Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мархабат Байғұт: «Күлесің... Кейде күрсінесің...»

25.05.2015 365

Мархабат Байғұт: «Күлесің... Кейде күрсінесің...»

      


             maxresdefault.jpg



Жиенқұм мен Жаушықұмның арасы


Жолда келе жатсақ, бес-алты мәшине тізіліп тұрыпты. Айдалада. Айналада адам көп. Әлдеқандай жағдай боп қалды ма дегендей күдік­пен тоқтағанбыз. "Тыныштық па?" дейміз. "Тыныштық". "Жол болсын". "Әлей болсын, Жиенқұм жақтан келеміз. Жаушықұм жаққа барамыз. Бесік тойға".

Бүгінде бесік тойдың өзі бәзбір кездердегі үлкен тойларыңыздан кем өтпейтінге айналған. Жиенқұм мен Жаушықұмның арасы төрт-бес сағаттық жер-ау. Сонда да бесік апаратындар бір қауым ел болып, темір көлікті тізілтіп бара жатыпты. Жастары бар, жасамыстары бар. Еркектері мен әйелдері бар. Қуанышты жұртыңыз. Біз де қуанып, атқа қайта қондық.

 


Ауызашар ауылы


Жақаң дейтін танысымызға да жолда жолықтық. Ауылдан келе жатыр.

Осы оразаңызда Жақаң ерте­рек­те қайтыс боп кеткен әке-ше­ше­­сінің аруақтарына арнап ауыза­шар беруге ниеттенген екен. Өзі қалада тұрады ғой, ауызашарды алыстағы, отыз үйлі ауылында, кіндік қаны тамған жерде бермекке бекінген де. Сол мақсатын мағлұм­дамаққа барса, отыз үй отыз күнге алдын-ала кезекке тұрып, тізімге тіркеліп қойыпты. Ағайындары: "Оразаның отыз күні түп-түгел "зәніт", кешіктің" депті. Жақаң: "Мұның өзі тұр­мыстың түзелгенін көрсете ме, әлде дінімізге бетбұрысты байқата ма?" деп ойланып қапты.



Шөп жиған диван



Абай ауылында тұратын Ал­дияр­бек отағасы - қатардағы қара­пайым қазақ. Қалқоз тұсында аға шопан, біраз уақыт бригадир болған. Бірақ дүние жинамапты. Жекешелендіру кезеңінде де - өң­мең-өжең қылыққа құлшынбай, сұлу торы аттай сымпиып шы­ғыпты.

Жолымыз түсіп, сәлем бермек­ке қайырыл­ған ек. Әжептеуір шөп жиып қойыпты. Бір-екі сиыры, жеті-сегіз қой-ешкісі бар көрінеді. Қыл құйрықтан жұрдай, қымыз да жоқ бұрынғыдай. Кенже ұлы үйленген екен. Отағасының уайы­мы қуанышымен итжығыс  күйде. Өлтірінің өзіне жұқарып қапты. Қалтасы. Енді "сүт ақысы" деліне­тін салтқа кемінде жүз мың теңге, құда шақырмаққа қыруар қаржы-қаражат керек-дүр. Баяғыда өзі үйленгенде "бешір" делінетін той және бар. "Тұрмыс-тіршілік қиын­дап кетті ғой", деп желкесін қаси­ды Алдиярбек. Кенет әлгі пішен маясының астындағы ақжемдене ескірген екі-үш диванға көзіміз түсті. Қарап тұрған үш-төрт кісі түгел күліп қоя берген. "Шөптің өзін диванға жинапсыз. Тұрмыс­тарыңыз түк те жаман емес екен ғой", десіп жатырмыз.

Алдиярбектің өзі де кеңкілдеп күлді-ай бір. "Аманшылық болсыншы", деп қояды Жамантаев (Әлекеңнің "пәмилесі" солай).

 


Райгүл


Жиен қарындасымыз Райгүл Жуалы ауданының орталығында тұ­рады. Осы Райгүлді ойласақ, қазақ­тың көркем әңгімесі жанрының кенеркөгін кеңейткен ғажайып қаламгер Сайын Мұратбековтің "Менің қарындасым", "Райгүл" сияқты біресе жаныңды шуаққа бөлейтін, біресе жүрегіңді сыздата сағынышқа орайтын шығармалары еске түседі. Қайран қарындасы­мызды қайбір жылдары қаладағы мәдениет институтының кітапхана факуль­те­тіне түсіре алмай, амалы­мыз құрыған. Бір­деңесіз қабылдауы қиын-тұғын. Сөйтіп, Райгүл түрлі-түрлі жұмыстарға жегіліп кете барған. Мойымады. Мұқалмады. Әдемі бойжеткенге Мұхаметжан дейтін жібек мінезді жігіт ғашық болды. Екеуі қосылып, жұрт қызы­ғып жүр­генде, Мұхаметжан ауыр науқасқа шалдығып, біраз шаршады Райгүл...

Тараз жаққа өтіп бара жатып, Жуалыға аял­дағанбыз. Райгүл әлдебір қайырымды кісінің жеке­мен­шік, үлке-е-ен дүкеніне сатушы боп орналасыпты. Орташалау айлығы бар көрінеді. "Бұрынғы ауыр жұмыстарға қарағанда, иман­та­разы, таза, жайлы жер ғой", деп жымияды. Көп ұзамай немерелі болмақ. Кенет алдындағы қап-қа­лың кітапқа көзіміз түсіп, жана­рымыз жасаурады. Ілияс Есенбер­линнің "Көшпен­ділерін" қайталап оқып жүр екен. Үстелінің ортаңғы сөресінде Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы", Сәбит Мұқанов...

 


Сайын Мұратбеков...


Азық-түліктің, арақ-шараптың, киім-кешектің, тағысын-тағылар­дың нешеме түрлерін сататын дә-ә-әу дүкенде жұмыс істей жүріп, кітапты құмарта, қайталай оқитыны көрініп тұр. Шіркін-ай, жетпісінші жылдардың соңында сол бір оқуға түсіп-ақ кеткенде бар ма, керемет кітапханашы болар еді-ау Райгүл.

Жетпісінші жылқы

Сексеннен асқан Рысқұл ақса­қал: "Сексен тәуірлеу еді, сексен бір қиын екен", дейді қуақылана жымиып. Әлі күнге дейін аздап-аздап шөп шабатынын, шарбақ бүтіндейтінін, жылқыларын жыл­жытып, сиырларын өрістен айдап әкелетінін, тақта-тақта телімдерін суаратынын әңгімеледі.

Шыңбұлақта тұрады. Ауылда жұмыс жоқ дегендерге таңғалар. Жұмыс көп. "Ақша аяқ астында ыбырсып жатыр". Жер бар, су бар, күрек бар, тырбансаң трактор да табылар, шөптің басын сындыр­ғысы келмегендерге, әрине, жұмыс жоқ", деді тағы да. "Ауыл­дағылар бір-біріне шақырмаса, кірмейтінге кетті. Мал ұрлығы көп. Жақында Шыңбұлақ бойынша жетпісінші жылқы жымқырылған. Сөйтсе-е-е-ек, шығарып беретін адам ауылы­мыздың өзінен екен", деп сәл-пәл кідірді. "Келіндер қиындап барады. Ауылда үш-төрт шалдың кемпірлері өздерінен бұрын өлген. Солар кейде кемсеңдеп тұрып жылайды. Келіндері қарамайды. Шалдар бір­деңе десе, бәлеге қалады. Ашаршы­лықтың түсініксіздеу бір түрін бастан кешкендей, кілдіреп, ілмиіп, итіңдеп жүріп жатыр. Мына мен де Құдайдан сұраймын, кемпірімнен бір күн болса да бұрын алса екен деп..."

Рысқұл қария Шыңбұлақтың шетінде мәшинеден түсіп, қол бұлғап қала берді.

 


Тірлікке тырбану


Мырзахан деген кісіні осыдан біраз бұрын, жексенбі күні таңер­тең, асфальт жолдың жие­гінде жығылып жатқан жерінен көрдік. Кә­дуілгі Алматы - Ташкент жолының бойы ғой. Өзі­нің бірер ай бордақылап, базарға қарай жет­ек­теген қошқары сүзіп құлатыпты. Ба­тырбек дейтін көршісі жүгіре жетіп, сүйеп тұрғызды.

Мырзекең өмір бойы кеңседен шықпаған, шөптің басын сындыр­маған адам дә. Зайыбы еркелетіп ұст­а­ған секілді. Енді-енді ғана мына заманның әсерімен тірлікке тырбанып жүргені ғой. Сонымен, кейінірек сұрастырсақ, семіз қош­қары жамбасынан періп кеп жібе­ріп, жалпасынан ба, шалқасынан ба түсірген Мырзекең екі аптадай емделіпті. Қошқарды қоңсылары жиырма бір мың теңгеге сатып алыпты. Үшінші аптада тозығы жеткен мажар арбасына жалғыз биесін жеккен отағасы сабанға бар­сын. Ыстық күнде терлеп-тепшіп, арбаға сабан сала бастасын. Табан астынан құйын көтеріліп, арбаның артқы жағына тұтылған тықыр алашаны жел желпілдете жөнелсін. Белең алған биесі ескі арбаны еңіске қарай ала қашсын... Абырой болғанда, ағаңыз аман-есен. Алай­да, арбасы бос қайтыпты деседі.

"Жасым жетпіске жаңа жетті, сексендегілер секіріп жүр ғой. Тір­лікке енді-енді икемделіп келеміз дә", дейтін көрінеді қошқар сүзген, ақбақай биесі арбасын алып қашқан ағатайыңыз.

 


Анармен айналысу


"Анармен айналысқаныма ал­тыншы жыл", деп мақтанды Ма­шат­бай. Көрмекке бекіндік. Көк­тем еді. Оншақты түп анарды жөргекке құндақтаған баладай жүгеріпаямен орап, әдемілеп байлап қойыпты. Тікірейтіп тұрып. Қызық. Күн жылымай, ашпайды екен.

Міне, шілде өте және қайырыл­дық. Тау баурайындағы, ауа райы сап-салқын ауылда жұдырықтай-жұдырықтай жемістері албырай салбыраған анар жақұттай жайнай­ды. Оншақты түп. Әдетте анар дегеніңіздің осылайша өсіп, қып-қызыл жемісі жыпырлай жымың­дап тұратынын Ташкент төңіре­гінен, Жетісай жақтан көретін ек. Машатбайдың мақтанатындай жөні бар.

 


Бір бөлмеде - бір ауыл


Тастанбек ақсақалға Тасты жақ­қа кетіп бара жатқанда жолықтық.

Ауылдан қалаға ауып жатқан қазақ аз емес. Дұрыс та шығар. Тастанбек қарияның әулеті һәм бұдан бірер жыл бұрын құм ішінен облыс орталығына көшіпті. Жиған-тергендері, жабылып үлес қосқан­дары бес қабатты бетон үйдің бесінші қабатындағы бір бөлмелі пәтерге ғана жетіпті. Екі ұлы келіндерімен, немерелері, кемпірі - "бір ауыл" бір бөлмеде тұрып жатыр. Жуынатын жері әжетхана­сымен бірге екен. Кеңес кезеңін­дегідей кезекке тұрыса­тындары қиын-ақ. Ұлдары жалдамалы  жұмыс­та, келіндері ұсақ-түйек сауда жасайды. Жер телімін алса, екі ұлы, екі келіні, немерелері және өзі жабылып, қарапайым әдіспен-ақ үп-үлкен үй тұрғызып қояр еді. Алайда, ша­һарыңызда жер телімі кезегінде телміргендер елу мыңнан асады. Әзірше бір бөлмедегі "бір ауылдың" адамдары көздері тозаң­данып, таңданып, терезеден бай-бағландардың ертегідей елді мекеніне қарайды. Әрқайсысы бір емес, бірталай телімді  қармап қалғандар, әлденеше коттедждер салып тастағандар, бірімен бірі  құнығу бәсекесіне түскендер бетон үйдің бесінші қабатынан айнадағы­д­ай анық аңғарылады...

 


Қозыбай және қалқоздың он мың қойы


Қозыбай мырза Қызылордада, кәтта қызметте. Жолда жолыққан­быз. Оған да. Жақында шешесі жүз бірге кеп қайтыс бопты. Әңгімеден әңгіме шығады.

"Анам жарықтық ақылман еді, - деді Қозыбай мырза. - Бұдан бес-алты жыл бұрын джип мәши­несін мінгем. Тәуір жігіттердің бәрі алып үлгерген. Шешеме көрсетуге, ауылға бардым. Онша қуанған жоқ. Сыртқа шықты. Джиптің төрт  доң­ғалағын теуіп-теуіп өтіп: "Қан­ша тұрады?" деді. "Жетпіс төрт мың доллар", дедім мақтаның­қырап. Шешем ойланып тұрды-тұрды да, үйге кірді. Дастарқан басында: "Шырағым, мына мәши­неңнің бағасы он мың қой екен. Сенің әкең баяғыда қалқоздың қойын он мыңға жеткізіп, халықтан алғыс алып еді. Бірақ мәшине мінбей-ақ өтіп еді. Қанағат қылған да жөн", деді. Кейбір шешелерше шершіме­ді. Жақтырмағандай боп, жаңағы­дай ақылын айтты. Сонда анам тоқсанның бесеуінде екен-ау..."

Қозекең осылай деді. Күрсініп қойды. Қанағат туралы қатты ойлана­тыны байқалып-ақ тұрды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар