Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақсүйек өнердің құпиясы немесе хәкім туралы бірер сөз

21.08.2018 1904

Ақсүйек өнердің құпиясы немесе хәкім туралы бірер сөз

Өнер - адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы. Күллі қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін жаңа биікке көтерген Абай есімін өнердің қай түрімен байланыстырсақ та артықтық етпейді. Себебі, ұлы ақын өнері жан-жақты, сан-салалы.

Қазақ өнерінің шын жанашыры болған Абай өз айналасына елінің дарынды да өнерлі жастарын жинап, оларды өнер жолына салып, ақындық пен әншілікке баулыған. Олар: ойшыл ақын Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Турағұл, әнші Әлмағамбет, Мұхаметжан, Мұсажан, Әсет сияқты күміс көмей әнші-өнерпаздар, ақын-скрипкашы Мұқа, т.б. барлығы өз ұстаздарының өнерге деген ыстық ықыласынан жалын алып, өнер отын сөндірмеген жандар.

Ақындығымен қоса, өнердің қай саласына болмасын еркін бойлай білген Абай жасында Біржанды ауылында қонақ етіп, кейін Мұқаны, Әсетті, Әлмағамбетті сақтап, барлық балаларын ән-күй өнеріне баулығаны белгілі. «Өз әйелі Әйгерімнің әншілігін өсірмек боп, Біржаннан жаз бойы ән үйретеді. Кейін Тәкежанның Мақұлбай деген баласы өлгенде, Әйгерімге жоқтау өлеңді өзі шығарып беріп, жаздай жақсы әуен мен жоқтау айтқызады», - дейді М.Әуезов.

Сонымен бірге, Абай белгілі әнші-күйші емес, «жәй айтушыларға да халық жырларын немесе өз тұсындағы ақындар жазған дастандарды жырлатып отырады. Топай Бейсембай деген ақынға «Қозы Көрпешті» Жанақ үлгісімен жырла деп тапсырады. Бірақ бар өлеңін бірқалыпты әуенмен айту жол емес, Қарабай, Қодар, Тазша, Сақау қатын, Баян, Қозы барлығына кей жердегі өзді-өзі сөздерін, өз әуенімен айтқызатын болған» (М.Әуезов. «Абайдың өмірбаянының үшінші нұсқасы»).

Абайдың өзіне ерекше ұнатып, іш тартқан өнерпаз тұлғалардың бірі - Әлмағамбет Қапсәләмұлы. Атақты әнші, күйші Мұқадан көп үйреніп, өзінің ұстазы санаған Әлмағамбет "Абай әншісі" деген атаққа лайық болған.

Абай ортасына скрипка аспабын тұңғыш рет әкелген Мұқа Әділханов - Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты шәкірттерінің бірі. Ол асқан домбырашы, шебер скрипкашы әрі әнші, әрі ақын. Мұқа өзінің скрипкада ұнатып орындайтын күйлерінің бірі - белгілі "Дунай толқыны". Осы күйдің әсерін өзі кейін өлең еткен.

Абайдың туыстық айналасы, ұрпақтары шетінен ақын, әнші, өнерпаз адамдар болған. Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде Абайдың Омбы қаласында оқып жүрген інісі Халиолланы өнерге баулығаны жайлы: «Бұл жылы Абай жонға жайлауға көшпей, бауырдағы Ералы жазығын жайлайды, Омбыдан демалысқа қайтатын Халиолланы осы арадан күтеді. Ол келген соң өткен жазда басталып ортасы үзіліп қалған орысша оқу, ән-күй, домбыра, скрипка, гармон ойнап үйренуді қайта қолға алады. Абайға көрші Көкен тауының бауырын қыстап жайлайтын уақ елінің Қандар деген ауылынан шыққан, жас күнінде Семейде өскен Мұқа деген әнші-күйші бар екен. Ол жоғарыдағы аталған музыка аспаптарының бәрін жақсы меңгеріп, тамаша ойнайды. Халиолла келіп думан басталған соң Абай кісі жіберіп Мұқаны шақырып алып өнеріңді көрсет, үйрет деді де екі айдай жібермей қолына ұстайды», - дейді.

Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, талапты жас шәкірттерінің сезім тәрбиесін толтырмақ болып, 1889 жылы музыка үйретпекші болған, сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны ауылына алдырған. Осы Мұқадан Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Турағұл, Әлмағамбет, Мұхаметжан, Өтегелді тағы бірнеше жастар домбыра, гармон, скрипка тартып музыка тілін үйреніп шығады. Әрхам ақсақалдың естегілеріне сүйенсек, «Абайдың қызы Күлбадан, Ысқақтың қызы Рахималар да гармон ойнауды үйренеді. Жастар бас қосып ойын-сауық құрып, өнер-білім табуға бәсекелесіп, жарысып жаттауды әдетке айналдырған».

Ұлы ақын оны өз балалары «Мағауия, Турағұлдың домбыраға, ән-күйге әуестігін байқап Семейдегі Яков деген скрипкашыдан ақы төлеп бір қыстай музыка үйреттіреді. Орыстың бірнеше күйлерін скрипкада тартатын болды. Мысалы «Однополка», Шестикадрел», «Дунайская волна», тағы осы сықылды күйлерді үйреніп, қырдағы ауылдарына келіп ойнаушы еді. Домбыраға да аса шебер ойнайтыны болды. Қазақ күйлерін де жақсы білетін Турағұл жастық турасынан бірнеше өлең шығарып жазып жүрді» (Ә.Ысқақов. «Абайдың өмір жолы» // Абай туралы естеліктер. 128-б.).

Абай ауылы өз тұсында мәдениет пен өнердің ордасына айналған кез болатын. "Ымырт жабылып, ел орынға отырып кешкі шай ұзақ ішіліп болған соң, Мұсабайдың үйінде ән-күй өнері басталды. Айғай шуы басылған, тыным алған ауылға ең алғаш сызылып, созыла шыққан скрипка үні естілді. Үй иесі әйел өзінің жас абысындарына, қайын сіңлілеріне тегіс хабаршылар жіберді. ...Бұл уақыттарда скрипкада орыстың әсем сырлы, сұлу сезімді "Лесная сказка", "Над волнами" сияқты вальстері сызылған. Кейде ойнақшып қыздырған марштар кетеді. Қызықтыра құбылған мазуркалардай би күйлері де кезектесе түсіп, тамылжи төгіліп жатқан-ды. Әзір скрипканы жалғыз тартқан Әбіш", - деп суреттеледі "Абай жолы" романында.

Абайдың келіні Кәмәлия өзінің естелінде: «Өз заманында ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші, күйші, өнершілердің әкеме келіп, өнерлерін көрсетпегені кемде-кем шығар. Әлі есімде Қарқаралы жақтан Мауқай дейтін әнші келді. Ол әншілігімен қабат тамаша артист еді. Мауқай отырған үй той күнгідей ұлы думан болып жататын. Мауқайды бір жыл сақтады. Көп сый-сыяпатпен қайтарды. Өзіміздің елден Маякеннің Мұқаметжаны (әнші), Әділқанның Мұқасы (күйші), Ағашаяқ (күлдіргіш, биші) және сыбызғышы Қияспай әкеме жиі-жиі келіп өнерлерін көрсетіп отыратын. Бұлар келгенде әкем бір жасап қалатын. Балаларын жинап алып, ән, күй тыңдатып, биді көрсететін. Әншілердің әнін тыңдап болған соң, ол ән туралы, әнші туралы өзінің пікірін айтатын. Сондықтан да әншілер әкемнен әннің кемшілігін сұрап, түзетіп алып отыратын», - дейді.

Абайдың інісі, жас күнінде ерке, тентек болған Оспан «он-он бес сайыпқыран жігіт сақтайды. Олардың бірі әнші, бірі домбырашы, бірі күлдіргіш, әртүрлі өнері бар адамдар. ...Әрқилы өнері бар адамдарды қолына сақтап, оларға тамақ, киім, мінер ат, сояр соғым беріп өнерлерін көріп, сүйініп арқаларынан қағып, менің ұлым да осылар деп еліртіп, шаттандырып қояды екен» (Ә.Ысқақов. «Абайдың өмір жолы» // Абай туралы естеліктер. 102-б.).

Ұлы Абай өнердің кез келген түрін аса жоғары бағалап, оларды дамытуға үнемі қамқорлық көрсетіп отырған. "Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек... Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол", - дейді ақын қарасөздерінде. Хәкім Абай осылай деп жоғары әрі әділ бағасын берген ұлтымыздың мәдениетін көрсететін құндылықтарымыздың бірі – қолөнер.

Әрхам Кәкітайұлы "Абайдың өмір жолы" естелігінде: "Кавказ тауын мекен еткен шеркес деген елдің үш адамы Абайды сыртынан естіп іздеп келеді... Абай бір сөздің ретінде "сіздің шеркес елінің белдікке, қанжарға және сондай заттарға күмісті қақтап, оған кетпейтін қара бояумен өрнек жүргізіп істеуі өте ұнамды. Біздің қазақ қара темірге күмістен өрнек салады, ол ұнамсыз келеді" десе, сол үш шеркестің біреуі "мен күміске қара бояу жүргізе білуші едім, егер ұғарлық адамыңыз болса үйретейін" дейді. Абай Әнет Сағындық деген ұстаны шақыртып алып үйретуге тапсырады. Бір жұма шамасында Сағындық үйреніп шығады. Абай қандай жұмысты болса да өзінің ой елегінен өткізбей қолдана салмайды. Кавказ елінің қараласы ұнаса да, өрнегі ұнамайды. Қазақтың жіңішке қошқармүйіз өрнегімен Сағындыққа белдік, кісе істетіп өзі буынып, қыздарына, келіндеріне білезік, сырға, жүзік істетіп қарала жүргізеді. Одан көкше Әзіке деген ұстаға, қарабатыр Баймұрын, көтібақ Сүлеймен деген шеберлерге үйреттірді" - деп жазады(Ә.Ысқақов. «Абайдың өмір жолы» // Абай туралы естеліктер. 119-б.).

Ақын бос уақытын ермек қуып емес, өнер іздеп өткізген-ді. Аңшылық құсбегілік, атбегілік сияқты өнер түрлерінен кенде болмаған. Ежелден келе жатқан құсбегілікті үлкен өнер деп бағалап, жырға қосқан:

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

...Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда...

Абайдың ат баптап, құс асырап, саят құрғандығы туралы «Өнер иесінің ішінде құсбегі, аңшы, мерген, ат бапшылы болса – бәрі Абайдың сыйлас адамдары болады. Жасынан Тұрғамбай құсбегі, Бәшей мерген, өз інісі Шәке сияқты кісілерді ертіп, «салбурынға» бүркіт пен түлкі аулауға көп шығып жүрген», - дейді М.Әуезов 1944 жылы жазған «Абай өмірбаянында».

Абай өмірін зерттеушілер ақынның бәйгеге ат қосып, күреске балуан түсіріп тамашалағаны, тоғызқұмалақты аса құмарта шебер ойнағанын жазады: «Абайдың жолдасы, серігі боп кеткен Құдабай, Нұрмағамбет сияқты «түйе балуандар» болған. Өз тұсындағы «Бозамбай асы», «Торайғыр асы», «Мұрын Бұланның асы» деген сияқты толып жатқан талай асқа нелер жүйрік бәйгелерді апарып, қызықтап қосып жүрген» (М.Әуезов. «Абайдың өмірбаянының үшінші нұсқасы»).

Қазақтың ұлттық ойыны - тоғызқұмалақ ақын үшін шығармашылық шабыттан сәл тыныс алудың, көңіл бөлудің бір түрі сияқты болды. Ол тоғызқұмалақ ойнауға тек шебер ойыншыларды ғана таңдаған. Сол шеберлер ойынын жалпы жұрт қызықтайтын жүйелі жарысқа айналдыра білген. «Аздап қолы босағандай болған соң Абайдың алданышы қазақтың ұлттық ойыны тоғыз құмалақ, дойбы ойнау. Бұрыннан ойыншы деп атақ алып жүрген көтібақтан Көрпебай, Мамайдан Смағұл дегендерді шақырып алып ойын әдісін үйретеді. Өзі ғана ойнап қоймай інісі Ысқақты, ағайынды Ырсалды, Махметжанды, көршісі Текжан, тағы бірнеше жастарды қатыстыртып күні-түні бас алмай ойнайды. Бұл ойын бұрынғы елдің ұсақ-өсегі, өтірігінен басқаша бір думан, сауық. Бәсеке жарыс, өнер табарлық мектебі сияқты болып біреуден-біреуге тарайды. Жастардың ынтасын аударады», - дейді бұл турасында ақынның немере інісі Әрхам Ысқақов («Абайдың өмір жолы» // Абай туралы естеліктер. 119-120-б.). Ойын барысында әзіл-оспақ, әңгіме, бірқақпай жыр қақтығыстарына да ерік беріп, жиналған жұрт ел мен жер тарихына, ата шежіресіне байланысты біраз дерек алып қалатын болған. Ойынға қатысқандар үшін ресми болмаса да бәйге белгіленген.

Абайдың үзеңгілес жолдасы һәм шәкірті болған Көкбай Жанатайұлы оның ән-күй, сауық кештерімен қатар тоғызқұмалақ, дойбы ойындарын да демалыстың, көңіл көтерудің бір түрі санағанын айта келіп: "Тобықтыда 5-6 ойыншы шықты. Солар Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Нақыштың Смағұлы дегендер еді. Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жиып, көп күндер бас алмай ойнап жатады..." - деп жазған.

Бүгінде ақынның сан салалы өнері ұрпағына мәңгілік азық. Абай үлгісін өлшем ете отырып тудырған ақын шәкірттерінің шығармалары бүгінгі таңда қазақ қауымының рухани қажеттілігін өтеуге қызмет етуде. Қазақтың сөз өнері ұлы Абай арқылы әлемдік деңгейге ие. Абай өнері - біздің бойтұмарымыз. Бабаларымыздан қалған қалған мұраны жаңғырту, дамыту арқылы халқымыздың төл өнерін әлемге таныту – баршамызға ортақ игі іс. Ұлы ақын шаңырағының жанынан құрылған «Абай» өнер мектебі де ұлттық «сегіз қырымыздың» одан әрі жандануына өз септігін тигізуде.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1. – Алматы: Ғылым, 1977. - 454 б.
  2. Әуезов М. «Абайдың өмірбаянының үшінші нұсқасы» (1944) // Мұхтар Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. – Алматы: Санат, 1997. – 416 б.
  3. Абай туралы естеліктер (Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің асыл қорынан). – Семей: Зияткер, 2017. – 450 б.
  4. Ысқақов Ә. Абайдың өмір жолы // Жүрегімнің түбіне терең бойла. -Алматы: Жазушы, 1995. - 296 б.
  5. Абай. Энциклопедия. / Бас ред.: Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы: Атамұра, 1995. – 548 бет.

Шынар МҰРАТҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар