Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Маржан Ершу. Сезім шайы...

19.12.2018 4102

Маржан Ершу. Сезім шайы

Маржан Ершу. Сезім шайы - adebiportal.kz

Өмірдің сан түрлі тарауы бар. Бірде ұзын жолға шыққанымда поезда кездескен бір қазақ қызы өз өмірінен сыр шертіп еді. Жүректі толқытар сыр екен, мұң екен деп жазғаным еді бұл. Әңгіме еліміз тәуелсіздік алған тұстағы тоқсаныншы жылдардың жалынды жастарына арналады.

Автордан

- Сезім, тоқташы, - деген дауыс ту сыртынан естілді. Артына бұрылғанда қара торы жүзді, сымбатты сұңғақ бойлы жігіт ағасын көрді.

- Сіз маған айтасыз ба? Қандай шаруаңыз бар еді? – дегісі келді Сезімнің. Бірақ класымдағы көп баланың бірінің ата-анасы шығар деп ойлады.

- Кешіріңіз, сіз Әлижанның әкесі боларсыз, балаңыз математикаға жүйрік, сол талабын ескеріп ақылы қосымша сабақтарға қатыстырғаныңыз жөн болар.

- Иә, - деп жүрегі жалын ата күрсінді Батырбек. Әлижан – менің балам.

Сезім оның бетіне таңдана қарады да:

- Балаңыз дарынды бала, болашағы бар деп мақтайын деп тұрсам, қуанбағаныз қалай?

- Сезім! Сезім!

- Сезім Азаматқызы деп сөйлегеніңіз дұрыстау.

- Мен Батырбекпін ғой!

- Кім? Батырбек ? Кешіріңіз, сізді танымадым.

- Мен сені ұзақ іздедім, Сезім. 92-нің күзінен бері іздеп жүрмін. Есіңде бармын ба мен ?! Ұмытқаның қалай мені?

Сезім оның бетіне бажайлап қарады:

- Кешіріңіз, есіме түсіре алмай тұрғаным.

- Сол жылдың көктемінде мен армиядан демалыс алып келген ем. Ұлыстың ұлы мейрамында кластасым Манардың туған күн кешінде танысып ек қой. Сендер бір топ студент қыз боп келген едіңдер біздің ауылға.

- Иә, содан, - деді Сезім дауысын қатайтып. Бұл ішкі қалыбын жасырған түрі еді. Құдай-ау бұл тірі екен ғой! Не қуанарын не жұбанарын білмей тұрып қалды.

- Мен тіпті есіңде жоқпын ба?! Ақтөбе үлкен қала ғой. Мен сені армиядан келген соң іздеп бардым . Сен сырттай оқуға ауысып кетіпсің.

- Иә, солай болды – деді Сезім. Ол тұста мектептің мұғалімдері жұмыстарын тастап базарға, саудаға шығып жатқан кез болатын. Оқудың да жөні болмай, ақшаға бағынған заманға бас алып кірген кез еді ғой. Әжем ауырып қалып, үй ішінің жүгін жеңілдету үшін ауылға қайтуға тура келді.

- Мені ойламадың ба?

- Ойладым, бірақ ұмытып кеткен шығарсың дедім.

- Қалай ұмытайын?!

- Есіңде ме, сенің сыйлаған алқаң болып еді ғой, - деді Сезім тана көздері жалт етіп.

- Алқа қайда? – деді Батырбек . Сол алқа жастығын қайтаратындай алқынып.

- Үнді киносындағыдай болды ғой сұрағың?! - деді Сезім сықылықтап күліп.

Қол сөмкесін ашты да бірдеңе іздегендей болды. Батырбек сөмкеден алқа шыға келетіндей үміттене қарап тұрды. Сезім сөмкеден ақ жібек орамалын алып, көзіне апарды. Сосын жәйлап қана мына жерде бір кафе бар, сонда барайық деді.

Екеуі кафеге сөздері таусылып қалғандай үнсіз кірді. Шеткі бос орындардың біріне жайғасып, шайға тапсырыс берді .

- Ол алқаны біраз жылдай тақтым, сосын үзіліп қалды, - деді Сезім мұңайып .

- Кездеспейтінімізді білген ғой алқа, - деді Батырбек өз ойымен өзі сырласқандай болып.

- Иә, қасиетті әулие алқа екен десеңші, - деді Сезім езуіне күлкі үйіріліп.

- Мен саған оны шын ниетіммен сыйлап ем, ұмытпапсың, рахмет.

- Өткен күндер оралмайды. Өкінсең де, өкінбесең де өмір осы, - деді Сезім көзін үстел үстіндегі гүлден алмаған күйі.

- Мен сені іздеп Ақтөбеге барғанымда, ауылыңа кетіп қалыпсың. Ол кезде қиын кез еді ғой. Егемендік алып жатқан уақыт. Қазіргідей телефон да жоқ, әлеуметтік желі де жоқ. Жұмыс та жоқ, ақша да жоқ. Қиын уақыт еді ғой. Сені екінші рет іздеп бара алмадым. Жоқтық қолымды да, жолымды да байлады.

- Сонда мен іздеуім керек пе еді?! Ол заманның қыздары өр еді ғой, мүмкін ұялшақ, көнбіс болған шығар, - деді Сезім. Батырбек үндемеді.

- «Жоқтың түбі жоғалу, жоқ, жоқ деп сарнамаң» деп отыратын үлкендер үнемі. Расында ол кезде жоқ болса да, елдер «жоқ, жоқ» деуге арланатын сияқты еді ғой. «Барымен базар» деп отыра беретін. Барыңды базарлап кете барғансың да?!

- Сені күйеуге шықты деп естідім содан кейін.

Бұл сөз Сезімнің басынан таяқпен салып қалғандай әсер етті.

- Махаббатсыз асығыс іс жасадым, бұл қателік болды. Көп ұзамай мен өз жөніме кеттім. Бірге тұра алмадым. Ол некеден қуаныш та, қайғы да, ештеңе қалмады жанымда. Қанша жыл өтті. Мен ұмытыппын , есіме түсірдің.

- Кешір.

- Ештеңе етпейді. Біраз жыл өткен соң екінші рет тұрмыс құрдым .

- Бұл күйеуің қазақ емес қой?!

- Сен қайдан білесің? - деді Сезім таңданып.

- Сезім-ау, сені ұзақ іздедім ғой. Сен менің алғашқы махаббатым едің арман боп қалған. Екі мыңыншы жылдардың басында сені бір газет бетінен көріп қалдым. Қаладағы тәуір мұғалім деп сені мақтапты. Содан бері қолыма түскен газет-журналдан сені атыңды іздеумен жүрдім. Соңғы жылдары әлеуметтік желіге шықтың. Мұны да білдім. Білесің бе, екеуміз фейсбук желісінде біраздан бері дос екенімізді. Мен саған достық жібергенмін.

- Солай ма? Мен білмейді екем мұны.

- Атымды көргенде тіпті есіңе алмағаның ба?

- Кешір, жұмысбастымыз бұл күнде, - деді де Сезім телефонына үңілді.

- Иә, дос екенбіз, неге маған хат жазбағансың? - деді таңғалған жүзбен.

- Мен сені әр күн сайын бақылап отыратынмын. Сенің жазбаларың – көңіл күйің, фотоларың – сезімің, - деді Батырбек жанарын мұңға толтырып.

- Қайтейін-ай, не дейін?! - деп Сезім толқып кетті.

- Бұл қалаға екі-үш күн бұрын іссапармен келіп едім. Таңертең сенің фейсбукке жазған жазбаңды оқыдым. Түстен кейін радиоға, тікелей эфирге сұхбат беретініңді жазыпсың. Содан сені тауып алып көргім келді, сөйлескім келді.

Сезімнің жанарынан бір тамшы жас домалап ағып бара жатты.

- Көргім келді, сөйлескім келді дейсің бе? Не деген жақсы сөздер еді! Мен кейде сөйлесерге , жанымды ұғарға бір кісіге зар боп қалам. Сен ше? Сен де мен сияқты жалғызсырайсың ба?

- Алақандағы алақандай телефонда сен барсың ғой , әлем бар, - деп жымиды Батырбек.

- Мен кейде қазақты сағынам, - деп қалды Сезім .

Батырбек астыңғы ернін тістелеп төмен қарап біраз отырды да,басын көтерді:

- Қазақтың жігіті табылмады ма? Мен сені сол күйеуден қызғанып отырмын.

Сезім күлкісі келмесе де күлімсіреген болды. Шыны аяқтағы шай дан бір ұрттады да:

- Өзің туралы айтшы, маған сол қызық боп тұрғаны, - деді әңгіменің тақырыбын басқа арнаға бұрғысы келіп.

- Әйелім дәрігер, төрт ұлым бар. Қызым болса дедім, атын Сезім қойсам деп армандадым. Сенің атыңды шақырап күнде айтып жүру үшін.

- Сезім деп атымды бекер қойған-ау, шамасы. Нағыз сезімге иемін бе білмеймін. Тек аялдамада тоқтағандай күйдемін. Менің жылағым кеп тұр.

Сезім үнсіз жылады. Батырбек үндемей жерге қарап отырды. Бір кезде басын көтерді:

- Сен енді жылама, Сезім! Сен жыласаң маңдайыңнан сүйіп басыңнан сипайтын мен алыстамын ғой. Маған да қиын.

Сезім көзінің жасын сүртті де күлімсіреді:

- Философ боп барасың сағат сайын.

- Қайран жастық сол шақтарымыз қайта келсе, уақыт шіркін артына бұрылмайтыны жаман-ау.

- Уақыт біраз бопты, қоштасайық енді фейсбуктегі досым! - деді Сезім дауысы солғын шығып.

- Фейсбуктегі досым! - деп қайталады Батырбек.

- Фейсбукке бар, бар. Көр де таң қал деген де бар екен, - деді Сезім күлген болып .

- Алысты жақындататын, жақынды алыстатын фейсбук көке! - деді Батырбек күліп.

- От болып жанатын, жоғыңды табатын фейсбук болды ғой, заманның айнасы. Ол болмаса қайтер ек?!

- Шіркін-ай, сол тоқсаныншы жылдардың ортасында әлеуметтік желі болғанда ғой, сені жоғалтып алмас едім, өкініште қалмас едім?!

- Шын айтасың ба?

- Саған өтірік айтып мені не жын ұрып па?! Алла біледі ғой. Бәрін тастап екеуміз бір жаққа кетіп қалайықшы, Сезім! Бізді де таба алмай қалсын іздесе, - деді Батырбек жанарынан от ұшқындап.

- Екеумізді фейсбук жақындатқанмен, өмірдің арнасы алыстатып жіберді ғой. Өмір сүру үшін тырбынып өмір сүреміз, иә өмір сүреміз, бірақ фейсбукпен емес, сезіммен емес, - деді Сезім күрсініспен.

- Неге сезіммен емес!.. Сезім! Неге олай?

- Сезім – ол мына менің өзім! Атым бар да, затым жоқ. Селт етпейтін сезімсізбін.

- Өтірік айтасың. Сезім , сөзбен ойнамашы.

- Алдамшы дүние , алдамшы сезім, алдамшы бақ.

- Неге алдамшы дейсің?! Сені жиырма алты жылдан соң іздеп тапқан сезімім емес пе суымаған?! Неге мені алдамшыға ұқсатасың ?

- Жүректегі қатқан мұзымды еріттің ғой, Батырбек! Мен өмір сүруім керек қой. Сондықтан да қатты болуым керек.

- Әйел жанын түсіну қай заманда да қиын екен. Бұрын да жұмбақтап сөйлейтін ең, тағы да жұмбақтайсың.

- Сен не түсінесің ? Сезім қабағын түйіп түсін суытты.

- Қатты болма, Сезім! - деді Батырбек жымиып.

- Бұл заман әлсіз әйелдерді ұнатпайды!

- Жаман еркек болмайды, жаман әйел болады.

Екеуі күліп жіберді.

- Еркекті жеңудің оңай жолы мақтай беру дейтін бе еді?!

- Ендеше мен жеңілдім, Сезім! - деді күліп Батырбек.

- Жоқ, мен жеңілдім! Сен сезіміңмен жеңдің!

- Қандай өкінішті. Сенімен бірге емес, Сезім!

- Сезімге сараң ғасыр мені де өз тұңғиығына тартып барады.

Батырбек шайын ішіп кесесін столға қойып жатып, Сезімге қарап күлімсіреді де :

- Шіркін-ай! Неткен тәтті шай еді! Сезіммен ішкен шай ! Сезім шайы! - деді.

- «Неткен тәтті шай еді! Сезім шайы!». Жүректі елжітер сөз айттың ғой.

- Солай ма?! Саған арнап тәтті жылы сөздер тауып айта алмадым-ау деп іштей жабырқап отырсам. Сен менің тереңге көміп тастаған жанымсың.

- Сезімің неткен нәзік еді, Батырбек? Сен сезімнің батырысың. Мен сені жақсы көрем!

Батырбектің жанары жасқа толып кетті. Сезімнің алдына тізерлей отыра кетіп, ақ сүйріктей саусақтарын алақанында аялап, сүйе берді, сүйе берді.

«Бәрін тастап екеуміз бір жаққа кетіп қалайықшы, Батырбек! Бізді де таба алмай қалсын іздесе» деп айтқысы келді Сезімнің. Бірақ тамағына өксік тығылғандай сөйлей алмады. Санасында: неше түрлі ой тұрды, сұрақ тұрды, сумаңдаған тілдер, жәутеңдеген көздер тұрды. Қолын жұлып алды да, орнынан атып тұрды. Қатал мінез-сауытын киіп алды. Қайта шешті. Бір ысынып бір суынды. Бір қызарып бір бозарды. Бір қуанып бір мұңданды. Сезімнің сан түрлі құбылған сұлу жүзіне Батырбек мұңдана қарады да:

- Сезім, сен жылама! Сен жыласаң маңдайыңнан сүйіп басыңнан сипайтын мен алыстамын ғой. Маған да қиын, - деді.

Сезім үнсіз ғана басын изеді.

Даяшымен есептесіп екеуі сыртқа шықты. Күн кешкіріп қала қараңғылық құшағына ене бастапты. Жарқыраған шамдар, ерсілі-қарсылы зуылдаған машиналар, үйлеріне асыққан адамдар қаланың келбеті сияқты. Әйтеуір тоқтайтын нүктесі бар...

Маржан Ершу


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар