Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мағжанның анасы

25.06.2015 305

Мағжанның анасы


Мағжан Жұмабаев


Қазақта ертеден келе жатқан: «Алып – анадан», деген сөз бар. Бұл  анасы асылдың баласы да жақсы болады дегенді ғана білдірмейді, оның ұрпақ тәрбиесіндегі орнының бөлек, ел үмітін ақтайтын арлы азамат, көкірегіне сәуле ұялаған саналы ұл-қыз өсірудегі еңбегінің өлшеусіз, мехнатының шексіз екенін айғақтайтын, өмірдің өзі ұсынған аясы аса кең, мағынасы тұңғиық терең ұлағат. 

  
Түнде тұрып түн ұйқыңды төрт бөлдің, 
Тыныш ұйықтасын деп аз сөйлеп, аз күлдің. 
Ыңырансам, иә қарным аш, иә тоңған 
Екенімді ойламастан тез білдің. 
«Жаным – дедің, – қарашығым, құлыным», – 
Сүйдің, қыстың, дедің: 
«Тәтті қылығың!» – 
Қаз-қаз тұрсам, езу тартсам, құласам, 
Я жыласам – бәрі жақты қылығым. 

  
Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев анасы жайлы осылай тебіренеді. Қанаты ерте қатайып, кіндік қаны тамған туған ұясынан, өскен ортасынан ерте ұшқан ол мәңгі сөнбейтін махаббат, сарғайған сағыныш отына суарылған «Анама» деп аталатын бұл өлеңін ақыл тоқтатып жігіт болып қалған шағында, «Ата-анаң­нан без дедің, безбедім бе? Қаң­ғырып талай жалғыз кезбедім бе? Басыма талай қара күндер туды, Ата-ана, туысқан іздедім бе?» деп ел-жұртынан жырақта жалғыздықтың азабын тартып жүргенде жазған. Ақынның «Жан сөзі» де бізге ана мен бала – бір бүтін, ажырамас ұғымдар дегенді ұқтырады. Кеше анасы түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегін әлдилесе, әр қылығына, қимылына мәз болып «жаным», «қарашығым», «құлы­ным» деп асты-үстіне түсіп еміренсе, сәби сыйлаған Аллаға мың да бір шүкіршілік айтып, бақыттың бесігінде тербелсе, бүгін баласы «Жаным анам – жібек тілді, ақ көңіл» деп анасын айна­лып-толғанады, оған жан теңгермейді, елжірейді. Ол үшін бұл өмірде анадан қымбат, анадан жақын, анадан асқан ешкім жоқ. «Шет жерлерде теріс жолдан сақтарға, жан балаңа ақ батаңды бере көр», деп бір өзіне ғана сенетінін, әр кез өмір дауылынан сақтайтын ана құшағынан пана іздейтінін жеткізеді. 

  
Өзінің қуатты сөзімен, шуақты жырымен қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік, сұлу сөз, кестелі ойдың хас ше­бері, қазақтың асыл да, ардақты перзенті, алты алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от, поэзия әлеміндегі сәулесі мәңгі өш­пес жұлдыз, қайталанбас құбылыс, «Өлең­ді музыкаға айналдырған, дыбыс­тан сурет тұрғызған, сөзге жан бітір­ген, жаңа өлшеулер шығарған» (М.Әуезов) Мағжан Жұмабаевтай ұлыны өмірге әкелген ана қандай болды екен деген сауал көптен көкейімнен кетпей мазалап жүруші еді. Мағжанның өмірі мен шы­ғармашылығына зер сала жүріп біраз адамнан сыр тарттым, едәуір дерек жиналып қалған секілді. Соның өзінде қаламды қолға алуға асықпадым. Бірде Ұлттық кітапхананың жанынан шығып тұратын «Кітап патшалығы» журналы бас редакторының орынбасары болып істеп жүрген жас ақын Бауыржан Қарағызұлының: «Аға, сіз Мағ­жан­ды зерттеп жүрсіз ғой, анасы туралы жазып беріңізші», деп қолқа салғаны бар. «Иә» деп келісімімді берсем де, сол жолы ақын інімнің өтінішін қанағат­тандыра алмадым. 1988 жылдан бері Мағжан әлемін біраз шарладым, біраз жайға қанықтым десем де, әлі де бір жайлардың қолымды да, ойымды да тежеп тұрғаны өзіме мәлім. 

  
Ол кісіні көзі көргендердің бәрі дерлік өмірден өтіп кетті. «Темекең болмаса?..» Темекең деп отырғаным – Мағжан Жұмабаевтың інісі Сәлтайдың (шын аты Сәлімжан) ұлы Темірболат ағай. Ол кісінің жасы қазір жетпістен асып барады. Бір кездескенде Гүлсім шешей менің екі жасымда қайтыс болыпты деп еді. «Екі жасар баланың есінде не сақталушы еді?» деген ой да қайта-қайта қылаң беріп, үмітім су сепкендей болды. Дегенмен, Мағжанның анасының жайын Бибізайып әжейден (Темірболат Сәлімжанұлының анасы) жақсы білген ешкім болған жоқ қой деген оймен оған тағы бір жолығып, сөз тартуға ұйғардым. 

  
Осы арада Темірболат Сәлімжан­ұлы­нан естігендеріме ойыспас бұрын, Бибізайып әжей туралы аз-мұз әңгіме­лей кетуді жөн көріп отырмын. Өйткені, ол кісі Мағжанның әкесі Бекен қажының басынан бағы тайып, шаңырағы шайқалған, күйзелген, күйреген қиын кезеңде осы отбасының бар ауыртпалығын көтерген, ақынның әке-шешесіне тіреу, пана болған, асырап-сақтаған бірден-бір адам. Бертін, тоқсанды жағалатып барып қайтты. Көзі тірісінде Мағ­жан туралы білетіндерін жазып алайын деп Возвышен (қазір Мағжан Жұмабаев) ауданындағы Бастомар ауылына бірнеше рет барғанмын. Жасы келіп қалған кісі ғой, қойған сұрағыңды естімегендей болып, ойланып көп отыратын. Өткен күндер жайлы әңгімелегенде қабағы ашылмайды, аққұба жүзі мың құбылып, қайта-қайта уһілей береді. Ол кісіні де түсінуге болады, жүрек түкпі­ріне шер болып қатқан мұз жарты ғасыр уақыт өтсе де оңайлықпен ери қоя ма?!. Өзінің айтуына қарағанда, көрмегені жоқ. «Біз өзі Жұмабай әулетіне жиен болып келеміз. Менің шешем Рәзия Жұмабайдың қызы Мәржікейден туған. Әйтеуір, дәм жазып сол шаңырақтың табалдырығын аттадым. Сәлімжанның таңдауы маған түскенде, қарсылық білдірген жоқпын. Бірақ қуанышымыз баянды болмады. Мағжан ұсталғаннан кейін шолақ белсенділер біздің үйге құзғындай үймеледі. Алдымен екі қайнағам – Әбәммүсілім мен Қаһар­ман ұсталып кетті. 1937 жылдың ортасында Мұхамеджан қайным тұтқынға алынды. Бәрі де – «халық жауы». «Қара ша­ңыраққа» Сәлтай екеуміз ие болып қал­дық. Көп ұзамай оның басына да қара бұлт үйірілді. Мәскеудегі «Бутырка» абақтысында отырған ағасын екі-үш рет іздеп барған Сәлтайды да «халық жауысың» деп түрмеге тықты. Мал-мүлкіміз түгелдей тәркіленді, жиған-тергеннің бәрі де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Үйде кітап көп еді, бәрі қолды болды. Бір сөзбен айтқанда, Жұмабай ұрпақтарының атамекені – Сасықкөлдің ойраны шықты…» 

  
Мағжанның інісі Сәлтай мен Би­бі­зайыптан қалған жалғыз тұяқ – Темір­болат Сәлімжанұлы атағы жер жарған туысы, әкесі десек те артық емес, Мағ­жанның біраз өлеңдерін жатқа айтады. «Кітаптары шығып жатыр ғой, оны оқитын менде көз жоқ, бұрынғылардан естігенімді айтамын», дейді өзі. Кей өлеңдерін айтқанда сөзден жаңылып, тұтас шумақтарын тастап кететіні де бар. Ал Сасықкөлге келгенде, қос жанары нұрла­нып, шапқан аттай көсіліп кетеді екен. 

  
Алыстан мұнарланып шалқыған көл, 
Бетінде күннің нұры балқыған көл. 
Жарысып саф күмістей ақ көбігің, 
Мап-майда мөлдіріңде қалқыған көл. 
Жанында жас балалар ойнаған көл, 
Жан-жануар суыңды ішіп, тоймаған көл. 
Көз салып жалтырыңа, мұңға батып, 
Ғашықтар жарын іздеп ойлаған көл. 
Шешініп қыз-келіншек су алған көл, 
Әр жанды мөлдіріңнен суарған көл. 
Масайрап, суға тойып төрт түлік мал, 
Дөңіңе ойнақ салып, қуанған көл. 
Сыртыңда ақ боз үйлер жарасқан көл, 
Байларың кедейлерге қарасқан көл. 
Ағайын тату-тәтті қоныс бірге, 
Саулықты сағат сайын сұрасқан көл. 
Түрлі құс әуез қосып, шулаған көл, 
Шуақта балықтарың тулаған көл. 
Сапырып сары қымыз ертеңді-кеш, 
Басыңда кеңес құрып, дулаған көл. 

  
Осылай баба жырының ойға оралған шумақтарын өзіндік нақышымен айта отырып, Мағжан мұраларынан, әсіресе, «Сасықкөлді» сүйетінін дәттеген Темекең: 
– Міне, Мағжан өзі осылай жырлаған Сасықкөлдің жағасында туған, – деді. – Сасықкөл – Мағжанның қуанышы мен қайғысы. Үлкендерден естігенім – кезінде Сасықкөл терең әрі айдыны кең көл болыпты. Жаз туа іші қаз, үйрек, қасқалдақ пен шүрегей сияқты неше түрлі құстарға толып кетеді екен. Атамыз Жұмабай осы көлдің батыс жақ жағасын көмкеріп тұрған қалың орман­ның бауырына үлкен ағаш үй салыпты. Мағжан да, Бекен атамыздың басқа балалары да осы үйде дүние есігін ашқан. Осы шаңыраққа Гүлсім шешеміз келін болып түскен. Гүлсім туралы жазамын дегенің дұрыс екен. Шешем бертінде жиі еске алып, жарықтық керемет адам еді деп отыратын. Мағжандай ұлды дүниеге әкелген ананың есімі халық аузында жүргені жөн ғой. 

  
Мағжанның балалық шағы бір құрсақты жарып шыққан алты ұл, екі қызбен бірге, әкесінің кіндік қаны тамған осы үйде, Сасықкөлдің жағасында өтті. Осы үйде оны анасы Гүлсім бесік жырымен әлдилеп, ешкімнен кем қылмай өсірді. Демек, Мағжанның бо­йындағы көп жақсы қасиеттер оған алдымен анасынан дарыған десек, қателес­песіміз анық. Олай болса, Мағжанның анасы Гүлсімді тану, табиғатына үңілу Мағжан өмірінің құ­пияларына да жол салатыны сөзсіз. 

  
Сонымен, Гүлсім кім? Алдымен шыққан тегіне тоқталсақ, бұл жайында ел арасындағы әңгіме, зерттеушілердің ой-пікірлері әлі күнге бір арнада тоғыса қойған жоқ. Біреулер «Гүлсімнің арғы аталары өзбек жерінен келіп, қазақ қызына үйленген адам екен» («Мағжан Жұмабаев шығармалары» Алматы, 1989 ж.) десе, Темірболат Сәлімжанұлы жақында кездесіп әңгімелескенімізде: «Гүлсімнің әкесі Мекке-Мединеге барар жолда сауда-саттықпен айналысып жүрген түркімен екен, Мағжанның атасы Жұмабай қажылыққа барған бір сапарында кездестіріп: «Сен бұл жақта жүрме, бізге ер», деп шақырып алыпты», деп тағы бір тосын әңгіменің шетін шығарды. Үлкен адаммен сөз жарыстырмасам да, бұл әңгіменің қисынға келмейтінін сездірдім. Жұмабай сияқты белгілі адамның айдалада саудамен күнін көріп жүрген түркіменді, бізге белгісіз бір себептермен, өз еліне шақы­руы, ертіп келуі мүмкін, бірақ атын да, затын да білмейтін адамның қызын баласына қосты дегенге сене алмай отырмын дедім. Темекең бұған алып-қо­са­рым жоқ дегендей үнсіз қалды. Сол сияқты Гүлсімді өзбекке апарып қосатындай да ешқандай дәйек, дерек жоқ. Мағжанның інісі Сәлтайдың (Сәлім­жан­ның) қосағы Бибізайыпқа іні болып келетін марқұм ақын Хамза Абдуллин «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген мақаласында («Мағжан әлемі» Алматы, 2009 ж. ) Мағжанның анасы Гүлсімнің Әшірбек атты ірі оқымысты әрі іскер қазақтың үйінде дүниеге келгенін жазады. 
«Гүлсім уақтың қызы». Бұл – акаде­мик Ғарифолла Есімнің сөзі. 
– Біреулер керейден таратып жүр ғой. 
– Жоқ, уақ. 
– Нақты дерек бар ма? 
– … 
Енді керейден тарайды дегенге ойыссақ, бұл сөздерді мен жай айта сал­ған жоқ едім. Бекеннің екінші ұлы Қаһарманның баласы Ғаділша Қаһар­манұлы өзінің 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығарған «Жәжеке» деп аталатын еңбегінде: «Бекен керей руынан Әшірбектің қызы Гүлсімге үй­ленеді», деп жазады. Меніңше, осы сөздерде бір шындық жатқан сияқты. Көзі тірісінде Ғаділша Қаһарманұлымен бірнеше рет кездесіп, Мағжан, жалпы, Жұмабай әулеті туралы біраз әңгіменің басын шалғанымыз бар. Ол кісі соғысқа қатысқан, ұстаздықпен айналысқан көзі ашық адам болатын. Мағжан ақталған­нан кейін қайта-қайта Қызылжарға келіп, мұрағат, мұражайларды аралап, Мағжан туралы деректерді жинастырумен айналысты. Кейін кітап шығарды. 

  
Қолда бар деректерге қарағанда, Әшірбек кісі есігінде жүрген адам емес. Ғаділша Қаһарманұлы Гүлсімнің туған інісі Хакімнің Қызылжарда тұрғанын жазады. Уфа қаласындағы Ғалия медресесінде оқып жүрген Мағжан ұстазы, татардың атақты жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің: «Мұнда сен оқитын оқу жоқ, сен білімнің жолын басқа жерден ізде», деген ақылына құлақ асып, елге оралғанда, алғашқы кезде Қызылжардағы Хакім нағашысының үйінде тұрады. Ол күн сайын дерлік қалалық кітапханаға барып, орысша кітаптарды оқи бастайды. Осында Міржақып Дулатовпен кездеседі, одан орыс тілінен сабақ алады. Міржақып Дулатов оның талабын қолдап, орыстың ірі ақындары  А.Пушкин мен Ю. Лермонтовтың өлеңдерін аудартады. Сөйтіп, Мағжан Омбыға кеткенше орыс тіліне біршама төселіп қалады. 

  
Мағжанның әдебиетке құштарлығы ерте оянады. Он екі жасында Қызылжар қаласындағы Бегішев медресесіне түскенге дейін-ақ ол әдебиетке ден қойып, «тіпті қазақ, татар әдебиетін былай қойғанда, араб, парсы ақында­рының, атап айтқанда, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям, Низами, Науаи сияқты даналардың ұлы дастандарын түпнұсқалардан оқып үйренуді өзінің ма­шығына айналдырады» (Хамза Абдуллин). Сол сияқты діни кітаптарды да қолынан түсірмей, күллі пайғамбар­лардың қызық­ты өмірлерін жаттап алады. Нақ осы кезде ол өлең жаза бастайды. Мағжанға әріптерді үйреткен, кітап оқуға баулыған кім? Әрине анасы. Міне, осылардың бәрінен біз оның анасының көзі ашық, сауатты адам болғанын аңғарамыз. 

  
– Мағжан сол кезде ақындардан кімді пір тұтты екен? 
– Апам Абайдың шығармаларын қо­лы­нан тастамайтын деп отырушы еді. 
Бұл сөздердің жаны бар. Оған Мағ­жан жырларын оқып отырып-ақ көз жеткізуге болады. Жас Мағжан Абайға еліктеп, оның ізімен көптеген өлеңдер жазады. (“Жазғытұры”, “Күз”, “Қысқы жолда”, т. б.). Осылай Абай оның сырласына, өмірлік ұстазына айналады. Абайдың ұлылығын жұрттан бұрын таныған да Мағжан еді. 

  
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, 
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес. 
Қарадан хакім болған сендей жанды 
Дүние қолын жайып енді күтпес,
– деп Абайдың ұлылығына бас иеді. 

  
Мағжанның әкесі Бекен – сауда-саттықпен айналысқан, кейін болыс сайланған, өзіне қарағандардың бәрін сөзі­мен жусатып, жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған беделді адам болған. Заман үрдісін, оқыған адам­дар­дың озатынын ол да ерте түсінген. Сон­дықтан да ол өз балаларына заман талабына сай білім, тәрбие беру мақса­тымен үйіне кітап жинауды әдетке айналдырады. Сол кезде қолының ұзындығын пайдаланып, Қазанда, Орынборда, Ташкентте шығатын кітаптар мен журналдардың бірін де қалдырмай алдырып отырады. Гүлсім болса, балаларының үйдегі кітаптарды оқуын қадағалап, ал әлі “әліпті таяқ деп біл­мейтін” кіш­кентайларына кітап­тарды өзі оқып, маз­мұнын түсіндіріп отырған. Осылай бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен ананың қасиеті бала Мағжанның өмірді тез тануына, дұрыс таңдау жасауына жол ашқаны сөзсіз. Бұл жөнінде Бибізайып шешей кезінде біраз сыр шерткен. 

  
Іздегенге сұраған деген емес пе, 1897 жылы біреулердің сілтеуімен бір баш­құрт жігіті Сасықкөлге ат басын тірейді. Ол бұл жаққа қалай келіп қал­ғанын ашып айтпаса да, өзінің мұғалім екенін сездіреді. Осы сөздерді естіген Мағжанның әкесі көп ойланбастан оған ауылда қалып бала оқытуды ұсынады. Кешікпей Бекен ауылында башқұрт жі­гіті Ахиетден Ақановтың мектебі жұ­мыс істей бастайды. Өзінен үлкен балалармен бірге ұстаз алдына Мағжан да келіп жүреді. Алғашында оған онша мән бере қойма­ған мұғалім бір күні оны сынап көрмек болып бірнеше сұрақ қояды. Мағжан жауаптан мүдірмейді. Әсіресе, жас мұғалімді Мағжанның ұзақ қиссаларды жатқа айтқаны таңғал­дырады. 

  
Барлық дерек көздерінде Мағжан­ның анасы Гүлсім Әшірбекқызының өте сұлу адам болғаны жазылады. Тәкең де (Темірболат Сәлімжанұлы): «Апам айтып отырушы еді, Гүлсім қараторының сұлуы еді» деп, балалардың ішінен Мағ­жан мен менің әкем Сәлтай шешесіне тартыпты. Апам: «Мағжанға қара да, Гүлсімге қара», дейтін. Мағжанның ана­сының көркіне ақылы сай болғанын көп­теген деректерден кездестіреміз. Бұл сөзімізге оқырманды сендіру үшін оларға сілтеме жасамай-ақ, Бибізайып әжей­ден естігендерімізді айтсақ та жетіп жатыр деп ойлаймын. 

  
Бекен Жұмабайұлының жеті ұл, екі қызы болған. Тұңғыштың қызығына 1882 жылы бөленеді. Әбәммүсілімнен кейін араға үш жыл салып қызы Күләндам, одан үш жыл өткенде Қаһарман дүниеге келеді. Осыдан кейін Гүлсім бес жылдай бала көтермейді. 1893 жылы Мағжан (азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан) туады. Осылай ұлым – тұрақ, қызым – шырақ болады деп үкілі үмітін аялап жүрген жандардың ой-арманы, шет жағасын жоғарыда айттық, бір-ақ күнде тас-талқан болады. Кеңес деген алып елді жайлаған зорлық-зомбылық дауылы Сасықкөлді, Бекен қажының отбасын да орап өткен жоқ. Нақ сол жылдары Бекеннің шаңырағы да қатты шайқалады. Сөйтіп бір кездері думаны тарқамаған Сасықкөлдің басы қаңырап бос қалады. Жеті ұлы мен екі қызынан тірідей айырылу оңай ма, Бекен мен Гүлсім барар жері, басар тауы қалмай қатты қиналады. Мағжан бол­са осының бәрін жүрегімен сезіп: «Қа­рашығым, құлыным!» – деп зарла­ған», алыстағы сорлы анамды сағын­дым» деп аҺ ұрады. Жатса-тұрса ойынан ботасынан айырылған бозінгендей еңіреп жүр­ген анасы шықпайды. Бірде «Жұмсақ бесік, жылы төсек, жата ғой, қозым» деп үн қатса, сәлден соң «Алмас қы­лыш, найза құрыш белге буарсың. Сен, сырттаным, арыстаным, жауды қуар­сың», «Туған жерден, өскен елден ерге не қымбат? Жас жолбарыс, жаумен алыс, шаңға, қанға бат», деп қатула­нады. Осы жолдарда да ананың жан дүниесін ашып көрсетерлік қатпар-қатпар сырлардың жатқаны анық. 

  
Сол кезең Гүлсім шешейдің өміріндегі ең бір қаралы күндер болғаны айтпаса да түсінікті. Түрмеге қамалған бес ұлдан хабар-ошар жоқ, өлі-тірісі белгісіз. Еріндеріндегі ана сүті кеппей жатып Қалижан мен Сабыржан да туған жерінен – Сасықкөлінен безуге мәжбүр болды, Қырғыз асып кеткен олардан да хабар жоқ. Өмірден әбден күдерлері үзілген шал мен кемпірдің тірі деген аты ғана, құр сүлдерлері сүйретіліп жүрген кез еді ол. Олардың есігін ашып жатқан ешкім жоқ. Жақын да, жат та сырт айналған. Әйтеуір, Бибізайып бар. Осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады, ертелі-кеш ата-енесінің қас-қабағын бағып, тыным алмайды. Бар ауыртпалық соның мойнында. «Жығыл­ғанға жұдырық» дегендей, нақ осы кезде елді аштық жайламасы бар ма, қатты қысылған Бибізайып одан әрі ауылда отыра берсе, аштан өлетіндерін сезеді. «Ауылдан күдеріміз үзілді. 1931 жыл­дың күзінде не де болса Қызылжарға барып жан сақтауға ұйғардым. Бірақ атам мен енеме осы ойымды қалай айтарымды білмей көп қиналдым. Атам үндемей отырып қалды. Қайтсін, көзі тірісінде қарашаңырақты қалай ғана қиып тастап кетеді. Жайшылықта ерінің қасқабағына қарап алдына шыға бер­мейтін енем: «Барайық, Бибізайып­тан басқа кіміміз қалды», деді. Сірә, ке­ліскені болар, атам үндеген жоқ. Сонымен, қалаға жинала бастадық. Жинал­ғанда түгіміз жоқ, киім-кешегімізді буып-түйіп жолға шықтық. Неше күн жүр­геніміз есімде жоқ, қалаға жаяу-жалпылап, өліп-талып әзер жеттік. Үй жоқ, жұмыс жоқ. Әркімнің өз басының қайғысы өзіне жетіп жатыр, балалары – «халық жауы», бәлесі жұғады деп қор­қады білем, атамыздың ескі таныстары есіктерінен де қаратқан жоқ. Тіпті болмаған соң, ет комбинатына әйел түгілі ерлердің өзі жуи қоймайтын қара жұмысқа кірдім…» 

  
Бибізайып әжей сол күндерді еске алғанда, жаулығының шетін көзіне қайта-қайта апарып, ауық-ауық терең күрсінетін. Тірі қалып, осы күнге жеткеніме сол кісілерге қарыздармын, ата-енемнің қолдауы мен берген баталары ғой мені сүйемелдеп жүрген дейтін. Қанша қайғы жұтып, қажып жүрсе де, Гүлсім шешей сыр бермепті. Өмірдің қызығы мен қиындығы қатар жүретінін айтып, ұдайы үмітін үкілеумен болыпты. Өмірдің ауыр соққысы, елді жайлаған аштық 1934 жылы алпыс алтыға аяқ басқан Бекен қарияны алып тынғанда да, Алла салды, біз көндік дегендей, ботадай боздаған келініне басу айтып, жүрек түкпіріне шер болып қатқан қайғысын сыртқа шығармапты. 

  
Темекеңнің айтуынша, азғантай топ түнде жасырынып жүріп Бекен ақсақал­ды Қызылжардағы қазақ-татар зиратына жерлейді. Сол уақытта ақынның туыс­тары Бекен қарттың зиратының басына белгі қоюға да қорқады, бірақ сырттай бақылап жүреді. Осыдан төрт жыл бұрын ақынның туғанына 115 жыл толуы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ жыл облыстық сотты басқарған кезінде халықтың жадынан өше бастаған осы өңірден шыққан айтулы тұлғаларды түгендеп, біразына ес­керткіш орнатқан, есімдерінің елді мекендерге, көшелерге берілуіне, кітаптарын шығаруға ұйытқы болған, аймақта қазақ тілін дамытуға белсене ат­салысқан руханиятымыздың нағыз жанашыры, Қожаберген жырау қорының төрағасы Бекет Тұрғараев бас болып, ақынның әкесінің басына белгі қоямыз дегенде, туыстары жетпіс жылдан астам уақыт бойы жүрек түкпірлерінде сақтап келген құпия сырларын ашып, зерттеушілерді Бекен ақсақал жерленген жерге бастап келді. Сөйтіп, өмірі өксікпен өткен ақынның әкесіне бір белгі тек тәуелсіздік жылдары ғана бұйырды. 

  
Ақынның анасы Гүлсім Әшірбек­қызы соғыс жылдары, нақты айтсақ, 1943 жылы ауылда қайтыс болады. Ол көзі жұмылғанға дейін балаларым аман, әлі-ақ оралады деп үміт жібін үзбепті. Бірақ, сол күнге жете алмай арманда кетті. Тағдырға не шара! Ана жүрегі алдамағанына, балаларының бәрі де хал­қымен қауышқанына ел куә. Мағжан… бәрі де аяулы есімдерге айналды. Сөйтіп, “Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар”, деген ақынның жиырмасыншы ғасырдың басында айтқан сөзі жүзжыл­дықтың соңында шындыққа айналды. Сол күн туды, мәңгілікке орнықты. 

  
Олардың есімдері мәңгі ұмытылмақ емес. Ал Мағжан барда оның анасы Гүлсім де ұмытылмайды. 

  

Жарасбай Сүлейменов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар