Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жәнібек Әлиман. «Ұлттың ұлы ақылы...»...

20.08.2018 5753

Жәнібек Әлиман. «Ұлттың ұлы ақылы...»

Жәнібек Әлиман. «Ұлттың ұлы ақылы...» - adebiportal.kz

Қарағандыға қай жағынан кірсеңіз де, Бұқар жырау даңғылына маңдай тірейсіз. Пенде баласының Күнге бет бұрғанындай бұл да кездейсоқ құбылыс болмаса керек. Астана мен Алматының арасындағы алтын арқау Қарағандының қақ ортасындағы қаланың өзегіндей ең ұзын көше осы.

Шаһарда қандай қастерлі орын, еңселі ескерткіш бар – бәрі Бұқар жыраудың бойында. Астана жақтан кіре берісте қала Бұқар жырау даңғылынан басталады. «Шахтер» стадионы тұр ол жерде. Қарағандыда бұл халық көп жиналатын орын екені айтпасада белгілі. Осы жерде исі қазаққа ортақ жырау даңғылы Қазақстан көшесімен қиылысады. Сәл жоғары жүрсеңіз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты, одан сәл әріректе бабамыздың ескерткіші тұр. Қазақстан, ондағы ұлт (қазақ), Бұқар жырау – ошақтың үш бұтындай – кешегіміз, бүгініміз бен болашағымызды нұсқағандай қалың ойға жетелейді. Мұны арнайы солай орналастырған ешкім жоқ. Алланың әмірі деңіз! Оны да заманында бабаның өзі айтып қойыпты.

«Күллі әлемді қаратқан,

Ең алдымен Алланы айт!

Бойыңа жан таратқан

Аты жақсы Тәңірді айт.

Төрт шәдияр Мұстафа

Кітап ашқан ғалымды айт.

Мұхаммедтің аяты

Алла сөзі құранды айт.

Пайғамбардың сүндеті

Бес уақытқы намазды айт.

Тәңірім салса аузыңа

Жан жолдасың иманды айт.

Жамандыққа – жақсылық,

Көктегі иең Тәңірді айт».

Немесе

«Алла жақтаған зар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес»

– дейді. Алланың ақиқатын айтып тұр Алашына. Бүгіндері дініміз іріп, діліміз шіріп жатса, осы «Көмекей әулиенің» кемеңгерлігінен тәлім алмағандығымыздан. «Дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?», тағы Бұқар. Алланың ақ жолы, Жаратқан Иенің шексіз құдіреті, адамгершіліктің басты ұстындары, жақсы мен жаман – бәрі-бәрі Бұқар ілімінің алтын арқауы. Бір сөзбен айтқанда, адамдыққа, ақиқатқа бастар жол. «Ақтың жолы тар болмас» дейді ол. Аллаға қараған таршылық көрмейді деген сөз. Теріс пиғылдағы түрлі ағымдар қаптап кеткен қазіргі қазақ қоғамына бұдан артық не керек? Қытайлар біздің дәуірімізден бұрын өмір сүрген Конфуций жолымен келеді әлі. Біз осы дәуірде (ХVII-ХVIII ғасыр) ғұмыр кешкен кемеңгерді керек қылмаймыз. Конфуций «жылына қарға адым жер жылжып та жетістікке жетуге болады» десе, Бұқар «Айтар болсаң, Алланы айт» деді. Конфуций «өзіңе ұнамағанды басқаға қылма» десе, Бұқар «жамандыққа жақсылықпен жауап қат» дейді. Сөйдейді де, қытаймен қатынаста да қандай саясат ұстану керектігін ескертеді...

Бұқар өсиетін парақтағанда, біздің еске бірден хакім Абай түсті. Екеуі екі заманда өмір сүрді. Жырау ғұмыр сүрген Қазақ хандығы салтанат құрған тұстағы Алаш – оның өзі айтпақшы, «Хақтың жолын күзетіп, Жақсылықты ұққан жұрт» еді. Тәубесінен жаңылмаған жұрттың Құдайға қараған кезі. Ертедегілер айтатын «Пайғамбар заманына бір табан жақын тұс». Солай бола тұра, Бұқарекең айтады: «Дін мұсылман болмаса, Тіл мұсылман не пайда? Қызда қылық болмаса, Құр шырайдан не пайда?», – деп. «Біләткенің байы – ақша» деген Абай заманы мүлде бөлек. «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа жол емес» деген Абай «Көмекей әулиенің ойын өрбітіп тұрғанға ұқсайды, біздіңше.

«Ай, айтамын, айтамын,

Мінген атың айтамын.

Құлынында емген, тайда емген,

Құнанында арда емген,

Дөненінде үйреткен,

Жібектен арқан сүйреткен,

Бестісінде белі күшті болсын деп,

Бес байталға салдырған,

Алтысында талдай мойнын талдырған,

Жетісінде жетіп құлан шалдырған,

Сегізінде серке сан деп атанған,

Тоғызында тола семірген,

Онында оқ жыландай қарғыған,

Ойнай басқан аяқтым,

От орнындай тұяқтым,

Қиғаш қамыс құлақтым,

Саптыаяқтай еріндім,

Сарымсақтай азулым,

Сауырысын кере жараған,

Кекілін қыздай тараған,

Тостаған көзді торыны,

Топ тарқамай мін-сана.

Еліңнің қамын же-сана» (Бұқар). Абай жазған «Аттың сыны» мен салыстыруға келмегенмен, осыны естіп өскен ақын «Аттың сынын» кемеліне келтірмегенде, қалай? Жазба поэзия мен жыраулық өнердің ара жігі осы жерден ашылатындай көрінеді маған. Жырау – аттың үстінде, ақын – жазу үстелінде. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген бар. Сөйтсе де, «Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де» деп толғайды Бұқар. Абайдан басталған біздің жазба поэзия тамырын жыраулар поэзиясынан тартады. Елдік ерекшелік, ұлттық рух, топырақ пен тек – бәрі жырауларда тұр. Ал, жыраулар мұрасының жинағы «Бес ғасыр жырлайды» – ұлттық санамыздың төлқұжаты.

«Ханның жақсы болмағы –

Қарашының елдігі.

Қарашы халқы сыйласа,

Алтыннан болар белдігі»

– деп хан Абылайға қарата сөйледі Бұқар. Мұндада саяси үлкен мән жатыр. Осы орайда, «Абайдың өзге ақындармен сөз жарыстырғанда» айтқан шумақтары тіл ұшына оралады. «Ханым – сен, қарашың – мен, басыбайлы, Ханы жақсы болса, қарашысы жасымайды. Жаманға жақсы қолы ұжымақтай, Әлханжан, бері таста насыбайды» дейді. Мұны айтуыма себепкер – ғұлама Мағауиннің бертіндегі бір жазбасы. «Қараша халық емес, дұрысы – қарашы» деп еді. Кеше қарасам, Абайдан бұрын Бұқар айтып тұр «қарашы» деп. Абайды түсінбеген қазақ Бұқарды оқып жарыта ма?! Абай Бұқар туралы айтқанда, заман беті басқа арнаға ауса да, қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан ескі әдетті нұсқаса керек. «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты» (Шортанбай) деп ол өзгерістерді жатсынғаннан гөрі, соның тілін таппасаң, осылай таз қалпыңда далада қаласың дегені. Хакімнің бұл өлеңі – жалпы ақындыққа қойылған талап. «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап» немесе «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» дегеніне қарағанда. Хакім осылай бір жола кесіп айтпаса, онсызда сөзге тоқтаған қазақ мал бағып, көшіп-қонып жүре берсе, заманды ырқына жыққан оқу-білім, кәсіп қайда қалмақ? Әйтпесе, хан мен қарашының арасында әділетті ту етіп, қайрылмай тұрып алған жырауың осы «Көмекей әулиенің» өзі еді.


Бұқар жырауды оқысаң, көз алдыңа хан мен қарашы һәм бүгінгі дүдәмал дүние елес береді. «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресінің» (Абай) бірі кездеспейді жырларынан. Сол кездегі мемлекеттік, ұлттық сана мен бұқараның халі, болашақты болжап, алысты көру бар. «Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған ақылман не айтса да, елдікті, тұтастықты жырлағанын байқау қиын емес. Бұл – оның басқа тақырыптағы шығармаларын атамағанның өзінде, саяси толғауларының өміршеңдігін білдіреді. Қазақ хандығымен іргелес жатқан орыс, қытайға қатысты айтқандары әлі маңызды, әлі өзекті. Солай болғасын, хан кеңесшісі сайланбай қалсын ба?


Хакім Абайдың жоғарыдағы өлеңге қойған талабы бүгінде орындалса қайда? Осы күнге дейін Астананы жырламаған ақын кем де кем. Бірақ, Бұқардың «Бағаналы орда – басты орда, Байсал орда қонған жұрт» толғауынан асырып айтқаны жоқ. Бағзы заманда өмір сүрген бабамыздың жыр-толғауларында айтылған ойлар жүзеге бүгін асып, Қазақстанның бет-бейнесіне айналғанына бүгін көз жетіп отыр. Дүниеге мың жылда бір келетін кемеңгер осылай уақыттан озып туады. Жыл басында Астананың 20 жылдығына орай газетке материал ұйымдастырғанда, осы


«Бағаналы орда, басты орда –
Байсал орда қонған жұрт.
Қара түлкі – қармалжық
Қас сыпайы киген жұрт.
Ақсары атан аспалап,
Ел жайлауға шыққан жұрт.
Хақтың жолын күзетіп,
Жақсылықты ұққан жұрт.
Бас, аяғың бай болып,
Бәсеке дәурен сүрген жұрт…»

– деп басталатын толғаудан асқан келісті сөз таппай қалдық. Тәуелсіз ел астанасының образы тұр мұнда. Бүгінгі Астана кейпі бұрынғы дәуірде, Бұқардың тілінде сомдалып қойған. Сенбесеңіз, толғаудың толық нұсқасын мұқият оқыңыз. Өне бойында «мал үшін тілін безеген» бір сөз жоқ, тек астаналы мемлекетті сипаттаған асқақ рух пен салиқалы сезім жатыр. Тіпті, «Көп жылдарға бек сақтап, Есен де есен болған құтты жұрт» деп бүгінге жеткен қазақтың қилы тағдырын да сипаттап кеткендей екен. «Мамыр асып ел болып, Байсалды жайлау табылды. Көлдей қамқа төсеніп, Көрікті ханым түскен жұрт. Ханым берген қамқа тон, Жырау киіп кеткен жұрт. Іңкәрілер алшаңдап, Ас пен тойға келген жұрт» деп бейбітшілік пен келісімді, татулық пен жарастықты да келістіре жырлайды.
Әсіресе, бүгінгі күнмен астасатын – «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» толғауы.


«Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де!
Маң-маң басып жүріңіз
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз»

-дегені Абайдың «Біріңді – қазақ, бірін – дос, көрмесең істің бәрі – бос» идеясымен астасып тұрған жоқ па! Бейбітшілік пен татулыққа үндеген Бұқардың бұл ойы бүгінгі Ассамблеяның түпқазығы, тұма бастауындай сезіледі. Осыны ол баста аңдап, жүзеге асырған Елбасының көрегендігі өз алдына бөлек әңгіме. Жоғарыда жырау өсиеттері бүгінгі Қазақстанның іргетасы болып қаланып жатқандай көрінеді деуіміздің бір ұшы осында.

Атақты Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесінде» еңсегей бойлы ер Есім хан билік құрғанда, құрамына алты Алаш кірген Қазақ ұлысы орта Азияда ең ұлы хандық болғанын айрықша атап, дәріптейді. Бұқар бабамыз жайлы мақаласын «Ұлт ұраншысы» деп айдарлағанын және білеміз. Әулие Мәшһүр-Жүсіптің жазуынша, Бұқарекеңнің: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі Еңсегей бойлы ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың!» дегені қалыпты. Орыс, қытайға алдырмай, орта Азияда ордалы ұлыс, қуатты хандық құрған хан Абылайға! «Ай, Абылай, Абылай!» деп басталатын басқа толғауларын айтпаса да болғандай бұдан кейін. Ұлттың жұлын-жүйесіне айналып кеткен ұлы жырау бұл сөзімен Абылайға өктем сөйлеп қана қоймай, Есім хан тұсындағы Қазақ ордасының күш-қуатын әйгілеп тұр. Тарихи сана тұрғысынан келгенде, біз үшін мақтанарлық мерей. Бұрынғы Қазақ хандығының күш-қуатын бағамдағың келсе – Мұхтар Мағауинді, ақыл-парасатын пайымдағың келсе – Бұқар бабаны оқы.

Әдебиеттерде бабамыздың өскен ортасы, оқыған орны туралы айтыла бермейді. Біз кездестірген тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың «БҰҚАР ЖЫРАУ: он екі тарих» еңбегінде жырау Бұқара қаласындағы Көкілташ медресесінде оқып, білім алғаны көрсетіледі. Бұл – сол кездегі орта Азиядағы алдыңғы қатарлы озық оқу орындардың бірі делінеді. Бұқар есімі шығыс ғұламалары білім алған осы қала атауына байланысты қойылғаны да айтылады онда. Одан кейін Қазақ хандығының астанасы есебіндегі Түркістан жанындағы Қарнақ медресесінде ұстаздық еткеніне тоқталады Жамбыл Артықбаев. Өйткені, толғауларынан бабамыздың діни сауаты терең екендігі байқалады. Шығыс мәдениеті мен іліміне жетіктігі өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ, Жамбыл Омари ұлы жырау кейіннен елге кеткенде, інісі Теке Түркістандағы Ахмет Яссауи медресесінде шырақшылық қызмет атқарып қалғанын жазады. Ал, кезінде қолында бар мәліметтермен Бұқар жырау ұрпақтарының шежіресін құрастырған қарағандылық журналист Ержан Имаштың төмендегі жазбасы Жамбыл ағамыз келтірген деректерді растай түседі.

«Бұқар жырау Қалқаманұлы Арғын Қаржас ішіндегі Алтынторы руынан. Алтынторыдан төрт ұл: Жолымбет, Мәмбетәлі, Келімбет, Артық. Осылардың алдыңғы екеуінің тұқымдары бұл күнде Павлодар облысының Баянауыл және Қарағанды облысының Бұқар жырау аудандарын мекен етеді. Қалған екеуінен тарайтындар Өзбекстан жеріндегі Жиделібайсын өңірінде қоныстанған дейді бізге көнеден жеткен мағлұматтар. Жоғарыдағы Жолымбеттің балалары мыналар: Қойсары, Қалқаман, Ырысымбет, Назар. Бұқар жырау қорын ашып, бұл шаруаға белсене ат салысып жүрген қадірменді ақсақал Шопанай Әмірхановтың арғы аталары Мәмбетәлі Жолымбет бір туысады. Қалқаманнан Бұқар жырау мен Теке туады. Тағы да Шопекеңнің мәліметінше, Теке Түркістандағы Әзірет сұлтанда шырақшы болып қалған көрінеді де, сол жақта өсіп-өніпті».

«Ұлттың ұлы ақылы, Тік қарауға ханға жетті батылы» деп жазады ақын Есенғали Раушанов «Ұйғырдың ұлы ақыны Савутжан ака Маматкуловтың рух-шарифіне мәрсиясында». Халықтың қаны мен жанынан қайнап шыққан қара өлеңді өзгеше түрлендіріп, жаңа биікке шығарған Есенғали аға өлеңінің осы екі жолын Бұқарекеңе қаратып айтса да болғандай. «Ұлттың ұлы ақылы»!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар