Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Әділбек Ыбырайымұлы. Көктемі ұзақ өлке......

01.11.2018 2894

Әділбек Ыбырайымұлы. Көктемі ұзақ өлке...

  Әділбек Ыбырайымұлы. Көктемі ұзақ өлке... - adebiportal.kz

1982 жылдың күзі болатын. Жоны қар таудың баурайына орналасқан Қапал шәрісі жаратқанның жанарынан төгілген ақшуақ сәулеге малынады да тұрады. Қапалдың табиғаты, әдеткі райы күліп қана жүретін биязы мінезді жанды елестетеді. Жазы – салқын, күзі – жайлы, қысы – қысқа, көктемі – ұзақ ғажайып өлке. Адамдары да қарапайым. Солардың арасынан ұзын күздік пальто киген, басында шляпасы бар, шашы иығын жапқан сымдай тартылған бір жігіт көзге оқшау көрінетін. Тіп-тік жүреді, иілмейтін тәрізді, еңкейсе шорт сынатындай. Оның кім екеніне де сырттай қанықпын.

Аракідік аңдап қаламын. Орталық көшемен өз ауанымен кетіп бара жатады немесе аудандық атқару комитетінің қапталындағы екі қабатты үйлерді бойлай бет алғанын көзіңнің қиығы шалады. Бұл маңда ауданда соңғы жылдары силикат кірпішінен салынып, жайлы жабдықталған ақ үйлер бар. Баспанасы сол үйлердің бірінде еді. Мен де осы азаматтай қызмет жасап, әлгіндегідей әдемі үйдің әдемі пәтерінде тұрсам деп, іштей қиялға берілемін.

Алдына бірді-екілі барғанмын. Үлкен ақын, жазушы. Қалам иесі дәл осы кісідей қақ-соқпен шаруасы жоқ, тек жазуын жазып, түзу жүру керек сияқты көрінді. Не деген ғажап мамандық? Одан сайын журналист болуға аңсарым арта түсті.

Сол аңғырттау аңсардың айдауымен қыркүйектің жуан ортасында аудандық «Қапал еңбеккері» газетінің бас редакторының алдынан бір-ақ табылдым. Өйткені «Қапал еңбеккері» жаныма жақын. Ондағы мақалалар, өлеңдер кейбір таныс адамдардың дүниесі болып шығады. Өзің танитын адамның шығармасын оқыған басқаша әсер береді. Мектеп директоры Айтмұхамед Есімжанов ағамыздың өлеңдері жарияланып тұратын.

Сол уақта шығарманы авторына қарамай оқи бересің. Ұнаған кейбір өлеңдерді жаттап аласың. Себебі, олар мектеп бағдарламасына енген қасаң дүниелер емес, өмірге мейлінше жақын.

Қар жауып жердің беті лайланды,

Көктемнің шығуына бір ай қалды.

Кездейсоқ тайып кетіп сырдақ тұстан,

Астымда көк машинам шыр айналды.

Қақпады ешкім мені құдай сақтап,

Күн куә күлсек те біз мұңайсақ та... – деп, жосылған өлең бірден көкейіме құйыла кетті. Кейін қарап отырсам «Жалын» альманағынан жаттаған дүнием Тұманбай көкеміздікі екен. Дәл осылай аудандық газеттен де ұнаған өлеңдерді жаттай беретінмін.

Шілікті өзек, шилі өзек байырғы сай,

Байырғы сай – мен өскен «Қайыңды сай»,

Бала көңіл табысқан өзіңменен

Айырылғысы келмей тұр, айырылғысы-ай.

Бала күннен сыр тартып бау құрағың,

Жылғаларда жырласа жәудір ағын,

Көктемеден нәр алған қойнауыңның

Балбырауын қарашы, балбырауын.

Арасанбай ақынның «Қайыңды сай» деген бұл өлеңі тамаша, еліттіре түседі. Әдебиетке аңсарым ауғандықтан аудандық газеттің табалдырығын аттадым. Бірақ жұмысқа қабылдамады. Әрине, мектепті енді бітірген, еш мамандығы тұрмақ тәжірибесі жоқ адамды кім алсын. Бірақ, сол жолы жоғарыда өзім сипаттап отырған Арасанбай ағамен жақынырақ танысып шықтым. Олжамның ең үлкені осы болды. Содан бері өкшесін басып ілесіп келемін.

Байыптауымша, аудандағы бірден-бір басты жазушы Арасанбай аға. Ол кісінің «Шырғалаң» деген хикаяты 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдық құрметіне өткізген «Жалын» жабық бәйгесінің ынталандыру сыйлығын иеленді. «Жалын» бәйгесінің құрылтайшылары мен ұйымдастырушылары – «ГосКомИздат», Лениншіл Коммунистік жастар одағы Орталық Комитеті, Жазушылар одағы. Сұмдық.

Осындай аламан додадан ауылда жүріп төбе көрсетуі, әдебиетке деген үлкен қабілетін танытатын еді. Бәйге мазмұны қызыл сұңқарларды ұлықтауға үндесе, өндірдей жас жігіт Арасанбай Естен ол шығармасында қызылдардың қыспағынан болған ұлттық трагедияны сөз етті. Батылдық пен шеберлік дөп түсіп, астарға үңілуге қабілетсіз цензураны айналып өтті. Аталмыш туынды ел басына түскен зобалаңды күндерді көркем сипаттай алған еді.

Алғаш сыртынан көріп таңдансам, одан кейін ішкі жандүниесін ұғынған сайын тәнті болып, құрметім арта түсті. Қандай жағдай болса да бір сәт дауысын шығарып қатты сөйлемейді, ашуланып, кейіген кезін мүлде көрген емеспін. Жылы жүзбен жымияды да жүреді. Үлкен сабыр иесі. Өмірге пайым-парасатпен қарайтын нағыз ар-ұжданның адамы. Бәріне қанағатшыл.

Осы бір тамаша қасиеттері ол кісіні қарапайым әрі өзгелерден оқшау да етіп көрсетеді. Ал, шығармашылығы мүлде бөлек. Бірқатар хикаяттардың, әңгімелер мен жыр жинақтарының авторы. Ал, балалар әдебиетіне қосып жүрген үлесі тым қомақты. Жаны сәбидей пәк болғандықтан ба балаша ойлап, балаша дүниені көре алады. Бұған дәлел десеңіз, мінеки:

«...Аппақ таза сүттейміз,

Нәзік шілтер-жіптейміз.

Қалқи қонған аспаннан

Сансыз парашюттейміз.

(«Ақша қар биі»)

Немесе:

«Шаршамайсың, тынбайсың,

Шеберлігің шыңдайсың.

Қарлы орман ішінде

Әуе гимнасындайсың. («Тиін») секілді ән мәтіндерінің көркемдігі мен ұтқырлығы жайлы әңгімелеуді әдебиет сыншыларының еншісіне қалдырайық.

Баяғының қаламгерлері 2 жылдық шығармашылық демалысқа шығып, өкіметтің қаржысына әдебиетті жасаса, Арасанбай ағаларымыз бүгінгі күннің ауанымен өзін өзі қаржыландыра жүріп, шығармашылықпен айналысып келеді. Бұл үлкен жігер мен табандылықты әрі жойқын қалам қуатын қажет ететін кезеңдердің кедергілеріне мойымауды білдірсе керек. Керісінше, қысталаң күндер туса да уақытты өз мүддесіне қызмет еткізе алатын айырықша күш иесі ретінде танып, ұғынған жөн.

Жалпы, Арасанбай аға менің өмірде өз жолымды табуыма бей-жай қарамай, айырықша қамқорлық танытқан адам. Мақала жазудың алғашқы әліпбиін үйретіп, оқуға түсуіме бағыт-бағдар берген. Одан кейінгі кезеңдерде ағалық ықыласын үнемі көрсетіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін үлкен ұстаз. Ол кісінің әрбір іс-әрекетін өнеге ретінде қабылдадым.

Мен студент болған жылдары әдебиетке дендей бет бұрған Арасан аға «Жалын» жабық бәйгесінің 1986 жылғы жүлде,гері атанды. 1995-інші жылы тағы да үздіктер тобынан көрінді.

Танымал жазушының сол тұстардағы «Дүние бір қисық жол...» хикаяты, оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. Оқиға желісі иіріміне тартып алып кетеді. Жалпы, туындының композициясы жаңа стильде жасалған. Бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыратын-ақ туынды. Әсіресе, өмірді танимын деген зерделі жасқа қараңғы түнектен жол табуға жарайтын шырақ іспеттес.

Туындының өн бойынан кеңестік жүйедегі бір қазанда қайнаған ұлт пен ұлыстар этностық болмысынан ажырап, біртекті ойлайтын, тұрмыс кешетін халге жеткенін көресің. Жеңіл жүріс, ойсыз-парықсыз қадамдар «орыс ойына келгенді істейді» дегенді айғақтай түседі. Мемлекет құраушы басты ұлттың өнегесі, мінез-құлқы ұсақ ұлттарды жолынан жаңылдырды. Яғни, бірінің баспанасы босаса бірі барып тұратын, біреуі өлсе әйелін екіншісі тайынбай алатын интернационалдық сипаттағы пенделер ядросы ол қоғамда әбден қалыптасқан еді.

Әсіресе, мұндай әлеуметтік дерт – азғындау, сібір өңірінде жаңа өндіріс орнында қасақана ассимиляциялау саясатымен жасалды. (Ал, сібірдің жергілікті тұрғындары этностық иммунитеттен айрылып, әлдеқашан Иван, Игорь болып кеткен еді). Оған кеңестер одағының түкпір-түкпірінен тепсе темір үзетін жастар жиналып, жаңа болашақтың іргесін қалап жатты. Солардың арасында Асыл деген қазақ жігіті де жұрттан қалмай, бес жылдықтың балғасын солқылдатып соғып жүрді.

Әуелгіде 5 жылға жасалған келісімшарттан кейін тағы да 5 жылға қалуға үгіттеді. Жастықтың желеуімен зымырап 10 жыл өте шықты. Туған жерінің төрінде ата-баба аруағы, екі көзі төрт бола аңырған ғазиз анасы, асқар таудай әкесі күтіп отырды. Алайда, Асылды шаш етектен табыс тауып, дәулет құрмақ ой аялдата берген.

Осы тірлігіне еті үйреніп кеткен жігіт одан кейін де алаңсыз көндікті өмірін кешіп жатты. Қалай болса солай тірлік өткерді, арақ ішті, досы Гошаның әйелімен ашына болды... Ақыры құйымыр әйел күйеуін қуып шығып, Асылға тиіп тынды. Мұның да әуселесін әбден көрген соң Лариса үйреншікті әдетімен қынжылмай күресінге тастады... Бұл оның 3-ші күйеуі еді, төртіншісін тапты.

Сол кезде ғана жасы жер ортасынан асқан жігіт туған жеріндегі Қасқабұлағының кәусарын аңсады. Кетуге оқталды, талай әрекет жасады. Ақырында жартылай есі бар, қаусаған шал болғанда жолға шықты.

Шығарма идеясы – туған жердің топырағына адасқан ұлдың табанын іліндіру еді...

Бұл сюжет – Асылдың өмірі емес, тұтас қазақтың тағдыры болатын. Орыстандыру саясатымен ұлттық рух күйреп, тек болар-болмас елдік нышан байқалар еді...

Идеологиялық айла-амалмен ақыл-ойды шайып, біртектес ұлт жасауға ұмтылып отырған империяның басқыншылығын әрі осы трагедияны – басқаша көрсету мүмкін емес.

Негізінде туған жер түрінде алынған нысана, ол – ұлттық болмысқа оралу болатын. Егде тартқан Асылдың түсіне енетін ата-баба аруағы – тәуелсіздікті көксеген Алаш идеясы. Азаттық ұғым – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң қазақ аспанын торлап жүрген. Шығарма 1991 жылы жазылып бітіп, нүктесі қойылған. Сол жылы Қазақ Елі Тәуелсіздіктің тізгінін қолына алды. Ғасырлар бойы ата-баба аңсаған арман орындалды. Қазақ жұрты Ұлттық мұрат жолына түсті. Шығарманың кілті мен құндылығы осында жатыр.

Уақыт тынысымен бірге қалам тартқан Арасанбай Естеннің жазушылық қарым-қабілеті мен тақырып таңдау талғампаздығы туралы әлі талай айтылатынына еш күмән жоқ.

Арасанбай ағаның келесі «Жесір жүрек» хикаяты – өтпелі кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік, психологиялық ахуалын танытатын шығарма. Онда қоғамдық проблема, ішкі қайшалыс, типтендіру, адамдардың әр-алуан мінез-құлқы айқын көрініс тапқан.

Туынды 1993-94 жылдары жазылған екен. Дәл осы кездерде нарықтық қатынас пен дербестік динамикасына көзіқарақтылық танытып, қандай да бір ой қорытуға алғашқы қадамдар жасалған. Кескекті үзіп, ол қадамды – Арасанбай ағамыз жасай алған. Бұған қаламгерлік қабілеттен бөлек, посткеңестік ортаға жат та әрі тосын тіршілік қағидасын екшеген белгілі бір деңгейде әзірлік қажет. Осы талаптарды ескеріп, талантты жазушы Арасанбай Естен жаңа сипаттағы Тәуелсіз кезеңнің тырнақалды туындысын өмірге әкелді.

Күні бүгінге дейін қарапайым жұртты былай қойғанда Жазушылар одағының өзінде «заман әлпетін бейнелейтін шығармалар жазылған жоқ» деген желеу сөз желдей еседі. Өйткені, әдебиет саласындағы қоғамдық ұйымның өкілдері қазақ әдебиетіне жеткілікті түрде талдау, сараптау жұмыстарын жүргізбейді, жүргізбеген де. Жетекшілері тек өз шығармаларын – қара бастарын құнттап кеткен. Осы жамандық жаппай жайлап, қаламгерлердің дені өзінен басқа өзгені оқымайтын мешеуге айналған.

Тәуелсіздіктің тізгіні қолымызға тигенінің өзіне 2-3-ақ жыл өткен шақ. Соған қарамай көркем әдебиетімізде уақытпен үндестік, замана келбетін сипаттау ишаралары білініп отырды.

«Жесір жүрек» – өмірге атүсті қарайтын, лып еткен жылы сезімді өмірлік ұстаным деп ұғатын типтенген замандастар бейнесін жасап шығарған. Оқиға желісі – нанымды, тілі – жеңіл, оқуға – тұщымды. Сәнім, Әлиза сияқты кейіпкерлер – қарапайым жұрттың өкілдері. «Құрымбайдың жігітшілігіндегі» Құрымбай феодалдық (әлде кеңестік) қоғамның белді мүшесі болса, бұлар капитализмнің (әлде кеңестік дәуірдің) балалары.

Ерге шықса да мейірім таппай жүрегі жесір күйінде қалған әйелдің халі, Тәуелсіздік қолына тисе де дербестікті толық тұщына алмаған қоғамның халі – өте ұқсас.

Қаламгер қарапайым оқиғадан күрделі тұжырым жасап, оқырмандарына ұсынған. Тек көретін – көз, бағалайтын – парасат қана керек.

Тегеурінді де тынымсыз еңбегінің арқасында Арасанбай Естен 2007, 2008, 2014 жылдары халықаралық «Дарабоз» бәйгесінде топ жарды. Осы аралықта халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табыс етілді.

2007, 2008-ші жылдары «Астана-Бәйтерек» бәйгесінде сәйкесінше 1-ші, 2-інші орынды иемденді.

«Тәуелсіздік толғауы» патриоттық әндер конкурсында композитор Айсұлу Танимен бірлесіп жазған туындылары 2008 және 2012-ші жылдары 1-ші, 2-ші орын алды.

Ал, 2008 жылғы «Елім менің» авторлық әндер байқауында А.Естеннің «Баянжүрек» әні айырықша ықыласқа бөленіп, аламан асырдың биігінен көрінді.

Қаламгердің өзі де, шығармасы да байыпты мінезге бай. Жайдары қалыпта жылу шашып тұрады. Себебі, көктемі ұзақ, арасан бұлақтары асыр сап ағатын өңірде дүниеге келгендігінен шығар.

Әділбек Ыбырайымұлы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар