Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әскерхан Ақтай. Қыр жамылып қырық рең тылсыммен......

24.12.2018 5816

Әскерхан Ақтай. Қыр жамылып қырық рең тылсыммен...

Әскерхан Ақтай. Қыр жамылып қырық рең тылсыммен... - adebiportal.kz

Ғасырлардың жады толған қасірет,

Мүсіндерде саңғырық.

Ғұнның ғана жанарында жасыл от.

Аспан асты жаңғырық.

Өзегінде тарихтың шер нала,

Өксік аққан арна мың.

Көтеретін бұ ғаламда жер ғана.

Көз жасының салмағын.

Замананың көрі бəлкім қазылған,

Шалқып ішкен шараптар.

Улы жаспен жылан бауыр жазылған,

Шимай шатпақ парақтар...

Қорғасын бұлт, жерге жетер нұр əрең,

Иініңде ауыр мұң,

Күнде қырық құбылады бір əлем,

Аспанындай сəуірдің...

САҒЫНСЫН ДЕДІҢ БЕ?

Жұлдыздар жанғанда,

Жетпеген арманға,

Сағынсын дедің бе?

Көк майса жапқанда,

Гүл шешек атқанда,

Сағынсын дедің бе?

Кешкі арай өшкенде,

Іңір мұң көшкенде,

Сағынсын дедің бе?

Ақ нөсер жауғанда,

Ақша ауғанда,

Сағынсын дедің бе?

Өткелден өте алмай,

Керуен жете алмай,

Сағынсын дедің бе?

Алыстап тау асып,

Аққудай адасып,

Сағынсын дедің бе?

Жаңбырдың астында,

Көңілі тасқында

Сағынсын дедің бе.

Уақыт арғымақ,

Жыр ағар балбұлақ,

Сағынсын дедің бе...

ГҮЛ МАУСЫМ

Бәйшешек белес -гүл маусым,

Нұр жаусын, көктен нұр жаусын.

Сызылтқан әнің сырнаймен,

Құлақтан кетпей жүр даусың.

Құлпырып көктем-гүл мамыр,

Мұнартқан таулар қырда нұр.

Жағалау жалбыз, жас құрақ,

Қызғалдақ қырат, сырға гүл.

Мамырда жауып мамық нұр,

Мөп-мөлдір тамшы тамып тұр.

Самарқау ойдан сананы,

Сауықтыр, тәңір сауықтыр.

Манаурап қырат мамыр ай,

Қарағай, терек жамырай.

Тоғысып жатқан жолдардай...

Тереңге тартқан тамыр-ай.

ІҢІР ƏЛДИІ

Тізгініне кім ие,

Күн бір ұшқан күміс шар.

Шиыр ізді дүние,

Шылбырынан кім ұстар?

Жер теңізде тербелген,

Ғасыр-көшкен керуен.

Бір шетінде сергелдең,

Бір шетінде серуен.

Ұрттағаның ұртыңда,

Татқан дəмің таңдайда.

Сұрмерген ту сыртыңда,

Тағдырың тұр маңдайда.

Қалың тағдыр-қара ағаш,

Топыраққа иілсең.

Жер астында жалаңаш,

Жер бетінде киімшең...

Желкілдейді тал билеп,

Жез бұйдалы жел көшіп.

Іңір сазы əлдилеп,

Тербетеді жер бесік...

САЛАЙЫН САҒАН БІР ӘН СЕМЕЙІМ...

Ұлық-Семейім,

Тұнық-Семейім.

Жүректі өзің,

Жылыт Семейім.

Қыран-Семейім,

Ұран -Семейім,

Салайын сенде

Бір əн Семейім.

Дала-Семейім,

Дана-Семейім.

Абайдың елі,

Дара Семейім.

Абыз-Семейім,

Аңыз-Семейім,

Тағылым тамшы

Тамыз Семейім.

Асыл-Семейім,

Ғасыр-Семейім.

Желек шыршасы

Жасыл Семейім.

Нұрлы Семейім

Сырлы Семейім

Жүректен жылы

Жырды себейін.

Көзім-Семейім,

Сөзім-Семейім.

Ұлағат бесігі,

Өзің Семейім.

Ордам-Семейім,

Қорған-Семейім.

Қалың қазағым,

Орман-Семейім.

Тілім-Семейім,

Ділім-Семейім.

Бəйшешек белдер...

Гүлім-Семейім.

Суым-Семейім.

Нуым-Семейім.

Желбіреп көкте,

Туың Семейім.

Жырым-Семейім,

Сырым-Семейім.

Жыр жазды саған,

Ұлың Семейім.

УГАЙ, УГАЙ, ӘЙ УГАЙ

(Халық әнінің сарынымен)

Маусым, мамыр дегенде, маусым, мамыр,

Естіледі сазды сыр даусыңнан бір.

Себезгі нұр себелеп бозбеткейге,

Селеу басы шайылсын жаусын жаңбыр.

Баян таудың көлінде балалы үйрек,

Көл жүзіне сол үйрек салады ирек.

Мамық бұлттар асылып иығына,

Манаурайды Бесбоғда ала бүйрек.

Боз беткейдің белінен есер желі,

Тор жорғаны кермеден шешер ме еді.

Балдыр тұнған арнасы балбұлақты,

Балақ түріп балтырдан кешер ме еді...

Күміс жүген жарасқан торы қасқа,

Жолығатын жерің бір, жолың басқа.

Қара жолдың бойына қарайлаған,

Қайырылып қарай жүр қауымдасқа.

...Угай, угай, әй угай....

ЖОЛАУШЫ ҒҰМЫР

Кербез жоталар, кертік қыр,

Керуен сазға елітіп бір.

Себезгі жаңбыр себелеп,

Сезімнің қылын шертіп тұр.

Пана бола ма, тор құсқа,

Қолдауға сені қол қысқа.

Жолықпай кетсең қайтесің,

Жолаушы ғұмыр-жол қысқа.

Жайғанда көңіл желкенін,

Табама жаның дерт емін.

Кездеспей кетсең қайтесің,

Керуен дүние-келте күн.

Көсемсігендер көз аңдыр,

Шешенсігендер сөз аңдыр...

...Бозбала ғұмыр секілді-ау,

Бозала мұнар, бозаң қыр.

АЯДЫМ

Құс қанатты терістіктен соғар леп,

Жылусыз ба, сая күн?.

Сүмбіленің салқынына солар деп,

Гүлдер сені аядым.

Тізбектелген керуен күн көшердей,

Саған құшақ жаямын.

Селдетіп бір басылатын нөсердей,

Сезім сені аядым.

Қыр жамылып қырық рең тылсыммен,

Қоңыр кештің бояуын.

Батар күнге қарап ұзақ күрсінген,

Қарияны аядым.

Бұл ғұмырда бір біріне сай деме,

«Шаңы шықпас жаяудың»,

Жабыменен қатар қосқан бәйгеге,

Арғымақты аядым.

Таудан аққан ақ өзендей тасымай,

Сырғып жатыр баяу күн.

Жарқ етіп бір осып өтер жасындай,

Жастығымды аядым.

Уақытты тоқтата алмас мың айлаң,

Салар жүзге қаяу-мұң.

Көркімді әжім торлайды деп мұңайған,

Сұлуларды аядым.

Іңір сазы: мына жалған бекер деп,

Жоқ-ау, сірә баяның.

Жалған дүние сенен-дағы өтер деп,

Жайсаңдарды аядым.

КҮЛТЕГІННІҢ БОЗШҰБАРЫ

Тебінгіден өткен терің

Ұлтаннан өтті,

Қылтамды ертті.

Желіні сыздаған жеті биені еміздім,

Тасты жердің тарлауын жегіздім.

Түп құйрығыңды кесіп, байрақ қылдым,

Жалыңа қылыш жанып, қайрақ қылдым.

Он күн жорық кешіп

Ононнан суардым,

ол сарқылып қалды,

Отыз күн жол кешіп,

Орхоннан суардым

ол тартылып қалды.

Алтынмен апталған ай қасты ерді

Екі палуан әрең көтерді,

Күміс жүгенімді

Екі ұл әрең әперді.

Құлыныңда құландай болдың,

Құнаныңда бұландай болдың.

Алдыңа келген арыстанның

Аузын тарпып жағын айырдың,

Жаныңнан келген жолбарыстың,

Жүректен теуіп, қолтығын қайырдың.

Желсең желден оздың,

Шапсаң шаңды создың.

Кісеген дауысың

Хангай таудан асатын.

Арқыраған дауысыңнан,

Алты бөрі қашатын.

Төбел ене саумалын

Телі ішкенбіз, Бозшұбар,

Теңбіл ене саумалын

Тең ішкенбіз, Бозшұбар.

Ау, Бозшұбар, Бозшұбар,

Саған да жеткен көз шығар,

Маған жеткен сөз шығар

Ау, Бозшұбар, Бозшұбар.

МҰҢЫМДЫ БҰЛТТАРҒА АЙТТЫМ

Тілекті тәңірге айттым,

Жалғанда жалқымын деп.

Жаратқан әмірге айттым,

Жаздың да салқыны көп...

Алғысты анама айттым,

Жарыққа әкелдің деп.

Сағынған санама айттым,

Айды да әперді деп.

Мұңымды бұлттарға айттым,

Мен болып егілсін деп.

Уайым жұтқанда айттым,

Көз жасы төгілсін деп.

Сезімді гүлдерге айттым,

Күзде де жайнасын деп.

Түн перде түргенде айттым,

Бұлбұлдар сайрасын деп.

Жырымды желге оқыдым,

Қалқаға айта бар деп.

Көкорай белде оқыдым,

Даусымды қайталар деп.

Күйімді тауға арнадым,

Іңірде күрсінбе деп...

Самалды саумал дәмін

Сағынып жүрсің бе деп.

Ойға нұр түсіретін,

Шынымен сезім ғана.

...Өзімді түсінетін,

Жалғанда Өзім ғана...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар