Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уа...

26.10.2018 5849

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (жалғасы)

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (жалғасы)  - adebiportal.kz

Оңтүстік Африкадан шыққан жазушы, Нобель сыйлығының иегері Джон Максвелл Кутзее романының кезекті жалғасы. Қазақша сөйлеткен Өтен Ахмет.

Артқы есік жабық тұр, К. жоғарғы ілгекті ағытқаны сол еді, дәу қаракүрең еркек мысық басына қарғыды да, дереу үй бұрышын айналып жоқ болды. К. бұрын ешқашан фермадан мысық көрмеген еді.

Үй іші қапырық, шаң, сасыған май, ашып кеткен тері иістері араласа бұрқырап тұр. Ол ас бөлмеге бет алған, сасық иіс күшейе түсті. Есік аузына келгенде өзінен-өзі батылсыздана тұрып қалды. Ізімді жасырып, сыбдырымды білдірмей кетіп қалсам, әлі де кеш емес-ау деген ой келген. Бұл жерге қалай оралсам, солай оралайын, бәрібір Висагилер әулеті сияқты өмір сүрмеймін, олар ұйықтаған жерге ұйықтамаймын, там алдындағы олар отырған жаздықта отырмаймын, олардан қалған жерге қызығып қарамаймын, маған десе осы үйді бүкіл Висагилер ұрпағының аруағы кезіп жүрсе де, біреудің тастап кеткен баспанасы мен үшін құнды емес. Мен мұнда осы үйде біржола тұру үшін келгем жоқ.

Төбедегі тесіктен қиялай күн сәулесі түсіп тұрған ас бөлме қаңырап қалған, иіс сенек жақтан екен, К. қараңғыға көзін үйретіп-ап шәңгекте ілулі тұрған қойдың ба, ешкінің бе, тұтас сұлбасын көрді. Бір кездегі бүгін еттен саудырап сүйегі мен сүйекке жабысқан сұп-сұр терісі ғана қалған, соның өзінде маңайы толған көк шыбын, ызыңдап ұшып-қонып қаптап жүр.

Ол асүйден шығып, басқа бөлмелерді аралауға кіріскен, ойы Висагилердің соңғы тұяғынан қалған ізді кесу, тым болмаса қайда тығылып жүргенін болжап қалармын деп ойлаған еді. Бірақ түк белгі жоқ. Еденді қалың шаң басқан. Шартаққа шығатын есікте дәу құлып. Мебельдер түгел орын-орнында, мұнда біреу тұрған-ау дейтіндей ештеңе сезілмейді, К. қонақ бөлменің қақ ортасында жоғарыдан, не төменнен әлдебір болмашы дыбыс шығып қалмас па екен дегендей демін іштен ала біраз тұрып қалды, егер Висагидің немересі тірі боп әлдебір жасырын қалтарыста тығылып жатса, оның жүрегі тура мұның жүрегімен үндесе бірге соғар еді ғой.

Ол далаға, күн астына шығып, тоған жаққа, сонауда жан анасының күлін жерлеген алаңқайға қарай қарай аяңдаған. Жолындағы әрбір тас пен әр бұтаны танып келеді. Тоған басына келгенде, үйде жүргенде өмірі сезінбеген бір күйді – мен үйдемін деген көңіл күйін сезінді. Шапанын бүктеп басына жастап жата кетті де, аспанда қалықтаған бұлттарға қөз тікті. Менің осы жерде тұрғым келеді, деп ойлап қойды, шешем, әжем туған, өскен жерде, біржола тұрғым келеді. Маған басқа түктің де керегі жоқ. Бірақ, қазіргі мына заманда, егер адам өмір сүргісі келсе, жыртқыш сияқты өмір сүруге тиіс. Өйткені терезелері жарқыраған жарық жерде тұру қиын. Сондықтан ел көзіне түспеуге тырысып, ін ішінде жасырынып жатуына тура келеді. Яғни адам өзінің өмірде бар екенін білдірмей, із қалдырмай өмір сүруге мәжбүр.

Қандай ғана бишаралық десеңізші, тоған суы тартылған, бұрын айналасы көкпеңбек боп жатушы еді, қазір сөлі кетіп сарғайған, быт-шыт боп қурап түскелі тұр. Құдды бұл жерге ол бұрын асқабақ пен жүгері екпегендей. Бұл жыртқан, өңдеген ұлтарақтай жер телімін қаулаған арам шөп басып кетіпті.

Ол сутартқыш шығырын босатқан, сықырлап, шайқалып айнала бастады. Поршені бір төмен, бір жоғары сығымдалып, шүмектен су шығарды, әуелі тат түстеніп, сосын біртіндеп тазарып, мөлдіреп ағып жатты. Бәрі де бастапқы үйреншікті қалыпқа келгендей. Ол ағын астына алақанын тосқан, ағынның қолын соққан екпініне сүйсініп, тоған етегіне түсті де, ағын астына кірді, ылғалды сағынған гүл сияқты бетін төсеп тұрып, іше бастады, әбден қарнын шірегенше, бар денесімен рахаттанып, тоқтаусыз сылқылдатты-ай келіп.

Шөп үстіне аунай кеткен, түс көріп жатып оянып: шкап салмағымен майысқан, айналасын өрмекші ауы торлған еден астындағы қараңғы үңгірде екі бүктетіле бүрісіп Висагидің немересі жатыр екен дейді, өзінше бұған әлдене деп айқайлайды, бірдеңе сұрайды, жалынады, тіпті талап етіп те қояды, бірақ К. оның сөзін ұққан жоқ, ұқпақ түгіл, ести де, түсіне де алмайды. Ол біржола оянып, басын көтеріп отырды, денесі қорғасын боп ұйып қалған, құр сүлдері, қатты қажыған. «Менің осындағы бірінші тәтті күнімнің шырқын неге бұзады?! - деп қапаланды. –Мен мұнда оған күтуші болу үшін келгем жоқ! Нешеме ай өз бетінше тұрып келді емес пе, сол бетінше тұра берсін, өз тіршілігін өзі күйттеп». Ол қара пальтосына оранып, жағын қарыстыра тістенеп-ап, таң атуын күткен. Тезірек жер жыртып, дән салсам, деп ойлайды, осы сәтті қанша рет армандадым, тек алдымен қалқайтып басыма баспана жасап алуым керек шығар».

Ертеңгісін ол алаңқайдың әр сүйемін зерттеуге кіріскен, тау бөктерінен басталатын сай-саланы, жаңбыр суымен тілінген жыраларды, жақпар тасты шоқылардың әрбір сызатына дейін қарап өтті. Тоғаннан үш жүз ярдтай жартастан әйел кеудесіне ұқсап кемерленген қос жақпар тасты таңдады. Жақпар тастың асты биіктігі бір ярдтай, тереңдігі үш-төрт ярдтай үңгір. Қабырғасы да, табаны да ұсақ қаракөк тастардан, қабырғасын кеңейтуге болатын секілді. Көктен сұрағаным жерден табылды деп ойлады К. Ол сарайдан өзінің сүйікті саймандарын – күрек пен керкесін алып келді. Тауық күркесіне жабылған қаңылтырды жұлып түсірді, жабайыланып кеткен жеміс бағының құлаған қоршуы арасынан, шырмалып жатқан сымдарынан әрең босатып, үш бағанын суырды. Бәрін тоған басына жеткізіп, іске кіріскен.

Ол әуелі үңгірдің табанын кеңейтіп, тегістеп алды. Екінші тар жақ басын тас үйіп, бекітті. Cосын жартастардың күнқағар сияқтанып тұрған үстінен қатар-қатар үш баған ағаш қойды, олардың үстінен қаңылтырды жайғастырды, оның үстін ауыр тастармен бастырды. Үңгірге ме, әлде інге ме, ұзындығы бес футтай соларға ұқсас бірдеңе пайда болды. Алайда тоған жанына барып алысырақтан қалай көрінер екен деп қарағанда баспана аузы қарауыта үңірейіп тұрғанын байқады. Күннің қалған уақытын енді сол тесікті қалай бітесем деумен өткізгендей еді. Қараңғы түсіпті, сонда ғана өзінің екі күннен бері нәр сызбағанын есіне алды.

Таң атысымен үңгір еденіне екі қап құм әкеп төседі. Жақпар тасты қопарып, екі-үш шомбалымен үңірейген үңгір аузын жауып, кіріп-шығатындай ғана тесік қалдырды. Сосын саз балшық пен шөп ұнтағын араластыра лай дайындап, қабырға мен төбе жарықтарын бітеп, бекітті. Төбеге тағы бір қабат қиыршық тас төкті. Күні бойы тамақ ішпесе де, аштықты сезген жоқ, алайда қимылы баяулап, кейде қалт тұрып қалатынын немесе жүресінен отыра кететінін, ал ойы пышырап әлдеқайда адасып қаңғалақтап жүретінін байқайды.

Лайды жайып, жарықтарды тегістеп жатып, үй саламын деп осынша тырысып тер төккен есіл еңбегі бірінші нөсерден кейін-ақ суға езіліп, босқа рәсуа боп қалатынын ойлады. Әуелі еденге тас төгіп, құмды соның үстінен жайғастыруы керек еді, төбені тоқалдандырмай, жиек қойып ұмсындырса да болады екен, ақылы жетпесе қайтерсің. Сүйткенше басқа ой келіп килікті: ау, мен мұны балаларым мен немерелерім үшін салып жатпаған шығармын? Маған керегі бар болғаны бас тығатын жер, бір кішкентай құжыра, тұрғанымша тұрып, уақыты келгенде, жан-тәніммен біржола байланып қалмай, қиналмай-ақ кете алатын болсам жетеді ғой. Күндердің бір күнінде полицайлар бұл соққан үйдің, не оның бұзылған орнын тауып алғандай болса, таңырқаса шуласып: «Бұрын-соңды дәл мұндай жүрек айнытар ұсқынсыз баспана көрсекші», деп бастарын шайқаса ғой. Өз еңбегінің жемісі үшін мақтану адам баласына тән қасиет, бірақ олар тіршіліктің ондай нәзік жағын түсіне қояр деймісің.

Сарайдан ол асқабақ пен қауынның бірнеше шопағын тауып алған. Осында келген төртінші күні оларды егуге ұйғарды. Бұрынғы алғашқы бақшасының қақ ортасындағы мола үстінде желбіреген қалың селеу арасынан екі-үш жерден жер жыртып, қопсытып, әрқайсына бір-бірден дән салды. Бүкіл бақшалықты суғарудың қажеті болмас, онда көк шөп қаулап, менің жасырын ісімді әшкерелеп қояр деп шешті. Сол себепті ол сыр-бояудан қалған ескі қаңылтыр қауашақпен тоғаннан су әкеп, әр дәнді жеке-жеке нәрлендіріп жүрді. Басқадай ермегі жоқ, егер тамыр алған болса бір күн жерді жарып шығар деген үмітпен еккен дәндерінің көктеуін күткен. Үңгірінде жатып та өзінің перзентіне балаған өсімдік ұрығының күн көзін көруге асығып, қара жерді жарып шықпақ боп талпынған сәттерін көз алдына әкеледі. Тек бір нәрседен секемі бар; жаз аяқталып қалды, асқабақтар пісіп үлгермеуі мүмкін-ау.

Ол бақшасын аялап мәпеледі, сүйсінді, қасиетті қара жер жемісін беретін күнді асыға күтті. Аштықты сезінуден қалды, оны ұмытты, тіпті аштықтың не екенін білмейтін де секілді. Кейде қолына жейтін бірдеңе түссе, ойланбастан өңешінен өткізе салады, өйткені әлі де тірі адам аузы қимылдап анда-санда болса да бірдеңе жеуі керек, әйтпсе өледі деген сенімде еді. Оған не жесе де бәрібір болатын. Ол аузына түскен талшықтың не екенін де білмейтін, тек шаң дәмін ғана сезетін.

«Мына қара жер жемісін бергенде, мен оны рахаттана тұрып жеймін, - дейді өзімен-өзі сөйлесіп, - Ол тіл үйіргендей тәтті болады».

Тау ішіндегі сенделме мен лагерь тіршілігінен кейін денесінің еті кетіп сүйек пен терісі ғана бүрісіп, киімдері қу таяққа ілінген қап сияқты салбырады да қалды. Сонда да бақшасын аралағанда мен әлі тірімін деген ойдан бойын қуаныш кернер еді. Құстай ұшып, аяғын жеңіл басады. Міне-міне ұша жөнелетін секілденеді. Адам, сірә, өзінің денесінде қала тұрып та, аруаққа айналып кете алады екен-ау, деп те ойлап қояды.

Ол тағы да құрт-құмырсқа теріп жей бастады. Уақыт болса оның үстінен тоқтаусыз тербеліп өтіп жатыр, ал ол екпетінен жатып-ап, қолындағы бұта сабағын құмырсқа илеуіне жүгіртіп, бұтақ ұшына жабысқан аппақ ақ жұмыртқаларды бірінен соң бірін рахаттана жалайды. Немесе ағаш қабықтарын сыдырып, арасынан қоңыз ұрығын теріп жейді. Күртесімен инелік соғып алып, серейген аяқтарын, басын, қанаттарын жұлып тастайды да, кеудесымағын күн көзіне қойып кептіреді.

Өсімдік тамырларын қорек етті. Уланып қалармын-ау деп қорыққан жоқ, бұрын, басқа өмірде, құдды бір жабайы мал болғандай-ақ әлдебір алтыншы түйсігімен ащы дәмнің қайсысы улы, қайсысын жеуге болады, ойланып жатпастан бірден-ақ ажырата береді.

Оның күркесі ферманы жанамалай өтетін жолдан бір милдей ғана жерде тұр, жол одан әрі үлкен орам жасайды да, айдау жолға қосылып, сосын Мордепарсвалл түкпіріне қарай алып кетеді. Жол бойында қарайған жүргінші қарасы сирек десе де, сақтық жайын ойламасқа болмайды. Нешеме рет жақындап қалған машина даусын естіп, жерге жата қап, тыныс алуға да қорыққан сәттері, сірә, естен кетер ме. Бірде, өзен аңғарын жағалап келе жатып, басын кездейсоқ көтеріп қалған еді, екі жүз ярдтай жердегі арбаны көзі шалды, арбаны бір қария кісі сүйретіп келеді екен, әйел ме, бала ма, қасына ерткен біреу бар. Олар мұны көрді, әлде? Өзінше көзге түсіп қалмас үшін К. қыбыр етуге де қорқып, қаққан қазықтай қақиды да қалды, оның бұл қалпын кімдердің көргені, әрине, белгісіз, ал өзі арбадан көз алған жоқ, жол бойымен ақырын жылжып, қыр асып көрінбей кеткенше артынан қадалып қарады да тұрды. Дегенмен, осылайша үнемі үрей құшып сақтанып жүруден біртіндеп шаршай бастады; ал бақшасы үшін күндіз тоғаннан су тарта алмайтыны одан да жаман діңкелетіп жіберген еді. Оған кінәлі өзі, сутартқыш шығырының айналып тұрғанын ешкім көрмеуге тиіс, кім болмасын тоған иесіз екен деп ойлағаны абзал, сол себепті де сутартқышты ай жарығымен тек түнде, не кешкі алакеугімде ғана іске қосатын, шамалы су шығарып - ап, оны қауашақтап тасып, сусап жатқан бақшасын сүйтіп нәрлендіретін.

Бірер рет сыз топырақ үстінен ешкі тұяқтарының ізін көрген, бірақ оған пәлендей мән берген жоқ еді. Түн ішінде пысқырынған дыбыстар мен аша тұяқтардың дүбірінен оянды. Еңбектегендей боп күркесінен шыға келгенде әуелі оларды иістерінен аңғарды, сосын өздерін көрді: теке бастаған ешкілер, тоған суы тартылғаннан кейін олар бұл төңіректен біржола кетіп қалған шығар деп ойлаушы еді. Ашуы терісіне сыймай қалшылдап, қолына түскен тасты лақтырып, сүріне-қабына арттарынан қуа жөнелген, шала ұйқыдан басы мең-зең, мейлі, қалай болғанда да ол бақшасын құтқарып қалуы керек, кенет омақаса құлады да, алақанына қадалған сояу тікен кірш ете қалды. Ол бақшасын таң атқанша көз ілместен күзетті. Күн шыға ешкілер тағы келді, дөң басында екеу-үшеуден қатарласа тұрып-ап мұның кетуін күткен, бұл да қасарысып күзет орнын тастаған жоқ, қайта, мақұлықтар жақындай бастаса, оларды таспен атып дереу қуып тастаумен болды.

Тағыланып кеткен ешкілердің кесірінен, олар мұның бақшасына қауіп төндіргендерімен қоймай, жұрт көзіне әшкереп қоюлары да мүмкін еді, сондықтан күндіз ұйықтап, ал түнде жерін күзетіп, бақшасын күтуге ұйғарды. Алғашқыда ай жарығымен жұмыс істеп жүрді де, ал айсыз түндері бір аттап та аяқ баса алмай қалды, әйтпесе әлдебір қорқынышты аруаққа соқтығысып қалатындай-ақ бар болғаны қолдарын алға созып жіберетін де тұратын – оның қиялында аруақтар мұны жан-жағынан қаумалай қоршап, қаптап жүргендей боп көрінер еді. Сүйтіп жүріп-ақ біртіндеп қараңғыға көзін үйретті, зағип жанша таяғымен алдын түрткілеп қойып, күркесінен бақшалығына қарай бет алады, әрлі-берлі көп жүргеннен екі араға соқпақ түскен, сутартқышты іске қосып, шүмекті ағытады да, қауашағын суға толтырып-ап жабайы шөптердің арасын ашып, іздеген керекті тамырды тауып, түбінен құйып асықпай суғарады. Өстіп бір дәннен бір дәнге кезекпен ауысып жүреді де қояды. Енді біразда түн түнегінен қорықпайтын болды. Тіпті кейде күндіз, ұйқысынан оянып кетіп, сыртқа бас шығарып, жанарын шалған күн сәулесін жақтырмай, қайтадан күркесінің түкпіріне қарай сұғына кіріп кететін де, көзін тарс жұмып алатын, сонда оның ішінде көкпеңбек көк нүкте ғана жарқырап жанып тұрғандай болушы еді.

Оның Яккалсдрифтен қашып шыққанына да бір айдай өткен, жаз аяқталатын уақыт жақындап қалды. Қожайынның немересін іздеген жоқ, сірә, соны іздеп те керегі жоқ-ау деп шешкен. Тіпті ол жайында ойламауға да тырысқан, сүйтсе де кейде ол неме жертөле қазып-ап, мына өзі сияқты фермаға жақын бір жерде жасырынып жатып, кесіртке аулап жеп, шық суын ішіп, армия мені біржолата ұмытып кетсе екен деп күтіп жүрген шығар деген күдігі көңілін ауық-ауық мазалап қояды... Әй, қайдам-ау, дейді сосын.

Ферманы ол құдды бір оба қорымы сияқты анадайдан айналып өтеді, тек бір затқа аса зәру болғанда ғана амалсыз бас сұғатын. Ал оған негізінен от тұтауға жарайтын бірдеңе болса жетіп жатыр, жолы болғанда іздеген ондай заты табыла қалғаны, сынық ойыншықтар салынған жәшік ішінен қызыл пластмасса телескоп шыққан, линзаларының бірі бүтін екен, күн сәулесін жинақтап құрғақ шөпті тұтатуға жарап кетті. Сарайда жатқан бұғы терісінен таспа тіліп, бұрынғы жоғалтқан рогаткасы орнына жаңасын жасап алды.Оған қажетті заттар аз емес еді, кепсер, кәстрөл, жиналмалы орындық, үлкен-үлкен поролон кесінділері, қаптар. Ол сарайда шашылып жатқан заттарды аударыстыра жүріп, қажетті де пайдалы нәрселер не деген көп еді, деп таңғалып та қояр еді. Бірақ ол қожайынның мүліктерін жатқан жеріне тасып әкелуге қорықты, кісінікінің аты кісінікі, киесі атуы мүмкін, Висагиді ұрғандай! Алдыңғысын тастай сап тоған жанынан жаңа там соғу орны толмас үлкен қателік болар еді. Тіпті жұмыс істейтін саймандарының өзін ағаштан, теріден, таспадан жасап алуға тиіс, кейін оларды термиттер жеп қоя салуы үшін.

К. сутартқыш теміріне сүйеніп тұр, поршень төмен түскен сайын ол дір ете қалады, ал тас төбесі үстінен, түнгі алакөлеңкеде, майланған подшипниктердің көмегімен шаңырақтай шығыр дөңгелене көлбеңдейді. Менің балам жоғы қандай бақыт, деп ойлайды К. әке болғым келмейтіні қандай бақыт. Мен әке болуды ешқашан армандаған емеспін. Мына жансыз түкпірде қасымда балам болса не істер едім, ол сүт ішем дейді ғой, киіндіру де керек, дос құрбылары болады, сосын мектепке апар, оқимын десе ше? Мен оның алдындағы әкелік парызымды өтей алмас едім, әкелердің ішіндегі ең түкке жарамсызы болар едім. Сондықтан жай ғана уақыт ағынымен бірге қалқып, бей-жай жүре бергенге ештеңе жетпейді. Мен өмірде жолы болған азшылықтың бірімін, себебі, мені әскерге алған жоқ. Яккалсдриф лагері есіне түсті, тікенекті сым тордың ішінде өз балаларымен қоса бөлелерін, бөлесінің бөлесін ерткен үлкен кісілер көз алдына келді; солардың аяғымен тапталған, күнге қақтала-қақтала тақыры шыққан жерді де елестетті, оған енді ешқашан шөп шықпасын ойлады. Мен шешемнің күлін осында, өз үйіне алып келдім, деп ойлап қойды, ал әкем босада «Норениус» қой. Иә, менің әкем біздің ортақ бөлмеміздің есік маңдайшасына іліп қоятын тыйым салынған тізім: оның біріншісінде «Ұықтайтын бөлмеде үнемі тыныштық сақталуы тиіс», деген жазу; содан кейінгі әкем еңбек мұғалімі болды, егер жонған ағашым көңілінен шықпаса, қолының бірнеше саусағы жоқтығына қарамастан, бұрағанда құлағымды түбінен жұлып ала жаздайтын; жексенбі күннің таңы да менің әкем болды, сол күннің құдыретімен хаки түсті жейде, шолақ дамбал, қара шұлық, башмақ киіп күнәмізден тазару үшін қос-қостан жұптасып Папегай-стриттегі шіркеуге барып тұрушы едік. Менің әкем міне осылар, ал шешем өлген, әзірге қайта тірілген жоқ. Сондықтан менің басқа емес, тап осындай болғанымның өзі жақсы, адамдарға қалдырар түгім жоқ, елден жырақ алыс түкпірде өз күнімді өзім көріп жүрмін.Фермаға келген бір ай ішінде ол мұнда біреу-міреудің бас сұққанын көрген жоқ. Үй еденін жапқан қалың шаңның бетінде тек өзінің және әлгі, анау еркек мысықтың ғана ізі жатыр, ол пәле көзге онша түсе қоймайды, қашан келіп-кететінін, сірә, бір өзі ғана біледі-ау.

Бірде, таң азанмен там жанынан өтіп бара жатып ол үрейі ұша қалшиды да қалды; үнемі жабық сыртқы бас есік сәл-пәл ашылыңқырап тұр. Есікпен екі ара отыз қадамдай ғана жер, соның өзінде ол өзін күн астында қалған сутышқан секілді тым жағдайсыз сезінгені. Аяғының ұшымен жүріп, өзен арнасына жетті де, аржағында өзінің күркесіне зып берген.

Бір апта бойы там жаққа жолаған жоқ, тек түнде тұрып, жорғалап барып бақшасын күткен, соның өзінде аяғы астынан тас домалап, шу шығарып, бүкіл алқапты жаңғыртып, әшкереленіп қаламын ба деп зәре-құты қалмай қорқумен болды. Асқабақтың жап-жалпақ қалың жапырағы сөлі бетіне шыға көкпеңбек боп жылтырай бастаған, анадайдан-ақ біреудің ұқыпты қолының құдыретін сездіртеді, ол асқабақтың шұбыра созылған өркендерін шөппен жасырды, сонда да күдігі тарқамай артығын жұлып тастасам қайтеді деп те ойға берілген еді. Ұйқысы қашып кетті, төбесіндегі темір жабуы оттағы табадай қызған күркесіндегі шөп төсектің үстінде шалқасынан жатып-ап менің әшкереленгенімді білдіретіндей әлдебір тосын дыбыстар естіліп қалмас па екен деп ертелі-кеш сырт жаққа құлақ түрумен болды.

Рас, кей-кейде өзінің бұл қорқынышы өзіне ақымақтық сияқты көрінер еді, сосын да адамдардан бөлініп кісікиіктеніп кеткендігімнен шығар, осылай тышқан сияқты үрейленгіш боп алғаным дейтін өзінше ойға шомып. Алайда жартылай ашық тұрған есікті көріп неге сонша зәресі ұша қалды, қожайындар үйлеріне оралған екен немесе із кескен полиция жасырынған жерін біліп қойыпты да, енді мұны атының өзінен жүрек мұздайтын Брандвилге айдап жібереді деген жаман ой басына қайдан келіп жүр осы? Қазір бұл елде жүз мыңға жуық адам соғыстан қашып жүр, олар ұшы-қиыры жоқ кең дала төсінде құмырсқаша қыбырлап қайда бармайды дейсің, солардың ішінен біреу-міреулер осы түкпірдегі қаңырап тұрған бос үйге кіріп кеткен болса, ондай бишара қаңғыбастардан К. неге қорқуға тиіс. Бұл емес алдымен олардың өзі (К. көзіне кәкір-шүкірлері тиелген арбасын әрең сүйретіп бара жатқан еркек, оның соңынан ілбіп бала жетектеген әйел, кеудесіне мияулаған мысығын қысып-ап арба үстінде отырған тағы біреу ап-айқын елестеп кетті, бәрі шаршаған, асау жел ауық-ауық үсті-бастарын шаңға көміп, құйын үйіріп қояды, аспандағы жалбыраған сұр бұлттарды олай-бұлай жөңкілтеді) қорқып кетуге тиіс қой, кешкі алакеугімде жарбаңдаған жарқанаттармен бірге, әбден арып-ашқан қу сүйек, жер астынан шыққандай көлбең ете түскенде, зәрелері ұшып кетпегенде қайтуші еді.

Артынша басқа ойлар қаптайды: егер бұл қателессе ше, әлгілер дезертир-солдаттар немесе полицайлар болуы да мүмкін ғой, демалыстарын пайдаланып жабайы ешкі атуға келсе ше, ондайлар шетінен еңгезердей әрі бұзық келеді, олар менің түкке тұрғысыз қулығымды, әрине, сол жерде-ақ мазаққа айналдырады, ал шөп арасына жасырған асқабақтарымды, саз балшықпен айғыздала сыланған күркемді көрсе, сөз жоқ, күлкіден шектері түйіледі, сосын мені ауыр бәтеңкелерімен тепкілеп-тепкілеп, жатқан жерімнен тұрғызып алады да, өздеріне малай етіп қояды, ағаш жарғызады, су тасытады, ешкілерді мылтықтарының оғы жететін тұсқа қарай қайырып айдауға жұмсайды, олар сосын аспалы ошаққа ет қақтап жатқанда, бұл бұта арасында бұғып отырып малжаңдап қарын-қажақ жейді... Жоқ, оларға бүйтіп құл болғанша, мейлі, күні-түні жасырынсын, тіпті жер астына кіріп-ақ кетсін, сол жерден шықпай жатып алғанының өзі мың артық. (Мүмкін мені өздеріне қызметші ету ойларына келмес те. Үсті-басы алба-жұлба боп қыр астынан шыға келген жабайы біреуді көргенде, олар мынаның басындағы береттің қоқайған күнқағарына қайсымыз пистолеттен оқ атып дәл тигізе аламыз деп өзара айтысып қалулары да ғажап емес қой.)

Күндер өтіп жатты, әзірге ешкім қара көрсете қойған жоқ. Күн шығады, құстар бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып жүреді, жер дүняны ұлы тыныштық басқан, К. біртіндеп сабасына түскендей болды.

Бүгін де там жақтан көз алмай сығалап, таң атқалы күркесінен шықпай жатып алған еді, шақырайған күн аспанды айналып солдан оңға қарай доға жасап жылжыса, ал есік алдындағы көлеңке оңнан солға қарай жылыстап барады. Анау табалдырық сатылары үстінде төртбұрыштанып қарауытқан есік – ашық па өзі жабық па? Алыстан дәл ажырату қиын-ақ. Кеш түсіп, түн келіп, ай туғанда ол жабайы баққа келді. Там жақтан дыбыс жоқ, еш жерден жылт еткен жарық көрінбейді. Ол алаңқайға шығып, ауладан өтіп, есік аузына таяды, тек осы жерде ғана есіктің ашық тұрғанын байқады, тепкішпен көтеріліп, ішке өтті. Тас қараңғы дәлізде тұрып тыныштыққа құлақ түрген. Жым-жырт.

Түннің қалған бөлігін сарайда өткізген, астына қаптарды қабаттап төсеп жата салған да, күткен еді. Түн ұйқыны ұмыттым десе де, арасында көз іліндіріп те алған. Таңертең тұра сап тағы да үйге бас сұғып еді, қайран қалды. Еден тап-таза, сыпырылған, камин пештің айналасы сүртілген. Әлі де ептеп түтін иісі сезіледі. Сарай сыртындағы қоқыс арасында жылтырап алты қалбыр жатыр, бықтырылған еттен босаған, тек этикеткалары ғана жоқ.

Бойын естен тандыра үрей билеген ол күні бойы бас көтерместен, өзінше тығылған болып, күркесінен шыққан жоқ, фермаға солдаттар келіпті және машинасыз жаяу келген-ау деп топшылады. Қызық, егер олар таудағы көтерілісшілерді немесе дезертирлерді ұстағалы жүрсе, яки осы төңіректі күзетуге тапсырма алған болса, неге джипке, тым болмаса жүк машинасына мініп келмеген?

Неге жасырынады, неге іздерін көрсетпеуге тырысады? Иә, неге дерің бар ма, бір сұраққа он жауап, тіпті жүз жауап табуға болады ғой, бірақ ол ондай нәзіктікті қайдан біле қоюшы еді, әйтеуір, бір ғажайып сиқырлықтың күшімен аман-есен құтылып кеттім деп ойлайды.

Бұл түні ол шыжыған күн мен аңызақ жел тоғанды онсыз да қаңсытып тастаған болар деп, әдеттегідей су тартқан жоқ. Жазықтан жұлып бір құшақ шөп әкеліп, созалаңдана көгеріп жатқан асқабақ пәлектерін бүркеп тастады. Ол сүйтіп жанталасып жүрсе де аяғын аңдап басып, демін ішке тарта ұстап, еш сыбдырын білдірмеуге тырысқан.

Бір күннен соң тағы бір күн өтті. Кешкісін, күн ұясына қонғалы жатқанда, ұйыған бойын жазу үшін күркесінен шыққан К. қарсы беттегі жазық үстінен қыбырлаған адамдар қарасын байқады. К. тұрған жерінде жерге жата кетті. Алайда тоғанға қарай беттеген аттылы кісіні, қапталында шойнаңдаған жаяулы біреуді және аттылының желке тұсынан шошайған мылтық ұшын да көріп үлгерген еді. Ол құртша жорғалап үңгіріне қарай жылжыды, басында бір ғана ой: «Тезірек түн келсе екен, сосын мені жер жұтып алсын да қорғап қалсын».

Үңгірге жете бере ауыздағы тас үстінен әлгілер жаққа тағы бір көз салған. Аттылы дегені ат емес, есек екен мінгені, есек кішкентай, үстіндегі адамның аяғы жер сызып жүр. Тағы бір есек көрінеді, бірақ үстіне мінген адамы жоқ, есесіне, арқасында теңдеп салған екі үлкен бума жүк, алдыңғы жағында сегіз адам жерді ойғандай қатарласа адымдаса, тоғызыншысы - ол да салпақтап есектің арт жағында келеді. Бәрінің иығында мылтық, кейбіреулерінің арқасында рюкзактары бар. Біреуі көк шалбарлы, тағы біреуі сар шалбарлы, қалғандарынікі хаки түсті көз алдау киім.

К. ақырын еңбектеп үңгіріне кіріп алды. Тар қуыс ішінен өздері көрінбесе де, құлаққа ұрған танадай өлі тыныштықта олардың тоған жанына келіп көліктерінен түскені, шынжырды салдырлатып шығырды іске қосқаны – бәрі айқын естілген, тіпті өзара сөйлескен дауыстары да ап-анық жетіп тұрды. Біреу сатымен өрмелеп, бөгет басына шықты да, қайта түсті.

Қараңғы түсті, олардың бұған қаншалықты жақын орналасқанын енді тек есектердің пысқырынған дыбыстарынан ғана топшылауға болатын еді. Өзен аңғарынан әлденеге қадалған балта үні жетіп, олар жаққан оттың алауынан тараған сәуле мұның үңгірі аузындағы дәу тастардың бетін жылтыратып тұрды. Лүп етіп жел есті, тұтқа қозғалып, қажалған темір шиқылы естілді, шығыр шеңбер жасап бір айналды да, тоқтады. «Су неге жоқ?»,- деген дауыс гүж ете қалды. Біреу оған жауап қатқандай еді, бірақ оның не дегенін К. түсіне алмады, ду еткен күлкі көміп кетті. Жел қайта көтерілген, шыңылдап-қиналып шығыр қайта айнала бастады, К. бар дене-болмысымен сығымдалған поршеннің түпке дейін қалай жеткенін айқын сезді, адамдар болса қуанғандарынан тоқтаусыз айқай сап жатты. Сосын жел қанаты отқа шыжғырылған ет иісін бұрқырата алып жеткен еді.

К. алақанына бетін төсеп, көзін жұмды. Түнде келіп тоған басына лагерь тіккен, осыдан бірнеше күн бұрын там үйде түнеп шыққан адамдардың кім екенін ол енді жақсы біледі, бұлар солдаттар емес, қарулы көтерілісшілер, тауда жасырынып, пойыздарды құлататындар, жолдарға мина қоятындар, фермаларға шабуыл жасап малдарды айдап әкететіндер, қалаларды бір-бірінен бөліп тастайтындар, міне осылар, радионы тыңдасаң бұларды ондап, жүздеп қырып-ақ тастайды екен, газет беттері толған осылардың суреттері, үсті-бастары қан-қан боп топыраққа былғанып өліп жатқан міскіндер. Бәсе, түнгі қонақтарым кім деп жүрсем, осылар екен ғой. Сыртынан қарасаң, ауыр ойыннан кейін демалуға келген футбол командасы сияқты; он бір адам – бәрі аш, бірақ шетінен көңілді әрі бақытты.

Жүрегінің бірқалыпты дүрс-дүрс соққаны естіледі. Таңертең олар жолға бет түзегенде, - дейді ол өзіне-өзі, - мен тығылып жатқан жерімнен шығамын да, үрлемелі оркестр артынан жүгіретін жас балаша, соңдарына түсемін. Қалай да олар мені бір көреді ғой, сосын көңіл бөліп тоқтап, саған өзі не керек, деп сұрайтын шығар. Ал мен: «Алып жүретіндей бір заттарың болса маған беріңдер, деймін, жүктеріңді жеңілдеткім келеді. Сендер үшін ағаш жарып, от жағуға да дайынмын». Немесе былай деймін: «Тағы да келіңдер, осы тоғанға. Келесі жолы мен сендерді тамаққа жақсылап тойғызамын. Көп ұзамай асқабақтарым, қауындарым піседі, құрмаларым, персіктерім, алмұрттарым да уылжи бастады, - бәріңе де жетеді». Сүйтіп олар келесі жолы тауға ма, әйтеуір, өздерінің түнде жортатын жерлеріне бет алғанда, міндетті түрде маған соғады, ал мен оларды тамаққа тойғызамын да, сосын қастарына кеп отырып - ап әңгімелерін тыңдаймын, жалықпастан тыңдай беремін. Олар маған, әрине, лагерде естігендерімді емес, мүлде басқа әңгіме айтады, лагерде қарсылық көрсетуге жарамайтындар – әйелдер, балалар, шалдар, жарымжандар, соқырлар, кеңкелестер тұрады ғой, олардың аузынан өздерінің өмірден көрген қорлықтарынан басқа татымды сөзді ешқашан естімейсің. Ал мына азаматтардың өмірі қауіпті де қызықты оқиғаларға толы болуға тиіс, өткен жолғы шабуылымыз сәтсіз аяқталған еді, бірақ осы жолы есесін қайтардық, өлмек түгіл, ешкім жараланған да жоқ деп, өстіп олар бастарынан кешкендерін, соғыс әлдеқашан бітіп, аяқталып кетсе де, өмір бойы айтумен болады, әуелі балалары тыңдайды, аңыз боп немерелеріне де жетеді.

Бауы байланған - байланбағанын білейінші деп К. башмағына қолын соза берді де, тоқтады, ау, оның үңгірінен жорғалап сыртқа шығуына да, бар бойын көрсетіп тіктелуіне де, қараңғы түнек ішінен алау оттың жарығына қарай қадам басуына да, сөйтіп өзінің кім екенін айтуына да болмайды екен ғой. Неге өйтпеуінің себебі де санасына анық жетті: соғыстың қанды қасабына айдалған адамдар саны тым көп, олар соғыс аяқталысымен бау-бақшамызды мәпелеуге қайта кірісеміз, амандық болса, деген үмітпен аттанды ғой, бірақ бұлай болуы дұрыс емес, бақшаға иелік ететін де біреулердің елде қалғаны жөн, тым болмаса бақша қурап қалмауы тиіс қой, егер өсімдік тамыры өлсе, жер де азып, перзенттерін ұмытады емес пе. Сондықтан, жоқ, К. олардың артынан ермейді.

Ол ешқашан олармен бетпе-бет қарсы кеп кездеспейді, мұның үңгірі мен алау оттың арасын бар болғаны оншақты ярдтай ғана жер пұшпағы бөліп тұрса да, басқаша емес, тап осылай боларына кәміл сенеді. Әсілі қашан болмасын әлдебір ойын аяғына дейін жүйелеп алып шығайын десе, бір түпсіз құрдым пайда бола кетеді де, санасын сансыратады, сосын да ол әлгі құрдымға қандай сөз өрімін тастамасын, қайда кететіні белгісіз, құрдым аузы үңірейген қалпында өзгерместен қалып, өмірі бір толмайды. Сол сияқты өзі туралы біреуге не демесін, әңгімесінің, әйтеуір, бір жері қалай да кетиіп тұрады, сөздің ең басты өзегін ұстай алмайды, ойынан сусып шығып қала береді.

Жетімхана, ондағы арифметика сабағы ойына оралды. Алдында тапсырма, зәре жоқ, қарауға да қорқады, мұғалім болса, парталар қатарының арасымен әрлі-берлі теңселіп жүр, әрине, оқушылардың қаламсаптарын ұяға қондырған сәтін күтеді де, содан кейін қозыларды енесінен айыратын уақыт басталады. Он екі адам алты дорба картоп жеген. Әр дорбада алты килодан. Сонда әрқайсысы неше килодан картоп жеген? Көз алдына «он екі», сосын «алты» деген цифрларды қалай жазғаны елестейді, одан әрі не істеп еді, ия, екі цифрды да белінен бір-бір сызып, «үлес» деген сөзге бақырайып қараған да отырған. Алайда ол одан өзгерген жоқ, ауаға сіңіп еріп те кеткен жоқ, өзінің жұмбақ сырын да ашпаған еді. Мен өлермін-ау, бірақ солардың әрқайсысы қаншадан картоп жеді, білмей-ақ кететін шығармын бұл өмірден, деп ойлап қойды.

Түнімен ұйқы көрмей дөңбекшумен болды, тоғанның сылқылдап суға тола бастаған дыбысын тыңдаған, қараңғы түнек ішіне көз тігіп, жұлдыздардың өлеусіреген әлсіз жарығында есектер жатты ма, жоқ әлде, мұның бақшасына түсіп әлі жайпап жүр ме, деп білгісі келген. Дегенмен, арасында қалғып та кетіпті, кенет біреудің дөң беттегі қалың шөпті ауыр аяғымен жапыра басқан дыбысынан оянды, әлгі есектерді тұрғызу үшін қолдарын шапаттап та қояды, бұл кезде көк аспанға найзадай шаншылып тұрған тау бастары да сарғыш тарта бастаған-ды. Жел басылыпты, таңғы тымық ауада бос шелектің даңғыры, біреудің қасықпен күрешкені қалай былғағаны, толқыған су сылдыры да анық естіліп қалып тұрды.

«Егер бір шешімге келуім керек болса, тап қазір, - деді, ұйқысы шайдай ашылып, - бұл менің соңғы мүмкіндігім». Ол үңгір ішінен төрт аяқтап еңбектеп шығып, есік аузындағы дәу тастың үстінен жан-жағына көз жібере қарады.

Тоғанда бір бейтаныс еркек шомылып жүр. Ол түн мұздатқан салқын суға тағы бір сүңгіп алды да, бетон қабырғаға көтерілді, тікесінен тік тұрып ақ сүлгімен сүртіне бастады, оның суға шыланған денесі күннің алғашқы жалқын сәулесіне шағылысып ауық-ауық жалт-жұлт ете қалады. Екі кісі қүйбеңдесіп есекке жүк артуда, бірі жүгенінен ұстап, екіншісі желкен матасына оралған үлкен екі буманы арқасына теңдеп артып, үстінен, ол да желкен матасына оралған, бір ұзын түтікті ұзынынан қойып, бәрін қайыс баумен тартып байлап жатыр.

Қалғандары тоған бөгетінің сыртында жүрген еді, тек төбелері ғана анда-санда қылт етіп көрініп қалады.

Бетон қабырғада тұрып, үсті-басын сүртініп жатқан адам киіне бастады. Сосын ол еңкейе беріп, арық басын бөгеген қақпақшаны көтерген. Бөгеті алынған су өзек бойымен ақтарыла жөнелді, К-нің арығы, осы фермада тұру үшін алғаш келгенде бақша суғару үшін өз қолымен қазған арығы еді.

Кереғарлық, деп ойлады К., жақсылықтың белгісі емес.

Әлгі адам шығыр шынжырларын байлап тастады.

Отряд жазықты бойлап шығыс жақты бетке алды, маңдай тұстарында таулар, алдарында тыпыңдаған қос есектің бірі, екіншісі артта, көкжиектен шаншылған күннің отты көзі адам демей, мал демей, түгел бәрін беттерінен қари бастады. Дәу бұжыр тастың тасасында жатып К. олардың арттарынан қадалып көз алған жоқ, кең жазықта жайқалған қалың шөптің сарғыш түсімен астасып бұлдырай бастағанша қараумен болды. Арттарынан қуа жөнеліп, жетіп алсам әлі де кеш емес-ау, деген де ой келеді. Сүйтіп отырғанда отряд көзден біржола жоғалды да, ол орнынан тұрып, түнде есектер жайылып ойранын шығарған аяулы бақшасын аралап көре бастады. Есектер жемістерінің бір бөлігін жеген, қалғанын, шынында, таптап, жаншып кеткен. Өзінше ұқыптап шөппен жасырып қойған ұзын пәлектер көп жерінен үзілген, үзілген өркен бойындағы жапырақтар сөлі кетіп солған, бүріскен, жаңғақтан сәл үлкендеу болатын жаңа басталған көк түйнектері желінген. Сөйтіп бақшаның тең жартысынан көбі рәсуа болған. Дегенмен, артында отряд қалдырған жалғыз белгі осы еді. Басқа із жоқ, от орнын топырақпен көміп, үстінен қиыршық таспен бастырып, мұқият жасырған. Байқамай да қалар ма еді, ыстығы әлі жер бетіне теуіп жатқан қоламтасынан аңғарды. Тоғандағы су болса әлдеқашан ағып кетіпті, ол арық өзегін бітейтін қақпақшаны өз орнына түсіріп қойды.

К. өзінің күркесі тұрған дөң басына келіп, ең биік қырына жатып - ап, күн астынан айналаға көз салған. Қарайған ештеңе көрінбейді. Ал отряд ендігі әлдебір тау аңғары ішінде кетіп бара жатқан болар, деп ойлады.

«Мен балалары кетіп, үйінде жалғыз қалған ана сияқтымын, - деді К. – Маған бар бұйырғаны – шашылып жатқан заттарымды жинастырып қойып, тыныштықтан үн аулау. Мен оларды иісі жұпар атқан тәтті нанмен сыйласам ғой деп едім. Есектерін ғана тамақтандырдым. Ал олардың шөп жей салса да ештеңелері кетпейтін еді». Еңбектеп үңгіріне кірген, шөп төсегі үстіне керіліп жата кетті де, көзін жұмды.

Тікұшақтың мазасыз тыр-тырынан оянды. Тура өзен аңғары үстімен ұшып барады екен. Арада шамамен он бес минөттей өткенде тікұшақ қайта айналып келді де, одан әрі терістікті бетке алып көзден ғайып болы.

Суарылған жерді, көгерген шөпті, асқабақтың өркендерін көрді-ау, олар ғой бізге қараңдар, бізге қараңдар деп жалауша желбіреген шығар-ау, деп ойлады. Мұндайды тас төбеден қарап аңғармауға бола ма, жерде өну үшін, тіршілікті көркейту үшін егілген асыл азықты көрмей қалу мүмкін емес қой. Әсілі, жуа егуім де керек еді, қалай ғана ескермегенмін.

Тауға қашып кетіп, үңгір тауып, жасырынып жатқым келсе, әлі де кеш емес-ау. Бірақ ол денесін дел-сал еткен бойкүйездікті жеңе алмады. Мейлі, келе берсін, деді, маған бәрібір. Ол қайтадан қалғып кетті.

Бір аптадай ол өзін бұрынғыдан да бетер сақ ұстаған. Күндіз күркесінен шықпай жатып алса, түнге қарай аман қалған бақшасын суғаруға келгенде, аяғын аңдап басып, демін әрең алып, тамыр түбіне ғана ұрттап бүріккендей етіп болар-болмас нәр тамызатын, нәтижесі көп күттірген жоқ, көкөнісінің жапырақтары солып, мұрттары бүрісе бастады. Ол өркендердің қуарған жерлерін жұлып тастады. Егер әр гүлден түйнек бітсе, деп ойлайды, бақшасының аман қалған бөлігін аралай жүріп, кемі қырықшақты асқабақ шығар еді, ал егер әлгілер есектерін аңыратып сау етіп қайтып келсе ше, онда маған бір түйірі де бұйырмасы анық қой. Мол өнім алармын деп армандаған еді, ал қазір бір-екі асқабақ пен одан түсетін тұқымдық шопаққа да зар болып қалғандай. Қыс өтеді, деп жұбатады өзін, тағы да жаз келеді, сосын бәрін қайтадан бастаймын.

Жаз аяқталды. Ауа тымырсықтанып, аспанды қалың бұлт қаптады, ақырында гүрілдеп-сарылдап, жаңбырын алып нөсерлі күндер де жетті. Сай-сала суға толды, К-нің күркесін де су басып қалды. Үсті-басы малмандай болған ол тоғанның жел жақ тұсындағы қабырға ығына барып тығылған, қауашағынан шығып кеткен ұлудан айнымай қалған шығармын-ау, деп ойлап қояды. Шамасы, бір жарым сағаттан кейін нөсер басылды, құстар сайрады, батыс бет аспанды кемпірқосақ өрнектеді. Ол күркесіндегі шөп төсекті сыртқа шығарып тастап, іштегі судың жарықтардан сыртқа ағып, сарқылар кезін күтті. Сосын лай дайындап-ап лашығының қабырғалары мен төбесін қайтадан сылауға кірісті.

Есектер қайтып көрінбеді, қарулы көтерілісшілер оралмады, пыр-пыр еткен тікұшақ та қайтып ұшпады. Асқабақтар болса өсіп жатты. Түн ішінде ұрланып барып, К. түйнектерді аялай сипайды. Кешегі түндегіден бүгінгі түні асқабақтарының өсіп, тығыздала түскенін сезеді. Бәрі де жақсы болады дегендей, бойында үміт оты қайта жанды, осы бір тәтті сезім көңілімнен өшпесе екен деп тіледі. Күндіз ұйықтап жатып оянса, күркесінен басын сыртқа шығарып жіберіп, ұмсынып бақшалығына қарайды; асқабақтары болса біз мұндамыз дегендей, бастырылған шөп арасынан бүйірлері жылтырай көрініп, әр-әр жерде дүрдие теңкиіп жатар еді.

Отырғызған шопақтары ішінде біреуі қауын дәні екен. Міне енді, бақша шетінде көгілдір сары түсті екі түйнек өсіп жатыр, оларды К. асқабақтарынан да артық көреді, кілең бір жалаңдаған ағайынды ұлдар арасындағы апалы-сіңлілі нәзік жанды қос қызға теңейді. Ол сырт қабығына зақым келмес үшін түйнектердің астына жұмсақтап шөп төсеп қойды.

Асқабақтарының алды піскен күн де жетті, енді үзіп алса да болады. Ол бақшаның қақ ортасында жатып өскен-ді, ағайындарынан бұрын пісіп үлгерді, асқабақтардың ішіндегі ең үлкені де сол, яғни мұның жаңа туған сәбиі, тұңғыш перзенті еді. Қабығы жұмсақ екен, пышақ майға салғандай оңай енді. Еті, қабық жиегіндегі жұқа, көк қабатын есептемегенде, жарқыраған алқызыл. Ол асқабақ тіліктерін сымнан өріп өзі жасап алған тор үстіне қойып, отқа қақтай бастады, қараңғылық қоюланып, керісінше, ошақтағы шоқ қызылы жарқырап, алаулана түседі. Ауаға бұрқырап қақталған асқабақтың жұпар иісі тарады. Ол бір кезде өзіне мұқият жаттатқан аятты оқуға оқталып, бірақ көкке емес, өзі тізерлеп отырған жерге қаратып айтты: «Маған берген ырзығың үшін мен саған шексіз ырзамын».

Ол қолындағы қос сымның ұшымен оттағы асқабақ тіліктерін аударыстырып қойып отырған, кенет бойын бір тәтті ыстық сезім кеулей жөнелгені. Тура бала күнде үйретілген өсиет – жаратқанға жалынсаң, адал болсаң, қолың бәріне жетеді. «Міне, еңбегімнің тұзы өтелді, деді өзіне-өзі, жер берген еңбегімнің ырзығын жеп, енді осында өмір бойы тұрсам да болады. Жер өңдеймін, жер емшегін емемін, маған басқа ештеңенің керегі жоқ». Ол асқабақтың қақталған алғашқы түйірін аузына апарды. Қызыл күрең қабығы күртілдеп тұр, ал еті сондай жұмсақ әрі сөлі де сондай тәтті. Ол сүйсіне жеуге кіріскенде, көзіне қуаныш жасы да бірге үйірілгені. Мен бұған дейін тап мұндай тәтті асқабақ жеп көрмеппін, деп ойлап қойды, ешқашан! Осында, фермаға келіп тұрып жатқалы бірінші рет ол өзі жеген тамағынан қанағат ләззатын алды. Және қандай! Ол тәбетін тежей алмады. Тор сымды оттан түсіріп, үстіндегі асқабақ тіліктерінің тағы біріне қол созған. Қызыл күрең қабық астындағы алқызыл жұмсағына тістері тағы қадалды. Мен мұндай асқабақты, деді іштей, күн сайын жеуге бармын, маған басқа ештеңенің де керегі жоқ. Әттең, сәл-пәл тұз сеуіп жіберсе ғой, сосын үстінен аздап май жақса, сосын тағы да қант пен тәтті бұрыш сеуіп жіберсе ғой! Ол үшіншісін, төртіншісін, сосын бесінші тілікті де жеп алды, тіпті тең жартысын жеп қойды, тойды, сүйтсе де өзі аңсаған тұздың, сармайдың, қант пен тәтті бұрыштың дәмі аузынан бір кетпей-ақ қойды.

Асқабақтар жаппай пісе бастады да, күтпеген жаңа машақатқа килікті. Өркендерін жасырса да, дөңкиген жемістерін жасыру мүмкін болмады. Олар тізеден келетін қалың шөп арасында, құдды шұқанақ ішінде жатқандай-ақ жарқырайды. Тынығып жатқан бір қора қой секілді. Сонда ол асқабақтарын жасырғысы кеп жанталасып-ақ баққан, бірақ олар күн көзінсіз өспейтін еді, оларға жылт еткен күннің әр сәулесі қымбат болатын. Оның үстіне пәлек бойының сөлі әлі сарқылған жоқ, кейбір асқабақтардың астыңғы жағы әлі де көк еді, алайда бәрібір түгел жинап - ап, бір жерге апарып тығып тастау керек деп ұйғарды, басқа істей қояр амалы да жоқ еді.

Күн қысқарып, түн суыды. Қайсыбірде К. жұмысын қара шапанын киіп жүріп істейді; ұйықтағанда аяғын қапқа тығып, қолдарын тізесі арасына ұстап жылытады. Күн өткен сайын біртіндеп ұйқысы да көбейе түсті. Жұмысын аяқтаған соң, бұрынғыдай дөң басына отырып-ап жұлдыздарға қарамайды, түнгі тылсымнан дыбыс ауламайды, жазыққа шығып дала кезбейді, үңгіріне еңбектеп кіріп алады да, қалың ұйқыға бас қояды. Содан сәскеге дейін көз ашпайды, оянған соң да көзін бірден ашпай ұйқылы-ояу жатып түсініксіз бірденелерді қиялдаған болады, қыбырсыз жатқан күйі қаңылтыр төбеден түскен жылуға денесін төсейді, ал күн ұясына батқанда, ақырын сыртқа шығып, әрлі-берлі бұралаңдап бойының құрышын жазады, отын әкелу үшін өзен жағасына барып, түн түнегі келгенше тал қырқып, жинайды.

Жарығы алыстан көрінбес үшін терең етіп ошақ қазып, мұржа орнатып қойған. Пісірген тамағын жеп болғасын, ошақ жарын екі үлкен жалпақ таспен бүркеп, үстін топырақпен бастырып тастайды. Сүйтсе астындағы қоламта шоғы ақырын маздап тәулік бойы сөнбейді. Маңайын жан шақырар жылы жер іздеген құрт-құмырсқа қаптап, өріп жүреді.

Ол қазір мезгілдің қай айы екенін нақты білмесе де, өзінше сәуір шығар деп топшылайды. Ол күн есебін жүргізген жоқ, айдың қашан туып, қашан батқанын да бақылаған жоқ. Ол мұнда жазасын өтеп жүрген жоқ, елден қуылған да жан емес, тоған басына, өзі қалаған жерге, осында тұрып, өмір сүру үшін келді ғой.

Кешкі алакеугім мен түн түнегіне үйренгені сондай, күндізгі жарықтан көзі қарығатын болды. Бұрын ол түн мезгілінде үйренген соқпағын ғана білуші еді, енді өйтпейді. Себебі, көрмесе де терісі арқылы немесе көз аңғалағына түскен әсерден алдында қандай зат тұрғанын айнытпай таниды. Мұндайда ол алға қарап құр ұмсынғаны болмаса, селт етпес зағип жанға да ұқсап кетер еді. Сондай-ақ, иіс сезгіштік қасиеті де ұшталды. Оның қос өкпесі жер қойнауынан жарып шыққан бұлақ сызымен қосарлана жеткен самал желдің лебімен желпінуге дағдыланды. Осы бір табиғаттың өзіндей мөлдір, ерекше иістен мас болғандай басы айналады, қанша жұтса тоймайды. Ол жер отының аттарын білмесе де, жапырақтарының иісінен-ақ қайсысы қандай екенін бір-бірінен ажырата береді. Ауа иісіндегі өзгерістен жаңбыр жауатынын күні бұрын болжайды.

Жаздың ақырғы күндерінде ол бос жүргенді ұнатып қалды, бірақ оның бұл қалпын бұрынғы бастан кешкендерімен салыстыруға болмас еді, өйткені бұрын сірескен белін жазу үшін, қолында шағын кетпені, қарық түбіне тізерлей отыра кетіп, тым болмаса екі-үш минөт тынығып алсам-ау деп армандайтын, ал қазір бойындағы бар еркін уақыт жетегіне берген, құдыретті уақыт жалпақ жердің үстімен бір қиырдан бір қиырға үйреншікті аяңымен ақырын жылжиды, мұның денесін құшағына алып аймалайды, кеудесін, қарнын сипайды, аймалап қабағына сүйкенеді. Әлдебір шаруаны орындау керек болғанда, ол әдетте ренжімейді, бірақ бұрынғыдай қуанбайды да, өйткені оған бәрібір еді. Жатқан жерінен күні бойы бір тапжылмайды, төбеге жабылған қаңылтырға қарайды, оған түскен тотық дақтарына көз сүзеді, оның ойлары ешқайда шарықтамайды, өйткені қаңылтырдан басқа ештеңені көрмейді, табиғат бояулары мен заттары қиялын қозғап, әлдебір қызық образлар туғызбайды, бар болғаны өзін ғана біледі, тотықты тотық деп қана таниды, ол үшін тек уақыт қана қозғалады, уақыт ағыны ғана оны әлдеқайда алып бара жатады. Бірер мәрте бұныкінен басқа да уақыт бары, онда соғыс жүріп жатқаны байқалды,-тас төбесінен ысқырып реактивті истребительдер ұшып өткен. Сонымен ол да жым. Ол күнтізбесі мен сағат есебінен тыс жағдайда, жұрт ұмытқан әлдебір жабайы түкпірде өмір сүреді; ұйқыда ма, ояу ма, өзі де білмейді. Сонда да: Мен, сірә, тас астында тығылып жататын бөгелек, әлде кесіртке шығармын, деп те ойлап қоятыны бар.

Яккалсдрифте жүргенде полицай капитаны не деп еді, иә, жатып ішер жалқаусыңдар, деген аузынан көбігі бұрқырап, сендер жайқалып тұрған сәнді қаланы былғайсыңдар, тегін ішіп-жеп өтеуіне ештеңе бермейсіңдер... Өзінің үңгірінде қыбырсыз жатып-ап осы жайды еміс-еміс еске алғанда (маған осыларды білудің керегі де жоқ-ау), бұл сұраққа өзінің де анық жауап бере алмасын ойлайды: шынында, кімнің мойнында кім отыр: лагерь қала мойнында ма, әлде қала лагерь мойнында ма? Эхинококк қойды жейді, ал оның ұрығын қой жейді. Неге бұлай? Мүмкін біз миллион шығармыз, миллионнан да көп шығармыз, дәл анығын кім білген, бәрімізді лагерге әкеп қамады дейік, біз енді жер ана берген ырзық есебінен бөлінген қайыр-садақамен өмір сүреміз, уақыттан безіп, уақытты алдау үшін неше түрлі айла-амалға барамыз, иілеміз, бүгілеміз, кез-келген жырық пен тесікке тығылып, жалауымызды желбіретпеуге тырысамыз: тек ешкім көрмесе екен дейміз, - әсілі, біз өзі қаншамыз? Егер паразиттер өздері қорек ететін организмдерден әлдеқайда көп болса ше, мысалы, еңбек етпейтіндер, сосын олардың жасырын түрлері: армиядағы паразиттер, полициядағы, мектептердегі, кеңселердегі, зауыттардағы және жүректердегі паразиттер. Осыларды түгел паразиттер деуге бола ма? Бұлар да ет пен сүйектен жаратылғандар ғой, ендеше, бұлардың өздеріне де паразиттік жасауға болады емес пе.

Лагерь қалаға, қала лагерге паразиттік жасамайды, бар гәп кімнің даусы қаттырақ шығатынында болса керек.

Анасын да еске алып қояды. Туған жеріме, үйіме апар деді ол, алып келді, әрине, одан қалған күлді анам деуге болатын болса. Ал егер ол бұл фермада тумаған болса ше? Шынында, анасы айтқан ұраның тас қабырғалары қайда кеткен? Ол күндіз өзін еріксіз күштеп усадьба төңірегіне алып барған-ды, жота іргесіндегі шағын үйшіктерді аралаған, маңайларындағы төрт бұрышты жер телімдерін тінткілеген. «Егер анам, шынымен, осында тұрған болса, мен оны қалай да сезуге тиіспін ғой», деп өзін-өзі қамшылап та көрген. Ол көзін жұмып, анасы айтқан әңгімені қиялымен тірілтті: сазбалшықты қабырғалар, қамыс төбелер, алмұрт бағы, жалаңаяқ кішкентай қыз әкелген жемді тауықтар жабыла шоқып жатыр. Кішкентай қыздың артында, табалдырық аузындағы алакөлеңкеде, бір әйел тұр, сол әйелден мына жарық дүниеге мұның болашақ анасы туған екен.

Анам ауруханада жатқанда, дейді қиялын жалғастырып, ажал тырнағы таянғанын сезіп, шын өлетінін білгенде, жанарымен мені емес, алдымен өз анасын, яки оның елесін іздегені сөзсіз ғой. Мен үшін кемпір болғанмен, өзі үшін ол бала болып қала берді ме екен, сондықтан, әрине, анам мені қолына алып жұбатса екен деп демі таусылар соңғы сәтте жанұшыра шыңғырған да шығар-ау. Менің шешемнің шешесі де, біз білмейтін бағзы өмірде, кішкентай қыз, яғни ол да бала болған ғой. Демек, менің артымда кішкентай балалардың таусылмас тізбектері жатыр екен-ау. Ал солардың ең басында ұзын сұр көйлегінің етегі жер сүйреткен әйел тұр, ол ешкімнен тумаған. Одан әрі әлгі әйел өмір сүрген жаратылыстың басын, тыныштықты ойламақ болғанда, бойын бір түсініксіз салмақ басып, басының іші жарылып кете жаздайды.

Ол ұйқыдан бас алмай қойды да, бақшалыққа жануарлардың алды келе бастады: қояндар, кішкентай сұр еліктер. Егер олар тек жапырақтарын ғана жесе ғой, жоқ, өркендерін қиды, тамырларына тіс салды, сүйтіп жемісіне сөл келетін жолдарды қиды, К. бойын еріксіз ашу мен ыза кернегені. Мына бәлекеттер аялап, әспеттеп жүрген екі бас қауынын құртып кетсе ше? Ол сымнан қақпан жасауға кіріскен, ұзақ әуреленді, бірақ ақыры түк шығара алған жоқ. Ал ендеше деп, бақшасының тура қақ ортасына жатып алуға ұйғарған. Бірақ шарасына толған ай жарығы ұйқы бермеді, оның үстіне тоңған аяғы сыздады, әрбір тырс еткен дыбыстан шошып оянып та маза таппады. Бақшалықты тоғанмен қосып қоршап қойса ғой деп қиялдады, мықты сым тормен және етегін бір фут, тіпті одан да тереңірек етіп көмсе ғой, әй, шіркін, біреу кірмек түгіл, тышқан астынан ін қаза алмас та еді-ау.

Аузынан үнемі қан дәмі сезіледі. Іші өткен, тыйылмады: орнынан тұрса, басы айналады. Ас қазаны жұдырықтай боп бүрісіп қалған-ау. Ол тәбеті жоқтығына қарамастан, асқабақ жеуге өзін еріксіз зорлайды, ондайда ішінің бүріп ауырғаны ептеп басылса да, бәрібір еңсесін езген зілмауырдан құтылар түрі жоқ.

Асқабақтар бір мезгілде пісе бастады да, пәлектері сарғайып, жапырақтары қуарып кетті. К. жиын-терімді қайда орналастыруды алдын-ала ойластырып қою керегін ескермеген екен. Өзінше жол тауып, асқабақтарды кесіп, тіліктерін күнге жайып кептіріп алмақ болған, алайда төңірегіне шыбын-шіркей құжынап, тез шіріп кете берді де, бәрібір одан түк шықпасына көзі жетті. Содан кейін ол отыз асқабақты түгел жинап әкеп күркесі жанына үйген. Маякқа ұқсаған пирамида пайда болды да қалды. Асқабақтарды жерге көміп сақтауға болмайтын еді, өйткені оған жылы және құрғақ жер керек. Ол күн сәулесінен жаралған перзент қой. Ақырында ол асқабақтарды өзен бойындағы қалың шөп арасына апарып, қатар-қатар қойып жасырды да, көзі түскен адам не екенін білмес үшін қабығына балшық жағып әлеміштеп тастады.

Міне, қауын піскен күн де жетті. Біреуін ол, жаратқаннан денсаулығын қайтаруын тілеп, жалына тұрып, қолма-қол сол бойда-ақ жеп алған. Күші орнына келмесе де, өзін әжептәуір жақсы сезініп қалды. Қауынның еті өзен құмы түстес, тіпті одан да айқын алқызыл еді. Өмірімде тап мұндай тәтті қауын жегем жоқ. Шіркін-ай, осынау тіл үйірген ерекше дәм құрамының қайсысы шопақтан, қайсысы жерден келді, білсем ғой, деп ойлады. Ол қауын шопақтарын бір түйірін қалдырмай түгел жинап алды да, кепсін деп күн көзіне қойды. Бір шопақтан – бір уыс дән, жерге сіңірген еңбектің ырзығы деген осы-ау, сірә, деді іштей тебіреніп.

К. үңгірінен шыға алмай қалған ауыр күн де келіп жетті. Ол оянғанда талтүс еді, тамаққа тәбеті шаппады. Сыртта уілдеген суық жел, бақшада енді істейтін іс жоқ, жазғы және күзгі қаракет түгел аяқталған. Ол екінші жамбасына қарай аунай беріп, қайтадан қор ете түсті. Сол жатқаннан таң ата оянған, құстар жарыса сайрап жатыр екен.

Мезгіл есебінен біржола жаңылды. Кейде ояна сап қараса, талтүс. Ескі қара шапан асты бықсық, қап ішіне тыққан аяқтары өзінікі емес, басқа біреудікі сияқты. Ұйқысын аша алмай, мәңгіріп ұзақ жатады. Дене қуатының сарқыла бастағанын сезеді. Өкпесіне жөнді ауа келмей жатқанын аңғарып, бүйте берсе, бір күні тыныс алудан да қалармын, деп те қояды. Қолын көтереді, қорғасын құйып қойғандай ауыр, кеудесіне түсіріп құлата салады; әлдебір алыста, басқа өмірде әлсіз бірдеңе қыбырлап-жыбырлап жатқандай көрінеді.

Күндер мен түндер тоқтаусыз жылжи берді, ол әдеттегідей ұйқыдан бас алған жоқ. Бірде түс көріп, түсінде үсті-басы алба-жұлба, аузы-басынан темекі иісі аңқыған бір шал К-ні иығынан бүре ұстап, сілкілеп қойып: «Бұл жерден кет!», деп айқай салғаны ғой. К. босанбақ боп қанша тырысса да, оған анау көнбеді: «Бұл жерден сен жақсылық таппайсың!», дейді ысылдап.

Анасы да түсіне кірген. Екеуі тау ішінде жүр. Анасының аяғы күп боп іскен, бірақ жас, әдемі-ақ. Ол қолдарын кең сермеп, жердің бір шетінен бастап екінші шетін көрсетеді: оның бойын шаттық пен қуаныш кернеп тұр. Шұбар жер, жасыл жағалаулы өзендер, жолдар да, фермалар да жоқ, тек мөлдір ауа, жым-жырт тыныштық. Қолдарын желдиірмен қанатынша қуана сермей тұрып, ол өзін әне-міне жақпар тасты тау шоқылары арасымен сонау алыс жатқан тынысы кең, жазық дала аспанына қарай самғай жөнелетіндей сезінеді, бойында қорқыныш жоқ, өйткені ұша алатынына сенімді болатын.

Кейде ұйқысынан оянғанда, қанша жатқанын, бір тәулік, бір апта, әлде ай бойы ма, өзі де білмейді. Ондайда: «Осы маған бірдеңе болған-ау», дей салады. Тамақ жеу керек, дейді, өзімді күштесем де тұрайын, асқабақ алып келейін. Бірақ тұрмайды, керісінше, аяғын соза түседі, рахаттанып есінейді, түк істегісі келмейтіні қандай ғажап, жата бер, уақыттың ақырын жылжып жатқанын түйсінсең болды емес пе. Тамаққа зауқы жоқ: бірдеңені шайнаңдап, қарынға түсірмек боп жұтынып керегі не?

Біртіндеп ауыр ұйқысы әлсірей бастады да, жиі оянатын болды. Бір түсініксіз бейнелер қиялына тез келіп, тез кетеді, ойында сақтай алмай қалады. Шөп төсегі үстінде жиі дөңбекшиді, ұйқыдан бас алмау дұрыс емес-ау, тұру керек дейді, бірақ тұрып кетуге еркі жетпейді. Басы сынып ауыратынды шығарған: еріксіз тістенеді, өйтпесе әрбір жүрек соғысы бірден миға жетіп, инеше сұққылай бастайды.

Жаңбырлы маусым келді. Әуелі алыстан гүрілі естілген. К. оны елеген де жоқ еді. Алайда, қақ төбесінен аспан жарылып, қара нөсер құйды да салды. Тесік-құтықтардан су кіріп, қуыстарды толтырды, қабырға балшығын езіп жіберді. К. жапсар астынан пана болар құрғақ жер таппады. Күрке едені сарқыраған өзекшеге айналды, ол сонда да қара шапанына оранып, бұрыш тұкпіріне тығыла түсіп, ұзақ ұйқысын жалғастырған. Оянады да қайта ұйықтайды.

Күндізгі жарық әсерінен оянған. Тоңып қалыпты. Аспанды бұлт торлап, түнеріп тұр, от тұтатуға да жарамай, жоқ, бұлай өмір сүруге болмас, деді. Бақшасын аралады, сутартқыш жанына келді. Бәрі орнында, бірақ өзі бұл жерге өгей-ау, тіпті адам емес, аруақ сияқты ма, қалай? Жерге қақ тұрған, қашаннан бері бірінші рет өзен арнасына су келген, ені сегіз-он ярдтай болатын лай тасқын ағып жатыр. Қарсы жағалаудағы көксұр қиыршық үстінде әлдене ағараңдайды. Шынымен, жаңбыр әсерімен дәу саңырауқұлақ бір демде өсе қалғаны ма? Кенет бойы дір етті, ау, мынау саңырауқұлақ емес, асқабақ қой!

Жаңбыр басылар емес. Әлсірегені сондай қолын көтеруге де шама жоқ, шалдарша тізесі қалтырап, аяғын әрең басады. Кенет отыруым керек деп ойлады да, сыз жерге отыра кетті. Атқарар қыруар жұмыс бар, күшім жете ме? «Ұйқым қанбады ғой, деді сосын, қанып бір ұйықтап алсам». Бірдеңе жеуі керек-ау, көз алды қарауытқанын қояр ма еді, ас жайында ойлауы мүң, өзегі талып, іші бүріп-бүріп кетті. Ол өзін зорлап көз алдына бір шәшке ыстық шай елестетті де, төрт аяқтап еңкейіп, қақ суына бас қойған...

Тұра алмаса керек, оны сол қақ жиегінде жатқан жерінен тауып алған. Рас, ол солай жатып-ақ алыстан талып жеткен мотор даусын естігендей еді, бірақ оны жақындап қалған нөсерге жори салған-ды. Олар усадьба қақпасы алдына келгенде барып, жақсылап көрді және түсінді, кім екендерін. Ол бойын тіктеген, бірақ басы айналғасын қайта отырды. Машиналардың бірі там жанында қалып, екіншісі - «джип», жазық бойымен тура осылай қарай тартып келеді. Машинада төрт адам. Олардың қалай жақындағанына құр қарағаны болмаса, бойын бір ауыр шарасыздық сезімі билеп алған еді.

Басында олар оны кәдуілгі көп қаңғыбастың бірі, яғни полицайлар дер кезінде ұстап - ап, Яккалсдрифке жөнелтіп үлгермеген міскін болар деп ойлаған.

-Мен осы саяжайданмын,- деген ол өзінен жауап ала бастағанда, - мен еш жерде тұрмаймын.

Басын көтере алмай тізесі үстіне түсіріп жіберді, басы ішінен біреу балға соғып жатқандай, аузы ащы запыранға толды. Солдаттардың бірі оны қолынан ұстап сілкілеп еді, К. қолын тартып алған жоқ. Бұл қолдар өзінікі емес, құдды бір кеуде тұстан орната салған қу таяқ сияқты еді.

-Қызық-ай, бұ шіркін немен тамақтанған екен? – деді солдат. –Шыбындармен бе? Әлде, құрт-құмырсқа, шегірткемен бе?

К. олардың бәтеңкелерін ғана көріп отырған. Көзін жұмды да, бұл жалғаннан ғайып болды. Біреулер иығынан жұлқылады, тағы біреу мұрны астынан бірдеңе тықпалады – бутерброд, қалың екі тілім ақ нан, ортасына шұжық қыстырған. Ол шегініп кетіп, басын шайқады.

-Же! – деді қамқоршысымақ, - Күшіңді жина!

Ол бутербродтан бір тістеген. Жей бастап еді, аш құрсағы қатты бүріп сыртына қарай айналып кеткендей болды. Басын тізесі үстіне қайта тастап жіберді де, аузындағы нан мен шұжық тұйірін түкіріп жіберді, бутербродты өздеріне қайтарды.

-Өй, мынау ауру ғой, - деді біреу.

-Шошқаша сорған-ау, - деді екіншісі.

Тап осы жерде олар мұның үйі барын аңғарды; жаңбыр бар балшығын езіп кеткен, тас қабырғалар арсиып-арсиып тұр. Әуелі олар төрт аяқтап еңбектеп үңгірге кезекпен кіріп шыққан. Сосын төбесін жұлып түсірген, бәрі алақанға қойғандай жарқырады да қалды: түкпірде күрек пен балта, қабырғаны іштен ойып жасалған сөрелерде пышақ, қасық, тостаған, күрешке, линза, еденде шөп төсек.

Солдаттар К-ні көтеріп-ап там жанына алып келген, бірақ олардың бұған деген әрекеттерінен бастапқыдағыдай аяушылық белгісі сезіле қойған жоқ. К-нің бетін жас жуып кетті.

-Сенің жұмысың ба?- деп сұрады олар. К. бас изеді. –Сен мұнда жалғызсың ба? – Ол тағы бас изеді. Оны ұстап тұрған солдат кенет қолын ауырта бұрап артына қайырған, К. жаны шығардай ышқынды. –Шыныңды айт! – деп ақырды солдат.

-Мен шынымды айттым, - деді К.

Жүк машинасы келген; айнала қатты сөйлеген дауыстарға, рацияның шиқылы мен ысқырған үніне толып кетті; солдаттар К-ні қоршап алды, айналдыра қарап жүр, оның соққан лашығын қызықтауды да ешқайсысы ұмытқан жоқ.

-Тарқаңдар! – деді бұйрық беріп. – Айналаны түгел тінтіңдер! Жаяу соқпақтарды, жыра-сайларды, жер асты жолдарын, қоймаларды – түгел! – Оның үстіндегісі де басқаларынікі секілді көз алдау киім, ешқандай айырма белгі жоқ, ондайы болса К. оның командир екенін білер еді.

-Біз бұл халықты білеміз, - деді ол сөзін жалғап. Ешкімге тура назар салмаса да, көзі бір жерге тоқтамай ойнақтап кеткен еді. – Естеріңде болсын, қайда аяқ бассаңдар да жер қойны айқыш-ұйқыш үңгір. Кейде осындай жер шетіне келесің, иесіз, жабайы екен деп ойлайсың. Сосын бұрылып та үлгермейсің, жер астынан тарақандарша қаптап шыға келеді. Сұраңдар, мұнда келгеніне көп болып па? - Бұрылып, К-ге қарап айқай салды: - Әй, сен! Осында жүргеніңе көп болды ма?

-Өткен жылдан бері, - деді К. Өтірігінің сәтті, әлде сәтсіз шыққанын өзі де аңғармай қалды.

-Жарайды, достарың мұнда қашан келмекші еді? Қашан келеді деп күтіп жүрсің?

К. иығын қозғады.

-Тағы бір рет сұраңдар, - деді офицер сырт айнала беріп.-Дұрыс жауап алғанша сұрай беріңдер. Достарының қашан келетінін айтсын. Олардың бұл жерде соңғы рет қашан болғанын да айтсын. Мүмкін өзі мылқау шығар? Тексеріңдер. Шын кеңкелес пе, әлде өтірік сондай боп көрінгісі келе ме? Тексеріңдер.

К-ні ұстап тұрған солдат оны желкесінен қос саусағымен бүре, төмен қарай итеріп қалған, К.басы әуелі тізесіне соғылып, сосын тұмсығымен жер сүзе құлады.

-Офицердің бұйрығын естідің бе? – деп сұрады солдат.- Енді айта бер. Не білесің, бәрін айт. – Ол К-нің басындағы беретті жұлып алып, тұмсығын балшыққа батыра түсті. Мұрны, ерні сазға былғанған К-нің аузына былжыраған лай дәмі келді. Ол ауаны қармана жұтқан. Оны көтеріп, аяғына тұрғызып қойды. Ол көзін аша алар емес.

-Достарың туралы айт, бізді ақымақ қылғаныңды доғар! – деп бұйырды солдат.

К. басын шайқаған. Сол сәт кіндік тұстан қатты соққы алды да есінен танып қалды. Солдаттар осы жерде тығылған азық-түлік пен қару-жарақ қоры бар дегенге сенімді болатын, сондықтан оларды күні бойы сарсылып іздеумен болды. Әуелі тоған айналасын қарап шыққан, сосын өзенді жоғары-төмен бойлай мұқият тінткіледі. Солдаттардың бірінде құлағына ілген аспап, қара қорап, қолындағы таяқ басын жерге таяп өзеннің саз балшықты жағалауын ақырын жағалады да жүрді. Олар асқабақтарды тауып алған, түгел жинап бақша шетіне әкеп үйіп қойды. Асқабақтың табылуы олардың бұл жерде жасырылған талай нәрсе бар деген сенімдерін бекіте түскендей еді. («Әйтпесе мына маймылды бұл жерге күзетке қалдырмас еді ғой»,- деген дауысты естіді К.)

Оны қайтадан сұрақ астына алмақшы еді, жауап беруге шамасы жоғын байқап, шай берген. Ол оны ішіп алды. Олар енді К-ні алдарқата бастады:

-Сен өлім аузында тұрсың, - десті олар. –Қарашы өзіңе, қарашы, не істеген саған. Шын достар өсти ме? Олардың саған түкіргені бар. Үйіңе қайтқың келе ме? Апарып саламыз, жаңа өмір бастайсың.

«Джип» доңғалағына арқасын сүйетіп отырғызып қойды. Біреу оның жерде жатқан беретін көтеріп тізесі үстіне тастады. Біреу қолына бір тілім ақ нан ұстатқан. Ол одан бір тістеп жеген, сол сәт екі бүктетіліп кетті де, нанның түйірін де, ішкен шайды да құсып тастады.

-Эй, қойыңдар сендер оны, - деді біреу. –Жаратқанына жақын барғысы кеп жүрген міскін, көрмейсіңдер ме?

К. жеңімен аузын сүртті. Жан-жағы қаумалаған солдаттар; олардың әрі қарай не істерлерін білмей дағдарғанын сезеді.

Ол сөйлеп кетті.

-Сендер мені басқа біреумен шатастырып алдыңдар, - деді, -Ұйықтап жатқанымда сендер келіп оятып жібердіңдер, бар болғаны осы.

Олар түк түсінген жоқ.

Солдаттар үйге кіріп орналасқан. Асүйге өздерінің көшпелі пештерін әкеп қойған еді, көп ұзамай К –нің мұрнына қызанақ қосылған дәм иісі келді. Дәлізге біреу транзистор ілсе керек, электрлі ырғақ естіле бастады. Бұл дыбыс К-нің бойында үрей туғызып, мазасын кетірді.

Оны ұзын дәліз түкпіріндегі жатын бөлмеге әкеп төрт бүктелген брезент үстіне тастады да, арқасына көрпе жапты. Жылы сүт беріп, аспирин деп екі таблетка ішкізді, бұл жолы жүрегі айныған жоқ. Кейінірек, әбден қараңғы түскенде, бір жас солдат тостағанмен көже әкелген.

-Мүмкін аздап та болса ішерсің, - деді ол, қолшамымен тостағанға жарық түсіріп қойып. К. үстінен қою тұздық құйылған екі тал сосиски мен картоп ботқасын көзі шалды. Ол басын шайқады да, бетін қабырғаға қарай бұрып әкетті.

Солдат кетерінде тостағанды төсек жанына қойды: «Әлі де ойланып көрерсің». Бұдан кейін оған ешкім келген жоқ. Бірақ тамақ иісі мазасын алып, ұйқысы ашылып кете бергені. Ол жатқан жерінен еріксіз тұрып, тостағанды бұрыш жаққа, өзінен аулағырақ апарып қойды. Солдаттардың бір бөлігі баспада, бір бөлігі қонақ бөлмеде еді. Олар ауыз жаппай сөйлесіп, жарыса қарқ-қарқ күлумен болды, бірақ ешқайсысы шам жаққан жоқ. Таңертең Принс-Альберттен ит жетектеген полицайлар келіп жеткен, әрине, жер асты жолдары мен жасырылған қорларды іздеу үшін. Капитан Остхейзен К-ні бірден таныды.

-Бұ шіркіннің ұсқынындай ұсқынды ұмытуға бола ма? – деді ол. –Бұл көкең Яккалсдрифтен желтоқсын айында қашып кеткен еді. Аты – Михаэле. Ал сендерге кіммін деді?

-Михаэл деп, - деді офицер.

-Михаэл емес, Михаэле, - деді капитан Остхейзен, бәтеңкесімен К-ні арсиған қабырғасынан түртіп қалды. –Өледі деп ойламаңдар, өзінің түрі осындай. Солай ғой, Михаэле?

К-ні тағы да тоған басына алып келген, ол ашулы иттердің қарғы бауларынан шығып кетпек боп қалай арсылдағандарына, су жағасындағы әрбір бұта түбін иіскелеп, тіміскілегендеріне, солдаттардың иттер соңынан зорға ілесіп, қалай қорбаңдағандарына қызыққандай қарады да тұрды. Сүйтіп іздегенде олардың бар тапқаны – қояндар мен кірпікшешендердің бірнеше іні ғана болды. Остхейзен К-ні самай тұстан жұдырығымен түйіп жіберді.

-Маймыл неме! – деді ысылдап. – Бізді ақымақ қылғың келеді екен ғой?

Иттерді фургонға әкеп қамап қойды. Әлі де іздей түсейікші дейтіндей ешкімде де құлық жоқ. Жас солдаттар күн шуағына жылынып, кофе ішіп, өзара мылжыңдасып тұрды.

Басы тізесіне салбырап К. отыр. Ойы ашық, тек басы айнала береді, тоқтатарға еш амалы жоқ. Езуінен шұбырып сілекейі ағып жатыр, мейлі, дейді, маған бәрібір. Мына даланың әрбір тасы мен төбешігін жаңбыр суарады, күн көзі жылытады, жел құрғатады, содан кейін тағы оралып көктем келеді. Алайда тап бір мен бұл жерде өмірі болмағандай, анамнан ешқандай із қалмағаны сияқты менен де түк із қалмайды, анам осы жерде туған, бірақ өлген соң күлін жаңбыр шайып, жел ұшырып әкетті де, орнын шөп басты. Ендеше мені бұл жерге байлап қойған не нәрсе, мен оны неге қимаймын? Түптің түбінде бәріміз де үйден кетіп, аналарымызбен қоштасамыз ғой. Әлде, мен сәби шығармын, анау ұрпақтар тізбесіндегі баламын, ол тізбекті ешқашан ешкім үзе алмайды, сондықтан бәріміз де өлу үшін осы жерге келеміз, басымызды міндетті түрде аналарымыздың тізесіне қою үшін, мен өз анамның, анам өз анасының, сүйтіп анау арғы түпкі анаға шейін ұрпақтан ұрпаққа созылып жалғаса береді ме?

Қатты жарылыс естілді, артынша екіншісі. Ауа дірілдеп, құстар шулады, бөктерлерді гүрілдетіп жаңғырық кезіп кетті. Зәресі ұша К. басын көтеріп алды.

-Қара! – деді солдат, саусағын шошайта көрсетіп.

Висагидің тамы тұрған жерден қызыл жалын араласқан кір-кір қалың бұлт жоғары шапшыды, бірақ тұман емес, шаң, құдды бір асау жел үйді қанатына іліп - ап, толайымен ұшырып әкетіп бара жатқандай. Міне, бұлт өсуін қойды, сейіле бастады, шаң арасынан там қабырғалары арсиды; мұржасы сорайып асүй қабырғасының бір бөлшегі, баспаның үш тіреуі. Төбенің қаңылтыр жабуы жоғарыдан құс қанатынша қалықтап келді де, ақырын жайлап қона кетті. Бірақ тарсыл-гүрсіл тыйылған жоқ, алайда ол тау жақтағы нөсер шуылы ма, әлде, өз бас қауашағының ішінен естіліп тұрды ма, К. айыра алған жоқ.

Дәл жанынан қарлығаштар ұшып өтті, төмендеп, жақын ұшқаны сондай, егер қол созса, ұстап-ақ алғандай еді.

Тағы бірнеше жарылыс естілген, бірақ К. ол жаққа қараған жоқ, қарамаса да қиратып жатқандары сарайлар екенін біліп отырды. «Бәрі бітті, енді Висаги отбасы жасырынатын жер қалған жоқ», - деп ойлап қойды.

Кедір-бұдыр жол бойымен қойқалаңдап, тағы да «Джип» келіп жетті. К. төңірегіндегі солдаттар заттарын буып, жинастыра бастады. Іштерінде тек бір солдат қана мұның бақшалығы арасында жүріп, әлдебір жұмысын жалғастыра бергені. Ол шым бетін күрекпен ойып алады да, бір шетке ұқыптап үйіп қояды. Көңліне мазасыздық кірген К. теңселе басын әлгінің қасына келді.

-Сіз не істеп жүрсіз? – деді дауыстап.

Солдат жауап қатқан жоқ. Ол қазып жатқан жер кәдімгідей шұңқырланып қалыпты, қызығы, топырақты босқа шашпай, қара пластик үстіне әкеп төгеді. Мұнысы ол қазған үшінші шұңқыр екен, алғашқы екеуінің жанында да, қара пластик үстіне, тамырлармен қоса қазылған топырақ үйіндісі жатыр.

-Сіз не істеп жатырсыз? – деп сұрады қайталап. Бөтен біреудің мұның жеріне кеп шұқылай бастағанын көргенде, жан дүниесі өстіп соншалық қатты күйзелетінін бұрын ойлап көрді ме екен?

-Қане, мен көрейін, - деп өтінді. – Мен жер қазып үйренгенмін.

Бірақ солдат кедергі жасама дегендей қолын сермеді. Үшінші шұңқырды аяқтап, одан тура сегіз қадам жер өлшеп - ап, ол араға да солдат қара пластигін төсеген. Сосын кірш еткізіп күрегін жерге қадағаны сол еді, К. оның алдына кеп шөп бетін қолдарымен жаба құлады.

-Өтінемін, досым, өтінемін! – деді жалынып. Солдат түк түсінбей шегініп кеткен. Біреулер К-ні жағасынан сүйреп былайырақ шығарып тастады.

-Әкетіңдер, кедергі жасамасын, - деді солдат. К. сутартқыш жанына кеп солдаттан көз алмай қарап тұрды. Ол аңыздың әр тұсынан сегіз шұңқыр дайындаған еді, олардың арасын ұзын ақ таспамен жалғады. Екі солдат жүк машинасынан жәшік әкеп, мина орнатуға кіріскен. Олар минаны шұңқыр ішіне қойып, сақтық шүріппесінен босатса, әлгі шұңқыр қазған солдат бетін топырақпен көмеді. Орнында ешқандай із қалмасын деп, шым бетін қолындағы шөткемен тегістейді, сосын өзі ол жерден төрт аяқтап еңбектеп ақырын шығып кетеді.

-Аяққа оратылып бұ жерде неғып жүрсің? – деген дауыс естілді К-нің ту сыртынан. – Қане, машинаға бар, күт. – Офицер екен. К. оның айтқанына көніп, кетіп бара жатып, әлгінің бұйрықтарына құлақ түрді:

-Екі данасын жерден екі ярдтай биік алып, қазыққа байлаңдар. Тағы біреуін табан жолға жасырыңдар. Басып қалған кезде, аяқтары түгіл, бастары қайда қалғанын білмейтіндей болсын.

Жабдықтар машинаға тиелді. К. қорапта солдаттармен бірге отыр. Машина қозғала берген еді, біреу бақша шетінде үйліп жатқан асқабақтарды көрсетті.

-Оны да алыңдар, - деді дауыстап «джиптегі» офицер. Асқабақтар тиелді.

-Ал енді күркені қалпына келтіріңдер.

Солдаттар тырбаңдап төбе қаңылтырын орнына қойғанша, машинадағылар оларды күтіп қалды.

-Үстінен таспен бекітіңдер! Тезірек!

Жүк машина ақыры қозғалып, «джип» артына түсіп-ап, ойқы-шойқы қара жолмен шойқалаңдап жүріп кетті. К. төбедегі қайыстан ұстап алған, қасындағылар бұдан әрірек ығысып жатыр, машина шайқалғанда байғұстың үстіне құлап кетпейік деп сақтанған түрлері ғой. Машина доңғалақтарынан бұрқыраған қалың шаң, артта қалып бара жатқан дүниені көрсетпей көлегейлей бастады. Ол қарсы отырған солдатқа қарай еңкейіп:

-Анау үйде, - деді, - жасырынып жүрген бір жігіт бар еді.

Солдат түк түсінген жоқ. К. сөзін қайталады.

-Мынау не деп отыр? - деп сұрады біреу.

-Анау үйде біздің тағы біреуіміз тығылып жатушы еді дейді.

-Айт оған, ол өлген де. Қазір жұмақта жүр деп айт.

Машина үлкен тас жолға шығып, жүрісін үдеткен, доңғалақтар бір әуенмен зыр-зыр, солдаттар да тыныстарын еркін - ап, жеңілденіп қалғандай еді. Бұрқыраған шаң артта қап, әлдеқайда маңып барады, машина соңында таспадай созылған түзу жол ағараңдайды, Принс-Альбертке апаратын кең даңғыл ғой.

Жалғасы бар...

АУДАРМАШЫ ТУРАЛЫ:

Өтен Ахмет – жазушы, драматург, аудармашы. «Алыптың адымы» деген алғашқы очерк-кітабы 1968 жылы, содан кейін «Алда күн бар», (1973), «Адам болғым келеді», (1975), «Алтын арқау», (1977) повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар» (1988), «Қарқаралы аруы» (2008), «Сахна сыртындағы адам» (2018), «Мәңгілік ғұмыр»романдары жарық көрген. Республикалық, облыстық театр сахыналарында қойылған «Темірқазақ», «Жұлынқұрт», «Кенесары–Наурызбай», «Бағдаршам», «Студенттер», «Желтоқсан ызғары», «Банкрот», Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Александра-Бәдрисафа өміріне арналған «Азаппен өткен өмір-ай», мемлекеттік қайраткер Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау», «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» пьесаларының авторы. Жан Ануйдың «Медея», Жан Расиннің «Федра», Георг Бюхнердің «Войцек», Бернард Шоудың «Адам Ата-Хауа Ана», Э.Радзинскийдің «Нерон мен Сенека, Рим театры», Хайнер Мюллердің «Филоктет» пьесаларын, Нобель сыйлығының лауреаттары Дж.Кутзеенің екі романын, А.Рюноскэ, Р.Брэдбери, А.Кроулер, Дж.Ричи, С.Кинг, Я.Кавабата, Х.Кортасар, Д.Сэлленджердің әңгімелерін қазақ тіліне аударған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар