Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Евгений Евтушенко. Бәрі – біздің бұрынғымыз ұққан...

17.09.2018 5291

Евгений Евтушенко. Бәрі – біздің бұрынғымыз ұққанға...

Евгений Евтушенко.  Бәрі – біздің бұрынғымыз ұққанға... - adebiportal.kz

Евгений Евтушенконың орыс әдебиетіндегі орны бөлек. Көп жасаған, көп жазған ақындардың бірі. Жақсы жазған ақындардың қатарынан. «Жақсы жазған» деген ұят, аз. Керемет жазған. «Көп жасау» деген өлеңінде: «Мен ешқашан Пушкиннің, Лермонтовтың, Есениннің, Маяковскийдің жасынан асамын деп күтпеп ем, / Мұншалық бақ маған дарып, сіңді ме екен сүтпенен» деп өзі айтқандай, құдай берген, тәңірдің ықыласы түскен ақын. Көп қырлы, даладай кең, жомарт дарын. «Өтеймін қалай бастағы бақты кенде қылмаған ешкімнен, Бәрінен бұрын көп жасағаным үшін, көп жасағаным үшін Пушкиннен?!» – деп, баладай арлы ақын сексеннен асқанында емес, баяғыда, тіпті жас шағында жазған.

Мен ешкім қинамай, тапсырмай, ұлы ақынның өзім көңілім ауған өлеңдерін аудардым.

Әбжан ӘБІЛТАЙ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Айтарыңды айта алмай, іштен тынған сол жаман,

Жарықшақтай еттегі көрінеді ол маған.

Шұқып алып тастауға тіпті де оны болмайды,

Тұншықтырып тастау ма?! Айта көрме ондайды!

Сарнайды кеп іштегі оқиғалар тұншыққан:

«Ұмыт қалып барамыз, құтқар мына қырсықтан!»

Қайталайды арызын қайта-қайта нығарлап:

«Шығар бізді жарыққа, шығар, шығар, шығарлап».

Қамаудағы қайғы-шер көмекейге кептеліп:

«Құмығумен өтті өмір, өксуменен шектеліп.

Ұстай берме бізді енді, тұсай берме шідерлеп,

Ұстай берме бізді енді, еркімізге жібер» – деп.

Қабырғаңды қаусатып, қоймайды бір иектеп:

«Іште – қапа, қарайып, бұзылдық» – деп ниет те.

Айтылмаған, ауыздан шықпаған жөн сөздер де

Шырылдайды: «Тірідей көмдің-ау,– деп – біздерді!»

Мінездер де мәрт кілең, қылықтар да ізгі өңді

Зар жылайды: «Тірідей қатырдың, – деп – біздерді!»

Ішке бүккен құпия сырлар менен күнәлар

Керілдесіп, керісіп, сөз алуға сұранар:

«Айтылмаған сырлардың бәрі де ұмыт болады,–

Ұмытылғанның бәрі де қайта орнына қонады».

Өкініш те бір жақтан өзегіңді өртейді:

«Өндір едім, енді өстім, маған ерік бер» дейді.

Жегідей жеп жаныңды, қапастағы уайым да

Қыңсылайды, қалайда тысқа шығу – ойында.

Қуаныш та көңілсіз бір бүйірден қадалып:

«Сезім біткен желге ұшып жатыр, – дейді, – тоналып.

Болсаң-дағы жүз жерден ақыл-ойға кенде емес,

Қуанышты жасыру жараспайды пендеге еш».

Сыбырлайды Нәзіктік құлағыңа ашынып:

«Аяғы ащы өмірдің болғанменен басы үміт.

Бір-біріңді аямай, аялаудың орнына

Жаман түгіл, жақсыны ұстайсыңдар жасырып.

Бір-біріңмен ұрсысып, қысыласың менен де,

Жасырғандар ауруын оңалмайды, дегенмен

Нәзіктіктің өзі де өлтіреді адамды

Тас қамауда тұқыртып, шығармасаң егер де...»

Тәубаға кел, келтір де кәлимаға тіліңді.

Сыйынуды баста сен, тым болмаса ырым ғыл.

Сұмдық түгіл, қашқандай нақақ пәле-жаладан,

Сұлулықтың өзінен қысыламыз, және оған

Жарға деген шынайы махабатты қосыңыз,

Елге деген... неге оны жасырамыз осы біз?!

Ал мен бірақ осының шындығына сенбеймін,

Олай болса, тәптіштеп дәлелдеуді жөн деймін, –

Тарқатпайтын шеріңді қорқақтықтың өзі де

Сүю менен сезімнің шөп салғандай көзіне...

БҰРЫНҒЫ

Мына менде тұрақты да тұғырлы қалыптасты бұрынғы.

Оған енді беру де кеш қандай да бір қол ұшын.

Қайтем енді, болғаны осы. Рахмет сол үшін.

Кафедемін. Ас мәзірін ақтарып,

Юрий Карловичті іздеймін айналама оқталып.

Арыстандай айбынды күдірейген жалымен

Отыр екен қай жерде? Көрсем, сірә, таныр ем...

Есім жидым: шынында, танғаным ба мен естен?

Ол өлгеннен бері де он жыл өтті емес пе?

...Көре-көре қазаны мұқалғандай қаламым.

Біреу өлсе мен де сәл есеңгіреп қаламын.

Мен өзімнен тірліктің тартқан мықтап әлегін

Бір бейкүнә баланың өлгендігін көремін.

Тым ақылды болмаса да, еті тірі еді оның.

Кейуананың сипалап еті қашқан саусағын,

Аруларды көремін қалжыраған, қаусаған.

Калининнің даңғылында жанарымды жасқаған

Еріксізден еске алам:

Қамсыз-мұңсыз күн кешкен

бозбала күнгі ермегім –

Қалтарыстар мен бұлтарыстардың өлгенін.

Абайсызда аузымыздан шыққанның

Бәрі – біздің бұрынғымыз, ұққанға.

Кез-келген от, темекіден тастаған –

Енді біздің бұрынғымыз. Қош, тамам.

Міне – бірі, таныстарға кенде емен.

«Қалайсың?» деп сұрап жатыр ол менен.

Бірақ менің бас көтеріп бұрынғым,

Көңілімнің лайлады тұнығын:

Жылдар жылжып, жүйткісе де жайдақ күн,

Сатқындығын ұмытпаппын бейбақтың.

Айқайлаймын жеткенімше дәрменім:

«Сатпа мені! Досым болып қал менің!»

Әйел міне, көзі-басы көгерген,

Қорқынышқа бой алдырған әуелден.

Бұрынғы артық бәрінен де өңгенің,

Сен де жақсы, мен де ол кезде оңды едім.

Мәз болушы ем кірпігіңнен қар еміп,

Әжімің жоқ, онда сен де әдемі...

Мұздан қорқып, биік өкше киіп ап,

Еліктей бір қалтыраушы ең кей уақ.

Енді міне уақыт пен кеңістікті көктей бір

«Қал» деп саған айқайлаймын,

дауысым бірақ жетпей тұр.

Жо-жоқ, жетті! Өзгереді бәрі енді!

Сатам деген дос та менің алмайды енді зәремді.

Кенет, міне, бүкіл елес шынға айналып, кафеге

Юрий Карлович кіріп келді ұқсап бір сәт әкеме.

Мен де – бала бір кездегі үзіп-жұлып жүрген бір,

Ешкім батып, бұл өмірден ажырата алмас іргемді.

КӨП ЖАСАУ

Мен ешқашан Пушкиннің,

Лермонтовтың,

Есениннің,

Маяковскийдің жасынан

асамын деп күтпеп ем,

Мұншалық бақ маған дарып, сіңді ме екен сүтпенен.

Маған дейінгі ақындар мүлдем баспаған –

алпыс төрт елге жол шектім.

Өркениетті халықтар, көне тайпалар маған

қол соғып, құрмет көрсетті.

Несін айтасың,

алтын айдарлы бақытты ұл мендей бола алсын,

Пушкиннің өзін шетелге тіпті

жібермеген ғой жолаушы.

Мен болсам қанша президенттермен,

мемхатшылармен тілдестім,

Тарихи кейбір жағдайға қарай

патшамен кеңес құруға мүмкіндік болмады мүлде ешбір.

Полежаевтың тағдыры менен

тағдырын алсақ Кольцовтың

Тағдырым менің толғанарлықтай,

таңқаларлықтай алшақ тым.

Жиырма жастағы Коля Отрада

оғынан өлді жауының,

Бағыма қарай мен тірі жүрмін,

бар екен көрер жарығым.

Спорт сарайын жаңғырықтырды үнім,

төралқаға да сайландым,

Мұндай құрметтен дұшпаным күйреп,

достарым да сырт айналды.

Даңқтан басым айналған емес,

ақынның адал сөзі бұл,

Осыған мені жеткізді аман

сезімім, сөзім, төзімім.

Қараңдар маған сын көзбен,

бірақ лайықты, шын құрметпен,

Қырыққа толған ақындар бізде – көп жасағандар.

Бұл – мектеп.

Өтеймін қалай бастағы бақты,

кенде қылмаған ешкімнен,

Бәрінен бұрын көп жасағаным үшін,

көп жасағаным үшін Пушкиннен?!

ЖЕТІСПЕУШІЛІК

Халықтың да жаны сірі. Менің де.

Біз көргенді көрмесін де енді ешкім.

Соғыс кезі. Қайғы-мұңға берілмей,

Бәрі-дағы жетпейтұғын елде өстім.

Тамақ сатқан палаткаға барғанда

Таңнан тұрып тітіркеніп, түршігіп:

«Жетпейді ғой жау жағадан алғанда»,–

Деп атамыз күбірлейтін күрсініп.

Бәрі тапшы, таптырмайды ілуге.

Ешкім де жоқ сарқып күшін аянған.

Жетті бірақ Берлинге ту тігуге

Қызыл мата қызыл қанға боялған.

Халық қазір молшылыққа малынды –

Ресейде ешкім де жоқ ашқұрсақ.

Бірақ менің қайнатады қанымды

Кезек күтіп тұрған жандар қасқырша.

Енді міне, апелсин бер, джерси бер,

Құлқын бәрін қылғытады талғамай.

Шаруақойлар соның бәрін менсінбей,

«Жетпейді!» деп зар жылайды, ол қалай?!

Артымызда үнсіз мылқау кеңістік,

Алдымызда боран бұрқап тұрса да,

Досымызға деген біздің ең ыстық

Пейілімізде шек жоқ бірақ мұншама.

Ар-намысқа кенде емеспіз қашаннан,

Жан жылуын қорек қылдық өзекке.

Мақтан ете қараймыз біз азаннан

Мавзолейге тұрған қалың кезекке.

Елім осы. Басқаның жоқ керегі.

Қасіретін тартып алға, қақсаман.

Дәл бұлайша сүймес едім мен оны

Қақпас болса тамағы тоқ, тас сараң.

Еліме арнап жазамын мен өлеңді.

Бармен базар. Барлық көптік етпейді.

Бәрі-дағы жетпейтұғын сол елді

Сүйемін деп айтуға тіл жетпейді.

* * *

Беделі бел жамырай ма, шулай ма,

Қарағайлар сықырлай ма желменен,

Қыбыр етпей, соны бағып, тыңдаймын.

Ажал жеткен күні, білем, мен де өлем.

Төбенің нақ су ағатын тұсында

Бір бала тұр, өзі де оңды, құсы да.

Қалмаса деп бір бәлеге ұшырап,

Тығылады жаным мұрным ұшына.

Өлгеннен соң қайта оралмас өлгендер,

Қаза жетер, қалмас одан қараң күн...

Өлгендердің орнына келгендер

Орнын бірақ толтыра алмас олардың.

Бұл өмірден үзілген жоқ үмітім,

Бекер таяқ жемеппін-ау, түсіндім.

Естегінің бәрін түгел ұмытып,

Ұмытқанның бәрін еске түсірдім.

Жастық маған қансонардай көрініп,

Томағасын сыпырдым сан құсымның.

Қанша сүйген болсам, қылша өмірім

Соншалықты ұзарарын түсіндім.

Сырын аңдап қанша жұрттың, заманның

Қиялымды шырқау шыңға ұшырдым.

Бақытты ылғи іздегеннен адамның

Шын бақытсыз болатынын түсіндім.

Бақ пен мансап бәрін кейін, кеш ұғып,

Бақыт ылғи бәріне үстірт қарайды.

Қайғы езіліп қарағаннан тесіліп,

Тереңірек көреді ол маңайды.

Бақыт жеңіл қарайды әркез уақытқа,

Бақыт үшін бәрі ғажап. Жат қайғы.

Сатқындықтың ұшығы бар бақытта,

Қайғы адамды ешқашан да сатпайды.

Бақытты боп көрдім мен де байқамай,

Құдай иіп, ол ұзаққа бармады.

Қол жетпеске ұмтылыппын, қалқам-ай,

Қандай жақсы соның болмай қалғаны!

Беу, адамдар, сендерге айтар әңгімем:

Бақытты іздеп әуре болма, қайт кейін.

Мен бақытты болдым қазір мәңгіге,

Сол бақытты іздемеймін өйткені.

Тіпті де өлмеу үшін... маған керегі

Ернімдегі қатып қалған беденің

Ептеп қана дәнін шертіп түсіріп,

Титтей ғана тыныс берсе... дер едім.

ЫЗА

Жақсылық жұдырықпен қатар жүруі керек.

М. Светлов (әңгіме арасында)

Басын шайқап жұрт маған,

әрлі-берлі тергейді:

«Жібісеңші...

Біртүрлі ызалысың сен...» – дейді.

Ақкөңіл ем, адал ем.

Созылмады ұзаққа.

Өмір мені өксітті,

басқа тепті мазақтап.

Аңқау бала күшіктей

аңғара алмай қатемді,

Ұрған сайын мен оған

тостым тағы шекемді.

Адалдықтың ақ жібін

мендегі әуел бастағы

Біреу келіп балтамен

бір-ақ шауып тастады!

Ыза, қыжыл туралы

айтайын мен әңгіме,

Қонақ болған кездегі

әңгімеден мәнді не?

Қанттың өзін шәшкеге

шімшуірмен тастап бір...

Әңгімені әу бастан әдемілеп бастап бер.

Тәрелкенің тап-тайпақ

ернеуінен шәй ішіп,

Зерікпеймін –

зерттеймін сізді іштей, майысып.

Отырамын,

әліптің артын бағып басынан

Ұсынғанда қолымды

тырнағымды жасырам...

Тағы да ыза туралы

бір хикая шертейін...

Жиналыстың алдында:

«Мұның бәрі еркелік,–

Дейді маған, – сен жассың,

өзіңді өзің жасытпа,

Жазуың жаз қайтесің,

дауласуға асықпа!» –

Алған беттен қайтпаймын!

Түсінсеңіз ал мәнін:

Жалғандыққа қас болу – қайырымдылық ол-дағы.

Абайлаңыз –

мен біраз ызалымын, ерегес

десең, көл ғып көз жасын

төгетұғын мен емес.

Бұрынғының бірі жоқ.

Көрсетеміз біз әлі.

Өмір де

өгей көрінбес

кездеріңде ызалы!

ҮШІНШІ ҚАР

С.Щипачевке

Терезеден көз салып ек, аулада

Қарауытып тұрды жөке ағашы.

«Қары түскір бұл жолы да жаумады-ау»,–

Деп өкіндік өзімізше бал ашып.

Жер де әп сәтте ақ көрпеге оранып,

Кешке қарай қар да жауды қарық қып.

Ойланғандай қайда барып қонарын

Қалбалақтап түсіп жатты жарықтық.

Ерке, назды танытқандай ол қылық,

Қиыршықтап, мың бұралып, төкті кеп.

Алақанға оны аялап қондырып,

Қайран қалдық: «Қайда ұшып кетті?» деп.

Бізді уатып, алдарқатты ол аз уақ:

«Нағыз қар да көп кешікпей жауады.

Қамықпаңдар – еріп кетем қазір-ақ,

Қорықпаңдар...» – осы болды жауабы.

Аптадан соң қар да жауды. Тұра тұр,

Жауғаның не – үйіп, төгіп тастады.

Көз көрмейтін боран соқты сұрапыл,

Бір ғаламат дүлей дауыл басталды.

Атағыңды аңыз қылып айтар кім,

Қайсарлығың қайтып елге еленбек?

Қасарысып бақты біраз, сойқанның

Нағыз өзі екендігін дәлелдеп.

Кім біледі қырына алды қай тәңір,

Кім біледі тап болғанын қандай күш,

Қолыңда еріп кетпегенмен әйтеуір

Аяқасты еріп жатты ол байғұс.

Бұл қызыққа көңіліміз көншімей,

Көкке қарап телмірдік біз тағы да.

Тәңір өзі жіберетін елшідей

Тағат қалмай күттік оны сағына.

Ойымызда ештеңе жоқ, бір күні,

Талмаусырап қыстың таңы атқанда,

Тысқа шықтық әлде ояу, ұйқылы,

Аппақ ұлпа, аппақ мамық жатты алда.

Бұрынғыдан ауыз күйген, біртіндеп,

Тағы да еріп кете ме деп күптіміз.

Өзі сондай ұяң әрі үлпілдек,

Өзіне-өзі нық сенімді, тып-тығыз.

Бар ғаламды аппақ нұрға малынта,

Барлығын да сұлулыққа тәнті ғып,

Жер-жаһанды жатты басып ақ ұлпа

Бір ерекше салтанатпен сән құрып.

Таң атқанша жауды ол мүлдем елемей,

Машиналар, пысқырынған аттарды.

Бұрынғыдай аяқасты ерімей,

Нығыздала түсті, әбден тапталды.

Жауды ақыры, келіп еді кезегі,

Қойны-қонышын қымтап алып қыс жатыр.

Ол сол еді. Соның нағыз өзі еді.

Күтіп едік. Келді міне. Түсті ақыр.

СЫПАЙЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Бір данышпан-жырынды

Мандельштамға кеп жүгінді:

«Іштері тар өңшең ит

Баспайды, – деп – жырымды».

Көрінгендей қас дұшпан,

Ашу қысып қасқаны

Данышпанды басқыштан

Домалатып тастады.

Қарайлатпай артына

Қалпағын да бір атты.

«Ал Иисус Христосты

Басып па?!» – деп сұрапты.

Құр қалғам жоқ үлестен,

Дей алмаймын сорлымын.

Бірақ Иисус Христке

Басылу да болды мұң.

«Шығарар ма ед жинағын?»

Осылайша ой түйдім –

Ескергенде Христос

Түзетуін Понтидың.

Жазсам-дағы ырғын жыр,

Неше атасын өлеңнің

Көтермеймін мұрнымды, –

Христостан төменмін.

* * *

Зиялылар салады әнін

ұры менен қарының,

Красная Пресня әндеріне

қосылмайды бәрібір.

Араққа да,

тіпті құрғақ шарапқа да буланып,

Шырқайды кеп сол раввин,

Мурка, Ента туралы.

Кәуап пенен май шұжыққа тойып алып,

сол кеште

Басады әнге дәрігер де,

артистка да, артист те.

Жазушылар Пахрада

саяжайда жатып ап,

Әндетеді геологтар,

атомшылар тағы да.

Әндетеді

бәрі бірге келіскендей, өңмеңдей,

Жоқ, болмаса бәрі содыр,

бәрі отырып келгендей.

...Мен әуелден,

жасөспірім шағымнан

Жек көремін даңғазасын ұрының –

Ешқашан да

емеспін мен жаңылған

Әуенінен

революция жырының.

Мен әрдайым

есептеспей ешкіммен

Айтам былай,

айтқам оны бұрын да:

Мен ырзамын

тұрса егер де естіліп

Сол бір сарын

менің жазған жырымда…

* * *

Мені сүйесіздер әлі. Бірақ бірден емес.

Мені сүйесіздер – ешкім білмек емес.

Мені сүйесіздер кенеттен дір етіп,

Құс кіріп кеткендей сенекке дүр етіп.

Мені сүйесіздер таза, лас болсам да,

Дертке шалдығып, жазылмас болсам да.

Мені сүйесіздер даңққа жеткенімде,

Біреулер иттей ғып сабап кеткенде де.

Мені сүйесіздер қартайған кезімде де,

Мені сүйесіздер өлгеннің өзінде де.

Мені сүйесіздер әлі. Қол алысалық.

Айрылмас жандардай боламыз әлі.

Мені сүйесіздер ме?! Ақылға қонбас.

Мені әлі жек көресіздер. Ол оңай болмас.

* * *

Ең бастысы – бәрін де

Қарсы алған дұрыс лайықты.

Тоқырау шалса дәуірді,

Дәуірдің өзі айыпты.

Жомартсыған пақырың

Басының ойлап пайдасын,

Ақырға байлап ақыры

Қаратып шөпке қоймасын.

Уақыттан тайқу – құлдиға

Құлау деп ойла, іс қамда.

Дайын бол дәйім, ылғи да

Одан да қиын-қыстауға.

Оңалмай қайта бүлінген,

Еңбегің кетсе бекерге,

Бір ауыз сөзбен жігерлен:

«Күн жаманы кетер» де.

* * *

Мен бір кезде нағыз тума ақынмен

Бірге тұрып, бірге дәм-тұз татып ем.

Өлеңдері басылмайтын онша көп.

Мен де ол кезде ел кезбеуші ем соншалық.

Соғыс, сірә, кіре ме екен түсіне,

Көп ашыла қоймаушы еді кісіге.

Жырдағыдай, өз жұмысын орындап,

Сол жағымда жататын ол қорылдап.

Оң жағымда тіреп маған иығын

Кульчицкий жатушы еді бұйығып.

Құшақтасып терезенің алдында

Майоров пен Коган ұйықтап, қалғуда.

Өлеңде де, жертөледе тұрғандай,

Тұру керек тұлданбай не бұлданбай.

Өлеңде де, бір-біріңе болысып,

Қиналғанда беру керек қол ұшын.

Содан бері маған әбден белгілі:

Ақынға жат көңілдің тар-кемдігі.

* * *

Жалғандықпен қоңсы қондым мен талай,

Бойтұмарым – берік сақтап – батаны,

Алақанда аяласам, қалқам-ай,

Онда ол тек – менің байтақ Отаным.

Өмір мәні түбі немен өлшенер,

Сірә, соның білдіңдер ме не екенін?

Онсыз өмір мүмкін емес болса егер,

Онда ол да – менің Атамекенім.

Бұл жалғанда бәрі – өмір сүргенше,

Бұйырғанды қаузап, дәмін татамын.

Бұл дүниеде мәңгі болса бір нәрсе,

Онда ол да – менің байтақ Отаным.

Үзіп-жұлып өмір сүрдім, қол байлап

Кедейшілік...бола қоймай дегенім.

Бірдеңе үшін өлсем егер мен бейбақ,

Онда да тек Отан үшін өлемін.

Мен кеткенмен, халқым аман, күн де есен,

Жерім торқа, жамылып ап жатамын.

Сонда мені есіне алар кім десең,

Ол да – менің, менің байтақ Отаным.

ВАГОН

Тұрды вагон әбден тозған,

Нелер сынды кешкен, көріп.

Босана алмай күлден, саздан

Тұрды жермен-жексен болып.

Адам кіріп, үйге айналды.

Жатырқады ол көпке дейін.

Жылынсын деп пеш те салды,

Шарпыды оның от көмейін.

Тұсқағазбен тұмшалады,

Терезесін гүлге бөлеп.

Жасаулады мұншама оны,

Орап үлде-бүлдеге кіл.

Тірлік қамын жегесін де,

Көріп жатты адам күнін.

Бәрін қылды, тек есіне

Түсірмеуге вагондығын.

Вагон бірақ пысқырынып,

Пойыз жүйткіп жатқан кезде

Ұйықтамады бастырылып,

Ілінбеді ұйқы көзге.

Барар жері, бағыты бір

Пойыздардың шарпып демі.

Шыңғырды олар шақырып кіл,

Әкетердей тартып тегі.

Қанша күш сап, ұмтылса да,

Жердің тартып зіл батпаны,

Жұлқынса да, бұлқынса да

Доңғалақтар міз бақпады.

Шатқал кезіп, әнге басып,

Желмен бірге желік қуған

Қайран күндер кетті қашып,

Өтті дәурен, өтті думан.

... Аттанбайды ол алып ұшып,

Қозғалмайды тап мешелдей.

Ал мешелдік соның үшін

Бұған келген нақ кеселдей.

ЖАРЫЛҚА, ҚҰДАЙ!

Бүкірейген белін жазып бүкірдің,

Зағиптардың қайтара гөр көз нұрын.

Мені Құдай қылмай-ақ қой (күпірмін),

Әркім бірақ өзі көрсін өз күнін.

Құр өтірік батырсынып, билікте

Былығудан сақта, құдай, сорлы етпе.

Ырыздық бер ешкімге де телміртпей,

Мұның өзі мүмкін болса, әлбетте.

Жендет емес, жасын етші сен мені

Тасынғанның тамағынан өтпейтін.

Қайыршы да, бай да қылма, пенде қыл

Басынғанның қоржынында кетпейтін.

Дау-жанжалда беріп маған әл-қуат,

Асқындырмай, жеңілдеу қыл жарамды.

Көп елдерге жолым түсір, ал бірақ

Туған елден ажыратпа арамды.

Елің қуып, ешқашан да артыңнан

Қарғап-сілеп, күл-топырақ шашпасын.

Жарың сені сол бір сүйген қалпынан

Айнымасын түскенде де басқа сын.

Тәңірі үнін танып сәби даусынан,

Көлгірлердің жағы семіп, үні өшсін.

Еркек емес, мейлі әйел кейпінде

Тірі пенде танып, тапсын Христі.

Алғыс алмай, қарғыс бізді ұрғандай

Бишара бір күйге түсіп, пенделер

Дүниеден түңілмей-ақ тұрғанда

Жанға медет, көңіліне тәуба бер.

Бер, тәңірім, бәрін, бәрін, бәрін бер,

Бәріне бер, көңіл, сірә, қалмасын...

Бер тәңірім, береріңнің бәрін бер,

Ал сол үшін түбі ұят болмасын.

ҚЫЗЫҚ ЖАҒДАЙ

Бірде мұндай қызық жағдай

Өтті менің басымнан.

Тойға келсем, шықпады ешкім

Маған есік ашуға.

Есікті де қағып көрдім, –

Ештеңе де болмады.

Телефон да шалып көрдім,

Үндемеді ол-дағы.

Не істемексің – ерік өзіңде,

Ренжідім налып мен.

Ал той өтті дер кезінде,

Ал той өтті байыппен.

Болатын іс болды, енді

Оны түзеу мүмкін бе?

Той күнінен жаңылысып,

Кешігіппін бір күнге.

Қызып алып көп бөрікті

Ағытыпты ән легін.

Қызанақ та көп болыпты,

Жеңсік асым ол менің.

Апельсиннен тау үйіліп,

Тілек айтып бас құда,

Есіне алмай мені бірі

Басқан біраз «Ащыға!»

Бұған дейін біз жемеген,

Балға бөккен қиярлар!

Бірақ мені іздемеген,

Келмейді деп ұйғарған.

Ал мен онда бармақшымын,

Ертеңіне төтелеп,

Телпегімнің ең жақсысын

Киіп алып шекеге.

Жабыққам жоқ бүгін тегі,

Жүріп келем батыл-ақ,

Сыңғыр қаққан үрімкенің

Он екісін сатып ап.

Міне, сондай батырмын деп,

Шіреніп, шырт түкіріп,

«Тойға бара жатырмын!» деп

Таныстарға күпініп.

Ал машина алға жөңкіп,

Мені көкке көтере,

Өтіп кеткен тойға сөйтіп

Жатыр мені әкеле!

* * *

Төсек міне, салынды,

Сен сөзіңнен жаңылдың.

Құлағыма сыбырлап:

«Тағы не?» деп жалындың...

Әсем ұстап басыңды,

Сілкіп қойып шашыңды,

Біз өкшеңді киіп ап,

Көше кезіп кей уақ...

Қулық ойнап көзіңде,

Аздап зіл бар сөзіңде,

Менің жөнім басқа деп,

Басқаменен қоспа деп,

Қыр көрсетіп кетесің,

Оныменен не етесің?

Бұл неғылған келісің?

Кешегісің – мен үшін.

Біз кездескен кеш те жоқ,

Кекілің де есте жоқ.

Қалай бұған көнесің,

Қалай бұған сенесің:

Ашына да, дос та емен,

Бүгін болдым басқамен.

«Болады, – деп, – енді не?»

Айтты ол да әңгіме.

СИМБИРСКІДЕГІ ЖӘРМЕҢКЕ

Той! Жәрмеңке!

Симбирскіде қан базар.

Ақшаң бар ма қалтаңда?!

Ақшаң болса, ал, таңда!

Шарманкалар шуылдап,

Шәлі біткен суылдап,

Тауарларын тізбелеп.

Тамақ біткен қарлығып,

Базардағы барлығы:

«Бізге! Бізге!Бізге!» – деп.

Пірказшіктер қолдарында

Қамқа, бұлғын көз арбап,

«Балық құйрық» қолғап киген

Приставтар қожаңдап,

Бірақ та сол «балық құйрық»

Дұрыс па, әлде қате ме,

Жиі-жиі барып қалып,

Барып қалып шекеге,

Кісідей-ақ нақ зиялы

Қаздияды ұдайы,

Қастарынан өткен кезде

Уылдырық құдайы.

Ал құдайдың қолтығында

Бір шүйкебас ынтыға

Қарайды кеп уылдырық

Құдайының мұртына.

Ұнайды оған сәл іркіліп,

Тартса болды сәл тізгін,

Қақ жарылып жол бергені

Құлақшынның, картуздың.

Ал жаршылар жар салады

Бар даусымен: «Алың! Ал!»

Күдері де, былғары да,

Не қажеттің бәрі бар.

Дүрия, қамқа, атлас па –

Дұрыс таңдап, танып ал.

Бұзылған ет, Салиас та,

Ащы квас – бәрі бар.

...Самагонға сылқиып ап,

Сорлы қатын билейді.

Кейде басын сілкіп алып,

Зорға аяғын сүйрейді.

Әуелете әндетеді

Әуенімен сырнайдың.

Кейде етегін сәл көтеріп,

Созып мойнын ырғайды.

«Окада да болғамын,

Дәмін татқам алманың –

Былай алтын жамылған,

Көз жасына малынған.

Камада да қаңғырғам,

Қазанды да алдырғам.

Камаға сен жолама,

Көз жасы көл Камада.

Бардым сосын Жайыққа,

Отырдым мен қайыққа.

Жоғары да өрледім,

Төменге де сермедім,

Көз жасынан басқаны

Онда да мен көрмедім.

Болдым сосын Донда да,

Үй салдырдым онда да.

Не көрмеген өз басым,

Тиылмады көз жасым».

Қатын мойнын ырғайды кеп,

Дөңгелейді дүние.

Сұңқылдайды сырнай да үдеп,

Желік беріп биіне.

Сыртқа лықсып іштегі шер,

Жастық шағы ойға кеп.

Іш, Россия, ішкеніңше,

Діліңді ішіп қойма тек!

Той! Жәрмеңке! Жақын кел де,

Қыздыр оны бас болып!

Ал бір қатын жатыр жерде

Шаңға бөгіп, мас болып.

Патша ағзам отыр төрде

Падишасып, паңданып.

Ал мас қатын жатыр жерде

Батпаққа аунап, шаң қауып.

Жоспарынан бас көтермей,

Министрлер алданып...

Ал мас қатын жатыр жерде

Батпаққа аунап, шаң қауып.

Әлдекімге нән ескерткіш

Қоюға ел қамданып...

Ал мас қатын жатыр жерде

Батпаққа аунап, шаң қауып.

Мещанкалар кірпіктерін түсіріп,

«Бетім-ай!» деп өтіп жатыр қысылып.

Қамбашы да өте беріп қасынан:

«Жатыр міне... Кім кінәлі осыған?

Мұндай бәле студенттен келеді,

Жоқ, әйтпесе, еврейдің әлегі».

Мол қалпағын ысырып сәл маңдайға,

Философ та көрген жайын толғауда:

«Жұртым менің, түскеннен соң басыңа –

Барар жерің осы да».

...Демек, өмір осыншалық опасыз,

Өмір емес, түрме-ді.

Кенет біреу қолтығынан көтеріп,

Қатынға кеп: «Тұр!» деді.

Той! Жәрмеңке!

Жарымайсың ән тыңдап,

Құлақ тұнып

ысқырық пен айқайдан,

Қатын біткен

ана қаздай қаңқылдап:

«Жап-жас бала қатынменен...

Әй, қайдам!»...

Жұртты елемей таңырқаған, таң қалған,

Қолтығынан демейді оны бозбала.

«Айналайын,

жарылқасын алдыңнан,

Өзім жетем, аялдайын аз ғана».

Ол барады Волга бойын жағалай,

Жел қағады тотықтырып түр-өңін.

Әйел байғұс сәбиіндей аялап,

Күбір-күбір шоқындырып тұр оны.

Қыр соңынан қалмайды оның екі елі

Охранка.

Маңайды ұзақ кезеді.

Ресейде кім қауіпті екенін

Айтшы, бірақ қалайша ол сезеді?!

Охранка, айналайын, тыңдашы,

Білесің бе, жерге таптап халықты

Жатқан кезде кетпесе егер кім қашып,

Кім бұрылып, –

Қашанда сол қауіпті!

Ыңыранып, дөңбекшиді Волга-ана.

Қасіреті жанын үңгіп шыдатпай,

Ақ қайыңдар жерден қолын созады,

Қараңғыда қалтылдаған шырақтай.

Той! Жәрмеңке! Ресейде жәрмеңке.

Ұят та, ар да, адамдар да салынады саудаға.

Ақықты да жақұт дейді,

Шалапты да қатық дейді,

Бітер сөйтіп дау-дамай.

Сені, Россия,

Кабактарда алдап-арбап,

Салды талан-таражға.

Соның бәрі болып ақымақ,

Жолда қалмақ.

Ол аз ба?!

Сені, Россия,

айналдырды әбден,

Құл болуға тым кеш мүлде!

Аяққа басып таптай алмайды,

Разиннің елін,

Пушкиннің елін,

Герценнің елін ешкім де!

Жоқ, Россия,

Мас қатынға теңемеймін мен сені,

Сен қашаннан қабырғалы

Елсің ерен, еңселі.

Құласаң да тұрасың сен

қолыңменен жер тіреп,

Қиналсаң да көз жасыңды

көрсетпейсің теңселіп!

Той! Жәрмеңке Ресейде!

Мәз бол, ал!

Жәннат дерсің,

Көздің жасы көл, мейлі.

Тағы келіп сол баяғы бозбала,

Қолтығынан демейді де:

«Тұр!» дейді.

Аударған: Әбжан ӘБІЛТАЙ



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар