Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Қапалақтап жауған қар...

29.10.2018 6643

Қапалақтап жауған қар

Қапалақтап жауған қар - adebiportal.kz

Екі жыл бұрын «Менің атым - Қызыл» романын оқып Орхан мырзаның ерек түйсігі мен тәсіліне таңғалған едім. Бейжіңдегі Түркия елшілігінде өткізген кездесуде «Ыстық ауа мен суық ауа кезіксе жаңбыр жауады, ыстық ағыс пен суық ағыс түйіліскен жерде балық көп болады, әр түрлі мәдениет тоғысқан ортада ұлы жазушылар мен әйгілі шығармалар дүниеге келді, демек, Ыстамбұл сияқты қаладан Памук сияқты жазушының туылуы да заңды» деп айтып, бұл сөзім көптеген газет-журналда жарияланды. Өзім де мақтанып жүрдім, бірақ, «Қар» романын оқығаннан кейін ол айтқан сөздерімнен ұялдым, бір қарағанда ол сөз дұрыс сияқты көрінгенмен, шындығында Орхан мырзаның кешкен өмірі мен өнер туралы түсінігіне немқұрайлы қараған екенмін.

Әрине, Ыстамбұл Еуропа мен Азияның көпірі. Тарихы ұзақ, әр түрлі мәдениет, сондай-ақ әр түрлі келіспеушілік пен қарсылықтарды бауырына басқан алып қала Орхан Памук сынды жазушының өміріне ықпал еткені анық. Бірақ, бүгінгі жаны жайсаң, бекзада, асыл мінез, кітапқұмар, адамзаттың тағдырына көңіл бөлетін, араша сұрайтын талант иесі қайда болса да керемет туындылар жарата алады, қайда болса да жарқырап көрінері даусыз. Бұған «Қар» романы дәлел. Төменде мен бұл романның ерекшелігін төрт жақты түсіндіремін.

1. Баяндаудың сырлы ордасы

Кафка өзінің К-сын қорған сыртында алды-артына теңселтіп жүргізгендей, Орхан да КА есімді бір кейіпкерді қалаға оп-оңай кіргізіп, оны бұл қаладағы өшпенділік құшағына тастайды және оны қайшылықтарға көндіреді. Сырттан келген КА өшпенділіктің нүктесіне айналады. Оқырман КА-ға ілесіп сырлы ордаға кіреді. Бастапқыда КА сияқты таңырқайды, қайран қалады, қорқады және онымен бірге бақыт, азап, үміт, үрей, қызығу сәттеріне шомады. КА бұл жерден қашып кеткенше бұл оқиға жалғаса береді. КА жан тапсырар уақытта Карстегі (жер аты) махаббат сапарының қалай ғана өлім сапарына ұласып кеткенін түсіне алмайды. Оқырман оның құрбан болғанын еске алады. КА-ның сүйгені таза, сұлу болғанымен шындығында оған құмарлық, ашкөздік, қорқыныш араласып кеткен еді. Оқырман романдағы кейіпкерлерді бақылау бұрышынан көтеріліп, қалқып шығып, олардың іс-әрекетін жоғарғы кеңістіктен күзете алады. Мұндағы себеп романдағы баяндаушы автор (Орхан) шығармаға тоқтаусыз араласады, тіпті шығармаға сіңіп кетеді. Бұл роман әдісі жазушыға оңай баяндау түрін пайдаланғызады, оқырманға психологиялық бос кеңістік қалдырады.

«Қар» романының сыры жазушының (роман авторының) өзі мен роман қаһарманы (бас кейіпкер) арасына бір кейіпкер кіргізгенінен емес, автордың және «оқиға ішіндегі оқиға», «кітап ішіндегі кітап» әдісін қолданғандығында. Нәтижесінде бұл роман көп қырлы тамаша туынды болған.

Сунай Заим өзі режиссерлік еткен, ұлттық театрда қойылған екі реткі қойылым романдағы тартысты екі рет ашып көрсетті. Шын-өтірігін аңғаруға болмайтын бұл екі реткі қойылым романдағы таңғажайып тәсіл мен тамаша құрылымға, сондай-ақ романға мағынасыздық түс берген деталь болып романның бүкіл стиліне әсер еткен. Орхан Памук жазып шыққан бұл «Қар» романы мен романдағы Орхан іздеп жүрген «Қар» романы, енді КА жазған «Қар» (өлеңдер топтамасы) қосылып, саяси роман лирикалық түс алған.

2.Тартыс

Романда жазушы қандай рөл алуы керек, бейберекет ортаға шығып алып адамдарға ақыл айтып, пәлсапа соға ма, жоқ кейіпкердің артында тұрып еркін сөйлетіп қалағанынша әрекет жасата ма? Орхан мырза ғұламалардай екінші түрін таңдап алған екен, Түркияның қиын да ауыр қоғамы және ішкі толқулар мен қарсылықтарды перде артында тұрып жеткізген.

«Қар» романында түрлі кейіпкерлер: исламшылдар, атеистер, күрделі саясаткерлер, көптеген жастар бар. Дін, саясат, махаббат, бақыт, тұрмыс-тіршілік, діни сенімнің шындығы мен бүлінбегендігі турасында диалогтар, талас-тартыстар толастамайды, үзілмейді. Адамдар ұқсамас көзқарастар бұрқылдап қайнап жатқан ортада өз қаһармандығын көрсетеді. Жазушы сыртта тұрып кейіпкерлерді басқарады, әрқайсысының рөлін толық ойнатады, сонда да шығарма шектен шығып өз қасиетін жоғалтпайды, романның кейбір бөлімдерінің қызғынды түс алуы әне сол тартыстардың себебінен.

«Қар» романы маңызды тақырыпқа назар аудартып, мораль мәселесіндегі қалыптасқан қиыншылықтарды көрсетіп бергені үшін кең көлемде дүмпу туғызды және ықпалы да күшті болды. Меніңше өресі биік бұл романның ең маңызды жағы оның көп дүниені өз ішіне алғанында, өз ішіне сыйғызғанында, жазушы өзінің идеясы және кемел көзқарастары арқылы кейіпкер мен оқырмандардың ойын бір жерден шығармауы. Қоғамдағы мәселелерге әрине, жазушының өз көзқарасы, моралдық өлшемі болады, бірақ, әлемдегі қаптаған мәселелер алдында жазушы өзінің шама-шарқын, мүмкіндігін тануы керек, сенің аталмыш тура көзқарасың, идеяң шындығында өзінің деңгейін немесе бір жақты көзқарасты өз ішіне алған болуы мүмкін. Құшағыңды кең ашып, құлашыңды кең сермеп кейіпкерге еркіндік бер, өз идеясында, өз даусында сөйлесін, сосын бұл сөздерге тарих өзі баға берсін, жазушының сенетін талғамы осы болсын.

3. Символдың ерекшелігі

Қар, бүкіл жерді жапқан қар, құбылмалы қар – романдағы ең үлкен символ. Бұрын айтқанымыздай, «Қар» кітап ішіндегі кітап, әрі бұл романның құрылымы. Әдетте кітапта оқырманға қатты әсер ететіні тоқтамай жауған, кеңістіктегі қаптаған қар, бүкіл жер қармен көмілген, бас кейіпкер қарда әрекет жасайды, махаббат пен қастандық қар үстінде оянады, жаңа идеялар қарда жарыққа шығады, қар бұл кішкене базарды дүниеден бөлектеп, бұл жерде ғажайып құбылмалы қоғам пайда болады, жауған қардың себебінен бұл жердегі барлық нәрсе көрген түс сияқты әсер береді, бұл жердегі адамдар, мүсіндер, тіпті көшедегі қаңғыбас ит те сырлы, күмәнді көрінеді.

Орхан мырзаның шеберлігі сол жерде сол қарға әдейі символдық мән бермеген, романның жүз неше жерінде қарды суреттеген, алайда әр суреттеуі бөлек, дара. Әр ретте суреттегенде оны КА-ның көңіл-күйімен байланыстырған, қар КА арқылы жанданған және символдық мән алып, көрініс тапқан.

Қарды суреттеп жазған жазушылар көп, бірақ қарды мынадай дәрежеде көлемді, нәзік, символдық мәнде жаза алған тұңғыш жазушы Орхан Памук.

4. Жанды бейнелеу және теңеу

Жоғарыда айтқанымыздан басқа «Қар» романында жанды суреттеу, өзгеше ерекшеліктің көптігі, суреттеу қасиетіне бай теңеулер шығарманың сиқырлық күшін арттырған.

«Ол шам жанған бағананы көріп жақындап барды, бағананы жағалап отырған адамдар және олардың қабырғадағы көлеңкелері КА-ға бұрылды».

Ол адамдар ғана емес, көлеңкелерді де қосып суреттеген, бұл суреттеу оның сол уақытты бақылағанынан келіп шыққан.

«Асханада шамның жарығында Ипек пен Кадіфтың ғашықтардай құшақтасып, бір-бірінің мойнына асылып тұрғанын көрді».

Әпкелі-сіңілінің бірін-бірі құшақтауын ғашықтарға теңеген, бұл сәтті теңеу, әпке-сіңілілердің сүйіспеншілігін дәл жеткізген.

«Сұрақ аяқталғаннан кейін, КА мен полиция Мұхтар көліктің артына отырып, қателік жасаған балалар сияқты тып-тыныш қалады, Мұхтардың тізеге қойған үлкен әппақ қолы семіз кәрі атқа ұқсайтын еді».

Ер адамның қолын осылай бейнелу таңғаларлық, әрі қызығарлық.

«Қар ұшқындары сырлы, жұмбақ бір үнсіздікте қалықтайтын еді, КА өзінің бірде естіліп, бірде естілмейтін аяқ тықырынан басқа дыбыс естімейді... қар ұшқындары баяу жерге қонады, кейбірі кейін бұрылып қараңқылық құшағына сіңіп кетеді. Зал жым-жыртқа шөккен, адамдар шам сияқты қозғалмай отырады».

Бұл жердегі суреттеу нақты және психологиялық суреттеу, теңеулері таныс әрі бейтаныс.

«Пештің кернейіне оқ тиді, түтін қайнаған шәйнектен шыққан бу сияқты атылып шықты...»

Мұндай бейнелеу жазушының өзгеше бақылауынан және сезіне алуынан пайда болады.

Мұндай мысалдарды Орхан Памуктың «Қар» романында ғана емес, басқа шығармаларынан да көптеп кездестіруге болады. Бұл оның әдеби сиқыр күшін пайда қылған маңызды бөлімдер, сондай-ақ әдеби таланттың маңызды қызметі. Оның ұзақ бақылауы, нақты күзетуі, нәзіктігі, сабырлылығы, міне осындай нәзік суреттеу, ғажайып теңеулерімен көрінеді. Бұл артықшылық көп еңбектену мен таланттың арқасы.

Қытайлық жазушыларға Орхан мырзадан үйреніңдер деп айтатын құқығым жоқ, бірақ өзім одан үйренбекпін, әрине, көптеген дүниені үйренуге болмайды.

Мо Янь,

«Жазушы дәлізі» журналы,

№8-сан, 2008 жыл

Ұйғыр тілінен тәржімалаған: Бауыржан Майтай

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар