Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
Қадір-қасиетімізді өзіміз бағалай білеміз бе?!...

26.11.2018 6465

Қадір-қасиетімізді өзіміз бағалай білеміз бе?!

Қадір-қасиетімізді өзіміз бағалай білеміз бе?! - adebiportal.kz

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес»,- деп бүкіл түркі дүниесінің түп қазығы, біздің атамекенімізді ерекше ардақ тұтады. Нұрсұлтан Назарбаев ұлт қасиетін осылайша ұлықтай отырып, өз ойларын одан әрі былайша тарқатады:«Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді».

Шынында да біз, алты алаш өз қадір-қасиетімізді өзіміз бағалай білеміз бе?! Түсінген жанға, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қалың қазағына, әсіресе өскелең келешегіне арнап, байыбына бара алсақ, туған еліміз бен жерімізді ерекше мақтан етер дәйекті әңгіменің алтын арқауын тайға таңба басқандай айқындап беріп отыр.

Ұлы дала – адамзат өркениетінің киелі қайнары әрі қазыналы арқатірегі! Олай болса, «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті». Республика Президенті бұл орайда өркениет мойындаған үш айғақты атап көрсетеді:

Біріншіден, протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр; екіншіден біздегі зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды; Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Елбасының еңбегін оқи отырып көкірек көзіміз ашылып, төбеміз көкке жеткендей әсер аламыз.

Демек, біз ұлт тарихының уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталатынын бағамдай алмасақ...

Онда бұл ел шежіресінің ежелгі сақтар мен ғұндардан, көне дәуірдегі түркілерден жеткен асыл мұрасын естен шығарғанымыз. Яғни, ұлы даладан жер жүзіне тараған атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығын, дала өркениетінің зор технологиялық жетістігі – ежелгі металлургияны, рухани байлығымыздың айшықты белгісі – баға жетпес «аң стилі» өнерін, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – «Алтын адамды» өзге жұрттың қанжығасына байлап жібергеніміз.

Демек, біз ұлт тарихының бастауларын нақты білмесек...

Онда бұл ұлы даланың біздің дәуіріміздің I мыңжылдығының орта шенінде дүниеге келген барша Түркі дүниесінің алтын бесігі болғанын ұмытып, үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісі – Ұлы Жібек жолын, Қазақстанның алма мен қызғалдықтың Отаны екенін еш кешірімсіз естен шығарғанымыз емес пе?!

Демек, біз ұлт тарихын қазақ хандығы шаңырақ көтерген бес-алты ғасырмен ғана шегерсек...

Онда бұл ұлы дала өзінің «ерекше елшісі сынды ұлы бабалары Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелгенінің» бағасына жетпеген парықсыздық болады.

Елбасының қазаққа өзіне-өзін танытатын арқатірек еңбегі – ұлт рухының ұлағатты жыр-дастаны деуге әбден лайық. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде, ұлттық мақтаныш сезімімен оқылатын «Ұлы даланың жеті қыры» өршіл әрі өнегелі өткенімізге көзімізді ашады. Ол, сондай-ақ, ел мәртебесін бүгінгі күн биігінен байыптау арқылы ертеңгі бағытымызды айқын бағамдауға көмектеседі.

Олай болса, «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының аясында атқарылар жұмыс ауқымы одан әрі кеңейе де нақтылана түседі деген сөз. Ендеше қазір алдымызда тұрған міндеттер қандай:

- «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, өлкентану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу;

- «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериалдар шығару, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін құру;

- «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару, деректі, телевизиялық сериалдар мен көркем картиналардың циклін өндіріске енгізу;

Елбасы тарихи-танымдық туындысында өз ойларын түйіндей келе мынадай тұжырым жасайды: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

Өкінішке қарай, бізді бірнеше жүздеген жылдар бойы ұлттық мақтаныш емес, өзгеден өзін кем көрген қорқыныш сезімі билеп келгені мәлім. «Үрей синдромы... ол үш ғасырға созылған ақ патша мен қызыл империяның құлдық қыспағы мен қанды қырғынының санаға салған лаңы. Кеңес заманының зардабы, тіпті төл әдебиетіміздің Абайтану саласына да кеселін аямай тигізді.

Алаш арыстары аман болса, бұл қорлыққа, әлбетте еш төзе алмас еді, олар тірі тұрса, ел-жұртын езгіге салдырып қойып қарап отырмасы белгілі. Қандықол диктатура мұны жақсы білді және қазақтың көшбасшы қайраткерлерін жусандай жапырды. Арыстардың аз ғана шоғыры ел келешегі үшін аға буын аманатын арқалап, ауыр мұңға батқан күйі қала берді. Бірақ, елжанды ерлер қолдарына қару алмағандарымен туған халқына айтар сөзін қызыл үкіметтің қырағы бақылауында отырып-ақ санамызға құя берді.

Міне, әлем әдебиетінің жауһары – «Абай жолы» роман-эпопеясы сол ұлт санасын сілкінтудің жарқын айғағы. Амал қайсы, кеңестік насихат сөз сардарын да жан-жақтан матап ұстап, Абай аманатын да, Әуезов сөзін де қалың көпшіліке бұрмалай түсіндірді. Тіпті, тәуелсіздіктің ширек ғасыр белесінен асқанда да ғұлама Мұхтардың қалам құпиясының сырын түсінбей жүргендер аз емес. Әйтпесе, романдағы дала данышпаны Құнанбайды танымау, әке мен бала арасындығы терең түсіністікті байқамау тіпті де мүмкін емес.

Мұхтар Әуезов туған халқының тарихын таптатпай, иісі түркі жұртының Абай секілді ұлы тұлғасын ұлықтай отырып та Құнанбай тұлғасына титтей де көлеңке түсірген емес. Ғұлама, тіпті, тарихқа, әдебиет пен өнерге қасаң таптық көзқарас тұрғысынан темірдей тәртіп орнатылғанына да қарамастан жанқиярлық қажыр-қайрат танытты. Ұлы даланың сап алтындай салт-дәстүрлері мен тағылымы зор тәртібін, хәкім Абайдың аманатын көкірегімізге құйып, еңсемізді түсірмеуге жан қуатын да, қалам қуатын да аймай жұмсады.

Алайда, Абайтану тарихын зерделей келгенде Ұлы Абай мұрасына көпшілік қаламгердің байдың, қанаушы таптың өкілі ретінде теріс айналып, асыл мұраны туған ұлтына қайтарудың Әуезов бастаған аз ғана шоғырға қаншалықты азапқа айналғанын көреміз. Қазақ әдебиетінің алыбы Сәбит Мұқановтың өзінің Абай мен оның мұрасына деген әуелгі теріс көзқарасын «мен қаналушы таптың өкілі едім ғой» деп, ақталғандай түсіндіруі-ақ көп жайды аңғарса керек. Бірақ, кейін солардың бәрі, әрине Сәбит Мұқанов та өз қателіктерін мойындап, Ұлы ақын жайында іргелі монографиялық зерттеу жазғанын білеміз.

С. Мұқанов Қазақстан жазушыларының 1934 жылғы тұңғыш сьезінде жасаған баяндамасында, 1935 жылы қазақ поэзиясы жайында жазған мақаласында бұрынғы социологиялық ой-пікірлерінің сілемі көрінгенімен, көркемдік таным-білік биігінен ой айтып, пікір түюдің лебі есе бастады. Осы екпін қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің сорпа бетіне шығарларын сыпырып әкетіп жатқан 1937 жылы Сәбит Мұқановтың «Абай – халық ақыны» деген принципті мақаласынан айқын көрінеді. Бұл мақала төл әдебиетіміздің классигінің Абай туралы толымды да көлемді зерттеу жасауының басы еді. Олай болса, Абайтанудың қарама-қайшылыққа толы шежіресі өз алдына жеке әңгіме.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінен біз, қазақ өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен сабақ ала отырып, тек қана алға басу туралы жасампаздық ой түйдік.

Болат Жүнісбекұлы,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің директоры.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар