Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Талапбек Тынысбекұлы: "Тұлпар тағдыр тауысады тағатымды"

12.06.2015 456

Талапбек Тынысбекұлы: "Тұлпар тағдыр тауысады тағатымды"

                 

                           

 



11428544_1447079035593795_651283638_n.jpg




Аңсау

 

 

Көгеннен қозы ағытар, желіден құлын,

Төрт түлігінің оқыған көзінен мұңын,

Құтпаны келер өрістен өзінен бұрын,

Қарт шопан көрсем қайғысын сезінем бүгін.

 

Құрақтан сыбдыр естіліп, бұлақтан сыңғыр,

Жұбатқан жылдар жаныңнан сынаптай сырғыр...

Есіме алсам егілтіп жылатқан құрғыр,

Жұмақтай дәурен екен ғой, ұзатқан бұл бір....

 

Еншімді алған сан ғасыр ен жайлағанда,

Төлдеулік қайда? Күтеулік, Төржайлау қайда?

Жетелегенмен жанымды армандар айға,

Сол күнге зар боп қалдым-ау сор қайнағанда.

 

Құрт ұрламайды өреден, құтыңда азайды,

Қойшыда келмес босаға сықырламайды.

Қарағай, қайың мосыда шытырламайды,

Тұманды таусыз қолқаны түтін қамайды.

 

Атан қомында өсекемін, асау жалында,

Осы-ау барымда сол шақтар, осы ау бағым да.

Тосам жауынға жонымды, тосам дауылға,

Бөрілі қаным тулайды қашан қанымда?

 

 


Келіспесе көңілдің күйі кейде

 



Кінә тағып жүреміз дүйім елге.

Бірі төрге сүйрелеп бірі көрге,

Сүйінем де қоямын күйінем де.

 

Алақанмен тосқандай жүзін күннің,

Жаба тоқып жасырам мінін кімнің?

Әләуләйі әлдилеп бүгінгінің,

Сөзін айтам сандырақ бұрынғының.

 

Жылау көрген кезім көп, шыдам жеңген,

Шежіресін шертеді жырау кеудем.

Өтіп жатқан өмір ай бұғаулаумен,

Жауабы жоқ зымырып сұраулармен.

 

Жуындыңды аңдыйды ел, жырындыңды,

Сырың кімді толқытар, жырың кімді?!

Үйім гүлді болғанмен, миым мұңлы,

Ғұмыр құнды болмады-ау, тиын ғұрлы!!!!

 

 

 

****                                


 

Күлтелі күрең кісінемейді

Үкілемейді жұрт оны.

Шағыр арманым тісін егейді,

Түсіме енеді жылқы елі.

 

Бесімде міндім бекініп ерге,

Асаудың жалы жастығым.

Есімде бәрі осы күндері,

Ат жалын тарту жақсы ырым.

 

Қыз қуар, көкпар, бәйгеден,

Әй, менен ешкім озбады.

Төрімдегі әбзел сәндеген,

Көңілдің шерін қозғады.

 

 

Жалғаннан бүгін жылқы ығысады,

Қамыс құлағын қайшылап.

Балақтың шаңы басыма ұшады,

Сауырдан терім тамшылап.

 

 

 

 

Ескіжұрт

 

 


Үһілесем үн қосқан ырғайлы шың,

Жыр қайғысын ақынның тыңдаймысың?.

Сағынышым санамда ұлғайды шын,

Ақ бөркіңді алыстан бұлғаймысың?.

 

Жұпар лебі жұбытып аршылы қыр,

Алқабыңда адасып қанша әнім жүр?.

Жете алмадым, шаршадым, аңсадым құр,

Жұрт ойды екен жоныңнан қай сағынғыр?!

 

Тәңірімнен енші алған төсін еміп,

Егілтесің ескіжұрт есіме еніп.

Кербестіге мінетін кекіл өріп,

Кербез күннің кетсемші көшіне еріп.

 

Жақпарыңды жаңғыртып тошалалы,

Қайда қалды қалқаның қосар әні?.

Жылдарымның жетелеп жоталары,

Жаңбырың ғой жанымның босағаны.

 

Күй жылатты көңлімді ән жұбатпай,

Сезілуші ең серіңе мәңгі бақтай.

Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи,

Атағашын айналған арғымақтай.

 

 

 

****

 


Егілмедім,

Еңсемді мұң басқанда,

Согілмедім,

Сорым қайнап сасқанда.

Төгілмедім,

Толқынданып тасқанда,

Көмілмедім,

Кенерімнен асқанда.

 

Берілмедім,

Беделіне мешелдің,

Көзін көрдім

Көкек милы көсемнің.

Безінгенім

Бес күнімнен бекер мұң,

Езілгенім

Ертеңі ғой, осы елдің.

 

Керімдерің

Жаба алмаса көркемін,

Өрімдерің

Жая алмаса өркенін.

Келіндерің

Келіспесе ел сенің,

Көз ілгені

Ертеңің.

 

 

 

Қоңылтақсу

 



Жанымда отырғанда жарым, балам,

Мен неге алақызып жарымдалам?.

Әлдебір жоғым бар ау табылмаған,

Әлдебір еншім бар ау алынбаған?!

 

Қарадай қоңылтақсып құлазыдым,

Қаңырап қара қосым, құба дүзім.

Адастым әуенінен бір әнімнің,

Құрышын кім қандырар құлағымның?.

 

Асан кешкен өмір бұл, Қорқыт қашқан,

Жерортаға келіппіз онша ұқпастан...

Сәттерімде ұйқымды талтүсте ашқан,

Жосылады жолдарым жортып басқан...

 

Көптен бері жүргені көңіл масаң,

Мойында екен бар қамыт мойындасаң.

Өткелегі өмірдің жолымда сан,

Түгенделер екен бір жоғым қашан?.

 



****      

 



Мен көрдім дүние деген иттің көтін.

 

Абай Құнанбайұлы

 


Інім,

Сені ертіп әкелдім қалаға,

Сенер түк жоқ мұнда серігің.

Көнертіп көңілін налаға,

Кезертіп қалды ағаң ерінін.

 

Інім,

Тынысың басталар осында,

Күн үшін кімдер мұң көрмеген.

Ырысын досың да, қасың да,

Құрысын,

 біз үшін бермеген.

 

Інім,

Сырды ұғар жоқ мұнда ел, көршің,

Құрбылар қайдасың кел дейсің.

Жыр қылар жусанға шөлдейсің,

Қыз қуар, көкбарды көрмейсің.

 

Інім,

Тағдырың терідей илейді,

Ән –жырың ауылға сүйрейді.

Жол биін моторлар билейді,

Тор құлын тақымға тимейді.

 

Інім,

Атандың қаланың тұрғыны,

Атаңның жұртынан өтпейді.

Қотандық қарбыздың жүздігі,

Апаңның құртына жетпейді.

 

Інім,

Несіне қалаға қызықтың,

Есіңе салады-ау үзік мұң.

Жан аға-ау,

 демегін ұміттың,

Далама үміт мың, үзітпін,

Қаладан үріктім. Інім.

 

Інім ,

Өкінбе осыған шүкірлік,

Есіңе ертеңді түсір де ұқ.

Бетінде біз жүрген бұ тірлік,

Көтінде боғы бар, түкірдік. Інім!

 

          

 

 

Жылқы жыным буады


 

Әке,

Көп болды кер жорғаңды мінбегелі,

Жылқы жыным буады күнде мені.

«Тақымынан тай кетпес жүрдек еді»

Деп ауылым сыртымнан күндер еді.

Жылдардың жаңылдырды сүрдегі оны,

Олда бір еске алатын күндер еді.

 

Қосар атын жетелеп жолға шығар,

Ел сүйінген ауыл ек жорғасы бар.

Ат пен ерін алашым жолда сынар,

Мен ержетер кезіме болды асығар...

 

Жалында ойнап жетілдім жүйрігіңнің,

Сыбағамнан алғам – ау сыйды бұрын.

Бұрысы жоқ құдайдың бұйрығының,

Бұйырмады дәл бүгін бір құлының.

 

Жаяу қалдым тентіреп, қала шулы,

Бәлкім бабам мұныма әлі ашулы.

Атсыз қазақ бақсыз деп аласұрды,

Арғымағын тағы да таң асырды.

Елес құшып қарсы алдым қара түнді,

Тұлпар тағдыр таусады тағатымды.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар