Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Ақаш Көксеген. Алтын құйма...

11.01.2019 3719

Ақаш Көксеген. Алтын құйма

Ақаш Көксеген. Алтын құйма - adebiportal.kz

Әңгіме

Табан аудармай қырық жылдан астам ата кәсіппен айналысып қой баққан Көкен қарияның жапандағы жалғыз үйден, қой соңында салпақтаумен өткен тынымсыз тірліктен құтылып, бір уақыт кіріп-шығатын көрші-қолаңы бар елді-күнді жерге көшіп келгеніне де не бәрі екі-үш айдың жүзі болды. Алайда өмірбақи еңбексіз отыра алмайтын, еңбекпен есейіп, еңбекпен етене өскен қария алғашқыда екі қолы алдына сыймайтын бекершілікке бейім осы бір бұйығы тірлікке көпке дейін көндіге алмай жүрді. Бірте-бірте тынымсыз шал бір ермек тапқандай болған. Күндіз ауылдың сыртындағы қалың жыныс тал өскен Жылыбұлаққа қарай арбаға ақжалын жегіп алып аяңдап бара жатады. Кешқұрым сол жақтан неше жыл бойына ақ сөңке болып әбден қураған тал-томарларға арбасын толтырып алып қайтып келе жатады. Сөйтіп біраз күнде өзі келіп орныққан қора-жәйінің маңын әй кемінде бірнеше жылға алағай да бұлағай жететін отынмен толтырды да тастады.

Кейде рас, адамды қара шаруа да қажытады. Ондайда қанатты құстай аттың үстінде өткен өмірін аңсайды. Атқа мініп тау-тасты аралап кеткісі келеді. Әйтеуір аңсары талай жыл төсінде көшіп-қонып, әбден бауыр басып қалған далаға тартады да тұрады. Мұндайда күндіз Жылыбұлақтың маңындағы шилі өзекке арқандап қойып, кешке қарай бір уыс жемін иіскетіп, түнде қол орақпен орып ала келген бір қолтық шөбін салып, үнемі қолында ұстайтын ақжалына ер салып бұйығы, бір сарынды өмірден басыла бастаған көңілін көтеріп, құрыс-тырысын жазып, қойлы ауылдағы ортаншы ұлының үйін бетке алып жүріп кететіні бар. Сондай сәттерде Көкен қарияның көңілі көл болып, жан дүниесі жадырап, алпыс екі тамырына қан жүгіріп, кәріліктің әсерінен қайта бастаған қуаты қалпына келгендей болады. Кең даланың төсінде кең тыныстағандай күй кешіп, рахатқа батады. Астындағы ақ жалы да жайтаң қағып құлпырып сала береді.

Шіркін жаныңды жадыратып, ойыңды жамыратып, қиял бесігін тербетер, суып қалған қаныңды қыздырып, көңілге жел беріп, желік бітірер аттың үсті-ай десеңші! Зады «Ер қанаты-ат» деп қазекең біліп айтқан ғой. Атқа мінген қай қазақтың да қабырғасына қанат біткендей күйді бастан кешіретіні рас. Ал қаршадайынан ат құлағында ойнап, талай-талай дүбірлі тойлар мен атақты астарда астына мінген сәйгүлігін үнемі бәйгеден келтіріп «желтақым бала» деген атқа ие болып, бозбала кезі мен жігіт шағында «көкпаршы Көкен» атанған Көкен қарияның қанына біткен қасиет пе екен, атқа мінсе болды ақырын жүре алмайды. Ауылдан ұзағанша желе жортып отырады да қара үзіп шыққан соң сол бөрі маңыс, бөкен желістің өзі көңілін көншітпей жарықтық әредік-әредік атының бауырын жазып алғанды жақсы көреді. Кейде тіпті жол-жөнекей кездескен машиналармен құдай аманат жарысып, құйғытып ала жөнелетінін қайтерсің. Қарияның мұндай қадетін ауылдастары ешқашан оғаш көрген емес. Қайта сексеннің сеңгіріне қадам басқан сүйегі асыл қарияның ат үстінде қаққан қазықтай отыратын мықтылығына қайран қалысып, таңдай қағысады.

Ондайда Көкен қарияның өзі де «Әй, өкшелес, сексен қалай екен ә?!», - деп өзімен жарысқан машинаның жүргізушісіне екі танауы делдие, масаттана қарайтыны бар. Мұндайда ұқыптап басып қоятын ақ мұрты едірейіп, ақ сақалы әдемі жарасып, құбақан жүзіне қан жүгіріп ажарлана түседі. Сондайда қолтықтарына папка қыстырған бастықсымақтар көзіне түссе «Сендер ғой жұмсақ орындыққа отыра-отыра құймышақ сүйектерің өсіп кеткен. Себебі бір күн атқа мінбейсіңдер. Алда-жалда бір күн атқа міне қалсаңдар қиралаңдап он күн ойбайлап, байбайлайсыңдар. Ал мына мен сендейлердің талайын алып қоятынымды байқайсыңдар ма?», - деп сексеннің сеңгіріне шықса да қызыл еті қаша қоймаған маржандай тістерін көрсете жаны жадырап рахаттана күлетіні бар жарықтықтың. Содан соң «Жылқы малы желден жаралған жануар емес пе. Бауырын жазып, терін шығарып алғанды ұнатады. Біраз бусандырып алсаң бойындағы бар өнерін жасырып қалмайды. Тұмағыңды алшы кигізіп, ажарыңды кіргізетін көркем де көсем жүрісті, көңіліңе желік бітіретін бөкен желіс, бөрі маңысты шығарады», - деп өзінің өмірден түйген бай тәжірибесімен бөлісетіні бар.

Қарттың айытқандары көзі ашық, көкірегі ояу кімнің де болса көңіліне қонады. Әсіресе ол жылқы малының қадыр-қасиеті, оның табиғаты бөлек таңғажайып ерекшелігі туралы айытқанда аузыңды аңқитып тұрып тыңдамасқа амалың жоқ. Ақсақалдың айтуынша осы бір төре түлікті алғаш қолға үйреткен де, оның үстінде орнықты отыру үшін ертоқымды алғаш рет ойлап тапқан да біздің ата-бабаларымыз көрінеді. Атқа мінген қазақтың аруақтанып кететіндігі де сондықтан болар. Бабадан балаға мирас болған халықтың ерлігі мен елдігі расындада осы жылқыменен етене байланысында жатса керек. Соны құлағыңа құйып, қазақ пен жылқы бірге өсіп, біте қайнасып кеткен егіз ұғым дейді шежіре қарт. Шын мәнінде де ат жалында өскен қазақтың қайсысы болмасын жылқыға жақын, оны жанындай жақсы көреді. Сол себепті де оның сын-сипатын, бағым, күтімін, бабын білуге құмар. Сондықтан да болар бәсіре тай мінген баладан бастап, ат баптап, қан сонарда тазы ертіп, аң аулауға әуес азаматтарға дейін Көкен қарияның кеңесіне ден қойып, әңгімесін тыңдауға ынтық. Жүйріктің үйір жылқының ішінде ең шетінде жүретіндігі, оның үнемі алысқа қарап, күнге қарай жайылатындығы, былайша айытқанда маңдайына көлеңке түсірмейтіндігі тәрізді таңғажайып қасиетін айытқанда таңданбасқа болмайды.

Тап осылай Көкен қария жүйріктің тәңертең күн шығысқа, кешке күн батысқа қарай жайылатынын, ондай жылқының сыры мен сыртқы сынын санамалап, тарата айтып отырады. Оның айтуынша жүйріктің алдыңғы тұяғына қарағанда арытқысы үлкенірек келетіндігі көңіл аударарлық. Жүйрік жылқының жүйріктігін оның ізіне зер салып та аңғаруға болады екен. Бұл өте аңғарымпаздықты, көрегендікті қажет ететін ерекшелік. Жылқы шауып бара жатқанда оның алдыңғы тұяғының ізіне артқысы дөп түссе, ол жүйріктіктің белгісі. Ақсақалдың айытқанындай бәйге аттарының мінезінің өзі әр түрлі болып келетіндігі де қызық. Әсіресе алыс қашықтыққа жүгіретін жылқы көз шарасының кеңдімен, астынан бала өтіп жатса мыңқ етпейтін ерекше маңғаз байсалдылығымен дараланады екен. Ал жері жақын, ұшпа жылқылар әдетте мінезі шәлкес, жалт-жұлт еткен үркек болып келетін көрінеді. Тіпті жүйрік болатын жылқыны құлын күнінде айнытпай тануға болады дейді қария. Ат болатын құлын желіде жатпайтын, ақтәңертеңнен қара кешке дейін бие бауға байланып қашан ағытылғанынша қақшиып тік тұратын көрінеді.

Көпті көрген, көп нәрсені көңілге түйген абыз қарттың айтуынша атты баптай білудің өзі өнер. Бабын тапсаң жылқы баласының шаппайтыны болмайтын көрінеді. Одан әлгі «Ат шаппайды, бап шабады», - деген мақалдың өмір тәжірибесінен алынғандығын аңғаруға болады. Аттың бабы туралы айытқанда бар ынта-ықыласыңды аударып еліктіретіні соншалық, өзіңді көңіліңе көп нәрсені тоқыған кәнігі бапкердей сезінетінің бар. Атқа сұлы жегізіп, судың мөлдірін ішкізу керек. Сұлы жеген аттың мүсіні сұлуланып қана қоймайды, ішкі майдан арылып, тазарады. Бұл жылқының қуатын арттырып, денесін жеңілдетіп, тер басып, тығылып қалудан сақтайды. Ал мөлдір су мейірін қандырып, көңілін көтереді. Адамда да, малда да көп нәрсе көңіл күйге байланысты. Сол себепті жүйріктің көңіл күйі әрқашан көтеріңкі болғаны дұрыс. Содан соң ол тұратын орын ауасы үнемі таза, салқын, самалды жер болуға тиіс. Жүйрікті шама келгенінше жас баладай мәпелеп, бір уақыт ұйқысы қанатындай тыныштықта ұстаған жөн. Жиі терін алып, артынша жабулап, кемінде бір ай баптау қажет. Мүмкіндігінше ашық жылы күндері бір уақ тері көздерін ашып, жуындырып тұрғанның да артықтығы болмайды. Сонда ғана жүйрік маңдайы жарылып бәйгеден келмек.

Осылай оқта-тектегі бас қосу, жиын-тойларда жұртты аузына қаратып, үлкен-кішіні әңгімесімен үйіріп алатын Көкен қария ауылдастарының назарын өзіне аударатын тағы бір ермек тапқан. Ол осында келгеннен бері өзі орналасқан үйдің маңындағы тазалыққа көңілі толмайтын. Белуардан басқан ескі қорда күні бойы күн көзімен қызып алады да кеш түсіп самал тұрса болды көңірсік иісін мүңкітіп айналаға таратады да тұрады. «Бұдан қалайда құтылу керек» деп ойлады қария. Бірақ қалай құтылу керек, мәсле сонда. Ақыры ары ойлап, бері ойлап оның да амалын тапты. Әуелі күрекпен ойып көң мен қораның ара жігін ажыратты. Аралығын бір метрдей етіп көң басқан жерді қораны айнала аршып шықты. «Көке-ау, мұныңыз не дегендерге, шеткі үй болған соң даланың серісі қасекеңдер келсе қапелімде солар құлап түсетін ор қазып жатырмын» деген әзілдеп. Артынша тақтайдан кәдімгі кірпіш құятын төрт кезді төрт-бес қалып жасады. Содан соң кеңшардағы күл-қоқыс күреуге бөлінген шынжыр табанды «ДТ-74» маркалы тракторының жүргізушісін ертіп келіп, арасы алшақтау етіп төрт бөлек үйінді ұйдірді. Олардың орта тұсынан бастап трактордың күрегімен бес- алты рет жүргіздіріп, теп-тегіс алаңқай жасатты.

Арада үш-төрт күн өткенде әлгі өзі үйдірген көң-қоқыр үйінділерін дөңгелете жаймалап, кіші-кірім қырман жасады. Олардың ернеулерін биіктетіп, құйған су жырып қашпайтындай етіп көмкерді. Содан соң барып су таситын тіркемесі бар трактормен олардың ішін суға толтырып, ақжалын мініп әлгілерді кезек-кезек иін қандыра айдады. Қыстан қалған шөптің ұнтағын қосып, шетін қайырып, бірнеше күн борсытып, қайта-қайта су шаша отырып тағы да атпен айдап бастырды. Әбден иі қанды-ау деген мөлшерде бір тоқтысын сойып, ауылдың жастарын жинап, айналасы екі-үш күннің ішінде оларды қалыпқа салып құйып алды. Сонда барып ауылдың үлкен-кішісі Көкен қарияның көңілге қонымды, жұртқа үлгі болатындай игі бір істі бастап бергендігіне көздері жеткен.

Сол-ақ екен әр үй, әрбір отбасы енді Көкен қарттан көргендерін істеп, жаппай жапалы еңбекке кіріскен. Бұл әсіресе бекерден қолдары тимей күні бойы үй-үйдің арасында теңселіп бос жүретін кейбір бекерші жігіттерге жақсы болды. Арақ қайда, тамақ қайда дейтін емес енді ішерін адал ішетін ермек табылған. Ауыл боқтығынан тазарып, осы бір пәледен сөз естуден ығыр болған әкім қаралар миықтарынан күліп, ақсақалға деген алғысқа толы мақтауын айтысқан. Әсіресе әр үйдің қазан-ошағын ұстаған ақжаулық иелерінің қуаныштарында шек жоқ еді. Өйткені онсызда бағасы ай сайын аспандайтын көмір қашан келеді деп көкиіп отыратын ағайын шын мәніндеде бір жырғап қалған. Ауылдастарының алқауына ие болған, қыстан қысылмай шығатын отынның аяқтарының астында, әр үйдің қасында, қора қопсысының маңында жатқандыған көздеріне көрсетіп, қолдарына ұстатып берген Көкен қарияның бұл ісі шынындада көпке үлгі болды.

Ауыл адамдары күнде қызыл танау болып, тамыздың таңдары қалай атып, күндері қалай батқанын білмей де қалған. Есесіне үйлердің қасында жал-жал болып үйілген сап-сары алтындай құйма қи кесектері пайда болып, адамдар қарашаның қара суығында бүрсеңдемейтін халға келген. Сөйтіп, ауыл қыс қалдықтарынан тазарып, ауыл-үй маңы бұрынғыдан басқаша түрге енген. Ол қарсаңда Көкен қария жұртқа үлгі болатын, көптен қолдау табатын жаңа бір істі қолға алған еді. Еңбеккер қария бұл жолы алдымен қора-жайының, тұрған үйінің жаңбыр шайып, сылағы түсіп, сырты бүлінген жерлерінің барлығын жаңғырыққа салынып ұсақталған шөп-шалам қосылып, иі қандыра иленген сары балшықпен мұқият сылады. Содан соң избес іздемей-ақ ауылға жақын Ақтас деген жерден ақжалын арбасына жегіп алып бір арба тасты тиеп әкелді. Бұдан кейін ауыл үйлеріне жел айдаған түтіні жетпейтіндей жердегі төбе басынан тастан ошақ қалап, астына сексеуіл ағаштарын салып, оның үстіне Ақтастан әкелінген тастарды бір қи, бір тас қып қалады да тұтатып, түтін шығар жерден басқасын тұмшалап жапты. Отын жанып біткен мөлшерде мұржасын да жылу қашпастай қып бекітіп тастады. Одан соң тас пештің қызуы әбден басылғаннан кейін күйдірілген ақ тастарды алып арнайы дайындалған ыдыстарға су толтырып ішіне тастаған. Сол кезде барып өзге тұрғындар қалада саудагерлерден қаражат жұмсап сатып алатын әппақ известі жергілікті жерде де өндіруге болатындығына көздері жеткен.

Үйлерінің маңын көмкерген ағашы аз демесең ақ кірішпен ақталып, қыс қалдықтарынан тазарған ауыл қыркүйектің басына қарай танымастай өзгермесі бар ма. Тап бір арқа төсінің алыс түкпіріндегі қазақ ауылының орнына қалаға жақын жердегі өзге ұлттың өкілдері көбірек орналасқан елді мекендердің бірі келіп орнай қалғандай. Бұл көрініске үлкен де, кіші де дән риза еді. Сондай күндерде Көкен қарияны ортаға алып бірін-бірі шақырысқан ауыл адамдарының әр үйінде көңілді отырыс, гу-гу әңгіме.

- Ауылдың маңы тазарып, үйлердің сырты ақталғаны қандай жақсы болды.

- Ол, істің көзін көзге шұқып көрсеткендей болған Көкен қарияның арқасы ғой.

- Рас-ау, бұрыннан бері осы қолдан келер істі неге осылай істемедік десеңіздерші?!

- Оған Көкең сияқты көшбасшы болды ма? Әкім қаралардың аузы айтады, қолы қимылдамайды. Мұндай жағдайда жетпіс жыл бойы басшылықтың айытқанын ғана орындап, баспақ болып қалған жұрт артық қимылға қайдан барсын.

- Барлығы өкімет өлтірмейді деп сеніп алғандықтың салдары.

Осы сөздедің бәрін төр алдында сабырмен тыңдап отырған Көкен қария әлден уақытта тамағын кенеп, сөзге араласатындай сыңай танытқан. Жұрт енді тына қалып, аңтарылып сол жаққа қараған.

- Өкімет деп отырғандарың кешегі кеңес өкіметі ғой. Несін жасырайын, ол өкіметіңнің жақсылығынан жаманшылығы басым болғандығын енді ғана біліп жатырмыз ғой. Соның бірі ешкім ештеңе ойламайтын, айытқанға көніп, айдауға жүретін құлдық мінез-құлықтың қалыптасуы, - деді қария қабағын шытып. Содан соң өкімет өлтірмейді деп өздерің айтып отырғандай біреуге құдайдай сенген масылдықты үйретті. Әйітпесе тепсе темір үзетіндей жас жігіттер аспаннан шелпек қашан жауады деп қол қусырып қарап отыруға дағдыланыл алар ма?! Жоқтан бар жасап тіршілік етпей ме?! «Кештік өмірің болса түстік мал жина» деген атам қазақ. Мына мен де «ананы әйтіп, мынаны бүйтіп бер», - деп төрде төрт қабат көрпенің үстінде отырсам басқа емес, балаларымның өзін мезі қылмаймын ба?! Сондықтан мойынға жар бермейтін жалқаулықтан арылып, жан-жағымызға қарауымыз керек. Заманның бет алысы қалай? Алға ұмтылмасаң аштан өлмесең де көштен қалатыныңды білуің керек қой. Ашығын айытқанда «Әкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, билікке қан шеңгелдеп келіп, жетпіс жыл бойы қаныңды сорған қызыл өкімет енді жоқ. Ол келмеске кетті. Ендеше біздің ғасырлар бойы сарыла, жүрегіміз жарыла күткеніміз осы кез емес пе. Енді міне ата-бабаларымыздан бері аңсаған, ұрпақтар күте-күте сусаған еркіндікке қол жеткіздік. Өз алдымызға тәуелсіз ел болдық. Ендеше тәуелсіз елдің әр адамы алға ұмтылуы керек қой. Өзіңе керектіні өзің жасамасаң, саған біреу бір жақтан әкеліп бере ме? Сондықтан қол қусырып қарап отыруға болмайды бауырларым.

Шырақтарым-ау, мен қаладағыларыңнның мұндай кезде нендей іспен айналысатынын білмеймін. Ал ауылдағы біздер төрт түліктен қол үзбегеніміз дұрыс дер едім. Себебі ата-бабамыз баяғыда осы төрт түліктің сүмесімен күн көргені белгілі. Ал төрт түліктің төресі – жылқы малы. Оны түнде іңірттеп, күндіз қайырмақтап бағу керек. Онсыз жел соқса ығатын, қуғын көрсе бір түнде бірнеше күндік жерден шығатын бұл түлікті өсіре алмаймыз. Ірі қараға да жазда бағын болғаны жөн. Әйітпесе мына өздерің айтып жүрген өтпелі кезеңде ұры-қарыға жем боламыз. Ал, ойсыл қараның тұқымы бізде болсын-болмасын жоқтың қасы. Қызыл белсенділер неге екенін кім білсін, осы бір адамға пайдасынан басқа титтей де залалы жоқ түлікке өлердей өш болды. Ақыры ауылдағы түйелердің тұқымын тұздай құртты. Бізге ендігі жерде қолайлы түлік – қой ғана. Міне сондықтанда қалайда қойдан қол үзуге болмайды.

Мен айтар едім, қойдың құмалағына дейін алтын деп. Естеріңізде болса мен осы сөзді ылғи айтамын. Тіпті өмір бойы айтып келе жатырмын десем өтірік емес. Әйітпесе сексенге дейін қойдың соңында салпақтап нем бар еді менің. Енді қараңыз, сол алтын құмалақтың иесі күндіз қыбыр-қыбыр көзіңнің алдыңда, түнде қораңда. Саусаң сүт, ұйытсаң айран, қайнатып жасасаң қып-қызыл ірмшік пен күннің суығында өзегіңді талдырмай бойыңа суық алдырмай күш-қуат беретін құрт. Сойсаң табақ-табақ ет. Ал оның жүніне келсек ессең арқан-жіп, бассаң баспана болар киіз үй мен жылы төсеніш, қыста аяғыңа киетін байпақ пен жүнінен тоқып киетін шұлық. Терісі туралы тағы айытпасқа болмайды. Егер иін қандыра илеп, шелін алып, жосамен боясаң жылылығында қисап жоқ қызыл күрең тон. Өкіметке өткізсең киім мен бұйым болып қайта оралады. Егер қой терісінің пайдасы болмаса ана бір жылдары түрік ағайындар сонау ит арқасы қияннан тентіреп, ауыл-ауылды адақтап, оның терісін сатып алмас еді. Демек, пайдасының барлығын білгені.

Ал енді, осы малдың біреуін менің бауырларым Қытайдың бір-екі бөтелке сасық арағына баспа-бас айырбастады емес пе?! Келіндерім болса бес сабынға іріңдей бір тоқтысын бере салды. Бұл не деген көпестік?! Құдай-ау, осындай келеңсіздікті көреміз деп кім ойлаған. Ол аз десеңіз ауылға бұрын келіп тұрған лектр жарығы, телефон бағаналары, олардың қызметі үшін ақша төлеңдер, бастықсымақтардың есепсіз жүрген жүрісі үшін құятын жанар-жағар майлары үшін бартер дей ме, сартер дей ме алатын алман салықтары тағы бар. Құдірет-ау сонда мына қалған тұқымдық төрт түлік малдың несі қалады?! Өстіп жүріп бір күні осы малдың киесіне жолығып жүрмейік. Шопан ата шошынып қорамызда қой қалмай жүрмесін. Сол жағын бір ойлаған жан бар ма өзі.

Терісіне симай тырсылдап, күйіп-пысып отырған Көкен қария қатуланған қалпында отырғандарды түгел шолып, мірдің оғындай сөздері дөп тиіп, бастары салбырап, жанарларымен жер шұқып, төмен қарап отырған ауылдастарын барлай қарады. Содан соң сәл бөгеліп сөзін одан әрі сабақтады.

- Құдайға шүкір, жерге қарап отырған жоқсыңдар. Жоғыңда бес-он тұяғың бар. Соны дәтке қуат етпейсіңдер ме? Жазда тырбан, күзде қамдан, қыста сол бес-он тұяғыңды қыстан қалайда аман алып шығудың қамын ойлан. Қандай мал болсын қыраулы қыстан күйлі шықса, көктемге көтерем болмай жетсе оның бір басы екеу, екеуінің төртеу болып өз төлі есебінен өсіп шыға сөзсіз. Қарада тұрыңдар, осылай етсеңдер айналасы үш-төрт жылда күні кеше бір жылда шылдей бытырап, торғайдай тозған кеңшардың жер қайысқан малындай мал осы өңірде әлі-ақ қаулап өсіп, қайта қалпына келері анық. Әлгі қазақтың «Тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады» деген мақалы осындайдан шықса керек. Расындада алды-артыңды ойламай қорқауланып, қомағайлана берсең нең қалады?

Бәрінен де Алматымен екі ортаға ала дорбаларын арқалап сабылған әйелдеріңнің азын-аулақ тапқан-таянғанын тамағыңа қылғытып, тәңертең ыңыранып ұйқың қанғанда тұрып, бірер кесе шайыңды ішер-ішпестен бірдеңеден құр қалғандай кеңшардың ескі кеңсесінің алдына жиналып алып, ойдан-қырдан жиналған өсекті соғып, ауылдын атқа мінерлерінен бастап аудан, аймақ, ел басқарған азаматтардың бөрікті басын ерікті ауыздарыңа сыйдырып, шарайнада шалқып тұру дұрыс па? Айтыңдаршы, сол шарайнада айтылған сөздеріңнен өнген бірдеңе бар ма өзі? Біле білсеңдер, адамның бетіне емес, сыртынан айтылатын сол сөздердің бәрі ғайбат. Ал ғайбат айту дегенің күнәнің ең үлкені. Бұл атам қазақтың бойында бұрын болмаған, дініміз бен ділімізге қайшы, абыройыңды айрандай төгетін барып тұрған жаман әдеттің көрінісі.

Жалпы ғайбат айту тек қазаққа ғана емес, бұткіл мұсылман қауымына жат қылық. Хадистерде айтылатындай он күнәнің тоғызы тілден екендігін ескерсек ғайбаттың қандай ауыр күнә екендігін ұғуға болады. Бірақ кейбір көкірегі қуыс, түсінігі таяз пенделер демкратия дейтіндеріңді пайдаланып, аузына не келсе соны оттап, елді, әсіресе басшыларды, биліктегілерді сыртынан сынауға, сыдыртып сықпыртуға ашылған жол деп түсініп, адасып жүр. Соның салдарынан осы бір алмағайып заманда, қиын-қыстау кезеңде елді сабырға шақырғанның орнына шатаққа ұрындырғысы кеп шаптан түртетіндер бар.

Қария осы тұста денесіне өмірі шыр бітпеген шарға бойлы Шәкер мен қатынға бітер қаймыжықтай ерні жыпылдап сөзден босамайтын Жақып дейтін жалақ сарыға, олардың қасынан қалмайтын, не десе де байыбына бармай, ылғида соларды күр ете қолдап, қолпаштап жүретін Күжібай атты күжілдек қараға оқты көзімен қарап алды.

- Міне, сондайлар тыңнан жол тауып, тәуелсіздігімізді нығайтуға ақыл-ойларын сарып етіп, елдің ертеңгі игілігі үшін күресіп жүрген азаматтарды сырттарынан апарып тастап, алып келіп жатады. Орынсыз кінәлап, нақақ жазғырады. Олардың тарапына жағымсыз пікірлер айтып, тіл тигізеді. Мысқылдап мінеп-шенегенсйді: Кішкентай кемшілігі боса іліп алып, кем-кетігін қазбалап, мәз болады. Бұл дегеніңіз барып тұрған ақымақшылық. Себебі ғайбат айтушы, халық құрметтейтін адамның абырой-намысына кір келтіреді. Сондықтан мұсылман қауымы санатындағы менің бауырларым ғайбат айтудан, шарайнаға шығып, біреудің сыртынан тон пішіп, азаматқа лайық емес әңгімеге араласудан аулақ болғаны жөн. Егер бұларыңды қоймасаңдар қайсыбіреулеріңді ақжалдың бауырына алып, жондарыңнан таспа тілуім де әбден мүмкін.

Сол бір отырыстағы қарияның осы сөздері көпшіліктің көңілінен шыққан. Кейбір келеңсіздерді кәдімгідей ықтырған. Енді шарайнаға арақтан әбден азған, құдауанда тұрмыстан жүдеп тозған аса бір жүгенсіз көксоққандар болмаса ешкім де шықпайтындай болған. Сексеннің сеңгіріне қадам басқан қария соны байқап, өз сөзінің ауылдастарына дарығандығына шүкіршілік етті. «Аллаға тәуба, тегі көк түріктің ұрпағы , мұсылман қауым осылай болуы керек қой. Құдайым, осындай ынтымақтан, берекеден айырмағай халқымды», - деп Жаратқаннан жатса-тұрса жалбарына тілейтін болды. Кәрі саулықтың жасындай ғана жасы қалған қария одан артық не тілесін.

Осылай әр күніне шүкіршілік етіп, таубасын аузынан тастамайтын қария ауылдың үлкен-кішісі алдағы қыстың қамына қызу кірісіп, таңның атысы, күннің батысы қыбыр-қыбыр қимыл жасап, әркім өз жұмысымен айналысып жатқан күндерде қорасын қол орақпен орып, шалғымен шапқан шөппен-ақ тотырып алды да аудан орталығына барып қайтуға бел байлады. Ол ойын ешкімге де айытқан жоқ. Айытса ақсақалды әулиедей сыйлайтын ауылдың үлкен-кішісі апарып, алып келері сөзсіз. Тіпті сол жаққа баратын көліктердің қай-қайсысынан да қадырлы, сыйлы қарияға бір кісілік орын табылар еді. Қашанда ешкімге күнін салып, ешкімді бейсауат мазалағысы келмейтін қария бұл сапарға атпен барып қайтуға бекінген. Ол ойын кешкілік ас үстінде кемпірне ғана айтып, ертесінде таң саз бере бастаған елең-алаңда ақжалына ер салып ертелете ауылдан аттанып кетті.

Өліара өткен мезгіл, күн шайдай ашық. Қоңыр күздің үп еткен желсіз таңы шығыс көкжиекті алтын арайына малындырып албырай атып келе жатты. Ақжалдың алды аяңдап, арты желген бұлаң құйрық жүрісімен ауылдан көз көрім жер ұзай бергенде ауданда өтетін жиналысқа бармақ болып ертелете шыққан ауыл әкімі соңынан қуып жеткен. Тұспа-тұс келіп кілт тоқтаған «Нива» машинасынан асығыс түсіп, құлдыраңдай басып өзіне қарай жүрген ауыл басшысын көріп Көкен қария да атын тежеген.

- Ассалаумағалайкум Көке, бөктеріндіңіз тоқ, киіміңіз көк, қайда тарттыңызыз? – деді қасына тақай берген әкім. Қария сырт пішінінен көп сыр алдыра бермейтін осы бір сыптығырдай сидаң да сырдаң, сіріңке қара жігітке сынай қараған.

- Қайда барады дейсің, аудандағы балаларым мен немерелерімді сағынып, соларға кетіп барамын, - деді қария шынын айтып.

- Ақсақал-ау, онда айытпайсыз ба, машина беретін едім ғой. Салт атпен сонау ит арқасы қиянға қалай бармақшысыз?!

- Қарағым, менің жасымда ата-бабаларымыз атпен, түйемен мекеге дейін барған. Оның қасында аудан орталығы Боршатас дегеніңіз мына тұрған жер емес пе. Тек соңғы кезде мынау астыңдағыдай жүйрік көліктерге иек сүйеп алдық та ер қанаты атпен алыс жол жүруді ұмыттық. Оны бір құбыжықтай көретін болдық. Әйітпесе еліңді жаудан қорғаған, алысқа сәлем жолдаған кешегі жер танабын қуырған ат деген қанатың осы емес пе еді? –деді.

- Солайы солай ғой. Дегенмен Сіздің жасыңызда соншама жерге атпен барып қайту да оңайға емес қой ақсақал.

- Алаң болма шырағым, одан да ақыр жолығып қалдық қой. Ақжалдың жүгі кішкене болса да жеңілдесін. Мынау кіші келіннің өткен жолы барғанымда үлкен келінге берген сәлемдемесі еді. Соны ала кетіңдер деп қанжығаға бөктерген қоржынын шешіп берді. Қоржыннан тек, өзі сиыр қымыз атайтын өгіз терісінен жасалған торсығына құйылған жолға алған сусындық піспесі мен орамалға түйген бір уыс өзек талдырмас малта құртын ғана алып қалды.

- Ей, Сейсеннің құрдасы, - деді қария оны шешіп беріп жатып, мына сәлемдемені аман-есен апарып тапсыру саған аманат. Осыдан байқа, бір шәй ішкен жеріңде аузы ашылып қалып жүрмесін, - деді көзі ойнақшып бір орнында тұрмайтын, тұқыңдаған, тапалтақтау жылмақ қара жүргізушіге қарап.

- Ойбай құдай сақтасын, бізде аманатқа қиянат деген болмайды, - деді анау от басқандай ыршып түсіп. Бара салаысымен келініңіздің қолына табыс етемін. Оған қам жемеңіз Көке.

Сол күні түс әлетінде түстік шай іше барып, ауыл әкімі мен жылмақ қара атанған тізгінші жігіт ақсақалдан алған сәлемдемелерді ақиелеріне табыстап, қарияның өзі жолда келе жатқандығынан хабардар еткен. Арада төрт- бес сағат өтті ме өтпеді ме, күн еңкейіп қалған шамада ақжалын жайтаң қақтырып Көкеңнің өзі де жеткен.

Немерелерімен қауышып, мәре-сара болып, мауқы басылғаннан кейін бір-екі күн өткенде қария, балалары тұратын алты үйдің ішкі жағына салынған қоралардың айналасын басқан қорданың әлі күнге алынбай жатқандығын көріп қатты қынжылды. Күн жексенбі болғандықтан жәй тұрып, жайбарақат жүрген үлкен ұлын қасына шақырып алып «Қораларыңның айналасын боқ басып кетіпті-ау балам, - деген ішкі реніші жүзінен байқалып.

- Бұрын коммуналдық шаруашылық мекемесі тазалайтын. Қазір солардың немен айналысып жүргені белгісіз, – деді ұлы жайбарақат жауап беріп.

- Бұлай болмайды балам, тазалық әркімнің өзіне керек. Ал ауыл тазалығы ауладан басталатынын өзің газетте жүргеніңде талай жаздың емес пе. Соны жазған сен емес, басқа біреу сияқты көрініп тұр маған.

Содан соң құлағына дейін қызарып кеткен баласына қарап:

- Сен бүгін күрейтін тракторы бар тракторшы мен бір су таситын машинаның жүгіушісін тауып кел. Келесі демалысқа жора-жолдастарыңды, қызметтес әріптестеріңнің қол күші тиетіндерін жина.

Арада бірер күн өткенде Көкен қария күрегіш трактормен қоралар маңындағы көң-қоқысты үйлерден аулақтау алаңқайға үйдірді. Одан соң оны дөңгелете жайдырды. Су құйдырып, алдымен трактормен, одан соң ақжалмен екі-үш күн иін қандара бастырып дайындады. Жұмыс қызу басталатын демалысқа қарсы баласының қолындағы қойының бір семізін сойып, түп-түгел қазанға тоғыттырып, асаршыларға ас дайындатты. Межелі кұні сәскеге таман сәтімен жұмысты бастаған асаршылар бесін ауғанша-ақ екі жарым мыңнан аса құйманы құйып та бітті.

- Қазекең «Көз қорқақ қол батыр» дегенді осындайдан айытқан екен ғой. Бағана телегей-теңіз болып жатқан мына қойыртпақ бітпейтіндей көрініп еді. Айналасы төрт-бес сағатта апа-тапасын шығардық қой, - деді тәңертеңнен бері ерекше қимылымен көзге түскен шаруақор, сүйегі ерек, бітімі бөлек жуан сары жігіт қолындағы темекісінің түтінін будақтата, қомағайлана сорып.

- Иә, Нұржан айытса айытқандай, «Көп көтерген жүк жеңіл» деген.осы, - деді Ахмежан көп ісіне көңілі тола сұйсініп.

- Әркез осылай біріңе-бірің көмек қолын созсаңдар, бітпейтін іс болмайды. Енді міне малға таптатпай аман-есен жиналып алынса, қыс түсіп, қар буғанша осы тұрған барлығыңның үйіңе осы отын жетеді, - деді ойға алған шаруасы орындалып, көңілі жайланған Көкен қария. – Оның үстіне ауылдарың көң-қоқыс, иіс-қоңыстан тазарды. Аулаң таза болса адамның еңсесі көтеріңкі, еркін тыныстайтын болады. Қолға жұғып қалатын ештеңе жоқ. Бір күнгі маңдай тер. Қысқасын айытқанда осы жұмысқа ат салысқан көрші-қолаң, жора- жолдас ағайын-туыс бәріңе де рахмет, өркендерің өссін. Алла қол-аяқтарыңа дерт бермесін! – деп қария жұртқа алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Содан бері Шығантау ауданының орталығындағы жұрт қыс бойы жиналған қыс қалдықтарын шашау шығармай жаз шыға қалыппен құйып алуды әдетке айналдырды. Оны өздері «алтын құйма» атап кеткен. Несі бар Көкен қария айта беретін алтын құмалақтан құйылған алтын құйма. Қалай десеңіз де ақылға сыйымды атау. Бұл әсіресе Шығантау ауданы таратылып, жұрт біраз уақыт тығырыққа тірелген тұстарда халықтың отыннан зәрулік көрмеуіне жол ашқан алтын құйма болған еді. Жұрт ол тұста өздеріне өнеге көрсеткен Көкеңдей көненің көзіне разы болып отыратын. Кейін келе тағы да кекірелей бастаған. Адам жылқы мінезді деген осы-ау! О құдірет, семіздікті қой ғана көтереді деп отырушы еді Көкең жарықтық. Сол сөз айна қатесіз рас сияқты. Тек астамшылығымыз асылыққа жазбасын дейік ағайын!..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар