын аттаған баланың сөй­леген тілі ана тілі болады. Баланың ең алғашқы көбірек сөйлейтіні, үй ішінде сөй­лей­тіні, ойлайтыны, түс көретіні бір тілде болуы керек, үш тілде емес. Сол ана тілі болуы керек. Мектепте ең болмағанда бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқыту керек. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан үкімет, басшы­лар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мекте­бін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебін көбейтіп, аша беру керек. Тіпті қазақ баласы аз жерде де қазақ мектебін ашуға болады. Бұрын орыс мектебін сөйтті ғой. Қазақ мектебіне немқұрайдылықпен қарайтын болсақ, үш ұрпақтан кейін ол тіл құриды. Бүгінде Сібір түркілерінің тілі жоқ. Отыздан астам түркі тектес халық болған. Қазір солардың көбінің өз тілі жоқ. Адамда­ры бар, бірақ салттары да, тілдері де жоқ, керек десеңіз, аты-жөндері де орысша бо­лып кеткен. Міне, осыдан сақтану керек. Өмір деген – әйтеуір тіршілік ету, тамақ ішіп, тынығып, ұйықтап өту емес. Адамзат­қа әдемілік керек. Әдемілік – өлеңдерде, көркем әдебиетте, суретте, музыкада. Адам баласы мал сияқты тек тіршілік ету үшін жаратылмаған. Адам баласы өмір сүру үшін ғана емес, сол өмірдегі барлық жақсылық­ты, қызықты көру үшін туады ғой. Саясатқа еріп, осыдан айырылып қалмайық. Академик неге алаңдаулы? – Мені қазір екі нәрсе қатты толғантып жүр: бірі – өзім алпыс жылдан астам жұмыс істеген, кезінде бүкіл Кеңес Одағындағы тіл білімі институттарының ішінде Мәскеу мен Ленинградтан кейін үшінші орында аталып келген қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тағдыры. Қаржы­ның тапшылығынан ба, әлде өзге де себеп­термен бе, мықты мамандардың басқа оқу орындарына ауысып кетуінен бе, табиғи өлім-жітімнен бе, институттың беделді қыз­меткерлері азайып, жастар жағынан мықты мамандар тартылмай, институт әлсіреп қалғаны байқалады. Мұндай институт өз алдына ғылыми-зерттеу ошағы болып сақта­луы керек. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Шынында, қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. А.Байтұрсынұлы айтқандай, сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады. Сол халықтың аты жойылады. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тілмен бірге аталып келген халық та құриды. Адамдар болғанмен, олар қазақ болмайды. Мені алаңдатып жүрген екінші мәселе – үш тілді бірден оқыту. Бұл жайында жоғарыда да тоқталып өттім. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосу керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Жапон халқы ақымақ емес қой, бес-алты жылға дейін шет тілді қос­пай, тек ана тілінде ғана оқытады. Бүгінгі таңда әлем бойынша ғылым, техника жағынан барлық елден озық тұрған, Америкамен тайталасып отырған – жалғыз Жапония. Жапон халқы ана тілі арқылы дүниені де, өзін де, өзінің қабілетін де жақсы таныды. Одан еш ұтылған жоқ.

Көпті көрген, ұлылардан тәлім-тәрбие алған Рәбиға апамыздың көңілге түйгені көп. Елі, елінің болашағы жайлы келелі ой айтып отырған апамыздың ғұмыр жасы ұзақ болуына тілектеспіз!

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

aikyn.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар