Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қайраткер Жүргенов...

05.11.2018 4767

Қайраткер Жүргенов

Қайраткер Жүргенов - adebiportal.kz

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнердің шын жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараның мақсаты – Жүргеновтің тағылымы мол өнегелі ғұмырын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау. Іс-шара тақырыбы: «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту».

Аталған конференцияға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инситиуты директорының орынбасары, профессор С.Борбасов, М.Ұлуғбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры З.Ишанходжаева, Ресей-Тәжік славян университетінің кафедра меңгерушісі, доцент А.Артықов, қоғамдық қор, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, ЖОО-ның оқытушы-профессорлары, докторанттары, Темірбек Қараұлының туысқандары, сонымен бірге Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Б.Иманғалиев қатысты.

Іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, деректі фильм көрсетілді. Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында сөз болды. Жүргеновтанушы-ғалым Б.Иманғалиев «Нарком Жүргенов» туралы арнайы баяндама жасап, қайраткердің республика тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесін жеткізді. Шығып сөйлеушілер де Ағарту комиссарының қилы ғұмыры, атқарған қызметі туралы естеліктер айтты.

Т.Жүргенов атындағы Қоғамдық қордың төрағасы Саби Ансат: «Дара тұлғаның қайраткерлігін бағалауда үш өлшем бар: – Биіктік, Тереңдік, Кеңдік. Табиғи таланттарды іздеп табу, тану, оларға жағдай жасап, өнер көгінде жарқырай көрінулеріне, аштықтан тұралаған, қансыраған мемлекетті үш жылда, яғни, 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікте қазақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігінің көрініс табуы Жүргеновтің қайсар қайраткерлігі мен орасан зор іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің ауқымдылығы, бір сөзбен айтқанда биіктігі еді. Мәскеуде оқып жатқан қазақ азаматтарына қаржылай демеушілік жасап тұрған және қазақ, өзбек, тәжік азаматтарын білімдерін көтеруге Ресейдің орталық қалаларына жіберген, олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімдерімен өз елдерінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтерген. Бұл – Темірбек Жүргеновтің көрегендігінің және кеңдігінің дәлелі», - деп айрықша атап өтті.

Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Бауыржан Имангалиев, белгілі жоғары оқу орындарында Темірбек Жүргенов атындағы шәкіртақы тағайындау, орта мектеп оқулықтарына «Тұлғатану» бағдарламасы бойынша Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қайраткерлігі жайлы мағлұмат енгізу мәселелерін ұсынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар