Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Анар Қабылқақ. Қанат – менің досым...

02.10.2018 4107

Анар Қабылқақ. Қанат – менің досым

Анар Қабылқақ. Қанат – менің досым - adebiportal.kz

Сыншы да – оқырман. Қанаттың «Бабай-бүркіт» әңгімесін алдымен сын көзімен оқып шыққаннан кейін, артынан оқырман ретінде хабарласып, пікір білдірген едім. Содан кейін арадан хабар үзілген емес. Өзін осыншама «өкшелегендегі» оқырман үмітін автор түйсік-көңілмен түсінер ме екен?!

Ойын қызған сайын, талап қатая береді.

Қанат – менің досым. Мен одан алдын-ала «қай шығармаң туралы жазайын?» - деп сұрадым. «Аққорадағы жаңғырыққа» оның өзі ықылас танытты.

Шаблон және стереотип. Шаблон мен стереотиптен біз қанша қашсақ та құтылмақ емеспіз. Бұлар бізге ертеректегі ауыз әдебиеті, мифология, классикалық әдебиет, т.б. бағыттағы озық үлгілермен келіп, ә дегеннен жын тәрізді бойға орнығып алады. Содан кейін жазасың, жазған сайын қаншама қуат-күшіңді түгесіп, жаңағылармен арпалысуың керек. Жеңсең ғана – шын мықты, шын талантсың. Сонда ғана әлемдік әдебиеттің биігі – сенікі.

«Аққорадағы жаңғырық» әңгімесінде автор екі нәрсені көрсеткісі келеді: бірі – қазақ тарихында болған қанды оқиғалардың соның бір үзігін – жаңғырығы табиғаттың өз жадына өшпестей жазылып қалған ауыр трагедия, екіншісі – «біз – тіріміз, бірақ сұйылып барамыз», - деген мәселе.

Әңгімедегі шаблон: таудағы мал баққан қараша үйге қаладан жазушы жігіттің келуі. Қариядан баба тарихын тыңдағысы келеді. Мұндай дайын шаблондар бар.

Тоқсаннан асқан қырсық шал мен оның немересі – қоңырқай ғана шаруа адамы; жұп-жуас, момын келіні һәм жалғыз ғана кішірек шөбересі сынды кейіпкер бейнелерінен стереотипті тап басып тануға болады. Яғни, бұрыннан таныс образдарды белгілі бір деталдар тұтастығы жасап шығарып отыр.

Әңгіме жұмбақ, тылсым сырлы диалогтан басталады.

Анау бір аңыздағы сұңғыла баланың: «Ата, таудың басына қар түскелі қанша болды?», - деп, серіктерін айран-асыр қалдыратыны сияқты. Артынан онысы қарияның шашына қашаннан бері ақ түскенін сұрағаны болып шығып, жұмбақтың сыры шешілетін. Әңгіме экспозициясындағы диалог мүлдем жаман емес, тағылымды, сонымен қатар, оқырман қызығушылығын шақыра алатын қуаты бар екендігін айта кету керек. Алайда, бұл да – стереотип.

Бас кейіпкер. Тоқсаннан асқан Төлеш шалмен ә дегеннен тіл табыса алмаған жазушы жігіт өзінің ә дегеннен қарияға неге ұнамағанын түсіне алмайды. Алайда, «соқа басың салт келдің» деп, қырсығып қалған шалдікі дұрыс-ау. Қала – туған-туыс, бала-шағадан біржола бас тартқызып, құйрық-жалыңды күзеп, жадыңды өшіріп, ит жетектеп қалған ақырыңды көруді армандайтын иірім. Өркениеттің адамзат баласын қайда апарып тірейтінін әлі ешкім де білмейді.

Сөйтіп, отбасы шежіресін тани түсуге құмартқан бас кейіпкер мен қырсық шалдың жолы Аққорада түйісті. Аққора – тарихтан талай сыр жасырған тылсым мекен. Кейіпкер бабасының тарихи трагедиялық оқиғасын қарияның аузынан естіп қана қоймай, сол түні орын алған мистикалық құбылысты өз көзімен көреді. Оқтаулы мылтықты жұлып алып қасқырдың аузынан елес-әйелді құтқарам деуі, кейіпкердің – постмодернистік адамның бойында әлі де қайсар рух дәнегінің қалғандығын аңғартады.

Қимыл дари келе, қырсық шал бейнесі стереотиптен өсіп шығып, кесектене түседі. Бұл да жазушылық шеберлік. Сол сияқты, оқиға барысында автор бас кейіпкерін оның әр-түрлі әрекеті арқылы өсіре береді. Бұл ішкі сюжеттен – кейіпкердің жан-дүниесіндегі өзгеріс, арпалыстан бір көрінсе, сыртқы сюжеттен – кейіпкердің айналасында болып жатқан тартысты нәрселердің жүйелі сабақтасуынан тағы көрінеді.

Мистика жанры туралы түйінді сөз. Қазіргі заман прозасынан жаңа тенденция – фэнтези жанрының ұлттық бағыты қалыптаса бастағаны білінеді. Біз бұл тақырыпты алдағы уақытта аша түсетін боламыз.

Қанаттың «Аққорадағы жаңғырық» әңгімесіне де сыры терең, құпия-тылсым оқиға арқау болған. Қарағай басына кенеттен шөкім бұлт үйіріліп, ауа-райының күрт суытуы, сол түні қалалық жігіттің төбе құйқаңды шымырлатар үрейлі оқиғаға куә болуы – жазушы қаламынан әсерлі шыққан.

Сөйтсе де, дәл осы шығармасында Қанат Әбілқайыр өз потенциалын толық пайдаланбаған деп ойлаймын.

Егер кейіпкер қазіргі қала адамының жинақталып, дараланған образы болғанда ғой. Оның тауға келудегі мақсаты дерек алып қана кету емес, мысалы, анау тылсым қарағайдың түбінде бабасы тығып кеткен қазынаны алу болса ше? Несі бар, қазір аз айлыққа қарап, пәтер жалдаған қазақ көп, кейіпкердің біраз бұзық пиғылды болып көрінуі оқырманды еліктіріп әкетері анық. Алайда, біз әлі де болса, «жағымды кейіпкер» жасау стереотипінен арылмай келеміз.

«Таң ата қар жауған екен, аяғыма киген жұп-жұқа топлимен артыма із тастап кете бардым».

Құлазу, ызғар... Өмір ертеңгі күн жылы шуағымен қарсы ала қоймасы айқын сезіліп, көңілге мұң ұялатады. Таныс мұң...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар