Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мира Шүйіншәлиева: Қиындықтан шығудың бір ғана жолы – жазу!

04.09.2018 3574

Мира Шүйіншәлиева: Қиындықтан шығудың бір ғана жолы – жазу!

Қазіргі қазақ прозасына қалам тартып жүрген қыздар тым сирек. Себебі бұл жанр – уақытты, қажырлылықты талап етеді. Ал отбасы бар, күндегі күйбең тірлігі бар нәзік жандар үшін әңгіме жазу ерлік деуге болатын шығар. Осы ретте әдеби қауымға біршама танылып үлгерген, бірнеше әдеби байқаулардың жүлдесін еншіліген Мира Шүйіншәлиевамен арада болған сырлы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Тағдырдың талай қиындығынан мені ақтапты, арашалапты...

- Мира апай, бүгінде өңірлік әдебиет туралы, соның ішінде Батыс Қазақстан облысы туралы сөз қозғалса, алғашқылардың бірі болып сіздің есіміңіз ойға оралады. Енді сұрағымды сізді әдеби ортаға танытқан дебюттік шығармаңыздан бастасақ?

- Ілтипатыңа рақмет! Әрине, әдеби орта, жалпы оқырман қауым 2006 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Шүберек қуыршақ» атты екінші кітабымды «Мираның паспорты» деп атайды. Себебі, әдебиеттің классиктері Әбдіжәміл Нұрпейісов пен дуалы ауызды Дулат Исабековтің мойнын бұрғызған, ықыласын туғызған тап осы «Шүберек қуыршақ» пен «Әдемі қыздың күнделігі» атты хикаям мені оқырман қауымға тіптен танымал етті. Бұдан бұрын 1998 жылдары «Қарға тамған қан», «Бүбіш пен Құрыш», «Қимас қалқа» секілді әңгімелерім облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланып, оқырмандар жылы қабылдады. Өйткені, Хабер Аймұхамедұлына арналған «Редактор», «Көк Каспий куә бәріне», фольклортанушы аяулы ұстазым Мәтжан Тілеужанов жайлы «Қоштасқым келмейді...», «Қаһары қатты қарттар үйі», Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Жақыпова туралы «Елінің ерке аққуы», «Күреске шақырмаған ақын ба, ақын...», суретші Мұратбек Жоламановтың рухына бағышталған «Бір жұлдыз ағып түсті Ақ Жайықта» секілді көптеген мөлтек сырларым, өзекті мақалаларымнан көпшілік әңгіме оқығандай әсерге бөленгендерін айта жүретін.

- Демек, алғаш мақалаларыңыз арқылы оқырмандарға таныс болдыңыз ғой?

- Жастау кезімізде газет бетіне лирикалық өлеңдерім жарияланып жүрді. Дегенмен, о баста «Сен Рахымжан Отарбаев секілді жазушы боласың. Рахаң да әдебиетке өлеңмен келген» деп Жанғали Набиуллин, Ғайсағали Сейтақ, Есенжол Қыстаубаев сияқты қаламдас ағаларым жиі айтатын. Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев тағы көптеген тұлпарлар әуелі жырдың ауылына ат басын бұрған деседі. Тіпті Ақсұңқар Асылбеков пен Дулат Исабеков те қайырмасы:

«Айдын көл, сен айтшы,

Самал жел, сен айтшы,

Жарыма құс болып ұшайын.

Бір хабар берші, айым,

Жақындап келші, айым,

Лапылдап мәңгі құшайын...» деп айтылатын «Келші, айым» өлеңінің сөзін жазған. Көптеген қаламгерлердің әдебиетке әуелі поэзиямен келгенін оқып жүремін.

- Өлеңдеріңіз облыстық деңгейде ғана жарияланып жүрді деп жатырсыз. Ал республикалық деңгейде жарияланып, аға буынның назарына қалай ілігіп жүрсіз?

- 1999 жылдың жаз айында облыстық Қоғамдық келісім басқармасының Тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Өтепқали Керейұлы шақырып алып, еш жерде жарияланбаған бір әңгімемді тапсыруымды өтінді. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылына орай, «Қос ішек – Струны души» атты жас таланттардың шығармаларына арналған кітап Астана қаласынан шыққалы жатыр екен. Редакцияның ақылдастар алқасында Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова бар екенін, тек тұщымды шығармалар жарияланатынын ескертті. Түнде кірпік ілмей, қаламға бауыр басқан кезім-тін. Үйде сиясы кеппеген «Қара шалдың қайғысы» атты жаңа әңгімем бар еді. Осы шығармамды Өтепқали Қуатовтың қолына әкеліп тапсырдым. Поэзиядан жерлесім Ертай Бимұқановтың, прозадан менің жаңағы әңгімем жарияланған су жаңа журнал 2000 жылы қолыма тиіп, бір марқайып қалдым. Республикалық басылымға шыққан тұңғыш әңгімемді көріп ата-енем, жалпы қайынжұртым Шүйіншәлиевтер риза болды. 2003 жылдың 5 қыркүйегіндегі «Қазақ әдебиетінің» кезекті санында «Қауырсын гүл» атты әңгімем жарияланса, «Үш төмпешік» атты әңгімем 2004 жылы «Жалынның» №3 санына шықты.

- Сол «Үш төмпешік» атты әңгімеңіздің жазылу тарихы жайлы айтып беріңізші?

- 1975 жылы өзім туып-өскен Бисен ауылында болған қайғылы оқиға жайлы жазылған бұл әңгімем ел арасында үлкен резонанс туғызды. Осы үш баланың біреуі менің кластасым болатын. Ол кезде 1-класта оқушы ем. Қандай күштің түрткенін білмеймін, бұл оқиға араға отыз жылдай уақыт салып, есіме еміс-еміс оралды. Қаһарлы қыстың үскірік боранында үсіп өлген шабанның үш баласы туралы еді... Бұған қоса, 2001 жылдың 28 қыркүйегінде республикалық «Алтын орда» газетіне «Соқыр қыз» атты жаңа әңгімем басылды. Айтулы ақын Мейірхан Ақдәулетұлы редакторы болған, таралымы ең көп «Алтын Орда» газетінің сол жақсылығын еш ұмытпаймын. Тап сол мезгілде Пір Бекеттің топырағында Елбасымыздың қатысуымен өткелі жатқан «Каспий достық теңізі» республикалық І-Жастар конгресіне Орал қаласынан 10 делегат Ақтөбе арқылы жолға шыққан едік. Сапарлатып жүріп Мейірхан ағаны редакциясына арнайы іздеп барып, сәлем бердім. «Соқыр қызды» желтоқсан оқиғасына арнаған екенсің. Оқиғаны жан-жақты суреттепсің. Оқылымды әңгімелеріңді жіберіп тұр. Өзіңдей талантты жастарға есігіміз ашық», - деді ақын Ақдәулетұлы...

- Сіз әдеби байқауларға да жиі қатысады екенсіз. Сол туралы да айта отырсаңыз?

- Әрине, әдеби байқауларда шығармаларымның бағын сынағанды ұнатамын. 2001 жылы күзде Оралда аймақтық «Ғажайып әйел» байқауы өтіп, «Үздік әңгіме» номинациясының бас жүлдесін жеңіп алдым. Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева арнайы келіп, А. Островский театрында өткен осы форумның басы-қасында болды. Бұл байқауға Жайықта қалам ұстаған қыз-келіншектердің біразы қатысып, бақтарын сынағаны есімде. Бұдан әрі өмірдің көшіне қаламыммен бірге ілесіп, облыстық «Дала дарындары» байқауы арқылы V Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатыстым. Қазылар алқасының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған, проза жанрына Рымғали Нұрғали, Герольд Бельгер сынды мықтылар қазылық еткен фестивальде 65-тен астам жас жазушылар бақ сынады. «Талантыммен топ жарамын» деген үміткерлермен бірге көшке ілестім. Өнер сынынан сүрінбей өтіп, абыройлы болдым. Дегенмен, дұрыстық қай жерде де аздау ғой. Оның үстіне ақындардай емес, прозаның бәйгесі жабық түрде өтті. Сынақтардан аман-сау шыққанымыз кітапхана бұрышына ілінген бір жапырақ қағаздан көрінді. Қазылар алқасының бір мүшесі Герольд ағаның үзілісте айтуы бойынша екінші орында келе жатыр ем. Соңғы жағында балымды төмендеткен. Не болса да, шеттен келген Шүйіншәлиева атанбай, Елорданың Конгрес-Холл сарайында Астана қаласының әкімі, ел азаматы Иманғали Тасмағамбетовтің өз қолынан «Шабыттың» ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталып, кеудеме медаль тақтым. Біреу білсе, біреу білмес, көркем әдебиеттің өнер бәйгесінде Батыс Қазақстан облысы бойынша «Шабыт» фестивалінен жүлде алған алғашқы жазушымын.

Астананың пойызымен Оралға кешкі тоғыздың шамасында жеттік. Әр түрлісайыстан өңірдің тең жартысы барған ек. Ел шулап қарсы алды. Үйге келсем аяулыжандарым – қайынатам Әділгерей Төлегенұлы мен қайыненем Мақпал Бақтыгерейқызы ет жақын туманы жинап, дәмді дастархан дайындап қойыпты. Мамамның досы, кітапханашы Құттықыз Алтаева апамыз: «Жангүл мен бала мысық» деген әңгімеңді оқып, ол жақтан құр қайтпайтыныңды білдік. Апырмай, қызыңның қолын мысық тістеп алғанын қалайқатырып жазғансың», - деді. Иә, Астанаға аттанар тұста «Жангүл мен бала мысық» деген әзіл әңгімемді облыстық «Орал өңірі» газетіне бергенмін. Бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бастаған біліктіұжымым ақ жол тілеп, газетке жариялап қойыпты. Сөйтіп, қаламгер аға-апалардың ақыл-кеңесімен«Шабыттың» қатал сынынан сүрінбей өткен он шақты әңгімемді«Арыс» баспасына тапсырып, 2003 жылы «Махаббат бағы» атты кітабымды шығардым. Оқырман қауым жылы ықылас танытып, филология ғылымдарының кандидаты Серікқали Шарабасов өзім түлеп ұшқан қазіргі Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың кең залында студент-жастармен кездестіріп, кітаптың тұсауын кесті. Төбем сәл-пәл көкке жетіп, халқымның батасымен қуаттанып, жазу деген құдіреттің теңізіне шомыла бердім...

- Демек, халықаралық «Шабыт» фестивалінен орын алуыңыз – шығармашылығыңызға жаңа серпін алып келді ғой?

- Қаламгер досым Заря Жұманованың: «Мира, сен бізден жәй келсең де қатарымызға тез қосылдың. Әңгімелерің бірінен-бірі күшті» дегені бар. Республикалық беделді басылымдар – «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналын басқарған Алаштың айтулы азаматтары Сауытбек Абдрахманов, Ұлықбек Есдәулет, Жұмабай Шатшайұлылардың шалғайдағы Шүйіншәлиеваға деген шапағатын сырттай сезіндім. Өйткені осы басылымдар көптеген әңгімелерімді жариялап, әдеби ортаға тез танылуыма, «Оралда осындай прозашы бар екен» деуге ықпал етті.

- Жалпы, қыздардың проза жанрына баратыны сирек. Себебі, уақытты, қажырлылықты талап етеді дегендей. Сіздің шығармашылық жолыңызда қиындықтар болды ма?

- Жүрегіңнің түбінде көркем сөздің сәулесі жылт етпесе біреуді ағалап, біреуге паналап қиылғаннан не пайда?! Найзағайдай жарқылдаған ақын-жазушылардың қақ ортасына қадам басу екінің бірінің қолынан келе қоймас! Оның үстіне нан тауып жүрген аптасына үш рет шығатын облыстық газеттің талабы бір төбе. Көшке ілеспесең жалақыдан да, қаламақыдан да қағыласың. Ал үйде жәудіреп маған қараған Айнұрым бар. Қарғадай қыздың ертеңі, болашағы өз мойнымда. Жалғыз ұлдан айырылып күңіренген ата-енем отыр. Алты жыл жанұялық тірліктің тәтті дәмін де, ащы сорын да татқызған Жазмыш өзі қосқан қосағым Нұрланды келместің кемесіне 29 жасында отырғызып алып кеткен. Ендігі қиындықтан, тығырықтан шығудың бір ғана жолы – жазу, тек қана жазу екенін сәт сайын ұқтым. Ең ауыр өнер жазу екенін біле тұра, қасіретіне төзе алмай тұншықсам да мөлдір бұлақтай көкейіме кеп қалған ойларымды кері ірке алмадым. Күндіз жұмыс. Түнде жазамын. Ұйқы дұшпан қалғып кетсең қуанады! Миыңның бір шетіне жауар бұлттай топтасқан ойлар торғайдай жан-жаққа пытырап ұшып кетеді. Ертесіне тіл ұшына тірелген сөзді де, ойды да қуып жете алмайсың. Міне, жазудың машақаты! Әйтсе де, түсімде көбелектей ұшып жүрген қағазды көрем. Желмен бірге бантиктей желбіреген қағаздарды ыза-қиқым шығып қуа түсем. Алдын-ала болатын жайтты түсім арқылы сеземін. Әуелден екі жақтан да қасиетті аталарым аян береді. Көрген түстерімнің өзі екі-үш кітапқа татитын шығар жазып кетсем... Сондықтан жаныма жалау, көңіліме демеу, ақылшым әрі сырласым, жан досым қалам мен қағаз екенін түсіндім. Түстеріме иландым.

Әбдіжәміл атам да бата берген...

- Сізді атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өзі шақырған екен?...

- Өмірде сәйкестік дегенге, тылсым күштің бар екеніне имандай сенемін. Себебін айтайын басынан баяндап. 2005 жылдың қараша айының соңғы күндері. Іле-шала жолға жиналдым. Сол кезде болып жатқан Алматыдағы түрлі дүмпулерге алаңдаған ата-енем ұзақ жолға шықпауымды өтінді. Баяғы титтей тұяқтары Айнұрыма алаңдайды ғой. Бірақ, амал қайсы?Бала да, әдебиет те қымбат! Екі кеменің ортасында теңселіп тұрмын. «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес телефонмен: «Мира, кітабыңның мұқабасы дайын. Беттерін хаттап қойдық. Тез жет. Алдымызда үлкен саяси науқан тұр. Жұмыс көп. Жаңа жылға дейін кітабыңды бітіріп, баспаға ұсыну жоспарда бар» деді. Сөйтіп, «Шешінген судан тайынбастың» кебін киіп, «Мәскеу-Алматы» пойызымен жолға шықтым. Алматыға аман-сау жетіп, ертесіне «Арыс» баспасына бардым. Кітаптың сыртқы мұқабасына дайындалған суретті таңдай бергенімде атақты жазушы әрі жерлесім Қажығали Мұқанбетқали аға кіріп келді. Ғарекеңдермен амандасып, үстелдің үстінде жатқан «Шүберек қуыршаққа» қарап, «Іздегенге сұраған» дәл келген екенсің. Сірә, жолың болар... Мереке Құлкенов басқарып отырған «Таң Шолпан» журналына бүгіннен кешікпей барып шық. Сені «әдебиеттің қос корефейі» іздеп жатыр. Алдыңғы күні ақылдастар алқасы өтіп, Нұрпейісов пен Исабеков «Таң Шолпанға» повесінді жариялауға рұқсат етті. Екі абызымыз да шығарма атаулыға қатаң талаппен, сын көзбен қарайды. Сен тұрмақ, осы Алматыдағы мықтыларды да мойындауы қиын! Десек те поштамен салған повесің ағалардың көңілінен шықты» деді. Сөйтіп, қаламгерлер арасынан жаныма жақын жерлес апам Сара Ләтиеваның үйіне қоңырау шалдым мән-жайды түсіндіріп. Емге асықпайтын апатайым арада бірер сағат өткен бойда көк базардың тұсынан мені тосып алды. Тап осы маңайда екен «Таң Шолпанның» редакциясы. Аты дардай баспагер-қаламгер Мереке Құлкеновтің бөлмесіне өзі бастап барды. Қажығали Мұқамбетқали шет жағасын жеткізген әңгімені Мереке Құлкеновте қайталады. «Әуелі Дулат ағаңа сәлем беріп шық. Сосын үлкен кісіге барарсың. Қашан қабылдайтынын біліп қояйын. Қазір проза жазатын қыздар жоқтың-қасы. Ағаларың өзіңе риза» деді. Сара Ләтиевада Оралға келгенде «Жангүл мен бала мысық» әңгімемді оқып, «Ақ желкен» журналына ұсынғанын, таныстығымыз 2002 жылы қарашада Бөкей Орданың тойынан басталғанын тілге тиек етті. Сонымен Сара апамды қолтықтап, Дулат Исабековтің алдынан бір-ақ шықтым. Ағама сәлем салдым. Қабағы салыңқы екен. Бізді көріп көншіді. «Таң Шолпанға» жіберген екі шығармаңды да оқып шықтым. Екеуіне де алғысөз жаздым. Мен нарықты білем десем, сен менен де көп біледі екенсің. Аягүлің де аянышты. «Әдемі қызыңды» үйден оқимын деп Әбекең алып кетті. Ендігі бітірген болар» деді. Жүрегім дүрс-дүрс... Қуаныш пен қорқыныш таразының екі басында теңесіп тұр.

Арада екі күн өтті... Ескілеу ақ жигулиімен ну қарағайлы орманның арасын кесіп өтіп, даңқты жазушы тұрып жатқан саяжайға жол тарттық. Екі қабатты котедждің қақпасы бізге айқара ашылды. Сыртқы сенеден қаламгердің зайыбы күтіп алды. Іште жазушыны жанұясымен бірге іздеп келген ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты да бар екен. Дәліздегі мамық диванға арқаларын тіреген бейтаныс жандарға ишарат білдіріп, кезегімді күттім. Жазушының жары жоғары қабатқа көтеріліп, отағасынан алдымен кімді қабылдайтынын білуге кетті. Алыстағы Ақ Жайықтан кеп тұрған қыздың жолы үлкен деді ме, қаламгердің жазу бөлмесіне әуелі мені кіргізді. Бала кезімде бүкіл ауыл болып «Қан мен тер» эпопеясын алу үшін кітапхана дүкеніне шеретке тұрған атақты Нұрпейісовті дәл жанымнан, жақыннан, өз төрінен көріп тіл мен жақтан айырылдым. Алайда, қалыңдау көз әйнөгінің әр жағынан күлімсірей қараған танымал тұлға маған жылы қабақ танытатын секілді. Аз-мұз аман-саулықтан соң бойымдағы үрейдің бұлты ыдырады. Ақсақал ілбіп барып үстелінің тартпасынан «Әдемі қыздың күнделігін» үлбіретіп алып шықты. Компьютермен терілген алпыс беттей хихаямды асықпай парақтады. Кей жерлеріне қызыл сыяның ізі түсіпті. Онсыз бола ма?! Қажығали ағам айтпақшы, қазақ әдебиетінің майталманы сарыуыз балапанды батаға қақ қылу үшін үйіне шақырмаған шығар?!

- Әңгімеңіз туралы басқа қандай пікірлер айтты?

- Даусы естілер-естілмес қүйде сабырмен сөз бастаған Әбдіжәміл Кәрімұлы: «Әдеміні оқып болдым. Сюжет пен сөз саптауың орнықты шығыпты. Шеберлікті де байқадым. Образдарды шарықтау шегіне жеткізіпсің. Алайда, қызды бірінші жақтан сөйлете бергенің не?! «Мен көргенде, мен барғанда» деген сөйлемдерің артықтау көрініп тұр. Осы қателіктеріңді қайтадан түзетіп, журналға бүгін-ертең тапсыруды ұмытпа. Қазір «Қан мен терді» өңдеп, көп сөйлемдерді түзетіп, «Соңғы парыз» деп жазып отырмын. (Иегімен жазу үстеліндегі буда-буда қағаздарын меңзеп, сөзін әрі жалғады). Лев Толстойда бұрынғы кітаптарын қайтадан өңдеп жазған екен. Сонда шығарма ширыға түседі. Тілің де байиды. Қолыңнан жазу келеді. Енді жазуыңды тоқтапта! Алматыға келе жатқаныңды естіп, қызыммен өзім сөйлесейін, шығармасын өзім табыстайын деп шештім. Ал, әзірге айтарым осы. Сау болып тұр. Жолың болсын» - деді. Қыса да нұсқа сөйлейтін, мінезі тұйықтау қаламгермен суретке түсем деген жоспарым да жүзеге аспады. Саматта күнде көріп жүрген ағасымен алғаш кездескендей қожырап, фотоапаратын қораптан шығарып болмады. Сөйтіп, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің үйіне түнеп шыққан, жазу тартпасында бірнеше күн қонақтап, батасын алған «Әдемі қыздың күнделігі» де 2006 жылы «Шүберек қуыршақтан» соң кешікпей «Таң Шолпан» журналында жприяланды. Кейін Ақ Жайыққа атбасын бұрған бір сапарында БҚМУ-дың студент-жастарымен жүздескен Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Біздің әдебиет қандай күйде, кім келді, не бітірді? Соны білгіміз келеді. «Таң Шолпан журналының кезекті нөміріне осы Орал өңірі қызының бір-екі әңгімесі жарияланған. Әдебиетте ілгерушілік бар деп білеміз» депті. Мұны «Мира­­­- өмірде де, өнерде де сұлу адам. Нені жазса да боямасыз өмірдің көлеңкелі келбетін жазатын, өз кейіпкерін өмірдің өтіне қоятын Мира Хамзақызының таңдауы­- жану» деп шығармаларыма жоғары баға берген филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов зерттеу мақаласында келтірді.

Дәл осы оқиғаны биылғы жылдың 24 сәуіріне дейін ешкімге тіс жарып айтқан емеспін. Атақты Әбдіжәміл атамның алдын көргенімді, үйіне арнайы алдыртып батасын бергенін, ақыл-кеңес қосқанын ел-жұртқа, қаламдастарыма естіртуге, жария жасап, мақтан етуге жүрегім дауаламады. «Ертеңгі күні жазуды қойып кетсем?! Шашасына шаң жұқтырмайтын киелі өнер Шүйіншәлиеваны шаңға көміп тастаса?! Дәрежесі Алатаудан да асқақ абыздың алдына барып тұрып, әдебиет өнерінде түк шаруа бітіре алмасам?!. Әлі келмейтін шоқпарды беліне байлап деген қауесетке, ұятқа қалсам ше?! Алдымен «Шүберек қуыршағыма» алғысөзін арнап, «...тілі шұрайлы, ойы салмақты, оқиғалары өрнекті жас жазушы Мира Шүйіншәлиеваның бір топ туындылары қазіргі заман келбетін түсінгісі келетін оқушыға берері мол шығарма» деп зор сенім артқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің үмітін ақтайын. Шығармаларыма Нұрпейісовтің те шуағын төгіп, шұғыласын шашқанын жалпақ жұртқа жария етпей қоя тұрайын» деп шештім. Отыз тістің арасынан шықса отыз рулы елге тарайтын бұл тарихи сәтті баяндау ойыма да келмеді. Тек мені ақ баталарын берген әдебиеттің қос бірдей өкілінің үмітін ақтай алам ба, жоқ па деген ой ғана мазалайтын. Сыр сандықта сақталған дәл осы құпияның кілтін 17 жыл өткенде,кешімді аман-сау өткеріп, оқырман қауымға есеп беріп, Дулат Исабеков пен Мереке Құлкеновті ортаға алып, «Алматы» мейрамханасында той дастарханын сыйлы әрі санаулы меймандарыма жайған сәтте ғана аштым... Бәрі аң-таң болды. Осыдан-ақ сұлу сөз өнеріне қаншалықты биіктіктен, шыңның төбесінен қарайтынымды, жұртым бетіме қанша мақтаса да көңілімнің тостақаны «түк бітірмедім» деп толқитынын, «Әдебиет – ардың ісі» дей беретін қаламгер екенімді сараларсыз...

- Ал өзіңіз бүгінде әдебиетке қаншалықты қызмет ете алдым деп ойлайсыз?

- Тағы да өз-өзімді қолпаштап, қолтығыма құс жастықты сүйегендей болам-ау? (Жымиып күлді). Егер көркем әдебиеттің алақұйын дауылы мен бұрқасындатқан боранына шыдап бақпасам, жаңа ғана айтып өткенімдей,облыстықХадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында тұңғыш рет «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты шығармашылық кешім жоғары деңгейде дүркіреп өтпес еді. «Жыртық үйдің де демеушісі болады» деп,шығармашылық кешім үшін азанда тұрып, сонау Алматыдан тікұшақпен үш сағат ұшып Дулат ағам келмес еді! Соңғы жылдары шетелдерде пьесасы қойылып жүрген драматург-жазушы Дулат Исабековпен бірге Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулеттің және барша ақын-жазушылардың атынан ыстық сәлемі мен әдемі камзолын осы Одақтың орынбасары, ҚР Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов иығыма кигізбес еді! Көктем мезгілінде ауырып-сырқап жүрген Ақұштап апам ағынан жарылып, өлкедегі қаламгерлер атынан ілтипатын арнамас еді?! Сондай-ақ шығармашылығымды жеке қызығушылығымен зерттеп үлгергенМұхтар Әуезоватындағыәдебиет және өнер институтының аға қызметкері, ғылым докторы Гүлжиһан Орданың да табаны Ақ Жайықтың топырағына тимес еді! Тікұшақтан өзім асыға күткен осы үш мейманым топ етіп түсе қалғандақолыма нан ұстап айтайын, 16 жасымда жоғалтқан асыл анам мен 25 жасымда айырылған асқар таудайәкем, 31 жасымда көзімнен бұл-бұл ұшқан отағам Нұрлан, қиын-қыстау шақтарда Айнұрым екеумізге сүйеу–тіреу болған мама-папам (ата-енемді осылай атап кеткенмін) тіріліп келгендей қуандым.Таңғы шықтай көз жасы жанырымда жылт етті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев бастап Мәулет Жұбатов және көлігімен алып шығып Гүлжиһанға гүл сатып әперген інімБауыржан Халиоллақолға көп түсе бермейтін қонақтарымдытікұшақтан бірге қарсылап, күндей жадыраған жүзімді көрді.

Іштегі шерім мен қуанышымды қатар шығарған осы сұқбаттың арқасында Елбасымыздың үкілеген үмітін арқалап, мемлекет пен үкіметтің тапсырмаларын білім-пайымымен, еңбегімен атқарып келе жатқан, Ақ Жайықты әлі де жайнатам деп жанталасып жүрген Батыс Қазақстан облысының әкімі, көшбасшысы Алтай Сейдірұлы Көлгінов мырзағаотбасымның атынан үлкенризашылығымды білдіремін. Себебі, Дулат Исабековтей мәрттігі биік меймандарыммен бірге қабылдап, жүрегіме дем берді кешімнің алдында. Құшағымды гүлге толтырып, қазақтың салт-дәстүрімен иығыма камзол жабуды өзі бастап, «ақынын аялаған әкім екенін» көрсетті. Өміршең әдебиеттің бүгіні мен ертеңі жайлы терең ой-пікірлер толғанғанжылыжүздесуден соң қауырт қызметі бола тұра «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты кешімде төбе көрсетті.Қол сағатына тағатсыздана қарап, повестерімнен сахналанған үзінділерді көрді. «Ар азабы» кітабымның тұсаукесерінде болып, тұтас залды алып тұрған газет-журналдар мен суреттер көрмесін қарапайым оқырмандармен бірге тамашалап: «Мира Хамзақызы, бұл кешке үлкен дайындықпен келген екенсіз. Көп еңбек сіңірген екенсіз» деп кешімнің соңында ықылас гүлін сыйлады. Сол секілді күтпеген тұстан Атырау облысының әкімі, біздің Жайығымызда тоғыз жыл абыройлы қызмет атқарған білікті басшы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев тосын сый жасады. Тепсе темір үзетін бес бірдей атқамінерлерді Атыраудан арнайы жіберіп: «Мираны құттықтап, иығына камзол жауып, ат мінгізіп қайтыңдар, Атыраулықтардан дұғай сәлем айтыңдар» депті. Сәлемін де, сый-сыяпатын да қабылдап, риза болдым. Қаламгерағам Қойшығұл Жылқышиевпен бірге сахнағаАтыраудың бір топ бетке ұстар азаматтары көтерілгенде, жезтаңдай әнші Қайрат Кәкімовсұңқардай сұңқылдап ән салғанда Оралдықтар бір серпіліп қалды. Есілдің жағасынан, Астананың қақ төрінен ҚР Сенат және Мәжіліс депутаттары, біздің жерлесіміз әрі мақтанышымыз БірғанымСарықызы және еліміздің біртуар азаматтары бола тұра, меніңкітаптарымды сүйіп оқитын ағаларым – Қуаныш Сұлтанов пен Нариман Төреғалиевтен «Алғыс хат» келді. Бұл құттықтау хатты облыс әкімінің орынбасары, өнер мен мәдениеттің жанашыры Ғабидолла Оспанқұлов сахнада оқып берді.Осының өзі, 2003 жылдан осы кезге дейін бес кітабымды өз күшіммен шығарып, әдебиетке адал қызмет еткенімді, 2006 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағыныңмүшелігіне қабылданғанымды дәлелдейтін шығар. Арқыраған Одаққа шалғайда жүріп мүше болудың өзі иығыма атан түйедей жүк артты. Мүшелік көк билетті жанбасыма жастанып жатып алмай, әдеби ортада өзімді мойындату үшін қарымды қаламыммен тер төктім. ЭКС-төрағамыз Нұрлан Оразалин 2005 жылдың соңында классиктерді Одаққа жинап, мүшелікке өтуге өтініштері тіркелген өзімдей жастарды шетінен ашық дауысқа салыпты. Одақтың талабы бойынша республикалық баспадан мазмұны бірін-бірі қайталамайтын екі жаңа кітабың болу керек. Бірнеше газет-жорналдарда жарық көрген әңгімелерім, баспада жатқанекінші кітабым себеп болып, «экспронт» түрінде Жазушылар ОдағынаБатыс Қазақстан облысынан өзімді ғана қабылдапты. Оралда жүріп мұнын бірінде білмеймін. Одақтың жиынында болған Ақұштап Бақтыгереева мен Сара Ләтиева сүйіншілеп хабарлады. Мінекей, бұл да«әдебиеттің ауыр жүгін құмырысқадай қыбырлап, қоңыздай тырбаңдап, инемен құдық қазғандай ізденгенімнің арқасы! Бұл да әдеби ортадан тыс жүрген Шүйіншәлиеваның«әдебиеттің қазанында ботқадай бұрқ-сарқ қайнап, ескегін есіп,кестелі сөздің жауһарын теріп, моншақтай жіпке тізіп, бес саусағыммен өрнектей білгенінің арқасы!

(жалғасы бар...)

Сұхбаттасқан Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар