Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уа...

02.11.2018 5719

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (соңы)

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары (соңы)  - adebiportal.kz

II

Лазаретте сырқатты жаңа кісі пайда болды, - шүңкиген шал, гимнастикалық жаттығу жасап тұрғанда есінен танып құлапты, тамыр соғысы білінер-білінбес, демі болар-болмас күйінде алып келген. Әбден ашыққан: терісі шытынап жарылған, қолы мен аяғына жара қаптаған, қызыл иегі қанталаған. Буындары шодырайып көзге ұрады, салмағы шамасы қырық килоға да жетпейді-ау. Өзін әлдебір иесіз жұрттан тауып алыпты деседі, жасырынып тауда қашып жүретін қарулы көтерілісшілердің құпия лагерлерін, тығып қойған қару-жарақтарын күзетіп, солар үшін көкөніс өсірсе керек, бірақ өзі ештеңесін де жемегенге ұқсайды. Мен оны осында алып келген күзетшілерден: Мына күйінде кісіге гимнастика жасатуға қалай ғана дәттерің барған? - деп сұрадым. Жәй, байқамаппыз, дейді олар, жаңа партиямен келген еді, тіркеу ұзаққа созылып кетті де, сержант адамдарды бірдеңемен алдандыру үшін, орындарыңда тұрып жүгіріңдер деп бұйрық берген еді. Немене, тірі өлік екені түрінен білінбеді ме? - деп сұрадым мен. Қамауға алынушы тарапынан шағым болған жоқ, дейді әлгілер, өзін жақсы сезінетінін айтып, арықтығы туа біткен қасиеті екенін мәлімдеген. Шынымен, адамдағы арықтық пен қаңқа сүйекті ажырата алмадыңдар ма? - десем, олар иықтарын құр қозғағандары болмаса, жауап таппай үнсіз қалды.

* * *

Қарауымдағы жаңа сырқат Михаэлмен күресіп жатырмын. Ол болса денім сау, бас ауруының дәрісін берсең болды деген бір сөзінен жаңылар емес. Мүлде тамақ ішкісі келмейтін көрінеді. Іше алмайтыны рас, аузына бірдеңе алса, табанда қайта құсып тастайды. Мен оны тамшы нәрмен ұстап отырмын, ал ол болса әрең қыбырлап жатып-ақ қалай да аузымдағы түтіктен құтылсам дейтін әрекетін қояр емес.

Түріне қарасаң, бағзыдан қалған кәрі шал секілді, шынында, жасы отыздың екеуінде ғана көрінеді. Туған жері Кейптаун болар, өйткені осындағы ипподромды біледі. Бұрын бұл палатада жокейлердің киімілгіші болғанын естігенде:

- Қазіргі салмағыммен, шіркін-ай, жокей болсам ғой, - деп күліп жібергенін қайтерсің.

Қала бақтарында бағбан боп істепті, сосын жұмысы қысқарып, бақытын әлдебір фермадан барып іздеу үшін, қасына шешесін алыпты да, қаладан шығып кетіпті.

- Шешең қазір қайда? – деп сұрадым мен одан.

- Ағаштар мен шөптер өсіп тұрған өлкеде, - дейді ол көзін менен ала қашып.

- Өлді ме? - деймін. - Ағаштар мен шөптер дегенің мола ғой?

Ол басын шайқайды.

- Өлгесін өртеп жіберген, - деп үстейді. - Басындағы шашы жанғанда, айналасы жаратқан жіберген нұр сияқты алаулап тұрды.

Біз бір ауа райын сөз етіп отырғандай-ақ жәй, құлықсыз айта салды. Байқауымда, бұл дүниенің адамы секілді емес-ау өзі. Осындай тіршілікке бойкүйез жан лагерь күзетіпті деген сөз ақылға сыймайды. Оттаубай! Шамасы, бір қу оған бір стақан виски ішкізіп, мына мылтыққа ие бола тұр деген шығар, ал ол ақылсыздығы яки аңғалдығы себепті көне салған. Оны партизансың деп тұтқындаған, шын мәнінде ол елде соғыс болып жатқанын білмейтін де секілді.

* * *

Фелисити оның сақал-мұртын қырғаннан кейін, мен оның аузын тексердім. Аражіктері сәл ауытқығаны болмаса, кәдуілгі қоянжырық. Таңдайы қалыпты. Мен одан, мына кінәратты бұрын-соңды түзетуге әрекет жасап көрдің бе, деп сұрадым. Ол жауап таппады. Мен айттым, бұған пәлендей күрделі операцияның керегі жоқ, осы қазір-ақ жасап тастауға болады. Егер не қажеттіні реттей алсам, келісесің бе? Сонда ол не дегенін сөзбе-сөз келтірейін, көріңіз: «Қандай боп жаратылдым, сондай боп қаламын. Қыздарға мен бұрын да пәлендей қызыққан жоқ едім». Мен оған: бұл жерге қыздардың қандай қатысы бар, егер қиналмай еркін сөйлейтіндей күйге жетсең, алдымен өзіңе жақсы емес пе, дегім келген-ді, бірақ аяп кеттім де, үнсіз қалдым.

Ол жайында Ноэлге айттым.

– Партизандар лагерін күзеткен дейді, қайдағы? Оған бақтағы қарапайым аттракционның өзін сеніп тапсыруға болмайды, - дедім мен оған. – Оның есі кем, соғыс болып жатқан жаққа кездейсоқ барып қалып, енді ол жерден қалай шығып кетудің амалын табуға ақылы жетпегеннен жүрген ғой. Оның орны түзету лагері емес; оны қалай да мүгедектер үйіне орналастырғанымыз жөн, жүрсін сонда себет тоқып немесе моншақ өріп.

Ноэль оның жекебас ісін алып келді.

- Мынадағы жазуға қарағанда, Михаэле – өрт қойғыш. Оның үстіне еңбек лагерінен қашқан. Оны иесіз фермада жүрген жерінен ұстапты, аумақты жерге көкөніс өсіріп, партизандарға азық дайындаса керек. Міне, осындай оған тағылған айыптар.

Мен келіспей бас шайқадым.

- Мұнда бір қателік бар, оны басқа бір Михаэлемен шатастырып алған. Бұл Михаэл – кеңкелес. Ештеңеге жарамсыз бишара. Егер аумақты жерге көкөніс өсірген болса, неге аштықтан өлім аузында жүр?

- Берген тамақты неге ішпедің? – деп сұрадым Михаэлден, ол жатқан палатаға келіп. – Үлкен плантация өсіріпсің. Демек, ішіп-жейтінің де болды ғой?

Жауап қайтарды:

- Ұйықтап жатқам, оятып жіберді. – Менің түрімнен таңғалғандық белгіні байқаған болар. – Ұйықтағанымда маған тамақ ішудің керегі жоқ, - деп үстеді ойын.

Менің атым Михаэле емес, Михаэл деп түзетті.

* * *

Ноэль менен ауруларды лазаретте көп ұстамауымды талап етеді. Бізде небары сегіз төсек, аурулар қазір он алты адам, солардың сегізі бұрын жокейлер үшін кірге түсіп, өлшенетін және киімілгіштері болған жерде жатыр. Мен оларды неге сонша ұзақ емдеймін, олардан тезірек құтылуға болмай ма? Бұл сұраққа мен егер тырысқақпен түскен адамды дұрыстап емдемесем, ертең бүкіл лагерде эпидемия басталады ғой деймін. Эпидемиядан құдай сақтасын, алайда осында симулянттар көп түседі, ал мен ондайға жол беріп, қарап отыра алмаймын, дейді ол. Сенің міндетің, тұтқындарды қайта тәрбиелеу, ал менің міндетім оларды емдеу, өйткені дәрігермін. Ол мені иығымнан қағып жібереді де:

-Сіздің өз ісіңізді жақсы білетініңізге күмәнім жоқ, - дейді.- Алайда олар бізден аяушылық болады екен деп ойламауға тиіс, маған бар керегі осы ғана.

Арамызда өлі тыныштық орнайды: екеуміз де әйнекке соғылып, жанталасып жатқан шыбынға қарап отырып қаламыз.

-Біз шынында оларды аяимыз ғой, - деймін сенімсіздеу тіл қатып.

-Мүмкін, аясақ аяитын да шығармыз, - дейді ол келісіп, - Жүрегіміз түбінде өз есебіміз де бар шығар. Егер олар күш алып жеңіп кетіп, бәрімізді жаппай жазалай бастаса, біреу-міреу араша түсіп: «Бұл екеуіне тиіспеңдер, бұлар бізге жанашырлық көрсеткен», деуі мүмкін ғой. Кім біледі? Бірақ мені қазір басқа мәселе мазалайды. Әңгіме төсекайналымы туралы. Біздің лазаретте жазылып шығатындардан гөрі ауырып түсушілер көп, сондықтан мен сізден бұдан шығар қандай жол барын білгім келеді?

Біз кеңседен шыққанда көргеніміз: жүгіру алаңының қақ ортасында тұрған капрал флагшток басына алқызыл-ақ-көк туды көтеріп жатыр да, бес адамдық оркестр «Сақта Құдай»- ды ойнауға кіріскен екен, корнет фальш жасап қояды, ал алты жүз адам айнала қоршап тікелерінен тік тұр; жүздері түнеріңкі, жалаңаяқ, үстеріндегі өлшемдері өздеріне сай келмейтін формалы киімдері жыртық-жамау, жалба-жұлба – қайта тәрбиеленуге алынғандар ғой. Бір жыл бұрын біз бұларға ән салғызбақ та болғанбыз, бірақ одан түк шығара алмаған едік.

* * *

Бүгін таңертең Фелисити таза ауа жұтсын деп Михаэлді далаға шығарған. Қасынан өткенімде, ол шөп үстінде бетін күнге бұрып, кесіртке сияқты бойына жылу тартып отыр. Мен одан лазарет ұнай ма деп сұрадым. Ойламаған жерден ол сөзшеңдігін көрсетті.

-Бұл жерде радио болмағаны қандай жақсы, - деді ол. – Басқа, әнебір жерде, радио тоқтаусыз сөйлей беруші еді.

Мен ол басқа бір лагерді айтқан шығар десем, жоқ, ол өзі өскен бақытсыз жетімхананы есіне түсіріпті.

-Онда музыка таңнан кешке шейін, сегіз сағат бойы ойналатын. Қашып тығылатын жер таппайтынбыз.

-Музыканы сендер тынышталсын, көңіл-күйлерің жақсарсын деп ойнатқан шығар, - дедім мен түсіндіріп. – Әйтпесе сендер терезеге үстел лақтырып, бір дамыл таппастан төбелесе бересіңдер ғой. Ал музыка бойды кернеген ашу мен ызаны басады емес пе.

Ол мені түсінді ме, білмеймін, әйтеуір, өзінің қисық күлкісімен ақырын жымиып қойды.

-Қайдам, мен өзім жанымды қоярға жер таппайтынмын. Басым ауған жаққа қашуға бармын, өйткені ол менің ойлануыма мұрша бермеуші еді.

-Қандай ой ойлаушы ең?

-Ұшып жүретінімді. Ылғи да ұшқым келетін. Қолымды жайып жіберетінмін де, қоршаудан асып, тамдардың арасымен ұшып бара жатқанымды көзіме елестетемін. Адамдардың төбесіне тие жаздап, төмендеп те ұшамын. Бірақ олар мені көрмейді. Ал музыканы қосқанда, жаным азапқа түсіп, ұша алмай қалатынмын.

Жүйкесін тоздырған бір-екі өлеңді есіне түсіріп, айтып та берді.

Мен оны терезе алдындағы басқа төсекке жатқыздырдым, аяғы сынған әнебір жігіттен аулағырақ болсын дедім, ол неме ә дегеннен К-ні жек көргені, қит етсе болды, тепкілей бастайды. Қазір енді К. отырған кезінде тым болмаса, көк аспанды, флагштоктың шошайған басын көреді.

-Көбірек же, сонда өз аяғыңмен жүріп, қыдыратын боласың, - деймін мен оны үгіттеп.

Шынтуайтында оған керегі физиотерапия еді, ал ол бізде жоқ. Ол резеңкемен жалғап таяқшалардан құрастырылған ойыншық сияқты еді. Оған керегі ерекше диета, гимнастикалық жеңіл-желпі жаттығулар, физиотерапия, сонда оны біраз уақыттан кейін лагерь өміріне қосып жіберуге әбден болады, мейлі, жүгіру алаңында әрлі-берлі қадамдасын, ұрандап айқайласын, туға құрмет көрсетсін, содан кейін, мейлі, шұңқыр қазсын, сосын оны артынша қайта көміп тастасын да жүре берсін.

* * *

Лагерь дүкеншігінде кезейсоқ естіп қалдым: - Балалардың пәтерде тұруға үйрене алар түрлері жоқ. Бақшаларын, иттерін сағынады да жүреді. Үш күн мұрсат ішінде асығыс тез көшуге мәжбүрледі ғой. Онда қалдырғандарымыз есіме түссе, жылағым келеді. – Мұны айтқан үстінде бұршақ өрнекті көйлек, түр - келбеті келіскен әйел,- біздің унтер-офицерлеріміздің бірінің жұбайы еді.

Ол өзінің қалдырып кеткен үйі туралы ойлағанда, әрине, балшығы баттасқан бәтеңкесімен кереуетте шалжиып жататын еркекті, сосын оның орнынан тұрып тоңазытқышқа қалай келіп, балмұздаққа қалай түкіретінін де көз алдына елестетпеді деймісің. –Жоқ, маған басу айтпа, - дейді ол шашын артына қайырып тараған, ықшам бойлы, арықтау әйелге; ол менің бұрын көрмеген адамым еді. Иә, біздің осында не істеп жүргенімізге сенетін бір жан баласы бар ма екен? Күмәнім зор. Соның ішінде мына бұршақ өрнекті көйлек киген әйелдің күйеуі бірінші кезекте сенбейтіні ақиқат. Бізге ескі ипподром мен бума-бума тікенекті сым берді де, адамдардың жүрегін қайта тәрбиелеп шығарыңдар деп тапсырды. Ал біздің жан-жүрек жайынан түсінетініміз шамалы, жан мен тән өзара байланысты деп ойлаймыз да, тұтқындарды қолымен жер тіреп қимыл жасауға, сап түзеп әрлі-берлі жүруге күштейміз. Үрлемелі оркестрдің даңғаза үнімен бастарын қатырамыз, жас солдаттардың ауылдағы ақбасты шалдарға шыбын-шіркейді қалай өлтіріп, жерді қалай жырту керегін үйретіп жатқаны туралы түсірілген фильмдерді көрсетеміз. Осындай өңдеулерден өткеннен кейін біз оларға еңбек бөлімшелеріне барып, су тасып, әжетханалар қазу үшін қолдарына түзелді деген куәлік ұстатамыз. Үлкен әскери парадтар кезінде камераға түсіп қалулары үшін танктердің, ракеталардың, зеңбіректердің алдында міндетті түрде жауларымызды одақтас ете алатын асқан қабылетіміздің дәлелі іспетті осы еңбек армисы кетіп бара жатады – алайда мен олардың иықтарынан мылтық емес, ылғи да күрек көретінмін.

* * *

Жексенбі күні кешкісін лагерге қайтып келе жатып мен өзімді айықпас бәйге ойыншысы сияқты сезінемін. Бас қақпаның маңдайшасында баттиған жазу: «А қамағы». Лазаретке кірер ауызда тақташа: «Бөгде кісілерге кіруге болмайды». Бұларды неге алып тастамаған? Немене, ипподром күндердің бір күнінде қайтадан қалпына келеді деп есептей ме? Әлдебір жерлерде, шынымен, осынау астан-кестеңі шыққан дүниеден кейін, бәрі өзінің бәз қалпына қайта келеді деген үмітпен бәйге аттарын бұрынғыша жаратып жатқан адамдардың болғаны ма?

* * *

Біздегі аурулар саны он екіге қысқарған. Бірақ Михаэлдің жағдайы оңала қойған жоқ. Сірә, ас қорыту жүйесі қатты зақымданған-ау. Мен оған тағы да майсыз көк сүт ішкізуге ұйғардым.

Ол терезе әйнегінен аспанға қарап қойып жатыр, тақыр бас, қалқан құлақ, жүзінде әдеттегі үйреншікті жымиыс. Оны алғаш осында әкелгенде, қолында зат орауға арналған қағаздан жасалған қалташасы болды, оны ол жастығы астына тыққан еді. Ол қазір қалташаны орнынан жиі қозғап, кеудесіне қысып-қысып қояды. Анауың сондайлық не керемет деп сұрадым мен бірде одан. Жоқ, олай емес деп, ол маған асқабақтың кепкен шопақтарын көрсеткені. Қатты толқыдым.

-Соғыс біткесін, сен міндетті түрде қайтадан бағбан болуға тиіссің, - дедім мен оған. – Әсілі, Каруге қайтып баратын боларсың? – Ол көзін тайдырды. – Әрине, жарты аралдың да жері жақсы, аңғарлар, жұмсақ тау бөктерлері, - дедім мен ойымды үстеп. – Ол жерлерге қайтадан жемістер мен көкөністер өсірсе жақсы болар еді.

Ол жауап берген жоқ. Мен оның қолынан қағаз қалташаны алып, сақтықта қорлық жоқ, өз орнына - жастығы астына жасырдым. Жарты сағаттан кейін қасынан өтсем, ол тұмсығын жастыққа тығып жіберген, жас балаша рахаттанып тәтті ұйықтап жатыр екен.

Ол әлем жаралғалы онымен бірге жасасып келе жатқан тас сияқты еді, оны кенет біреулер жолдан тауып алып, енді қақпақылдап қолдан-қолға өткізіп жүр. Кіп-кішкентай қатты тас, ол айналада не болып жатқанын, әрине, білмейді, өйткені өзінің ішкі дүние шекарасынан шыға алмай домалана ұйып қалған. Ол жетімхана, лагерь мен лазарет тезінен өтті, тағы қандай қылкөпірден өткенін білсе, бір жаратушы құдырет қана біледі де, бірақ ешқайсысы да оның бетінде белгі із қалдыра алмаған. Тіпті соғыстың қан-қасабы да. Ажалды ана құрсағынан туса да, былайғы жұрт үшін, өзі ешкімге өмір сыйлай алмайтын бір өзгеше мақұлық боп көрінеді білем. Ал мен үшін ол кәдімгі адам, ал жас шамасы жағынан менен біршама үлкен шығар деп топшылаймын.

* * *

Оның жағдайы біртіндеп жақсарып, асқазаны қалыпқа келе бастады. Дегенмен, тамыр соғысы сирек, қан қысымы төмен. Түнгі ауа жылына түссе де, кеше тоңдым деп арызданған, Фелисити аяғына қалың шұлық кигізді. Бүгін таңертең мен оны өзімсініп сөзге тартқам, ол құлық танытпады.

-Сенсіз мені өледі деймісің? – деген ол маған. – Мені не үшін жемдемексің? Менімен неге сонша әуре болдың? Менің басқалардан қай жерім артық?

Онымен таласып жатуға көңіл хошым болмады. Тамырын ұстайыншы дегем, құдды бір өрмекшінің аяғындай нәзік қолын жұлып-ап күтпеген асаулық көрсеткені. Ауруларды бір аралап шығып, қайта келдім. Бұл жолы оған не дейтінімді білетін едім.

-Басқалардан қай жерім артық дейсің, Михаэл. Айтайын. Артық ештеңең жоқ. Бірақ бұдан ешкімге керек емессің деген ұғым тумауы тиіс. Бәрі керек. Тіпті торғай да. Тіпті ең кішкентай құмырсқа да.

Ол көпке дейін өзінің аруақтарымен тілдескен шаман құсап төбеге қарап жатты да, кенет сөйлеп кетті:

-Менің анам өмір бойы жұмыс істеді, - деп бастады сөзін. – Елдің еденін сүртті, тамағын пісірді, аяқ-табағын, кірлерін жуды, арттарынан жүріп ванналары мен унитаздарын тазартты. Ал ол қартайып, ауырып қалғанда, ешкімге керек болмай қалды. Ешкім оны есіне де алған жоқ. Өліп еді, өртеп жіберді. Маған қорапқа салынған күл беріп: «Мынау сенің анаң, алып кет, бізге керегі жоқ», деді.

Аяғы сынған жігіт өтірік ұйықтаған боп оның әңгімесін мұқият тыңдап жатты.

Мен жауабымды Михаэлге барынша ащылап айтуға бекіндім; оның өзіне деген аянышын қолдап керегі не деп ұйғарған едім.

-Біз саған тиісті көмекті ғана көрсетеміз, - дедім мен. –Сабаңа түс, басқалардан артықшылығың жоқ. Әуелі оңал, сосын мейлің, еден сүртесің бе, унитаз тазартасың ба, өзің білесің. Анаң жайына келсек, ол туралы сен маған бәрін айтқан жоқсың, ол жағын өзің де жақсы білесің.

Бәрібір оның айтқаны шын еді: мен расында оған тым көп көңіл бөлемін. Әрбірден соң ол сонша кім? Бір жағынан, қауіпсіз деп есептеп, ауылдардан ағылғандар қалаларға қаптап кетті. Екінші жағынан, бір бөлмеде бес кісіден тұрып, жартылай аш құрсақ жүруден әбден қажыған адамдар тоқшылық табармыз деген үмітпен иесіз қалған фермаларды паналағанды жөн көретіні де рас. Әрине, Михаэл сол көптің бірі ғой. Суға батқан кемеден қашып шыққан тышқан. Алайда, ол қалалық тышқан еді, ауылда тұрып, жер жыртып үйренбегендіктен аштыққа ұрынып жүр. Бақытына қарай, суға аққалы жатқан жерінен қайық үстіне шығарылды. Ендеше ренжитіндей не жөні бар оның?

* * *

Кеше Принс-Альберттен Ноэлге телефон шалыпты. Түнде қалалық су жүйесі істен шығарылған. Насос стансасын жарып, құбырды бірнеше жерден үзген. Инженерлік әскер бөлімшесі келіп жеткенше, суды құдықтан тасып ішуге тура келеді. Жоғарыдан тартылған электр желісі де істемей қалған. Несі бар, тағы да бір кішкентай қайық батып кетуге айналды, ал үлкен кемелер үстіндегі қаптаған адам салмағынан сықырлап-ырғалып, толқындармен алысып әлі де қараңғылық қойнауында жүзіп жүр. Полиция кінәлілер туралы, яғни оның таудағы достары жайында Михаэлден тағы да жауап алмақ. Оған сұрақ қойыңдар деп бізге де ұсыныс түсірген.

-Одан жауап алынды ғой, - дедім Ноэльге қарсылық білдіріп. –Қайталағаннан не шығады? Алып жүруге жарамайды, ауру жеңген тым әлсіз, жалпы өзінің есі де дұрыс емес.

-Аурулықтан бізбен де сөйлесе алмай ма? – деп сұрады Ноэль.

-Сөйлесуін сөйлеседі ғой, бірақ жарытып айтары жоқ, - деп жауап бердім.

Ноэль қолындағы Михаэлге қатысты қағаздарды менің алдыма жайып салды. Анықтаманың «Кәсібі» деген тұсына ауыл полицайының ұқыпты қолымен «Сараң» деп жазылған екен.

-«Сараң» деген не сөз? – деп сұрадым мен одан.

-Ол әлгі тиын, құмырсқа, әлде ара сияқты қор жинайтындарды айтады.

-Бұл сондай жаңа мамандық па? Ол сараңдық мектебінде оқып, оған сараң деген біліктілік берілген бе? – деп қазбалаймын мен одан.

Үстінде пижама, иығында көрпе біз Михаэлді қойма түкпіріндегі мінбер жанына алып келдік. Қабырғаларда сыр банкілері салынған картон жәшіктер сіресіп тұр, бұрыш-бұрышты түгел өрмекші ауы торлаған, еденде қалың шаң, құйрық қойып отыратын да жер жоқ. Михаэл болса көрпесіне оранып, бізге ызғарлана қарап, өзінің білтекеш сияқты жіңішке аяқтарын тік басып тұр,

-Оңбай тұтылдың, Михаэл, аянышты-ақ, - деп бастады Ноэль. – Сенің Принс-Альберттегі достарыңның жүрмейтін жері жоқ. Әбден беттерімен кетіпті. Сондықтан біз оларды тұтқындап, әңгіме-дүкен құрмақшымыз. Сенің көмегің керек, өйткені бәрін білесің, сол себепті өзіңнен тағы бір мәрте жауап алмақпын. Достарың жайында айт: қайда жасырынған, олармен қалай байланысуға болады. – Ол сигарет тұтатып алды. Михаэл тұрған жерінен қозғалған жоқ, көзін де тайдырып әкетпеді.

-Михаэл, - дедім мен. – Михаэл, сен туралы бәріміз бірдей көтерілісшілермен байланысың бар деп ойламаймыз. Сондықтан, олармен ешқандай қатысың жоқтығына көзімізді жеткіз, сонда бізді де, өзіңді де қажетсіз көп мыжың әңгімеден біржола құтқарасың. Шыныңды айт бізге, майордан ештеңеңді жасырма, сен фермада тұтқындалғаныңда, онда не істеп жүрдің? Сен жайында біз не білеміз? Сенің атыңа ашылған қағаздағы Принс-Альберт полициясы жазған сөздерді ғана білеміз, турасын айтсам, былжырақ бәрі. Шыныңды айт, мойында, дұрысы қалай еді, сосын босайсың, палатаңа бар да жат, содан кейін сені ешкім екінші қайтып мазаламайды

Ол бізден көзін алмаған күйі, иығындағы көрпесін мойны тұсынан қаусырмалай түсіп, алға қарай сәл еңкейгендей болды.

-Сөйле енді, досым-ау! – дедім мен. –Саған ешкім жаманшылық істемейді, сұрақтарымызға жауап берсең болды, басқа түктің де керегі жоқ!

Үнсіздік. Ноэль де аузын ашпай отыр, ол бар әңгіме салмағын маған артып қойған.

-Ау, бастасайшы енді, Михаэл,- деп дігерлей түсемін.- Уақыт тар, білесің, соғыс жүріп жатыр!

-Мен соғысқа қатыспаймын, - деді ол ақыры тілге келіп. Мен күйіп кеттім.

-Сен бе қатыспайтын? Қатысқанда қалай қатысасың, оны сенен сұрамайды да! Сен санаториде, курортта да емессің, сен еңбек түзеу лагеріндесің, біз мұнда сендейлерді қайта тәрбиелеп, жұмыс істеуге үйретеміз.Таң атқаннан күн батқанға дейін қаптағы құмды төгіп, шұңқыр қазумен боласың. Егер бізге көмектескің келмейді екен, онда бұдан да зоры бар, тура тозақтың нақ өзіне айдап жібереміз. Сен онда күні бойы ыстық күнге қақталып, картоптың қабығы мен жүгерінің кебегін жейтін боласың, шыдамасаң, өлесің, тізімнен атыңды өшіреді, сонымен бітті, ертеңінде ешкім сені есіне де алмайды. Сондықтан қырсыққанды қой, уақыт қымбат, онан да фермада не істеп едің, соныңды айт, біз жазып аламыз да жауабыңды Принс-Альбертке жөнелтеміз. Майордың сенсіз де жұмысы көп, ол уақытты босқа кетіруге үйренбеген, отставкада жүр еді, қызметке қайта шықырылды, көрмеймісің, лагерьде тамаша тәртіп орнатқанын, өзің сияқты өмірден адасқан жандарға көмектеседі. Сен біздің жағымызға шығуға тиіссің.

Ол жауап қайырды, егер мен тап бергендей болсам, қаша жөнелетіндей, сақ тұрған мазасыз қалпында сөз бастаған.

-Мен шешен емеспін, - деді де тоқтады. Кесірткенің тіліндей сүйір бірдеңені сумаң еткізіп, ернін жаланды,

-Шешенсің бе, ноқайсың ба, ондайыңа түкіргеніміз бар, түсін, бізге керегі тек шындық, басқа түк те емес!

Ол жауап орнына қулана мырс етті.

-Сенің ол жерде плантацияң болыпты, - деді Ноэль. –Не өсірдің?

-Құр кішкентай бақша еді ғой.

-Көкөністі кімдер үшін өсірдің? Онымен кімдерді асырадың?

-Олар менікі емес. Оларды жер өсірді.

-Мен сенен сұрап тұрмын: кімдерді асырадың?

-Оларды солдаттар алып қойды.

-Солдаттар алып қойғанда, ренжідің бе?

Ол иығын қиқаң еткізді.

-Жерге өнгеннің бәрі баршамызға ортақ. Бәріміз де жер ананың баласымыз.

Енді әңгімеге мен киліктім.

-Ол фермада сенің анаң жерленген, солай ғой? Есімде, анамды сонда жерледім деп айтқаның.

Оның бет әлпеті қорғасын түстене сұрланып кетті, әне-міне жарылатыны сезілгендей, мен шабуылымды үдете түстім.

-Анаң жайында маған айтқандарыңды майор білмейді, майорға да айтып бер, естісін.

Анасы жайын қозғағанда, ол әдетте қатты қиналады, сол ауыр күй жүзінен бұ жолы да айқын білінді. Аяғының башайлары бүрісіп, қоянжырық еріндерін бір жалап қойды.

-Түн ішінде келіп фермаларды өртеп, қатындар мен балаларды өлтіріп кететін достарың жайында айт! - деді Ноэль, - Маған бар керегі осы ғана.

-Әкең туралы да айта кет, - дедім мен. –Анаң жайында жиі айтасың, ал әкең туралы еске алғаныңды әлі естігем жоқ. Әкеңе не болып еді?

Ол арасы қосылмайтын еріндерін өзінше қатты жымқырып алған, бізге қамаудағы жыртқыштай ызалана қарайды.

-Шынымен балаң жоқ па, Михаэл? –деймін кезекті сұрағымды қойып. – Сенің жасыңда еркектің... Шынымен-ақ, әлдебір жерде қатының мен балаң жоқ па? Неге жалғызсың? Болашағыңды қалай ойламағансың? Әлде, тұқым тегіңнің өзіңмен қиылғанын қалайсың ба? Ол дегенің орны толмас өкініш қой, қалай ойлайсың?

Өлі тыныштық, құлағым шыңылдағанын естимін, шахтада, жертөледе, бомбадан жасырынатын қуыстарда, қысқасы, ауасы жоқ жерлерде ғана болатын тыныштық орнады.

-Біз сені мұнда әңгімелесу үшін алып келдік, Михаэл, - дедім мен. – Жайлы төсекке жатқыздық, тойдырып тамақ береміз, күні бойы кереуеттен тұрмай аспанда ұшқан құстарға қанша қараймын десең еркің, ешкім кедергі келтірмейді, бірақ алмақтың да салмағы бар деген, сенен солардың қайтарымын күтеміз. Айтарың жоқ емес, ал тыңдауға біз әзірміз. Неден бастасаң да өзің білесің. Анаң жайында айт. Әкеңді де қос. Жалпы, өмір туралы өз ойларыңмен бөліссең де болады. Егер анаң мен әкең жайында, өмірге көзқарасың туралы айтқың келмесе, онда фермада жүргеніңде жерді қалай өңдегеніңді, анда-санда өзіңе келіп-кетіп тұрған таудағы достарың туралы, оларды қалай тамақтандырғаның жайында айтсаң да жетеді, одан артыққа қыстамаймыз да. Бізді қызықтырған жайлар туралы айтсаң болады ғой, содан кейін өз еркіңмен қалаған жағыңа кете бер.

Аузымды тыйдым. Түрі сол баяғы саз қалпы, менен көзін алар емес.

-Бол енді, Михаэл, сөйле, - деймін шыдамсызданып. – Сөйлеу деген қиын емес, көріп отырсың. Тыңдашы мені, сөздерім мына бөлмені қалай толтырып жібереді,ә. Мен күні бойы сөйлесе де шаршамайтын адамдарды білемін, ондайлар бүкіл дүние жұртын аузыма қаратсам дейді. –Ноэлдің маған қарап байқа дегендей сақтыққа шақырған ымын елеместен, өз ойымның жетегімен тоқтамастан тарта бердім. – Өзіңді бірдеңемен болса да көрсетсейші, әйтпесе, ешкімге елеусіз боп өмірің босқа өтіп кетеді ғой. Ертең соғыс та бітер, есебі жүргізілер, сонда қисапсыз құрбан болғандар қатарын бір адамға арттырғаннан басқа саған не түседі? Әлде, шынымен, есепсіз кетер сол көп құрбанның бірі болғым келеді демекпісің? Жоқ, өмір сүргің келеді, солай ғой? Ендеше, жаратқанның атынан өтінемін сенен, сөйлеші, даусыңды естиік, не білесің, айт! Құлағымыз сенде! Сен мына жалпақ әлемнен, қазір қарсы алдыңда отырған екі сыпайы адамнан артық, мейірімді жанды басқа ешқайдан таппайсың, қаласаң, біз сені күні бойы, тіпті түні бойы тыңдауға бармыз, оған қоса айтқандарыңды бір сөзін де қалдырмай түгел жазып аламыз.

Ноэль шалт қимылдап, бөлмеден шығып кетті.

-Күте тұр, қазір! – деп Михаэлге бұйырдым да, Ноэлдің артынан жүгірдім. Қараңғы дәлізде қуып жетіп, жалынғандай боп қолынан ұстай алдым.

-Сіз оған ешқашан ештеңе айтқыза алмайсыз, - дедім мен оған. –Көрдіңіз, ол кеңкелес, жеңілтек емес, сабырлы кеңкелес. Жан дүниесі азған, тозған, егер солай деуге болса, өмірдің қан майдан ортасына кездейсоқ түсіп қалған әлсіз міскін, оның орны аурухана, оны өмірдің қайшылықты ортасынан биік дуалмен бөліп тастау керек, жүрсін сонда жастық жасап, гүлдерге су құйып. Тыңдашы мені, Ноэль, сізге айтар бар өтінішім - босатып жібер оны. Одан күштеп жауап алуға болмайды.

-Оны кім ұрып-соққалы жатыр?

-Күштеп мойындата көрмеңіздер, мойындайтындай түгі жоқ оның, ант етейін. Егер байыптап қарар болсақ, не істеп жүргенін басқа түгіл, оның өзі де білмейді; бұған сенімім кәміл, өйткені оны сырттай бақылағаныма біраз болды емес пе. Есеп үшін полицайға бірдеңе жазып бере салыңыз. Қалай ойлайсыз, Свартберг отрядында неше партизан болуы мүмкін? Жиырма? Отыз? Жиырма адам деп көрсетті деп жаза салыңыз. Фермаға сол құрамымен өзгерместен, ай сайын бір рет, тіпті одан да сирек келіп тұрады екен, бірақ келесі жолы келетін уақыттарын айтпайды екен деп жазыңыз. Олардың аттарын болмаса, ататегін білмейді екен деп көрсетіңіз. Есімдерінің тізімін жасап беріңіз. Олардың қолында болуы мүмкін қаруларын атай салыңыз. Таудың әлдебір қуысында, бірақ анық қай жерде екені белгісіз лагерлері бар екен, бірақ оны бұған айтпаған, әйтеуір, өте алыс, фермадан екі күндік жер көрінеді деп жазып қойыңыз. Үңгірлерде ұйықтайды екен, араларында әйелдер мен балалар да бар көрінеді деп те көрсетіңіз. Жетіп жатыр. Осындай жалған есеппен тойғызыңыз. Сонда олар бізді мазалағандарын қояды да, ал біз тыныш қана өз ісімізбен айналысатын боламыз.

Біз шуақты көктемнің көк аспаны аясында тұрмыз.

-Сіз, немене, маған полицияны алда және өтірік толтырылған қағазға қол қой демекпісіз?

-Бұл өтірік емес, Ноэль, бәлкім өтірік те шығар, бәрібір Михаэл жүз жерден азапталса да мойындап ештеңе айтпайды.

-Егер отряд тауда тығылып жүрмесе ше? Мүмкін олар Принс-Альберттің шеткі аймақтарына орналасып, күндіз түк білмегендей жұмыстарын істеп, ал түнде төсек астына тығып қойған қаруларын алып, қараңғылық көрпесін жамылып, ғимараттарды жарып, үйлерді өртеп, сүйтіп халыққа қан сигізіп жүрсе ше? Басыңа мұндай ой келмеді ме? Сіз осы неге сонша Михаэлді жан сала қорғаштайсыз?

-Ноэль, мен оны қорғаштап жүргем жоқ. Ау, сіз осы бір қарғыс атқан лас түкпірде бақытсыз, ақылы кем кеңкелестен, шашы өртеніп жатқан анасы түсіне кіргенде қорыққаннан жанын қоярға жер таппайтын, балаларды капуста ішінен тауып алады дегенге сенетін жарымес сорлыны мойындатамын деп күні бойы босқа әуре боп жүре бермекпісіз? Ноэль, сіздің бұдан басқа да маңызды шаруаларыңыз бар ғой! Оның ештеңеге қатысы жоқ, сеніңіз маған, егер оны полиция қолына берсеңіз, олар да тап осындай қорытындыға келері сөзсіз, оның ештеңеге қатысы жоқ, демек, мойындайтын да ештеңесі жоқ, есі бүтін адам үшін кәдеге жарарлықтай онда айтар әңгіме жоқ. Мен оны бақылап жүрмін, сондықтан білемін. Ол бұл жалғанның адамы емес. Ол өзіне өзі жасап алған жұмбақ тылсым ішінде өмір сүреді.

Қысқасы, Михаэл, менің қызылсөзділігім ақыры сені құтқарды. Полицияны қанағаттандыратындай етіп, мойындады деген жалған құжат дайындаймыз, содан кейін қолыңа кісен салып, едені сідік сасыған полиция фургонымен сені Принс-Альбертке алып кетпейді, бұрынғыша таза ақжамылғыға оранып көгершіндердің уілін тыңдайтын боласың, қалғисың, ұйықтайсың, ара-арасында не туралы ойлағың келсе, соны ойлайсың. Күндердің бір күнінде сол үшін маған алғыс айтарсың деп сенемін.

Бірақ бәрінен де қызығы - сен ғой қаладағы тасталғандар арасында отыз жыл өмір сүрдің, сосын сені соғыстың қан майдан даласына қарай лақтырды (егер өз айтқандарыңа сенер болсақ), сонда да өлмедің, алайда дәл қазір сенің өміріңді сақтап қалу – ауру мен аштық жеңген әлдебір мақұлықты немесе көзін әлі ашпаған жаңа туған мысық баласын яки ұясынан құлап қалған құс балапанын асырағанмен бірдей екенін сенің білмейтініңде боп тұр. Не құжатың, не ақшаң жоқ. Отбасын құрамапсың, достардан да жұрдайсың. Кім екеніңді басқа түгіл, алдымен өзің білмейсің. Елеусіздің де ішіндегі ең елеусізісің, елеусіздігің сондай, бадырайып бірден көзге түсесің.

* * *

Жаймашуақ жаздың алғашқы күні жағажайға барса да болар еді, бірақ жаңа ауру келіп түсті, - қызуы жоғары, басы айналады, жүрегі айниды, тамырлары білеулене ісіп кеткен. Мен оны бұрын жокейлер салмағын өлшеген жерге, жеке бөлмеге жатқызып, анализ алу үшін қаны мен зәрін Униберге жіберуді тапсырдым. Жарты сағаттан кейін экспедитор бөлмесіне кірсем, жұрттың бәрінің көз алдында бүйірінде қызыл крест және «Жедел» деген жазуы бар пакет тұр. Секретарь болса, хат-хабарларды таситын машина бүгін болған жоқ деп ақталады. Неге біреуді велосипедпен жібере салмаған? Жұмсайтын ешкім болмады дейді. Мәселе тұтқындағы бір адамның денсаулығында емес, бүкіл бір лагерь өмір сүре ме, жоқ әлде, түгел қырылып қала ма дегенге сайып тұр. Ол иығын қозғайды. Жанталасатын ештеңе жоқ. Үлгерерміз. Үстелінің үстінде жас қыздарға арналған журнал жатыр.

Лагердің батыс жағындағы, кірпіш дуал мен тікенекті сым қоршаудың сыртындағы емен бұтақтары небары бірнеше күн ішінде көкпеңбек боп қалың жапыраққа оранды. Көше беттен ат тағасының тықылы естіліп, Уинберг шіркеуінің шағын хоры салған ән қалықтады, аккордеоншы бастаған хор жексенбі күндері айына екі рет тұтқындар алдында өнер көрсетеді. Қазір хор «Жаратқан бізге жар болагөр» әнін – өздерінің соңғы нөмірлерін шырқатып жатыр, сосын біздің қамқорымыздағы тұтқындар сап түзеп «Д» секторына барады, ол жерден көже ішіп, тұздықталған бұршақтарын жейді. Олардың жанын хор мен пастор (олар қайда да жеткілікті) аяласа, дене күтімдері – дәрігерлерден. Яғни олар ештеңеден кемдік көріп жүрген жоқ, бір ай – екі ай, содан соң «ой-ниеттерінің тазалығы» мен «еңбек етуге құлшына кірісуге» дайын екендіктеріне көзімізді жеткізіп, лагерден шығарып жібереміз, олардың орнына көздерінде «бағынбаймыз» деген өжеттік оты жанған басқа алты жүз адамды қабылдаймыз. «Мен болмасам, басқа біреу табылар, - дейді Ноэль, - ал ол менен де жаман болуы мүмкін ғой». «Лагерді мен басқарғалы, - дейді Ноэль, - тұтқындағылар тым болмаса өз ажалдарынан өлетін болды». «Соғыс мәңгі жалғаса бермейтін шығар, - дейді Ноэль, - дүниедегінің бәрінің соңы болатыны сияқты ол да бір күні аяқталар». Бұл – майор Рензбургтің қайталап айтуды ұнататын сөздері. «Бәрібір, - деймін мен, кезегімді тосып-ап, - атыс-шабыс тынған күні күзетшілер қашып кетеді де, жаулар еш бөгетсіз қақпадан еркін кіріп, лагерь комендантын іздеп, кабинетіне басып кіргенде, оның жазу үстелі басында оқ тескен самайы үңірейіп өліп жатқанын көрсе, әрине, ең үлкен әділеттілік сол болар еді. Қалай десеңіз де, олар сізден, міне тап осындай әрекет күтеді». Ноэль үндемейді, алайда ол мұның бәрін алдын-ала ойластырып қойғанына еш күмәнім жоқ.

* * *

Кеше Михаэлді ауруханадан шығардым. Қағазда оны ең кемі жеті күн гимнастикалық жаттығулардан босату керек деп әдейілеп атап көрсеттім. Бүгін күндіз сыртқа шыққанда бірінші көргенім –Михаэл, беліне дейін жалаңаш, тірі қаңқа - қу сүйек, еңселі, жұмыр келген бір топ еркектің соңынан аяғын зорға басып әрең еріп барады. Мен кезекшіге реніш білдірдім.

-Шаршағасын өзі де қалады ғой, - деді ол.

-Ол өледі, - дедім мен. – Жүрегі шыдамайды.

-Сізге айтпайтынды айтып әбден ішіңізге кіріп алған-ау, - дейді кезекші. – Олар кісіні қалай алдауды біледі, сене бермеңіз. Денсаулығы өгіздей. Неге сонша көп ықылас бөлесіз оған? Әне, қараңызшы!

Ол біздің жанымыздан жүгіріп өтіп бара жатқан Михаэлді нұсқады. Көзі жұмулы, терең тыныс алады, жүзі байсалды.

Рас-ау, мен оның айтқандарына неге бас шұлғи беруім керек. Егер мен ойлағаннан басқаша болса ше? Мәселен, басқаларға қарағанда оған көп тамақ ішіп керегі жоқ, болмашы нәрмен де жүре береді, бәлкім, осы шығар шеше алмай жүрген жұмбағым.

* * *

Қателестім. Бекер күдіктеніппін. Екі күннен кейін ол бізге қайта келіп түсті. Фелисити ашық тұрған есік аузынан – оны екі күзетші қалай сүйретіп әкелгеніне қарап тұрды, ес-түс жоқ. Ол күзетшілерден не болды деп еді, олар түк білмейміз деген ыңғайларын танытып, сержант Альбрехттен білерсіз, десті де қойды.

Қолы мен аяғы мұздан бетер тастай, тамыр соғысы әрең-әрең білінеді. Фелисити оны көрпеге орап, әр жерінен ыстық жастықша қойды. Мен ине салып, сосын түтік арқылы глюкоза мен сүт ішкіздім.Альбрехттің айтуынша, Михаэл айтқан тәртіпке көнбеген, бұйрықты орындаудан бас тартқан соң, жаза ретінде гимнастикалық жаттығулар жасау – отырып-тұру, бір орнында секіру міндеттелген. Ол бірнеше мәрте отырып-тұрыпты да, құлап түсіпті, содан есін жимай қойған.

-Орындаудан бас тартқаны қандай бұйрық? – деп сұрадым мен одан.

-Ән салу.

-Ән салу? Әй, оның ақылы орнында емес қой, ән салғанды айтасың, жөнді сөйлей де алмайды. Ал сендер оған ән сал дейсіңдер!

Сержант иығын қиқаң еткізді.

-Байқап көрсе, ештеңесі кетпейтін еді.

-Қалай ғана оны гимнастика жасатып жазалауға болады, ол өлім аузындағы шала-жансар жан емес пе.

-Мен жарғы талаптары бойынша әрекет еттім, - дейді ол.

* * *

Михаэл есін жиды. Сол бойда бірден танауындағы түтікті жұлып тастады, Фелисити тоқтатпақ боп ұмтылып та үлгермеді. Ол есік қапталындағы кереует үстінде қалың көрпеге оранып жатыр, тамақ ішуден бас тартқалы жансыз мүрдеге айналған.

-Мен мұндай тамақ жемеймін, - деген бір сөзден жаңылар түрі жоқ.

-Шайтан алғыр, олай болса, ұнататын тамағыңды өзің айт? – деймін қадала сұрап. – Бізді аясаңшы, жазығымыз, көмектеспек болғанымыз ба, неге түсінбейсің? –Оның маған қараған көзі сондай айқын әрі жайбарақат, мен күйініп, еріксіз ашуға басамын. – Күн сайын жүздеген адам аштан өледі, ал сен тамақ ішуден қашасың? Неге? Әлде, аштық жарияладың ба? Бірдеңеге қарсылығың бар ма еді? Ол не қарсылық? Әлде, өзіңді босатуды талап еткің келе ме? Егер босатсақ, осы күйіңде лагерден шығып кетсең, екі-үш сағатқа да жетпейсің, өлесің. Сен өзіңді-өзің күте алмайсың, қолыңнан келмейді. Біз Фелисити екеуміз бұл жарық дүниеде саған шын көмектескісі келетін бірден-бір қайырымды жандармыз. Өзгелерден ерекше болғандығымыздан емес, парызымыз сондай. Неге түсінбейсің?

Менің ашумен айтқан жалынды сөзім бүкіл палатаны толқытты. Менингит пе деп күдіктенген бозбала (кеше палатаға кіріп келгенімде, қолын Фелиситидің юбкасы астына жүгіртіп жатқанын көзім шалғаны бар) кереуетінің үстіне тізерлей тұрып -ап, бетін сайқымазақтана құбылтып, бізден көзін алмай қадалды да қалды.

Палата еденін сыпырып жатқан Фелесити де сыпыртқышын құшақтап жұмысын доғара қойды.

-Маған айрықша көңіл бөлегөр деп мен ешкімнен сұраған жоқпын, - деді Михаэл қырылдап.

Мен орнымнан тұрдым да шығып кеттім.

Иә, сен менен ешқашан ештеңе сұраған жоқсың, сонда да мен саған қатысты ойлардан арыла алар емеспін. Құдды бір сенің етсіз қу сүйек қолдарың мойнымды орап алғандай, ал мен сені арқама сап көтеріп жүргендеймін.

Біраздасын палата сабасына түсті де, мен қайтып кеп, кереуттің шетіне құйрық қойдым. Көп күттім. Ақыры көзіңді аштың да, тіл қаттың:

-Мен өлмеймін. Тек мұндағы тамаққа зауқым жоқ. Лагерь дәмі өңешімнен өтпей қойды.

-Есеп бергеніңізде оны өлді деп жазыңыз, - деймін Ноэлені үгіттеп. – Кеш түскенде қақпа алдына алып келіп, аздап ақша ұстатамын да, еркіне жіберемін, қайда барса, онда барсын. Өз жайын өзі күйттесін. Өлді деңіз, мен растап куәлік жасап беремін. «Ажалына себеп, ұзаққа созылған аштықтан болған пневмония» деп көрсетемін.

-Мен сіздің оған деген ықыласыңызға таңым бар, - дейді Ноэль. – Бірақ маған жалған құжат жаса дей көрмеңіз, ондайға бармаймын. Егер ол өлгісі келіп тамақ ішпесе, мейлі, өлсін. Басқа айтарым жоқ.

-Әңгіме оның өлуге айналғанында емес, өлгісі келетінінде де емес, - деймін мен. – Бұл жердің тамағына зауқы жоқ, ағзасы қабылдамайды, міне, мәселе қайда жатыр.Тіпті баланың тамағын да іше алмайды. Оның өңешінен өтетін тамақ біреу, оның аты – бостандық наны.

Біртүрлі ыңғайсыздау тыныштық орнады.

-Сен де, мен де, бәлкім, лагерь тамағын іше алмас па едік, - деп үстедім.

-Сен оның қандай күйде келгенін көрдің бе, - құр қаңқа, қу сүйек еді, - деді Ноэль. – Ол әлгі фермасында құс сияқты еркін өмір сүрсе, бостандық нанымен қоректенді ғой, сонда да тірі өлік - Дахау тұтқынына ұқсайтын.

-Мүмкін жаратылысы сондай, арық шығар, - дедім мен.

* * *

Палата іші қараңғы, ал Фелисити менің бөлмемде ұйықтап жатқан. Мен қолшамымды жағып, кереует үстінен еңкейіп, Михаэлені иығынан тартқыладым, ол оянып, көзін қалқалай қойды. Тым жақын төнгенім сондай, күнде жуындырып жүрсе де, мен одан шыққан иісті сездім, ақырын ғана:

-Сөйлесуіміз керек, Михаэл, - дедім, - Ас ішпесең, шынында, өлесің. Бұған күмәнің болмасын. Сен ұзақ жатасың, қиналасың, бәрібір өлесің. Оны тоқтату үшін мен түк те істемеймін. Әрине, сені кереутке таңып қойып, өңешіңнен түтік өткізіп, күштеп ішкізуге болады, бірақ мен оны істемеймін. Мен саған балаға немесе әлдебір мақұлыққа қараған сияқты қарағым келмейді, мен саған еркін адамша қарағым келеді. Өмірмен қоштасқың келген екен, несі бар, қоштас, өз өмірің өзіңдікі, менікі емес қой.

Ол қолын көзінен алып, қылғына жөтелді. Бірдеңе айтқысы келгендей болды да, айтпады, басын шайқап, жымиды да қойды. Қол шамның жарығында күлкісі жағымсыз, акуланың ырсиғаны сияқты әсер қалдырды.

-Не жегің келеді? – деп сұрадым сыбырлап. – Қандай тамақ болса жер едің?

Ол қолын жайлап созып қолшамды ығыстырды. Сосын екінші жамбасына аунады да, ұйықтап кетті.

* * *

Қыркүйектегі топты тәрбиелеу аяқталды, бүгін таңертең біздің жалаңаяқ тәрбиеленушілерімізден құралған колонна, ең алда барабаншы, қос қапталында күзетшілер, он екі шақырым жердегі көлік бекетіне жаяулатып жолға шыққан, ол жерден байғұстарды ел түкпіріне қарай пойызбен алып кетпекші. Лагерде қамалып, Мюлдерсруске аттандыратын күндерін күтіп, түзелмейтін алты адам және лазаретте жатқан үш ауру ғана қалды. Үшеудің бірі – Михаэл, түтіктен ішуден бас тартқалы ол аузына әлі нәр сызған жоқ.

Жел желпіп карболка иісін жеткізіп тұр, бір әдемі тыныштық орнаған. Көңілім шатты, бақыттымын. Соғыс аяқталып, лагерь жабылғанда, сірә, тап осындай күн туатын болар (Әлде лагерді ешқашан жаппас па екен? Өйткені қоршауы биік лагерлер қашан да керек қой). Лагерь қызметкерлері, бірер адамнан басқасы, тегіс демалыс күндерін пайдаланып қалмақ боп әркім өз шаруасына кеткен. Дүйсенбіде бұл жерге тәрбиеленушілердің қарашаға белгіленген жаңа тобы әкелінбек. Алайда, қазір темір жол жұмысы қожырағаны соншалық, тіпті бір күнгісін де дәл болжап айту қиын. Бір апта бұрын Де-Арға шабуыл жасалып, станса жолдары қатты зақымданыпты деседі. Я газет, я радио бұл жайында жұмған ауыздарын ашпаса да, Ноэль бұл хабарды сенімді адамдар арқылы біліп отыр еді.

* * *

Мен Мейн-Роудта көше саудагерінен қабақ сатып алып, тіліктерін жұқалап, тостерге қойып қуырып алдым.

-Бұл асқабақ емес, - дедім Михаэлге, жастығының жанына қойып жатып, - алайда дәмі жағынан айнымайды.

Ол бір тістеді де, ұзақ шайнады.

-Ұнай ма? – дедім мен.

Ол мақұлдап бас изеді. Қабақ бетіне қант себілген, тек әттең, тәтті бұрышым болмады. Қасында көп бөгелгем жоқ, ұялта бермейін деп шығып кеткем, қайтып келсем, тостағаны босап қапты. Келесі жолы Фелисити палата ішін жинастырғанда кереует астында құж-құж қайнаған құмырсқаларға жем боп шашылып жатқан қабақ түйірлерін теріп алатын болды-ау. Өкінішті-ақ.

-Тамақ ішуге сені қалай көндірсем екен, - деп сұрадым мен одан.

Ұзақ ойланғаны сонша, мен оны ұйықтап кеттіге жорығандай едім. Ол жөткірінді.

-Менің не жегенімде ешқашан ешкімнің ісі болған жоқ, - деді ол ақыры тіл қатып. – Өзімнен өзім сұраймын: мынаның менде не ақысы бар?

-Сенің аштан өлетініңе қалай жайбарақат қараймын. Жалпы мен бұл жерде ешбір жанның аштан өлгенін қаламаймын.

Ол мені естігеніне күмәндімін. Шытынап жарылып кеткен қоянжырық еріндері, ішкі ойын жоғалтып алғысы келмегендей, біразға дейін ақырын жыбырлады да тұрды.

-Мен өзімнен сұраймын: мына адамға мен кіммін? Мен өзімнен сұраймын: мына адамға менің өлі-тірі болғанымның не керегі бар?

-Ендеше осы ыңғаймен тұтқындарды неге атып тастамайсыңдар деп неге сұрақ қоймайсың? Бұл сұрақтың жаңағы өзіңе қойған сұрақтан еш айырмасы жоқ қой.

Ол басын ақырын шайқай беріп, кенет көзін ашып жібергені, алақандай жанары маған көк теңіз боп түйілді. Тағы бірдеңе демекші едім, дей алмадым. Саған құдды бір көр ішінен қарап тұрғандай болған адаммен сөз таластыру – әбестік қой.

Біз бір-бірімізге ұзақ қарап отырдық. Сосын мен өз үнімді естідім, дұрысы, сөзімді емес, сыбырымды. Басымда бір ой жылт етті: жеңілдің. Жеңілгенде бойыңды әдетте тап осындай көңіл күй билейді.

-Осы сұрақты саған мен де қоя алар едім, - деймін сыбырлап, - Сенің әдісіңе салып өзімнен-өзім: мына адамға мен кіммін?- деп сұрауыма болады ғой, – Үнім баяулап, жүрегімнің дүрсілі айқын естіліп тұрды. –Мен сені бұл жерге шақырып әкелгем жоқ. Саған дейін жағдайым жақсы болатын. Дәл осындай жерде адам баласы қаншалықты бақытты бола алса, мен соншалықты бақытты едім. Сондықтан менің де өзімнен сұрауыма болады: керек еді ол маған?

Ол көзін қайта жұмған. Тамағым кеуіп қалған екен, жуынатын бөлмеге барып, су ішіп, қол жуғышқа сүйеніп ұзақ тұрдым, жанымды мұң жайлай бастады, әне-міне бір жаманшылық болатын сияқты ма, қалай? Ал мен ондайға мүлде дайын емеспін. Бір стақан су алып қайтып келдім.

-Тамақ жегің келмесе, жемей-ақ қой, - дедім, - бірақ су ішуге тиіссің.

Басын көтеруіне көмектестім, ол судан бір-екі ұрттады.

* * *

Қымбатты Михаэл, мен сенің сұрағыңа жауап бермекпін. Алдымен өмір тарихыңды білгім келеді. Қызық-ау, сен, басқа емес сен, ешқандай қатысың болмаса да соғыс өртінің қақ ортасына қалай түскенсің? Сен солдат емессің ғой, Михаэл, күлкі туғызатын сайқымазақ міскінсін, жәрмеңкелік ағаш адамсың. Бұл лагерде не істеп жүрсің өзі? Біз сені қайта тәрбиелей алмаймыз, үнемі түсіңе кіріп мазалайтын, шашын өрт құшып тұрған анаңның айықпас кегінен де босата алмаймыз. Мен бәрін дұрыс айтып тұрмын ба? Әрине, дұрыс айтып тұрмын. Ендеше, біз сені қандай шаруа үшін қайта тәрбиелеуге тиіспіз? Себет тоқып, газонды қырқу үшін бе? Сен таяқша құртсың ғой, Михаэл, жер бетіндегі барлық жыртқыштардан қорғанатын оның жалғыз қаруы – түрінің түсініксіздігі ғой. Ауқымды, мидай жазық асфальт алаң бетінде қайдан тап бола кеткені белгісіз – таяқша құртсың. Шыбық аяқатарыңның бірін, сосын екіншісін көтересің, ақырын қыбырлайсың, әлдебір затпен астасып, жасырынып қалсам дейсің. Бау-бақшаңнан неге кеттің, Михаэл? Сенің орның сол еді ғой. Бір тыныштау шетте, жабайы бақтың түкпірінде өмір бойы тұра бермедің бе, елеусіз бұта арасында, әдеттегі, құрт-құмырсқа не істесе, соны істеп жүре бермедің бе, жапырақтарды кеміріп, күбі құртты жеп, шық суын ішіп. Кешір, сен шешеңнен ертерек бөлініп кетуің керек еді, менің ойымша ол нағыз кісі өлтіргіш. Одан алысырақ жерден бұта тауып-ап өз бетіңше өмір сүрсең ғой. Сен орны толмас қателік жасадың, Михаэл, оны құтқармақ боп, қамқорыңа алғаның, өртке оранған қалалар мен ауылдарды басып өтпек болғаның бекер еді. Сен оның салмағы астында жаншылып, түтінге тұншығып, жауған оқтан қорғанып, тағы сол сияқты хикметтерден айналып өтіп, балалық парызым деп шешеңді арқалап жүргеніңді көзіме елестетсем, мен оны анық көремін: Ол сенің иығыңа отырып-ап басыңдағы миыңды сорып жеп, онымен де қоймай, жан-жағына насаттана қарап қояды, сенің ұлы Ажалың – анаң, ал қазір сол нағыз ажал өлгенде, артынан барғың келеді. Мен талай рет ойландым, көзіңді сонша жарқыратып ашқанда, Михаэл, сен осы не көресің? Әрине, мені емес, лазареттің ақ балшықты қабырғалары мен бос жатқан кереуеттерін де емес, аппақ қалпақ киген Фелиситиді де емес, иә, сонда не көресің? Шашы алаулай өртеніп жатқан анаңды, әрине, ол мысқылдай күліп, қармақша иілген саусағымен сені өзіне шақырады, жарықтан өрілген пердені өтіп кел деп ымдайды, әнебір мүлде басқа қара түнек өмірге шақырады ма? Сенің жарық дүниеге деген немқұрайдылығыңның сыры міне, осында жатқан жоқ па екен?

Сосын аузыңа басқа не алсаң да дәмсіз-сөлсіз боп көрінетіндей, әлгі иесіз фермада немен қоректенуші едің? Сенен асқабақ дегеніңді ғана естіппін. Өзіңмен асқабақ дәнін алып жүресің. Әлде, Карудағылардың жейтіні тек асқабақ па? Бір жыл бойы тек асқабақпен ғана қоректендім дегеніңе шынымен сенейін бе? Михаэл, адам ағзасы ондайға шыдамайды. Тағы не жедің? Мүмкін, аңшылық құрған шығарсың? Садақ, жебе жасап-ап құс атқан шығарсың? Әлде, жеміс-жидек теріп, өсімдік тамырын жедің бе? Шегірткені ше? Сенің қағаздарыңда «сараң» деп жазылған, күзетші болған көрінесің, бірақ не күзеткенің айтылмаған. Аспаннан жауған құймақты ма? Қағып алып, ұраларға тығып сақтадың ба, өзіңнің түнгі қонақтарыңды тамақтандыру үшін? Сол себепті де лагерь асын ішкің кемей ме, өле-өлгенше аспаннан жауатын құймақтан басқаны жемеуге ұйғарғансың ба? Сен, Михаэл, тығылып қалуың керек еді. Тым аңғалдық жасадың. Ең терең інге кіріп, ең қараңғы түкпіріне тығылып - ап, соғыс біткенше шықпай жатып алуың керек еді. Әлде, өзіңді көзге көрінбейтін аруақпын, басқа планетадан келгенмін, маған жердегі пенделердің заңдары жүрмейді деп ойладың ба? Адам пенделердің заңдары қазір сені қысқаштай қысып тастады, Кенилуорт ипподромының трибуналары астындағы кереуетке таңып қойды, егер қажет деп тапса, олар сені күл ғып үгітіп те жібере алады. Бұл заңдар, Михаэл, темірдей берік қолмен жазылған, енді сен де түсіне бастаған шығарсың деп ойлаймын. Сен тіпті балауыз сияқты жанып кетсең де оларға бәрібір. Сенің жүрегіңдей үлкен жүрегі бар адамға Антарктида яки теңіз ортасында болмаса, бұл өмірде орын жоқ.

Егер алған бетіңнен қайтпасаң, Михаэл, сен өлесің. Бірақ біржола жоқ боп кетеді екем деп ойлама, тәнің өртеледі, жаның қалады, ол әуеге ұшып кетеді. Сен таңдаған өлім – азапты өлім, сен оны түсініп, өкініп, қайғырып үлгергеніңше, азаптан арылатын сәт жеткенше ұзақ уақыт өтеді. Егер менің ақылымды алып, райыңнан қайтпасаң, өлесің, сенің өміріңнің тарихы да өледі. Сөзіме құлақ сал, Михаэл. Бір менен басқа сені ешкім құтқармайды. Сенің ерекше жаралған жан екеніңді түсінетін жалғыз мен ғанамын. Сенің өміріңе немқұрайды қарай алмайтын жан ол да менмін. Сенің бас имес тұтқын екеніңді көріп жүрген де жалғыз мен боламын, сені тәртібі жұмсақтау лагерге орналастыру керек, өйткені сен түзелуден кеткен қылмыскер емессің ғой, саған темірдей қатал тәртіп қолданудың қажеттігі жоқ, сен сондайсың, саған анадай деп айдар тағудың еш мәні жоқ, сенің жаның бақытқа құрылған, ешқандай догмалармен бүлінбеген, ол адам ғұмыры дегеннің не екенін білмейді, өзінің тас табытында жатып-ақ қанатымды жайсам дейді, клоун типтес кейпімен-ақ ойындағысын білдіргісі келеді. Белгілі бір түсінік аясында – сен уникумсың, Михаэл, сен өз тегіңнің ақырысың, тарих басталғанға дейінгі целекант тәрізді мақұлықсың немесе янкви тілінде сөйлейтін соңғы адамсың. Біздің бәріміз де тарихтың қайнап тұрған қазанына түсіп кеткенбіз, тек сен ғана әлдебір белгісіз жұлдызыңның соңынан еріп, балалық шағыңды жетімханада өткізгенің арқасында (Жетімхана пана болады дегенді кім ойлап тапты екен?) тіршіліктен де, соғыстан да жылыстап, ашық далаға барып тығылдың, ол жерден сені іздейікші деген ой ешкімнің де басына келмес еді, алайда сен ескіше қалыптасқан тәртіппен өмір сүргің келді, уақыттың ауанына берілдің, сен мезгілдік маусымдардың ауысқанын бақыладың, бірақ тарих жолын, құм дауылдардың өзгерте алмайтыны сияқты, сен де өзгертуге ешқандай әрекет жасамадың. Біз сенімен мақтануға, құрмет көрсетуге тиіспіз, сенің киімдеріңді, асқабақ шопағы оралған қалташаны мұражайға қойып, ал ипподром қабырғасына сенің осында болғаныңды айғақтайтын естелік тақта орнатуымыз керек. Алайда мұның бірі де болмайды. Бәрі басқаша болады: сен өлесің ешкімге елеусіз боп, ипподромның әлдебір қалтарысына көмілесің, өйткені қазіргі жағдайда сені Волтемад қорымына апарып жерлеу туралы сөз болуы мүмкін емес, менен басқа жан баласы, егер сен райыңнан қайтып, ақыры мәмлеге келмесең, есіне де алмайды.

Жалынамын, Михаэл, жібіші!

Сенің досың.

* * *

Тұтқындардың жаңа легі әкелуіне байланысты әртүрлі алып-қашпа сөздерден кейін, ақыры шындық беті ашыла бастады. Олардың негізгі бөлігі Реддерсбургте ұсталып, көлік күтіп жатса керек. Ал шығыс провинциядан ұсталғандар мұнда әкелінбейді, себебі Эйтенхаг аралық лагерінде қызметкерлер жетіспегендіктен тұтқындарды қанішер қылмыскерлер, тәрбиеге көнетіндер деп сұрыптау мүмкін болмай, бәрін түгел қатал тәртіпті лагерге жөнелтуге шешім қабылданған, енді олар айрықша бұйрық түскенше қамалып сонда отыратын көрінеді.

Не керек, Кенилуортта мерекелік көңіл-күй, ертең лагерь персоналы және генерал-квартирмейстер қызметкерлері арасында крикеттен жарыс өтеді. Стадионның қақ орта тұсында дайындық қызған: газондар қырқылып, жолдарға белгі соғылып жатыр. Біздің команданың капитаны – Ноэль. Ол мұндай ойынға соңғы рет отыз жыл бұрын қатысқан екен. Оның үстіне өзіне шақ келетін ақ шалбар таппай да қиналып жүр. Егер елде осылай темір жолдарды жарып, пойыз тоқтап қала берсе, өкімет бізді ұмытады, сосын кең дүниені жасырған биік қоршау тасасына тығылып-ап, соғыс біткенше рахаттанып ойын ойнамағанда қайтеміз.

Бізді тексеріп Ноэль келе қалды. Палатада екі-ақ сырқат: Михаэл және басы шайқалған жас жігіт. Біз Михаэлді сөз еттік, ол ұйықтап жатса да барынша ақырын, сыбырласып қана. Мен оны әлі де құтқарып қалсам деген үміттемін, дедім Ноэлге, ол үшін танауы арқылы түтікпен қоректендіруім керек, бірақ айтқан ақылымды құлағына да ілмей, өмір сүргісі келмей жатқан адамды зорлауға қақым жоқ. Ол мені қолдай кетіп, күштеп тамақ ішкізуге, біреудің өмірін жасанды жолмен ұзартуға қарсымын деді (Сондай-ақ аштық жариялау ереуілдеріне де қарсы екенін ескертті).

-Енді қанша шыдайды? – деп сұрады Ноэль.

-Екі апта, мүмкін үш, - дедім мен.

-Қайтеміз, тым болмаса қиналмай өледі де.

-Жоқ, - дедім мен, - ол нағыз жойқын азаппен өледі.

-Әлдебір ине салуға болмай ма?

-Өлтіру үшін бе?

-Жоқ, оны өлтіртейінші деген ниетім жоқ, - деді ол. – Басқа түскен азабын жеңілдету үшін дегенім ғой.

Мен келіскем жоқ. Ол әлі де райынан қайтып қалар деген үміт барда, ондай жауапкершілікті мойныма алуым мүмкін емес еді. Сөйтіп біз өзара ортақ мәмлеге келе алмадық.

* * *

Біз жеңіліп қалдық, біркелкі жөнді қырқылмаған шөп үстінде доп үнемі қисық ұшып, жазатайым жараланып қаламыз ба деп қорыққан ойыншылар сақтанумен болды да, жақсы ойын көрсете алмады. Жаттығуға арналған, бүйірінде қызыл лампасы бар, ақ шұға кәстөм киген Ноэль ақ дамбалды Аяз Атаға ұқсап жүрді, кезегі он бірінші болатын, алғашқы доптан кейін-ақ ойыннан шығып қалды.

-Крикет ойнауды қай жерде үйреніп жүрсіз? – деп сұрадым мен одан.

-Морресбургте, сонау отызыншы жылдары, - деді ол, - мектеп стадионында, үлкен үзілістер кезінде ойнайтынбыз.

Қалай десек те ол арамыздағы ең тәуір ойыншымыз болатын.

Кездесу аяқталғасын дастарқан мәзірі ұйымдастырылған, гуілдескен тойымыз түн ортасына шейін созылды. Қарымта кездесуді ақпан айында, Симонстаунда өткізетін болып келістік, әрине, оған дейін бізді басқа жаққа ауыстырып жібермесе.

* * *

Ноэлдің көңілінде хошы жоқ. Ол бүгін Эйтенхаг лагерінде не болғанын біліпті, бұдан былай еңбек түзеу лагері мен соғыс тұтқындарына арналған лагерь арасындағы айырмашылық жойылатын көрінеді. Бардскердерсбос жабылады, Кенилуортты қосып есептегенде, қалған үшеуі кәдуілгі әскери тұтқындарға арналған лагерге айналдырылады. Өйткені қайта тәрбиелеу деген жақсы нәрсе болғанмен, алайда, тәжірибе көрсеткендей, қол жетпес құр арман екен; еңбек бөлімшелеріне келсек, оларды лагерлердегі әскери тұтқындар есебінен жасақтауға болады емес пе. Ноэль бастықтарынан: «Сіздер, немене, тепсе темір үзетін солдаттарды Кенилуортта, қаланың қақ ортасында, кірпіш дуалмен, одан кейін екі қатар тікенекті сыммен қоршап, оны жүрегі ауыратын шалдар мен бозбалалардан құралған азғантай әлсіз топқа күзетіп қоюға болады деп ойлайсыздар ма?- деп сұраса, олар: «Біз Кенилуорт лагерінің кемшіліктерін жақсы білеміз. Сондықтан оны қайта ашпас бұрын әуелі оны жаңартамыз, прожекторлар орнатып, күзет мұнараларын саламыз», деп мардымси жауап беріпті.

Ноэль маған отставкаға кеткісі келетінін де жасырған жоқ: жасы алпыста, бар күшін осы қызметке жұмсаған, жесір отырған қызы бар, ол әкесін Гордонс-Бейге көшейік деп үгіттейтін көрінеді. «Мұндай лагердің бастығы тас жүрек болуы керек, сондықтан бұл жұмыс маған қол емес». Оның бұл ойын, әрине, мен құп көрдім. Оның тас жүрек еместігі –бойындағы ең жақсы қасиеті еді.

* * *

Михаэл жоғалды. Түн жамылып қашқан болар. Таңертең Фелисити палатасына кірсе, кереуеті бос жатыр екен, бірақ көргенін ешкімге айтпаған. («Туалетте екен деп ойладым».) Сонымен, оның жоқтығы сағат он кезінде ғана аңғарылған. Дені сау кісіге қаласа, қашып кету деген түк емес екен-ау деп ойладым. Лагерь бос, сол себепті бас қақпа мен тұрғындар аумағына кіретін есік қана күзетіледі. Дуал қоршауларға ешкім қарамайды, бүйірдегі қақпалар жабық. Лагерден қашады-ау дейтіндей адам жоқ, ал қаладан кім келеді, мені осында алыңдар деп, кеңкелес болмаса. Михаэлден ондай шығады деп босада ешкім де ойламайды. Сірә, түнде тұрған да, қалай секіргенін бір жаратқан біледі де, қоршаудан өтіп, бір белгісіз жаққа қарасын батырған. Тікенекті сымның үзілген жері жоқ, бірақ ол иненің тесігі болса да өтіп кеткендей арық еді ғой.

Ноэль екіойлы: Жарғы бойынша биліктегілерге хабарлап, істі полицияға тапсыруы тиіс. Онда тергеу басталады да, бетімізбен кеткеніміз әшкереленеді; түнгі уақытта қызметшілердің жартысы жұмыс орындарында болмайды, жөнді күзет қойылмайды, т.с.с. Бұдан шығатын жол біреу: өлді деген куәлік жасау керек, ал Михаэл дүниенің қай бұрышына жол тартамын десе еркі білсін. Ең дұрыс шешім осы деп мен Ноэлді үгіттей бастадым:

-Сүйтіп Михаэлден біржола құтылайық. Бауырын сүйреткен ауру итше кеткен шығар бір жерге барып көрінбей өлу үшін. Кетсе, қарасын батырсын, оны сүйретіп осында қайта әкеліп, прожектор жарығында, үйме-жүйме бөтен көздер алдында жан тапсырғанын көрсеткеннен не табамыз. – Ноэль жымиды. – Несі күлкілі, - деймін мен, – менікі шындық, Михаэл сияқтылардың сіз екеуміз түсінбейтін мүлде басқа әлеммен байланысы бар. Олар жомарт жаратушының өзімен тікелей сөйлеседі, айтқанымен жүреді, пілдер сияқты, сіз оны білесіз ғой?

-Михаэлді әу баста-ақ осында әкелмеу керек еді, - деп сөзімді әрі қарай жалғадым. – Қате болды онымыз. Турасын айтсақ, байғұстың бүкіл өмірі қателік, басынан аяғына дейін. Бұлай деу ауыр болар, сонда да айтайын: мына жарық дүниеге бекер келген. Шешесі шарананы көрген бойда-ақ ақырын тұншықтыра сап, қоқыс жәшігіне лақтырып кеткені жөн еді. Тым болмаса осы қазір жіберейік, өлді деген куәлік жасайын, сіз қол қойыңыз, сосын басқармадағы әлдебір клерк қолына-ап қарамай-ақ, қобыраған көп қағаздың ішіне қыстыра салары сөзсіз, сонымен Михаэлдің бүкіл өмір хикметі де аяқталары күмәнсіз.

-Оның үстінде лагерь пижамасы кетті ғой, - деді Ноэль.-Полиция ұстап алса, мынауың не деп сұрайды, ол, әрине, Кенилуорттан, бірақ мен енді онда қайтып бармаймын дейді.

-Сосын қайдағы бір ауру қиялын, мәселен, жұмақтың мәуелі бағынан шығып келдім деген сияқты сандырағын соғып береді. Шопақ салған қалташаны көрсетеді, ыржаңдайды, оны тап сол жерден тұп-тура жындыханаға айдайды да жібереді, әрине, оларды ендігі жауып тастамаған болса. Сосын біз ол туралы ештеңе естімейтін боламыз, Ноэль, ант етейін. Айтпақшы, сіз оның неше кило тартқанын білесіз бе? Отыз бес кило, тері мен сүйек. Екі апта нәр сызған жоқ. Оның ағзалары тамақ қорыту қабылетін жоғалтқан. Орнынан қалай тұрып, қалай жүріп кеткеніне таңым бар, ал қоршаудан қалай өткені – кереметтің нағыз өзі дер едім. Дегенмен, әлгі түрімен қаншаға шыдар дейсіз? Ашық далада бір-ақ түн, суықтан жүрегі тоқтап, қатып өледі.

-Мүмкін қоршау түбінде жатқан шығар, дуалға тырмысып жүріп құлап қалуы ғажап емес қой?

Мен орнымнан тұрдым.

-Бізге жетпегені дәл лагерь іргесінде шыбынға таланып жатқан өлік еді. Расында, мұндайда аралап көру, тексеру сіздің міндетіңізге жатпайды, дегенмен құлшынып тұр екенсіз, менің машинамды алыңыз.

Машинасын алғам жоқ, лагерді жаяу айналып шықтым. Қоршау сыртына арам шөп қаулап кетіпті, ит тұмсығы өтпестей ну арасын қалдырмай тінткіледім. Өлік жоқ, тікенекті сым торлардың үзілген жерін де таппадым. Жарты сағаттан кейін іздеуді бастаған жерге қайтып келгем, өзім таңғалдым; лагерь кішкентай екен, яғни сырттан қараған адамға, ал ішінде тұратындар үшін таусылып бітпес өзінше бір әлем ғой. Сосын Ноэлге барып есеп берудің орнына, сәске түстің тыныштығына бөккен емен ағаштарының көлеңкесін саялап Розмид-авенюмен тартып кеттім. Жанымнан велосипед мінген шал өткен, педалі аяқ басқан сайын шиқылдап барады. Ол маған саулық тілеп, қолын жоғары көтерген. Мен егер мынаның артынан ере берсем, екі сағаттан кейін жағажайда болатынымды ойладым. Тәртібі мен талабы тап осы бүгін шашылып қалса да, мен неге тағы бір күн, апта, ай, яки жыл бойы күтуге тиіспін. Адамзатқа қайтсем менен көбірек пайда түседі, күні бойы лазареттен шықпай отырсам ба, жоқ әлде, жағажайға барып шешініп тастап, жалғыз лыпаммен ыстық құмға жатсам, күн нұрына денемді балқытсам, су жиегін шолпылдатып ойнаған балаларды қызықтасам, сосын аялдама жанындағы дүкеншіктен, егер дүкеншік әлі жұмыс сітеп тұрған болса, балмұздақ алып жесем бе? Мысалы, Ноэль сағаттар бойы сарылып жазу үстелі басынан түспей, лагерге қанша тұтқын әкелінді, қаншасы шығарылды деп есептегеннен ақырында не тапты? Онан да төсегіне барып бір мезгіл мызғып алса қайтуші еді? Егер ол бүгінгі күнді демалыс деп жарияласа ғой, адамдар – лагерь бастығы, дәрігері, священнигі, дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушысы, күзетшілер, ит жетектеген қарауылдар, тіпті түзелуден кеткен дейтін қамаудағы алты тұтқын да, лагерге қарай жүр деп, басы шайқалған ауруды ғана қалдырып, - бәрі тегіс жағажайға демалуға барса, одан адамзат баласы бақытының жалпы көлемі арта түспесе азаяр ма еді? Қыздармен таныссақ ше? Әсілі, біз осы не үшін соғысып жатырмыз, бүкіл әлемдегі адамзат баласының жалпы бақытының көлемін арттыру үшін емес пе? Әлде, мен шатастым ба, бәлкім, менің ойлағаным мүлде басқа соғыс шығар?

-Қоршау сыртында Михаэл жоқ, - деп мәлімдедім. – Үстіндегі киімі бізді әшкерелемейді. Оның үстінде кеудесінде және арқасында «Ағаш кесуші» деген жазуы бар көк комбинезон, қашаннан бері әжетхана ілгешегінде ілулі тұрушы еді, соны киіпті. Сондықтан оны қиналмай-ақ есептен шығарып тастасақ болады.

-Тағы бір білсем дегенім, - деп сөзімді жалғай түстім, - біз осы мына соғысты не үшін жүргізіп жатырмыз? Бұрынырақта, тым әріде ме, түсіндірген сияқты еді, бірақ ұмытып қалыппын.

-Біз бұл соғысты, - деді Ноэль, - аз ұлттар да өз тағдырларын өздері шешуі үшін жүргізіп жатырмыз.

Жансыз көзбен бір-бірімізге бірауық қарап қалдық. Ол мені түсінген жоқ, енді оған не дерің бар.

-Жазып қоямын деген куәлігің қайда? - деді ол. – Айы-күнін көрсетпе, орнын ашық қалдыр.

Кешкісін қараңғы палатада, мейірбике үстелінде жұмыссыз отырғам, терезе сыртында оңтүстік-шығыстан соғатын жел үдей түседі, басы шайқалған ауру болса төсегінде бірқалыпты тыныс алып жатыр, кенет бір сезім санамды қатты түйреп өткені, мен осы өмірімді босқа сарп етіп жүрмін-ау, күн сайын белгісіз әлденені күтумен, алаңдаумен уақытымды босқа өткізіп, өзім де мына соғысқа бағынып, тұтқынына айналдым-ау. Мен лазареттен шықтым да, жүгіру алаңының шетінде тұрып-ап, бойымды билеген мазасыздық күй кетер, бастапқы байыпты қалпыма түсермін деген үмітпен жел кезген ашық аспанға қараумен болдым. Соғыс уақыты –күтумен өтетін мезгіл, деген еді бірде Ноэль, лагерде күткеннен басқа қолыңнан не келеді, қалыптасқан тәртіппен жүресің, жұмысыңа жегіліп мықшыңдайсың, қоршау сыртындағы соғыс гүріліне, әуені қашан өзгерер екен деген үмітпен, құлағыңды түресің. Тарих жолы болса қайда бет бұрарын білмей бұлғалақтайды, ал Фелисити, бір ғана Фелиситиді алайықшы, өзінің аспанда да, жерде де емес, екідай тіршілігін, яғни өмір сүріп те, сүрмей де жүргенін сезінеді ме екен? Фелисити үшін тарих, мен оны өзімше білемін деген топшылауымша, бар болғаны оқулық кітап. («Оңтүстік Америка қашан ашылды?» - «Бір мың алты жүз елу екінші жылы». – «Дүниедегі ең терең ұңғы қай жерде?» -«Кимберлиде».) Фелиситидің, біздің төңірегімізде, майдан даласында, әскери штабтарда, зауыттарда, көшелерде, фирмалардың басқармаларында уақыт ағыны қалай өтіп жатқанын аңғаратынына күмәнім бар, бұл ағындар бір-бірімен түйіседі, соқтығысады, сүйте жүріп үнемі қайта түлеп жаңаруға ұмтылады, міне, тап осы сәтте хаостан тәртіп өріледі, сөйтіп тарих өзінің бар мәні мен маңызын жарқырата жайып салады. Мүмкін мен қателесетін шығармын, бірақ Фелисити маған уақыттың қармағына түстім – күту уақыты, лагерлер уақыты, соғыс уақыты дегендердің уысындамын деп ойламайтын сияқты боп көрінеді. Ол үшін уақыт бұрын қалай қозғалса, қазір де сондай толық, кір жуғанда да, еден сыпырғанда да бойында тек осы сезім: мен болсам, бір құлағыммен лагерь тіршілігіндегі әртүрлі әңгімелерді тыңдасам, екінші құлағымды Ұлы Механизм жұлдызнамасының ызыңына тосамын, сол себепті де уақыттың азып, құр қуысқа айнала бастағанын да түйсінемін. (Әлде мен Фелиситиді дұрыс бағалай алмадым ба екен?) Тіпті басы айналып емделіп жатқан аурудың өзі кең әлемнен біртіндеп сөніп, өлуге қалса да, дені сау, күш-қуаты бойындағы менен гөрі әлдеқайда толық әрі мәндірек өмір сүремін деп ойлайтын секілді.

Бізге ыңғайсыздық туғызатынына қарамастан, Михаэлді шүберектен тігілген қуыршақ құрлы көрмей, желкесінен бүре ұстаған полицайды көргім келеді, ол: «Мынадай азғындарға неге дұрыстап қарамайсыңдар? - деп бір барқ етсін де, кете берсін. Өйткені Михаэл де қу медиен даланы асқабақтар гүліне толтырсам-ау деп жүрген көп қиялидың бірі, тарих көшін түсінеді деуге ол тым делқұлы, өз ісінің ауанымен болып кеткен тым кеңкелес, өз ойының жетегінен шыға алмай қалған керең, сол себепті де ол тарих доңғалағының сықырын, әрине, естімейді.

* * *

Бүгін таңертең еш ескертусіз жүк машиналарының колоннасы келіп, Реддерсбургте бір апта күтіп, сосын олар мінген пойыз Бофорт-Уэстің терістігінде қаңтарылып, көп бейнет көрген тұтқындардың төрт жүз адамдық жаңа тобын әкеліп тастады. Біз осында крикет ойнап, қыздармен қыдырып дегендей, өмір мен өлім, тарих туралы пәлсапалатып жүргенде, бұл адамдар малға арналған вагондарда, күндіз қараша айының оттай қарыған күніне қақталып, суығы сүйек сындырар түн келгенде, бір-біріне тығыла түсіп, қу тақтай еденге жатып жүрген екен, тәулігіне екі-ақ рет, онда да тек әжеттері үшін ғана, сыртқа шығарылған, жейтіндері ылғи бір тамақ – ботқа болыпты, оны жол жиегіндегі құмдаққа от жағып пісіреді екен, жүгі асығыс составтар қастарынан тоқтаусыз зуылдап, ал бұлар мінген пойыз доңғалақтары өрмекшілердің торына шырмалған күйі тым-тырыс тұра берген. Басында бұларды қабылдағым келмеген еді, дейді Ноэль, өйтуге толық құқым бар болатын, өйткені біздің лагерь олардың тұруына лайықталмаған ғой, алайда тұтқындардың үсті-бастарынан ескен сасық леп мұрныма келгенде, түрлерінен әбден азып-тозған шарасыздықтарын көргенде, қарсы болмауым керегін түсіндім, әйтпесе оларды қайтадан жол бекетіне алып кетеді де, малға арналған әлгі вагондарына қайта тиейді, егер осынау адам ақылы жетпейтін бюрократиялық былық арасынан қайсыбір шенеунік байғұстар үшін бір рахымдылық ізет көрсетпесе, олар әлгі вагондарында қамалып жатып-ақ сол жерде өлер еді. Енді міне, күні бойы бел жазбастан жаңа келгендерді орналастыру қамымен болдық, дезинфекция жасалды, үстіндегілерін өртеп, лагерь киімдері кигізілді, тамақтандырылды, ауру-сырқаулары жай қатардағы арып-ашқандардан бөлектеліп алынды дегендей. Сөйтіп палаталар мен дәліздер қайта толды: кейбір аурулылардың арықтығы тура Михаэлге ұқсайды екен, ол кәдімгідей тыныс ала жүріп те ажалға соншалықты жақын келген жан еді ғой, әлде, керісінше, өлер шағында өмірге жақын келді ме, білмеймін, қаншалықты бұл жағдай адам баласына етене тән қасиет - айта алмаймын. Қысқасы, бәріміз де жұмыс басты боп әбігерге түстік те қалдық, әттең, көп кешікпей басталатын ту көтеру рәсім, «түзете гөр» деп жаратқанға жалбарыну үшін айтылатын ән, біздің кейінгі бейбіт тірлігіміздің шырқын бұзатыны жаман-ақ.

Тұтқындардың айтуынша, жолай кемі бір жиырмадай адам өлген. Оларды қай жерде өлсе, қу дала, құладүз демеген, сол жерді шұңқырлап көме салған. Ноэль құжаттарды тексеруге кіріскен еді. Құжаттар осы бүгін таңертең ғана Кейптаунда толтырылған болып шықты, оларда тұтқындардың санынан басқа түк дерек жоқ.

-Неге серікхат жазуды талап етпегенсіз? – деп сұрадым мен Ноэлден.

-Одан не шығушы еді? – дейді ол. – Әрі кеткенде құжаттар әлі дайын емес дей салады ғой. Ал құжаттар ешқашан дайын болмайды. Тексеріс жүргені кімге керек дейсің. Сосын төрт жүздің ішіндегі өлген жиырманы көп деп кім айтар еді? Қадам басқан сайын кісі өліп жатады, өйткені олар ажалды, жаратылыстары сондай, сен бұл жерде ештеңені де өзгерте алмайсың.

Дизентерия және сарыаурумен ауырғандар көп, әрине, бәрінің де ішегіне құрт түскен. Фелисити екеуміздің күшіміз жетер емес. Ноэль тұтқындар арасынан екі санитар алуыма қарсы болмады.

Әйтсе де Кенилуортты қатал тәртіптегі лагерге айналдыру жоспары жүзеге асырылып жатты. Соған байланысты бірінші наурыздан бастап жаңа статусқа көшеміз. Яғни үлкен өзгерістердің дайындығына кірісіп те кеттік: тағы бес жүз тұтқын қабылдауымыз үшін трибуналар бұзылып, орнына барақтар салу қолға алынды. Ноэль бастықтарына телефон шалып, бөлінген уақыттың тым тығыздығын айтып, шағынғандай еді, оған әлгілер: «Сабаңа түс. Қамқорлықсыз болмайсың. Онан да бізге көмектес – территорияны тазалауға адам бөл. Ескі шөпті өртеңдер. Тастарды жинаңдар. Әр тастан көлеңке түседі. Табыс тілейміз. Есіңде болсын: «Жоспарыңның қандайлығын соғыс көрсетеді».

Ноэль қазір әдеттегісінен де көбірек ішіп жүр ме деген күдігім бар. Меніңше, ол екеуміз бұл қамалдан қашуымыз керек-ау деймін, өйткені Жартыаралды алынбас қамалға айналдырып жатқанға ұқсайды, тұтқындар тұтқынды күзетсін, аурулар ауруларды емдесін деген сияқты гәпсана ғой. Мысалы, бізге Михаэлден неге үлгі алмасқа, елдің әлдебір тыныш түкпіріне, айталық, Каруге барып орнықсақ, қор-қаржысы шамалы екі қашқын, қос жентельмен сол жерде елеусіз тұра бермейміз бе. Ең басты қауіп – бізді жолда ұстап алмаса болды ғой. Ол үшін, алдымен, үстіміздегі әскери форманы сыпырып тастап, тырнақтар астын кір топыраққа толтыруымыз керек шығар, жалпы, жер жарықтықтың өзіне ұқсай түссек, жаман болмас еді-ау. Әсілі, біздің де қу қаңқа сүйекке айналып кеткенімізше, кезінде Михаэл қандай елеусіз болса, біз де тап сондай елеусіз күйге түсе алатынымызға күмәнім жоқ. Менің Михаэлге көзім түскенде, маған ылғи да біреу бір уыс шаңды түкірігімен илеп, кемістік қосып (қоянжырық және мисыз етіп), он екі мүшесін түгел емес етіп (аталығы жоқ), адамға ұқсаған міскінді жасай салған-ау деген ой келер еді, әдетте шаруалар балшықтан тап осыған ұқсас қуыршақтар жасайды емес пе, аналарының жатырынан әлі толық шығып болмай жатып-ақ саусақтары қармақша иілген, арқасы бүкір, тек ін қазуға ғана бейімделгендей, бүкіл ғұмыры бойына бұл міскін енді еңкейіп жер шұқумен өтеді, ал дәмі таусылар күн келгенде, өз көрін өзі қазады, ақырын табанына түсіп жатады да, өз үстін өзі топырақ кесектерімен басады, көрпеге оранғандай қара жерге оранады, соңғы рет күлімсірейді, сосын жамбасына аунайды да, тәтті ұйқыға бас қояды, өйткені ақыры үйін тапты ғой, ал әлдебір алыс қиырда, бұрынғыша тарих доңғалағы өз әуенімен елеусіз айналып, тоқтаусыз жылжи береді де. Тап осындай міскіндерге өздерінің құзыретін орындатуды ойлаған мемлекетті есі дұрыс деуге бола ма, ғажап-ау, олардың қолынан батпан-батпан ауырлық арқалап, сосын жүздеп, мыңдап қырылғаннан басқа не келуші еді? Мемлекет Михаэл сияқты диқандардың иығында отыр, олардың еңбегінің бар қызығын көреді де, рахметтің орнына беттеріне былшитып түкіре салады. Алайда, мемлекет Михаэл мойнына қарғыбау іліп, аузының үңірейген аранына тастап жіберсе де, жұта алмады, бекер әуре болды, шайнап жеп, қорытып жіберуге шамасы жетпеді, кезінде мектеп пен жетімханадан аман-есен шыққанындай, ол лагерден де аман-сау шығып өз жөніне кете барды.

Ал мені, егер көп түндердің бірінде комбинезон мен теннис топлиын киіп қоршаудың арғы бетіне өтіп (тікенекті сымды қырқуыма тура келеді, ауадан жаралған емеспін ғой), құтылатын жерді қай бағыттан табамын деп жан-жағыма қарап аузымды ашып аңқиып тұрғанымда-ақ, бірінші кездескен күзет кеп ұстап алары сөзсіз. Менің бақытсыздығым - оны түсініп, бағасын салмақтап үлгермей жатып-ақ, маңдайыма бұйырған жалғыз үмітімді жоғалтып алғаным ғой. Михаэл қашып шыққан сонау түні мен онымен бірге кетуім керек еді. Дайын болмаппын, енді оны айта бергеннен не шығады!

Михаэлге салиқалылықпен дұрыс қарағанымда ғой, бәрі де басқаша болатын ба еді. Ішкиімдерімді алдын-ала буып-түйіп, бір қорап сіріңке, бір қалта кепкен нан, бір банке сардин дайындап, әмияныма ақша салып қойсам ғой. Оны көзімнен таса қылмай, ол ұйықтағанда, мен де қасында есік сыртында ұйықтап, ол оянғанда оның әрбір іс-әрекетін, жүрген-тұрғанын бақылауымда ұстағанымда ғой. Ол палатадан жылыстап аулаға шықса, мен де артынан еруім керек еді. Сосын көлеңкелі жерлерді жамылып, ізін аңдимын, қараңғы түкпірдегі қоршаудан мен де қарғып өтемін, жұлдыздар жымыңдаған қара түннің астында емен жапырақтары сыбырласқан кең көшемен, қасына жақындамауға тырысып, мен де қапталдаса қатар жүріп отырамын, ол тоқтаса, мен де тоқтаймын, ол ештеңеден күдік алмауы тиіс, әлденеден секемденіп: «Әй, артымнан қалмай келе жатқан бұл қайсың? Саған өзі не керек?» деп, сосын мені комбинезон мен теннис топлиын көз бояу үшін әдейі киіп алған, ал пистолетін сөмкесіне жасырған полицайға жорып қаша жөнелмеуі керек қой. Көше қалтарыстарымен сыбдырымды білдірмей мен оның артынан түні бойы еремін де отырамын, таң атады, алдымыздан ақыры кең дала ашылады, одан әріде Кап жазығы, біз қалың жынысты құм шағылды кесіп өтеміз, сен алдасың, ал мен сенен елу қадамдай жерде, мұржаларынан түтіндері шудаланған жарбиған кепелерді айналып, артқа тастап барамыз. Міне тап осы жерде, күн жарығында, сен ақыры артыңа бұрыласың да маған тесіле қарайсың, фармацевті, лагерьде амалсыздан дәрігер атанған мені көресің, қазір моп-момақан жансып артыңнан үнсіз еріп жүрмін, ал оған дейін қашан ұйықтап, қашан тұратыныңды белгілеп саған бұйрық бердім, танауыңа түтік қыстырып, дәрі ішуге зорладым, көзіңді бақырайтып қойып сені келеке еттім, бастысы, ең бастысы – мен сені өңешіңнен өтпейтін тамақты ішкізбек боп «же» деп зорладым ғой. Көңілің күдікке толып, бойыңды ашу-ыза кернеп, мен қашан қасыңа келіп, бәрін түсіндіргенімше, сен мені күтіп тұрасың.

Қасыңа келемін, сөйлей бастаймын. «Көрсеткен қиянаттарым үшін кешір мені, сенің қандай ғажайып жан екеніңді соңғы кезде ғана түсіндім, деймін мен. Жасырынып артыңнан ергенім үшін де кешір. Сенің арқаңа артық жүк болмауға уәде беремін. («Сенің анаң қандай адам болған еді?» Жоқ, мұндай сөз айту әбестік білем.) Маған қамқор бол, асыра деп айтпаймын. Маған көп нәрсе керек емес. Еліміз үлкен, өте үлкен, мүнда біздің бәрімізге де орын жететін шығар деп ойлайтынмын, бірақ басымыздан өтіп жатқан тіршілік тауқыметі, керісінше, бәріңді де лагерлерге қамап тастамақ деп ескертіп тұрғандай-ау. Дегенмен, менің ойымша, олар лагерге айналдыра алмайтын да жерлер бар, мысалы, биік тау іші, батпақты сордың арасындағы шағын аралдар немесе адам тұрмайтын сусыз шөлдер. Сондай жерді тауып-ап оңаша тұрғым келеді, дүние өзгергенше, бәлкім, біржола тұрып та қалуым. Бірақ мен ақымақ емеспін, ешбір карта, ешбір соқпақ мені ондай жерге алып бармасын түсінемін. Сондақтан мен сені таңдадым, маған жол көрсет».

Мен саған жақындаймын, соншалықты жақындаймын, қолымды саған тигізуіме де болады, ал сен бұл кезде менен көз алмай әлі қарап тұрасың. «Біздің ортамызда сен пайда болған минөттен бастап-ақ, Михаэл,- деймін мен, -сол бір түні сенімен бірге қашып шыққан алдыңдағы мына пақыр сенің лагерге қамалуға тиісті адамдардың сұрыбына жатпайтыныңды бірден-ақ түсінген еді. Шынымды айтсам, басында сені есалаң шығарсың деп ойладым. Иә, мен майор ван Рензбургтен сені лагерь тәртібінен босатуын сұрадым, өйткені сені қайта тәрбиелеу шараларынан өткізу тышқанды немесе атжалманды, яки кесірткені (кешір мені) үруге, ұшқан допты қағып алуға, көшеде қайыр сұрауға үйреткенмен бірдей еді, сен үшін тек сол себепті ғана араша түстім. Уақыт өте берді, мен де біртіндеп сенің қарсылықтарыңның ерекшеліктерін түсіне бастадым. Сен қаһарман емессің, тіпті аштық жариялағанда да қаһарман болуды ойлаған жоқсың. Шын мәнісінде сен қарсыласқан да жоқсың білем. Саған секір деп бұйырды, секірдің. Тағы секір деді, тағы секірдің. Саған үшінші рет секір деді, сен қарсы болған жоқсың, тек ес-түссіз құлап түстің, сонда ғана бәріміз, тіпті ішіміздегі ең күдікшілдердің өзі де сенің секіре алмауыңның себебі, бізге бағынамын деп күш-қуатыңның әбден сарқылғанынан болғанын білдік. Сосын біз сені жерден көтердік, құс қанатынан да жеңіл екенсің, алдыңа ас қойдық та: «Же, бізге бағынып, қайтадан арып-ашар күнің жеткенше, күш жинап ал», дедік. Сен бас тартқан жоқсың. Сен қандай бұйрық алсаң да, сенімім кәміл, адалдықпен орындауға тырыстың. Рухың келісетін (сені осылай бөлшектегенім үшін кешірім өтінемін, өйткені ойымды басқаша жолмен талдап түсіндіре алмас едім), бірақ ағзаларың шатақ шығарушы еді. Әйтеуір, мен өзім солай ұқтым. Біз берген тамақты ағзаларың қабылдамай-ақ қойды, сен азып арықтай бердің. «Неге, - деймін мен өзіме-өзім, - мына адам асын неге ішпейді, бүйте берсе аштан қатып өледі ғой. Сосын сыртыңнан күнбе-күн бақылай жүріп, сенің ақиқатыңа біртіндеп көзім жете бастады: сен әлдебір жасырын түйсігіңмен (психоаналитикалық термин үшін кешірім өтінемін) мүлде басқа тамақ, жер бетіндегі ешбір лагерь тауып бере алмайтын азық іздепсің. Рухың жеңілгенмен, тәнің өзі арман еткен азықты ғана іздеген, сол себепті де өзіне тағылған тамақтардан бас тартқан. Мен соны көріп, тәніңнің компромиске бармайтынын ұқтым. Ал маған тәннің өмір сүру дейтін бір ғана талабы болады деп үйреткен еді. Адам өзін-өзі өлтіруге барғанда, оны өлтіретін тәні емес, рухы тәнін өлтіреді деп ойлаушы едім мен. Солай ойлап жүргенімде тура қарсы алдымда бір тән пайда болды, ол өліп кетуге бар, бірақ сонда да өз табиғатын өзгерткісі келмейді. Мен сағаттар бойы палата есігінің алдында тұрып, сенің жұмбағыңды шешсем деген үмітпен сыртыңнан бақыладым да жүрдім. Сен әлдебір идея немесе қағидат үшін өлгің келген жоқсың. Әсілі, сенің өлгің келген жоқ еді, сонда да сөне бастадың. Сен алдына сиыр етін толтырып қойған қоян сияқты едің, мол тамақтың ішінде отырып та тек бір өзің ғана жей алатын ас дәмін аңсап, аш өзегіңді талдыратынсың».

Осы жерде мен үнімді өшіремін, өйткені жақын маңнан жөтелген дауыс естідім, жә, шал байғұс жібіген қақырығын түкіріп тастар, бықсыған ошақ түтінінен бір жұтар; бірақ сонда да саған қадалып, шоқтай жанған жанарымды тайдырған жоқпын.

«Сыртқа қандай боп көрінгеніңе қарамастан, сенің өзіңе ғана тән өзгеше табиғатыңды дұрыс тануға тырысқан жалғыз адам мен едім, - деп үзілген сөзімді қайыра жалғаймын, - Ақырын, күн артынан күн жетіп, сенің «жоқ» деген қырсық күшің күш алған сайын, сенің палатамдағы қатардағы пациенттерге ұқсамайтыныңды, соғыстың құрбаны, пирамида қабырғасындағы кірпіш еместігіңе көзім жете бастады, оның басына, әрине, бір күні жеңімпаз көсем көтеріледі, талтайып тұрады, қарқылдап күліп, сосын қолымен нұсқап өзін осы аймақтың билеушісімін деп жариялайды да, аяғы астындағы кең әлемге насаттана қарайды. Сен терезеге тақау қойылған кереуетіңде жаттың, қасыңда сығырайған түнгі шам, көзің жұмулы еді, ұйықтап кеттің бе екен? Мен есік сыртында тұрып, демімді тарта ұстап, басқа сырқаттардың түс көріп, дөңбекшіп ыңырсыған дауыстарын естідім, қозғалмай күттім; кереуеттердің бірінің үстінде ауа тығыздалып, қараңғылық қоюлана түскендей, сенің ұйқыдағы тәнің үстінде бір үнсіз қара құйын үйірілгендей, ол сені көрсетеді, соның өзінде жамылғы шетінің бүлк еткені де сезілмейді. Көзімдегі елестен құтылғым кеп мен басымды олай-бұлай шайқаймын: «Бұл менің қиялым емес,- деймін өзіме-өзім. – Алдын-ала түйсіну, сосын да мән-мағынасы біртіндеп ашылады, ал қайсыбір аурудың халін білу үшін кереуетке түсіретін қолшамымның жарығынан болар әсер мүлде басқа, әрине, олар да алуан киімдерімен алуан позада жатады, дегенмен. Михаэлдің жаратылысында бір өзгеше мән бар, оны білу жалғыз маған ғана маңызды емес. Егер бұлай болмай басқаша болса, егер мендегі түйсік жан-дүнием жұтаңдығынан, айталық, ештеңеге сенбейтіндігімнен болса, бір сәрі, өйткені біздің бәріміз де соғыс кесірінен алда не болатынын білсек деп, жақсы үмітті серік еткіміз келеді, бұл ойымның лагерге де тікелей қатысы бар десем қателеспейтін шығармын, егер Михаэл көзімізге қандай боп көрінсе (расында қандайсың), шын мәнінде де ол тап соның өзі болса, қоянжырық ернінен адам шошырлық әрі кеуіп қалған қаңқа сүйек (кешір мені, көзге ұрып тұрған жаратылысыңды айтқаным үшін), мен онда кезінде жокейлерге арналған киімілгіш сыртындағы туалетке барып, ең соңғы кабина ішінде тығылып отырып, атылып өлер едім. Бұған дейін мен дәл қазіргімдей ағымнан жарылып көрдім бе екен?»

Есік сыртында қалшиып тұрған қалпым, өз әрекетімді өзім барынша қаталдықпен талдаумен боламын; менің айнымас көзқарасымның әлдебір қалтарыс бұрышында, мәселен, өзіме пайда іздегендік бір есебім жатқан жоқ па, ол үшін мына лагерь типтік барақтармен қампиған бұрынғы Кенилуорт ипподромы ғана емес, тылсым дүние жұмбағының жаңа бір мән-мағынасы ашылған киелі жер боп көрінбес пе еді? Егер менің жаныммен бірге бір күңгірт тылсым өмір сүретін болса, оны өзім неге байқамаймын, ал егер жоқ болса, мен оны күштеп шақырып әкеле аламын ба? (Мен негізі біздің рухымыздағы қырғидай сергек әрі өжет бөлігі мен бүғып қалатын қорқақ бөлігін бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды деп есептеймін, алайда бұл әңгіменің жалғасын полициядан қашып-пыспайтын жақсы күндерге дейін қалдыра тұрайық.) Мен көзімді тағы да аулаққа салдым, бәрі әлгіндегідей, ештеңе өзгермеген, мен өзімді алдамаппын, жағымпазданбаппын, өтірік жұбатпаппын да, нағыз шындық, ақиқат; кереуеттердің бірінің үстіне бір тылсым қараңғлық үйірілген, қоюланған, ұйыған, ол сенің кереуетің еді».

Тап осы жерде, бәлкім, сен менен теріс айналарсың, мені бұдан әрі түсінуден қалып, өз жолыңмен кетерсің, ең бастысы лагерден неғұрлым тезірек алыстауға тырысарсың. Әлде, менің даусымды естіп, жан-жақтағы жертөлелерден ауыздары аңқия ашылып, ұзақ-сонар сөзімді тыңдауға жиналғандар шошытып жіберер ме екен сені. Қалай болғанда да мен енді үнімді қатты шығармас үшін, сенен қалып қоймауға тырысып, артыңнан асыға еруге тиіспін. «Кешір мені, Михаэл, - деуге мәжбүрмін, - шамалы ғана қалды, өтінемін, шыдай тұр. Мен үшін қымбат сенің қандай қасиет-киең барын өзіңе түсіндіргім келеді».

Бұдан кейін, әрине, сен қаша жөнелесің, өйткені сен сондайсың. Су ішімен жүгіргендей, сусылдаған сұр құмға шатқаяқтап, бет-аузымды шабақтаған бұталардан сақтана жүріп, артыңнан дереу қуып беремін. «Сенің лагердегі өмірің, бұл не сөз екенін түсінбейтін болсаң да айтайын, аллегория болатын, - деп айқайлаймын. –Иә, аллегория, аллегорияның көкесі, мәні терең асыл қасиеттің адам баласын ашындыратын қайдағы бір мағынасыздыққа кеп қонса да, бәрібір жоғалып кетпейтіндігінің мысалы бұл. Мен сені бұрышқа әкеп тықпақ болған сайын, тар қуыстан жылп етіп шығып кететініңді ұмыта қоймаған боларсың? Ал мен ұмытқам жоқ. Тікенекті сымды бұзбай-ақ қашып кеткеніңді көргенде, менің не ойлағанымды белесің бе? Бақан тіреп қарғыған шығарсың деп ойладым. Сен шынында бақан көмегімен қарғымаған боларсың, Михаэл, алайда сен бұл дүниеде өз жанрындағы ең таңдаулының таңдаулысы ұлы иллюзионист-эскапистсің, сенің алдыңда басымнан шляпамды аламын!».

Осының бәрін жүгіріп келе жатып айтамын деп демім таусылуға айналады, сірә, бүйте берсем, саған ілесе алмай артыңда қалып та қоярмын. «Ең соңғым, сенің бағың, - аузыммен ауа қармана, қырылдай тұрып үн қатамын. –Көркі көз тартатын ғажайып бақтың, қу медиен сахара төсінде де гүлдеп, тіршілік жемісін беретін сиқырлы бақтың қасиеті туралы түсіндіруіме мұрсат бер. Қазір сен жетсем-ау деп іздеп шыққан ол бақша еш жерде жоқ, сонымен бірге, лагерден басқа жердің бәрінде де өседі. Сен міне, тап сондай жерде тұруға тиіссің, ол сенің орның, ол сенің үйің. Ол ешбір картада көрсетілмеген, оған ешқандай жол апармайды, оған бастайтын соқпақты бір өзің ғана білесің».

Менің осы соңғы сөздерімнен кейін, маған солай көріне ме, әлде, расында солай ма, сен бар күшіңді сап қаша жөнелесің, сырт қараған адамға әлдене деп айқайлаған біреуден, жобасы, ұстап алғысы кеп артыңнан қалмай қуалаған адамнан, ол өзі маньяк па, із кесуші ме, әлде, полицай ма, әйтеуір, сондай бір бәледен қашқан бейкүнә жан боп көрінуің әбден мүмкін. Тап осы сәтте қызық көреміз деп артымыздан қалмай шуылдап жүрген балалар саған бүйректері бұрып, жаны ашып, бәрі маған жабыла кетеді, жұдырықтайды, тас пен таяқ лақтырады, олардан құтылу үшін бөгелуіме тура келеді, ал сен бұл кезде менен ұзап кетесің, тіпті ит тұмсығы өтпейтін қалың ішімен де желдей есіп бара жатасың, көрген жұрт мынау шынымен сонша уақыт аштық көрген әлгі сол адам ба деп қайран қалысады, ал мен артыңнан айқай саламын: «Менікі шын ба? Мен сені түсіндім бе? Егер менікі шындық десең, оң қолыңды көтер, қателескен болсам, сол қолыңды!»

III

Ұзақ жүрістен кейін аяғы шаршап, тізесі қалтырай бастағасын, жаңа көтерілген күннің шақырайған сәулесінен жасқана бір көзін қысып алған Михаэл Си-Пойнт жағалауындағы гольфке арналған шағын алаңқай шетіндегі орындыққа келіп отырды да, назарын теңіз бетке аударған, ол күш жинап алғысы келгендей тым-тырыс жатыр. Лүп еткен жел жоқ. Ал төмендегі жар астында жеңіл толқын жағаға ақырын соғылып, жыбырлап кейін сырғиды. Қасына бір ит келді, тізесін иіскеді, орындық аяғының түбіне борбайын көтерді. Шолақ шалбар мен майкі киген үш қыз әлдене жайында жарыса сөйлесіп, қасынан жүгіріп өткен, арттарында шұбырып бұрқыраған бір әдемі иіс қалды. Бич-Роуд жақтағы көшеден балмұздақ сатушының сыңғырлаған қоңырауы естілді де, жақындай беріп, біртіндеп қайта ұзай бастады. Өзіне үйреншікті таныс көріністерден рахат тауып, күн шуағына ризалығын білдіре терең тыныс алды да, басы ақырын бір жағына қарай қисая берген еді. Ұйықтады ма, ояу отырды ма, өзі де білген жоқ, әйтеуір, көзін ашқанда сезгені – тынығып қалыпты, енді жол сапарын әрі қарай жалғастыра берсе болады.

Бич-Роудта терезесі бітелген үйлер, әсіресе, бірінші қабаттарда, көбейе түсіпті. Баяғы автомобильдер бұрынғы орындарында, тек тот басып қарайып кеткен, бірінің алдында аударыла теңкиіп, өртеніп кеткен доңғалақсыз кузов жатыр. К. теңіз жиегін жағалап кеткен, көк комбинезон астында түк жоғын, осында жүргендердің арасында жалаңаяқ көстеңдеген бір өзі ғана екенін ойлап қояды. Алайда, егер біреу-міреу мұның жағына көз салғандай болса, аяғына емес, алдымен қоянжырық ерніне назар аударары сөзсіз еді.

Шағын алаңқайға жеткен, быжынаған шыны сынықтары мен шашылған қоқыс арасынан көкпеңбек боп ілбіреген шөп бастары қылтияды. Балаларға арналған әлдебір спорт жабдығының жақтауынан ұстап ойнап, бір кішкентай ұл тырмысып жүр, қол-аяғы кірден қаралығы қазанның қара күйесіндей. К. газонды басып өтіп, көше бойлап біраз жүрген соң, күн шуағы астынан шығып, «Жақұтты жағалау» вилласының жарықсыз жабық қоршауы ішіне сүңгіген, біреу қабырғаға баллондағы бұрқақ қара сырмен: «Жасасын, Джо!» деп жазып кетіпті. Ұзын дәліз бойындағы адамның қу басы мен айқасқан жіліктер суреті салынған, уақытында анасы марқұм тұрған бөлме есігі қарсысынан орын таңдап, тізе бүкті де: «Ештеңе етпес, көп болса қаңғыбас қайыршыға жорыр», деп ойлап қойды. Жолғалтқан береті есіне түсті: жанына қойса ғой, қайыр садақа бақырларын жинауға жарап-ақ кетер еді-ау.

Уақыт сағаттап жылжыса да, ешкім қара көрсетен жоқ. Ол отырған орнынан тұрмады, есікті ашайыншы деп те ұмтылмады, ал есік ашылсын, сосын не істейді, білмейді ғой. Сәске ауа суық жел еттен өтіп сүйегіне жеткесін, ол вилладан шығып, қайтадан жағажайға бет алған. Күн шуағына балқыған сусыма аққұмның үстінде жатып ұйықтап кетті.

Оянғанда, қайда жатқанын бірден түсіне алмады, комбинезон ішінде денесі пысып, қатты шөлдепті. Жағажайдан қоғамдық әжетхана тапқанмен, шүмегінде су жоқ. Унитаздар іші құмға толған, іргелерде де құм, толарсақтан.

К. қолжуғыш жанында әрі қарай не істерін білмей тұрып қалған еді, кенет айна бетінен әжетханаға кірген үшеуді байқады. Үстінде денесімен дене ақ көйлек, басында платина парик, қолына күміс бояуы жарқыраған биік өкшелі топли ұстаған әйел және екі еркек. Ішіндегі бойы ұзыны К. қасына келіп, шынтағынан ұстады:

-Қалай, осындағы шаруаң бітті ме? – деп сұрады. – Бұл мекеме енді бос емес.

Ол К-ні күн астында шаңытқан жағажайға алып келді.

-Бұл жерде әжетханадан көп нәрсе жоқ,- деді ол, ақырын иығынан қағып, бәлкім, білдірмей итеріп те жіберген болар.

К.құм үстіне отыра кеткен. Әжетхана егігі аузында әлгі ұзынтұра бұдан көз алмай қарап тұр. Басында бір шекесіне қисайта киген шақпақ түсті кепкісі бар.

Шағын жағажайда бірнеше адам күнге қыздырынып жатқаны болмаса, суға түсіп, шомылып жүргендер жоқ. Тек бір әйел жиектегі таяз суда аяқтарын алшысынан тастап, юбке етегін түріп қойып, кішкентай баласын қолынан тас қып ұстап алған, дөңгеленте олай-бұлай шайқайды, баланың өкшесі су бетін жалап-жалап қалады. Бала мәз, даусынан шаттық пен қорқыныш үні қосарлана шығып жатыр.

-Бұл менің қарындасым, - деді есік аузында тұрған бейтаныс балалы әйелді нұсқап. – Мынау да, - Саусағын иығынан асыра сілтеп қойды. –Менде қарындас көп. Отбасымыз үлкен.

К-нің басының іші біреу балға соққандай солқылдай бастады. Қалпағым немесе жұқа бірдеңем болса ғой. Ол көзін жұмды.

Әжетханадан екінші еркек шықты да, жағалаудағы басқышпен төмен қарай тез-тез басып кете барды.

Күн жиегі ашық теңіздің төсін жалады. Құм суығанша күте тұрайын, деп ойлады К. қайда бет аларымды, сосын шешермін.

Ұзынтұра қасына келіпті, бәтеңке тұмсығымен бүйірін түртіп, теуіп қояды. Қасында екі қарындасы, бірі кішкентай бөпесін арқасына таңып алған, екіншісі басындағы паригін шешіп-ап, топлиларымен қоса қолына ұстап тұр. Бәтеңке басы мұның комбинезоны бүйірінен тесік тауып, аңқайта ашып жіберген еді, аржағынан жарқырап жалаңаш бұты көрініп қалды.

-Қараңдар, тыр жалаңаш! – деді бейтаныс, сөзін әйелдерге қаратып. – Жалаңаш еркек! Сен өзі соңғы рет қашан тамақ ішіп ең, жігітім? – Ол К-ні қабырғасынан тағы бір түртті. –Қане, бұған жейтін бірдеңе берейік, содан кейін, бәлкім, оянар да.

Қарындастардың ішіндегі балалысы сөмкесінен қағазға оралған бір бөтелке шарап шығарған еді, К. басын көтеріп, іше бастады.

-Қай жақтансың, жігітім? – деп сұрады бейтаныс. – Сен не, мыналарға жұмыс істейсің бе? Салалы саусағымен мұның үстіндегі комбинезонды, қалтасы аузындағы алтын әріптермен әдіптелген жазуларды көрсетті.

К.жауап бергісі келген, кенет асқазаны бүріп, ішкен шарабы жіңішке жүлге жасап аузынан ытқып кетті де, жерге шашырап, бірден құмға сіңіп ұйып қалды. Басы айналып, көз алды көшіп жөнелді, ол көзін жұмды.

-Түк етпейді! – Бейтаныс күліп жіберді де, К-ні иығынан қозғап-қозғап қойды. – Аш қарынға ішкен деген осы! Сені көрген бетте маған мынадай ой келген: «Мына жігіт аш, тамақ беріп ауқаттандырмай болмайды! – Ол К-нің тұруына көмектесті. –Бізбен жүр, мистер Ағашкескіш, біз саған сондай дәм ішкіземіз, сондай дәм, қолма-қол семіре бастайсың».

Олар жағажайды басып өтіп, бос жатқан автобус аялдамасына келген. Бейтаныс сөмкесінен жаңа піскен батон мен бір бәнке сүтқойыртпақ шығарды. Қалтасынан жіңішке, қара бірдеңе суырып-ап көрсетті де, бір түсініксіз қимылдар жасаған, әлгі жіңішке мен қара бірдеңе бәкіге айналды да кетті. Ысқырып қап бәкінің жылтыраған өткір жүзін отырғандарға жағалай тағы бір көрсетіп шықты да, өз тізесін өзі соққылап қойып, К. отырған тұсты нұсқады. Шешесінің иығынан қарап отырған бала да, жанары дөңгелене күліп, қолдарын әрлі-берлі сермелеп қалды.

Ұзынтұра сабасына түсіп, батоннан қалың етіп бір кесіп алып, үстінен ирелеңдете тамызып сүтқойыртпақ жақты да, К-ге ұсынған. Ол жей бастап еді, бәрі оған таңсық көргендей қарай қалды.

Олар көше бойлап келе жатқан еді, кенет К. шүмегінен су тамшылап тұрған колонканы көрді де, жүгіріп барып, шүмек аузына бірден бас қойды. Демалмастан ішіп жатыр, тоқтай алар түрі жоқ. Су мұның денесін жарып өтіп, жерге ағып кетіп жатқандай: сосын ол көше қиылысындағы су жинағыш тұрған жерге жүгіріп барды да, бетон жиекке отыра қалды, басы айналып әлсірегені сондай, комбинезоннан қолын шығаруға да шамасы жетпеді.

Тұрғын орамдары артта қалып, олар Сигнал-хилл бөктерімен жоғары өрлеп келеді. Топ соңындағы К. тынысын бір демдеп алмақ боп кідіргені сол еді, қасына келген балалы қарындас та тоқтай қалды.

-Ауыр-ақ, - деді ол бөпесін көрсетіп, жымиып қойды. К. оған сөмкеңді алып жүрейін бе деген, қарындас бас шайқады. – Ештеңе емес, мен мұндайға үйренгенмін.

Орман қорығының қоршауынан тесік тауып ішке өткен. Бейтаныс және қарындастардың екіншісі жоғары өрлеген соқпақпен ақырын көтеріліп барады, төменде Си-Пойнт оттары жымыңдап, көкжиекте өзара астасқан теңіз бен аспан қызыл жалқынға оранып жатыр.

Олар шырша ағашы саясына келіп жайғасқан. Ақ көйлекті қарындас кешкі алакөлеңкеге сіңіп бара жатты да, екі-үш минөттен кейін қайта оралды, джинси киіпті, қолында екі үлкен пластикалық пакет. Қарындастың екіншісі блузкасының алдын ағытып жіберіп, бөпесіне емшек берген; К. көзін қайда жасырарын білмей сасқалақтады да қалды. Еркек жерге көрпеше жайды, балауыз жағып, оны консерві қалбырының ішіне орнатып қойды. Сосын дастарқан мәзіріне кіріскен еді: батон нан, сүтқойыртқы, бір білем ысталған шұжық («Алтын! – деді ол К-ге, шұжықты жоғары көтеріп. –Бұған алтынмен төлейді!»), үш банан. Шарап бөтелкесінің тығынын бұрап ашты да, К-ге ұсынды. Ол шараптан бір жұтып, бөтелкені иесіне қайтарды.

-Суларың жоқ па? – деп сұрады. Ұзынтұра басын шайқады.

-Шарабымыз бар, сүттің де екі сұрпы бар, - деп қулана қасындағы баласын емізіп отырған әйелді көрсетіп қойды.- Бірақ су жоқ, досым, әттең, бұл жерде су жоқ. Ертең саған су тауып беретініме уәде етейін. Ертең жаңа өмір басталады. Не қаласаң бәрі болады, сен сөйтіп мүлде басқа адамға айналасың.

Шараптан К-нің басы айналды, құлап қалмас үшін ол ауық-ауық жер сүйеніп қояды, сүйтіп отырып-ақ сүтқойыртпақ жағылған нан жеп алған, бананнан да жартысын жеген, шұжықтан бас тартты.

Еркек Си-Пойнтың тіршілігі жайында әңгіме бастады.

-Қызық,ә, қаңғыбастар сияқты біз тауда ұйықтап жүрміз, - дейді ол. – Бірақ біз қаңғыбастар емеспіз ғой. Ішіп-жейтініміз, ақшамыз бар, өз нанымызды өзіміз тауып жеп жүрміз. Біздің бұрын қайда тұрғанымызды білесің бе? Мистер Ағашкескішке айтайын, бұрын қайда тұрғанымызды.

-Норманди көшесінде, - деді джинсилі қарындас.

-Норманди көшесі, бір мың екі жүз он алтыншы үй. Бірақ біз таусылмайтын ұзақ баспалдақтармен жүруден жалықтық та, осында көшіп алдық. Бұл біздің жазғы курортымыз, біз мұнда сауық-сайран ұйымдастырамыз. – Ол күліп жіберді. –Ал Норманди көшесіне дейін қайда тұрғанымызды білесің бе? Айтшы мынаған.

-Шаштаразда, - деді қарындас.

-Еркектер мен әйелдер салонында. Демек, Си-Пойнтта тұруға болады, тек көзін таба білу керек. Айтшы маған, сен өзің қайдансың? Бұрын көрмеген адамымсың.

К. әңгіме айту кезегі өзіне келгенін білді.

-Мен үш ай Кенилуорт лагерінде болдым, дәл кешегі күннің кешіне дейін, - деп бастады сөзін. – Бір кездері бағбандықпен айналыстым, қалалық бақта жұмыс істедім. Одан бері қай заман. Сосын мен жұмысты тастадым да, анамды фермаға апаруға ұйғардым, өйткені ол ауырып қалған еді. Менің анам Си-Пойнтта жұмыс істеген, осында тұрған. Біз жаңа ол тұрған тамның жанынан өттік, онда анамның бөлмесі болған еді. –Жүрегі айнып кетті де, ол лоқсығын әрең басты. –Анам Стелленбосқа бара жатқан жолда өлді.-Дүние тағы бір шайқалып барып, қайтадан жайлап орнына түсті. –Мен үнемі тойып тамақ жегем жоқ, - деді. Балалы әйелдің қасындағы еркекке бірдеңе деп сыбырлағанын байқады. Екінші әйелді жалпылдаған балауыз шамның әлсіз жарығы қамти алмады ма, көрінбейді. Ол кенет апалы-сіңлілер манадан бері неге өзара бір-бірімен сөйлеспеген деп ойлап қойды. Сөзім мәнсіз, үзік-үзік бірдеңе, ойымды жүйелей алмаймын, сондықтан осымен әңгімемді доғарғаным дұрыс-ау.Тыңдаушыны қызықтыратындай шешен болсам ғой. Жүрек айнығаны басылды, терден малшынған комбинезон мұздап, денесін суық қарып, дірілдей бастады. Ол көзін жұмды.

-Байқаймын, ұйқың келген екен, - деді еркек қатты дауыстап, тізесінен түйгіштеп қойды. – Біржола жатып тынығып ал. Көрерсің, ертең мүлде басқа адам болып оянасың. – Ол К-ні тізесінен тағы бір түртті, алғашқыдай емес, жеңілдеу. – Бәрі жақсы болады, досым, - деді уәде беріп.

Шыршалардың шырпысын төсек етіп, ағаш саясында түнеп шығуға ұйғарысқан. Сөмкелерінде жамылғылары бар екен, К-ге қалың пластиканың бірін тастап, бас-аяғын қымтануына көмектесті. Аяқ-қолы құндақтаулы, біресе терлеп, біресе тоңып, құлағының мазасыз шыңылынан да құтыла алмай, бір сәт ұйықтап кетеді де, әлденеден елегізіп қайта оянады. Түн ортасында әлгі еркек, атын ақыры білмей-ақ қойды, ағаш басы мен жұлдыздарды қалқалап, үстінен төне еңкейгенде, бұл ояу болатын. Кеш болмай тұрғанда мынаған бірдеңе деуім керек-ау десе де, айта алмады. Бейтаныстың қолы алқымынан төмен қарай сырғып кеп, комбинезонның төс қалтасын ағыта бастады.Шопақ салынған қалташаның шытырлап кеткені соншалық, өтірік ұйықтаған боп жата беру мүмкін болмай қалды. Ол қатты ыңырана аунап түсті. Ұры қол бір сәт қимылсыз қалды, сосын әлгі адам қараңғыға сіңді де жоғалды.

Түннің қалған уақытын бұтақтар арасынан көрінген айға, оның аспан төрінде қалай қалқығанына құр қарады да жатты. Таң ата сіресіп қалған пластик ішінен шығып, басқалар ұйықтап жатқан жерге келген еді. Еркек балалы әйелдің қасында жатыр. Бала ояу: анасының үстіндегі кофта түймесімен ойнап отыр, К-ге еш қорқынышсыз – үрейсіз жайбарақат қарады да қойды.

К. еркекті иығынан ұстап жұлқылады.

-Менің қалташамды бер, - деді әйелді оятып жібермес үшін ақырын сыбырлап. Еркек қор еткен дыбыс шығарып, екінші жамбасына қарай аунап түсті.

Іздеген қалташаны ол бірнеше ярдтай жерден тауып алды. Төрт тағандап еңбектей жүріп, шашылып жатқан шопақтарды бір-бірлеп теріп, тең жартысындайын жинап, қалташаға қайта салып, қалтасының тереңіне жытырды да, аузын түймелеп тастады. «Қап, шырша көлеңкесінде ешбір дән көктей алмайтыны қандай өкінішті еді», деп ойлап қойды. Бұралаң жолмен төмен түсе бастады.

Бос жатқан таңғы көшемен жүріп жағажайға келді. Күн көзі таудан аса қоймаған, құм әлі салқын. Ол күжірейген жартастарға қарай барды, ара-арасы жарқыраған көлшіктер, оларда актинии мен ұлулар қаптап жүреді. Ол әлгілерге біраз қарап отырды да, жалыққасын, Бич-роудты кесіп өтіп, бір сағаттай үйден біреу шығып, мені көрер ме екен деген үмітпен анасы тұрған бөлменің қабырғасы жанында аялдады. Сосын қайтадан жағажайға барған, құмға жатты, үдеген үстіне үдей түскен өз құлағының шыңылын өзі тыңдады, әсілі, бұл не ызың, тамыр қуысымен атқыған қан ба, басындағы ой толқыны ма, білген жоқ. Бойында жан дүниесінен бірдеңе босанғалы жатқандай немесе босанып шыққандай бір қызық сезім туып келеді. Босанғалы жатқан не нәрсе, әзірге білмейді, әйтеуір, бойын сірестіріп келген бір қатқыл қасаңдық жібіп, тарқай бастаған сияқтанады және бұл екі сезім бір-бірімен егіз сияқтанып та көрінеді.

Күн тастөбеде тұр. Қас-қағымда көтеріліп кеткен бе? Қанша уақыт өткенін шамалай алған жоқ. Мен ұйықтағанмын-ау, деп ойлады, тек мазасызданып, нашар ұйықтаған болармын. Мен өзі жоқ боп кеткен сияқтымын ба, бірақ қайда? Енді қараса жағажайда жалғыз емес. Қол созым жерде бетін шляпаларымен бүркеп, жеңіл лыпалы екі бойжеткен жатыр, басқа да біреулер бар сияқты. Ыстықтан бойы езіліп, ойы шатасып, қоғамдық әжетханаға қарай жылжыған. Шүмектерге су әлі келмепті. Комбинезон жеңінен қолын шығарып, беліне дейін жалаңаш, үрінді құмға отыра кеткен, өзінше ойын тәртіпке келтіріп алмақшы еді.

Отырыңқырап қалған екен, әжетханаға кешегі ұзынтұра, қасында бұл да менің қарындасым деп таныстырған әйел, кіріп келе жатты. К. орнынан тұрып, кетуге ыңғайланған еді, ұзынтұра құшақтай алды.

-Менің мистер Ағашкескіш досым! – деді дауыстап. – Сені көргеніме қуаныштымын. Қасымыздан таң атпай жатып неге тым ерте тұрып кеттің? Әлде, бүгінгі күннің сен үшін мереке болатынын айтпадым ба? Қарашы, не әкелдім! Пенжегінің қалтасынан кішкентай бренди бөтелкесін шығарды. (Тауда тұрып жатса да, сыр-сымбатын қалай сақтап жүр,ә? – деп таңданды К.)

-Ұзынтұра К-ге құм үстіне тізе бүктірді.

-Бүгін кешкісін ойын-сауыққа барамыз, - деді сыбырлап. –Онда халық көп болады.

Ол бөтелкеден ауыз тиді де, К-ге ұсынды. Михаэл де бір жұтқан. Жүрек тұстан басталған жылу бүкіл денесін жайлап ала жөнелді. Басында бір әдемі гуіл тұр. Ол жата қалған, айнала дүние шайқала толқып-толқып кетті.

Құлағына бір түсініксіз сыбыр жетті, сосын біреу комбинезонының төменгі түймесін ағытқан, борбайы арасында салқын қол сумаңдады. К. көзін ашып алған. Әлгі әйел. Ол әйелдің қолын итеріп тастап, тұрып кетпекші еді, еркек тоқтатты:

-Сабыр, досым, Си-Пойнтте бүгін ұлы күн, ғажайыптар жүзеге асатын күн. Сабырға кел де, өмірдің қызығымен бірге шаттан.

Ол бөтелкені К. жанына, құм үстіне қойды да, кетіп қалды.

-Сенің ағаң кім? –деп сұрады К. үні қырылдап. – Аты кім?

-Оның аты Декабрь, - деп жауап қайырды әйел. Декабрь, қате естігем жоқ па? Әйел онымен бірінші рет тілге келген еді. – Оның ұрықсат құжатында осы есім жазылған. Ертең өзгерте салуы мүмкін. Ертең оның қолында басқа есім жазылған басқа ұрықсат қағазы болады. Түк түсінбей полицайлардың басы қатады.

К. әйелді итеріп жібергісі келген, өйте алмады, басының айналған әуені мен бойын еріткен бір жылы ағынға бағына бергені. Өзі де түсінбейді, мүмкін, шынында, ұйықтап қалды ма? Әйел құм үстіне, мұның қатарына созылып жата кеткен, күміс түсті паригі болмаса, ол уыздай жас екен әлі.

-Расында, ол сенің ағаң ба? – деп сұрады, сыртта күтіп тұрған еркек есінен кетпей.

Әйел жымиды. Сосын еңкейді де, тілімен оның еріндерінің арасын ашып, сүйіп алды.

Бәрі біткенде өзі үшін де, әйел үшін де бірдеңе айтуым керек-ау, деп ойлаған, бірақ іздеген сөздерінің бәрі жан-жаққа бытырай қашып жоғалды. Бренди әсерімен болған рахат бойкүйездік тарқай бастаған еді, ол бөтелкеден бір ұрттап, әйелге ұсынды.

Оның үстінен әлдебір көлеңкелер үйірілгендей. Көзін ашқан, топлиын киіп алған, әйел тұр. Қасында әлгі ағасымын дейтін еркек.

-Ұйықтап ал, досым, - деді еркек, дауысы әлдебір алыс жер түкпірінен естілгендей. – Кешкісін келіп, өзім уәде еткен ойын-сауыққа алып кетемін, тамақтың түр-түрін жейсің, Си-Пойнттың қалай той тойлайтынын көресің.

К. олар кетіп қалған болар деп ойлаған еді, жоқ, еркек қайтып келген, үстінен төне еңкейіп, құлағына сыбырлап тұр:

-Ешнәрсені керек етпейтін адамға қайырымдылық жасау қиын екен. Айтшы, өзіңе не керек, қорықпа, не қаласаң соны аласың. Тыңда менің ақылымды, менің аш арық досым. – К-ні иығынан өзімсіне жұлқып-жұлқып жіберді.

Ақыры жалғыз қалып, суықтан дірілдей жүріп, тамағы қамасып, әйелмен болған жағдайдан өзінше іштей ұялып, комбинезонын түймеледі де, әжетханадан шығып, жағажайға келді; күн еңіске құлап кетіпті, жұқа лыпалы қыздар сөмкелерін жинастырып, кеткелі жатыр. Құм үстімен жүруі манағыдан да қиындай түскен еді, бір рет бойын ұстай алмай, құлап та тұрды. Балмұздақ сатушының қоңыруы сыңғырлайды, қуып жетпекші боп ұмтылған, ақшасы жоғы есіне түсіп, тоқтады. Басының іші күңгірлей ме, ол ауырып қалғанын түсінді. Оның тәнінде бір қызық өзгерістер болып жатқан секілді-ау. Тәні бір мезгілде әрі суық әрі ыстық. Артынша бәрі араласып тұман көрпесін жамылғандай болды. Ол жақтаудан ұстап саты шетінде тұрған, қасынан манағы екі қыз өте берді, мойындарын бұрып алған, тыныс алмай бара жатыр. Олар басқышпен жоғары көтерілгенде арттарынан қарап тұрып, саусақтарымды мыналардың жұмсақ жерлеріне сұғып жіберсем-ау деген ой келгені, оған өзі таңданды.

«Жақұтты жағалау» вилласының ауласындағы шүмектен келіп су ішті, көзін жұмған да, жұта берген, таудан құлаған салқын кәусардың Де Ваал бағының қыр жағындағы арнайы тоғанда жиналатынын, сосын қала астындағы жүздеген миль құбырлардың бойымен ағып отырып, мұның шөлін қандыру үшін осы шүмектен атқып тұрғанын көз алдына елестетті. Ол қуығын босатып-ап шүмекке қайта ауыз салған, таусылмайтын шөлге қалғанына өзі де таң. Жеңіл, тура қауырсын, аяғы жерде емес, ауада қалқып жүргендей, ол кешкі алакеугімге оранған көшеден қара түнек жамылған дәлізге өтті де, еш ойланып тұрмастан есік тұтқасын бұрап жіберді.

Бір кезде анасы тұрған бөлме мебель қоймасына айналған. Көзі алакөлеңкеге үйренгесін, ол еденнен төбеге дейін қаластырылған болат тұрбалардан жасалған ондаған орындықтарды, оралған жағажай шатырларын, ортасында ойығы бар ақ пластикпен қапталған үстелдерді, ал есік қапталынан сырланған үш гипс скульптураны: көздері шоколад түстес бұғыны, сар күрткелі гномды, қолында қылқалам, басында қалпақ, бұтында сары панталон, біз мұрын адам-Пиноккионы – бәрін бірден көрді, бірден таныды.

Мұрнымен иіс аулай жүріп, есік сыртына, қараңғы бұрышқа қарай аттады. Қолымен қарманып, едендегі картон қораптардан бұратылып қалған көрпені тапты. Бос бөтелке құлап түсіп, домалай жөнелді. Көрпеден шарап, темекі, ескі кірдің иісі шығады. Ол көрпеге оранып жата қалған. Тап сол сәтте құлағындағы шуыл қайта оянып, үйреншікті бас ауруы қайта басталды.

Міне, мен қайтып оралдым, деп ойлап қойды.

Комендант сағаты басталғанын хабарлап, алғашқы сирен даусы ұлыған. Сол-ақ екен, қаланың бүкіл сиреналары мен гудоктары жарыса - жамыраса жөнелді де, көп ұзамай сап тыйылды.

Ол ұйықтай алмады.

Еркінен тыс бір күшпен үстінен төнген жасанды күміс шашты бойжеткеннің қалай жұмыс істегенін есіне алды. Бәрі мені аяиды, деп ойлады. Қайда бармайын маған аяушылық білдіргісі келетін біреулер табыла кетеді. Жас емеспін, жасамыспын, сонда да жетім сияқтымын. Бәрі маған Яккалсдриф балаларына қараған сияқты қарайды, олар кішкентай, қылмыс жасай алмайды, сол үшін де тегін тамақ ішеді. Соның ақысына балалар оларға алғыс пен рахмет айтуға тиіс. Ал менен күтетіндері бөлек, өйткені менің өмірге келгеніме біраз болды ғой. Алдарында жан сарайымды ашып тастап, тар қапастарда өткізген өмірім туралы айтып бергенімді қалайды. Тап бір мен көкек, ақ тышқан, әлде маймыл болғандай, өмірім өткен әрбір тар қапас жайында әңгімелеп берсем-ау. Егер «Норениусте» маған картоп аршытып, есеп шығаруды үйретпей, күн сайын өмірімнің әлдебір тарихын баяндауға, сөзімнен жаңылып, тұттыға бастасам қолдарындағы таяқпен бастан-көзден аямай ауырта соғып, бұлбұлша сайрап дағдыланғанымша, соңымнан жабылып қалмай қойса ғой, сөз жоқ, қазір көңілдерінен шығар да едім. Сонда мен оларға абақтының ішінде маңдайымды тікенекті сымға тіреп қойып, күнді күнге жалғап, жылдар бойы әлдебір белгісіз қиырларға көз жіберетінімді, ешқашан жүзеге аспайтын желбуаз қиялдарға берілетінімді, күзетшілердің мені сөзбен қалай қорлайтынын, көтімнен теуіп қалай еден жуғызатынын майын тамыза айтып-ақ берер ем. Менің хикметімді естіген адамдар бастарын шайқап, бір жағы ашу буып, бір жағы аяп, алдыма дәмді тамақ қойып, шарап ішкізіп, әйелдер қастарына алып жатып, қараңғы түскенде махаббаттарын сыйлар ма еді. Ал ақиқаты мынада ғой: мен бағбанмын, әуелі қалалық бақта істедім, сосын өзіммен-өзім болдым, қалай десек те бағбандардың қайсысы де күндерін мұрындарымен жер иіскеп жүріп өткізеді ғой.

К. өзінің картон төсегінде әрлі-берлі аунап дөңбекшіп кетті. Өз сөзі өзін мазалап жатыр: «Ақиқаты мынада – мен бағбанмын». Ол бұл сөздерді әлсін-әлі қайталаумен болды. Дегенмен, дәл іргесінде теңіз толқып жатқанда, бағбанның күрке ішінде бүрісіп жатқаны жөн бе?

Мен, сірә, жерқұртына ұқсайтын болармын. Ол да жер қопсытады. Немесе көр тышқан шығармын, ол ін тесіп, жер астынан шықпайды, өз шаруасын үн-түнсіз жүріп тындырғанды ғана біледі. Жер құрты мен көр тышқанға асфальтта орын жоқ.

Ол бір кездегі үйреншікті машығын қолданып, сірескен денесінің әрбір сүйемін біртіндеп жазып алуға тырысқан. Несі бар, дейді, ешуақытта қулыққа жүгініп көргем жоқ, лагерде мені қалай сабағаны, аш қатырғаны, миымнан қалай атала жасағаны жөнінде Си-Пойнтқа әңгіме тасығам жоқ. Өмірімнің басында қандай үнсіз болсам, аяғында да сондай үнсіз боп қала бермекпін. Сенің кеңкелес болғаныңның несі ұят. Лагерлерге кеңкелестерді алдымен әкеп тоғытты емес пе. Қаптаған лагерлер: ата-аналары тастап кеткен балаларға арналған; үлкен басты адамдарға бір бөлек; кішкентай бастыларға бір бөлек; жұмысынан шығып, күнкөріс көзінен айрылған жұмысшыларға арналған; жерлерінен қуылған шаруаларға бір бөлек; жер асты жылу құбырларын құшақтап жататын қаңғыбастарға арналған; жезөкшелерге бір бөлек; хат танымайтындарға бір бөлек; күндіз тауда тығылып жатып, түнде көпірлерлерді қирататын қарулы көтірілісшілерге арналған, толып жатыр-ау, толып жатыр. Мүмкін бақыт дегеніміз лагерге қамалмау шығар, бір де біреуіне, солай-ау. Лагерлер толып болды емес пе? Қақпаларын автоматты сақшылар күзеткен лагерлер сыртында өз еріктерімен оған сыймай қалып қойған басы бос жандар бар ма екен, сірә? Мен лагелерден қашып шықтым: егер елеусіз тыныш өмір сүрсем ше, онда аяушылықтан да құтылатын шығармын.

Өткен күндеріне ойша орала отырып, менің қателігім, дейді ол, тұқым қорын жасамағаным, асқабақтың, қауақтың, бұршақ пен сәбіздің, қызылша мен пияздың, қызанақтың шопақтарын жинап, барлық қалталарыма салып алуым керек еді. Башмағымның сірісіне, күртемнің астарына да тығып тастасам ғой, жолда ұры кездескендей болса, бәрін түгел алып кете алмас еді ғой. Шопақтарды қатарынан тығыз еккенім де қателік болды. Бүкіл аңыздың өн бойына, араларын бірнеше милден ашық тастап, өңделген ұлтарақтай-ұлтарақтай жерлерге ғана өсіруім керек еді. Сосын бәрін картаға түсіріп, картаға қарап қойып, әр түні жағалай аралап жүріп, суғарсам ғой. Өйткені мына жарық жалғанда әр нәрсенің өз уақыты бар, бұл жайды ол фермада жүргенде-ақ жақсы түсінген. (Бүкіл өмір тіршілігі барысында ол жеткен даналық осы шығар, - Әр нәрсенің өз уақыты бар? Демек, сен жай ғана тіршілік қамында жүресің, ал даналық күтпеген жерден сап етіп өз-ақ келетін болғаны ма?)

Ол ферма туралы ойлады, қашан да сұп-сұр боп тұратын қоғалы жынысты, тастақты тақыр жерлерді, бүйрек шоқылар тізбегін, көгілдір тауларды, мүлгіген алып көк аспанды, егер дұрыстап қарасаң, арасынан асқабақтың жап-жасыл пәлегі мен шөтке сияқты жалбыраған сәбіз жапырағы көрініп қалатын, бұрқыраған сап-сары қалың шөпті – бәрін көз алдынан өткізді.

Кім біледі, комендант сағатына түкіретін, қалаған уақытында осынау сасық бұрышқа келіп ұйықтай салатын адамның (К-нің көзіне ол қалтасынан бөтелке аузы шошайған, жүн-жүн аузы жыбырлап бірдеңе деп күңкілдейтін кәрі шал боп елестейді, босада полиция ондайларға көңіл бөліп әуре болмайды ғой), бір күні теңіз жағасында тұра беруге шыдамы таусылып, егер жол бастайтын адам табылса, әлдебір фермаға барып демалғысы келуі мүмкін ғой. Бүгін түн олар бір төсекте бірге жатып шығады, басында талай рет болған жағдай ғой, таңертең, жаңа күннің алғашқы нұрымен, біреулерден қалған қоларба іздеп қала шетіне барады, жолы болып кетсе, сағат ондардың шамасында тас жолды бойлап қатар адымдап келе жатады, әрине, жол-жөнекей тұқым және басқа да керекті заттар сатып алады ғой, алайда Стелленбосты олар айналып өтеді, өйткені ол бақытсыз жер. Кәрі шал арбадан түсіп, аяқ-қолын қозғап денесінің құрысын жазады (оның қиялындағы оқиға үдеген үстіне үдей түседі), кезінде сутартқыш тұрған, кейін солдаттар жарып кеткен жерге көз тігеді, сутартқыш түгіл, ферма да жоқ, ол сасқалақтап: «Суды қайдан аламыз?» деп сұрайды, К.Михаэл саспайды, қалтасынан шай қасық шығарады, иә, шай қасық, сосын бір орам кендір жіп. Ол ұңғы аузын кептеген тастарды алып тастайды, қасық сабын иіп доға жасайды да, оған кендір жіптің бір ұшын байлайды, сосын ұңғының сонау түбіне қарай жібереді, оны қайта шығарғанда қасықта су мөлтілдейді, көремісің, дейді ол, бұл жерде өмір сүруге әбден болады...

Орыс тілінен аударған: Өтен Ахмет

Сәуір-шілде, 2011 жыл, Астана.

Аудармашы туралы:

Өтен Ахмет – жазушы, драматург, аудармашы.

«Алыптың адымы» деген алғашқы очерк-кітабы 1968 жылы, содан кейін «Алда күн бар», (1973), «Адам болғым келеді», (1975), «Алтын арқау», (1977) повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар» (1988), «Қарқаралы аруы» (2008), «Сахна сыртындағы адам» (2018), «Мәңгілік ғұмыр»романдары жарық көрген.

Республикалық, облыстық театр сахыналарында қойылған «Темірқазақ», «Жұлынқұрт», «Кенесары–Наурызбай», «Бағдаршам», «Студенттер», «Желтоқсан ызғары», «Банкрот», Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Александра-Бәдрисафа өміріне арналған «Азаппен өткен өмір-ай», мемлекеттік қайраткер Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау», «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» пьесаларының авторы.

Жан Ануйдың «Медея», Жан Расиннің «Федра», Георг Бюхнердің «Войцек», Бернард Шоудың «Адам Ата-Хауа Ана», Э.Радзинскийдің «Нерон мен Сенека, Рим театры», Хайнер Мюллердің «Филоктет» пьесаларын, Нобель сыйлығының лауреаттары Дж.Кутзеенің екі романын, А.Рюноскэ, Р.Брэдбери, А.Кроулер, Дж.Ричи, С.Кинг, Я.Кавабата, Х.Кортасар, Д.Сэлленджердің әңгімелерін қазақ тіліне аударған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар