Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ника Турбина: терезеден құлаған өлеңдер...

05.01.2019 3740

Ника Турбина: терезеден құлаған өлеңдер

Ника Турбина: терезеден құлаған өлеңдер - adebiportal.kz

Дождь. Ночь. Разбитое окно.
И осколки стекла застряли в воздухе,
Как листья, не подхваченные ветром.
Вдруг звон. Точно так
Обрывается жизнь человека.

Ника ТУРБИНА

Өлеңде, жалпы, өнерде – сірә, балалық шақ жоқ шығар. Бақытты балалық шақты біз өнер-ғылымнан, тіпті, көрген де, кешкен де емеспіз. Жыр, қалам иесін ерте есейтеді, елден бұрын қажытады. Жас кезінде келген атақтың дабыры басылғанда, өшіп бара жатқан дабысынан қасіреттің қападар әлсіз үні естіледі. Бұл – жұртта қалған жалғыздық дауысы.

Ника тоғыз жасынан жақсы өлеңдер жаза бастады. Үйден, сырттан жанашыры көбейді, талантын құптаған кең аудиторияның ыстық ықыласына бөленді, аты әлемге жайылды. Қара бұқараның ардақтысы да, аяулысы да болды. Юлиан Семенов тырнақалды туындыларын баспасөз бетінде жариялауға көмектесті. Сосын, Евгений Евтушенко назарына түсті. Маэстро оны Рұмға жеткізді. Анна Ахматовадан кейін Этна-Таормина сыйлығын алған осы Ника Турбина болатын. Бірі – қартайған шағында, бірі – бастаған шағында.

Ерте танылған ақын поэзия әлеміне шеру тартып кернейлетіп-сырнайлатып келді. Дүниені дүбірлетті, шартарапты шулатты, қалаларды толғандырды. Бір жыры тебірентті, бір жыры телміретті. Сілкіндірді, күрсіндірді – қуантты. Өлеңдері бүкіл Кеңес Одағы кеңістігінде салтанат құрды. Биік мінбелерден сөйледі, қас талантты лауазымды билік жиын-кештерге жиі шақырып тұрды.

Қашанда ел назарында болды. Ника Турбина өлеңмен өмір сүрді, бірақ, өлеңнен өлетінін білген жоқ.

Әуелі қалың елдің көңілі суыды. Ақын өсті, үш-төрт жылдың шамасында кәдімгідей бойжетіп қалды. Бірте-бірте жас дарын дүбірі де, даңқы да бәсеңдеді, қаламынан өртке тиген дауылдай алапат қуат кетті, сөйтіп, жасы өскен сайын қызығы да азайды. Кешегі, ел аузында жүрген ерен қаламгердің жағдайы біртіндеп қиындады.

Көрген құрмет, бөленген ықылас-ілтипатынан айырылса, шебер құс қанат қалам ырдуан арбадай батпақтап жүре алмай қалады екен. Көңілдің қошы жетпеген шабыт әлсірей түсті. Поэзиясын ұмытқан оқырмандарының қатыгездігін көрді.

Басында шайырды ішімдіктің жеңіл түрі жұбатты, кейін – шараптың күші артты. Ақыры арақ жеңіп тынды.

Швейцарияға сапарға аттанғанда, ел саяхаттап кетті деп ойлады. Шын мәнісінде, ол жүйке ауруынан емделуге жолға шыққан болатын. Бір жыл уақыт ішінде он алты жастағы Ника алпыстан асқан невропатологтың жақын көңілдесіне айналды. Сосын, қалай жүйкесі шаршап барды, солай жүйкесі шаршап қайтты.

Көптің ұйғаруымен, Петербордағы Мәдениет институтына оқуға түсті. Соңыра, ұстазы Алена Галичтің сырлас құрбысына айналды. Екеуі шын дос болды.

Соңғы жылдары қалам тартқан жырларын жұрт аса жақсы қабылдай қойған жоқ. Шешімі де, айқын еді. Ол не істеу керектігін жақсы білетін. Екі мың екінші жылы Ника Турбина терезеден екі аяғын төмен салбыратып отырып, кенет ілгері аттап кетті.

Она шагнула в пустоту.

Бір кезде әлем таныған ақынды мәңгілік сапарға шығарып салуға екі-ақ адам барды. Бірі – бірге тұрған көңілдесі, екіншісі – құрбысы, жанашыры, ұстазы Алена Галич еді.

Сол күні, қабір қазушы жалпақ күрекпен лақтырған торқа топырақ, екі көзден аққан жаспен қоса ақынның жас денесін біртіндеп, сәт сайын көміп жатты.

04.01.2019

Жазушы, философ Дидар Амантайдың

facebook парақшасынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар