Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мырзабай Омар. Қазан – бірлік пен берекенің белгісі

12.09.2018 640

Мырзабай Омар. Қазан – бірлік пен берекенің белгісі

Ұлы Даламыздың түкпір-түкпірінде еліміздің руханиятына, мәдениетіне ерен үлес қосып жүрген азаматтар көп. Ол азаматтар – туған өлкесінің тарихын хаттап, шежіре-жылнама жазып, өскелең ұрпақ үшін орасан зор қызмет етуде. Сондай елшіл азаматтардың қатарында шымкенттік Мырзабай Омар бар десек қате айтпаған болар едік. Мырзекең қасиетті Созақ өңірінің тумасы. Бала жасынан Қаратау шайырларының есті жырларын тыңдап, Сүгір мен Төлегеннің күйіне ұйып өскен. Үшінші мегаполис шаһардың бірқатар мемлекеттік Жоғары оқу орындарында оқытушы болып, ұстаздық қызмет атқарған. “Аңызға айналған арғымақтар”, “Түйе һәм шұбат” сынды еңбектердің, түрлі бағыттағы әдеби-танымдық мақалалардың авторы. Көпшілікке танымал “Таңбалы” баспасының Бас редакторы болып, мыңдаған жақсы кітаптардың тұсауын кесіп, авторлардың алғысына бөленген. Алпыстың ауылына қадам басқан этнограф бүгінгі таңда Түркістан облысы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының Ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Ырзығы сол - әдебиет пен мәдениет төңірегінде.

Жуырда төрт қақпалы Түркістан еліне барып, қасиетті өңірге зиярат еттік. Сол сапарымызда Шымқалаға аялдап, табиғаты тамаша Машаттың бөктерінде Мырзекеңнің қонағы болып, демалып едік. Сол кезде этнограф, әдебиетші Мырзабай Омармен әңгімелестік. Осы сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мырзабай аға, әлеуметтік желі арқылы сіздің Ресейде, оның ішінде Башқұртстан, татар елінде болғаныңыздан хабардар едім. Бұл сапардың мақсаты неде еді?

Зерттеуші-ғалым болғандықтан, үнемі ізденісте жүреміз. Тың тақырыптарды зерделеу, ұлттың тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты құнды деректер табу – біздің парызымыз. Жақында бауырлас Түркия еліне жол түсіп, халықаралық симпозиумға қатыстым. Симпозиумға түркі тілдес халықтардың ғалымдары, зиялылары бас қосып, түркі әлемі деген ұғымды одан әрі нығайтып, мағынасын кеңейтудің мәселелері қарастырылды. Жалпы түбі бір түркі тілдес халықтардың тілінде, тарихында, руханиятында, дүниетанымында ұқсастықтар көп. Алайда тарихи оқиғалар, отаршылдықтың салдарынан түркі тілдес халықтар бір-бірінен алыстап, байланысын мүлдем үзіп алды. Қызық жайттардың бірі, түркі тілдерін зерттеп жүрген ғалымдардың зерттеулеріне үңілсек, түркі тілдес халықтар оның ішінде, ноғайлар, қазақтар, башқұрттар және тағы басқалары аудармашысыз-ақ бір-бірін еркін түсіне береді. Әркім өз тілінде сөйлейді, бірақ бұлардың арасында өзара түсіністік таңғаларық деңгейде. Ал әдеби мұраларды зерделесек, «Ертөстік», «Алпамыс» сияқты көптеген ертегі-жырлардың сюжеттері де ұқсас, мақсат-мұратттары бір. Сондықтан түркі әлемін зерттеуіміз – ұлы міндет деп ойлаймын. Бұл арқылы біз ұлтымыздың тарихын тани түсеміз, тәуелсіздігіміз мен елдігімізді нығайта түсеріміз анық.

Мені Түркияда толғандырған, көңіліме өкініш сезімін ұялатқан мәселе ТМД елдерінен келген түркі тілдес халықтардың бір-бірімен орыс тілінде қарым-қатынасқа түсуі болды. Бұл құлдық сананың әбден бізді жаулап алғанын көрсетті. Орыс тілінде пікірлескеніміз түрік ағайындарын қынжылтқаны да байқалды. Әрине, көрші тұрған Ресей аумағындағы башқұрттар мен татарлардың жылдар бойы көптеген сыртқы факторларға байланысты ұлт ретінде жойылып кету қатері бар. Бұл ретте алдымен ұлттық тілдің мәртебесі әлсірген сайын, ұлттың ұлт ретіндегі болмысы жойыла бастайды. Меніңше, бұл мәселеде түркі тілдес халықтар өзара мәдени байланысын нығайтып, бір-біріне демеу көрсетуі тиіс. Елге келгесін түркі әлемі, ұлттық тарих туралы көп толғандым. Қазіргі жұмыс орным – Түркістан облысы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Мұнда да шетелден келушілер көп. Тіл білу басты назарға алынған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Өткенімізді түгелдеп, ұлттық мұраға деген көзқарас артып келеді. Отыз жылдан астам білім саласында жүрдім. Тарихтағы ақтаңдақтарды кезінде дұрыс бағамдай алмағаным ойлантады. Әсіресе, сен сияқты қажырлы, білімді жастардың білімге деген құштарлығы қуантады. Өзің де алашордалықтардың тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу, бірлесе кітап шығару идеяларын қолға алып жүрсін. Бұл бағытта біз де үлесімізді қосайық деп, алғашқы ағартушылардың еңбектері шыққан Орынбор, Қазан баспаларын көру, Уфадағы Мағжан, Бейімбет оқыған оқу орындарында осы жазда болып қайттық. Бұл оқу орнының негізін қалауға қазақтың бай-бағландарының үлесі бар деген деректер кездеседі.

Осы тұста оқырмандарымызға Ғалия медресесі туралы айтып берсеңіз.

Төл тарихқа көз жүгіртсек, Уфа (Өфе)қаласы қазақ зиялылары білім алған рухани орталықтардың бірі екенін біле аламыз. Оның ішінде тағылым мен тәрбие ордасы болған Ғалия медресесі ХІХ-ХХ ғасырларда таңдаулы мұсылмандық жоғары діни оқу орындарының бірі ретінде айрықша аталады. Білім ордасы сол кездегі оқулық тапшылығына қарамастан жоғары деңгейде жабдықталып, үздік оқытушыларды қызметке алған. Бұнда дін сабақтарымен қатар, араб, парсы, түрік, орыс тілдері, шығыстану тарихы, химия, физика, математика, география сияқты көптеген жаратылыстану ғылымдары оқытылған. Медресенің негізін салған тұлға – белгілі түркі зиялысы Зия Қамали. Жалпы «Ғалия» медресесінің қазақ тарихындағы орны бөлек. Себебі мұнда Мағжан Жұмабайұлы, Бейімбет Майлин сынды алашшыл азаматтардан бастап І.Жомартбаев, Қ.Оразбаев, И.Тасболатов, Ш.Назаров, Ғ.Тоқшарбеков, Ғ.Қамзин, М.Оразбаев сияқты бірқатар азаматтар білім алып, қазақ қоғамын өркендетуге үлес қосқан. Сонымен қатар Ғалия медрсесі туралы айтқанда атақты «Садақ» журналын еске түсереміз. Бұл қазақ оқығандарының қажыры мен қайратының арқасында туған дүние еді. Тарихшы ғалымдар медресе тарихын зерттеп, бұнда білім алған қазақ зиялыларының еңбектерін әлі де мұқият зерделеуі тиіс деп ойлаймын. Сапар барысында Ғалияда білім алған қазақ жастарының тізімін көріп, таңғалып қайттым. Бұнда қазақ қыздары да білім алғаны мен үшін жаңалық болды. Ғалияда білім алған қазақ қыздары туралы еңбек жазылса артық болмас еді.

Башқұрт халық әдебиетінің қазақ әдебиетімен байланысы қандай?

Башқұрт халық әдебиеті мен қазақ әдебиетіннің байланысын анықтаудың маңызы зор. Өкінішке қарай бұл салада ғылыми еңбектердің саны аз. Болашақта ғалымдар, әдебиетшілер байыпты зерттеу жүргізссе, башқұрт пен қазақ әдебиетінің байланысы туралы том-том кітап шығаруға болады деп ойлаймын. Екі туысқан халықтың әдебиетінде Алтын Орда, Ноғай ордасы кезеңдерінен қалған батырлар мен билер туралы көптеген жыр-дастандар екі халыққа да ортақ. Мәселен, «Ақбоз ат», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Кусак бей», «Кунгур бұқа» секілді эпикалық жырлар башқұрт тарихының әр түрлі кезеңдерін бейнелейді. Жырлардың ортақ сюжеттеріне мән берсек, қазақта да башқұртта да ел-жер, ерлік, батырлық туралы әңгіме болады. Бұл түбі бір халықтырдың жақындығын, туыстығын айғақтай түседі. Сонымен қатар мақал-мәтелдер, даналық сөздердің үндестігі туралы айтқан жөн.

Қазақ, татар поэзиясы туралы айтқанда, қос елдің әдебиетіне елеулі із қалдырған Ақмолла ақын шығармашылығы ерекше атаған дұрыс. Оның шығармаларын Сәкен Сейфуллин 1935 жылы құрастырып шығарса, 1986 жылы ақын өлеңдері «Күндер мен түндер» деген атпен екінші рет қазақ тілінде басылды.

Башқұрттардың қазақ халқымен тарихи-мәдени байланысын растайтын еңбектердің бірі башқұрт әдебиетінің көрнекті өкілі М.Ғафуридің «Ақынның алтын кенінде» (1931) атты өмірбаяндық шығармасы. Бұл туындыда автор қазақ тұрмысын бейнелейді.

Башқұртстан жазушыларының шығармалары қазақ оқырмандарына да жақсы таныс. М. Кәрімнің «Ай тұтылған түн» пьесасы қазақ сахнасынан көп жыл бойы түскен жоқ. Р. Ниғмати, Х. Карим, Бикчентаев, К. Мерген, Р. Бикбаев, Р. Гарипов, Р. Сафин, Н. Мусин, т.б. қазіргі башқұрт әдебиетінің көрнекті өкілдері, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, т.б. көптеген қазақ шығармалары башқұрт тілінде жарық көрген.

Қос туысқан халықтың әдебиетінде зерттелетін құнды мұралар көп-ақ. Мәселен, Айтулы ақын С.Құдаштың қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерімен рухани байланысы туралы дүние бөлек зерттеудің қажет етеді.

Аға, сапарыңыздың барысында башқұрт халқының тұрмысымен де танысқан боларсыз. Бұл халықтың саз өнері, қолөнері қалай дамыған екен?

Әр елді, халықты басқалардан даралайтын мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері екені даусыз. Башқұрттар да оң саусағынан бал тамған өнер иелері екеніне көзім жетті. Әрине отаршылдықтың әсерінен башқұрттардың дәстүрлі ән-күй өнеріне қатысты мұралардың ұмтылып, жойлып кеткені байқалды. Себебі мұражайларда төл өнерлеріне қатысты құнды жәдігерлердің саны өте аз, саусақпен санарлық. Мұндағы жергілікті халықтың сөзі бойынша, қазан төңкерісіне дейінгі башқұрт музыкасы халық шығармалары негізінде дамыған екен. Олар ұзақ күй (лирикалық және эпикалық әндер), тақпақ (терме) болып екіге бөлінеді. Бұлардың әуеніне қарап түркі сарынын сезінуге болады. Башқұрттардың екі ұлттық аспабы бар: бірі – қурай (сыбызғы), бірі – қобыз (қазақтың шаңқобызы сияқты). Сыбызғының әуезді әуені адамды ерекше сезімге бөлейді. Қобызды көргенде екі туысқан халықтың рухани байланысына, туысқандығына шынайы түрде куә болдым. Қобыздың сарыны түркілердің ұлан-ғайыр даласы мен бабалардың құдірет-күшін, рухын көз алдыма келтірді. Башқұрттарда қобызды көбінесе, әйелдер мен балалар тартады екен. Башқұртстанның халықтық қолөнері қарапайым да, тартымды. Бас киім, сүлгі, киіз үй, сәндік бұйымдардағы өрнектер қазақ, қырғыз оюларына ұқсас. Бұйымдарды сәндеген ою-өрнектер төл тарих мен мәдеиеттін туыстығының белгісіндей болып көрінді.

Қазақ-башқұрт қарым-қатынасы, екі халықтың ортақ мүддесі туралы ой бөліссеңіз.

Бүгінгі таңда түркі әлеміне қатысты түрлі жиындар, кездесулер, ғылыми конференциялар жиі өткізілуде. Бұл шаралардың барлығы түбі бір халықтардың бірлігі мен байланысын нығайтуға бағытталып жатыр. Сыртқы және ішкі күштердің әсерінен кейбір түркі тілдес халықтардың жойлып кетуі де мүмкін. Алайда біздің міндетіміз бұны болдырмау деп ойлаймын. Себебі бұның салдары жеке ұлттың да түп тамыры мен тарихының жойылуына ықпал етеді. Осыны ескере отырып бауырлас халықтар бір-бірінен қолдау көрсетіп отыруы міндетті деген ұстанымдамын.

Қазақ пен башқұрттың қарым-қатынасын бағамдасақ, сапар барысында Башқұртстанның музейлері мен архивтерінде де қазақ халқының тарихына қатысты құнды деректер сақталғанына куә болдым. Ғасырлар бойы үзілмеген қазақ-башқұрт қарым-қатынастары қазіргі уақытта да жақсы жолға қойылып жатыр.

Қазіргі таңда да башқұр-қазақ байланысы нығайтудың мүмкіндігі зор. Әсіресе ғылым, әдебиет, мәдениет саласында зерттеуге ұсынылатын ортақ тақырыптар көп. Бұның барлығы бауырластықты күшейтеді, қарым-қатынасты арттыра түсетін игі шаралар. Болашақта бұл іс әлі де қолға алынуы тиіс деп ойлаймын.

Қазан университетінің ұлттық зиялылардың алғашқы кадрларын қалыптастыруда үлкен рөл атқарғаны белгілі. Осы университеттен түлеп ұшқан білімді жастар туралы аз-кем айта кетсеңіз.

Татарстанның Қазан қаласының біздің озық ойлы қазақ жастарының да білім ошағына айналғаны тарихтан белгілі. Қазіргі Федералдық университет аталатын бұл іргелі оқу орнының тарихы терең. Мұнда пролетариаттың ұлы көсемі В.Ленин, орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой білім алған. Мен барған тұста қабылдау емтихандарының қарбаласына сәйкес келгендіктен керек деректерді алуға мүмкіндік болмады.

Деректерден білетініміз, XIX ғасырдың 70-жылдарына дейін Қазан университетінде оқыған қазақтар бірлі-жарым болатын. 1863 жылы университет Жарғысының қабылдануына байланысты гимназияларда курс бітірген мұсылмандар Қазан университетіне түсу құқығын алды.

Осы кезенде жоғары медициналық білімі бар алғашқы қазақ дәрігерлері шықты. Олар негізінен Қазан, Саратов, Томск, Мәскеу университеттерінде, сондай-ақ Санкт-Петербургтің әскери-медицина академиясы мен университетіңде білім алды. Мәселен, 1868-1913 жылдарда Қазан университетінің медицина факультетін қазақтың 30 жас дәрігері бітіріп шыққан. Қазан университетінің медицина факультетін 1887 жылы бітірген алғашқы қазақтардың бірі – Мұхамеджан Қарабаев болатын.

1905 жылы Қазан университетінде медицина факультетін, Н.Ипмағамбетов Санкт-Петербург медицина академиясын 1911 жылы бітірді. Олар қазақ халқына медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруда көп іс тыңдырды, сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық өміріне белсене қатысты. Қазан университеті ұлттық зиялылардың алғашқы кадрларын қалыптастыруда зор рөл атқарғанын білесіз. Қазан мал дәрігерлік институтын қазақтар арасында алғашқы бітірушілер М.Ақтанов, Е.Құлпейісов, М. Жасмағамбетов, Ф.Иманбаевтар болды. Ә.Бөкейхан Санкт-Петербург Императорлық орман институтын 1894 жылы үздік бітіріп шықты. Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев, С.Лапин, М.Шоқаевтар Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірді. С. Жантөрин, ағайынды Ниязовтар, С. Нұралыханов және басқалар.С.-Петербург, Қазан, Томск, Мәскеу университеттерінің заң факультетінде оқып жоғары білім алды1902 жылы С. Аманжолов Верный гимназиясын бітіргеннен кейін Қазан университетінің заң факультетіне түсті

Жалпы, «Қазан» ұғымы – біздің халықта киелі саналады. Ол – бірлік пен берекенің белгісі. Екі халыққа да ортақ ұғым. Ерте кездегі жаугершілік тұсында мыңдаған батырлардың найзасының ұшын ерітіп қазан құйған деген аңыз да бар. Ал татарлардың аңызында Қазан қаласының шығу тарихында бір байдың арбасынан қазан түсіп қалған екен. Сол жерге қаланың негізі қаланыпты, атауы да содан қалған деген түсінік қалыптасқан. Қалай болғанда да екі елдің арасында достық, туыстық қарым -қатынас ғасырларға жалғасып келеді. Түркі халықтарының тұтастығы мен берекесі арта берсін!

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: мырзабай омар, әдебиет, #Сұхбат
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар