Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Анар Қабылқақ. Рахымжанның шындығы ...

05.12.2018 5661

Анар Қабылқақ. Рахымжанның шындығы

Анар Қабылқақ. Рахымжанның шындығы  - adebiportal.kz

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятында күнді түннің алмастыратыны сияқты ерте ме, кеш пе өмірге де өлімнің әйтеуір бір кез келетіні туралы философиялық мағына бар.

Сондықтан, хикаяттың «Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?..» деп басталатын қысқа прологы мен «Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңайтады екен?..» деп түйінделетін эпилогындағы лаконизм қат-қабат мазмұнға ие. Көзге де, көкірекке де бірден жатталып қалатын бұл поэтикалық параллель шығарманың бас-аяғын тап-тұйнақтай етіп тұр.

Өмір – қас-қағым сәт, елес, бір көрген түс.

Атқан таң – жаңа күнге құлшыныс, жарқ етіп жанған үміт. Таңға жеткен жан иесі қуаныштан, жақсылықтан үмітті. Сол сияқты, күннің батуы – адамның бешенесіне жазылған өмірдің соңғы белесіне жетуі я мәңгілік ұйқыға кетуінің метафорасы.

Алайда, жалпы тіршілік тізбегі жалғаса бермек.

Осы орайда: «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер», - деген Абай сөзі еріксіз ойға оралады.

Батқан күннен атар таңға жалғасатын, үзілмейтін осынау тізбекті жаңа күнге құлшындыратын, құрыштай мықты ететін не? Темірдей асқақ рух, тегеуірінді жігер ме, әлде жүрекке жылу сыйлайтын ізгілік, санаға сәуле түсіретін даналық па?

Ақыл-ой мен жазушылық шеберлігі кемеліне келген қаламгер бұл хикаятын жаһандану аранына жұтылып кеткелі тұрған азғантай қазақтың тағдырына алаңдаған терең толғанысынан тудырғаны таңба басқандай анық білініп тұр.

«Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...»

Еркіндікті, асқақ рухты айғақтайтын бұл суретке автордың қайталау тәсілі арқылы екпін түсіріп, қайта-қайта алға тартуы тегін емес. Бас бермес асаулықты жаңа заман қазағының болмысынан көргісі келетінін астарлағаны анық.

Шығармасына бас кейіпкер етіп басқаны емес, жолбарыстай ақырған қаһарлы Шыңғыс қаһанды алуындағы мақсат та осы.

Өз заманында күллі әлемді тітіренткен Шыңғыс хан әскерінің аяғы Жапон аралдары, Солтүстік Мұзды мұхит пен Тынық мұхитқа ғана жетпей қалған екен. Бұл нені білдіреді?

Қандай айбар-қажыр иесі болма, адамға берілетін ғұмыр мерзімі шектеулі. Уақыт өте, жастықты – қарттық, албырттықты – даналық, желікті – сабыр алмастыруы заңды. Рахаңның Шыңғыс ханында өмір өткіншілігіне деген өкініш бар. Алайда, оның көңілін тоқ ететін бір нәрсе, ұрпағына қалдырған мұрасы – жарты әлемнің билігі, мәңгі ортаймайтын асқақ рух:

«Мұның ғұмыры қамшының сабындай-ақ болар. Бірақ астындағы тұлпарды қамшылайтын сабы емес. Сапқа бекітілген жуан өрім дойыр. Бекемдігі бет қаратпас сол дойырды соңына сайлаған жоқ па? Сол қару желдиірмендей айналып бүкіл елдің төбесінде тұрған жоқ па? Ендеше алаңдайтын несі бар? Өтейін өзеннен!..»(215-б).

Алтай мен Сарыарқаның даласын, күллі қыпшақ ұлысын, бөлшек-бөлшек орыс княздіктерін, барлық Батыс Еуропаны, Түркістан мен ауған елін, Үндістанды, Парсы мен Кавказ тауын, Жоңғар мен Шыңғыс Түркістанды, найман мен таңғұтты, Цзинь мемлекетін меншіктеген (214-215-бб.) Шыңғысхан бабамызды Көк Тәңірінің өзі қолдамаса, «Әлем әміршісі» атана ма?

Әлқисса, осыдан 1000-1500 жыл бұрын Еуропа дамуы жағынан Шығыс елдерінен көп кейін болғанын білеміз. Кейінгі 500 жылда Шығыстан, соның ішінде түркілерден озық ойлы жаңалықтарды алып, бумен жылу машинасын, теңіз көлігін жасап, зауыт-фабрикалар салып, өндірісті қарқынды дамытты. Ғалымдары мен ойшылдары көп жаңалық ашып, қоғамның дамуында да алға кетті. Дүниежүзіндегі екі ұлы империя – Қытай мен мұсылман елдері қалып қойды. Идеологияны әлдеқашан қаруға айналдырған батыс елдері үшін Шыңғыс бабамызды жабайы, жауыз етіп көрсету, әрине, тиімді еді. Кешегі Кеңес идеологиясы да «қанқұйлы Шыңғыс» стереотипін санаға сіңіріп бақты. Сол стереотип ұзақ уақыт қағымыздан жеріндіріп келгені рас.

Ақын М.Шаханов өзінің «Отырар» поэмасында Шыңғыс хан зұлымдығына шек келтірмейді:

«Рас, менің нөкерлерім безбүйрек,

Зұлымдықты ерлік деп те таниды.

Олар тіпті өкшесімен езгілеп,

Кете алады жазығы жоқ сәбиді.

Одан да ірі хайуандықққа жете алады төзімі,

Бәрін өзім үйреткенмін о баста...»

Сол сияқты, Ш.Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты», Ә.Кекілбаевтың «Ханша дария хикаясы» шығармаларында да бас кейіпкердің ақылы мен ізгілік қасиетінен гөрі тәкәппарлығы мен астамшылығы басым суреттелсе, «Шыңғыс ханның көз жасында» ойшыл Шыңғыс, ұрпақ ертеңіне алаңдайтын абыз Шыңғыс образы биік тұр.

Жұлынын үзу, тобанаяқ қылу, әтек етіп жіберу, т.б. қатігездікті суреттеу мұнда да бар, алайда, көшпендінің асқақ мұраты үшін бас кейіпкер өз ұстанымынан айнымақ емес.

Шыңғыс хан – соғыс жағдайында әрекет етуші жауынгер тұлға, «соғыс құдайы».

Егер алдыңғы шығармаларда ізгілік пен жауыздық қақтығысында Шыңғыс қаһан образы сөзсіз зұлымдық метафорасы ретінде көрініс тапса, Р. Отарбаев шығармасында ол ізгілік жағында, жоғалған көшпенді рухының асқарынан қол бұлғап тұр.

Бұл ретте, «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты – тәуелсіздік кезеңінде теріс идеологияның тас құрсауынан бұлқынып шыққан еркін шығармашылық ойдан туған шығарма. Шыңғыс хан бейнесін жаңаша жасау арқылы кеңестік жүйеден бері қалыптасқан стереотиптің астаң-кестеңін шығарған жазушының бұл шығармасындағы өзектілігін ешқашан жоғалтпаған һәм жоғалтпайтын даңқты әмірші образын қазақтың ғана емес, күллі түркі дүниесінің ту етіп көтерер биік идеясына айналдыруға талпыныс жасаған қадамы деп бағалауға болады.

Әрине, стереотипті бұзу үшін де негіз керек.

Шыңғыс ханның өміріне қатысты түпнұсқа саналатын үш қолжазба бар: «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшы» және Рәшид әд-Диннің «Жылнамалар жинағы». Сол сияқты, Шыңғыс ханнан кейінгі даңқы аспандаған ұлы билеуші Құбылай ханның қолында он екі жыл қызмет етіп, батыста моңғол-татар деп танылған көшпенділердің өмір-тұрмысын жете зерттеген, өзі куә болған талай ақиқатты бүге-шүгесіне дейін қағазға түсіріп, түркі дүниесі тарихын зерттеушілерге баға жетпес сый қалдырған жиһангез Марко Полоның «Әлемнің әралуандығы туралы кітабында» да біраз деректер келтірілген. Осы кітапта «Шыңғыстың [Шыңғыс-хан] алғашқы татар ханы болғандығы туралы» деген шағын тарау бар. Сондағы азғантай мәлімет осыған дейін санамызға сіңіп кеткен «зұлым Шыңғыс» туралы стереотиптің күл-талқанын шығарады:

«1187 жылы татарлар өздеріне патша сайлап алды да, оны татарша «Шыңғыс хан» атандырған еді, Шыңғыс хан батыл, ақылды да айбынды адам болатын; оны патша етіп сайлағаннан кейін, бөтен елдерде шашырап жүрген бүкіл татарлар маңына жиылып, өзінің тақсыры етіп таныған. Сол Шыңғыс хан елді жақсы басқарған еді. Тағы да не айтсам екен сіздерге? Татарлардың көптігі сонша, көрген адам таң қалар еді. Өзінің қарамағындағылардың қарасынан жер қайысатынын көрген Шыңғыс хан олардың қолына садақ пен басқа да өздерінің қаруын ұстатып, жат елдерді жаулауға аттандырған. Олар сегіз облысты бағындырған; бірақ халқына еш зиян келтірмеген, олардан ештеңе тартып алмаған, тек басқаларды бағындыру үшін өздерімен ертіп әкеткен. Сөйтіп, өздеріңіз естігендей, олар көптеген халықтарды жаулап алған. Халықтың басқарылуы жақсы, патшаның қайырымды екенін көрген басқалар оның қатарына ынталана қосылатын. Шыңғыс хан бүкіл жер жүзіне шашырап, бытырап жүргендердің басын қосып, әлемді бағындыруды көздеді».

Марко Полоның шым-шытырық саяхат қызығына толы бұл кітабы кейін Шыңғыс хан династиясының тарихына деген батыс елдерінің қызығушылығын күрт арттырғанын білеміз. Көркем әдебиетте де, ғылым мен кескіндеме өнерінде де бұл тақырып өте өзекті болды.

Марко Поло кітабы туралы аузының суы құри жазған энциклопедист Пэрчесті оқып жатып, көзі ілініп кеткен ағылшын ақыны Сэмюэл Тейлор Колридждің түсіне кейін өзі жазатын «Құбылай хан» поэмасының лирикалық үзіндісі енеді. Бұл 1797 жылдың жаз айларының бірі еді. Құбылай хан бұл сарайдың жобасын түсінде аян арқылы көріп, салғызған деген нақты дерегі бар Рәшид-әд-Диннің «Жылнамалары» ол кезде батыста белгілі емес, бұл еңбек ол жақта Колридж поэмасынан көп кейін аударылып басылған болатын. Қасиетті кітаптардан бастап, бүкіл миф пен аңызда кездесетін, әмбе, көркем әдебиеттегі түс, аян туралы фрагменттерді жинақтап, «Түс көру кітабын» құрастырған атақты Хорхе Луис Борхес те осы оқиғадан шабыттанып, «Колридж түсі» деген шығармасын жазған.

Әңгімеміздің кенеттен Борхестің «Түс көру кітабына» ойысуы тегін емес: бұқпантайламай, ешқайда жалтақтамай тәуелсіз әдебиеттің еркін бағытын бірден сезініп, тың сүрлеуге түсе білген Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятына да тікелей қатысы бар. Рахаң шығармасы – Борхестің «Түс көру кітабындағы» шығармалар тізімін толықтыруға әбден лайық, бұл хикаят бұрын-соңды қазақ прозасында кездеспеген жаңалық – бастан-аяқ түс көру тәсіліне құрылған:

«...Айналасына қараң-құраң қаптап кеткендер кімдер? Тобанаяқтанып тыпыр-тыпыр басады. Үні көмейіне тығылып күбірлейді. Түрлері неткен қорқынышты. Көздері жаңа сойған еттей қып-қызыл. Не іздеп жүр бұлар? Күзетші қайда қараған? Жанторсықтай қалмайтын ақсүйектерін не қара басты? Әншейінде ұшқан шыбынды ұстап алар еді. Қаһанның алшая қонған ақ ордасының қаусырма есігі қараусыз қалған ба?

- Ұстаңдар тез! Әкеліңдер алдыма! – дегісі келген. Елең еткен жан, естір құлақ болмады.

Осыдан оянып кетейін!»(153-б).

«...Ендігі сөзді естімеймін. Аулақ менен, аулақ! Әлгі сексеуілдің шоғына балқып тұрған қорғасын қайда?! Құйсын мына заржақ шалдың көмейіне! Сайдың сауысқанындай сұңқылдап, жаманат шақырудың не екенін білсін, бәлем!

Осыдан оянып кетейін»(162-б).

«...Ақ көбігін аспанға атқан мына тасқын мені қайда алып барады?

Осыдан оянып кетейін»(173-б), т.б.

Бұған дейінгі түркі әлемі әдебиетінде кездесетін «зұлым Шыңғыс» стереотипін бұзу үшін жазушы осы тәсілге саналы түрде таңдау жасаған сияқты. Себебі, егер қаһарлы қаһанды сыртқы сюжет арқылы бірден ізгілік жаршысына айналдырған болса, мұндай шешім оқырманды толық иландыра алмас еді.

Хикаяттағы оқиғалар Шыңғыс хан туралы тарихта қалған азғантай мәліметтер мен аңыздарға құрылған. Автор айтылып жүрген ақиқаттан алыстамайды.Тіпті қаған өліміне қатысты үш түрлі нұсқаның үшеуін де қисынын келістіріп, орын-орнына оймақтай ойып орналастырады. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, бір жерлерде Шыңғыс өлімі әйелден келген. Төл әдебиетімізде Ә.Кекілбаевтың «Ханша дария хикаясын» мысалға алуға болады. «Шыңғыс ханның көз жасында» автор ықылымнан жеткен көмескі деректі көркемдік қиялмен дамытып, бас-аяғы келіскен, жұп-жұмыр оқиға етіп кестелей келе:

«Сұлудың зымиян сұмдығын қараңыз. Екі санның арасындағы ашамайына алмас жасырыпты. Дұшпандық ойлапты»(202-б), - деп береді.

Сол сияқты, қоң етінен оқ тиіп, ақыры сол жарасы асқынып қаза болған деген Марко Поло жазбаларындағы пайымды да ұлы ханның жорық кезін суреттеуінде кіргізген екен:

«Қырғынның қызығына түсіп жүргенде өзі абайсыз жарақат алған. Қоң етін жаралапты. Елең етпеді. Бөрі басты туын желбіретіп, жеңіс күйін тарттырып елге беттеген...»(211-б).

Дегенмен, автор өз шығармасында итальяндық саяхатшы Джованни Плано Карпини (ХІІІ ғ.) жазбасындағы «ұлы қағанның басына аспаннан жай түскен» деген нұсқаны басты негізге алады. Ұлы ханның Көк Тәңіріден басқаға бас имегенін, Көк Тәңірі – күллі түркі әлемі наным-сенімі бастауы екенін меңзегісі келгені болар, жазушы үнемі «аспан, көк, биіктік» линиясын ұстана отырып, ұлы әмірші өлімін де символды түрде тылсым көктен келтіреді, мұнымен қатар, даналық, ізгілік тәрізді биік мұраттарды үнемі жоғары ұстанып отырады.

Оқиға сыртқы сюжетпен басталып, бас кейіпкер мистикалық жағдайда найзағай түсіп құлаған жерден кейін кілт тұйықталады да, бұдан кейінгісі өң мен түс арасында жатқан Шыңғыс қаһанның ес түкпірінде тізбектелген оқиғаларға құрылып, қашан шешіміне жеткенше, ішкі сюжет – кейіпкердің ішкі ой-толғанысы арқылы дамиды.

«Адам өлер алдында бүкіл өткен өмірін көз алдынан өткереді» дейді.

Дәл осы болжам әдебиеттегі түс көру тәсілі ретінде хикаятта ұтымды пайдаланылған: автор найзағай түсіп, өлім аузында сандырақтап жатқан Шыңғыс ханның көз алдынан өмір мезеттерін түгел тізбектей өткізеді. Онымен қоймай, кейіпкерін қарапайым эмоционалды адам қалпына түсіріп, барлық іс-әрекетін өзіндік ой таразысына салуына, табиғи тепе-теңдік, өмірдің ағы мен қарасы, ақыр-аяғы, өзінің ұлы миссиясы туралы толғануына мүмкіндік береді.

Жалпы, түс көру тәсілі – әдеби тәсіл ретінде өте кең тараған. Оның метафорикасы – көбінесе, шығарманың идеялық мазмұнын һәм автордың позициясын түсіндіру кілті болып табылады.

Әдебиеттегі композициялық элемент саналатын бұл тәсіл туралы жазған Х.Борхес, Ле Гофф, Ю.Лотман, Ю.Манн, М.Бахтин, Н.Томашевский, В. Ванслов, П.Флоренский, Р. Назировтар түс түрлері мен типологиясын жүйелеп, олардың орыс әдебиеті мен шетел классикалық әдебиетінің жекелеген кезеңдеріндегі (романтизм, реализм, модернизм, постмодернизм) қолданысы мен мағынасын жіліктеп талдап береді.

М.Бахтин «Достоевский поэтикасының мәселелері» кітабында түс көрудің көркем тәсіл ретінде өз бастауын «менипп сатирасы» жанрынан алатынын атап өтеді. «Менипп сатирасы» формасы арқылы күлкі тудырғанымен, мазмұнының негізінде аса салмақты нәрселер жатады. Бұл жанр Р.Отарбаев әңгімелерінде кездеседі. Күлдіре отырып ойландыру – жазушының авторлық позициясы.

Хикаятта Бөрте бәйбіше қолға түскен таңғұт ханының сұлу әйелінің өне бойын тінтиді. «Екі санның арасындағы ашамайына» жасырған алмасты тауып, «жүзіқараның шашын талдап жұлыпты» дейді. Осы фрагментте мынадай сурет бар:

«Жаны көз ұшында үріккен таңғұт ханының қатыны арпалысыпты. Тұншығып өлем деп дарияға жүгіріпті. Асылам деп арқанға жармасыпты».

Бұл – Рахаң қаламына тән сатира элементінің айқын бір көрінісі.

Г.Назиров: «түс көру – көркем тәсіл ғана емес, сонымен қатар, сарын, символ һәм метафора да» дейді. Көркем шығармадағы түс көру тәсілі «эзоп тілі», аллегория сияқты астар, тұспалмен қатар жүреді.

«Шыңғыс ханның көз жасы» – тұнып тұрған аллегория. Кең дала төсінде өріп жүрген аң-құстарын бауырында аялаған табиғат пен адам арасы ашыла қоймаған, ана мен баладай жақын:

«Ұлы жорық жолында осы жүгірген аң, ұшқан құсты талай азық еткен. Қалың түмен аш өзегін жалғаған. Кезіккенін қынадай қыруға рұқсат жоқ. Шыңғыс ханның пәрмені сондай. Жылт еткен көктемнен қара күзге дейін қару көтертпейді. Аң төлін, құс балапанын өргізер шақ. Тұқымы үзілмесін, алаңсыз аяқтансын, түбітін түсірсін деген тілек. Ал қарашаның қатқағынан өгіздің өзін өкірткен ақпанның аяғына дейін қалай ауласаң да еркің. Қолын қақпайды».

Марко Поло кітабында Құбылай ханның аң аулау салтанаты суреттелетін «Ұлы ханның жабайы құстарды өзіне сыйға тарту тәртібін белгілегені туралы» деген тарау бар. Онда:

«Ұлы Катай қаласында тұратын маусымдарда, яғни, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында өз төңірегінен алпыс күншілік жер аумағында аңшылық құруды бұйырады», - делінеді. Бұл – хикаяттағы Шыңғыс ханның аң аулау салтанатының ойдан шығарылмағанын айғақтайтын нақты прототип.

Шыңғыс ханның қосынымен аңға шығуын суреттеген кезде жазушы астар мен тұспалға қатты мән береді, абзацтардың қай-қайсысы да қатпар-қатпар мағынаға ие. Аң-құстардың тіршілікке құштарлығы, табиғаттың айқын бояулары, тылсым мистика араласып, ғажайып полотно құрайды.

Аппақ бұлт, қап-қара бүркіт, жоны өрттей құбылған қызыл түлкі – бір-бірімен бітіспес текетіреске түскен қарама-қайшы бояулардан айқын көрінетін антитеза «жұмбағымды шеш» деп тұрғандай.

Ол сөзсіз аң аулау фрагментіндегі аллегорияларға нұсқайды. Борхестің лабиринт, айнадағы кескін тәсілі осы тұста айқын көрініс берген.

Бүкіл елдің төбесінен жуан өрім дойыр қамшысын желдиірмендей айналдырып тұрған қаһары қатты Шыңғыс қаһан, қамшы астында бұғып, дірдең қаққан басқалар:

«Қорамсақтағы оқ тұс-тұстан қарашаның қарындай борар. Қан-қасап басталар. Жайшылықта бір-бірін алқымдап жататын аң атаулы мына жойқын қырғында бір-бірін пана тұтар. Ұшпа жүрек қоянның секек қағып қу түлкінің бауырынан шықпай қойғанын да көрген...»(147-б).

Қып-қызыл жоны құбылып, бұлтақтап қызыл түлкі қашып бара жатса, бұл сірә, сыныптай сырғып ұстатпайтын уақыт, бес күндік жалған дүние, қалай өзгерері белгісіз алдамшы қу заманның өзі болар:

«...Қалың шеңгелдің ішінде іні бар.Енді әуре болмаңдар, құйрығын да көрсетпейді дегісі келген. Әне, айтпады ма, тазылардың тілі салақтап, жыныс арасынан бос шығып келеді. Шеңгел жырып, жүнін түтіп жіберіпті»(145-б).

«...Түлкі айласын асырып баққан. Бұл тұлпардың тізгінін тартып, қосынға қол сілтеген. Тау бөктерінен түлкіні қуалап шығыңдар дегені. Әне, қыран атқан тастай боп көктен тағы құлдилады. Иә, сәт! Тау-тасты кезген қосын қабағы түсіп қабарып оралған. Қыранды бірі ер алдына өңгеріп алыпты. Бір қанаты салбырап, аттың бауырын сызады. Топшысы сынған. Қайран, қандыкөз...»(149-150-бб).

Хикаяттағы аллегория – бүкіл шығарманың микромазмұны, шығарма ішіндегі шығарма.

Жалпы, бұл хикаят – жаһандану заманында ұлт тұтастығын сақтап қалу маңыздылығын меңзейтін шығарма. Ал Рахаң қаламы тудырған Шыңғыс хан тұлғасының метаморфозасы жаңа кезеңнің асқақ рухына айнала ала ма, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар