Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Бақыт Мұстафин. Жоңышқа исі...

01.11.2018 6533

Бақыт Мұстафин. Жоңышқа исі 12+

Бақыт Мұстафин. Жоңышқа исі - adebiportal.kz

Ауылға кіре бере делбені дедектете қағып, атын қанша қамшылай түссе де, Бөкен аулаға кіріп үлгере алмады. Арбасын көк шөпке теңките тиеп, қораның қақпасына кептеле кіріп бара жатқанын Сәлім анадайдан шалып қалды. Көше бойлап ақырын аяңдап келе жатыр еді. Беті кеңсе болатын. Енді бері бұрылды. Соны аңдап қалған Бөкеннің бүйірі бүлк ете түсті де, бөлімше басқарушысының бұл келісінен сескенейін деді. “Елден ала бөтен сенің шалғы сілтеуің қалай?” – деп бір кідисе сілікпесін шығарары кәміл. Басқарушысының былтырғы қылығынан жүрегі шайлығып қалса керек. Есіне түссе, төбе құйқасы шымырлайды.

Онда да осындай шөп пісіп қалған қарбалас кез болатын. Кеңшардың пішеншілері ғана шалғынды билеп, басқалар батып тиісе алмай жүрген-ді. Жеке шаруалардың шөп шабуына әлі рұқсат берілген жоқ еді. Қашан да ертерек қимылдап, молырақ қамтып қалуды бармақ басты кәсіп етіп алған дүкенші Бөкен жұрт жапсарбаспалап жүргенде, бір қалың қойнаудың тұнба жоңышқасын жосылта шауып, қорасының іргесіне әй-шәйсіз үйіп алған-ды. Басында бәрінің бодауы біткен сияқты болатын. Ауылда бөлімше басқарушысы мен дүкеншіге кім қарсы келсін. Бөкеннің бөтегесі тоғайып, тып-тыныш жүріп жатты. “Қошқарды құдай ұрарда қойшының таяғына сүйкенеді” демекші, аяқастынан әйелі желігіп, Сәлімнің сылқымы Сарамен шайқасып қалғаны ғой. Бір үйдің батасында отырғанда Бөкеннің бетбақтырмасы:

– “Ит жоқта шошқа үрмесін”, – деп сайтанның сөзін сөйлеп қойыпты. Осы кезде, сірә, Сара саңқылдап отырса керек. Әлгіні құлағы шалып қалған соң оңдырсын ба?

– Дүкеннің салдырлаған бос шынысын санап, семіре қалған екенсің. Ит теріңді басыңа қаптайын, – деп орнынан атып тұрып, білекті түріп тепсінді. Сол арада қайсысының перісі жеңгенін кім білсін, бірақ ақыры насыр мен тасыр шауып, Бөкеннің жоңышқа маясын жалмап тынды. “Шөп шабуға рұқсатсыз ерте кірістің, мұның заңсыз”, – деп Сәлім Бөкеннің шөбін бір кештің арасында трактормен сүйретіп, кеңшардың орамына апарып қойғызды.

Басы осылай ет қызуымен бұрқан-тарқан болып басталған бұл даудың аяғы “қойшы” деп қол сілтеумен тынды. “Бір сөзімді көтере алмадың, білгенің сол ма?” – деп Бөкеннің жұбайы жіпсіпті алдымен. Сара да қанша сазарсын, дүкеннің сөресіне сығаламайтын күні бар ма. “Шөбін алдырған мен емес. Далада жатқан өкіметтің дүниесін қызғанып нем бар? Жұртпен бірдей ертең-ақ шөбін үйіп алмай ма?” – депті. Айтқандай-ақ, Бөкен қыста шөпсіз қалған жоқ. Күзге қарай баяғы трактор даладан бір маяны өзі әкеліп тастады. Содан кейін көңілдің кірі жуылып, бұлар баяғы қалпымен қалжыңдасып-қаражаса беретін.

“Әй, әйтсе де, Сәлімге сенім жоқ. Өз қолымен істегені біреудің сөзімен солай болды деп сілейтіп кететіні бар”. Анада әйелдер ұрысқанның ертеңіне Бөкеннің шөбін сүйретіп алды. Директордың бұйрығы осы еді. Ол кезде, тіпті, директор демалыста еді. Қараңғылау қорада тұрған Бөкеннің ойы да күңгірттеніп, сансақ тығырыққа тіреле берді. Жоңышқаның жұпар исі мұрынды қанша қытықтаса, сонша тітіркеніп, өзінен-өзі тіксініп тұр. Сыртта Сәлімнің әрбір адымына дейін аңдып, алаңдап мезі.

– Бар, бірдеме қамдашы, өңешінің құртын қайтарайық, – деп алдынан шыққан әйеліне сыбырлап қалды. Бір сөзден-ақ бар жайды аңғарған жұбайы үйге кіріп кетті.

– Бүгін демаласың екен ғой, – деп Сәлім қораға сөйлене кірді. Ештеме аңғармаған, аңқылдап кірген қалпы. Арбада бояуы шыға теңкиген көкпеңбек жоңышқаға көз де салған жоқ. Көрмеген де сияқты.

– Құдаларға барып қайттың ба? Бізден сәлем айттың ба? – деп Бөкен қипылықтап қайдағы бірдемелерді сұрап жатыр.

– Аман-сау. Барып келдік.

– Үйге кірейік. Осында бір иесін тосқан тағам бар. Шақырса, мұндай келмессің. Біздің бәйбіше қаздың салмасын былқылдатып қойыпты. Бөкен жалпақтап бөлімше басқарушысының ыңғайына қарай жапырылып бәйек болып, үйге қарай беттеді. Сенекте қолдарын шайып, орамалды умаждаған бойы төрге озды.

Буы бұрқыраған ыстық салмаға қасық тиген соң әңгіме ептеп үзіліңкіреп қалып еді, бірер стақан сыңғырлаған соң қайта жалғасып, жайланып жүре берді. Сәлімнің көмейі әбден майланып, “енді көңілді қайтара алмас-ау” деген тұста Бөкен ептеп түпкі есебінің бір ілгешегін ағытып жіберді.

– Осы мына Қарашоқ қойнауы шөпке тұнып тұр екен ғой.

– Үй орнындай жерден бар ғой, бір шөмеле шоңқиып тұр. Кәне, мынаны бір алып қояйықшы...

– Ендеше соған неге шалғы тигізіп, белгі соғып қоймайсың? – деп Сәлім тыжырыңқырап отырып, бір рюмканы тастап жіберді. Мұрнына нанның бір үзімін тақап иіскеп, көзі жасаурап қалды. – Қолыңды кім қағар дейсің?

– Осы әлі рұқсат берген жоқ қой, ә? Бөкеннің даусы мәймөңкеленіп, іші-бауырына кіріп барады.

– Бергенде де алатындарың осы емес пе? – деп Сәлім маңдайы тершіп терісі кеңейейін деді. Бөкен де соны сезіп, сыр бүкпеуге беттегендей еді.

– Таңның атысы, күннің батысы дүкеннен қолым бір босамайды. Кеше пәсепте далаға да қудыңдар. Енді, міне, шөпшілерге көмектес дейсіңдер. Соның бәріне салпаңдап жүгіріп жүремін. Енді бізге биыл бір шөпті айғай-шусыз беретін шығарсыңдар? – деп, манағыдай емес, Бөкен шегелей сөйлеуге көшті. Сәлімнің тілінен тиек ағытылғанына арқасы кеңіп сала берді.

– Әй, сен өзің де бір қайдағы-жайдағыны ұмытпайды екенсің. Соның дауы даунода біткен жоқ па? – Мен бейшарада не жазық бар? Жоғарыда не айтса, төменде соны тындырып қана отырамыз ғой. Ол жолы ғой, тіпті, шөбіңді тартып алайын деген ойым да жоқ еді. Директор болмады. Қолда тұрғанда аяған жерім болды ма, өзің айтшы? Сәлімнің екі беті алаулап, әбден бусанып алыпты. Дәл қазір бөлімшенің жартысын сұраса да, жығыла салатын түрі бар сияқты.

– Қарашоқтан біреуді тұрғызып ал сам, – деп Бөкен бір мая шөптің зарын қағып отыр.

– Қолыңды кім қағады дейсің!

– Өзің үндемесең, басқасының аузы жабылмай ма?

– Ала бер.

– Кәне, мына кәниәк өзіңе деп атаған мал еді. Алып жіберші.

– Бөке, совхозды сенен аяйын ба, ала бер, – деді әлгіні қағып жіберген Сәлім шын сырласуға көшкен қалпын білдіріп. Аузы-басын қағазбен сүртіп тастады да, жақынырақ жылжыды. Буындарына қызулық буы тарай бастағаны білініп қалды. – Мен бар ғой, сені сонадайдан көре сала, өзіңе бұрылдым. Айтатын сыр бар еді.

– Иә, иә, құлағым сенде, – деп Бөкен де бүкжеңдеп, еңкейіп, елпілдеп кетті. – Әлгі Сараны алдырмадық-ау.

– Қойшы соны.

– Қойы несі, ағайынды адамдардың ауыздағыны бөліп жегеніне не жетсін?! Апасы, әй, Сараны алдыршы. – Бөкен ауыз үйдегі әйеліне көтеріле айғай салды.

– Әуре болма. Бір сөзім бар, – деп Сәлім ырық бермеді. Бірақ бұл сөзге Бөкен де құлақ түре түсіп, демін тартып қалыпты. Әйелін енді қолқаламады.

Жүр, далаға шығайықшы, – деп орнынан самарқау жұлқынып, соқтыға көтерілген Сәлімнің көкірегінде бір түйткіл бар сияқты. Үй иесі соны білгенше асық. “Тіл ашығын берсін”, – деп Бөкен Сәлімге тағы бірді тастатып жіберді.

– Екеуі қорада желпініп тұр. Жоңышқаның исі бұрқырап, тіпті, даланың бір саф самалын әкелгендей болады.

– Бөке, бір сырым.

– Иә.

– Бүгін ертоқымнан сыпырылып тұрмыз. Мына директор оңбаған екен, алдап жүріп енемді ұрды. Соған енді сендер ауданға арыз...

Бөкен манадан бергі Сәлімнің сынық көңілін енді түсінді де, іле суынып ойланған, таңырқаған кейіппен тұрып қалды.

– Жарайды, ойланайық, – деді самарқау ғана.

– Жарай ма? Бұрынғы сұсты Сәлімнің мына сөзі мүләйім естілді. Сенделе басып орнынан қозғалды. – Сендер бар, ел бар.

– Арыз жазасыңдар ма? – деді әйелі Сәлім ұзап кеткен соң Бөкенге.

– Совхозды аямаған кісіні мен аяп жындымын ба? Шіркін, мына жоңышқаның исін-ай. Кәниәкті неменесіне қылтитып едің? – деп Бөкен дел-сал.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар