Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Маржан Ершу. Ит пен бала туралы ертегі

10.01.2019 473

Маржан Ершу. Ит пен бала туралы ертегі

Ерте, ерте, ертеде,

Шаңырақтан күн түспейтін,

Керегеден жел соқпайтын,

Топырағы аз өлкеде

Жалғыз үйде. Жалғыз кемпір тұрыпты.

Күні күлмей, Ай сәулесі бұғыпты,

Үйден шықса, тек алты аяқ шығыпты.

Төрт аяқты, екі аяқты екі жан

Тірлік кешіп бірге өмір сүріпті.

Тыңдасаңыз, айтайын бір,

Сол ертегім басталады

Қуанышпен бітетін.

Мейірімнің асқақ әні

Бізді алда күтеді.

Әлхисса,

Көкте қиық Ай жүзген,

Тыныштықта бар маңай.

Үзілетін күндер мен

Созылатын айлар-ай.

Жер-Ананың бесігі,

Ортақ мекен бір шуақ.

Ит-тірліктің есігін

Күшік қақты қыңсылап.

Кімнен туды, күткен кім?

Күшік бұдан бейхабар.

Еміздікпен сүт берген

Білетіні – кейуана.

Басын бермес сұраққа,

Ит қой оның жазығы.

Күндер өтті сынаптай

Итаяқта – азығы.

Уайым деген басына,

Кіріп те, ойлап жатпады.

Жалғыз кемпір бір өзін

Серігіндей баптады.

Қолынан бір сәт түсірмей,

Қолтығына да қысыпты.

Аядай бөлме ішінде

Аялайды кемпір күшікті.

Алақанына бағынып,

Тамақтың жеді оңдысын.

Көрмеген бір сәт жабығып

Бақытты еді сол күшік!

Домаланған жұп-жұмыр,

Ақ борықтай әдемі.

Көздерінде күлкінің

Оты жанған шақ еді.

Отырушы ед сол кемпір,

Кейде жылап, қамығып.

Жалғыз қалған өзіне

Тағдырына бағынып.

Ойға шомып кей шақта,

Қатып қалар тіл қатпай.

Шашын талдап жұлатын

Жын соққан бір бейбақтай.

Есіктерді мұң қарып,

Құлыптары тырысқан.

Күшік үнсіз сыр бағып

Тұрушы еді бұрышта.

Терезе ашық. Жел кірді,

Көрінеді алау түн.

Мұңаятын кемпірге

Күшік аяп қарайтын.

Кемпір байғұс елпілдеп,

Бауырына алар күшігін.

Екі иығы селкілдеп

Тілі-сөйлер, іші-мұң.

Күшік сірә,ақылды,

Өзі ерке, өзі нық,

«Бар», «жат» және «әкелді»

Ұғатын-ды түсініп.

Шағын үйдің ішінде,

Екеуі-ақ тұратын.

Кемпір шықса далаға

Күшік те еріп шығатын.

Иесі мен күшігі,

Бір-біріне аяулы-ай.

Кемпір қалды бір күні

Ұйқысынан оянбай.

Қыз-қыз қайнап жатты іші,

Әрі-бері жортады.

Ақ борықтай ақ күшік

Үнсіздіктен қорқады.

Көңілсіз де күн өтті,

Көңілсіз де түн өтті.

Өлген кемпір төсегін

Күшік байғұс күзетті.

Құлқын үшін қозғалды,

Аш өзегін басарға,

Ас үйдегі қазаннан

Сарқып ішті бас алмай.

Күшік тағы ашықты,

Тырмалады есікті.

Аштық өңін басыпты

Ауыр күндер өтіпті.

Үй ішінде шәуілдеп,

Тынбай үре береді.

Еститұғын қауым жоқ

Айқай әуен – өлеңі.

Таусылғасын айласы,

Тырмаланды балконға.

Жалғыздығын байласын

Көздерінде жалт ойнап.

Қаралы күн осылай,

Жаралады жүрегін.

Дауыс айтып есікке

Тоқтай алмай үреді.

Безілдеді қоңырау,

Безілдеді күшік те.

Адам ба екен саңырау

Қандай күйге түсіп тұр.

Кенет есік сарт етіп,

Төңкеріліп құлады.

Күшік қалды шаңқ етіп

Тіліп түсті құлағын.

Дабыр-дұбыр дыбыстар,

Тарсылдаған табандар.

Ысылдаған қуыстар

Үрейленген адамдар.

Сол табандар күшікті,

Теуіп жерге құлатты.

Маңдайы да ісіпті

Көзін сызды. Шырақты.

Мұны байқап адамдар,

Жын көргендей тап берді.

Әйтпесе, олар талар ма

Қорғанатын шақ келді.

Ашық қалған есіктен,

Төмен қарай зулады.

Құтқарсын ба өшіккен

Допша тепті, тынбады.

Бұл адамда шамасы,

Обал-сауап бар ма екен?

Мейірім мен қайырым

Қайсы тұста қалды екен?!

Күшік зытып барады,

Арасымен үйлердің.

Жүрегі суып жаралы

Ақ ит болар күнге енді...

***

Өтер жылдың өліарасы,

Ми қарыған ызғарлы күн.

Сартылдаған сары аяз да

Тыныштығын бұзған бүгін.

Ішқұса ит. Тілсіз тағы,

Іштен тынып, ыңырсыды.

Армандады, нәр сызбады

Жалап-жұқтар жылымшыны.

Бетон үйлер арасымен,

Бүгжең басып, бүрсең қақты.

Түнерген түн қарасүрең

Табан қарыр қары қатты.

Иттің көзі қараңғыны,

Жарығыңдай көре алады.

Тағдырының сараң-ды үні

Үміт үнсіз жоғалады.

Жақсы екен ғой үміт еткен,

Ақ ит қарғы, жаның жоқ па?

Қоқыс толы қара жәшік

Секілді бір ауыр қақпа.

Тіліменен езу жалап,

Дәмін сезді шірік еттің.

Қазір, қазір асқа тояд

Не айтасың құдыретке?!

Еттен өзге өңгені де,

Өзгелерді көрмеді ме?!

Желкесінен қапты бір ит

Енді ұмтыла бергенінде.

Ақ иттің сұр көздерінен,

Бір тамшы ақты, домалады.

Қарай-қарай айналаға

Енді үнсіз жоғалады.

Қатты шытты қабағын ит,

Аштық, жара батқандай боп.

Қарай берді жұлдыздарға

Тартып бара жатқандай боп.

Қаладағы бұрыштар да,

Үрей болып көрінді оған.

Қорқыныштан тырысқанда

Жүрді малтып қараң-құраң.

Құлқыны үшін ырылдасты,

Өмірі үшін жағаласты.

Ақ ит енді ит-тірлікке

Сақ ит болып араласты.

Алға күндер өрмеледі,

Жемін тауып сақтықпенен.

Тірлік үшін кеудедегі

Азабына бас тіккені.

Аз-ақ күнде үйренді ол,

Үйренді ол қорғануды.

Тірлік деген күйбеңді де

Көз ашқалы зорға білді.

Бұйырмаған ас та оған,

Бұйрықсыз іс істетті.

Сақтығын да тастамаған

Жеңе алмады күші көпті.

Тірлік желі бұрылады,

Кетті жуып қан тізені.

Ызалана ырылдады

Күші әлсіз, жалғыз еді.

Бүкіл қала бүрсең қақты,

Аяз ғана ақырады.

Ашық тұрған анау қақпа

Сағым болып шақырады.

Сақ ит алға басты қадам,

Жанарына жас тұна қап.

Мүмкін тағы жолы болып

Алдында оның ас тұра ма?!

Көзін тікті қақпа ішіне,

Аштық іште ұлып қапты.

Әшекейлі қарғыбаулы -

Есектей боп екі ит жатты.

Өңі ме, әлде нақ түсі ме?!

Ұмтылды да, тұрып қалды.

«Үйірім» деп есептейді

Қаны бір ғой, арғы жағы.

«Арс» еткен үн тіліп көкті,

Сол қиялын бұзып кетті...

Қос ит те одырая ұмтылысты

Көздерінде бөтендік күшіктепті!

Қос ит тұрды қайшылап құлақтарын,

Өзгенің еркіндігін ұнатпады.

Екі жақтан ыр-ыр ете түсіп

Көздеріне қан толып, құлатты оны.

Әлдекім ақырып айтақтады,

Қос ит иесінен тайқақтады.

Сақ иттің күткені де осы сәт ед,

Тастай қашты.

Қос итті.

Тайпақ тамды.

Ауырсынған денесі, аздай әлі,

Жасаураған секілді көз жанары.

Баяғы өзі тұрған үйге қарай

Желе жортып, бүлкектей қозғалады.

Көңілінде от сөнді, қарайды үміт,

Аузымен тұтқаларды жалай жүріп.

Таныс үйдің жанына жеткенінде

Ұлыды қара түнді қақ айырып.

Көздері жалын шашып, ұшқандай от,

Сағыныш самал лебін құшқандай көп.

Иесін, мәпелеген сәтін аңсап

Тұрды ит үлкен болып, кішкентай боп.

Көкейінде-өксік пен өшпенділік,

Өксік ол – иесін аңсап кешкен қылық.

Қатыгез сезімдерін оятады

Қос иттің талағаны сескендіріп.

Сақ иттің сағы сынды

Өз үйірі, өз тегінен,

Бұл әлсіз бе таяқ жеп

Өзіндей тентегінен.

Сақ ит енді көк ит боп ырылдады

Мейірімді білмейтін ертеңіне.

***

Иесіздер жалғанда бұл ғана ма?

Ұйыққан иттер көбі еді бұл қалада.

Көп иттерге қосылды содан кейін

Жалғыздығы өткендей бір қараға.

Көп иттермен топтанып көше кезді,

Аш өзегін ащы өксік үйіреді.

Жұқ боларлық талғажау таппаған күн

Бас төбет бұған қарап шүйіледі.

Көк иттің жүрегі сазып, қарны түсті,

Сүйек-саяқ бұйырмай таңғы, түскі.

Үлкен иттер тобықтан қағып тастап

Табылған қоқыстарды сарқып ішті.

Кемік, сүйек бағалыдай табындырды,

Ит-тірлігі мұңайтты, жалындырды.

Ылыққан да былыққан ақ азумен

Қарпысып та шарпысып қалып жүрді.

Табиғаттың тірлігі көндіктірді,

Есесін жібермеуді енді ұқтырды.

Жанталасқан жаратылыс құлқыны үшін

Тырнақтыға тіс батпай, кемдік қылды.

Бұраудай бұралады сана-жаны,

Алқымынан алады, жағалады.

Көздеріне көл тұнған сол көк итті

Жабылып көп иттердің талағаны.

Жығылады дүние жартасынан,

Тістердің ізі қалды арқасында.

Бойын алып аулаққа қашып шықты

Қырсыққан төрт төбеттің ортасынан.

Желе жортып келеді дәмелі үнмен,

«Құтылдым» деп иттердің әлегінен.

Жондарына ұлпа қар қонақтайды

Ақ аспан әлемінен!

Ақ қар деген ғажап қой, қара қандай!

Қаралықты ақтықпен орағандай.

Үсті-басын ақ қар шалған адамдар да

Мейіріммен қарағандай!

Аппақ мамық төбеңнен жебегендей!

Қаланы ғажап күйге бөлегендей.

Асыр салып ойнаған бір топ бала

Мұңды итті елегендей!

Ит көзінде мұз емес, бұлақ күлді,

Мейірім сезді. Жанына қуат қылды.

Қара бала жанына жақындап кеп

Қолымен нанын үзіп лақтырды.

Ұмытты ит. Ұмытты құлқын қамын,

Лақтырылған нанға да ұмтылмады.

Қара бала көзіндегі – мейірім, шуақ

Барады жан-жүйкесін жылытып, әне.

Ит көзінен баданадай моншақ түсті,

Көңілінен мың-мың кептер самғап ұшты.

Баладан пәктік пенен тазалықты

Сосын тағы сезінді мына күшті.

Көздерінен ыстық жас тамады көп,

Өксік мұңы алқымнан қаға беред.

Адамдағы мейірімнен тамыры иіп

Бәтеңкесін баланың жалады кеп.

Бала байғұс тайғанап құлағаны,

Естіледі шырқырап жылағаны.

«Албасты ит баланы талап жатыр»

Дүбірлесіп кетіпті мына халық?!

Қаптаған ел сорлы итке тұра ұмтылды,

Ит көзінде жалыныш шырай тұрды.

Тепкілеген тепкінің астында қап

Жүрегіне қайнаған лай тұнды.

Көкбет әйел көкшеңдеп шауып келді,

(Адамдар да ит болып қауыпты енді):

«Қаңғыбас», «Қайдан келген», «Қағынған ит»

«Атыңдар! Дүйім елге қауіп төнді!

Байғұс ит табар енді қайдан тұрақ?

Жан-жағына қарайды алақ-жұлақ.

Тілдері салақтайды, ентігеді

Жанарында соңғы от сөнді жылап...

Қорғасын – оқ қабырғасын жаншығаны,

Дөңгеленді ит ыңырсып қансырады.

Құлақта ақырзаман үніндей боп

Мылтықтың гүрс-гүрс еткен даусы қалды...

***

Басы айналды мең-зең тартып,

Қапырық күннің демін жұтып.

Тынысы сиреп, тілі шығып

Нені ұқты, нені күтті?!

Жан қысылды, тәні ауырып,

Жоғалғандай баяғы үміт.

Күні ұзаққа өзін сүйреп

Алыс маңға барады ығып.

Қабырғасын күтірлетіп,

Іздерінде қан қатқандай.

Жылжи берді,кідірмеді,

Күн ұясына баратқандай.

Көздеріне от тұтанып,

Қинады оны сордың соры.

Аяғы да кетті талып

Болды енді қордың қоры.

Тас жырадан жылжып өтті,

Бауырына сыз бастыра.

Дүниеге қарайды ит

Көздеріне мұң-жас тұна.

Айсыз аспан. Тілсіз тағы,

Кетті алысқа Күн қашып.

Жаралы ит үнсіз жаны

Жатты жермен сырласып.

Әлденеге елікккендей,

Басын көкке көтерді.

Иесіндей сеніп келген

Айды іздеп кетер-ді.

Ит иесін ес көреді,

Иесіне тартады.

Иесіз ит – өшкен өлі

Тірі міскін, қаңқалы.

Аспан, Көкке ұмтылады,

Айды аңсайды, іздейді.

Айсыз аспан. Түн құлағы

Беймаза әуен үзбейді.

Ит ұлыды, зарын төкті,

Естіртем деп қалың көпке.

Даңғаза әуен билеп алған

Ұшады елдің жаны көкте.

Ит ұлыды: Иесіздіктен,

Қорғансыздықтан,

Жалғыздықтан

Зарын төкті.

Қара тасқа. Анау көлге,

Кең далаға,

Мынау белге.

Бала естіді иттің зарын,

Көз алдында-иттің қаны.

Көшедегі көрген қылық

Көңілінде-ойнақ салып.

Бала итті аяп кетті,

Анасы таяп кепті.

- Апа, - деді – Итке обал

Обал деген қайда кетті?

Өксік атып көмейінен,

Жылай берді ол тоқтамады.

Ана аяп өз баласын

Тәттілерін ақтарады.

- Жылама, - деп сүйе берді,

Жей қойшы, - деп тәттіні.

Алдына әкеп үйе берді

Басылмайды аптығы.

- Апа, апа, - дейді бала,

Жанарынан жас ағып.

Жылап жатқан итті қара

Неге иесіз болғаны?

Алайықшы сол итті енді,

Бағайықшы аулада.

Ананың да жанарынан

Бір тамшы жас тамғаны.

- Әкеңе айт, - деп баласына

Анасы бір қарады.

Асыр салып баласы енді

Әкесіне барады.

Естіген-ді әңгімені,

Әке құшты баласын.

Мейірім деген мөлдір шуақ

Жалғап тұрды арасын.

Ат-сайманды ерттеп алып,

Үшеуі итті іздеді.

Көңілдерін жетті алып

Үміттерін үзбеді.

Өлімші ит ыңырсиды,

Тіпті оларды сезбеді.

(Төңіректен түңілсе игі

Танымайды өзгені.)

Бала әкесі дәрігер ед,

Иттің жазды жарасын.

Бас көтерген итте те енді

Тапты көңіл дауасын.

Әкесі итке үйшік жасап,

Ұя қылды жып-жылы.

Сол арадан естіледі

Сәбидің де сыңғыры.

Жақсылықпен аяқталар,

Ертегімнің аяғы.

Бәлкім, сірә, аяп қалдым

Итті және баланы...

Маржан Ершу


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар