Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұраған Рахметұлы. Жаңа өркениеттің уілі...

30.10.2018 3569

Сұраған Рахметұлы. Жаңа өркениеттің уілі

Сұраған Рахметұлы. Жаңа өркениеттің уілі - adebiportal.kz

Тығырық нені меңзейді?

Адамзат қоғамын тығырыққа тіреп, қалың қауымды желкелеп келе жатқан бір құбылыс бар. Мейлі жаратқанның ісі, иә болмаса жаратылыс заңы. Кім білсін!? Біз өткеннен өркениеттердің еміс үнін ғана естиміз. Әмбеге аян – көшпелі ғұрып, отырықшы – дәурен. Күн мен түннің аражігінде пайда болған осы кеңістік – адам атты ақылды аңның саф ауалы ұйығы. Әлдебір кемел зерделілер оны топырақ пен естің ортасындағы құбылыс дейді. Рух сананың – өнісі. Әуелгіде үні, ымы, әуені, сөзі болған сезім егесі – алғашқы қауымдық хайуан һәм homo sapiens-тер. Біржола жойылып құру, түгел өсіп-өнудің, түгесілудің итіс-тартыс қайшылығында өмір сүрушілерді «адам-заты» дейді. Адамы – тірілік, дәурені – уақыт, заты – жалған – өлу. Дүниедегі барлық мұраттар мен қасіреттер осы адам-затының төл еншісі, өнімі. Заңдылыққа теріс қондырылған сол ата қауымның басындағы өтпелі сәті – өркениеттің өмірі. Өзі өркендеткен осы өркениеттің ақиесі де құрбаны да – өздері. Адам-заты өзінің жасаған тағдырымен сапар шеккен кезеңдерінің түгел түбінде – «мұрат» туралы айтады да оған жетудің жолында небір зорлық-зобалаң қияметтің қылкөпірінен өтеді. Үстем таптың езгісі, дінаралық қайшылықтар, саяси өктемдіктердің өзара текетірес майданы, тірінің жаназабы, түрмелік тәртіп, т.с.с. тәңірден бұйрықсыз әділетсіздіктер мен тозақтардың бәрін бастан кешкен ел-жұрт ғасырлар бойы итшілеп күн кешеді. Саяси тақ таластықтың, діни ағымдардың майдан мен күйреуге сүйрейтін тұсынан бақталассыз, қансыз өткен бейбіт өмір болмаған. Адам-заты тек тұтынуды ғана мақсат тұтатын келімсек хайуан секілді. Теріс баққаны әрине! Арқардың құмалағында сантүрлі биоэлементтер жүктеледі. Оны теріп жейтін – ұлар құс!?

Қоршалған орта ма?

Ғаламшардың серігі – қара жердің жөргегіндегі кен, өңіріндегі өсімдік пен өнім, ауасындағы дауа, теңіздің түбіндегі мұнай мен газ, кәусәр бұлақ, тұщы су түгел адамға ұсынылған тәңірдің жемі. Табиғатқа өршелене шабуылдаудың жаһандық беталысы үрейлендіре түсетіндей. Ғаламдық тыныс-тіршіліктің улануы, құлдыраулар, жауыздықпен ауызданған болашақтың сұрқынан именген тірі табиғат түрлі апаттар мен алапат зауалдарын жіберуде. Үрейлі індеттер үсті-үстіне үймелете келіп жатқан дерт -дербез, аса қатерлі топан су тсс. Лағынетті елес зұлматтардың не түрі көріне бастады. Құстың қанатымен тарайтын әдемі әрлер мен әуендер енді қайда кетпек? Адамзат өңінде жаман түс көріп, өңінде шошып оянатын халде. Табиғат қойнындағы құпияларынан сығып алынатын зәрептер (вакцина) зәру елдерді сорып барады. Әлемдік экономиканың құлдырауы, тұрмыстың зардабынан адамның ергежейлі күйге келуі – түпнегізде жаратушыны шамдандырып тұрғандай. Ендеше адамзат өзінің «жаңа ғасырын» іздей бастауы заңдылық па?.. Табиғи, тіптен тұмса табиғи ортаға бейімделу – адамзаттың шын таңдауына айналды. Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзәлінің «Қызыл кітабында» осы қисынның негіздері толық болмаса да үзінділеп жазылған. Біз оны кезінде ескермедік те. Ескеруге қауқарымыз да жетпеген. Біз өз болмысымыздан мүлдемге адасып кеттік. Дүниеге жалғыз ғана көрсетер-«көшпелі» салтымыз бар еді. Ол қазақ ауылының көшкен жұрты. Көшпелі өркениеттің нағыз табиғатқа шегенделген тұрағын енді қайта қайтару жолына түспейміз бе?..

Сенім деген не?

Дін – былыққа, ми – шірікке айналды. Әдейі жасалған жасанды ағымдар шашыратылды. Діни сенім – әлқисса адамзаттың миы мен санасына тәңірден түскен бір құбылыс еді. Ақыл мен естің аражігінде болар ойпыл-тойпыл қайшылықтарды басқаруға берілген ұлы пайымның кілті еді. Хайуаннан өзгеше кейіпте өнетін адамның бір санатына ие болар сенім болса, ол – діни қағидаттармен екшелер еді. Адам мен сенімнің арасында «дін» өмір сүрді. Бақи мен пәни дүниеге сендіру – отты ойлап тапқан адамзат үшін бесінші жаңалық. Шамамен осыдан екі жүз мың жыл бұрын осынау адам атты хайуанның ақыл-есіне хакім болған сенімді игере бастаған хомоэректус (homoerectus) еңкіш бабаларымыз болса керек. Өлгендерін тастап өз жайына кете беру, қандайбір жыртқыштарға жемтіктеп жем ретінде қалдыру секілді хайуанилықтан құтқарған осы дін – сенім. Ақыл-естің даму барысында өлікті көму оған зиярат ету әрекеттері мүмкін сол кезден бастау алса керек-ті!? Топырақтан жаралған тәнді топыраққа орау ісі қандай бір күштен кейін сол өлгендерді қайта оралады деп сенгендіктен осы пайымға қарай сүйресе керек. Бақилық өмірдің боларына қатты сенгендер алғашқы қауымдағы гоминидтер (hominidae). Гоминидтер шамамен 1,2-2,3 млн жыл бұрын пайда болып, осыдан 40,000 жыл бұрын біржола өшіп жоғалған нәсілділер. Оның соңғы ұрпағы монголоид, европоид, африкаттар. Өлімді сезінуден кейін хайуантектілердің өркениеттенуіне жаңа жол ашылған сыңай бар... Соларды бүгінгі есті ғылымда неандерталь (homo neaderthalensis) нәсілділері дейді екен. Алтай нәсілділері яғни күн шалған жердегі өскіндер. Күн шалған жердің бәрі – азат! Алтай тектілер болса біздің өркениеттің өрендері! О дүниенің барына сенген көк тәңіртектілері осы көшпелілер. Жуықта ғана Қазақ еліндегі Ұлттық мұражайды аралап жүріп Алтай өңірінен табылған алтын адамды көрдік. Өлгендерді ат-көлік, азық-түлік, құл- құтандарымен көмген дәстүр! Өлімнің сенімге айналған осы тұсында дін де адамзаттың санасына ерекше орын алды. Аяушылық, хаһилық, пәктік, қамқорлық, қорғау, қорғану, жылулық тсс. рух құрметі деген түсініктер келді. Пенденің тірідегі әрекеті өлгеннен кейін де есепте болатынын жан егелері діннен ғана білген-ді. Рух жандүниесіне басқа ешқандай күштің тең келмеуі (анимизм) сенімге айналды. Anima – рух пен жан туралы ілім кең тарай берді. Өз түпнегізін кіндіктән табиғи тамырдан іздейтін тотемдік кезеңге дейінгі қарекет. Сақтану, сақтауға мінәжат ету - (фетишим – fr - fetiche) жансыз әлемге көзсіз сену һәм «соқыр ұғым» жорамалдарын айтам. Бұл теологтардың сандырағын қойыңызшы!? Енді осы біз тұрған өркениетте көп құдайлардың иерархиясымен ерекшелентін бір жасанды түсініктер жүр. Бүткіл тәңірді қосақтап ұстағысы келетін...Егер көп құдай болса – бас құдай да болуы мүмкін ғой!!! О, құдайым! Шартты түрде генотизм керек пе? Адамның миындағы қуыс, бос кеңістік ше? Тұра бере ме? Пенденің жұмыр басын бас еме,с бос шелек болғызу үшін жалған аксиологиялық (axios – құндылық, logos – ілім) бәдіксөздің жетегінде кетіп бара жатқан көшпелі ұғым өзінен-өзі кідіре бастады. Қалғаны оңай ғой дейміз бе? Енді отсыз жылулықтың күші басым болып кетті. Көшпелі сана қайта айналса осы біз тұрған «күн шалған жерде» де бір ерекшелік табылар. Бүгін өзінің құндылығын мансұқтаған ілім жаһанда жалғыз қаңғып қалады. Мысалы, Отырар да оңай болмады ғой! Сонау 798 жыл бұрынғы мансұқталған Қарақорым секілді! Бұл жаһандануда бір жағымсыз иіс бар!? Н.В.Гогольдың «Өлі жандарында» – «...сасық иісімен бірге ала келді...» дейтініндей... Сол үшін ілімнің сасып кетуінен сақтану да керек екен!

Шынымен шарасыздық па?

Енді көнсеңіз де көнбесеңіз де сөз басқа. Көшпелі өкенииет өзінің екінші «көзін» ашатын кезегіне келді. Дүние кезек!? Отырықты өкениеттің күйрейтін шағы – бассыз-баусыз кеткен өлшеусіз – өркен, әсіре – дамыс. Адамды төл табиғатынан адастырған улы өндірістер, жершарын ашындыра түскен жарылыстар. Енді тағы бір мүшелдік келеді. Био-оқ тиеген зымыран. Оның түрені адамның санасында қыбырлай бастады. Судың арнасы ласталды, енді ағыстың бәрі мүлдемге басқа арнамен жөнейтін болады. Адамзат табиғаты өз анасынан жеріген өлмелі тұсты біз ХХ ғасырда сездік, көрдік. Отырықшы өркениеттің ғұмыры ұзақ, сенімсіз еді. Енді бұл да қартайды. Қысқасы қайтты. Барған сайын күні кетіп тозғындап барады. Қалалардың жер бетінен жойылып жоғалып кетуінен жаратылыс та шошына бастады. Жалпы өркениеттердің жасайтын жасы 3000 – 6000 жыл арасында ғана. Бізден бұрынғы төрт ірі өкениеттің күйреуі жөнінде өте аз білетініміз өкінішті. Жаратушы олардың оралын, туатын өсетін, өлетін кездерінің бәрін өлшеп қойған. Ол – «...оралыңның барында ойна да, күл, бұл дәурен жауар бұлттай өтер, кетер...» деген қара өлеңде де бір қисыны тұр. Соңғы кездегі ақпараттар әлемінің күрт өзгеріп бір қыршаңқы тылсым мінез көрсетуі – сананы әрі-бері лақтырып кетуі жиілеп келеді. Адамзат ғарыш туралы әу баста долбарлап ойланғанда күллі ақпаратты тек сырттан аламыз деп түсінді. Яғни Галилейлердің соңынан ерген бүткіл дәуір шытырманданып шынымен адасқан секілді. Мұндай жынды қисынның жүйесінен шығуға әрекет еткендер болды ептеп. Кеплер ғана!!! Бірақ, Кеплер адам деген жанды мақұлықтың ішкі жағында әлде бір «кодтың» болатынын жобалады, алайда сене алмады. Біз «көк өгізді» секілді тәңірлік «кодты» ұмыттық. Ғұламалардың ми қатпарында шайтани ілім өмір сүре берді.

Өркениеттің үні болды ма?

Судың сылдыры, шөптің сыбдыры, көктің жылауы, құстың шуылы өңірлік тербелістердің түгелі ақпарат екені жоққа шығарылды. Жылқымен адамның ғажайып арақатынасы, итпен достық... Ешкінің сүті мен құмалағындағы құ-нәр, есектің сүтінің жұмбақ құрамы, оның бақырғаны, бөрінің ұлығанын біз басқа музикл нотадан іздедік. Қорқыт пен Ықыластың жан жаратылысына жақын ақыл-есті арбайтын құпия дыбыстарды дұрыс ести алмағандықтан көшпелі дүние бізден үркіп кетті!? Құрманғазының «Сарыарқа» күйінің мың түрлі тылсым дыбысы сол үрке, үдере көшкен көшпелі өркениеттің үні. Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» сарытап болған рухты жұрттың коды. Ол шер емес. Бұлар көшпелі өркениеттің жан-күйі болатын. Қамбар атадан дарыған дүлділ жыр егелері жылқы мінезді қазақтың пір «кісінегені». Сол үнді еститін адамның құлағы асқазанға жабысып қалды. Адамзат жаттанды жадыдан туған жаттанды үрейден жалықты. Жасанды хаһилық, жаһилықпен бетпе-бет жүздесуге әзірміз бе!? Саяси құрдымның жасай алатыны – жадысыз құлықсана егелерін қисапсыз өсіру болды. Жанталаса қарулану, мейірімсіз тіріөліктердің майданы адамды ақыл-есінен адастырып үлгерген шақта – адамзатқа өзінің ішкі заңы болуы керек секілді. Өсіп-өнудің табиғи үрдісі, биологиялық, саналық қайта жаңғырудың жолдарын бүгінгі біздің дәуір көрсетуге қауһарсыз. Себебі – біз ойдан жасалған жартытүсік секілді жатестілікпен өсіп жарымес күймен келдік. Оны – «қоғамдық формация» деп ұқтырды да халықтар мен үйелмендердің бағзы хайуандық санатына мүлдем басқа үн мен жасанды ілімді сіңіре берді. Мысалы бізде тысқы ғаламға қарайтын, оны бақылай алатын тағы бір көзіміз бар еді, оны да құртты. Зигмунд Фрейд осы туралы міңгірлей бастап еді болмады. Адамзаттың үшінші көзі әлдеқашан өзінен безініп қашып кеткен. Көшпелі өркениеттің аяни тағылымдарынан қантамырларымызда қалғаны – ыңыл ғана. Желідегі құлынның енесіне оқыранған даусындай таныс күмбір. Адам ата, Һауа анадан қалған уіл осы.

Енді ашық жол қалды ма?

Кісі деген жәндіктің өзі табиғи өсімдік, жерден көкке тырмыса өсетін өніс-ті. Бірақ, «адам» деген есімді сатпаған қауым – қазақ қана. Мың жылдар бойы ішкі есебімен табиғатпен табиғи «тілмен» тілдескен – ақыл иесі кім?.. Желаяқ, көлжұтқыш, таусоғар, саққұлақ, епті, жалғызкөзді дәу деп фольклорда ғана көрінетін мифтік ғажайыптың бәрі қазақтікі емес пе еді?.. Тұрағы жер мен мал, құрамында құдайдың өзі жаратқан құ-нәрі бар байлық егесі – осы ұлттық иммунитетін сарқыған отырықшы «кісіге» ғана тиеселі ме? Табиғаттың үлесінен алып, оны қайта ұластырудың сантүрлі жүйелі тәсілін ұққандарды – түземдіктер ғана десек, керек пе? Байырғы мал шаруашылығы дегеніміз – жарты әлем, жарты ғылым, ықылымдағы ең керемет нәзік – өркениет. Ендігі жаңа технологияның тең жарымы бес түлік малдан ғана алынады. Ертедегі сәбидің құндағы ақ, қара жабағыдан осы өркениет құндақ жасап, құралады. Күн мен түннің өңі. Жылу мен салқынның іркілетін жері осы екі өң-түсті жабағы. Жабағы – қазақы қойдан алынатын «нано». Осы қарапайым жүйе – қасаң құрылымға ауысқаннан кейін де болмыс пен біржола қоштасқан. Болмыстан кеткен ұлт бөлінудің, бөлінуге қарайғы сілеміне көшкен. Бөлінген өркениеттер өз шекара шебін жасақтап суық қару жасаудың не бір қамына кеткен. Адамзат қаншама ғасыр бойы қарауылдың ұшында, оқтың өтінде өмір кешті.Сөйткенмен өркениеттер өз ошағына қарай шарпыған өртке қарсы тұра алмаған. Ассирия мен Бағдат, Шам, Бабылды қамтыған өрттің жалынында «жаһандану» деген жазу тұрды. Жаһандану – жаһанамдану жүріп өткен жердің бәрінде заһарлы жалмауыз әрекеттердің ізі қалып жатыр. Табиғи байлықты тонаумен ғана айналысқан – жауыз қоғамы енді кісәпірлікпен жүріп бізге жетіп келеді. Тіпті қайта жаңғыра алмаса соңғы ақырзаманға тап болдырары белгілі. Өз қантамырынан өзі ұрлап күйреуге қарай қайтып бара жатқан есалаң ғұмырдың оңалуы қай заматта жазылады? АҚШ дүние әлемде өз дегенін жасату жолында ештеңеден тартына қоймайды. Жаңа технология табу оны дүниелік айналымға салу жолында жанкештілікпен қимылдайтын алпауыт – Ел. Жаһандану басталысымен өздері бекіткен, өте сорақы жаңалық инновация жобасын бүткіл дүниеге жайып жіберген де солар. Сол арқылы адамзат дәуірінде тіптен су жаңа геосаяси ахуал орын ала бастады. Әрине жаңа милитаризмнің арнайы жасалған жалтыр мұз секілді бей кәсіби үлгісі мен бұрын-соңды естілмеген жаңа «кибер майданы» өрістеп кетті. (Корей Халық Демократиялық Республикасындағы вирустық құбылыс – wannarcy malware-ге ұқсас!?) Адамзат дәуірінің шешуші сәті – суперөнеркәсіп төңкерісінің төртінші маусымы келе жатыр әйтеуір. Өркениетті елдердің өліспей беріспейтін бәсекесі, супердержавалық сүркейықпал, оның басқаны ықтыра, бұқтыра алатын мәжбүрлі ережелері де АҚШ-пен ғана жария етіледі. Өңге жолдың бәрі жабық. Жаһани сыңаржақ ақиқат, тек империялық үстемдікті дәріптеуші жарты шындық келді. Екі көзі қызарған үстем елдер қоршаулы ортаға ентелеуде. Адамзат пен табиғаттың майданы жекпе - жекке түсті. Аралдарды қаласымен жұтып жатқан цуннами, су аяғы тартылып, құрдымға кетуі, айдаһардай химикатты мәшинелердің жердің қыртысын кеміруі, ауда жарылған улы заттардың шөкім ауаны ластап, былғауы, құбыжық хайуандардың өмірге келуі үрей туғызады. Енді адамзат өзі-ақ су жаңа өркениеттің бетін ашуға жүгірер.

Тәуекел – баба сөзі

Тәуекел! Қуатты мемлекеттік стратегия, қуатты әріптес, қуатты энергетика бәсекелі тартыс-жарысын кешікпей көретін боламыз. Ендігіде АҚШ, Ресей, Қытай алаңында аса қатерлі «геоойындар» жүріледі. Геосаяси алаң – Азия – Тынық мұхитынан бастап, Үнді – Тынық мұхит аралық шексіз кеңістікті қамтиды. Бұл белдеу – әлемнің жарты шары. Сол тұрғыда Қазақ елі «бәсекеге қауқарлы болу», заманауи қарқынды индустриализациялы (industria) мемлекетке айналу жолында – Ұлы далалық тұтас философиялық астарлы тұғырнамасын әлем тілінде жариялайтын кезіне жетті. Келешекте теңіз бойлай біртіндеп өрбитін жаңа милитаризацияға (militaris) қарсы қауіпсіздік мәселесі күрт көтерілуі хақ. Каспий аймағы өте дер кезінде қолға алынды. «Батыс – Еуропа, Батыс – Қытай дәлізі...» тек қана адал әділдік ауанында тиімді интеграция кейіпінде болады деуге келмейді. Себебі, «екі елі балық, бір елі балықты жұтып...» көрнуі мүмкін эволюциялық талас-тартыстар қатар орын алары даусыз. Қазақстандағы бидай астық, қуат энергия ресурстары жеткілікті. Әсіресе соңғы кезде суыт өсіп келе жатқан мал шаруашылығы әредік белеңдерден көрінетін дағдарыстарды өткізіп жіберуге көмектеседі. Тек елдік пен ұлы Тәуелсіздікті қорғауға қауқарлы болсақ!

«Эко» ортадан - тағылымды өркениетке...

Қазақ Елі – «Самұрық-Қазына» қоры деп атау беріпті. Бұл әл ауқаттық қордың жолы, жөні бәрі жарайды. Хош. Самұрық атауы – «Қисса қаһарманда» бар ғой. Әлгі самұрық зооантропоморф құсы бәйтерекке ұясын салып қорғайтын!? Ел – жұрттың игілігін қорғау жолындағы бабалар аманаты.

Сол секілді қазақты қорғаудың басты тәсілдерін де бабам қазақ үйретіп кеткен! Болашақта адамзаттың ризығының белортасы Ұла дала боларына күмән болмасын да! Иә, Қазақ Елінің ЖІӨ бір жылғы мөлшері 3,5 пайыз шамасында. Ал, енді жан басына шаққанда ЖІӨ шамамен 8,7 пайыз американ долларына дейін ұлғайғандай. АҚШ-та ЖІӨ-нің бір жылғы мөлшері 2,9 пайыз болса, Қытайда 6,4 пайызға түсіп келеді. Мінеки, тағы бір ширек ғасыр өткенде осы көрсеткіш «өң мен түстей» елестеуі де мүмкін. Ғаламдық ірі-ірі дағдарыстар өтіп жатыр. Өткен 2008 жылдан күллі ғаламды «экономикалық империализм» бәлекеті қаржы салаларын жайпап қиратып кетті. Жалпы бойлық пен ендікте бәріне еге – «мәшине өркениеті». Қазақ Елі осы дағдарыстардың арасымен аман – есен келе жатыр. Осыған ептеп төтеп беруге қазақтың байтақ даласындағы байлық аздық етпейді. Жаппай мал шаруашылығын ғылыми тұрғыда өрістету һәм ақшаны бидай, күріш, мақта алаңдарында өсіру керек қосымша. Жанды табиғат қана жаңа адамзат өркениетінің негізі бола алады. Баламалы қуат көзімен көмкеріліп, осы заманғы мәдени ғұрыпта игерілетін астрокигізүйлер, малға қоражайлар салу, малдан алынатын өнімдердің технологиялық соны үлгілерін өрбіту, сүт, ақ тағам жасау түрлерінің 500 –ге тарта байырғы тәсілін дүниеәлемге насихаттау, егістіктің осы ғасырлық тың жаңа сорттарын экспорттауға арналған тұнба табиғи таза қорлары тұр. Тек ең бағалы палладий, кобальт кеніші Бетпақдаладан оқта-текте табылады екен. Қазақ елі – «Бетпақтың» түбі түгіл бет – қақпағын да ашқан жоқ. Сақтап отыр!? Дамысты өркениетті елдердің сатып алатын ең құнды заттары да болашақта осы тектес болады.

Соғыс техникаларының 70 пайызын мал шаруашылығы мен жерді қорғап игеруге іске, игілікке жегуге неге болмайды!?

Қазақстанда не көп, көшпелілердің азық-түлік жасайтын тәсілдері көп, зерттелмеген шикі зат қоры одан да орасан мығым. Он сегіз мың тамыр тек қазақ даласының өсімдік әлемінің «жатырында». Жетісудағы ғана жетпіс түрлі арасан бұлақтан жеті жүз түрлі дерттің дауасына шипа табылады. Осының түгелі ертек, аңыздар мен қара өлеңдерде де мөрленген. Сарыарқаның саз балшығында бұғып жатқан сан миллион түрлі микроэлементтер, қиыршықты шөлейттегі мың сан өсімдіктер басқа қайда бар? Ешкіөлместегі ең керемет дәрілік шөптер!!!

Мал жайлымын бақылайтын, қорғайтын, абаттандыратын құлтемірлі дронды қондырғылар, шағын ұшақтар, спутниктер шығарылуы тиіс. Ғарыштан ғаламшарға «тасымалдайтын» астероид (asteroeiduis) сынды сирек құнды заттардың ел игілігіне берешегі бар.

Енді химиялық зат қосылған, өңделген азық-түлік, мұнай қалдықтарынан жасалған киім-кешектеріңізді кешікпей өртейтін жер де табылмайды. Дүниеде бір ғана көшпелілер өркениеті тұрған – «күн шалған жер» бар... Ол – Ұлы дала!!!

24.10.2018


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар