Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Батырхан Сәрсенхан : «Көзінен ақ парақтың қан аққанда...»

09.06.2015 376

Батырхан Сәрсенхан : «Көзінен ақ парақтың қан аққанда...»


Батырхан

 


АНА ҚАСҚЫР

 

Солтүстіктен самиян самал есіп,

Сызықтар мен түзіктер барады өшіп…

Неліктен мына бұта жалаңаш тұр?

Қасіретке душар ма,қара басқыр.

..Қашып кеп ажалынан бой тасалай,

Жар ағашқа тірелді Ана қасқыр.
Қалды кенет,

қорқаулар құрсауында,

Шарасыздық салмағы мұнша ауыр ма?

Құзғын жыртқыш ғұмырдың, соңғы үміті —

Бөлтірігі болатын құрсағында.
Қанды тілін қайыра шайнап төніп,

Қара тасқа азуын қайрап келіп.

Іштегі өмір үшін, сыртқа сыймай,

Сәбиі үшін,тұрды Ана, айбат шегіп!
Осып өтіп, тырнағы хас тарланға,

Қан аралас жанардан жас тамғанда.

Ар үкімі қалықтап асқарларға,

Тіршіліктің күресі басталғанда,
Дүние жатқан шақта көшіп алда,

Осы тәулік,

осы сәт,

осы маңда.

Аңырап бесік мола, кілең, төбе,

Адамзат деп аталар ұлы өлкеде.

Қарайып күн шатқалы,

Қарайып қырға біткен гүл шоқтары.

Жатқандай жын соққалы,

Сәбиін алдырмақ боп құрсақтағы.

Қаралы әйел!

кем түсер қай ғаріптен,

Туа сала өлімді ойланып пе ең?

Ойланып пе ең бітер деп сәтте арасы.

Жазықсыз перзентінің бойға біткен,

Тағдырына тас атып жатты Анасы..
Неліктен бесік іші жалаңаш тұр?

Қасіретке душар ма,қара басқыр.

Тасқа біткен жүрексіз мына, әйелге,

Жүрегіңді берші сен, Ана қасқыр?!

Табиғаттық тылсымға таңдай қағып,

А, Құдай,

кетсем бе екен Аңға айналып.

Қазулы кеуделерге қөрге айналған,

Ақсиып азу тісім,

шамдай жанып!

 

 

 

 

 

БІР КҮНДЕР БОЛАДЫ…

 

Бір күндер болады,

Күлкі білмейтін.

Бір түндер болады,

Кірпік ілмейтін.



Бір сезім болады,

Сыр ақтаратын.

Бір әзіл болады,

Жылап қалатын.



Бір бауыр болады,

Серік болмайтын.

Бір ауыл болады,

Көлік бармайтын.



Бір сырың болады,

Бөліске — жетім.

Бір шылым болады,

Теріс шегетін.



Бір уайым болады,

Тас та жылайтын.

Бір қайың болады,

Басқа құлайтын.



Бір бақыт болады,

Түкірген көбі.

Бір уақыт болады,

Күтіңдер мені!


 

 


КІМ КІНӘЛІ?

 

Көзінде тартылыс бар, құштар ғалам,

Ақ моншағын теңеуге түс қалмаған.

Ақ саусағы орынсыз ұсталмаған,

Бұл жайлы ешкімге де тіс жармаған,

Бір қыз бар-тын ауылда,

мен білетін..

Есіміне елеңдеп ел жүретін,

Есігіне көп жігіт телміретін,

Ессіздері тәкаппар, паң көретін,

Ес білгені ерекше мән беретін.
Ал бір күні,

жаңа отау жарық шашты,

Селтең жігіт,

шорт мінез,

шарық басты.

Ертеңгілік еркеме ес білдірмей,

Көркем қылып көлікпен,

алып қашты!
Қайран ару!

қан тулап кетті бетін,

Махаббатты «сүйісу» деп білетін.

Пәк сезім жайлауынан шет жүретін,

Жат көзге жар тізгінін ұсынбақ па?

Артың — жар,

жолға бастар тұсың — қақпа.

Құстай аққан көліктен, өзін-өзі,

Лақтырып кеп..

қанатын түсірді отқа.
Таң ата зар жылатып тамам елді.

Бір жолаушы хабарын ала келді.

Сән құрып үлгермеген сарғалдақ қыз,

Мәңгілік зағип болып қала берді.
«Өзін-өзі қорлай ма, өстіп адам?!»

деген қартты көзге ілмей көшті заман.

Одан соң аңғармады жат жүрегін,

Одан соң таңданбады ешкім оған.
Есіміне елеңдеп ел жүретін,

Есігіне көп жігіт телміретін.

Жүрегі жалғыздыққа бола туған,

Бір қыз бар-тын ауылда..

мен білетін.

 

 

ШАЛЫҚ

 


Мен білемін,

жыл ескірсе де,

сыр ескірмейтінін.

Мен білемін,

жер бетіне мың бақыт үлестірсе де,

Тоғышардың күлкісі бір естілмейтінін.



Мен білемін,

табандар ойылса да,

сенімдер жойылмайтынын.

Мен білемін,

махаббат кейде ақылға бой ұрса да,

Нүктесі қызғанышсыз қойылмайтынын.



Мен білемін,

кешіріп қол алса да,

жаралар жамалмайтынын.

Мен білемін,

әрбір күз оралса да,

Ол күздің оралмайтынын.



Мен білемін,

Бір үміт жалғаса да,

Жүз үміт жол қарайтынын.

Мен білемін,

адамдар алдаса да,

Армандар алдамайтынын!

 

 

 

ТАСҚЫН

 


Тамырын жүрегімнің көрем елден,

Бүр атамын.

Іздерсің сен ертең-ақ сөрелерден,

«С» қатарын.



Сейфуллин,Сүлейменов шығар алдан,

Шығар томдар.

Жұбансын жырымды оқып жылаған жан,

Үзілсін қыл арқандар!



Сонан соң қабықтай-ақ парақтарға,

Кез келерсің.

Көзінен ақ парақтың қан аққанда,

Өмірдей өзгерерсің.



Өзгерерсің!

сенімдей жасыл бағы,

Мақсатың көп.

Бөсе сал бойжеткенге қасыңдағы,

«Жақсы ақын» деп.



Жаныңнан жабырқаулы күйде тұрған,

Жара көргем.

Жатармын жас мамандай үйде отырған,

Қалыңдық қара жермен!


 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар