Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Төлеген Мұқаев: Талпыныс таңдары...

25.09.2018 5688

Төлеген Мұқаев: Талпыныс таңдары

Төлеген Мұқаев: Талпыныс таңдары - adebiportal.kz

«...Болмайды дейді шын жүйріктерде

Мәреге жетпей алқыну деген».

Төлеген Тұрсынбайұлы Мұқаев 1949 жылы 3-наурыз күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі Ж.Аймауытов ауылында дүниеге келген. Сәби шағында ата-анасы С.Торайғыров ауылына қоныс аударып, осы ауылда ес білді, мектеп табалдырығын аттады.

1967 жылы Торайғыров мектебін «Алтын медальмен» бітірді. 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. 1973-75 жылдары аралығында аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде қызмет істеді. Қалижан Бекхожиннің 1986 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» атты ғұмырнамалық кітабындағы «Атақты ақынның атамекен жерінде» атты естелік мақаласында, совхоз директоры Қабиден Әубәкіровтың айтуымен мынандай дерек келтіріледі: «...Ревалюция жылдарында Колчак сойқандарынан қуғын-сүргін көрген атақты Сәкен Сейфуллин нағашысы Мұқайды іздеп осы маңда болыпты деседі... Сол Сәкеннің нағашысы Мұқайдың немересі Төлеген Мұқаев ҚазГУ-дің филология факультетін бітірді, өлең жазып жүрген жас ақын, қазір Баянауылдың аудандық газетінде қызмет атқарады...»

Баянауылда аз ғана уақыт жұмыс жасаған ақын, 1975 жылы Алматыда «Жалын» баспасы құрылып, алғашқы редакторы Қ.Ыдырысовтың шақыртуымен сонда қызметке ауысты.

1977 жылы «Жалын» баспасынан Жүсіп Қыдыровтың редакторлығымен «Тұңғыш кітабы» жарық көрді. Ал, 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Айдын шалқар» ұжымдық жинағына «Тулайды жүрек» атты өлеңдер топтамасы енді.

1992 жылы алты айға жуық Қарағанды қаласында «тұрақтаған». Ел жақпен соңғы рет 1992-93 жылдары хабар алмасқан ақын, сол жылдан із-түзсіз жоғалып кетті.

Алматы қаласында тұратын қарындасының үйіне барлық қолжазбаларын, жоспарлап қойған кітабын жинақтап қояды. Өзім барып алып кетемін, - дейді. Ол үй қазіргі Райымбек батыр мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында болатын. Біраз уақытқа үйінен шығып, қонаққа кеткен қарындасы қайтып оралса, үйіне ұры түсіпті. Астаң-кестеңі шыққан үйде Төлеген жинастырып кеткен жәшік жоқ болып шығады.

ШІЛДЕДЕ

Қанша гүлі шөліркеп, қанша бағы,

Қырдың жатыр кеберсіп еріндері,

Бала-дала еріксіз тамсанады.

Төбесінен тесіліп күн қуырған

Қалың орман қойнына аптап еніп,

Тұрып алды желінін қақтап еміп.

Жел де осынау азапқа төзбеді ме:

Құйындатып, уыстап шашады кеп

Өз тозаңын даланың өз бетіне.

Сәби дала жаутаңдап аспанына,

Күттірмеші дегендей енді мені,

Көздері боп көлдері телміреді.

Қағып сонда көк жүзі қоңырауын,

Қанжар болып жарқ етіп найзағайы,

Тіліп-тіліп жіберді омырауын:

Аспан-ана шығарып бұлт- емшегін,

Ақ уызын бойынан лек-лек үзіп,

Нәр тілеген бөбегін жатты емізіп...

***

Көрген едім мен бірде...

Қатыгез оқ қыран құсты

Кеткен еді жаралап.

Көз алдында шыр айналды бар алап:

Ақтық күшін жинап ап,

Отты көзбен шолыа жер, көк арасын,

Биігінен төмен қарай сорғалап,

Біржолата жоғалтқан-ды қарасын.

Өлер сәтті шырқап өрлік ғазалын,

Тездеткен-ді ажалын ­­­–

Жер бетінде көрмейін де

Мүсіркеудің азабын...

Тас жүрек бұл заманда

Мүсіркеудің қажеті жоқ маған да!

Өлеңімнен өрттей жанып батты күн,

Өлеңіммен рухтанып таң атты.

Өлең барда өмірде

Жүрегім де қыран құстай қанатты.

Бұл жүрегім қос қанатты қырандай,

Әлі бітіп биігінде тұра алмай,

Тіршілікпен қош айтысса – сөзім жоқ!

Қыран құстай қара жерге

Құлап кетем өзім кеп:

Болмауы үшін аянышты ажалым,

Көрмеу үшін мүсіркеудің азабын!...

***

Бейнетке мен торықпаймын,

Азапқа да жүгінбен.

Ажалдан да қорықпаймын

Өз басыма үңілген.

Жетеді-ау деп өз түбіме,

Қорқыныш жоқ маза алған.

Қорқамын тек, көз тіріде

Арға төнген ажалдан.

***

Сенімді ақтағайсың,

Есіңде сақтағайсың:

Шыр етіп туғаныңда

Арманға арыз жаздың,

Өмірді қарызға алдың...

Ойларсың, қамығарсың!

Шарларсың, сабыларсың...

Күндердің алыс кеткен

Жеткізбей көші мүлдем,

Өткенге өкінумен,

Қара жер жамыларсың.

Тағдырдың сом білегі

Ырқына көндіреді.

Сен болсаң жүрсің әлі

Солқылдап тал шыбықтай,

Тірліктің парқын ұқпай.

...Арбаса медетті күн,

Ертеңін елепті кім!

Шықпайтын тұғырларға

Жүрсің-ау шығып талай.

Әйтеуір ұмытпағай:

Қарызға алғаныңды

Қайтару керектігін.

АТАМНЫҢ ЭЛЛЕГИЯСЫ

Кімге өмір тосып ылғи арай алдан,

Кімдердің көңіліне қарай алған!

Үзіліп қалып еді талай үміт,

Жеткізбей кетіп еді-ау талай арман.

Біз тартқан ашылмады көп есіктер,

(Тағдырмен мықты болсаң егесіп көр).

Гүл ме деп құшқанымыз – шөп әншейін,

Тау ма деп шыққанымыз – төбешіктер.

Қиындық өзін бізге танытты анық,

Сонда да сабырды біз сарықпадық,

Құшаққа күліп еніп тәтті күндер

Тастар деп мойнымыздан қамытты алып.

Неліктен аз болды деп несібеміз,

Тағдырға күйінеміз несіне біз,

Біріне барар жердің бұрын жетсек,

Есесіне – бірінен кешігеміз...

Кімге өмір тосып ылғи арай алдан,

Кімдердің көңіліне қарай алған.

Күйдірді күні кеше талай үміт,

...Ескірді бүгіндері талай арман!

ТАЛПЫНЫС ТАҢДАРЫ

Демейін озып алысқа кетем,

Қайткенде жұрттан қалыспай өтем!

Қарап отырсам тіршілік мына

Жүйріктері көп жарыстай екен.

Шабандоздардың жаныма қатты

Шапқанда қалған шаңдағы батты.

Шапқанда мен де шаң тастайын деп,

Талпынуменен таңдарым атты.

Таң атқан сайын талпынуменен,

Жырымнан жаңа жарқылды көрем.

Болмайды дейді шын жүйріктерде

Мәреге жетпей алқыну деген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар