Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Күләш Ахметова. Жер сұлу - күзде...

14.09.2018 7976

Күләш Ахметова. Жер сұлу - күзде

Күләш Ахметова. Жер сұлу - күзде - adebiportal.kz

Күләш Ахметова – ақын, аудармашы, 1946 жылы дүниеге келген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

КӨК КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ

Көктем келіп көк гүлдерін санасаң,

Көтерілсе көк таулармен таласа ән.

Көлбей ұшқан көк бұлттарға қарасаң,

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Кешір, барлық сырымды да жоқ ашқам,

Жол да бөлек болған екен о бастан.

Мөп-мөлдір боп көзді тартса көк аспан,

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Торын құрып ой деген бір өрмекші,

Көз алдыңда көкшіл теңіз дөңбекшіп.

Көктеміңді есіңе алсаң сен де өксіп,

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Тым ертерек ойлаппыз ғой ұятты,

Сол үшін де кейін жасым жиі ақты.

Жеткізбеген көкжиегің сияқты

Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

ЖҮГІРЕТІН БІРЕУ БОЛСА ҚОЛ СОЗЫП

Кей кездері ортайғаным түк етпес,

Жап-жас болып қартайғаным түк етпес.

Менің жайнап жүруіме ішінен,

Бұл әлемде біреу болса тілектес.

Кей біреудің елемеуі түк етпес,

Мейірімге бөлемеуі түк етпес.

Аман болсын екі жұлдыз көктегі

Менің қиын бақытыма шын тілектес.

Қызғанбаймын тұстастарым шықса озып,

Түк етпес-ау көтерсем де қанша жүк.

Абайсызда жұрт ішінде сүрінсем

Жүгіретін біреу болса қол созып.

ШЫҒАРСЫҢ

Оңаша қаймығып, ән тыңдасын деген шығарсың.

Менен басқа өмірді де есіне алсын деген шығарсың,

Егіліп жыларсың да басыларсың деген шығарсың.

Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың,

Сүйетіні шын болса, іздеп келсін деген шығарсың.

Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың,

Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың.

Менің әлсіз жанымды күйретейін деген шығарсың,

Қаталдыққа осылай үйретейін деген шығарсың.

Бәрі де солай болды, жылаймын мен,

Ерісе деп ертерек мұз боп қалмаймын

Бәрі де солай болды, тек қана іздеп бармаймын

Мен - нәзік гүлмін, сен - құламайтын шынарсың,

Бірақ мен шыдағанда, оған сен шыдамайтын шығарсың!

***

Сіз осы шыныменен білмейсіз бе,

Кезігіп қала берем бірдей сізге?

Сіз жүретін жерлерде, әлде мені,

Адасып, не ерігіп жүр дейсіз бе?

Қағылуы махаббат қанатының,

Жаныңызға жабырқап баратыным.

Байқалмай ма сізге осы,

Қып-қызыл боп, қипақтап қалатыным.

Сізді ойламай көзімді әлі ілдіріп,

Көргенім жоқ, керек пе жалындыру?

Өртенемін жаныма жалын кіріп,

Әдейі үнсіз жүрсіз бе, бәрін біліп?..

Қара көзден қашсаңыз, несіне ерсіз,

Бір әдемі бақытқа кешігерсіз.

Қарап қалсам, өтесіз көрмегенсіп,

Оңбағансыз, не деген, кешірерсіз…

***

Жетпейтіндей бір нәрсе көркем ойға,

Ақындардың теңеуі келте, майда.

Беатриче бар, бірақ оның сұлу

Образын жасайтын Данте қайда?

Арулар бар, аз емес күшті ұлдар да,

Көзден ұшқан бағынған ұшқындарға.

Сұлу әйел сүрінген тасты сүйіп,

Өлмес өлең туғызған Пушкин бар ма?

Орын берді ойынан Жаһан оған,

Адам бар ма есімін атамаған.

Балқадиша кеткенде өлең жазған,

Бар ма бүгін баяғы Ақан ағам?!

Сол жігіттер жоқ бүгін сүйе алатын,

Сүйгені үшін өмірін қия алатын.

Қорланамын көргенде кей жігіттің

Қорландарға жасаған қиянатын!

АЗАН

Шам қаласы. Ояндым таң алдында.

Таң алдында бөленді санам нұрға.

Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!

Құдірет бары білінді маған мұнда.

Таң шапағын көруден артық бар ма?

Періштелер ұша ма қалқып таңда?

Алагеуім кез еді , елең-алаң,

Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.

Дұға деуге болады, тілек деуге.

Нүрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.

Ұлы әуез бе,

Әуеден жіберілген

Жан әлемін адамның реттеуге.

Қайдамын мен?

Қай мезгіл?

Нешік халім?

Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын.

Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым

Мейманхана жанында мешіт барын.

Сыры - терең. Сырты - саз. Сұсы - мықты,

Құдіретін құранның ішім ұқты.

Мешіттерге кірмеген мен жазғанға

Бола кетті мезетте түсінікті.

Таң намазы уағы-ау. Бұл әлі азан.

Қасиетті ай еді рамазан.

Құдай деген жердегі пенделерге

Құран жолы - ғұмырлық ғұлама заң.

Сүрелері аяттың жан баурады.

Рухымда, тәнімде таң лаулады.

Шам қаласы шам жаққан жүрегімде

Аллаға деген сенім мәңгі орнады!

Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!

АЙША БИБІ

Күмбезін көріп анамыз Айша бибінің,
Көзіме жас кеп, кеудеме толды күй бүгін.
Сақтай алмаппыз бастапқы таза қалпында
Хас шебердің қалдырған қымбат сыйлығын.


Өрнекке қар а өмірмен бүкіл өрілген,
Топырақ мықты екен ғой тіпті темірден.
Қымызға илеп, қыл қосып құйып, қыздырған
Қыштарды қатал уақыт қалай кемірген.


Жер сұлу - күзде.
Күздегі бұлттар тым кезбе.
Күздегі тірлік, күздегі көңіл мүлде өзге.
Бітпейтін мұң мен сағыныш, талант бірлігі
Биіктік берген, сұлулық берген күмбезге.


Жасайды даңққа бөленіп бөлек өрнектер,
Бас иер әлі қаншама ұрпақ, әулеттер.
Әйелдің атын қалдырды мәңгі,
өз атын
қалдырмай кеткен қарапайым бір сәулеткер.


Өткізді ме екен осында ол көктем, жазын да,
Өнер ғой майдай сазды дәл тауып қазу да.
Өнер ғой оны құю да...
Бірақ, шынында,
Өнердің нағыз көкесі анау жазуда!


Шеберлігі үшін таласпаймын да ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»
Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.


Өміршең өнер!
He деген мықты ең, шынайы ең!
Шынайылыққа табынар әлі құлай ел.
Өмірдің қысқа,
Өнердің ұзақ екенін
Ұрпақтарына ұқтырар мәңгі ұлы әйел.


Әйелдің әнін қорғауға әр кез даярмын,
Мәніне қара қайсыбір жырдың, қай әннің.
Айшаға күмбез орнатқан ел ғой, туғызған -
Бейнесін асыл Қыз Жібек пенен Баянның.


Күмбезге қарап тумайды қалай шалқыма,
Ерлік пе, әлде елімнің үлгі салты ма?..
Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің
Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар