Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Шерхан...

21.11.2018 7436

Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Шерхан

Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Шерхан - adebiportal.kz

Ұстазды ұлы деудің айыбы жоқ. Ұлы ұстаз дүниеден өткен күні үлкен апа телефон соқты. Көңілі бекер қобалжып тұрған жоқ. Жақсы көретін немересінің аты – Шерхан. Қарғадай болсам да қалам ұстап жүрген соң құрметтеп, атын маған қойдырған. Ойланғам жоқ, «Шерхан болсын» дедім. Шерхан қалған үш бауырынан бөлек болып өсті. Ұлы атасына түр-түсі ұқсар-ұқсамас, бірақ мінезі ұқсайды. «Ай мен Айшаны» оқы да, бала Шерханды көр. Бұл Шерхан бала күнінде бөлтірік асыраған. Орманшының оқуын бітіріп, ауылдағы үлкен апасының қасына кетті. Басқалары шаруаның бәрін соның мойнына артып тастап, қуана-қуана қалаға келіп алды. Айтайын дегенім ол емес.

Жақында мен де тауға барып келдім. Таудың арасы, орманның іші, өзеннің жағасы. Жартастан шып-шып шығып тұрған тамшыларды көрдім. Жартастың көз жасы сияқты әсер етті. Қаталдық пен мейірімділік қатар өмір сүре береді екен-ау деп ойладым. Шерхан Мұртазаның да қолына бір тал гүл ұстап тұрғанын көргенім бар. Самарқанның көк тасындай еріп тұр. А.С. деген қас талант бір мұңлы арудың алдына «Иә» ма, «Жоқ» па?» деп жазып кететін. Оң жақта отырып қалған мұңлы арудың неге «иә» демегеніне таңғалдық. Сол мұңлы ару Шерхан Мұртазаның берген жалғыз тал гүлін қабыл алды. Кейін «Асыл адамға неге бір перзент сүйгізбедім?» деп жылады.

Ең алғаш кезекшілікке түскенім әлі есімде. Қойдың кезегі сияқты. Беттер дайын болғанда Шерағаңа хабарластық. Тау сағасындағы өнержайда екен. Беттерді сол жерге алып келуді бұйырды.

Тік тұрған күйі он алты бетті бір талдап көз алдына тосып қарады. Қарап болған беттер құс қанатындай қалықтап барып, үстелдің үстіне қонақтап жатыр. Сахнада Сталиннің рөлін ойнап тұрған секілді. Өзінің ата жауына ұқсағысы келген адамдар болады. Рухани әкесі Тұрар Рысқұловты да Сталин алды, өзінің туған әкесі Мұртазаны да Сталин алды. Содан да бәлкім Сталин секілді қатал болып кеткен шығар.


Шерағаңның алдына ең алғаш кіргенім есіме түседі. Ол кезде мен жиырма бес жаста едім. Гагарин ғарышқа ұшқан жылы туғам. Шерағаң елу төрт жаста болатын. Аштық жылы туған. «Қазақ әдебиетінде» шыққан екі әңгімемді ұнатып шақыртыпты. Алайда алдына кіргенде жақсы көріп тұрғанын көргем жоқ. «Қызыл жебе» романында: «Арыстанның еміренуі өзінше. Тіпті туған баласына мейірі түскеннің өзінде түрі ашулы сияқты көрінеді», – деп жазғанын кейін оқыдым. Жазушылар біреу туралы жаздым деп ойлайды, шындығында өзі туралы жазады. «Жұмысқа қабылдандың!» деген бір ауыз сөз жаңа тігілген отаудың қазығын қаққандай нық естілді.

«Қызыл жебеден» алынған жоғарыдағы сөйлемдердің астында: «…бірте-бірте мұздай жүрек жібиін деді» деген сөз тұр. «Мұздай жүрек» деген сөзге еріксіз аял қыласың. Екінің бірі қолдана бермейтін метафоралық тіркес. Абай атамызда екі сөздің бірі. Жүрегінің басына мұз боп қатқан не?

Ол кезде «Ай мен Айша» әлі тумаған. Қабағын құрсаған кірбіңнің сыры бізге жұмбақ. Сөйткен Шерағаңның да мұздай жүрегі бірте-бірте жібиін деді. Жұмысты жақсы істесең, бала демей, шаға демей, еңбегіңді адал бағалайтын басшы.


Шерағаң қабарған қалың қабақты, ширығып сөйлегенде шүршиіп кететін еттілеу ерінді кісі. Бірақ толық денелі емес, қайың қаптал деуге келетін күрестің адамы. Бастық болып кеңседе отырғандай емес, түн қатып түзде жүргендей шымыр. Оның қасында сол кездегі тағы бір мықты бас редактор Сейдахмет Бердіқұловтың бет-жүзі тұнған сәби-сурет. Көздері үшбұрыштана боталап тұратын. Сол кісінің: «Шерхан ағаларың әйелінің перзентханаға түсіп жатқанына қарамай, жолсапарға шығып кеткен», – деп балаша таң-тамаша қалып айтқанын естідім. Өмір бақи өзін-өзі қайрап, шыңдап, шыңдауылдай қағылып-соғылып өскен жанға берген бағасы осы. Шындығында Шерағаң күтпеген жерден шыға келіп, қапыда бас салатын жаналғыштың қатеріне қай кезде де дайын болған адам.

Мен деген талайды бір шайнап тастағаннан қалдырмайтын қарсыластары да оңай адамдар емес. Бірде Жазушылар Одағында Шерхан Мұртазаны «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметінен кетіруге арналған ашық партия жиналысы болды. Соның алдында ғана партия ұйымы хатшысының қалбалақтап, ана кабинетке бір, мына кабинетке бір шапқылап жүргенін көргенбіз. Кейде тағдырыңды шешетін орындарға білімсіз біреулерді әдейі қоқитып қойып қояды. Ал Шерағаңа жабылғандардың өздері қазаққа бір-бір ту болып жүрген кісілер. Біздің көз алдымызда арыстандай болып жүрген ағаларымыз шиебөрілердей қаңсыласты. Отыз жетінші жыл болса, Шерағаң бірден ұсталып кететіндей айып тағылды.

Бір сәт шынында да отыз жетінші жылға тап келгендей, мінбер жақтан суық леп соқты. «Пантюркистік идеяларға берілген», «шығармасынан пантюркизмді насихаттайтын тұстарын қысқартып тастауды ұсынғанымызда тыңдамаған» дегендей сындар айтылды. Құдды «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» роман-хамсасының кейіпкері Тұрар Рысқұлов ұмытылып, орнына Шерхан Мұртаза жауап беріп тұрған секілді болып көрінді. «Кеңестік энциклопедиялық сөздікте»: «Пантюркизм – ХХ ғасыр басында пайда болған түрік буржуа-зиялық-помещиктік тобының реак-циялық шовинистік доктринасы», – деген анықтама бар. Сонымен бірге Түркияның басшылығымен түркі тілдес халықтарды біріктіруді үгіттейтіні келтірілген. Ал романның бас кейіпкері Тұрар Рысқұлов сол идеяның жетегінде болып, түркі тілдес елдердің туын көтергісі келген тұлға. Тұрар Рысқұловты қайта тірілтіп әкеліп жазалау ешкімнің қолынан келмейді. Ендеше кейіпкердің орнына авторды жазалап жіберу қолда тұрған шаруа сияқты.

Шерхан Мұртаза қазақша сөйлесе, жеңілетінін білді. Мінбеге шықты да, орысша сөйледі. Ауылды жерде мектеп бітіргенмен, оқуды Мәскеуде оқыған. «Шығармамның күдікті жерлерін қысқартам» демеді, «ойбай, айыптымын» деп кешірім де сұрамады. Қайта желкесі күжірейіп, рухтанып кетті. Тұрардың туы романда бір желбіресе, мінбеде екі желбіреді. Намысы биік адамның шамырқанғаны залды да дүрк көтеріп әкетті. Мәжіліс залында отырғандар түгел қол соққанда, әлгі жиынды ұйымдастырушылар бастарын еріксіз төмен салды. Басқасын айтпай-ақ қояйын, Шерағаңды бір құлатқысы келген адам, ол Бекежан Тілегенов болатын. «Жұлдыз» журналының бас редакторлығын пәленбай жыл атқарды, Орталық Комитеттің идеология саласында түгенбай жыл жауапты қызмет істеді. Өзі де роман жазып, жазушылықтың азабын бір кісідей көріп жүрген адам. Шерағаңа өздігінен ұрынбаған шығар, тапсырмамен істеген болар. Кім білген, бірақ.

Жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Бір пойыз бір ауыл ел құсап сыңсып көшіп бара жатты» дегендей бір сөйлемі бар еді. Жолма-жол есіме түспей тұр. Пойызға мінген сайын ойыма келеді. Анда-санда жазушылармен бірге мерейтойға барғанда міне, сонда ғой бір қауым ел құсап жөңкілетініміз. Сондай сапардың бірінде Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Ұлықбек Есдәулет, Жоламан Тұрсынбаев, тағы біраз танымал адамдар бәрі бір пойызға, бір пойыз болғанда да бір вагонға отырды. Ол сапардың қай жылдың есебіне кіретінін оп-оңай есептеп шығарып алуға болады. Әкім Тарази алпыс жасқа толып, соны атап өтуге кетіп бара жатқанбыз. Шерағаң жұмыста қамаудағы арыстандай күркіреп жүрсе, сапарға шыққанда ормандағы аң патшасындай дүркіретіп жүреді. Татарша әнді бір қайырып, әзіл-қалжыңды екі қайырып, айналасын да арқаландырып тастайды.

Бірақ екі жазушы купеден шықпай қойды. Біреуі Мұхтар Мағауин, екіншісі – Сайын Мұратбеков. Шерағаңмен араларында салқындық бар деп еститінбіз. Біз үшін бірінен бірі кем емес. Мұхтар Мағауин Мұхтар Әуезовтердің, Сайын Мұратбеков Бейімбет Майлиндердің көзіндей адамдар. Сол екеуі купеден шықпай отыр. Соның алдында ғана Мұхтар Мағауин менің тазы ит туралы бір әңгімемді Таласбек Әсемқұловқа айтып, Таласбек орысшаға аудартқан. Тап сол кезде мен Шерхан Мұртазаның қоластына бара қалыппын. Тағдыр жолы деген сол. Біреу бетімді түзеп жіберсе, Мұхтар ағаның қоластынан шықпақпын. Онда, әрине, жол басқа арнаға түсуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бір вагонның ішінде болған сол оқиға маған ауыр тиді. Менің басымдағы жағдай басқалардың да басында болмауы мүмкін емес. Сөйтсек ол Шерағаңның да жүрегіне тікендей қадалып келе жатыпты.

Анда-санда айналасын түгендеп қойып отырған. Бір кезде орта толмай тұрғандай қоңылтақсыды. Бәріміз сыртынан көз тіккен көрші купеге барды да, есігін серпіп ашып жіберді. Іштен шекелері торсықтай болып екі асыл ағамыздың әр-әркімге армандай болған бейнесі жарқ етіп көрінді. Біреуге Ғабит Мүсіреповке арнап шығарған өзінің «Қыз-қарағай» атты әні туралы айтып тұрған Жоламан Тұрсынбаев қылғынды да қалды. Сол кезде неге екенін білмеймін, Әкім Таразидың денесі күптей боп ісініп тұрғандай көрініп еді. «Осы кісі ауыра ма екен?» деп бір ойлап қойғам. Аллаға шүкір, кімнің арқасы болса да, қазір сексен бес жасқа толып отыр. Өзінің сол алпыс жылдық мерейтойына кетіп бара жатқан соң, Әкім Тарази да селт етіп бері бұрылды.

– Қос рельс құсап ажырамай отырғандарыңа болайын, – деді Шерағаң өзінің әдеттегі тұрысымен есік көзінде қалбайып тұрып. – Мына табанымыздың астындағы шойын жол біз бір жаққа бұрылайық десек те бұрғызбайды. Өгіздей өкіріп жер сүзген пойызыңның түрі мынау. Бір вагонға қамалып осы кеткеніміз кеткен. Біреуді жақтырмадым екен деп, айдалаға түсіп те қала алмайсың, басқа жолға түсіп те кете алмайсың. Барар жеріміз де, қонар жеріміз де біреу, ағайындар. Бұл пойыз Нұқ пайғамбардың кемесі емес шығар, бірақ тап қазір біз үшін сол кемеден бір де кем емес. Жүріңдер, бірге отырып ас ішейік!

Қас-қағым сәтте олардың отша шарпысқан көздерінің ұшы кәдімгідей нұрлана қалғанын көрдім. Үшеуінің де бірер секундқа ұшқындай қалған жанарлары бірін-бірі өзімсіне аймалап өтті. Өкінішке қарай, мен ғана байқаған ол жылылық онша көпке созылған жоқ және басқа ешкім байқап та үлгермеді. Оны көру үшін де көз керек немесе бір жар болмай, бәрін бірдей жақсы көру керек. Сөйтіп келген ағаларымыз Билікөлдің жағасына бір қонып шыққаннан кейін бір үйдің балаларындай арқа-жарқа болып отырды. Рамазан ағамыздың шашы ұйпалақтанып кеткен екен, қол айнаны алып қарай бергенде:

– Әй, айнаға байқап қарашы, андағы шашыңды көріп шошып талып қаларсың, – деп сақ еткізді Шерағаң.

Оған да бәрі жарыла күлді. Бір-бір сеңгір боп әр жерде тұрғандардың басы жиылып, бір тау болды. Бау-райында біз жүрдік, бізді күткен ел жүрді. Бұл күнде Сайын Мұратбеков пен Рамазан Тоқтаров ағаларымыз о дүниелік болған. Әкім Тарази Астанада, Мұхтар Мағауин шетелде тұрады. Шерағаңды осы қоңыр күзде ғана қайтпас сапарға шығарып салдық. Олардың өкшесін басқандардың да қаншасы кетті. Рақымжан Отарбаев Арал туралы мақаласына «Атырауи» деп қол қойғанда, Шерағаң: «Жүрейік сол, біреуміз Тарази, біреуміз Атырауи боп!» – деп көзін аспандата алайтқан. Атыраудан Әбіш Кекілбайұлын қасына ерткен Шерағаң, кейін Әбіш ағаға етене Рахымжанды да ортасына тартты. Шығыстан Оралхан Бөкейді нөкер қылған Шерағаң, кейін Оралхан ағаға етене Дидахметті де қарамағына алды. Бұдан артық қазаққа қандай үлгі керек?! Осы аталған Әбіш Кекілбайұлы да, Оралхан Бөкей де, Дидахмет Әшімханов та, Рахымжан Отарбаев та қазір өмірде жоқ, бірақ соңдарында қандай із қалды десеңізші!

Қордайдың қоңыр құлжасы қазір мүйізі сырқырап жабырқап ол жүр. Оны Қордайдың қоңыр құлжасы атандырған да Шерхан Мұртаза.

Шерағаң Алматы мен ауылының арасын жол қылып, ары-бері өткенде қос тігетін Несіпбек Дәутайұлы сол. Шерағаңмен қос тігіп күтіп, қона жатып әңгімелескен адамының бірі. Олардың әңгімесі кәкір-шүкір әңгіме емес. Толстойдан бастайды, Әуезовке тоқтайды, Айтматовпен аяқтайды. Әрине, сөздің тұздығын Абайдан келтіреді. «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным!».

Рухани іні деген кейде туған бауырыңнан да жақын болып кетеді. Несіпбек Дәутайұлының өзі де қазір жетпістен асты. Ел арасында кісіліктің әңгімесін айтып жүретін азамат. Жамбыл облысында Серік Үмбетов әкім боп тұрғанда олар Шерағаң үшеуі аға дос, іні дос болды. Біздің білуімізше, «әкім қара» деген тіркесті Шерағаң ойлап тапқан. «Қара тұтайық, тұлыпқа қарап мөңіреген бұзаудай болып жүрмейік» дейтін. Шенеуніктерді шенеп сөйлеуге бейім қаламгер Серік Үмбетовке келгенде: «Екі облысқа әкім болды, халқына жақын болды», – деп жазыпты. Әсіресе үлкен саясатқа араласқан адамдар үшін сертке берік болу, уәде сөзінде тұру жақсы қасиет екенін айтыпты.

(Шерхан Мұртазаның қойын дәптеріне салған сурет)

Сонымен Шерағаң Алматыдан шығып, ауылына жол тартады. Қордайда Несіпбек Дәутайұлы күтіп алып, өзінің туған жері Иірсуға апарады. Иірсу Кенен Әзірбаев мекен етіп, оған Жамбыл атамыз қонаққа барған жер екен. Кененнің жұртында Кененнің көзіндей көретін бір тас бар көрінеді. Ондайды Шерағаң аттап өткен емес. Несіпбек Дәутайұлы: «Жамбыл жәкемнің жамбасы тиген тас», – деп, Шерағаңды сол тасқа таққа отырғызғандай әспеттеп отырғызады. Содан шабыт алған Шерағаң одан әрі Терісөзеннің жағасына барып демалғанды да теріс көрмейді. Шерағаңның батасымен Серік Үмбетов бәрі «Жамбыл» журналын шығаралық деп бәтуаласатын жер осы жер.

Әңгімені одан әрі тереңдетсек, Шерағаңның өміріне Кенен атамыздың кенже қызы Ақбілектің қалай аралас-қаны ойға оралады. Алма мен махаббаттың жалғыз белгісіндей боп, Жуалыда атқамінерлер салып берген үй ғана тұр.

Ол үйдің қалай салынғаны да елдік пен кісіліктің көшелі көрінісіндей еді. Белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаров басшы болып тұрғанда, бір жолы есіне түсіп, Кененнің жайын сұрайды. Естіген әңгімесіне қанағаттанбай сәлем бере барса, Кенен ақын ескі тамда жұпыны ғана ғұмыр кешіп жатыпты. «Мұнымыз елдік атымызға сын болар» деп, орталықтан еңсесі көтеріңкі жаңа үй салдырып беріпті. Ол үй қазір мұражайға айналып, кейінгі ұрпақтың игілігіне жарап отыр. Туған жерде Шерағаңның шаңырағы дейтіндей бір үй тұрғызу осындай игі ниеттен туған. Ол жұмысты әуелі Жамбыл облысын басқарып тұрған кезінде Амалбек Тшанов қолға алған екен. Бірақ бос тұрған дайын үйді қайта жөндеуден өткізіп жатқанда қызметі ауысып кетіпті. Одан кейінгі әкім Шерағаңның орнын онша-мұнша түсіне қоймаған болса керек, шаруаны жарты жолдан қаңтарып тастапты. Серік Үмбетов Жамбылға басшы болып келгенде осы әңгіме алдынан шығады. «Ескі үйді жаңалап не жанымызға зор келді?» деген әңгіме туады. Бұл нарықты да нардай ноқталап мініп, ел-жұрт еңсе көтеріп қалған кез екен. Сол тұста аудан басқарып тұрған әкім Ермек Үсенбаев бар аманатты өз мойнына алыпты. Көп жыл жыр болған үй ақыры салынып бітіп, Шерағаң жылда жазда үш-төрт ай ел ішіне келіп тұратын болыпты.

Анда-санда ауыл сыртында біреу қалбайып атқа мініп бара жатады дейді. Атқамінер біреу ме дейін десе қарапайым, мал қараған біреу ме дейін десе асығыс емес. Бірақ келімді-кетімді қонақтарының көлігі түзу. Ел әлгі салт аттыны қара тұтып, кәдімгідей бой үйрете бастаған екен. Бір күні оның үйіне екі аттылы кісі келіп түсіпті. Ағалы-інілі адамдардай шұрқырай амандасып, жай сұрасқан соң мынандай сыр шертіледі. Шерағаңның ауылға келіп, ел ішінде тұрып жатқаны айналасына тегіс мәлім болған. Қашан көрсең де шұқшиып жазу жазып отырады да, қаламнан қол босағанда атқа мініп, қырға шығып, қыдырыстап қайтады. Осыны естіп шыдап жата алмаған шекаралас ауданның әкімі Дархан Мыңбай Өзбекстанның Замин деген ауданындағы атақты бір шеберге арнайы ер-тұрман жасатып әкеліпті. Мұны көрген Шерағаң: «Атым жақсы, бірақ ер-тұрманы тозыңқы еді, енді Ақсу-Жабағылыны аралап қайтсам да болады», – деп көтеріліп қалыпты. Дарханның қасындағы серігі Пердебай Тәңірбергенов Шерағаңның атына сол жерде ер-тұрманын салып, айыл-тартпасын тартып беріпті.

Жуалы Жамбыл облысында болғанмен, Оңтүстік Қазақстанмен де қойындасып жатқан аудан. Әсіресе малы мен жаны бөлек саналатын екі облысты бір Шерағаң біріктіріп жібергендей туыстаса қалады. Жамбылда Несіпбек болса, Шымкентте Мархабат Байғұт бар. Мархабат ағамызға арнайы хабарласып, бір-екі ауыз естелік сұрадық. Мархабат Байғұт туған әкесін жоқтап отырғанымыздай алдымен: «Сізге Алла разы болсын, Шерағаңның аруағы разы болсын», – деп хат жазып жіберіпті. Сондағы айтқан Мархабат Байғұттың әңгімесі мынау: «1982 жылы екі әңгімеме «Қазақ әдебиеті» газетінің сыйлығы беріліп, лауреат атандым. Алматыға жолым түсіп, газеттің жаухатшысы Қажығали Мұханбетқалиевке жолығып қалдым. «Жұрт сияқты емессің, қасқа. Жоламайсың. Жумайсың да, жуымайсың да, – деді ол әзілдеп. – Шерағаңа кіріп, сәлемдесіп шықпаймысың?»

«Уағалейкүмассалам!» деп, әжептеуір ықылас танытқандай еді. Артынша түксиіп, темекісінің күлін түнеріңкіреп түсірді. Жөткірінді. Алдындағы қағазға қарап, қателерді түзеуге кірісті. Біраздан соң ғана: «И-и-ә-ә, ке-е-ел», – деді. «Әңгімелеріме бәйге беріпсіздер, алғысымды білдіргелі кеп ем, аға». Көзәйнегінің үстінен қарады-ау сонда. «Алғысыңды бізге емес, бәйге әперген әңгімелеріңе айт», – деді. Қабағын түйе түсті. Қағазына қайта үңілді. «Жақсы онда», – дедім. «Жақсы», – деді ол кісі. «Шерағаң жақтырмады. Бекер кірген екем», – дедім Қажығалиға. Ол қалай болғанын сұрады. Сықылықтап тұрып күлді.

Арада біраз жыл өткенде Қазжазодақ басқармасының бас-қосуынан шықсақ, Шерағаң екінші қабаттағы көне диванда отыр екен. Жанында Сайлаубек Жұмабек бар. «Сұраған балаңыз мынау, келе жатыр ғой», – деді Сайлаубек төгіле күліп. «Шерағаң да бізді сұрайды екен-ау» деп таңырқай жақындадық. «Көп болды. Ақсуыма бармағалы-ы-ы, Көп болды Жабағылымды көрмегелі-і-і-е-ей…» деп әндетті. «Қысқасы Ақсу-Жабағылымды аңсап жүрмін. Барып, араласам деймін», – деді. Желкемізді қасыдық. Күмілжідік. «Аға, аралағанға болады ғой. Бірақ, сіздерге жағдай керек қой, – дедік. – Ауданның басшылары… біртүрлілеу дә…»

Шерағаң Сайлаубекпен қол күрестіріп отырып: «Бізге басшылардың да, жағдайдың да керегі шамалы. Төрт бөлке нан болса, Ақсу-Жабағылының балбастауларына батырып жеп жүре береміз», – деді. Тұтқабай Иманбекұлын араға салып, аудан басшыларын икемге келтіріп, келесі жылы Шерағаңды Ақсу-Жабағылыға шақыртқанымыз жадымызда жаңғырады-ай…»

Шерағаңның ол сапарлары жәй сапар емес. Қордайға ғана барып, Жуалыда ғана жатып алған жоқ. Шығыстағы Қатонқарағайға да барды, Абыралыны да көрді, Атырауда да жүрді. Елдің мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Оны көркем шығармалары мен публицистикалық мақалаларында ғана жазып қойған жоқ. Соның бәрін Парламентте көтерді, Президенттің алдында айтты, Үкіметтің алдына мәселе етіп қойды. Шерағаңның Парламенттегі аңыз болған сөздері әлі күнге ел жадында жүр. «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу», «Жерді сату – Анаңды сатумен тең» деген сөздері, Есенғали Раушанов айтпақшы, бұл күнде афоризмге айналып кеткен. Соның бірін Дархан Мыңбай былайша есімізге салды: «Жас кезімізде Парламентте ілеспе аударма жасайтынбыз. Бір күні Ресей Атом және энергетика министрлігінің өкілдері келді. Басшысы министрдің орынбасары, қасындағылары да осал емес, кілең генералдар. «Соңғы сынақ жасауға рұқсат беріңіздер. Абыралыда жарылыс жасайтын шұқырларын қазып қойып едік», – дейді. Осы мәселемен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шықса, ол кісі «Парламент шешсін» деп жол сілтеп жіберіпті. Сонда Шерағаң Парламентте: «Қолтырауын деген бір хайуан бар. Жемтігін жұтардың алдында көз жасын сығып-сығып алады екен де қылғытып жібереді екен. Сендердің үйіп-төгіп береміз деген өтемақыларыңа әр отбасына 15 бөлкеден ғана нан келеді. Ол қаншама жылдан бері ядролық сынақтан зардап шегіп келе жатқан халықтың қай жеріне жұқ болады?!» – деді. Сөйтіп соңғы сынақ сол күйі жасалмай қалды».

Қош, сонымен Шерхан Мұртаза біраз жыл ауылға барып тұрды. Оның ендігі өмірі балық аулап жүрген Шолоховтың өміріндей деуге де болады. Бірақ, Оралхан Бөкей: «Шераға, төменге бір қараңызшы, біз көрінер ме екенбіз?» дегендей де уақыттар болған. «Қазақ әдебиетін» де шығарып, «Қызыл жебені» де жазып, «Жанпиданы» да аударуға уақыт тапқан. «Қара маржан» романы үшін мемлекеттік сыйлық алған. Екі-үш мәрте депутаттыққа сайланған. Қай жерде де найзаның ұшындай болып, сөздің ең өткір ұшында жүрген. Қаламгерлік пен қайраткерлік самұрықтың қос қанатындай қай биікке алып ұшпады десеңізші. Қолы бос, қаламы азат, енді не істейді? «Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан: – Мен Балалықтың елінен келдім, – деген екен». «Ай мен Айша» романының алғашқы жолдарындағы осы сөздер бәрін айтып тұр.

Бұл кітаптың жанрын «роман-притча» деп қоюға да болады. Мұнда көпті көрген адамның балалық шағы суреттеледі. Әр эпизодының басы бар, аяғы бар, оқуға жеңіл тартымды жанр түрін таңдаған. Автор өз өмірін жазып отырса да, оқиғаның ішіне мінбелеп кіріп кетпейді. Қас шеберлік кейіпкерімен бірге егіле жөнелмей, сырттай бақылап жазудан да көрініс тапса керек. Көзіңнен жас, қаламыңнан қан тамып отырып жазсаң, ол әншейін жылауық дүние ғана болып қалуы мүмкін. Кейбір жазушылар кейіпкерлерімен бірге ебіл-дебілі шығып егіліп жазады, бірақ оқырманы егілмейді. Әсілі нәзік лиризм қатал реализммен астасқан жерде бос көлгірсуге орын болмауға тиіс. Шерағаңның қаламына әлем классиктерінің жеке адамның өмірін жаратылыстан бөле-жармай, біртұтас күйінде алып жазатын тәмсілдік тәсіл тән дер едік.

Шерағаңды шығармашылық тұрғыда етене түсінген қаламгердің бірі Айгүл Кемелбаева. «Шерхан ағада нағыз қазаққа тән мәрттік бар, – деді Айгүл телефон соғып әңгімелескенімізде. – Елдің ол кісіні жақсы көретіні сондықтан болар. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында қазақ руларын алмас қылышқа теңейді. Мәрттік алмас қылыш сияқты адам баласының бойындағы ең асыл қасиет деп санаймын. Айшаның мұң-зарын көктегі айға айтуы қиял да, әлсіздік те емес. Қиын-қыстауда ұрпағын аман алып шығатын қайсар қазақ әйелі, Шерағаңның аяулы анасы менің де кейіпкерім болды».

Айгүл «Ай мен Айша» романын 1995 жылы оқыпты. Жазушының екі шығармасының негізінде инсценировка жасапты. Ол туынды Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойында бас жүлде алған. М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театры қолқа салған екен. Бірақ әзірге сахнаға қойылудың сәті түспей тұрған көрінеді. Сол дүние биыл «Театр» журналында жарияланыпты, атауы – «Жесірлер». Онда бала Шерханның өзінің де бейнесі бар. Шерағаңның өзі мен анасының ақиқи бейнесін сомдаған алғашқы туынды.

«Жаны жомарт Шерағаңда кішіні менсінбеу, өзінен асырмауға тырысу пиғылы ырымға жоқ болатын, – деді Айгүл. – 2001 жылы күзде, ұмытпасам, қазан айы, «Жас Алаш» газетінде белгілі журналист Назира Байырбек Шерағаңмен үлкен сұхбат жасаған болатын. «Кейінгі жастардан Айгүл Кемелбаеваның прозасын іздеп жүріп оқимын» – депті Шерағаң. Дуалы ауыздан шыққан бір ауыз сөзден соң қилы реакцияларды көрдім. Даттауды, тіл тигізуді, қисынсыз күдік айтқанды, сүйсінгенді де. Оның бәрі әншейін пендешілік қой. Шерағаң туралы бір мақалам 2012 жылы жарық көрді, «Сөз хикмет» атты кітабыма енді. Ендігісі Шерағаңның өз бейнесі, анасы Айша бар инсценировка жерде қалмаса екен деймін. Шерағаңның рухы өшпесін».

«Енді бітті, таусылды» деген Шерағаң осылайша тағы бір жұлдызды жол салды. «Осымен бойындағысын сарқып берген шығар» дегенде, «Бір кем дүние» жарқ ете қалды. «Бір кем дүние» қазіргі тілмен айтқанда нағыз «hit» болды. «Бір кем дүниенің» мысал болмаған жері жоқ. «Бір кем дүниенің» үзіндісі басылмаған газет жоқ. «Бір кем дүниені» көшіріп баспаған сайт та қалмады. Қала берді ол, күнделікті айтатын сөзіміздің сірағасына да айналды. «Ай мен Айша» жылатса, «Бір кем дүние» жұбатты. Шерағаңның қайсар қаламын ауру алып жықпағанда, тағы бір қайрат көрсетуі бек мүмкін еді. Өйткені ауыл сыртындағы салт атты қырға қарай қалбайып бекер кетіп бара жатпайтын.

Шерағаңның қызметтік ақ «Волгасы» бар еді, оған неге мінбегеніміз есімде жоқ. Сол жолы Шерағаңмен бірге қайда бардық, оны да ұмытыппын. Бірақ қазіргі Достық көшесі мен Абай даңғылының қиылысы екенін анық білем. Басқасын ұмытып, оны неге ұмытпағанымның себебі де бар шығар. Астымызда қунақтай бір «Жигули» болған сияқты. Жаңылыспасам, рөлде Шерағаңның ұлы Батылжан отырған болуы керек. Себебі, қиылысқа келіп тоқтағанда, алдымыздан қызғалдақтай құлпырып көп қыздар өтті. Сол кезде Шерағаңның үйленбей жүріңкіреп қалған ұлына: «Әй, бұлардан артық хор қыздарын қайдан табасың?» – деп шамырқана тіл қатқаны есімде қалыпты. Батылжанға тартына-тартына телефон соққанымда, сол есіме түсті. «Шерағаңның халін сұрап шықсам ба деп едім», – дедім. «Аса қажеттілік болмаса, мазасын алмаған дұрыс шығар», – деген жауап алдым. Түсіндім…

Өмір бойы елдің басындағы кеселмен алысқан адам, енді өз бойындағы кеселмен күресіп жатыр. Қасында қызы Алма мен ұлы Батылжан күзетіп отыр деп естиміз. Оны-мұны жағдайын жасап, сол күндері де ұмытпай барып-қайтып жүрген Серік Үмбетовтердің жөні басқа. «Таныды, танымағанда» деп, ол кісі де сыр бергісі келмейді. Бірақ, қанша қимастыққа салсаң да, ендігі бет алыстың жайы белгілі болып қалғандай еді. Біз сөйтіп Шерағаңмен ұзақ қоштастық. Құдды «Бір кем дүние», «Бір кем дүние», «Бір кем дүние» деген сөз миымызда да, маңайымызда да күбірлеп, сыбырлап тұрғанға ұқсады.

Кеңсайдың бір биігінде Бауыржан Момышұлы жатыр. Шерағаңа топырақ сол биіктің етегінен бұйырды. Кезінде Кеңсайдың бастығы Гроза деген біреу болған екен. Баукеңе әлгі жерді қимаған ба, бір бәле. Сонда Шерхан Мұртаза мен Сайын Мұратбеков тартқандай ғып алыпты деседі. Ақыры сол жердің төменгі жағына өзі барып жатты.

Менің көңілі жақсы ағам «үш уыс топырақ салдым» деді. «Бірі өз атымнан, екіншісі бала-шағамның атынан, үшіншісі елімнің атынан». Шерағаңа өмірде де іні болған, төсек тартып жатқанда да қасынан табылған, жер қойнына берілгенде де басында тұрған сол кісі де: «Бір кем дүние» деп күбір етті.

Ертесіне таудан патырлатып түскен Қордайдың қоңыр құлжасы, Жуалыдағы иесіз үйге тұмсық тіреп бір-ақ тоқтады. Үй сыртында «кім бар-ау?» дегендей бөгеліп, мүйізін олай да шайқап тұрды, бұлай да шайқап тұрды. Содан соң адам кейпіне енді де, есікті жәйлап ашып ішке кірді. Үстін адақтап шықты да, астындағы ұраға түсті. Қолжазбалар, суреттер, бір чемодан, тағы біраз заттар бар екен. Бәрін жиып-теріп алды да, кімге аманаттаймын деп дағдарып қалды. Бірақ ол заттар иесіз қалған жоқ. Шерағаңның тағы бір рухани інісі Дархан Қыдырәлінің қолына тапсырылды. Өйткені «Егемен Қазақстан» да Шерағаң жан бітіріп, қан жүгірткен қарашаңырақ болатын.

Қоңыр құлжа сыртқа шықты да, қайтадан хайуан кейпіне еніп, кердеңдеп тұра қалды. Ауыл сыртында бір салт атты қалбайып, қырға қарай қыдырыстап кетіп бара жатыр екен. Аңшы ма дейін десе, иығында мылтығы жоқ, мал қараған біреу ме дейін десе, қолында қамшысы жоқ. Бір кем дүние деген, міне, осы!

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2018


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар