Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өмірхан Әбдиманұлы. Мағжанның ақындық әлемі

10.09.2018 3135

Өмірхан Әбдиманұлы. Мағжанның ақындық әлемі

ХХ ғасырдың бас кезі қазақ әдебиеті үшін өркендеудің басы болған, жазба әдебиетіміз жан- жақты дамыған, көркемдік танымның жаңа биігіне көтерілген кезең болып табылады. Осы тұста әдебиет ұлттық сананың оянуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық рухқа ерекше серпін берді. Қазақәдебиеті көркемдік ізденістер тұрғысынан да, жанрлық баю тұрғысынан да кемелдене түсіп, алашшыл әдебиеттің қуат күшімен ұлттың ұлы мұраттарын алға тартты. Сонымен қатар қазақ әдебиеті томаға-тұйық күйде қалып қоймай, шығыс және түркі әдебиетімен тығыз байланыстарға түсіп, дәстүр жалғастығын жандандырды. Халқымыздың рухани-мәдени болмысы, соның ішінде әдебиетте орыс және батыс әдебиетімен байланыстарға түсіп, кәсіби әдебиет талаптарына жауап беретіндей деңгейде даму жолына қадам басты.

Бұл байланыстар сан-салалы болып келеді. Осы тұста төл әдебиеттің нәрін қанып ішіп, шығыс, батыс әдебиеттерінің озық үлгілерін әдебиетіміздің даму үдерісіне негіз еткен ұлттық әдебиетті тың өріске бастаған шығармашылық тұлғалар тобы шықты. Оның бастауында Шәкәрім, Ахметтер тұрса, Мағжан сынды бір туар дарындар ұлттық әдебиетті асқарға алып шықты десе болғандай. Сондықтанда біз әдебиет тарихында айрықша орны бар, поэзия әлемінде толған айдай толықсып туған Мағжан Жұмабаев шығармашылығын ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс деп білеміз, солай бағалаймыз да. Бұл, таласы жоқ, ақиқаттық шындық.

М.Жұмабаев поэзиялық туындылары арқылы қазақ лирикасы мен эпикалық жанрын өзге жарық та жарқын жолға салған әдеби мұра болып табылады. Мағжанның қазақ әдебиетін дамытудағы еңбегіне және әдебиетті өрісін кеңейткен жаңашылдығына осы тұрғыдан қараған жөн. Кезінде мағжантанудың алғашқы кірпішін қалаған Жүсіпбек Аймауытов бұл туралы: «Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты» [1], — деп ақын ұстанымының көркемдік болмысын тап басып таныған болатын.

Ақынның өміршең әдеби мұрасының уақыт тезінен иілмей өтуінің де бір сыры осында жатыр. Қуатты классикалық дүниеге айналуының құпиясына да осы тұрғыдан үңіліп, үлгі-өнегесінің дәстүр болып қалыптасуының мәнін мен маңызын да осы сипаттан бағалауымыз қажет.

Жалпы Мағжан Жұмабаевтың ақын ретінде қалыптасу кезеңі қазақ тарихының отаршылдық дәуіріндегі ұлттық сана оянуы, оянған сана жетегінде жаңа жол іздеп, елді бостандықтың бозала таңына, жарық күнге шақыру дәуіріне тұспа-тұс келді. Шығармашылық болмысы қия шыңға қанат қақтырған талапты да талантты ақын аласапыран дәуірдің барша қарама-қайшылықтарын жүрегімен сезініп, тарихтың тар жол, тайғақ кешуін бастан өткере жүріп жетілді. Тағдыр тезіне иілмеді. Талқыға салған тағдырдан қайрала да шыңдала түсті. Мағжан шығармашылығын идеялық тұрғыдан сынға алған С.Мұқанов өзінің «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабының Мағжанға арнаған тарауының қорытындысында: «Ақындық жағына келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» [2], — деп шындықты ашып айтады.

Саналы ғұмырын сөз өнері арқылы өмір мәнін түйсінуге арнаған ақын дүние-тіршіліктің сан- салалы құбылысын көркемдік шындықпен шырайландыруға ұмтылды. Шығармашылық ұстанымының өзі айқындаған сара соқпағынан еш айнымаған ақынды сол тауқыметі мол жылдар тез есейтіп, қиялына қанат, қаламына қайрат бітіріп, ұлттың ұлы ақынына айналар даңғылға алып шықты.

Бұл туралы кезінде академик С.Қирабаев: «Мағжан бүкіл ұлтқа тән ұғым-сезімнің, поэтикалық өнердің шекарасын кеңейтіп, қазақ әлемінің жан дүниесін ашып берді. Оның таза қазақтық рухы кімнен де болса жоғары. Мағжан суреткерлігі бүкіл қазақтың өмір үшін күресі мен қайғысын тұтас қамтиды. Халықтың сан-салалы тіршілігінің ол үшін бөтені жоқ. Бәрі де Мағжан қаламында өлең боп ойнап, сыңғырлап, сылдырап, жалтырап кетеді. Барлық ұлы ақындар сияқты, Мағжанға да шындықты сезінудің сиқырлы күші дарыған. Мағжан ақындығының құпиясы оның өз тұсының шындығын дәл бейнелеуінде ғана емес, өлеңінің сиқырлы күшінде. Ол бірде өмірдің күлкісіндей қуанышты бейнелесе, бірде жылаған, қайғы тұтқан қазақтың жан сезімін көрсетеді, ақын осындай алмасып, ауысып жатқан дүниенің бір сәттік қозғалысын көз алдыңа әкеледі және ол лып етіп өте шығады. Мағжанның ақындық жолының күрделілігі де осында» [3], — деп Мағжан ақындық болмысының табиғатын тап басып таныған-ды.

Иә, шындығында да, Мағжан жан дүниесіндегі екі ұдай күрес оның поэзиясында айқын белгі беріп тұрады. Адами, азаматтық ой тартыстан жаралып, қоғамға, қоршаған ортаға деген налыс пен реніштен туындайтын көркемдік түйіндер бедері лирикасындағы мұңлы толғаныс, өксікті өкініш, шерлі қайғы, күйініш арқылы көрініс тапса, құрыш қуаттан өрілген романтикалық өршілдік мөлдір махаббат, сұлу сезім, сәулелі қуаныш, асқақ арман, мерейлі мақсат, үкілі үміт әлдилеген рухты жыр арқылы өріледі. Ұлы суреткердің шығармашылығындағы тарихтың қатпарлы сырын терең түсіну, өткенді бажайлау, болашақты болжай білу, бүгіннің ақиқатына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар замананың сындарлы сындарымен астасып жатады.

Мағжан Абай дәстүрін жаңашылдықпен дамыта алды. Ол Абайдағы ой-толғанысты сұлу сезіммен әрлей, әшекелей отырып сананы ғана емес, жүректі де баурады. Жүректен шыққан сөзді жүрекке жеткізе білді. Сезімге тіл бітіріп, тәнге тән тәтті сырды жанға дәру етті.

Мағжан өз поэмалары арқылы эпикалық жанрдағы ой-толғамды, саяси-әлеуметтік мәні зор мәселелерді алға тартқан сыр толғауға айландырып, тарихи деректі ақындық қиял арқылы дамытып, тарихи шындықты көркемдік шешім арқылы көркемдік шындыққа айландырды.

Оның «Қорқыт», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», «Өтірік ертек», «Тоқсанның тобы», тағы басқа поэмалары — қаһарман тағдырын ел тағдырымен астастырған, ел тағдырын ер тағдырымен ұштастырған, екі тағдыр шешімін көркемдік шындықтың желісімен жымдастырған егіз шындықтың еншісін бөлген туындылар. Осы тұрғыдан алған да мағжантанушы Ш.Елеукеновтің: «Қазақ поэмасының басында Мағжандай ақынның тұруы бұл жанрдың бағын ашты. Кеңес тұсында мансұқталғанына қарамастан, Мағжан сеуіп кеткен дән булығып болса да әр тұстан өркен тебетін» [4], — деген пікірге шараң жоқ.

Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы — эстетикалық талғам-танымнан мәйегінен нәр алған, мазмұн мен пішін бөлінбес бірлікте тұтасқан бүтін дүние. Сондықтан Мағжан шығармашылығынан қазақ поэзиясының жаңа буыны басталады десек, артық айтқандық емес. Ақын лирикасының құдіреттілігі оның пішіндік сонылығы, тіл шұрайлығы, образдық дәлдігі, мазмұн байлығы арқылы ерекшеленеді. Толғауы тоқсан ой-толғамдарының жаңашылдығы, сурет қанықтығы, сөз ойнату шеберлігі бәрі жинақтала келе, Мағжан поэзиясының өзгеге еш ұқсамас өзіндік айырым-белгісін айқындайды. Оны енді-енді байыптай бастадық.

Бүгінде мағжантану қанатын кеңге жайып келеді. Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы жайында қалам тартып жүрген әдебиетші-ғалымдар Т. Кәкішев, Ш. Елеукенов, Б. Қанарбаева, Е. Тілешов, Б. Кәрібаева, Д. Қамзабек, А. Шәріп, тағы басқа ғалымдар еңбектерінде ақын мұрасы сан қырынан сөз етіліп келеді. Мағжан жайлы жазылған дүниелердің ішінен, төмендегідей еңбектерді айрықша атап өтуге болады. Ш.Елеукеновтың «Мағжан» атты еңбегі ұлы суреткердің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты саралауға арналған тұңғыш көлемді зерттеу болды. Автор мұнда ақынның өмір өткелдерін және шығармашылығының кезеңдерін терең зерделеген. Ғалым Т.Кәкішұлының «Мағжан мен Сәкен» ғылыми эссесі екі ақынның өмірі мен шығармашылығын архив мағлұматтарымен бекітіп, тарихи деректерге сүйене отырып, көркемдік талдаулар жасауымен құнды. Б.Қанарбаева «Жырымен жұртын оятқан» атты монографиясында Мағжан Жұмабаев шығармаларының фольклорлық қырлары, дәстүр мен жаңашылдық жөнінде ой толғайды. Е.Тілешовтің «Суреткер және көркемдік әдіс» монографиясында ақынның шығармашылық эволюциясы, ақын поэзиясындағы ағартушылық реализм, романтизм, сентиментализм, символизм көркемдік әдістері кеңінен қарастырылады. М.Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол түсінікті еді.

Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанымен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық идея бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырды. Алғашқы өлеңдерінің бірін «Алтын хакім Абайға» деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез- құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Қазағым», т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыптарды көтерді.

Мағжанның ағартушылық сарындағы өлеңдерінде ел мен жер тағдырына алаңдаушылық басымдау көрінеді. Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты. Ол:

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,

Кілтін де өнер-білім ашып жатыр [5; 15],

— дей келіп, қазақ арасында білім мен білмекке ұмтылыстың әлі де кейіндеу жатқанына өзегі өртене өкініш білдіреді. Шындығында, Мағжан дәуіріндегі қоғамдағы көрініс қандай еді?.. Мыңды айдаған байлар мал қамында, оқыған-зиялылар шен қамында. Отаршылдықтың қасіретін тартқан халық ұлт ретінде жойылып кетудің аз алдында. Бұл кезеңді «Ері қамауда, малы талауда», — деп Ахмет

Байтұрсынұлы дәл тауып айтқан. Елден бірлік кеткен, біліктіден билік кеткен кер кез еді бұл. Міне, Мағжанды өксітетін жайт. Өкініш көп, үміт аз. Қайтпек керек? «Үмітсіз — шайтан» деп білетін халықтың ұлы Мағжанның ендігі тілегі де, тірегі де, үміт артары да, әрине, ұлт азаттығын ту көтерген қайтпас-қайсар жаңа дәуірдің қаһарман ұландары. Өзінің:

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте — бұлт, жерде желмін гулеген,

Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар? [5; 79],

— деп басталатын «Мен кім?» атты өлеңінде Мағжан өзі қадірлейтін осындай айбатты да қайратты, адал да ұлт күрескерінің айбынды бейнесін ашып береді. Ақынның лирикалық «мені» — романтикалық ұлы қуатқа ие, азаттықты аңсаған, әділетті көксеген, арманы биік, ерекше жаралған, ерен тұлға. Ендеше, ел үшін туған ерге тең келер күш болуы мүмкін бе?! Жоқ!

Өзім — тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім — құран, бағынамын сөзіме!

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе? [5; 80],

— дейтін лирикалық тұлға бойында санаға сиымсыз алапат күш бар. Бірақ ол — көркемдік шындықтан сомдалған тұлға. Ондағы қаһармандықтың қуат-күші шынайы шындығымен сенімді.

Ақынның азаттық үшін күрес жолындағы арманын ақтайтын үміт отының бірі — «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар. Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Оларды ақын Алаш арманын болашаққа жеткізер, Алаш рухын алға жетелер алтын көпір деп біледі. Өзінің «Мен жастарға сенемін» деп аталатын өлеңінде ол жастардың бойынан сұңқар ұшар биіктікті, тұлпарға тән жүйріктікті, имани күштілікті көре отырып, Алашқа бостандықтың бозала солар аттырарына сенеді! Жастарды шабытты жырға қоса отырып, оларды мақтан тұтады. «Мен жастарға сенемін!» деген ұлы сенім — Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам» деген ұлы арманымен астасып жатыр.

Мағжан поэзиясындағы басты тақырыптың бірі — ел мен жер тағдыры. Жыр әлеміне қадам басқан сәттен бастап-ақ, ұлт азаттығын жыр арқауының өзегіне айналдырған ақын туған елінің өткен тарихынан ой маржанын теріп, кейінгінің өткеннен сабақ алуының мәні зорлығына назар аударады. Ақын көркемдік қиял арқылы тарихи деректер қатпарынан шын шындықтың шешімін тапқысы келеді. Ақын «Өткен күн» атты өлеңінде Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлаған «аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың» бір кездегі еркін өмірінің шырқын бұзған отаршылдық дәуірді айта келіп:

Өткен күнді ойласам,

Ойға терең бойласам,

Кешегі қайран қазақтың

Сәулеті мен дәулеті

Көз алдыма келеді [5; 66],

— деп, өткенді аңсайды, надандықтың, бірліктің жоқтығынан «қолда бар алтынның қадірін» білмегендікке өкінеді.

Күшің кеткен баяулап,

Жүрсің атсыз жаяулап,

Ит надандық желкеңде

Шабайын деп аңдып тұр

Қылышын ұстап таяулап [5; 67],

— деп, халық басына төнген қатерді бейнелі суреттейді.

Қазақ даласына ақ пен қызылдың қырғынын әкелген 1917 жылғы оқиғалар кезеңіндегі аумалы- төкпелі жағдайды жырлағанда да ақын осы бір көркемдік шыншылдықтан айнымайды. «Бостандық», «Есімде... тек таң атсын», т.б. өлеңдерінде ақын ұлт бостандығы жолындағы күрестегі ұлы мұраттарын айқындайды. «Бостандық» өлеңінде қуана отырып, бостандықтың рухын кіршіксіз пәк періштеге теңейді.

Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние арпалысып, өзгелер қай жеңгенің менікi деп тұрғанда, ізгі тілектен бір таймаған ақын халқына тәуелсіздік таңын тәңіріне жалбарына отырып тілейді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі, үміті басымырақ ақынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі — «Сағындым». Мағжан мен Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын мұрағаттық деректер мен шығармалары негізінде салғастыра отырып қарастырып, талай мәлімсіз жайттың қатпарын ашқан ғалым Т.Кәкішұлы бұл өлең туралы мынадай түйінді ой түйеді: «Мағжанның түрмеде отырғанда жазған «Сарғайдым», «Сағындым» өлеңдері абақтыдағы ақынның жан сырын, хал-жайын көркемдікпен елестеді және мұң-шері жағынан Сәкеннің Колчак түрмесінде шығарғандарымен үндеседі..» [6]. Шындығында да, өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді. Тар қапаста отырған ақын туған жері — сайын даласын, ақ сүтін берген анасын, туған ел-жұртын, сезімге адал сүйген жарын сағынады. Сағынышының ең зоры — бостандық.

Бостандықта өткен күнді сағындым,

Желдей зулап кеткен күнді сағындым.

Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,

Ойдағыны, өткен күнді сағындым [5; 127],

— деп, ол еркін өмірдің жарқын күндерін аңсайды. Еркін күндер елесінің қиялына ерген ақын, елін еркіндікке жеткіземін деп абақтының азабын тартып отырғанын өлең өзегіне айландырады. Онда мұңнан гөрі, жеке адамның көңіл-күйіндегі кейбір толғанысты сәттердің суреті басымырақ. Ақын жырында болашаққа сенім мол.

Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! [5; 128]

— деген жолдарда Мағжанның ұлтына, халқына деген шексіз махаббаты сезілсе, одан кейінгі

Қалың елім, қалың қара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер, алашым!

Өзі-ақ құлар, сырын берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын [5; 128],

— деген жолдардан оның ертеңгі болашақтан үміті, қалай болғанда да осы қиындықтың артында азат күндердің келеріне деген сенімі көрінеді.

Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар — Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше сезіммен, шын жүректен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сыршыл да, сазды да, бейнелі. Мағжан не жазса да суреттеп жазып, образбен береді. Ақын поэзиясында адам мінезі мен табиғат құбылысы астасып жатады. Қай шығармасында болмасын Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Ол туған табиғаттың сұлулығын паш етіп, адам мен табиғат бірлігінен жарасымдылық табады.

Мағжан туған табиғатты жырлағанда, кіршіксіз тазалықты, сезімнің тұнба тұнығын содан іздейді. Ақынның шерлі жүрегі содан ғана тағат тапқан. Ақынның табиғатты жырлаған өлеңдері:

«Қайық», «Жел», «Толқын», «Көкшетау», «Алатау», «Жазғытұрғы», «Күз» және т.б. Оның лебінен жылылық ескен әдемі өлеңінің бірі — «Жел».

Мазасы жоқ жел ерке,

Оянып, ап тым ерте,

Жорғалай басып кетеді.

Тыныш жатқан түс көріп,

Көлдің бетін кестелеп,

Оны әуре етеді [5; 129].

Мұнда ақын желдің «ерке мінезін», ешкімге мойынұсынбас еркіндігін баса жырлайды. Өйткені ақын жаны да сол еркіндікті аңсайды. Осы тақырыптағы озық үлгідегі өлеңінің бірі — «Толқын».

Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады,

Толқынмен толқын жарысад.

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтін бір егеспен,

Жарысып жарға барысад…

Сылдыр, сылдыр сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

Өледі толқын, тынады [5; 135, 136].

Ақын тілсіз де тылсым толқынға жан бітіріп, жансыздан жанды сурет жасайды. Мұнда толқынның да өмірі мәңгі емес деген пікір жоқ. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек, толқын өлімі — мәңгілікке жалғасқан өлім, жарына бел беріп, рахат тапқан өлім, ол мың қайталанып, мәңгілікке ұласқан тынымсыз тіршілік. Мағжан — поэзиядағы саздылық, әуезділікке баса назар аудара отырып, еуропа, орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Мағжан символизмі туралы мағжантанушы Б.Қанарбаева: «Мағжан — батыс әдебиетінде ХІХ-шы ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ ғасырдың басында гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын» [7], — деп әдемі айтқан. Иә, Мағжан — еуропа ақындарының шығармашылығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын. Мағжанның жаңашылдығын осы тұрғыдан таныған жөн.

Мағжан — қазақ поэзиясының жарық жұлдызы ұлы — Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанмен, өзінше жол табудан әсте жалықпай, көп ізденген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, оның тылсым шақтары ақын көңіл-күйімен, мұң-қайғысымен, қуаныш-шаттығымен қат-қабат келіп отырады. Осының бәрі тұтаса келіп Мағжан суреттеп отырған дәуірдің бейнесін толық ашып береді. Сондықтан да бейнешілдікті ең шырқау биігінде көрсету үшін, ақын өз басындағы қайғы мен қасіретті, мұң-зарды халық басындағы ауыр күндермен астастыра жырлайды.

Қап-қара түн. Түн баласы күңіренед.

Күңіренумен бір-біріне үн беред.

Сөгінеді, сүрінеді, жығылад,

Қара түнде көр көзімен не көред?!

Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр,

Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр,

Қайғы менен қара қанға тұншығып,

Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.

Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,

Ой артынан ойлар келіп кетеді.

Түн баласы көр көзінен жас төгіп,

Күн шығыстан бір пайғамбар күтеді [5; 52].

«Пайғамбар» өлеңіндегі осы жолдар Мағжанды ұлтының ғана емес, бүкіл әлем жоқшысындай танытады. Батыс халықтарының басындағы қайғы-қасіретті түнге, жай түн емес қап-қара түнге ұқсатуынан осыны байқаймыз. Қап-қара түнді жанды бейнеге айналдырған ақын оған ауыр ой ойлатады, «көзінен жас төккізеді», сөйтіп өлең мазмұнын тереңдетіп, қасірет сарынының күшеюіне күш салады. Ақын әлемді құтқарушы — Шығыс деп, Күнді азаттық символына айналдырады.

Мағжан тек өлеңнің ішкі мазмұнына ғана емес, сыртқы түрі мен сөздерінің бейнелі қолданысына қатты назар аударған ақын екендігін жоғарыда айттық. Ол қандай сөз қолданса да талғап, ой таразысынан өткізіп, өлеңнің ішкі-сыртқы тұтастығының сай келіп отыруын көздеген. Өйткені оның өлеңдерінен басы артық, бос сөздерді кездестіре алмайсыз. Қай өлеңін алсаң да белгілі бір ырғақпен, әдемі әуезбен, сөз өнерінің сиқырлы әлеміне тарта береді. Сондықтан да Мағжанның «суретті, кестелі, көркем сөзі» — ешкімге ұқсамас өзіндік өрнек. Мағжан өлеңдеріндегі сұлу сезім оның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінен айрықша сезіледі. Ақынның мөлдір сезімі жан сыры арқылы өріліп, өлең жолдарынан өзгеше шуақ төгеді.

Мағжанның махаббатты — жүрекке қуат берер, нәр берер асыл сезім деп бағалауы — азаттық оймен астасып кеткен өзгеше бір түйін. Ақынның осы бағытта жазған өлеңдерінің бірі «Сүй, жан сәулем» — махаббаттың асыл мұратынан, тұнық сезімінен жаралған жыр маржаны.

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләзаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына…

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да

Жылы тәтті у тарады қаныма.

Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,

Өтпесе түн, атпаса екен таңы да [5; 94].

Осы өлеңде ақын махабаттың бір сәттегі қызыққа, ләззатқа толы шағын тұмса күйінде жеткізіп,

«Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына» деп, бүкіл ақыл-ойды, жан-дүниені сезім жеңген сәттің жанға дәру шынайы шыншыл суретін жасайды.

Мағжанның әуезділігі күйше күмбірлеп келетін, оқыған сайын әдемі ән тыңдағандай мейірің қанатын өлеңдері жетерлік. «Жұлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін», «Жан жарымды бір сүйейін түсімде», «Шолпы», «Сүй, жан сәулем», «Сен сұлу» т.б. әсем лирикалары — міне осының куәсі. Мағжанның бұл өлеңдері наздылық, саздылық, әуезділік, әсемдік жағынан әлемдік поэзия жауһарларынан еш кем түспес сырлы дүниелер.

Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,

Хош иісті түрлі-түрлі гүл сұлу,

Әдемі аспан төбедегі көк шатыр,

Асқар тауы, дариямен жер сұлу.

Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу,

Көлге қонып, қаңқылдаған қу сұлу,

Бейне айнадай жарқыраған айдыннан,

Күн шығарда көтерілген бу сұлу [5; 96].

«Сен сұлудағы» сүйген жарына ессіз ғашық, жарына деген пәк сезімін сұлу суреттермен өрнектеген ақынның жар сұлулығына деген «өзіндік» көзқарасы туған табиғаттың сұлулығымен, іштей тоғысып жатыр емес пе?! Ақынның мың құбылған көркемдік кестесіндегі лапылдаған от сезімнің жалынын сезіну үшін оны бір деммен оқып шығып, ыстық жүрек ынтығын шынайы қабылдай білу керек. Сонда ғана ажарлы асыл сөзден жаралып, біртұтас болып құйылып түскен сырты сұлу, ішкі иірімі мол, мағынасы терең жұмыр дүниенің бар болмысын тани түсеміз.

Иә, Мағжан — қазақ поэзиясында өзіндік жаңашылдығы мен дәстүр қалыптастырған, соны ізденістері арқылы өзіндік өнерпаздығына ғана тән әдеби әдістер әкелген ақын. Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасыр басындағы поэзияға азаттық сарынды арқау етсе, Мағжан қазақ лирикасына сыңғырлаған нәзік әуез нәрін құйып, ұлттық рухты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады. Оның рухы биік өршіл жырлары тәуелсіздіктің туын бикке желбіретер рухани құдірет.

Жалпы алғанда, Мағжан шығармашылығы — қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген, соны шығармашылық ізденіс жемісі. Қазақ оқырманы Мағжан поэзиясын енді ғана тұщына оқып, «мың қайталап», жанына ләззат тауып жатуының сыры осында. Қазақ әдебиеттану ғылымы оның ұлттық ақын ретіндегі ұлылығын енді-енді тану жолына түсті. Мағжантану мәңгіге жалғасын табады.

Әдебиеттер тізімі

  1. Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы // Бес арыс. — Алматы: Жалын, 1992. — 293-б.
  2. Мұқанов С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. — Алматы: Атамұра, 2008. — 242-б.
  3. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. — Алматы: Білім, 1995. — 133-б.
  4. Елеукенов Ш. Мағжан. — Алматы: Санат, 1995. — 264-б.
  5. Жұмабаев М. Шығармалары. — Алматы: Жазушы, 1989. — 448 б.
  6. Кәкішұлы Т. Мағжан мен Сәкен. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1999. — 158-б.
  7. Қанарбаева Б. Мағжан-символист. — Алматы: Экономика, 2007. — 37-б.

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар