Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бағашар Тұрсынбайұлы. Мәңгі ғашық...

13.12.2018 5352

Бағашар Тұрсынбайұлы. Мәңгі ғашық

Бағашар Тұрсынбайұлы. Мәңгі ғашық - adebiportal.kz

«...Өмірімді білгісі келген ұрпақ, Өлеңімнің жолынан оқып алар...»

Қ. Бұғыбаева

Ханифа... Қанипа! Әбдірахманова... Бұғыбаева!

Мұңы мың қатпар, қуанышы «то­бықтан аққан сызашықтай», сағы­ны­шы бір ұрпақтың қазынасына пара-пар, махаббаты бір сәтке пәсейіп, салқын­дамайтын мәңгі ғашық жүректің сәби көңілін айту үшін, ғазиз жанын түсіну үшін дәл сондай мұң, сағыныш, махаббат, көңіл керектігін естен шығара бере­міз. Жеті жасында оң аяғы жазым болып, соның қайғысы жас жүректі қаусата соққанда Әбу ағасы сейіл болыпты.

Жас көңіл байызын, панасын тауыпты. Кейінірек есейген уақытында өзі мәңгі қарыздар адамдардың қатарына Әбу, Ләзиза деген аяулы есімдерді еш­қа­шан ұмытылмастай етіп жазды. Бір емес, екі мәрте тар құрсағын кеңі­тіп, дүние есігін қызғалдақ болып ашқан екі перзентінің есімін Ләзиза деп қойған (Бір қызы бес айлығында көз тиіп қайтыс болған. Кейін өмірге келген кенже қызының атын тағы Ләзиза қойыпты). Ал Әбу ағасына алғаш ауылына келген сәтінде жазған арнауынан бастап, кейін шын түсінген, риясыз, алғыс көңілімен ондаған өлең бағыштады. Өмірінде өлеңнен қымбат ештеңесі болмаған, өлеңнен артық бір нәрсе бар деп ойламаған Қанипаның ең үлкен сыйы, рахметі, әрине, нәзік жүрегінен шыққан жырлары еді.

Қазақ әдебиетінің тарихында бір-екі адамға жақсылық жасаған, бір-екі жас талап­тың бағын ашқан тұлғаларды көп кездестіруге болатын-ақ шығар. Бі­рақ бірнеше буынның тұсауын кес­кен, әрі үнемі талантты жастарға батасын беріп, сонысы әдебиетіміздің бір ке­зеңінде жақсы дәстүрге айналған Әбу Сәр­сенбаев пен Әбділда Тәжібаевтың қария­лық қасиеттері солардан кейін қай­таланбаған құбылыс болып қалған­дай...

Жүрегі нәзік, танымы мен түйсігі терең ақынның қаламгерлерде аса си­рек кездесетін кішіпейіл болмысы, тө­мен­шік назары көп адамның менсін­беушілігіне жол бергенімен, оның жыр­­ла­­ры қазақ өлеңсөзінің байтағында за­­ман­­дастарының палитрасына ұқсай бер­мейтін төтенше ажарға ие болыпты. Қани­паны өлеңнің төріне баба салтын ұс­танып, қыз деп шығарған жоқпыз. Оған шырайлы, екпетті өлеңдері өзі лайық болды. Біз құрметтеуге мәж­бүр болыппыз. Әбу Сәрсенбаев жас ақын­ның өзіне арнаған өлеңіне елжірей қал­ған жоқ. «Қалаға кел, аяғыңды емдетем» деп, кітабын жас талапқа ұсынып тұ­рып, қолтаңбасымен қоса мекенжа­йын қалдырғанда ішкі түйсігі тағы бір жақсы ақынның келе жатқанын сез­дір­ген шығар. Ауруханада жазған «Сағы­ныш» деген өлеңін Қанипа былай аяқтар еді:

Көгімнен шуақ төгіп тұршы, күнім,

Сезімнің ашылмаған бүршігімін.

Қолдағы мына таяқ мен сүйенген –

Туған жер, өзіңде өскен бір шыбы­ғың...

Ең алдымен шат көңілін мұң еткен балдағының өзіне осыншалық ақындық көңілмен қарай алғанына таңғаласың. Қанипаның осы ақжарқын, таза болмысы есіңе түсіп, оны поэзияға жетектеп келген, Құдаштың, Әбу мен Тұман­байдың назарын еліткен ең алдымен ту­ған жерінің шыбығы, сосын ақынның махаббаты, сағынышы екеніне күмәнің болсайшы...

Төлқұжатында аты-жөні – Ха­ни­фа Әбдірахманова екен. Әбу ақ­са­қал: «Қазақта Әбдірахманова Тұр­сынхан деген ақын бар. Сен екінші Әб­дірахманова болма» деген сөзінен соң арғы атасы Бұғыбайдың атына жазы­лыпты. Сүйген адамын қалтқысыз жақ­сы көретін, сенген кісісіне өлердей бері­летін, сыйлағанның құлы бола­тын мінезі, жүрек түпкіріндегі жанға аяу­лы сезімдерін ақ қағазға құрбысына ақта­рылғандай жайып салатын Қанипаның бұл әрекеті оны жақсы білетін жандар үшін таңсық емес еді. Ханифа деген есімі әлдебір көршісінің қызына ұқсас­тырып қойылған деседі. «Тура жол» деген мағынаға ие осы бір қастерлі есімі де қазақы тілдің икеміне көніп, Қани­па болыпты. «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Жарқын бейне» бағ­дар­ламасының Қанипа Бұғыбаеваға арналған санында ақынның алпыс жылдығында толқып, елдің алдында көзіне жас алған бейнесін көргенде, дау­сын естігенде ақкөңіл, кісі баласынан қиянат көрмесе, өзгеге ондай зәбірі тимеген, баладай аңғал ақын дүниеден өткеніне имандай сенесің. Тура жолда тура жүрген ана, ақын өтіпті. Оның өлеңімен, өмірімен толық таныспауға енді хақың да жоқ еді...

* * *

Бүгін әлдебір жан Қанипамен таныс­тығын айтып мақтанар. Енді бірі онымен сырлас, мұңдас болғанын жанына медеу етер. Бәрі жарасымды көрінеді. Өйт­кені дүниеден озған кез келген пендемен олай мақтана алмайсың.

Әрбір ақынның өлеңіндегі жан тол­қынысына назар салсаң, өлмейтін жыр, өзі өлсе де өлеңі қалса деген арман-арыз жатады. Тіпті ешкім ақын деп көзге ілмейтін ұйқас қуалаушылар мен өлең жасаушылар да осылай армандайды екен. Арманға шек жоқ. Тағдырға дауа жоқ. Соңғы үкім – әділет. Құдай аузына сөз салған таланттылардың тілегі халық жүре­гіне жетіпті.

Көтермейді көңілімді көне жыр,

Шертші, бауырым, уақыт күйін, әне, бір.

Ырғағыңмен жан дүниемді сілкілеп,

Оятып ал көп ұйықтатпай мені, өмір.

Шың басынан жанатындай бір шырақ,

Алтын құстың қанатындай күн шуақ.

Оят мені бейғам, қалың ұйқыдан

Жыр жолдары, маза бермей шымшылап...

Әдетте шығармашылық иесі дүние­ден озғанда екінші ғұмыры басталды деген жаттанды сөзді көп айтып жатамыз. Қанипа Бұғыбаева ақырғы сапарға аттанғанда осы бір сөз айтылды ма, жоқ па білмеймін. Бейқам, қалың ұйқыға кеткен Қанипаны – (өлеңдерін!) енді өмір болып оятып алғымыз келеді. Бақиға кеткендер үшін – өмір жас. Әрбір ұрпақ – өмір! «Оят мені» деп ақын тек жыр жолдарына, ақындарша айтқанда, шабытқа ғана айтып тұр деп ойламаңыз. Өзім өлсем де, өлеңім тірі болсын, ояу болсын деген ішкі тілек-наздың, арман-арыздың бәрі осы өлеңде тұр. Өмір деген – біз... Ояту деген – оқу...

Лирикалық монолог – ақын атаулы­ның ең таңдаулы тәсілі. Жан біткенді елжіретер сыры, өзек өртер мұңы, шадыман көңілі, кейісі мен реніші жырының тұла бойын толқытып, жүрегіңе жетеді. Әлденеден запы болып, жаратылыстың тағы бір құбылысынан жанына медеу тауып, неше алуан күйге түседі. Соның бәрі Қанипа қаламынан өлең болып зерленеді. Бұл жағынан алғанда Бұғыбаеваның ақындық қабілетінде бүгінгі ақындарда көп кездеспейтін, табиғатқа етене жақындық һәм халық ақындарына тән табан асты өлең айту қасиеті бардай сезіледі. Сондықтан да оның жырларынан құйылып түскен бүтіндікпен қатар, буыны мен бунағынан адасқан, кейде ұйқастарының өзінен айтыскерлердің өлеңдерінде кездесетін жайдақтық сезіліп қалады. Бұл мін емес, міннен гөрі табиғилығын ескергенде артықшылық болып шығуы да ғажап емес. Жасанды сөз, жасанды өлең, мінез оның қаламына жат.

Өз мұңымды өзгеге сездірмедім,

Оңып бара жатқандай тез гүлдерім.

Табиғаттың еске сап әр маусымын,

Кел, келе бер мінезді мезгілдерім.

* * *

Мәңгі ғашық! Өмірге! Өлеңге! Көңілге! Сезімге! Әрқайсысын тарқа­тып айтсаң түн жетпейді. Әсіресе Қани­паның күйін айтсаң, Жамбыл ата­сы сияқты неше күн жырлар едің. Тағ­дыр Қанипадан ештеңе аяған жоқ. Шат­тықты да, шаршауды да, қуанышы мен сәулелі мұңды да молынан беріпті. Тұр­мысы туралы ештеңе айта алмас­пыз. Бірақ өзі жақсы көрген Қасым Аман­жолов сияқты «ұқсата алмай» жүр­гендей сезіледі. Дәл Қанипадай ақындардың басында болар хәл екені түсінікті.

Теңіздегі жалғыз қайық секілді көкшіл шәйі – бұйра толқыннан жас­қанған көңіл. Бұл күйде ақын сол қа­йық­ты көрді, я көрмеді. Бірақ көңіл-күйіне, ішкі арпалысы мен сеніміне, үмі­ті пен күдігіне тура келетін сезімі жалғыз қайықтың жанталасын есіңе салады. Теңіздегі қорғансыз қайыққа айналған ақынның рухани дидары – өлеңге қапысыз таңбаланған «асыл проекциясы».

* * *

Жан сырымды мазақ болдым желге айтып,

Жел желігіп кең далаға берді айтып.

Ғашық болу құпиясы жүректің

Құпиямды жұртқа жайғам мен қайтып?

* * *

Өзге тілек баурап алды, өзге арман,

Сүю дерт қой, дертің кімге сөз болған.

Жатыр бәрі жүрегімнің түбінде

Жүрек түбін қорқамын мен қозғаудан!..

Мағжан: «ақында дос болмайды адам­заттан, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деп жырлапты. Тіп­ті ақында дос болса да, сырын қала­мына айтады. Кейі жалған, кейі шын. Ақынның серігі – мұңы. Өлеңі – сыры. Бірақ сырын қанша айтса да, қанша жан түпкіріндегі құпиясын жайып салса да мұңы сейілмейді. Өзін ылғи әлсіз, әлжуаз, қағажу көрген жандай суреттейді. Бәлкім, жараланғыш жүрегі айналасындағы жағымсыз бар құбылысты тікелей өзіне қабылдаған шығар. «Тамылжытты көктем құсы тамшыдай, мен айтсам-ау деген сыршыл әуенді», я «...билейтіндей бұраң белі солқылдап, мен билесем деген биді қайыңдар» деп жырлауының мәні неде? Бәлкім, өзін қайталау дерсіз? Жоқ мәселе онда емес. Бар түйткіл жан азабында тұрған жоқ па?! Бұл – ақынның өзіне көңілі толмауы. Бәлкім өзіне деген өкпесі. Адам ғана алдын орап кете бермейді, тіпті, табиғаттың өзі де онымен тайталасатындай. Оны сезіну үшін табиғатты ақынша түсіну керек шығар. Өлеңдегі көңіл-күйге түспей, оны түсіну қиын. Жазуда қаншалықты маңызды болса, оны түсінуде де көңіл-күйдің орны ерекше. Біреулер бәлкім оны шабыт дер. Демек, түсіну үшін де шабыт керек.

...Барлық жанға түсіргім кеп сәулесін,

Жүрегімді қолыма алып жүгірдім,

– деген адам. Бейне бір біздің ғасырға тура келген Данкодай. Бірақ соңында бәрінен көңілі қалып, шаршаған, қалжыраған күйге түскен. Неге? Адам баласы бір-біріне қуаныш сыйлап қана қоймайды, қайғы әкеледі, шаршатады. Адамдардың бәрін жақсы көретін жүрек ақында болмаса, бізде де жоқ. Тек Абай ғана айта алған сөзді қайталау оңай, орындау қиын. Кейде Қанипа тым өкпешіл секілді сезіледі. Адресі белгісіз өкпе артқан жырлары, жұбатулары өзімен-өзі алысқан, өз сезімін жеңуге талпынған жүректі байқатады. Ақынның екінші дау­сы оп-оңай бірінші дауысқа айналады. Қай даусын айтсаңыз да айқын, анық.

* * *

Досым болсаң, бөгелмей бұрып өтем ат басын, Шыққан күнім мезгілсіз көкжиекке батпасын. Тіршілікті тербеген таңғы ұйқыдан оятып, Қағып тұрар ойларым болашақтың қақпасын...

* * *

«...Өлімнің де өз өмірі болады. Кей адамның тірлігінде өз бағасын ала алмай, істеген еңбегін көріп үлгере алмай, орта жолда көз жұмады. Оның өмі­рінде қолы жетпеген бақыты өлген соң жанатыны, содан ба екен. Елі елеу­сіз қалдырмай тірілігінде күндеген, қыз­ғанған достарының өзі жер қойнына кірген соң, енді ол адамның тірлігі кесел келтірмейтінін білген соң, бір кезгі даттағанын ұмытып, мақтауға көшеді.Өлгеннен соң мерейі тасып, бақыт жанатындар көбінде, тірлігінде еңбек еткен дарындылар тобы. Тірлікте адам бір-біріне жылы сөзді, кең өмірді қимайтыны несі екен?..» Ақын күнделігінен. I/IV-1988

* * *

Біреу келіп, біреу кетіп, биіктік пен тереңдік толқын сайын алмасып тұрған уақыт көшінде болашақтың қақпасын қағар Қанипаға тиесілі болған бір замандардағы көркем ойлар енді біздің жүрегімізде. Бізді өзіміз болып тербетеді, толқытады. Бәлкім, адамзат деген – Адам сафиден бастап, дүние тіршілігіндегі соңғы перзентке дейін тұтас бір организм шығар осы. Қанипа да, Қанипаның жырлары да жанымыздың бір бөлшегіндей сезіле беретінін қайда қоярсың?..




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар