Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақытжан Раисова: Төлеген Айбергеновтің көгілдір дүниесі

21.05.2015 742

Бақытжан Раисова: Төлеген Айбергеновтің көгілдір дүниесі


705020_1892614051_012_Aibergenov.jpg

Осынау аппақ әлем... Сағынышқа ғана зәру болатын... Адамға деген сартап сағыныш... Туған жердің төсінен бүлк-бүлк қайнап шығып жататын мәңгі сарқылмас, кенезесі кеппес тума бұлақ іспетті. Тұрағы – жұлдызда, құмары – жерде. Мың сан құпиялы, сырлы сағыныш!


Сағыныштың құба інгенімен сар желген Төлеген ақынға қай күндері, қай жерлерде, қай мезетте кез болдың екен сен, Көгілдір Дүние! Адамзаттың ақылманы Абайға аян берген, Қасымға қап-қара түнектен тіл қатқан, Мағжанға теңіз толқындары боп шулап, маза бермеген кіршіксіз рух тазалығының Падишасы сен бе едің?!


Көгілдір Дүние!


Тоғышарлық пен дүниеқоңыздық, ашкөздік пен арамдық жайлаған Қара Жердің бір бүйіріне Күн сияқты нұр себелеп, Көгілдір Аспандай төнетіні естен кетер ме?! Сен біз үшін мөлдіреген тазалықтың мәңгі түгесілмес бастауы едің. Біз, жетпісінші-сексенінші жылдардың жастары, Төлеген ақынға тәңірдей табынып өстік. Менің Каз-МУ-де бірге оқыған құрбы-достарым ақын жырларына ерекше ынтызар еді. Гүлтас «Болғанмен бойда қандай күш, не жетсін баурың болғанға...», - деп тебіренсе, Рахима «Дәл сендердей менің де аппақ айым бар...», - деп күбірлеп, әлемдегі теңдессіз метафораға сүйінетін. Ақынның Мұхтар Шахановқа арнаған «Сағыныш» өлеңін Айнаш түгелдей жатқа оқитын... Менің I курста оқып жүргендегі қабырға газетіне шыққан бір өлеңімді оқып тұрып, ересектеу бір студенттің «Төлеген ғой мынау...» дегені әлі есімде. Сөйтіп, біздің әдеби ортада Төлегенді жатқа оқымайтын, оған еліктеп жыр жазбайтын жастар аз болатын.








...Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап...

Үмітке толы , арманға толы әр жерде бір топ қарағай

Сағынбай барсаң қалуы мүмкін жамырасуға да жарамай...


Жас шағымызда жанымызды осындай мөлдір жырларға суарып өскен біздер: «Ағамыз артықтау кеткен бе, тауларға сағынбай барар күн болушы ма еді, таулар бізге неге ғана қаптаған тас боп көрінуге тиіс?!» деп ойға қалатынбыз. Дариға десеңізші! Кейін сол тауларға шынымен де сағынбай барғанымды, таулар да маған қара тастай түксие қараған сәттердің болғанын қалай жасырайын. Сол кезде тіліме атақты «Сағыныш» өлеңі еріксіз оралатын.


Сағынған көздің моншағы

Шашылып жатыр төсекте...

...Менің осы қайнарымнан қанып іш,

Әкем өлген кезде – дағы бұл мені

Өртемеген сағыныш!


Мұндай іңкәр сезім, кіршіксіз таза сағыныш Төлегендей ұлы жүректі ақынға ғана тән десем, асылық айтқандық емес. Қазіргі көбейіп кеткен жасанды сезім мен жүрексіз жырлардың иелері Төлегенді оқымаған, әйтпесе өлең жазуын қояр еді деген ой келеді осындайда. Өлең деген – тақта жолда мың-сан метафоралардың көз жауын алып сүрініп –жығылып жатқаны емес, қасиетті өнердің тұнығынан дәм татқызу емес пе еді?!


Төлеген Айбергенов адам баласының ең бір сәулелі сезімі – Сағыныштың көркем образын жасап кетті. Міне, сізге Рухани қазына! Ақынның өзі айтқандай, өлеңдерін оқыңыз да, қайнардан қанып іше беріңіз!


О, Адамдар! Біргемін мен сендермен

Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен

Сендер – менің бақытымның бұлағы

Сендер менің дарыныма жел берген.


Адамды сүймей, Табиғатты ғана сүйгенің рухани сараңдық емес пе екен өзі?! Адамды сүймесең, Алланы сүйетін жүректі қайдан аласың?!


...Төлеген Айбергеновтың «Аманат» атты жыр жинағы менің қолыма 9-сынып оқып жүрген кезімде, 1975 жылы түсті. Сол кітапты аудан орталығындағы дүкеннен сатып алғаным әлі есімде. Кітапқұмарлығым ба кім білсін, өзіме бейтаныс ақынның өлеңдерін дүкеннен шықпай ақтарып оқи бастадым. Содан... Содан дүкеннің ішінде тұрып-ақ бүкіл өлеңді бір деммен оқып тауыстым. Кітапты кеудеме қолыммен басып тұрып: Нағыз ақын! Шын ақын! – деппін. Көзіме жас келген... Кейін Төлегеннің өлеңдерін алғаш оқығанда жылап тұрдым деген талай замандасымның әңгімесін естідім.


Кеңестер Одағының «Партиялық әдебиет» майданы қылышынан қаны тамып тұрған кезінде ақын – жазушыларға өндіріс тақырыбын жырлайсың деп қатаң тапсырма бергенін білеміз. Бір таңқаларлығы, Т.Айбергенов сондай жасанды тақырыптардың өзін шабыттың Шалқұйрығына мінгізіп, шыр көбелек айналдырып жібереді. Мың иірімді ой оралымдары мен сезім буырқанысы әншейінде таптаурын, қасаң боп көрінетін тіршілік суреттеріне жан бітіріп, «мәңгілік тақырып» деңгейіне бірақ көтереді. Бұған ақынның «Мұнаралар», «Шевченко-мұнай ордасы», «Төстегі жаңғырықтар» сияқты өлеңдері дәлел.


Білмедім мен кеудемнен ашты ма кен

Омырауы осынау тасқын әлем

Күн көтеріп барады Маңғыстауда

Мұнаралар аспанның астыменен, - дейді ақын.


Мұнаралар басына шырақ тасып, дүниені жарқыратып, жанұшырып жүрген Жиырмасыншы ғасыр бейнесі оқырманның көңілінде өмірге деген құштарлық, жылылық ұялатады. Меніңше, ақынның талант күші, жасандылықтан ада періште табиғаты адуынды ағыспен жолындағы «тақырып» деген ауыр кедергіні жаңқадай ағызған...


Төлегенде мұң бар, қапас қайғы жоқ. Ақын өлеңдеріндегі жұмақта ғана жолығар жарық сәуледен көз қарығады.


Қай-қайдағы ыстық балдырған,

Сағынышыңа от себер.

Шүрегей үйрек алдыңнан,

Шүйкілдеп ұшып кетсе егер.


Төлеген ақынға айналадағы жаратылыстың бәрі күнгей жағынан ғана көрінеді. Немесе, ақынның өзі айтқандай, «әлемнің асқақ бар әнін көкірегіне толтырып ап, тоғыспас жолдар торабын қосудың арпалысы». Суреткер тілі шынайы, көркем, шұрайлы. Жылдар керуені бір ғасырды шығарып салып тұрса да, қара көз қазақ баласы қанып ішер қайнар сөз, сүйініп оқыр суреттер... Нағыз ақынның, халық ақынының мұраты осы емес пе?!


Төлегеннің кең кеуде кемелдігі, аспани ақындық қуаты күнделікті күйкі тірліктің әншейіндегі «тоңы» мен «сызын» ыстық мейірім шуағымен ерітеді, кейде тіпті жалынды құшағына басып, тіршіліктің өзін өртегендей болады.


Болғанмен бойда қандай күш,

Не жетсін баурың болғанға.

Жападан жалғыз мен байғұс

Келе атқандаймын орманда.

Жаралып па ем деп жейдемен,

Тас-талқан болам кейде мен.

Мен жерге түскен жалғыз дән

Жапырақтардан сөйлеген...


Әйгілі Сағыныштың жұпар иісі бұрқыраған осы бір жолдарды мың сан ұрпақ қайталап оқып, тәтті жырдың уыз дәмін таңдайына басып келеді. Мұндай жырларды оқыған адам, ұлы Абай айтқандай, «дүние кірін жуынбай» әсте тұра алмас.


Жалғыздық – Құдайға жарасады, немесе пайғамбар мен әулиелердің кең маңдайына жазылған тарту, я аманат. Осы аманат жолында Айбергеновтың сұңғыла дарыны «таулардың босағасын талқан қылып, көкірегін қақ жарып аққан өзендей» арқырайды... Бір толқын ұрпақтың көкірегінде үзілмей, үркектемей бек орнаған көгілдір дүние тұнықтығы үшін үшін біз Төлеген ақынға қарыздармыз. Ендеше, жастың жанына алау жаққан, сол кезеңдегі көгөрімді адами асқақ мұраттар қанатында алып ұшқан Төлегенді «сыздаған барлық жараның» құрбаны демеске, ар тазалығының әулиесі демеске шара жоқ...


Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде.


Қырандар биікте самғайды. Жер бауырлаған тірлік оған жат.Тұлпарлардың кең көсілген шабысы ұлан-ғайыр кең сахараға ғана көрік береді. Төлегендей ақберен ақын өзінің асқақ рухымен асқар таудай ескерткіш тұрғызып кеткендей... Ақ жаңбырлар тоздырған алып тауда арман бар ма?!


1.jpg

Раисова Бақытжан, ақын   

Өскемен қаласы   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар