Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері ...

31.10.2018 6687

Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері

Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері  - adebiportal.kz

Қазіргі заман әдебиет зерттеушілері Қытай әдебиетінің 3000 жылдық тарихы бар екенін айтады. Ең алғаш халық өлеңдері мен қисса, жоқтау жырлары топтастырылған «Жырнама» жинағы б.з.д ІІІ ғасырда басылған. Осы уақыт аралығында қытай поэзиясы мазмұны, көркемдігі, формасы жағынан әр кезеңде әртүрлі үлгіде түрленіп дамып отырды.

Қытай әдебиетінің «Алтын ғасыры» саналатын Таң дәуірінің (618-907) поэзиясы әлемдік әдебиеттің ең үздік жауһарларынан саналады. Бұл дәуірдің басында «мәңгілік ақын» санатындағы Ли Бай, онымен қанаттас Ду Фу, Бай Жүй, Уаң Вый сынды шайырлар тұрады. Бізге жеткен деректер бойынша Таң империясының аспанында жұлдыздай жарқыраған 2300 ақынның есімі аталып, олардан қалған 48900-ден аса өлең «Таң өлеңдерінің толық жинағында» сақталған. Осыншама ақынның өз өмір жолы мен тағдыр тәлейіне қарай, өзіндік стилі мен айрықша көркемдік шеберлігі қалыптасқан. Дейтұрғанмен, Таң дәуірінің ақындары өздеріне дейінгі ескі үлгіні қиратып, шалыс ұйқас пен төрттағандық өлең формасын қалыптастырды. Бұл біздің қара өлең үлгісіне барынша жақын. Өйткені Қытайдың солтүстік өңірінде іргелес көрші отырған Ғұндар мен Түрік тектес көшпенді халықтардың өлең өрнегінің әсері болғаны анық. Таң дәуірінің өлеңдері негізінен астарлы ойға, символикалық мәнге құрылады. Таң ақындарының жорық жырларынан ежелгі Түріктер мен Ғұндарға, Үйсіндерге қатысты деректерді молынан кездестіруге болады.

Қытайдың классик жазушысы Лу Шұн: «Барлық жақсы өлең Таң дәуірінде жазылып болған, ендігі жерде Бұдда пірінің алақанындай хикметі бар керемет әулие шығып қалмаса, қолға қалам алудың қажеті жоқ» – дейді. Арадағы 13 ғасырлық уақыт айырмасына қарамастан Таң дәуірінің өлеңдері әдеби айналымнан түскен емес. Сонымен бірге осы дәуірде Қытайдың «Батысқа сапар», «Үш патшалық хиссасы», «Қызыл сарай түсі» сияқты эпикалық романдары жазылған. Таң дәуірінің әдебиетін тану – қытайтанудың, қытай әлемін ашудың бір кілті саналмақ.

Сіздерге ұсынып отырған Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдер топтамасы көне қытай тілінің аса білгір маманы, аудармашы, әдебиетші, сыншы ғалым Әзімхан Тішәнұлының (1929-1996) аудармасы негізінде беріліп отыр. Аударма алғаш 1978 жылдары қолға алынып 1980 жылы басылып шыққан. Таң дәуірі өлеңдерінің алғаш қазақ тіліне аударылуы да, түпнұсқаға барынша жақыны да осы болса керек деген ойдамыз.

Ұмтыл Зарыққан,

ақын

Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері

Уаң Бо (650-676). Жиаң Жоу аймағының Лұң Мын деген жерінің адамы. Ол 6 жасынан бастап қалам ұстаған, 27 жылдық өмірінде бұрынғы 6 хандық заманынан келе жатқан өлеңдегі жылтырауық пен жалаң сөзділікті өзгертіп, Таң дәуірінің жаңа стилдегі поэзиясының басында тұрды.

Тау сағасында

Әттең Чаң Жиаң ағысың тым баяулап,

Ой зарығын сарылтар оралар шақ.

Қазан желі әлдилеп қоңыр күзді,

Тау қуқылдап ұшады сары жапырақ.

Яң Жиұң (650-?) Таң дәуірінің алғашқы кезіндегі ақын. Хуайн деген жердің адамы. Бастабында астанада кіші мәнсапта қызыметте болғанымен, кейін биліктегілердің екі жүзділігімен отаспай алыс аймаққа әскерге жіберіледі. Таң хандығына күн көрсетпеген күшті жау – түркілер еді, өлеңнің астары сол хақында.

Жорық жыры

Белгі оттар* жетті шұбап астанаға,

Жүректер қобалжулы көңіл нала.

Қолбасы жарлық алып жорық басты,

Сығай қол шапты жауға атой сала.

Тау бұлаңдап теңселіп, дабыл сарнап,

Құм түтек азан-қазан ұлан дала.

Арманым сол жау алар сарбаз болу,

Шаңымнан оқымысты қал садаға.

* Белгі от – жау келгенде күндіз түтін салып, түнде от жағып беретін белгі.

Чын Зы-Аң (661-702) Зыжу аймағының адамы. Таң дәуіріндегі реалистік поэзияның аға буынынан. Лиаң дәуіріндегі ескі өлең үлгісінен қашып, жаңа бағытқа алғаш бой ұрған ақындар тобынан. Таң хандығының саясатына өзгеріс жасауды армандап, елге тиімді көптеген ұсыныстар айтқанымен бірде-бірі ілікке алынбайды. Мына өлеңі өз кеңесін алмаған әскери білімі төмен басшының өзін жазғырғандағы көңіл күйі.

Ю Жу* мұнарасына шыққанда

Алдымда жоқ батыры бұрынғының,

Соңымда жоқ ерлері бүгінгінің.

Ой тастап шексіз-шетсіз жапан түзге,

Шерлі көңілім жабығып

Жалғыз тұрмын.

* Ю Жу – қазіргі Бижиің қаласы.

Уаң Чаңлиаң (698-765). Тайуанның адамы. Өлеңді жастайынан жазған. Оқымысты атағын алып, мәнсапқа жеткен. Өз жерінің Уәлиі жағынан қастандықпен өлтірілген. Өлеңдері ерлікке толы. Шекарадағы соғыс өмірі мен тәбиғат көріністерін жазуға шебер.

Жорық жыры

І

Чиңхайдың көгін бұлт жүзіп мұнары тауын жабады.

Жалқы қорған Иұй Мын бұлдырап көзден барады.

Жапанда кешіп сан сайыс сауыттың көзі сытылды,

Роранды* алмай сірәда кім қайтуды ойға алады!

ІІ

Қара құрым жапан түз күн көзін бүркеп шаң-тозаң,

Сансыз жалау желбіреп шығып жатыр қамалдан.

Алдыңғы қол түн қата Таухыда** жаумен айқасып,

Тұй Ұхұнды*** тірі ұстап сүйінші жетті шабардан.

* Роран – Хан дәуірі кезіндегі аз санды ұлттардың (көшпенді халықтардың) батыстағы мемлекет аты. Таң дәуірі өлеңдерінде Роранды алу жауды алу мағанасында қолданылады.

** Таухы – Гансу өлкесіндегі өзен аты.

*** Тұй Ұхұн – ерте заманда Чиңхай (Қытайдың батыс өңірінде) өлкесін мекендеген бір тайпа, оның басшысы Тұй Ұхұн деп аталады.

Бекіністен аттанғанда

Ай сол Чиннің кезіндей

Қамал сол Ханның қамалы*,

Жорық жолы ұзақ жол қайтарға талай бар әлі.

Қанатты батыр Ли Гуаңдай** бір қолбасы болса игі

Аттатпаймыз Хорларды*** Иін Чаннан**** әсте ары.

* Чин, Хан – Чин хандығы мен Хан хандығы заманы меңзеліп отыр.

** Ли Гуаң – Хан хандығы тұсында шекара қорғауда атағы шығып, қанатты қолбасы атанған батыр.

*** Хорлар – Қытайлар ерте заманғы солтүстікті мекендеген басқа ұлттарды (ғұн, түркі тектес көшпенді халықтарды) жалпылай Хор (ху) деп атаған.

**** Иін Чан – қазіргі Ішкі Маңғол автономиялы районындағы жер аты.

Уаң Вый (701-761). Тайуанның адамы. Таң дәуіріндегі ең үздік ақындар санатынан. Ақындығымен қатар музыка өнері мен сурет салудың да хас шебері болған. Өлеңдерінің көркемдік қуаты аса жоғары болғандықтан замандастары «Өлеңінен сурет, суретінен өлең құйылып тұрады» деп мадақтаған.

Бұғы қашасында

Қаңыраған иен тау жоқ еш пенде,

Құлақ түрсең жатқандай адам сөйлеп.

Ну орманға шағылып жарық сәуле,

Көк қынаны бөлейді нұр әлдилеп.

Уичың*

Уичыңның таңғы жаңбыры басады жолдың шаңдағын,

Жасыл торғай жайнатып қоналқының аумағын.

Қалдырмастан тамшысын рөмке түбін сарқы дос,

Табылмас емге көз көрген асқанда Яңгуан** ар жағын.

*Уичың – Қазіргі Ши-ән қаласының батыс солтүстігіндегі жер аты.

** Яңгуан – Гансу өлкесіндегі қамал аты.

Аң саяты

Қолбасы аңға шықты Уичың бойлап,

Ысқырды жебе зымқап мүйіз садақ.

Түйіліп көктен бүркіт қаққан аңға,

Ат тұяғында есілді қар бұрқырап.

Жаңа кент* тұсынан ағып өтіп,

Үйеңкілі қамалға** жеттік зулап.

Қарасақ тұйғын атқан саят жерге,

Бұлдырар қиыр қиян сам жамырап.

* Жаңа кент (Шинфыңхы) – қазіргі Шанчи өлкесіндегі жер аты.

** Үйеңкілі қамал (Шилуиың) – Ши-ан қаласы Күнмиың көлі маңындағы қамал аты.

Шекараға сапар

Бетке алып жеңіл арба елдің шетін,

Хал сұрай қалың қолдан Жұиянға* өттім.

Бір тынбай ұшқан қаңбақ, қайтқан қаздай,

Үдіре Хорлар** жеріне келіп жеттім.

Өзен бейне батқан күн

Шөл жазира

Көсілер түтініндей кереметтің.

Кездестім Шиау Гуанда*** атты қарауылға

Қолбасы басында екен алғы шептің.

* Жұиян – Гансу өлкесіндегі қала аты

** Хорлар – қытайлар ерте заманғы солтүстікті мекендеген басқа ұлттарды (ғұн, түркі тектес) жалпылай Хор (ху) деп атаған.

*** Шиау Гуан – қазіргі Ниңшиа хүйзу автономиялы районындағы қамал аты.

Гау Шы (702-765). Саңжоудағы Бохай деген жердің адамы. Жас кезінде жоқшылықтың тақсыретін татып кедейлікпен күн кешкен. Кейін әскерге алынып, шекара өңірінің табиғаты мен әскери өмірдің ауыртпалығын, жасақтардың жорықтағы машақатын өлеңіне арқау еткен.

Шекара толғауы*

Хан елінде шаң мен от солтүстікке созылып,

Қош айтты елге қолбасы қатыгез жауға обығып,

Ардақтары жігіттің жорық кешу елі үшін.

Ел патшасы зор мерей төгіп отыр сол үшін.

Даңғыра, дабыл ұрылып Иұй Гуаннан** асты қалың қол,

Жиешы Чанда*** жалаудан көрінбейді оң мен сол.

Үкілі хатты**** жас сарбаз бетпақ шөлде келеді,

Ғұндар өрті Лаңшанды***** сары жалынға бөледі.

Шекараға жеткенше қаңыраған дала тау мен су,

Толассыз соққан дауылдай Ғұндар қолы салар шу.

Майданда қолдың жарымы жазым тапты кешіп қан,

Шатырында қолбасы бұралып сұлу шырқайды ән!

Құба шөлде қоңыр күз қуарып шөп ағарды,

Қол сиреді батқан күн жауратып жетім қамалды.

Мейрімін алған патшаның қаймығар емес қалың қол,

Қоршауынан қамалдың аша алмаса да әлі жол.

Арпалысса ажалмен шалғайдағы есіл ер,

Артында қалған жұбайы жасын бұлап төгер шер.

Арттағы жар еңіреп шақса мұңын аһ ұрып,

Майданда жігіт қарайды екі көзі телміріп.

Шекара сырты құла түз қалай ғана өтерге,

Шексіз-шетсіз қиянға қашан жүріп жетерге?

Көктем, жаз, күз толассыз сілкілескен дабырлы үн,

Суық, ұзақ сартаңда сембейді жағы дабылдың.

Ақ семсерін үйіріп байтіккен басын ерлердің

Өлімі атақ үшін деп айта алады сірә кім?

Көргенде мұндай қан майдан азабын жорық ғаламат,

Кім болса да Ли Гуаңды есіне бір ала алат.

* Өлең түпнұсқада Иан толғауы деп аталған. Иан – батыс өңірдегі шекара аты. Бұл сарындағы өлеңдер де көбіне күйеуі шекара жорығына кеткен жар сағынышы жырланады.

** Иұй Гуан – Хыбыи өлкесіндегі әскери қамал аты.

*** Жиешы Чан – Хыби өлкесіндегі тау аты.

**** Үкілі хат – шұғыл әскери хабар.

***** Лаңшан – Ішкі Моңғолдағы тау аты.

Сын Шын (715-770). Нан Яңның адамы. Жаңа дәуірдің 744 жылы сараптан өтіп оқымысты атанған. Ұзақ уақыт солтүстік-батыс шекарада тұрған. Оның шекара көріністері мен жауынгерлік жорық жырлары замандасы Гау Шыдан да асып түседі.

Фың Чаң Чың қолбасшыны батыс жорығына аттандырып салғанда*

Көрмеп пе едіңіз – Зу Ма Чуан маңайында Шохайдың**

Көлегейлеп құла құм шек-шетсіз кеткен бір айдын.

Қарашаның түнінде Бүгірдің желі абалап,

Көсілген ен жазықта саудыраған ұсақ тас

Дауылмен бірге жосиды иен даланы сабалап.

Аты семіз қоңыр күз Ғұндар жортар кез еді,

Батысынан алтын тау тасырлап сайыс дүбірі,

Хан елінің батыры батысты бетке ап жөнеді.

Саутын да кие алмай асығыс кетті қолбасы ер,

Түн қатып жүрді қалың қол соғылып сарт-сұрт найзалар,

Бет қаратпай үскірік азынайды суық жел.

Буырқанған терменен ақ қырауға ат батып,

Көк мұздақтап ер-тұрман сауыс болып сайгүлік,

Шатырда хатшы налиды сиясына мұз қатып.

Қолбасыны естіген жауда қайдан жан қалсын,

Белгілі болды шықпасы қоян-қолтық сайысқа,

Күтті сайыс олжасын Қанқылының*** қақпасы.

* Фың Чаң Чың – Таң хандығының шекарада қол бастаған қолбасшысы.

** Зу Ма Чан, Шохай – Шынжаңдағы жер аттары

*** Қанқылы – сол кездегі шекара өңіріндегі (Шынжаңдағы) мемлекет аты.

Төбе биді ақ қарда әнмен астанаға ұзатып салу

Дауыл үзіп мертігіп шөптің белі

Қар бораған желді де хорлар* жері.

Бейне бір түн ішінде көктем келіп,

Ашылғандай барша ақ гүл байшешегі.

Үрдесін пердені ұрып шымылдық шық,

Жылытпайды қамқа көрпе түлкі ішік.

Садағын қолбасшылар тарта алмайды,

Илікпей темір сауыт ызғар қысып.

Құрсанған жапан дала мұзға батып,

Бұл жадау

Бар атырап қалған қатып.

Мейманға әмір қосын құйды шарап,

Түрлі саз қоңыр күйді аңыратып.

Үдеді жауысынан қарда танбай,

Тоң жалау серейеді

Жел желпи алмай.

Бүгірдің шығысынан досты ұзаттық,

Тиян Шан бауыры ақ бүркеу жол жығылмай.

Ары асып бір белден жол

Дос қара үзді,

Тек қарда қалды жосып аттың ізі.

* Хорлар – шекара өңірін мекендеген көшпенді халықтың жалпы атауы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар